2. Топырақтың су-физикалық қасиеттерi
3. Топырақтағы ылғалдың тепе-теңдiгi (теңгерiмi)
4. Топырақтың су режимiн реттеу жолдары
Өсiмдiктер, топырақ фаунасы мен флорасы үшiн ең алдымен топырақтан алынатын су-олардың өмiр сүруiнiң негiзi.
Топырақ ылғалының тағы да бiр қажеттiлiгi - ол болмаса өсiмдiк басқа факторларды пайдалана алмайды.
Топыраққа су атмосфералық жауын-шашын түрiнде, жер асты суларынан, атмосферадағы су буының конденсациялануынан (сұйық түрге айналуынан), егiндi суару кезiнде келiп түседi.
Өсiмдiктерге су өте көп мөлшерде керек. Тамыры арқылы алынған судың олар аз ғана (0,15-0,20, кей-кезде бұдан сәл жоғары) бөлегiн сiңiредi. Қалған анағұрлым көп бөлегi өсiмдiктердiң жапырағы және басқа органдарынан буланып ұшып кетедi. Бұл процестi транспирация деп атайды. Белгiлi бiр аумақтан барлық шығын болған судың көлемiн осы жерден алынған өнiмге бөлгенде шығатын өлшемдi транспирациялық коэффициент дейдi.
Транспирацияның арқасында топырақтағы ылғал өсiмдiк тамырына енiп, одан оның сабақтарына, бұтақтарына, жемiсiне және жапырақтарына тарайды, әрi қарай буланып атмосфераға кетедi. Транспирация салдарынан шығын болған суды пайдасыз деуге болмайды. Өйткенi транспирация процесiнiң барысында сумен бiрге қоректiк заттар өсiмдiкке енiп, оның дұрыс қоректенуiн қамтамасыз етедi.
Сонымен қатар транспирацияның шектен тыс күшейуi орынсыз шығынға әкелiп соғады. Себебi алынатын өнiм бiрлiгiне кететiн судың мөлшерi көбейедi. Бұл процестi реттеу үшiн оған әсер ететiн жағдайларды жеке бiлу қажет.
Транспирацияның деңгейi белгiлi дәрежеде (мөлшерде) дақылдың немесе оның сортының биологиялық ерекшелiктерiмен анықталады. Шамамен кейбiр дақылдардың салыстырмалы транспирациялық коэффициентiн келтiре кетейiк: жоңышқа-858, сұлы-635, бұршақ-578, қоза-562, арпа-521, бидай-505, жүгерi-372, тары-287, қонақ жүгерi-271.
Жүгерi, тары, қонақ жүгерiтранспирациялық коэффициенттерi төмен, астық тұқымдастардiкi-орташа, ал жоңышқаның бұл көрсеткiшi жоғары болып келедi.
Транспирация мөлшерi өсiмдiктiң биологиясымен қатар өсiрiлу жағдайларымен тығыз байланысты болады. Мысалы, жоғары температура және ауаның құрғақшылық жағдайында транспирация деңгейi артады. Бұл көрсеткiшке өзiнiң әсерiн күн сәулесi және желдiң жылдамдығы да тигiзедi. Әрине, транспирацияға топырақ жағдайлары үлкен әсер етедi. Топырақ ылғалы көбейген сайын транспирациялық коэффициент арта бастайды. Қоректiк заттар жеткiлiктi болғанда суды пайдалану дәрежесi артуына байланысты бұл коэффициенттiң деңгейi төмендейдi. Мұның бәрi өсiмдiк тiршiлiгi факторларының бiрiгiп әрекет ету заңының тағы бiр көрiнiсi.
Су өсiмдiкке тұқымы бөртiп, өне бастағаннан жемiсi пiскенге дейiн керек. Өсiмiдiк вегетациясының алғашқы кезiнде оған ылғал аз мөлшерде керек, бiрақ ол сiңiрiмдi сұйық күйiнде болғаны дұрыс, келе-бере өсiмдiк қарқынды түрде өсу кезеңiнде оған судың қажеттi мөлшерi өте жоғарылайды, ал вегетацияның соңында көпшiлiк жағдайда азаяды.
Топырақ ылғалының тапшылығы қай кезде болсада ауыл шаруашылығы дақылдарының өнiмiн төмендетедi. Дегенмен өсiмдiк тiршiлiгiнде топырақтағы ылғалдың мөлшерiне өте-мөте мән беретiн қысқа кезең болады. Егер бұл кезде ылғал жеткiлiктi болса, өнiм көбейедi де, ал ол тапшы болса өнiмнiң мөлшерi күрт төмендейдi. Өсiмiдiктiң мұндай өсiп-өну фазаларын жауапты кезең деп атайды. Мұндай кезең әдетте өсiмдiктердiң өнiмдiлiгiн анықтайтын репродуктивтi органдарының бастапқы өсу және даму мерзiмiне сәйкес болып келедi. Мысалы, күздiк қара бидай, күздiк және жаздық бидай, арпа және сұлы үшiн бұл жауапты кезең түтiктену-масақтану, қонақ жүгерi (сорго), тары үшiн масақтану-дән салу, жүгерi үшiн гүлдену- сүттенiп пiсу, күнбағыс үшiн себетгүл беру- гүлдену, қоза үшiн гүлдену-қауашақ салу, картоп үшiн гүлдеу-түйнек салу мерзiмiне сәйкес келедi.
Топырақ ылғалымен микроорганизмдердiң де тiршiлiгi, iс-әрекетi тығыз байланысты болып келедi (нитрификаторлар, азотобактер ж.б.).
Достарыңызбен бөлісу: |