Аударма айшыќтары



бет11/39
Дата17.04.2024
өлшемі1.26 Mb.
#499003
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   39
Хрестоматия 2009

Безветренной ночью луна,
Нагая, дрожит на воде
деп тәржімаланып, жарық ай деген тіркес орыс тіліндегі нагая деген сөзбен алмастырылған.
Аударма әдебиеттен жинақталған саналуан материалдар баламалылықтың, айырықша күшті прагматикалық бағдарға ие немесе бір қолданымдағы баламалылықтың (салыстырыңыз: қалқыма доллар – газет тілінің нормасы үшін сыйымды; Белобородный, в белой одежде старик, Глух и нем ко всему и всем без разбора деген аудармада – кәрі құдаң, денелі деген сөздің, тіркестің түсірілуі поэзия жанрының конвенциясынан туындайды;... олар сіңілісі екеуі бір етіктің қонышындай типтес мысал – окказианалды баламалықтың үлгісі) бар екендігін көрсетеді.
Сонымен, тілдік фактілерге талдау жасау арқылы денотативті баламалылық, коннотативті (прагматикалық) баламалылық сияқты түрлердің бар екендігі байқалады. Аударматанудағы бұл мәселе тереңірек зерттеуді қажет етеді; баламалылықтың заңды сәйкестіктер теориясына (Я.Реңкер), дәлме-дәлдік (адекваттылық), теңбе-теңдік сияқты ұғымдармен байланысы, олардың арасындағы айырым белгілерді ажыратудың қажеттілігі проблеманың маңызды екендігін дәлелдей түседі.
1.Реңкер Я.И. Теория перевода и переводческая практика. М., 1974.
2.Виноградов В.С. Введение в переводоведение. –М., 2001.
3.Марчук Ю.Н. Методы моделирования перевода. М., 1985.
4.Кунанбаев А. Безверенной ночью луна// перевод с казахского М.Султанбекова. – Семипалатинск. 1992.
5.Есимжанова М.Р. Краткий англо-русско-казахский фразеологический словарь.- Алматы, 1997.
6.Чейз Х.Д. Із қалмасын // Аударғандар: С.Арпабеков, Ж.Жұмаәділов. – Астана, 2002.
МАҚЫШ ҚАЛТАЕВТЫҢ
АУДАРМАЛАРЫ


Ә. Әміренов

Б.Кенжебаев алғашқы зерттеулерінде М.Қалтаевтың татар тілінен аударған «Айна» және «Сақ уа сұқ хәлдері» кітаптарын атаса , кейінгі еңбектерінде аталған екі кітаптан басқа екі бөлімнен тұратын «Бұлбұл құс» кітабын қосып барлығы төрт кітап аударған деген мағлұмат береді.


Сондай-ақ, 1995 жылы «Атамұра» баспасы шығарған «Ақмола» энциклопедиясының бір жерінде Мақыш Қалтаев татар тілінен екі кітап аударды деп жазса, енді бірде төрт кітап аударған деп бір-бірімен сәйкеспейтін әр түрлі дерек келтіреді.
Енді бір зерттеу еңбектерінде Мақыштың бір аударма кітабы ғана сөз болады.
Ал зерттеушілердің көпшілігі Мақыш Қалтаев татар тілінен екі кітап аударды деген пікірді қуаттайды.
Мақыш Қалтаев аударма кітаптарына қатысты осындай әр түрлі қайшылықты пікірлердің орын алуының басты себебі-жоғарыда Б.Кенжебаевтың Мақыш аудармасы деп атап өткен «Бұлбұл құс» кітабына қатысты туындап отырған жайт. Бұл кітаптың бірінші бөлімі 1910 жылы Қазанда Н.М.Чижова баспаханасында, екіншісі 1911 жылы «Үміт» баспаханасында басылған.
Ал енді аталмыш кітапқа қатысты татар зерттеушісі Әбрар Кәримулиннің пікірі мүлде өзгеше. Оның айтуынша: «В начале ХХ века татарские издатели приступают к переводу и изданию произведений казахского фольклора, акынской поэзий на татарском языке, хотя татары благодаря большому сходству языков могли знакомиться с произведениями казахской литературы непосредственно. Издатели стремились довести их до широкого круга татарских читателей. Среди переводных изданий укажем... «Былбыл кош» (Птица певчая; 1910, 1911) Зарифа Аксакии в переводе Выдающегося татарского писателя и просветителя Фатиха Халеди, издания за его счет» .
Яғни «Бұлбұл құсты» керісінше қазақ тілінен татар тіліне Фатих Халиди аударды дегенге саяды. Бұл жерде Ә.Кәримуллиннің пікірінде нақтылық жоқ. Себебі «Бұлбұл құстың» бірінші бөлімінің мұқабасында «Шиғыр Бұлбұл құс. Қазақша әркім үшін оқуға жеңіл, жаңадан тасхих (корректировка, түзету-Ә.Ә) етілді. Зариф Аксакий. Өткірбай Алмасов (аудармашы болу керек, мұқабада жазылмаған!-Ә.Ә.Нәшірі: Махдум Фатих Халидов» деп жазылса, екінші бөлімнің титул бетінде «Әсер: З.Кәрими. Қазақша. Бұлбұл құстың екінші пәресі. Мұхтарам қазақ қардаштарыма хусусан үшбу заманымызда болған жас заттарға Бұлбұл құс шиғыр кітабіміздің бірінші пәресін оқып қарап пайдаланғандай екінші пәресін оқып қарап пайдалануыңызды өтінеміз. Нәшірі: Махдум Фатих Халиди»-деп көрсетілген.
Яғни көріп отырғанымыздай, кітап татарларға емес, қазақ оқырмандарына арналған. Екіншіден, кітап авторлары: З.Асакий және З.Кәрими – екеуі де татар қаламгерлері. Үшіншіден, Фатих Халиди кітапты аудармашы емес, бастырып шығарушы (нәшірі) ретінде көрсетілген.
Сонымен бірге «Бұлбұл құсты» Мақыш Қалтаев аударды деуге ешқандай дәлел де, негіз де жоқ.
Ал, енді қалған екі кітаптың бірі – З.Кәримидің «Айна» кітабы да, екіншісі – Ғ.Рашидиден аударған «Сақ уа сұқ хәлдері» кітабы.
Мұндағы татар қаламгерлері кімдер дегенге келсек, Ә.Кәримуллин жоғарыдағы еңбегінде Зәриф Кәрими жөнінде мынандай деректер келтіреді: «Татарские мугалилимы-учителя работавшие в казахских мектебах, отдельные татарские просвещенные люди во время пребывания и работы в казахских землях занимались сбором произведений казахского фольклора... Отдельные их этих собирателей казахского фольклора сумели издать свои материалы в Казани, Оренбурге, Уфе... Татарский педагог З.Каримов Совместно с казахским писателем подготовил и издал такой же сборник под названием «Қазақша айна» (1913).
Бұл жерде З.Кәримидің «Айна» кітабы қазақ фольклоры үлгілерінен тұрды деген Ә.Кәримуллин пікірімен келісе қою қиын. Өйткені кітапта «Қатындардың бала уатуы» атты бесік жырынан басқа ауыз әдебиетіне қатысты ештеңе кездеспейді.
Ал, З.Кәримидің қазақ сахарасында бала оқытып, ұстаздық қызмет атқарғанын толық қуаттауға болады. Оны ақынның өз өлеңдерінен де көреміз.
Зариф Кәрими өлеңдерінің басым бөлігі қазақ тұрмыс-тіршілігіне арналған. Қазақтармен етене араласып кеткендігі сондай, ақын өз өлеңдерінде қазақтардың тұрмыс-салтын, мәдени өмірінің, жалпы тіршілігінің кейбір тұстарын батыл, өткір тілмен сынап та отырды. «Шиғыр-жыр» атты өлеңінде ХХ ғасыр басында патшалы Ресейдің отаршылдық езгісіне қарсы өріс алған түрікшілдік идея анық көрінеді.
Жалпы Ресей отаршылдығына қарсы түркішілдік бағытты ұстанған азаттық қозғалыстың татарлар арасында қалыптасуы заңды құбылыс еді. Ерте отарланған қазақ ұлтының зиялылары жаңаша күрес бағытын қалыптастыруда зор рөл атқарды. Сондықтан да патша үкіметі татарлар мен қазақтарды араластырмауға барын салып бақты. Мысалы, 1909 жылы 5-ақпанда Түркістан генерал-губернаторы өзіне қарасты бес облыстың әскери губернаторына жолдаған нұсқау-хатында жергілікті халықтардың көңіл-күйі мен болмысын бақылап отыруға қатысты тапсырмалар бере отырып, татарларға қатысты мынандай нұсқау береді: «Түздік тұрғындардың арасына өз айналасына халықты оқыту үшін немесе жаңа тұрпатты үздік мектептерге қатысты пікір алмасу үшін топтастыратын татар миссионерлері кіріп жатқан жоқ па?
Татарлар туралы барлық мәліметтерді білу керек: олар қайда тұрады, немен айналысады және жергілікті тұрғындарға қандай ықпал жасайды. Осылайша, татарлар барлық жерде келуіне барлық кедергілер жасалды».
Заты татар З.Кәрими қазақ тілін жетік білмесе де («қаламмен қайғырып қамын жесем де, қазақша білмеймін кіммен қатармын»), өлеңдерінде көбінесе, қазақ халқының басындағы ауыр халді айтып қайғырады, кері кетірер келеңсіз тұстарын сын безбеніне салады, сөйтіп жалпы милләт тағдырын ойлайды, оның жарқын болашағына, ерікті, мәдениетті ел болатындығына сенеді, сол уақытты шын көңілмен тілейді.
Осыдан көрініп тұрғандай З.Кәрими өмірінің көбін қазақ арасында өткізіп, қазақтармен қоян-қолтық араласып, бірге тіршілік еткен. Содан Мақыш Қалтаев пен де өте жақын таныс болған. Екеуінің ел ішінде жүріп бала оқытқаны, өлең жазып ақындықпен айналысқаны да ұқсас, яғни екеуі де молда-ақын. Соның нәтижесінде Мақыштың көптеген өлеңдерімен З.Кәрими өлеңдері арасында мазмұн, идея жағынан бір-біріне өте жақын. Өзінің ел тағдыры, жер тағдыры туралы айтқандары, ағартушылық ой-пікірлері, сыншылдық сарындағы өлеңдері, жәдитшілдік, миләтшілдікке қатысты ұстанымдары жөнінен қазақ ақыны М.Қалтаев пен татар ақыны З.Кәрими шығармалары үндесіп жатыр.
Мақыш Қалтаевтың татар тілінен тәржімалаған екінші аудармасы-Ғ.Рашидидің «Сақ уа Сұқ хәлдері» деп аталатын кітабы.
Ғ.Рашидидің өмірі, шығармашылығы жөнінде татар зерттеушілері мардымды ештеңе айтпайды. Ал, қазақ зерттеушісі Тоқтар Арыновтың дерегіне сүйенсек: «ХІХ ғасырда татар ақыны Ғ.Рашиди деген адам «Сүйінбике» атты көлемді поэма жазған. Ол поэма араб жазуымен жеке кітапша болып басылған. 24 беттік осы поэманың бір данасы Қазақ ССР-нің Орталық архивінде сақтаулы тұр» ,-деген қысқаша мәлімет береді.
Соған қарағанда, Ғ.Рашидидің өз өлеңдерін, көркем шығармаларын жинақтап, кітап етіп бастырып отырған. Соның бірі- «Сақ уа сұқ хәлдері» деп аталатын кітабы.
Енді осы аударма кітапқа келсек, бірінші бетте ең алдымен Мақыш Қалтаевтың «Оқу парыз балаларға» деп басталатын өлеңі басылған. Содан кейін барып «Әсәр: Ғ.Ғ.Рашиди. Мусахих: Мақыш Қалтаев. «Сақ уа сұқ хәлдері» делініп, ары қарай хикая басталады.
Айта кететін бір жағдай-халық арасында кең тараған осы аңыз негізінде, кезінде татардың классик ақыны Ғабдулла Тоқай да ұзақ хикая жазыпты. Осы хикаяға байланысты Ғ.Тоқай былай деп мәлімет береді: «Сақ сұқ» халық қиялынан шыққан бір хикая. «Сақ сұқтың» мұңды, зарлы хикаясын оның шерлі, мұңды жырын «Пәлендей адам айтқан... Пәлендей жерде шығарылған...» деп тура айтуға, негіздеуге мүмкін емес. Тек өзінің екі баласын «Сендер сақ-сұқ болыңдар»-деп шешесінің тілегінен туған ертегі. Сөйтіп, екі баласы «Сақ-сұқ» деген екі құс болып ұшып кетіпті-міс...» деген қиялды хикая.
Шешесі балаларын қарғаған уақытта әкесі үйде жоқ екен; содан кейін, шешесі де балаларын іздеп, екеуі қосылып жылайды.
«Сақ-сұқ» деген құс болып орманға ұшып кеткен балалар да соққан желмен, жауған боранмен ғана өздерінің сағынышты мұңды сәлемдерін ата-анасына жеткізеді екен...
Осы хикаяны көптен іздестіріп, әркімнен сұрастырып жүргенімде, бұл жырды қазақ саудагері Мұхаммет Фатих Мусин деген адам өтінуім бойынша маған жазып әкеліп берді.
Сонан кейін, осы «Сақ-сұқ» жырын өзімшелеп кей жерлерін түзетіп (тәртіпке салып), қосыңқырап жинағыма кіргіздім.
Халық арасында көп таралған бұл жырдың «Сақ-сұқ» атты күйі де және өзіне арналған әні де бар.
«Сақ-сұқ» күйі аянышты күй. «Сақ-сұқ» жыры мұңды жыр. Бұл халық қиялынан туған хикая» .
Міне, Ғ.Рашиди жырлаған «Сақ уа сұқ хәлдері» хикаясы да осы Ғ.Тоқай айтқан сюжетке құрылған. Мазмұн, идея жағынан екі ақын жырлаған жыр бір-бірінен алшақтамайды. Мұнда екі жақты мәселе қаралған: біріншіден, балаға дұрыс тәрбие бермей, оларды ұрып-соғып, қарғап-сілеп ата-ананың өкінішті хәлі болса, екіншіден әке-шешенің тілін алмай, дұрыс жолға түспеген тілазар балалардың құс болып ұшып кеткен қайғылы жағдайы айтылады. Осы арқылы тәрбие мәселесі көтерілген.
Тек, Ғ.Тоқайдың жыры түркі халықтарына ортақ фольклорлық үлгідегі 7 буынды шалыс ұйқас түрінде болып келсе, Ғ.Рашиди хикаясы буын саны жағынан бірде 7, бірде 8 болып алмаса түсіп отырады да, аралас ұйқасады. Екі жыр да қазақ тіліне қотарылған: Ғ.Рашидидің «Сақ-сұғын» Мақыш Қалтаев тәржімаласа, Ғ.Тоқай жырлаған жырды Жақан Сыздықов аударды.
Аталмыш кітапта Ғ.Рашидидің осы хикаясынан басқа башпағын жоғалтып алған татар шәкіртінің аянышты хәлі суреттелетін «Бейшара шәкірт малай» дейтін ұзақ оқиғалы өлеңі мен кедейлігінен оқу оқи алмай өмірі қорлықта өтіп жатқан татар жігітінің мұңды монологына құрылған «Бейшара жігіт» өлеңі алғаш рет самауырды көріп, ішінде қайнап тұрған суын ішіп көрмекші болып аузын күйдіріп алған мұжықтың ерсі қылығын сөз қылатын «Бірінші самауыр» дейтін мысқыл өлеңі бар.
Енді осы екі кітаптың аударылуына келсек-екеуін де М.Қалтаев есімі аударушы (мутаржим) деп емес, «мусахих» яғни араб тілінен аударғанда түзетуші, корректор деп көрсетілген.
«Мусахихқа» қатысты Мақыш өмірі жайында сөз қозғағанда біраз мәселенің басын ашып айтқанбыз.
Осыған байланысты енді бір мәселе-татар мен қазақ халқының арасындағы рухани туыстық байланыс. Екі халықтың туыстық қатынасының түп-тамыры сонау көне тарих қойнауында жатқаны мәлім. Осындай түбі бір туыстық (екеуі де түркі тілінің қыпшақ бұтағы) тарихи тағдырластық (Ресей империясы боданында өмір сүруі) қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде екі елдің әдеби, мәдени өмірін бұрынғыдан да жақындастырып, нығайта түсті. Әсіресе, «ХХ ғасыр басында татар мәдениеті мен әдебиеті ерекше өрлеу жолында болды. Бұл кезде татар мәдениеті түркі тектес халықтар мәдениетінің көбінен жоғары тұрды. Осыған байланысты татар мәдениеті өзімен көрші туыстас халықтар әдебиетіне, оның ішінде қазақ әдебиетіне де өз әсерін тигізді» .
Осындай жағдай екі ел әдебиетін, мәдениетін, жалпы рухани өмірін бір-бірімен тоғыстырып, ортақтастырып та жіберді. Сондықтан да Мақыш Қалтаев екі ел әдебиетін бір-бірінен бөле жара қарамай, туыстас екі ел арасындағы біраз айырмашылықтарды ескеріп, кітаптарды татаршадан қазақшаға сәйкестендіріп «түзеттім» яғни баспа терминімен айтқанда корректировка жасадым деуі де осы себепті болса керек.
Осы себептен аударма кітаптарда М.Қалтаев есімі мүтәржим (аударушы) орнына мусахих (түзетуші-корректор) болып жазылған


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   39




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет