Ақтөбе – ежелден жыраулар мекені



бет1/2
Дата24.01.2024
өлшемі21.02 Kb.
#489611
  1   2
класс сағ


Ақтөбе – ежелден жыраулар мекені
Ақтөбе өңірі – ақын-жыраулар мекені дейміз. «Неге?» деген сұрақ көлденең тұрады. Ежелгі Ақтөбе , Ойыл, Қобда, Жем, Сағыз, Құйылыс, Ырғыз өзені — тоғыз тарау жол мен тоқсан тарау тағдыр тоғысқан қазақтың киелі мекені. Кешегі Ноғайлы заманында қазақ-ноғай айрылып, ел күңіреніп:
Қазақ-ноғай айрылды,
Қазақ сартқа қайрылды, — дейтін тарихтың айтулы кезеңдерінде Қарға бойлы Қазтуған жыраудың, Асан Қайғының, Шерқұттының мекені болып, дүбірлі тарихын жырмен жазды, мыңдаған жол жырды санамызға сіңіріп, қанымыз бен қасиетімізге дарытқан құт мекен деп білемін. Ай ортақ, Күн ортақ, қара жер ортақ, еліңнен шыққан ер ортақ, данадан қалған сөз ортақ. Олай болса, бұл өлке —Қазтуған, Доспамбет, Ақтамберді, Үмбетей мекен етіп, ат шалдырған, орда көшіп, нар шөккен қасиетті орын. Қарақыпшақ Қобыланды батырдың қылша мойны талша қиылып түскен жер, ұлтым деген ұлдың жау шебінде жан кешуі бұл өлкенің арғысы түркі, берісі қазақ елі үшін қаншалықты қымбат екенін айғақтайды. Сондықтан бүгінгі алқалы жиын, додалы думан, халық ақыны, жырау Нұрпейіс Байғаниннің дүбірлі тойы бізді ұлық мақсаттар мен мүдделерге жетелейді. Ақтөбе өңіріндегі жыраулық өнердің құт-киесіндей болып ХХ ғасырға жеткен даңғайыр жыраудың мол мұрасы – иісі қазақтың ортақ байлығы, қуанышы. Қазақ қадірін білген кісіге «Бәрінен де адам қымбат» деген ұлағат айтады. Нұрпейіс Байғанин атамыздың дәуірі де маңдайы шылқыған салтанат-сарайдың кезі емес еді. Ғасырға жуық өмірінде халқының 100 жылдық мұңын арқалаған абыз жырау соңына өз халқының батырлары мен ел билеген азаматтары жөнінде ұланғайыр қисса-дастан, поэмалар жазып қалдырған. Жыраудың ой кемелдігіне жетіп, халыққа тоқтау сөз айтатын тұсы болмысының даралық келбетін айқындайды. Ел ішінде ақын-жыраулар мен батырлардың дара тұлға ретінде халық ілтипатына айрықша бөленетіні содан. Қазақ болмысынан даралыққа жүгініп, даралықтан даналықты күтті. Ал даналықтан абыздық, өзінің идеалын көруге асықты. Абыз ақсақал халық келешегінде әулие деп мадақталды. Біз айтып жүрген Қорқыт әулие, Асан Қайғы – осы ұлық деңгейіне жеткен біздің жырауларымыз еді. Туғанына 150 жыл толып отырған Нұрпейіс Байғанинді осы киелілердің ізіндегі абыз жырау деп айтуға болады. Дәуірдің тасқынына төтеп беріп, туған халқынан, елінен, жерінен кіндігін үзбей, мұң-қайғысына күйіп-жанған, азабын шеккен, кәтепті қара нардай қара омыртқасымен ұлтының қасірет-шерін арқалаған біздің заманымызға жеткен жыраудың атасы деп түсінемін. Сондықтан біздің жыраулық өнер оның мұрагер ұрпақтарын жыр айтуда Нұрпейіс Байғаниннің шығармаларындағы рухани азаткерлік идеяның күш-қуаты мен халықшылдығын назарда ұстап, ел жадынан ұмыт болып, ел назарынан тыс қалған ақын мұраларының бүгінгі жыршы-жыраулардың жыр қорынан берік орын алып, бүгінгі ұрпаққа тың серпіліспен қайта қауышуы Ақтөбе өңіріндегі жыраулық-жыршылық дәстүрдің өркендеуіне игі ықпалын тигізері даусыз. Сондықтан да республикалық жыршы-жыраулардың екінші конкурсына қатысқан жыршының алдына қойылған басты шарт – Нұрпейіс атамыздың жырларын орындау болды. Талапкерлер Нұрпейістің «Нарқыз», «Ақкенже», « Ер туралы жыр», «Құбығұл», дастандарымен қатар, ақын жырлаған «Қырымның қырық батырын», «Көрұғлы» жырларынан үзінді орындап, халықты екі күн бойы жыр-думанға бөледі. Облыстық әкімшілік пен мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Алқалы жырау жырласын» жыршы-жыраулар конкурсының ақынның туған жері Темір ауданында өткізілуі, салтанатты шараның шымылдығын облыс әкімінің ашуы және сайыстың жүлде қорына 2 автокөлікті үстемелеп қосуы жыраулық өнерге, оның мұрагер ұрпақтарына жасалған ілтипат деп түсінемін. Халық аузында мынадай сөз бар: «Жақсының малы жиында күйеді, Жаманның малы үйінде күйеді» дейді. Нұрпейістің тойында ақын-жыраулардың мұндай қолдауға ие болғаны кім-кімге де үлгі боларлық. Сондықтан облыс әкіміне алғыс айтамыз. Себебі әркімнің кәсібі аузына түсетін нәсібі болуы — бүгінгі күннің заңдылығы.
Сонымен бірге осы оқиға облыс әкімінің назарына ұсыныс айтуға да жол ашып отырғандай. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасын ашу — кезек күттірмейтін мәселе. Себебі өнер бүгінімен қызық, ертеңімен өміршең. Келер ұрпақтың өз өнерін қастерлеуі бүгінгі ұрпақтың жоба-жолы мен жасаған қызметіне байланысты екенін ұмытпауымыз керек.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет