Миссионерлік әдебиеттер
аудармалары тілінің лексикалық құрамы
Г.М. Адамбаева
Адам қоғамының ең негізгі қатынас құралы болып табылатын тілдің талай-талай тарихи кезеңдерді басынан кешіргені белгілі. Халықтың белгілі бір дәуірдегі экономикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени өмір-тіршілігі өзге елдермен қарым-қатынасы, әдет-ғұрпы, ең алдымен оның тілінен, сөз мағынасынан айқын сезіліп тұрады. Қанша да өмірдің сан қилы саласындағы құбылыстардың бәрі де тілдің сөздік қорына ықпал етіп, сол оқиғаларға байланысты сөздерді куә етіп қалдырып отырады. Халықтардың тарихындағы сан қилы факторлардың тілге тигізер әсері де әр түрлі болып келеді. Қоғам өміріндегі тілдің лексикалық саласына тікелей ықпал етеді.
Тіл тарихын зерттеушілер үшін аса маңызды қазына-бұл ескі дәуірдің куәсі болып саналатын жазба нұсқалар. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ тілінің қалпын байқататын, сол тұстағы жазба әдебиет үлгілерінің бірі бұл-миссионерлік әдебиеттер аудармаларының тілі.
XIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілін танытатын баспа нұсқалардың бірі ретінде миссионерлік әдебиеттер тілінің лексикасы туралы сөз қозғайтын болсақ, сол кездегі қазақ даласында болған саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістерге қысқаша тоқталмақпыз. Себебі, қоғамның экономикалық, әлеуметтік жағдайындағы болған өзгерістер ең алдымен, тілдің лексикасынан көрінетіні мәлім.
Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысы қазақ халқының саяси-әкімшілік және мәдени дамуындағы елеулі кезең болғаны белгілі. Қазақ халқының патша империясына қосылу үрдісінің толықтай аяқталуына байланысты, отаршылдықты көздеген патша әкімшілігі қазақ даласының экономикалық, әлеуметтік өмірі мен мәдениетін, психологиясын, дінін тереңдеп зерттеуге ден қойды.
Бұл жұмыс, әсіресе, 1867-68 жылдардағы реформаны дайындау барысында кең жүргізіледі. Қазақ даласын уысынан шығармай басқаруды мақсат еткен патша үкіметі реформаның жобасын дайындау үшін зерттеу жұмысын жүргізуге арналған «Далалық комиссия» дегенді енгізді. Бұл комиссияның құрамына ішкі істер министрлігінің және Орынбор мен Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарымен бірге православие дініндегі миссионерлер де кірген еді. Аталған комиссия, негізінен, екі нәрсеге көңіл бөлді. Біреуі қазақтарды бірыңғай билеп - төстеудің жаңаша жүйесін жасап, «жаңа низам» аталған ережені 1867 жылдан бастап өмірге нақтылы түрде ендіру мақсаты көзделді. Екінші, қазақтарды келешекте православие дініне ендірудің бар мүмкіндіктерін қарастыру арқылы орыстандыру саясатының түпкі мақсатын көздейді. (1;14)
Миссионер-ғалымдардың бұратана халықтарды шоқындыру әдістерінде басты деп елеулі мән берген мәселелерінің бірі-баспасөз арқылы миссионерлік идеяны таратып, насихаттау үшін арнаулы зерттеу жинақтарын, газет-журналдар, аударма кітаптар шығарумен айналысу болып табылады. Миссионерлік жолға бағытталған кітаптарды христиан дінінің өкілдері Қазақ қаласында аударып дайындағанымен, оларды Қазанда, Петерборда, Мәскеуде, Орынборда, Ташкентте басып шығады.
Аталған кітаптардың құнды жағы-олардың қазақ тілінің сол тұстағы сөз байлығын сөйлеу нормасын қағаз бетіне түсіргені-деп көрсетеді белгілі ғалым Б.Әбілқасымұлы. (2;86).
ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған миссионерлік діни әдебиеттер нұсқаларының лексикасын сөз еткенде, тіліміздің сол тұстағы байлығы толығымен қарастырылады деген сөз емес.
Дей тұрсақ та, діни әдебиеттер аудармалары сол кезеңдегі әдеби тілдің бар байлығын молынан пайдаланды. Тіл тарихын зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша аталған кезде қазақтың сөздік қоры бай және шұрайлы сөйлеу тілі мен дамыған ауыз әдеби тілі болды. Сонымен қатар, аталған кезеңнен бастап халқымыздың белгілі ағартушылары Абай мен Ыбырай іргетасын салып қалыптастыра бастаған қазақтың жаңа жазба әдеби тілі пайда болған еді. (3;164).
Сондай-ақ ғалым Б.Әбілқасымұлы ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ тілінің біртұтас, қазақтың сол кездегі шаруашылық, мәдени дәрежесіне сай, ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ тілінің біртұтас, қазақтың сол кездегі шаруашылық, мәдени дәрежесіне сай, халық өміріне қажетті түсініктерді қамти алатындай сөздік құрамы бар тіл екендігін,бұл тілдің лексикалық байлығы, негізінен, әлденеше ғасыр бойы қалыптасып, халыққа үздіксіз қызмет еткенін, бірсыпыра түркі тілдеріне ортақ негізгі сөздік қордан тұратындығын, бұған қосымша оның құрамында көршілес Орта Азия халықтарымен діни, сауда-саттық, мәдени жағынан көп жылдар бойы қарым-қатынаста болудың салдарынан сол тілдер арқылы енген араб-иран сөздерінің, сондай-ақ ежелден аралас-құралас отырғандықтан, экономикасы мен мәдениеті жоғары орыс халқының тілінен ауысқан күнделікті тұрмыс, шаруашылық кәсіп, ел басқарумен байланысты сөздердің болғанын айтады (4;67-68).
Белгілі ғалым Р.Сыздық: «ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінде мазмұны дінге қарасты жазба әдебиет туып, аз уақыт болса да өмір сүру кезеңін өтеді, атап айтсақ, әбден дами алмай, туған қалпы мен бірнеше онжылдықтар бойы «жетілген» қалпы бірдей күйде тарих сахнасынан кетеді. Ең алдымен қазақ тілінде екі түрлі дінге: ислам және христиан дініне қатысты әдебиет болғанын айту қажет»-деп көрсетеді (5;252).
Ал М.Балақаев: «Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның территориясында қазақ тілінде орыс әріптерімен басылған «Құдайдың үшін көп азап тартқан Евстафий Плакиданың, оның қосағының, екі ұлының өмірі» (Қазан,1891), «Ақыл беретұғын өнеге» (Қазан,1891ж.), «Притча Исуса Христа на киргизском языке» (Қазан,1892,). «Езги Иосиф» (Қазан,1892), «Евангелие» (Қазан1899) сияқты христиан дінін уағыздайтын миссионерлік әдебиеттер пайда болды. Бұл әдебиеттердің тілі мұсылман дінін уағыздайтын әдебиеттердің тілінен түбірімен ерекшеленеді. Аталған кітаптар араб, татар, шағатай тілдерінен ада таза қазақ тілінде жазылған»- деп көрсетеді ( 6 ; 27 ).
Аталған кітаптардың мазмұнына келетін болсақ, Христос пен оның әулиелерінің халыққа істеген « жақсылықтары» мен өсиеттері, ғылыммен, тәжірибелерімен байланыстырылған, адамды сендіретін үгіттер, бұл үгіттер құдай атынан сөйленіп, құдайға құлшылық ету ісімен байланыстырылып отырады, сондай-ақ, Адам мен Хауаның (Еваның) жаратылуы туралы аңыз және жер бетінде еврейлердің жаратылуы мен таралуы, Иисустың өмірге келуі баяндалады, ал кейбіреулерінде құдайға жалбарынулар (дұғалар), Иисус Христостың әр түрлі аурулардан жазу жолдарын баяндап отырып, оның әулиешілігін суреттеу арқылы дінге үгіттеу барысы сипатталады.
Әрбір халық тілінің сөздік қоры мен сөздік құрамында толып жатқан сөздер бар. Осы сөздердің шығуы белгілі бір ұғыммен байланысты және ол адам ойының нәтижесі болып табылады. Тіл ойдың көрінісі болғандықтан да алдымен ой туып, сонан соң барып сөз туып, адам сөйлей бастайды. Қай ел болсын, сөздік қоры біртіндеп барып дамиды.
Кітаптар аударма болуына қарамастан, лексикасы өзге тіл элементтерінен барынша таза, қазақтың сөйлеу тілінің сөз байлығы кеңінен пайдаланылған. Мұнда қолданылған сөздердің көпшілігі негізгі сөздік қорға енетін қазақтың байырғы сөздері. Ал, кейбір қазақтың төл сөздері діни термин ретінде пайдаланып берілген: тұрушылық (житие), тіленші (нищий), құлшылық ету (молиться), бұрыс дінде турушы (иноверец), үйренуші (ученик), құтқарушы (спаситель), жаратушы (творец). Мысалы: бұрыс дінде турушы бир Валерианъ дейтін кси ойленетин уақыты жеткенде озяне кыз айттырыпты (Езгиликке уйрототун кнеге 15-бет). Дялие Макарій бр яйреняшисимен öзнин монастырынан шыгыб, ботен монастырга бараятыр екен (8 бет). Онда кулшылык біткенсон, священник калыкка öгаят айтыпты (10 бет). Омяриңди қалай болса, солай откизсең, Кудайды есиңе алмасаң, оның қосуунша турмасаң, бу дуньяда-да турушылык саган бек кыин болар (4 бет). Сол тойга Іисусты да, оның яйреняшлерин де шакырган. (Иисус Христостың еткен кудрöттори, 1-б).
Тілдің сөздік қазынасы негізгі сөздік қорға енетін қазақтың қолтума сөздері арқылы ғана байып қоймай, сонымен бірге кірме сөздер арқылы да толығып, дамып отырады. Кірме сөздер деп басқа тілден алынған морфологиялық, фонетикалық жағынан біршама ерекшеленетін сөздер тобын айтамыз. Демек, жер бетінде таза тіл кемде-кем болар, әр уақыт бір тілден екінші тілге сөз ауысу үрдісі жүріп жатады. Қазақ тіліндегі осындай кірме сөздердің бір қабаты – араб-парсы сөздері.
Бұл кітаптарда да берілетін келесі бір сөздер тобы-осы араб-парсы сөздері. Тілдің даму тарихы қоғамдық өмірмен тығыз байланысты болғандықтан, араб-парсы тілдерінен қазақ тіліне енген сөздер де басқа құбылыстар сияқты өзіндік тарихымен сипатталады. Бір тілден екінші тілге сөз ауысу – бұл бір халықтың басқа бір халықпен өзара ұлттық қарым-қатынас жасауының нәтижесі болып табылады. Тарихи жағдайларға сәйкес мұндай қатынастар түрліше формада көрінуі мүмкін. Халықтар арасындағы экономикалық, саяси және мәдени қарым-қатынастар неғұрлым тығыз болса, бұл тілдердің бір-бірінен ауысқан лексикалық элементтері де соғұрлым көбейе түседі. Мұсылман дінінің қазақ даласына таралуына байланысты қазақ халқының тарихында көптеген өзгерістер болды. Халықтың тарихындағы болып жатқан мұндай өзгерістер сол халықтың тіліне де әсер етері заңды құбылыс болып табылады. Жоғарыда аталған өзгерістердің бірі қазақ тіліне араб-парсы сөздерінің кіруі. Түрколог ғалым Н.А. Баскаков өзінің еңбегінде араб-парсы сөздерінің түркі тілдеріне исламмен бірге келгенін, олардың бірсыпырасының діни ұғымдар мен ғылыми және қоғамдық – саяси терминдер, сондай-ақ дерексіз, абстракты ұғымдарды білдіретін атаулар екендігін айтады (7;35).
Ал, белгілі зерттеуші Б.Әбілқасымұлы қазақ тіліндегі көптеген араб-парсы сөздерінің қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына әбден бағынып, қазақтың байырғы сөз, қосымшаларымен жымдаса бірігіп, басқа тілдік қасиетін жойып кетуі – олардың талай ғасырды басынан кешіргендігінің айғағы, сонымен қатар дінмен, оқу-жазумен байланысты бірсыпыра сөздердің кейінде, яғни ХVІІІ-ХІХ ғасырларда панисламизм қозғалысы дәуірлеп тұрған кезде кіргендігі байқалатындығын айтады (2;169).
Профессор М.Балақаев болса кірме сөздердің тарихы туралы былай дейді: «Араб-парсы тілдерінен қазақ тіліне сөз қабылдау процесі көп жылға созылғанымен, олардан енген сөз байлықтары мен кейбір грамматикалық тұлғалары, қазақ тілінің тұрқын бұзған жоқ, қайта өздері қазақ тілінің ырқына көніп, көптеген өзгіріске ұшырады да, әдеби тілдің халықтық қорына айналды. Қазақ тіліне, араб-парсы тілдеріне сөз алу процесі он тоғызыншы ғасырдың бірінші жартысында, оңтүстік аймақтардың Қоқан хандығына бағынып тұрған кезінде күшейе түсті де, жиырмасыншы ғасырдың басында ол процесс тоқталды.» – десе, (М.Балақаев Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. Алматы, 1984) қазақ лексикасын арнайы зерттеген Ғ.Мұсабаев: «Қазақ тілінде араб және иран тілдерінен енген бірталай сөздер бар, бұл сөздер қазақ тіліне кірігіп кеткен. Бұл халықтардың тіленен түркі тілдеріне сөз ауысу Орта ғасыр шамасында басталып, араб-иран тілдерінің лексикаларын қазақ тіліне сөз ауысу процесі Қазан төңкерісіне дейін-ақ тоқталған» - деп тұжырымдайды. (Ғ. Мұсабаев Қазақ тілінің лексикасы, ДДА, Алматы, 1960).
Қазақ тілінде араб, иран тілдерінен енген сөздерді зерттеген Л.Рүстемов араб және парсы тілдерінен ауысқан лексикалық элементтердің қазақ тіліне ену уақытын шартты түрде екі кезеңге бөліп қарастырады: бірінші кезең – он бесінші ғасырдан Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтиды. (Л. Рүстемов Қазіргі қазақ тіліндегі араб парсы кірме сөздері. Алматы,1982).
Ал, тоғызыншы ғасырдың екінші жартысынан бастап патша үкіметі ислам дініне тежеу салып, жалпы панисламизмге қарсы күрес жүргізе бастағаны тарихтан мәлім. Бұл жағдай қазақ тіліне араб-парсы сөздерінің жаңадан кіруін тежеді. Ал миссионерлік әдебиеттерді таратушы орыс ориенталистерінің қазақ тіліне әбден сіңісіп кеткендері болмаса, жаңадан кірген сөздер бұл кітаптарда байқалмайды. Дегенмен, бұл әдебиеттердегі әңгіме діни насихат болғандықтан, араб-парсы сөздері біршама орын алған. Мәселен: Құдай, садақа, періште, (берісте), күнә, үгіт, насихат, тамұқ, ұжмақ, о дүние, бұ дүние, пенде, шайтан, рахат, азап, әмір, рақым, тәкаппар, мархабат, пайғамбар (байгамбар), уәде, хабар (кабар), патша (патса), ораза, қызмет, халық (калык), құдірет, ақыл, күнәкер, қадір, дұшпан, қабір, зындан, қаһарланып (кддрленип), дүние (дяняо), мешіт, молда, мұқтаж, заң, пұл т.с.с. Кудайдың эркимен адал турса, öльген соң ол дяньде азап кöрмейди, Кудайдың ужмагында қуанып рақатланып турады. (Первоначальные сведения о христианской вере, сообщаемыя киргизу... 1886,66). Билимдиктен он басы Кудайдан корку, Кудайдан корыксан, кунадан тыйыларсын. (Акыл беретугун кнеге. 1894, 10 бет).
Кез-келген тілдің сөздік құрамы сол тілдің ежелгі төл сөздерінен және басқа тілдерден алынған кірме сөздерден тұратын күрделі құбылыс екені белгілі. Өйткені, белгілі бір тілдегі барлық сөздердің жиынтығы немесе сол тілдің лексикасы сөздік құрамға қоғамдағы сан қилы тарихи факторлар өзінің ықпалын тигізбей қоймайды. Түрлі сөздердің өзара экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына, қоғамның дамуына байланысты жаңа сөздермен үнемі толығып отырады. Сондықтан да лексикалық құрамында басқа тілден алынған кірме сөздері жоқ, таза тіл болмайды.
Аталған кітаптарда кездесетін лексикалық ерекшеліктердің тағы бір үлкен тобы – бұл орыс тілінен енген сөздер. Бұлардың кейбірі қазақ тілінің өз заңдылығына сәйкес дыбыстық жағынан азды-көпті өзгертіліп, ал кейбіреулері орыс тіліндегі қалпында қолданылған. Қазақ тілі лексикасында орыс тілінен енген сөздерді тіл тарихын зерттеуші кейбір ғалымдар төрт кезеңге бөліп қарайды. Бірінші кезең ХVІІ ғасырға дейін, екінші кезең – ХVІІ ғасырдан ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін, үшінші кезең – ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңді қамтыса, төртінші кезең – сол төңкерістен кейінгі мезгілді қамтиды. (8;25).
Бұл бөлуде белгілі дәрежеде шарттылық болуымен қатар, тарихи, тілдік фактілерге сүйенушілік те бар екенін көруге болады.
Миссионерлік әдебиеттен тараған тұста орыс сөздері қазақ тіліне молынан кірді, өйткені бұл сол кезеңде қазақ даласында болып жатырған экономикалық, саяси және мәдени өзгерістерге байланысты болатын. Тек әкімшілік, ел басқару, экономика салаларында ғана емес, сондай-ақ, ғылым-білім саласында, күнделікті сөйлеу тілінде де орысша көптеген ұғымдар ене бастады.. Ол ұғымдар өз атауларын қажет етті, олардың барлығының бірдей қазақша баламаларын табу мүмкін болмады. Сондықтан да орыс сөздері қазақ тіліне орнығып қала берді. Ал кейбір сөздер қазақ тіліне еніп, қалыптасып, қазақ тілінің фонетикалық, грамматикалық нормаларына сәйкес өз тұлғасын өзгертіп жіберген. Аталған кітаптарда қазақ сөзімен келтіруге келмейтін кейбір сөздерді орысша беру байқалады. Мысалы: христиан, алтарь, апостол, архангел, тауар (товар), школ, шен (чин), таинство, богородица, закон, молитва, восприемник, возглас, книге, член, эктения, архиерей, преосвященный, престол, венец, аналой, икона, мытарь, пост, статья, таинство, грб, псалом, аллилуя, слава, солдат, поп (боп), монастырь, священник, монах крест, лампадка, литургия, пост, статья, тропарь, отпуст, апостол, кадило, церковь, венец, ипостась, дьякон, общество, награда (нагрет) т.с.с. Таза жыйынынның сыйлы шлени (члені) ет (Требник, 1904, 30 бет). Сол куни суббота екен. (Иисус Христостың еткен кудроттори, 1893, 8 бет). Сонсоң жақын келип öляктан жаткан гробына тіинген, алыб бараткандар токтаган. (Иисус Христостың еткен кудроттори, 11бет). Апостолдар калган кыкымдарын жынаб алыб он еки ящик толтырган (бұл да сонда, 17-бет). Бұл сөздердің беретін ұғымы қазақта бұрын болмағандықтан және олар тек христиан дінімен байланысты ғана қолданылатын болғандықтан алынған болуы керек, не болмаса тілге сіңіру мақсатымен де алынған болуы мүмкін. Екінші жағынан ,тақырыбы қатаң дін қағидалары болғандықтан да әдейі аудармай алған болуы мүмкін. Демек, миссионерлік кітаптарда қазақ тілінің сол кезеңдегі лексикалық қорының әртүрлі қабаттары, яғни қазақтың төл сөдері, араб-парсы тілінен және орыс тілінен енген сөздер пайдаланылды деуімізге болады.
Бұл кітаптар, негізінен, діни қызметкерлерге (шоқындырушыларға) көмек ретінде, солардың пайдаланулары үшін шығарылған да болуы мүмкін. Белгілі ғалым Р.Сыздық бұл кітаптардың құнды жағы қазақ тілінің он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы күй-қалпын, нормаларын танып білуде жақсы материал болғандығын айтады (5; 255).
Сондай-ақ, қазақ тіліндегі миссионерлік діни әдебиеттердің лексикасына байланысты келесі жайларды көруге болады. Сөз таңдауда, ең алдымен, қазақтың сөйлеу тілін пайдалану принципін ұстанған. Соның нәтижесінде бұрын қазақ түсінігінде болмаған жаңа ұғымдар, атап айтқанда, христиан дініне байланысты, қазақ сөздерімен берілген. Христиан дініне байланысты қолданылатын бірқатар орыс сөздеріне қазақ тілінде бұрын діни мазмұны жоқ бұйрық (Заповедь), жаратушы (создатель), қызметші (служитель) деген баламалар ұсынылады. Кейбір ортақ діни ұғымдарды мұсылман дініне қатысты бұрыннан қазақ тілінде сіңген араб-парсы сөздерімен білдіру тәсілдерін ұстанған. Мысалы, әулие, құдай, садақа, тамұқ, жұмақ, ол дүние, бұл дүние, берісте. Содан-соң назар аударатын нәрсе, қазақ сөзімен білдіруге келмейтін кейбір сөздерді орыс сөздерімен білдіру жағдайлары орын алған. Мысалы, монастырь, священник, монах, апостол т.с.с.
Бұл әдебиеттердің қазақтың сөйлеу тілінің мүмкіндіктерін молынан пайдаланғанын көруімізге болады.
1.М.Мырзахметов Қазақ қалай орыстандырылды. Алматы, Атамұра, 1993,14 бет.
2.Б.Әбілқасымов ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. Алматы, «Ғылым», 1982, 86 бет.
3.Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика.Алматы, Мектеп, 1962, 164 бет
4.Б.Әбілқасымов Алғашқы қазақ газеттерінің тілі. Алматы, 1971, 67-68 бет.
5. Р.Сыздықова Қазақ әдеби тілінің тарихы, Алматты «Ана тілі» 1983, 252 бет.
6. М.Балақаев Қазақ әдеби тілі, Алматы, Ғылым, 1987, 27 бет
7.Баскаков Н.А. Тюркские языки// Языки народов СССР. Москва,1966. с.35.
8.Г.Мусабаев. Лексика соврменного казахского языка. АДД, Алматы, 1980, с.25.
Достарыңызбен бөлісу: |