Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 18 шілдедегі №826 қаулысы «Автомобиль көлігі туралы»


§10. Жануарларды тасымалдау ерекшеліктері



бет4/11
Дата13.06.2016
өлшемі3.57 Mb.
#131363
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
§10. Жануарларды тасымалдау ерекшеліктері
254. Жануарларды (құстарды, терісі бағалы аңдарды, хайуанаттар паркінің жануарларын, балықтар мен араларды қоса алғанда) тасымалдау мамандандырылған автокөлік құралдарымен, ал олар болмаған немесе жетіспеген кезде арнайы жабдықталған ернеулі автокөлік құралдармен жүзеге асырылады.

Жануарлар мен құстарды өзі аударғыш шанақтары бар автокөлік құралдарымен тасымалдауға рұқсат етілмейді.

255. Автокөлік құралдарын жабдықтауға ірі қара малды және жылқыларды тасымалдау үшін ернеулерді шанақтың еденінен – 2 м дейін және қойларды, ешкілерді және шошқаларды тасымалдау үшін 1,5 м дейін биіктікті өсіру және көлденең және тігінен қырлы жуан ағаштарды орнатуды қамтиды.

Жануарларды тасымалдау үшін қажетті жабдық пен құрал-жабдықтарды жүк жөнелтуші береді және автокөлік құралына орнатады.

Автокөлік құралының шанағында алып жүрушінің болуы қажет кезде, жүк жөнелтуші жануарлардан қоршалған арнайы орын (ірі жануарларды тасымалдау кезінде - шанақтың алдыңғы жағында) жабдықтайды.

Жануарларды қолайсыз ауа-райы жағдайларында (қатты ыстық, күзгі және қысқы мезгіл) тасымалдау кезінде, оларды қорғау үшін жүк жөнелтушінің талап етуі бойынша автокөлік құралының шанағы жабық болуы тиіс жағдайларда, кенепті – тасымалдаушы, ал басқа қажетті материалдарды жүк жөнелтуші береді.

256. Автокөлік құралы шанағының едені жарамды болуы тиіс, шанақта жануарларды жарақаттауы мүмкін бұрандардың, шегелердің және басқа заттардың шығып тұрған ұштары болмауы тиіс.

Малды тасымалдау кезінде шанақтың еденіне сабаннан, қалыңдығы жануарлардың зәрін сіңіріп алуды қамтамасыз ететін төсеме салынады. Жол үстінде шанақтан төсемені лақтыруға рұқсат етілмейді.

257. Ұсақ жануарлар мен құстарды тасымалдау өткізбейтін түбі бар торлармен жүргізіледі. Жүк жөнелтуші торларды автокөлік құралдарының шанағында, ауаның әрбір торда еркін айналуын қамтамасыз ететіндей етіп орналастырады. Ұсақ жануарлар мен құстар бар торлар тиелгеннен кейін жүк жөнелтуші оны мықтап бекітеді.

Терісі бағалы аңдар, олардың түріне байланысты тасымалдауға металл торлы есігі бар металл немесе берік ағаш торлармен беріледі. Торлардың есіктерінде өз бетімен ашылу мүмкіндігін болдырмайтын берік тиектері болады және құлыптармен жабылады.

258. Автокөлік құралдарының қозғалысы оқыс жұлқусыз әрі аялдаусыз, жолдардың дөңес жерлері алдында қозғалыс жылдамдығы азайтылып, тасымалдау барысында жануарлардың орнықтылығын қамтамасыз ететін жылдамдықпен жүзеге асырылады.

259. Қозғалыстың әрбір сағатынан кейін автокөлік құралдарын 15-20 минутқа аялдатқан дұрыс.

260. Жолда жануарлар қысқы кезеңде кемінде бір рет, жазғы кезеңде кемінде екі рет суарылады.

261. Егер жануарларды автомобиль көлігімен тасымалдау ұзақтығы 12 сағаттан аз болса, онда бұл жағдайда, жолда қоректендіру жүргізілмеуі мүмкін.

262. Егер шартта өзгеше көзделмесе, тасымалдаушы жолда жануарлардың аурудан, оларды автокөлік құралдарында дұрыс орналастырмаудан және бекітуден, сондай-ақ ауа температурасының жеке жануарлар мен құстарды тасымалдау шарттарына сәйкес келмеуі салдарынан болған шетінеуге байланысты шығыстарды өтемейді.

263. Жануарларды тиеуге таза және дезинфекция жасалған автокөлік құралдары беріледі. Жануарларды тасымалдауға арналған автокөлік құралдарының жарамдылығын және санитарлық өңдеудің сапасын мемлекеттік ветеринарлық қадағалау органдары бақылайды.

Барлық жануарларды тиеу алдында және тиеу кезінде, олар өздеріне тиесілі шаруашылықтың (базаның, ұйымның) ветеринарлық дәрігері және мемлекеттік ветеринарлық қадағалаудың ветеринарлық инспекторы тексереді.

264. Жүк жөнелтуші түрі, жынысы және жасы бойынша біртекті жануарлар мен құстардың бір автокөлік құралға тиелуін жүргізеді.

Бір автокөлік құралына түрі, жынысы және жасы әртүрлі жануарларды бөлек тиеу мүмкін емес кезде, оларды бір-бірінен сенімді қоршаулармен бөлу шартымен тасымалдауға рұқсат етіледі.

265. Жүк жөнелтуші тиеу кезінде ірі жануарларды (жылқыларды, сиырларды, өгіздерді және басқаларды) автокөлік құралдарында басымен кабинаға қарай орналастырады және берік байлайды.

Ірі қара малдың, шошқалардың, қойлардың, ешкілердің және басқа ұсақ жануарлардың төлін байлаусыз, бірақ барлық жануарлар автокөлік құралының шанағында жата алатындай етіп тасымалдауға рұқсат етіледі. Ауру жануарлар тасымалданбайды.

Жылқылар тағасыз тасымалданады.

266. Жануарларды автокөлік құралымен қандай да бір жұқпалы дерт бойынша қолайсыз аумақтар арқылы тасымалдау кезінде, бағыттарды тиісті мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау органдары жергілікті атқарушы органдармен:

1) ауданаралық және қала маңындағы тасымалдар кезінде – ауданның (қаланың) бас мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспекторымен;

2) ауданаралық тасымалдар кезінде – облыстардың ветеринарлық-санитарлық органдарымен;

3) облысаралық және халықаралық тасымалдар кезінде – ветеринария саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша белгілейді.

267. Жануарларды жерден мамандандырылған автокөлік құралына тиеу үшін артқы трап есік пайдаланылады. Басында бірінші бөлікті тиеу жүргізіледі. Жануарларды қозғалыс бағыты бойынша бастарымен алға қарай орналастырады, шанақтың алдыңғы қабырғасындағы сақиналарға байлайды, осыдан кейін бірінші қоршау жабылады. Содан кейін екінші бөлік тиеледі және тағы сол сияқты.

268. Жануарларды қаптал есік арқылы және артқы трап есікті пайдалану арқылы мамандандырылған автокөлік құралының бөліктеріне тиеу жүйелілігі осы Қағидадағы 11-қосымшада көрсетілген.

269. Жануарларды жерден мамандандырылған емес автокөлік құралдарына тиеу жиналмалы көпіршелер бойынша жүргізіледі.

Бұл ретте жүк жөнелтуші шектегіш ағаштарды автокөлік құралдың шанағынан алдын ала алады, жануарларды кіргізеді және қозғалыс бағыты бойынша қояды, алдыңғы көлденең ағашқа қысқа байлайды, артқы ернеуді жабады және автокөлік құралдарға шектегіш ағаштарды орнатады.

270. Жануарларды автокөлік құралдарына тиеу тәсілдерін, оларды орналастыруды, сондай-ақ жануарларды бір автокөлік құралмен тасымалдау нормаларын жүк жөнелтуші тасымалдау шарттарын, (автокөлік құралының үлгісін, жануарлардың түрі мен жасын, тасымалдау алыстығын, жыл мезгілін, жол төсемінің жай-күйін және тағы басқа), автокөлік құралының жүк көтергішітігі мен сыйымдылығын толығырақ пайдалануды және тасымалданатын жануарлар және автокөлік құралының сақталуын қамтамасыз етуді ескере отырып белгілейді.

271. Автокөлік құралы бару пунктіне келісімен жануарлар дереу түсіріледі. Жануарларды түсіру тиеу кезінде қабылданған кері тәртіппен жүргізіледі.

272. Жолда жануарлармен бірге жүру және күтім жасау үшін жүк жөнелтуші жануарларды тасымалдауға қабылдау, жолда жануарларға күтім жасау, суару, қоректендіру, жануарлардың бекітілуін, күзетілуін бақылау, жануарларды жүк алушыға тапсыру үшін алып баратын адамдарды бөледі.

273. Автокөлік құралына тиелген жануарлар үшін жүк жөнелтуші бірге жүретін адамдардың үлкеніне қажетті құжаттарды (белгіленген нысандағы ветеринарлық куәлік, табын ведомосі, тауар-көлік жүкқұжаты және тағы басқа) береді.

Жануарларды ағынмен жүретін бірнеше автокөлік құралдарымен тасымалдау кезінде, қажетті құжаттар (тауар-көлік жүкқұжатынан басқа) тасымалданатын жануарлардың барлық партиясына берілуі мүмкін.

274. Тасымалдауға алдын ала ветеринарлық тексеруден өткен жануарлар ғана жіберіледі. Жануарлардың әрбір партиясына ветеринария саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ресімделген тиісті ветеринарлық сертификат беріледі.

Бір ветеринарлық сертификатты бірнеше автокөлік құралы үшін ұсынуға, бір жүк алушының мекенжайына барғанда ғана рұқсат етіледі. Бұл жағдайда ветеринарлық сертификат бірге жүретін адамдардың үлкеніне беріледі. Жануарларды заңнамада белгіленген тәртіппен берілген ветеринарлық сертификатсыз тасымалдауға рұқсат етілмейді.

275. Жануар жолда ауырған кезде, бірге жүретін адам ауырған жануарды тексерту және ветеринарлық қызметкердің нұсқауы бойынша одан әрі іс-әрекет жасау үшін жақын маңайындағы ветеринарлық пунктке барады. Жануарды союға ерекше, жануардың жай-күйі оны ет дайындау ұйымдарына дейін жеткізуге мүмкіндік бермейтін жағдайларда ғана рұқсат етіледі. Сою туралы актіге мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау ветеринарлық-санитарлық инспекторы қол қояды, Актіде мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық қадағалау органдарының етті одан әрі пайдалану туралы қорытындысы көрсетіледі.

276. Автокөлік құралдарының тасымалданатын жануарларды ветеринарлық дәрігер тексеру үшін, сондай-ақ бірге жүретін адамдардың үлкенінің сұрауы бойынша (жануарларды суару, қоректендіру, демалдыру) кідіруі (тұруы) осы Қағиданың 11-тарауына сәйкес бірге жүретін адам және жүргізуші қол қоятын актілермен ресімделеді.

Егер шартта өзгеше көзделмесе, тұруды және жануарларды ветеринарлық дәрігер тексеру үшін ветеринарлық мекемеге соғуды, сондай-ақ жануарларды суару, қоректендіру, демалдыру үшін тұруды жүк жөнелтуші төлейді.

277. Бару орнына келісімен негізгі бірге жүретін адам жүк алушыға қарап шығу үшін табын ведомосін, жолдама парақты, ветеринарлық сертификатты, малдың жолда шетінеуі және амалсыз сойылуы туралы актілерді ұсынады. Мал өлшеуді жүк алушы бірге жүретін адаммен бірге жүргізеді. Малды тапсыру актімен ресімделеді. Жүк жөнелтушінің алдында жануарларды жеткізгені және тапсырғаны туралы есепті бірге жүретін адам береді.

278. Жануарлар түсірілгеннен кейін автокөлік құралдары санитарлық өңдеуден өтеді. Механикалық тазартудан кейін автокөлік құралдарын мынадай дезинфекциялағыш заттардың бірімен: формальдегидтің 2 % ерітіндісімен, құрамында 2-3 % белсенді хлор бар хлорлы әктастың ерітіндісімен, хлораминнің 4 % ерітіндісімен, өткір натрдың 2 % ыстық (60-70 С0) ерітіндісімен, жаңа сөндірілген әктастың 20 % маңызымен, көрсетілген заттардың әрқайсысының шығынының нормасы 1 шаршы метр ауданға 0,5 литр болатындай етіп дезинфекциялануы тиіс. Басқа да дезинфекциялағыш заттарды, егер олар жоғарыда көрсетілген мақсаттарға сәйкес келетін болса және Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілсе қолдануға болады.

279. Автокөлік құралының шанақтарын уақтылы санитарлық өңдеу үшін жануарларды жаппай түсіретін орындарда дезинфекциялау-шаю пункттері ұйымдастырылуы тиіс.
§11. Құрылыс жүктерін тасымалдау ерекшеліктері
280. Тасымалдаушылар, жүк жөнелтушілер және жүк алушылар кірпіш тасымалдауды пакеттік тәсілмен: балшық кірпішті – тегендерге “шырша түрінде” қалап, силикат кірпішті – тегендермен және тегендерсіз қоршау немесе тарту құрылғылары арқылы жүзеге асырады.

281. Жүк жөнелтуші кірпіш тасымалдау үшін тегендер, таспа қоршаулар және пакеттерді бекітуге және бөлуге арналған құрал-жабдықтарды береді. Жүктерді автомобильмен тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушылар автокөлік құралдарына қоршағыш құрылғылар мен бекіткіш құрал-жабдықтарды дайындауды және орнатуды жүк жөнелтушінің есебінен өзіне алуы мүмкін.

282. Кірпішті тегендермен тасымалдау кезінде жүк жөнелтуші автокөлік құралы тиелуге келгенге дейін жүктің тегендерге қалануын қамтамасыз етеді. Тегендердің үлгілері мен параметрлері мемлекеттік стандарттарға сәйкес келуі тиіс. Төменгі қатарынан, пакеттің бұрыштарынан және тік жақтарынан кірпіштері түсіп қалған пакеттерді тиеуге рұқсат етілмейді.

283. Кірпішті жүк жөнелтушіден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар стандартты түрде толтырылған пакеттердің саны бойынша жүзеге асырады.

284. Кірпішті тиеуді, сондай-ақ пакеттерді бекітуді тасымалдаушы, ал бекіткіштерді ажырату мен кірпішті түсіруді жүк алушы жүзеге асырады.

Тасымалдаушылар жүкті автомобильмен тасымалдау шарты бойынша бекіткіштерді орнату мен ажыратуды жүргізуі мүмкін. Түсіру аяқталғаннан кейін жүк алушы автокөлік құралы шанағының еденін кірпіш қоқымынан тазартады.

285. Автокөлік құралының жүк көтергіштігі 7 тоннадан аспайтын жағдайларда, пакеттерді жүк жөнелтуші шанақ білігінің бойымен, ал автокөлік құралының жүк көтергіштігі 7 тоннадан артық болса, шанақ білігіне перпендикуляр түрде шахмат тәртібімен автокөлік құралдың қаптал ернеулерінің біріне тығыз қойылады. Кірпіштерді тегенге қалау тәртібі осы Қағиданың 12-қосымшасында келтірілген.

Пакеттерді шанаққа көлденең орналастыру кезінде жүк жөнелтуші қимасы 50х50 мм және ұзындығы 1 м ағаштарды қаптал ернеуге жанаспайтын шеткі пакеттер тегендерінің астына салады.

286. Тасымалдаушы автокөлік құралында кірпіш пакеттерінің қалануы мен бекітілуінің жол қозғалысы қауіпсіздігінің және автокөлік құралының сақталуын қамтамасыз ету талаптарына сәйкес келуін тексереді. Жүк жөнелтуші тасымалдаушының талап етуі бойынша жүкті қалау мен бекітудегі байқалған қателіктерді жояды.

Пакеттерді бекіту, сондай-ақ олардың бекітілу дұрыстығын тексеру тиегіш механизмдерді автокөлік құралынан әкеткеннен кейін ғана жүргізіледі.

287. Босаған тегендерді тиеуді – жүк алушы, ал түсіруді кірпіш жүк жөнелтуші жүргізеді.

288. Босаған тегендерді қабылдауды және тапсыруды тасымалдаушылар дана саны бойынша жүргізеді.

289. Темір-бетон өнімдер олардың түріне байланысты көлденең, тік немесе қиғаш күйде тасымалданады.

Тасымалдау және сақтау кезінде техникалық шарттар бойынша белгілі бір нүктелерінде тіреуді қажет ететін темір-бетон өнімдеріне жүк жөнелтуші тіреу нүктелерін көрсетіп таңба жасайды.

290. Тасымалдау шарты бойынша жүк жөнелтуші тасымалдаушының келісімімен автокөлік құралдарын қосымша құрал-жабдықтармен қосымша жабдықтауды жүргізуі мүмкін. Тараптардың келісімі бойынша қосымша құрал-жабдықтарды орнатуды тасымалдаушы жүк жөнелтушінің есебінен жүргізуі мүмкін.

291. Темір-бетон өнімдерді бекіту үшін қажетті төсемелер мен аралық төсемелерді жүк жөнелтуші ұсынады. Қысқы мезгілде жүк жөнелтуші темір-бетоннан жасалған өнімдерді қар мен мұздан тазартып ұсынады, сондай-ақ резеңке жапсырылған төсемелер мен аралық төсемелер қолданады.

292. Тасымалдаушылар темір-бетон өнімдерді орындар саны мен стандарттық салмақ бойынша жүк жөнелтушіден қабылдайды және жүк алушыға тапсырады.

293. Қозғалыс үшін қауіпті аймақтардағы тиеу және түсіру пункттерінде жүк жөнелтуші мен жүк алушы тәуліктің кез келген мезгілінде көрінетін сақтандырғыш жол белгілері мен көрсеткіштерді орнатады.

294. Темір-бетон өнімдерді шығыран жабдығының көмегімен тиеу және түсіру кезінде жүргізуші автокөлік құралының кабинасында болмауы, ал жүк жөнелтуші (жүк алушы) жүкті автокөлік құралы кабинасының үстімен жылжытпауы тиіс.

295. Сұйық бетон мен құрылыс ерітінділерін тасымалдау үшін тасымалдаушылар өзі аударғыш автомобильдерді, ожау немесе бункер үлгісіндегі шанақтары бар автомобильдерді, цистерналарды бөледі. Бетонның құрғақ қоспаларын және құрылыс ерітінділерін ыдыстық тәсілмен қаптарда тасымалдау үшін тасымалдаушылар ернеулі платформалары бар автомобильдерді, ал ыдыссыз тәсілмен тасымалдау кезінде - бункер үлгісіндегі шанақтары бар автомобильдер мен автомобиль-цистерналарды бөледі.

296. Сұйық бетон мен құрылыс ерітінділерін тасымалдауға арналған өзі аударғыш-жүк автомобильдердің тығыздалған артқы ернеуі, 450-500 мм биіктікке өсірілген алдыңғы және қаптал ернеулері болады.

297. Тасымалдаушылар сұйық бетон мен құрылыс ерітінділерін жүк жөнелтушіден тасымалдауға қабылдау мен жүк алушыға тапсыруды көлемі және салмағы бойынша жүргізеді.

Сұйық бетонды және құрылыс ерітінділерін жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар көлемі мен салмағы бойынша мемлекеттік стандартта белгіленген тасымалдау кезіндегі бетон мен құрылыс ерітінділерінің тығыздалу коэффициентін ескере отырып жүргізеді.

Жүкті автомобильмен тасымалдау шартында жүк жөнелтуші тасымалдануға тиісті сұйық бетон мен құрылыс ерітінділері қоспаларының көлемдік салмақтарын, тасымалдаушылар тасымалданған жүктің көлемін тоннамен қайта есептеу үшін көрсетеді.

298. Жүк жөнелтушілер мен тасымалдаушылар жүкті тасымалдау кезінде сұйық бетон мен құрылыс ерітінділерінің мемлекеттік стандарттарда белгіленген және тасымалдау кезінде жүктің сақталуын қамтамасыз ететін шектік жеткізу мерзімдерін ескереді. Жеткізу мерзімдерін жүк жөнелтуші, әрбір сапарға берілетін және жүк алушыға жүкпен бірге тапсырылатын ерітіндінің паспортында осы Қағидаға 13-қосымшаға сәйкес нысан бойынша көрсетеді.

299. Цемент тасымалдау кезінде тасымалдаушылар, жүк жөнелтушілер және жүк алушылар цементке жауын-шашын тиюіне және оның тозаңдануына жол бермей, жүктің сақталуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдайды.

300. Цемент ыдыссыз тәсілмен мамандандырылған автомобиль-цистерналарда, сондай-ақ ыдыстық тәсілмен (қаптарда) ернеулі платформасы бар автомобильдермен және кенеппен жабылып тасымалданады.

301. Жүк жөнелтуші цементті ыдыссыз тәсілмен тасымалдауға 100 0С аспайтын температурамен береді.

302. Цементті ыдыссыз тәсілмен тасымалдау кезінде, оны жүк жөнелтушіден қабылдау мен жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар автомобиль-цистернаны жүгімен және жүксіз таразыға тарту арқылы салмақ бойынша жүзеге асырады.

Қаптардағы цементті жүк жөнелтушіден қабылдау мен жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар атауы, орындардың саны және таңбаламада көрсетілген стандарттық салмақ бойынша жүзеге асырады.

303. Цементті ыдыссыз тәсілмен тасымалдау кезінде жүк жөнелтуші мен жүк алушы автокөлік құралы-цистернаны жүксіз және жүгімен таразыға тартуды, цистернаның люктерін тиеу алдында ашу мен тиегеннен кейін жабуды, түсіру жеңдерін цистернамен қосуды және ағытуды жүргізеді.

304. Жүк алушыдан цементті түсіру кезінде тасымалдаушы сығымдағышты іске қосуды және түсіру шүмегін ашуды, ал түсіру аяқталғаннан кейін сығымдағышты ажыратуды және түсіру шүмегін жабуды жүргізеді.

305. Жүк алушының автокөлік құралы-цистерналардан цемент түсіруге арналған қатты төсемі бар алаңшалары болуы қажет.

306. Тұрақты түсіру орындарында (ерітінді тораптарында, құрылыс индустриясы зауыттарында, ірі құрылыстарда) жүк алушы автокөлік құралы-цистернаның 12-140 еңкіштігін қамтамасыз етіп, түсіру алаңшаларын жабдықтайды. Уақытша объектілерде түсіру алаңшалары көлденең және қабылдау құрылғысының жағына қарай еңісі болады. Түсіру орнына автокөлік құралы-цистернаны тракторлармен сүйреп әкелуге рұқсат етілмейді.

307. Жүк алушы цемент қабылдауға арналған сыйымдылықты автокөлік құралы-цистернаның сығымдағыш қондырғысы қамтамасыз ететін түсіру биіктігіне сәйкес келетін биіктікке орнатады. Уақытша сыйымдылықтардағы (қоймалардағы) қабылдау люктері жалғастырғыш шлангалардың өлшемдеріне сәйкес келеді және түсіру аяқталғаннан кейін тығыз жабылады. Қабылдау құрылғыларының түсіру шлангаларын сымның, жіптің және басқа қолға түскен құралдардың көмегімен бекітуге рұқсат етілмейді. Цистернаның ішінде қысым жасау үшін ауаның бөтен көздерін пайдалануға рұқсат етілмейді.

308. Жүк жөнелтуші автокөлік құралы тиелуге келгенге дейін түрі мен өлшемі бірдей шиферді, тегендерге оны қабаттап салып, алдын ала дайындалуын қамтамасыз етеді, автокөлік құралға тиеуді және тегендерді автокөлік құралдарына біркелкі қоюды жүргізеді.

309. Тиеулі жабық автокөлік құралдарын, шифері бар пакеттерді жүк жөнелтуші пломбалауы тиіс.

310. Тегендерге толтырылған шиферді жүк жөнелтушіден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушы орындардың саны бойынша жүргізеді.

Шиферді тасымалдауға салмақ бойынша қабылдауға жүк жөнелтуші мен жүк алушының таразысы болған кезде ғана рұқсат етіледі.

311. Жүк жөнелтуші шиферді тасымалдауға жинақтаушы бөлшектерімен (арқалар, шегелер) ұсынған кезде тасымалдаушы, тасымалдауға жүк қабылданған тәртіппен оларды жүк жөнелтушіден қабылдайды және жүк алушыға тапсырады.


§12. Үйіп тасымалданатын жүктерді тасымалдау ерекшеліктері
312. Үйіп тасымалданатын жүктерді тасымалдау үшін тасымалдаушылар өзі аударғыш шанақтары бар автокөлік құралдарын бөледі.

313. Тасымалдаушылар жүктерді автомобильмен тасымалдау шарты бойынша өзі аударғыш шанақтарды жылыту жүйесімен жабдықтауды, бұл жұмыстарды жүк жөнелтушінің немесе жүк алушының есебінен төлеу арқылы өздеріне алуы мүмкін.

314. Үйіп тасымалданатын жүктерді тиеу үшін жүк жөнелтуші ожауының көлемі автокөлік құралының шанағы көлемінің 1/3 аспайтын тиегіш механизмдерді бөледі.

315. Үйіп тасымалданатын жүктерді тиеу кезінде тиегіш механизмнің ожауы автокөлік құралы шанағының түбінен 0,5 м аспайтын қашықтықта болады.

316. Шанақты үйіп тасымалданатын жүктердің қалдықтарынан тазарту тәртібі мен шарттары жүкті автомобильмен тасымалдау шартында белгіленеді.

317. Үйіп тасымалданатын жүктерді тиеу кезінде жүргізуші автокөлік құралының кабинасында болмайды. Жүк жөнелтушіге жүкті автокөлік құралы кабинасының үстімен жылжытуға рұқсат етілмейді.

318. Жүк жөнелтуші тасымалдаушымен автокөлік құралының тиелуге берудің басталғаны туралы жүргізушіні хабардар ету (дыбыстық немесе жарықтық сигналмен) тәртібін, сондай-ақ автокөлік құралын тиеуге қою орнын белгілеу тәсілін (белгі ағаштармен, белгілермен, нұсқағыштармен) келіседі және жүкті автомобильмен тасымалдау шартында көздейді.

319. Карьерлерде тиеу жұмыстарының орындалу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүк жөнелтуші:

1) карьердің ішіндегі жолдың өтетін бөлігін төменгі еңіс жағынан биіктігі 0,7 м топырақ үйіндісімен немесе қорғаныш қабырғамен қоршауды;

2) карьер ішіндегі жолдың 8 градустан артық еңісі болған кезде, жолдың өрінен бастап, 100 м аспайтын қашықтықта ұзындығы 50-100 м еңіссіз жол учаскесін жабдықтауды;

3) еңістері бар тиеу алаңшаларында автокөлік құралы доңғалақтарының астына тіреулер қоюды;

4) автокөлік құрал қозғалысына кедергі жасайтын көмірдің, кеннің және басқа да пайдалы қазбалардың кесектерін жинауды;

5) карьер ішіндегі жолға қажет кезде шаңды кетіру үшін су шашуды;

6) карьер ішіндегі жұмыс орындарына жарық орнатуды қамтамасыз етеді.

320. Жүк жөнелтуші карьерлерде газдардың белгіленген нормадан артық шоғырлануына жол бермеуі тиіс.

321. Жүк жөнелтуші автокөлік құралын беру кестесін жару жұмыстары мен тиегіш механизмдерді жөндеу кестесімен келіседі.

322. Үйіп тасымалданатын жүктерді жүк жөнелтушіден тасымалдауға қабылдауды және жүк алушыға тапсыруды тасымалдаушылар жүк жөнелтуші мен жүк алушының таразысы болған кезде – салмақ бойынша, ал таразы болмаған кезде өлшеу-таразыға тарту актісі бойынша жүргізеді.

323. Жүктің меншікті салмағында өзгеріс байқалған жағдайда, тасымалдаушы немесе жүк жөнелтуші тасымалданатын тонналы жүктің мөлшерін қайтадан бірге анықтауды талап етуі мүмкін.

324. Үйіп тасымалданатын жүктерді бір жүк жөнелтушіден бір жүк алушының мекенжайына тасымалдау кезінде ресімдеу жүк жөнелтушінің жүргізушіге әрбір сапарға талон беруі арқылы жүргізілуі мүмкін.

Соңғы сапарды орындау кезінде жүк жөнелтуші үйіп тасымалданатын жүктерді тасымалдау кезінде берілетін талондардың орнына – тауар-көлік жүкқұжатын, ал топырақ тасымалдау кезінде тасымалданатын жүктің барлық мөлшеріне өлшеу немесе таразыға тарту актісін ресімдейді.


§13. Металды және металл бұйымдарды тасымалдау ерекшеліктері
325. Қағиданың осы параграфында металдың және металл бұйымдардың мынадай топтарын тасымалдау шарттары көзделеді:

1) автокөлік құралының көлемін және салмағын ескере отырып, заңнамада

белгіленген рұқсат етілетін салмақ пен көлем өлшемдерінен аспайтын;

2) ұзындығы 8 м артық;

3) бір орынның салмағы 3 тоннадан артық.

326. Жүк жөнелтушілер мен жүк алушылар тиеу жұмыстарын металдарды және металл бұйымдарды тасымалдау кезінде механикаландырады.

Тасымалдаушылар өздерінде өзі түсіретін автокөлік құралы немесе механизация құралы болған кезде, тасымалдау шарты бойынша металдардың және металл бұйымдардың механикаландырылған түсірілуін өздеріне алуы мүмкін.

327. Жүк жөнелтуші түрлі ұзындықты металды және металл бұйымдарды тиеу кезінде, автокөлік құралының шанағына анағұрлым қысқаларын үстіне салады.

Ұзын көлемді металл бұйымдарды ұзартылма тіркемелерге тиеу кезінде жүк жөнелтуші автокөлік құралы кабинасының артқы қабырғасы мен жүктің арасында, тіркеме автокөлік құралға қатысты әрбір жаққа 90 градус бұрышқа еркін бұрыла алу үшін саңылау болуын қамтамасыз етеді.

Цилиндр түріндегі металдарды және металл бұйымдарды жүк жөнелтуші автомобильдер мен тіркемелерде тростармен, сондай-ақ ағаш сыналар сала отырып бекітеді.

Ұзын көлемді және ауыр салмақты металдарды және металл бұйымдарды тиеу немесе түсіру жұмыстарын орындау алдында жүк жөнелтуші немесе жүк алушы жүк автомобильдері мен тіркемелердің алдыңғы және артқы доңғалақтарының астына сыналар салады.

328. Тасымалдаушылар жүргізушілердің техника қауіпсіздігі және ұзын көлемді және шомбал металдар мен металл бұйымдарды тасымалдау технологиясы жөніндегі арнайы нұсқауын өткізеді.

329. Ені және ұзындығы бойынша шанақ көлемдерінен шығатын, бірақ жүгі бар автокөлік құралының заңнамада белгіленген габариттік өлшемдерінен аспайтын ұзын көлемді металдар және металл бұйымдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1997 жылғы 25 қарашадағы № 1650 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Жол қозғалысы ережесіне, Көлік құралдарын пайдалануға жіберудің негізгі ережелерін және лауазымды адамдар мен жол қозғалысына қатысушылардың міндеттерін және Көлігі арнайы жарықтық және дыбыстық сигналдармен жабдықталуға және арнайы түстік-графикалық схемалар бойынша боялуға тиісті жедел және арнайы қызметтердің тізбесіне сәйкес алдыңғы және артқы жағынан белгіленеді.

330. Ұзын көлемді және шомбал металдарды және металл бұйымдарды кран жабдығының көмегімен тиеу немесе түсіру кезінде жүргізуші автокөлік құралы кабинасында болмайды, ал жүк жөнелтуші мен жүк алушы жүкті автокөлік құралы кабинасының үстімен жылжытпайды.

Автокөлік құралы шанағының алдыңғы бөлігіне тасымалдаушы кабинаны жүктің зақымдауынан қорғайтын болат қалқан қояды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет