Аяпбергенова гульсум сагындыковна


Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің арнайы құзыреттілігін қалыптастырудың мәндік сипаттамасы



бет13/48
Дата11.04.2024
өлшемі4.5 Mb.
#498402
түріДиссертация
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   48
ayapbergenova-g-s-phd-s-sp (2)

1.1 Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің арнайы құзыреттілігін қалыптастырудың мәндік сипаттамасы
Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің арнайы құзыреттілігін қалыптастыруды оның негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік беретін құзыреттілік көзқарас тұрғысынан қарастыру қажет. Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің арнайы құзыреттіліuін қалыптастыру мәселесі әртүрлі ұстанымдар тұрғысынан зерттелген. Бұл өз кезегінде «білім берудегі құзыреттілік тұғыр», «құзыреттілік», «кәсіби құзыреттілік» және «арнайы құзыреттілік», «болашақ бастауыш сынып мұғалімінің арнайы құзыреттілігі» сияқты негізгі ұғымдарды ашу қажеттілігін туындатады. Ғылыми әдебиеттерде осы ұғымдарға берілген көптеген пайымдаулар бар. Құзыреттілік тұғырдың негізгі ұғымдары «құзыреттілік» (компетентность) және «құзырлық» (компетенции) ұғымдары болып табылады. Құзыреттілік (лат. competens-тиісті, қабілетті) – кәсіби сауатты пікір, бағалау, пікір айтуға мүмкіндік беретін білім мен іскерлікті меңгеру.
Атап өтілгендей, құзыреттілік тұғыр білім беру практикасына МЖМБС-ны енгізу және жоғары кәсіби білім берудің екі деңгейлі жүйесіне көшу арқылы кәсіптік білім беруде басымдыққа ие болуда, қазіргі уақытта теориялық тұрғыда құзыреттілік тұғыр жеткілікті түрде толық әзірленген, алайда кәсіби білім беру практикасы оның көптеген қағидалары әлі де болса жете ескерілмегендігін көрсетеді [70].
Құзыреттілікке бағытталған білім беруге көшу нормативтері бекітілген Мемлекеттік жалпыға білім беру стандартында «Болон декларациясына сәйкес білім беру нәтижесіне құзыреттілік тұғыр айқындаушы болып табылады, бұл еңбек нарығында мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етуі тиіс».
Білім берудегі құзыреттілік тұғыр - білім алу, өзін-өзі анықтау (өзін-өзі басқару), өзін-өзі белсендіру, әлеуметтендіру және даралылықты дамыту мақсатына басым бағдарлауды көздейтін білім беру векторларын шамалайды. Бұл мақсатқа жетудің инструменталды құралдары ретінде жаңа метабіліммен қаруландырушы құзыреттілік, құзыреттілік және метасапа сияқты жаңа конструкторлар әрекет етеді.
Қазіргі күні құзыреттілік тұғырдың таралуының бірқатар алғышарттарын зерттеушілер шетелдік және қазақстандық білім беру теориясы мен практикасында ерекшеленіп отыр. Осы уақытқа дейін білім берудегі құзыреттілік тұғыр тиісті проблематиканың жарияланымдарының ұлғаюына қарамастан, жеткілікті зерттелмеген және теориялық тұрғыдан пысықталмаған күрделі және қарама-қайшылыққа толы тақырып болып тұр. Осыған байланысты құзыреттілік тұғырға қатысты негізгі ұғымдарының жалпы қабылданған анықтамаларының болмауы, оның бастапқы қалыптасу кезеңінің аяқталмауына байланысты осы тұғырдың дамуының толыққанды тарихи-педагогикалық талдауының мүмкін еместігі бізді қолда бар жұмыс анықтамаларын пайдалануға мәжбүр етеді. Сонымен қатар, әлемдік және отандық білім беру тәжірибесінде құзыреттілік (модульдік-құзыреттілік) тұғырдың дамуы аталған проблеманы теориялық пайымдаудан әлдеқашан ілгерілеп отыр.
Құзыреттілік білім беру («білім берудегі құзыреттілік тұғыр») – күрделі және қарама-қайшы тақырып. Ол қазіргі таңда тиісті проблематиканың жарияланымдарының ұлғаюына қарамастан жеткілікті зерттелмеген. Ұғымның өзі АҚШ-та көрнекті мұғалімдердің жұмыс тәжірибесін талдап, тұжырымдамалық негізді әзірлеудің көптеген әрекеттерінің нәтижесін зерттеу барысында пайда болды. Осылайша, құзыреттілік білім беру теориясы үздік тәжірибеден туындайтын практикаға негізделген.
Алайда, құзыреттілік тұғыр бұрынғысынша педагогикалық білім беруде біркелкі мағынада, ал оны өз жұмысының тәжірибесінде пайдаланғанымен, бірқатар педагогикалық білім беру мекемелері үлкен сақтықпен жүзеге асырады. ММПУ ректоры В.Л. Матросов мұның себептерін былайша белгілейді: «Соңғы уақытта педагогикалық білім берудегі ғылымилық пен іргелілікті құзыреттілік тұғырға ауыстыру туралы ұсыну жиі көрініс беріп жүр. Мен математик ретінде дәл анықтамалармен жұмыс істеуге үйренгем. Жақында Ресей Білім Академиясының төралқасында құзыреттілік тұғыр мәселесі талқыланды және әлі күнге дейін «құзыреттілік», «құзыреттілік тұғыр» ұғымдарының нақты анықтамалары жоқ екендігі атап өтілді. Практикалық дайындықты, іргелі білім берудің белгілі бір функцияларына қарсы қоюға болмайды. Тез өзгеретін әлеуметтік-мәдени орта жағдайында тек негізгі ғылыми дайындық қана педагогтың кәсіби ұтқырлығын қамтамасыз ете алады [71].
Аталған ғылыми алаңда кезінде ПМПУ-дің бірінші проректоры болған В.Л. Матросовтың оппоненті ретінде пікір айтушы РМПУ-нің бірінші проректоры В.А. Козырев: «...құзыреттілік тұғыр туралы айтатын кезде мұғалімді дайындау кезінде іргелі қағидатын жою туралы ешкім ойламайды. Құзыреттілік адамның іргелі білімі бар және әртүрлі кәсіби міндеттерді шешуде оларды тәжірибеде қолдана алатын кезде ғана көрініс береді. Кәсіби құзыреттіліктің тіліндегі мақсаттар мен нәтижелерді тұжырымдау маңыздылықпен ерекшеленеді, өйткені бүгінгі таңда біз академиялық дайындыққа, білімді бағалауға көбірек бағдар аламыз. Педагогикалық мамандық – бұл ең алдымен практикалық іс-әрекет», – деген автордың пікірі маман дайындаудың практикалық бағытына мән беретіндігін көрсетеді [72].
Қазіргі зерттеушілер шетелдік және қазақстандық білім беру теориясы мен практикасында құзыреттілік тұғырдың таралуының бірқатар алғышарттарын ерекшелеп отыр.
О.Е. Лебедев бойынша, білім берудегі құзыреттілік тұғыр – бұл «білім беру мақсаттарын анықтаудың, білім беру мазмұнын іріктеудің, білім беру процесін ұйымдастырудың және білім беру нәтижелерін бағалаудың жалпы қағидаттарының жиынтығы» [73].
Белгіленген ережелерге сүйене отырып, құзыреттілік тұғыр дәстүрлі практикалық бағыты бар педагогикалық білім беруде неғұрлым сұранысқа ие болып отырғандығын атап өтеміз. Бұл біз әзірлеген бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттіліктерін қалыптастыру моделінің тұжырымдамалық негізі ретінде осы тұғырды қолдануға мүмкіндік бере алады.
«Құзыреттілік» ұғымын оқыту практикасына енгізу А.В. Хуторский айтқандай, білім алушылар теориялық білім жинақтаумен қатар, нақты міндеттерді немесе проблемалық жағдайларды шешу кезінде оларды іске асыруда айтарлықтай қиындықтарды бастан кешіріп отырған мектеп үшін типтік проблеманы шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар адам өмірінің тым жиі өзгеріп отыратын жағдайларына бейімделу қажеттілігінен пайда болатын, жаңа экономиканың және адам ресурстарына жаңа тұғырдың нәтижесі болып табылады [74].
Е.И. Огаревтің пікірінше, құзыреттілік – бағалау санаты, ол жеке тұлғаны мамандандырылған іс-әрекеттің субъектісі ретінде сипаттайды. Қабілеттіліктің дамытылуы білікті жұмысты орындауға, проблемалық жағдайларда жауапты шешімдер қабылдауға, қойылған мақсаттарға ұтымды сонымен бірге табысты қол жеткізуге әкелетін іс-әрекеттерді жоспарлауға және жетілдіруге мүмкіндік береді [75].
В. А. Сластениннің [76], А. М. Новиковтың [77], Н. В. Кузьминаның [78], С.Н. Чистякованың [79] пікірінше маманның «құзыреттілігі» – бұл қандай да бір саладағы табысты іс-әрекетті жүзеге асыру үшін қажетті жеке тұлғаның қабілеттері, сапалары мен қасиеттерінің жиынтығы.
Э.Ф. Зеер «жалпыланған, әмбебап білімдерге қарағанда құзыреттілік пәрменді, практикалық-бағдарлы сипатқа ие» болатын ерекше белгілеріне назар аударады. Ғалымның түйіндеуінше, олар теориялық және қолданбалы білім жүйесімен қатар когнитивті және операциялық-технологиялық құрамдастарды да қамтиды. Яғни құзыреттілік-іс-әрекеттегі білім жиынтығы, жүйесі [80].
И.А. Зимняя құзыреттілік деп тұлғаның қасиеттерінің интегративті сипаттамасын, белгілі бір салаларда (құзыреттер) іс-әрекетті орындау үшін жоғары оқу орнын бітірушінің дайындық нәтижесі ретінде түсінеді. Құзыреттілік-бұл жағдаяттық санат, өйткені нақты кәсіби (проблемалық) жағдайларда қандай да бір іс-әрекетті жүзеге асыруға дайындықтан көрінетіндігіне мән бере отырып, құндылық-мағыналық, жобалау, азаматтық, интеграциялық, іс-әрекет, ақпараттық-технологиялық, өзін-өзі жетілдіру, өзін-өзі дамыту, өзін-өзі реттеу, қарым-қатынас, әлеуметтік өзара іс-қимыл сияқты құзырларды бөліп көрсетеді. Сондай-ақ адам қызметіне қатысты танымдық іс-әрекет құзыреттіліктеріне (танымдық есептер, проблемалық жағдайлар, өнімді әрі репродуктивті таным, зияткерлік қызмет, зерттеу) және іс-әрекет құзыреттіліктеріне (ойын, оқу, еңбек, болжау, жобалау, жоспарлау, моделдеу, зерттеу қызметі, әртүрлі іс-әрекет түрлерінен хабардар болу) сипаттама береді [81, с. 33].
В.В. Мозолин бойынша, құзыреттілік ұғымын күрделі, көп қырлы және көпаспектілі ретінде жинақтай отырып, оған барынша толық сипаттама береді. Құзыреттілік білім берудің зияткерлік және дағдылы құраушыларын біріктіреді. Құзыреттілік ұғымына когнитивті және операциялық-технологиялық құрамдастар ғана емес, сонымен қатар мотивациялық, этикалық, әлеуметтік және мінез-құлықтық құрамдастар да кіреді. Ол білім, білік және дағды, құндылықтық бағдарлар жүйесін, оқыту нәтижелерін қамтиды. Құзыреттілік нақты іс-әрекет түрі жағдайында алған білімін, іскерлігін, тәжірибесін және жүріс-тұрыс тәсілдерін жұмылдыру қабілетін білдіреді. Құзыреттілік ұғымына «нәтижеден» (бастапқы стандарттан) қалыптасатын білім беру мазмұнын интерпретациялану идеологиясын құрайды. Құзыреттілік білім беру мекемесінде ғана емес, сонымен қатар қоршаған ортаның әсерінен де, яғни формальды және формальды емес білім беру шеңберінде де қалыптасады [82].
Құзыреттілік тұғырдың негізгі тірек ұғымдарының әр түрлі қырларын сипаттай отырып, Ресей және шетелдік ғалымдар келесі пайымдауларды жасайды:
– құзыреттілік – белгілі бір әлеуметтік – кәсіби мәртебедегі адамдардың білімі, іскерлігі мен тәжірибесінің өздері орындайтын міндеттер мен шешілетін мәселелердің нақты күрделілік деңгейіне сәйкес келу өлшемі;
– құзыреттілік нақты экономикалық тиімділікке (кәсіби іс-әрекеттің нәтижесі) қол жеткізу қабілетін қамтамасыз ететін қызметкердің жеке қасиеттерін қамтиды;
– «құзыреттілік» термині маманның тек қана кәсіби білімі мен іскерлігін сипаттайтын оған жақын «біліктілік» терминінен ерекшеленеді;
– «құзыреттілік – бұл маманның кәсіби сауатты пайымдауларын, бағалаулары мен пікірлерін айтуға мүмкіндік беретін білімді, іскерлікті және дағдыларды игеруі»;
– құзыреттілік - білім мен білімділікті іс-әрекеттермен байланыстырушы, яғни нақты жағдайдағы икемділікті жұмылдыра алатын білім алудың ерекше нәтижесі;
– құзыреттілік іс-әрекеттің субъективті жаңа формаларын, түрлерін, функцияларын меңгеруде (иеленуде) көрініс табады;
– құзыреттілік – бұл мамандарға жаңа технологиялар мен рөлдерді меңгеру және алгоритмденбеген іс-әрекеттерді орындау және осыған байланысты олар қоғамда қарқынды дамып келе жатқан технологияларды меңгеру қажеттігінен туындайтын білім беру нәтижесі ретінде белгісіздік жағдайында әрекет ету қабілеті болып табылады.
Демек, И.В. Гандрабураның пікіріне сәйкес құзыреттілік, бір жағынан, заманауи маман тұлғасының сапалы интеративті сипаттамасы, яғни «істі білуімен» сипатталатын қызметіне қабілеттілік, екінші жағынан – білім мазмұнымен, оның әдіснамалық және педагогикалық жобалаумен қол жеткізуі жоспарланатын мақсат [83].
Ғалымдардың пікірі бойынша құзыретті маманның білікті маманнан айырмашылығы, алғашқылардың белгілі бір білім, білік, дағды деңгейі ғана емес, оларды жұмыста жүзеге асырудағы қабілеттілігінде. Құзыреттілік индивидтің өзінің кәсіби қызметін сапалы жүзеге асыруға ішкі мотивациясының, кәсіби құндылықтардың болуын және өз кәсібіне құндылық ретінде көзқарасын болжайды. Құзыретті маман өз мамандығының пәнінен тыс шығуға қабілетті, ол өзін-өзі дамытудың шығармашылық әлеуетіне ие. Демек, құзыреттілік-осы қоғамдастық үшін маңызды міндеттердің белгілі бір шеңберін шешуге бағытталған іс-әрекеттердің тиімділігін бағалау нәтижесінде берілетін жеке мінездеме [84].
Құзыреттілікті тиісті құзыреттер жинағын меңгерудің белгілі бір деңгейін куәландыратын тұлғаның субъектілік сипаттамасы ретінде қарастыратын ғалымдар (С.Я. Батышев [85], Б.С. Гершунский [86], Э.Ф. Зеер [80], И.А. Зимняя [81], А.К. Маркова [87], Л.М. Митина [88] және т.б. болды.
Біздің зерттеуіміздің контекстінде Э.К. Хеннердің шет елдердің, ең алдымен Еуропалық Одақ мемлекеттерінің тәжірибесіне ден қойған еңбектеріне жүгіну орынды деп ойлаймыз. Өйткені олардың жоғары білімге деген құзыретті-бағыттылық көзқарасы қазақстандық білім беру реформаларының бастамасы ретінде қабылданды.
Э.К. Хеннер Еуропалық Одақтағы жоғары білімге деген құзыреттілікке негізделген тәсілдің эволюциясын екі кезеңге бөлуге болады деп есептейді: талқыланатын мәселенің қазіргі жағдайына шешуші үлес қосқан Tuning жобасы басталғанға дейін және оның жетілген кезеңі [89]. «Tuning of educational structures» (Білім беру құрылымдарын баптау) – 2000 жылы басталған еуропалық жоғары білім беру жүйесін реформалау аясындағы ең ірі еуропалық жоба. Біздің зерттеу тақырыбымызға сәйкес ХХ ғасырдың 90-шы жылдары жазған ғылыми және білім беру қоғамында екі түрлі идеялар болды:
– «құзыреттілік» ұғымы («competence»), іс-әрекет сипаты ретінде (“competency” қарағанда - тұлға сипаттамалары) білім, білік және дағдылар олардың құрамдас элементтері кіргізеді;
– құзыреттілік - бұл, ең алдымен кәсіби немесе өмірлік жағдайлардағы тиімді және табысты іс-әрекет критерийлерімен байланысты мінез-құлық сипаттамасы.
Сондай-ақ, «құзыреттілік» ұғымын біліммен және табысты кәсіби қызметпен байланыстыратын және белгілі бір саладағы білімдер тобы ұғымын, кәсіби іс-әрекеттің маңызды бөлігіне әсер ететін дағдылар мен көзқарастар ретінде түсіндіретін тәсіл.
Tuning жобасы бойынша құжаттар мен жарияланымдарды талдау негізінде А. Demchuk, Y. Karavaeva, Y. Kovtun, S. Rodionova еңбектерінде атап өткендей, «Еуропалық білім беру тәжірибесінде соңғы жылдары құзыреттілік - категория деген пікірлер айтылуда, бұл түсінік жұмыс берушіге және оқуды бітіргеннен кейін тікелей жұмыс орнындағы түлектің кәсіби қызметін сипаттайды. Білім беру бағдарламаларын меңгеру барысында мұғалім құзыреттіліктерді қалыптастырумен емес, оқу жоспарының жекелеген компоненттері бойынша оқытудың нақты нәтижелеріне қол жеткізуді жоспарлау және бақылау мәселелерімен айналысады» [90].
Орыс тілі сөздіктеріндегі құзыр ұғымы (лат. competere-сәйкес келу, жақындау; қол жеткізу) 1) қандай да бір тұлғаның, органның өкілеттілік шеңбері; 2) осы адамның білімі, тәжірибесі жеткілікті мәселелер шеңбері» мағанасында ашылады. Ал «құзыретті» деген ұғым қандай да бір салада қомақты білімі бар, білетін және екінші мағынасы - құзыреттіліктерге ие (лат. copetens, competentis-сәйкес келетін, қабілетті). Құзыр «кімде-кім жақсы хабардар мәселелер саласы», ал құзыреттілік «құзыреттіліктің мәнін анықтаушы қасиет» [91].
Қазіргі ресейлік педагогикадағы құзырлардың неғұрлым кең және қолданылатын анықтамаларын келесі жолдарда бердік.
– оқытудың нәтижесінде сапалы өнімді іс-әрекет етует үшін қажетті білім, білік, дағды және қызмет тәсілдерінің жиынтығы (А.В. Хуторский);
– кәсіби және әлеуметтік талаптарға, сондай-ақ күтілетін жеке талаптарға сәйкес қызметті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тұлғаның қасиеттерінің интеграцияланған сипаттамасы (И.А. Зимняя);
– белгілі бір сатыда білім алуды аяқтаған, оның негізінде оның әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, табысты (нәтижелі) және тиімді іс-әрекетке дайындығында (қабілеттілігінде) көрінетін адамның сапасы (Ю.Г. Татур);
– оқыту процесінде немесе аяқталғаннан кейін нақты ықтимал жағдайларда қандай да бір қызметті жүзеге асыруға дайындықта байқалатын білім алушыларды даярлаудың интегралды сипаттамалары (В.И. Звонников).
Жүргізілетін зерттеу контексінде «құзыреттілік» және «құзырлық» сияқты екі ұғымының аражігін ажырату қажет. Құзыреттіліктер ұғымын анықтаудың қиындығы, өзгелерден басқа, атап айтқанда семантикада. Жалпы сипатқа ие құзыреттілік ұғымының символдық мәні туралы нұсқалары өте көп және салыстырмалы болып келеді. Мәселен, «құзыреттілік» (лат. кең мағынада білім, тәжірибе, қандай да бір салада хабардарлық, белгілі бір органның немесе лауазымды тұлғаның өкілеттік шеңбері ретінде түсініледі. «Құзырлық» (лат. competentis қабілетті)-құзыреттілікке, яғни белгілі бір мәселелерді шешуде қандай да бір нәрсе туралы айтуға немесе өкілеттілікке ие болуға мүмкіндік беретін білімге, тәжірибеге ие болуды көрсетеді.
Құзыреттіліктер, И.А. Зимняя бойынша, қайсыбір ішкі, әлеуетті, жасырын психологиялық жаңа түзілімдер (білім, түсінік, іс-әрекеттер жоспарлары (алгоритмдерді), құндылықтар мен қатынастар жүйесі) ретінде адамның құзыреттілігінде анықталады [81, с. 30].
С.Е. Шишовтың пікірінше: Құзырлық - маманның кәсіби қызметінде өз білімін, іскерлігін жұмылдыруға жалпы қабілеті, сондай-ақ іс-әрекеттерді орындаудың жалпылама тәсілдері. Маман өз құзыреттіліктерін нақты жағдайда, қызметте ғана көрсетеді [92].
А.В. Хуторский құзырлық ретінде өнімді қызмет үшін қажетті процестер мен заттардың белгілі бір шеңберіне жауап беретін жеке тұлғаның (білім, білік, дағды, қызмет тәсілдері) өзара байланысты қасиеттерінің жиынтығы деп түсіндіреді. А.В. Хуторский бойынша құзыреттіліктерді қалыптастыру білім беру мазмұнының құралдарымен жүзеге асады, бұл білім алуда нақты проблемаларды қарапайым өмірде шешу қабілеті мен мүмкіндігін дамытады және құндылық-мағыналық, жалпы мәдени, тұлғалық, коммуникативтік, оқу-танымдық, ақпараттық, әлеуметтік-еңбектік сияқты кілттік құзыреттіліктерді ерекшелейді [74, с. 58].
Болашақ бастауыш сынып мұғалімдерін дайындауда кәсіби құзыреттілікті зерттеу аса қызығушылық тудырады.
Маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға педагогтік мәселе ретінде зерттеушілер негізінен ХХ ғасырдың 80-90-ші жылдары жүгіне бастады. Белгілі ғалымдар педагогтің кәсіби құзыреттілігін зерттеумен ХХ ғасырдың 90-шы жылдарда белсенді айналысқанына қарамастан (Г.Н. Стайнов [93], Б.С. Гершунский [86], С.М. Вишнякова [94], А.А. Деркач [95], Е.Н. Герасименко [96], Ю.В. Койнова [97], К.А. Киричек [98] және т.б.) кәсіби білім беруден туындай келе түрліше түсіндіреді. Біздің зерттеуіміздің контекстінде «кәсіби құзыреттілік» ұғымын алдымен жалпы түсінік ретінде, содан кейін кәсіби-педагогикалық қызмет тұрғысынан, яғни кәсіби-педагогикалық құзыреттілік тұрғысынан қарастыру орынды деп санаймыз. Зерттеушілердің еңбектерінде кәсіби құзыреттілік әртүрлі ұстанымдар тұрғысынан қарастырылады:
1) сапа, білік жүйесі (Т.Г. Браже [99], Н. И. Запрудский [100] және т.б.);
2) білім мен дағдылар жүйесін, типтік тапсырмалардың шешімін табудың жалпыланған амалдарын қосып алғандағы маманның жеке тұлғалық интегративті сапа-қасиеті (Э.Ф. Зеер);
3) қалыптасқан тұлғалық сапа (И.А. Зимняя, А.В. Хуторский);
4) танымдық және практикалық қызметтің теориялық құралдарымен сипатталатын тұлғаның білімділігі мен жалпы мәдениетінің деңгейі (Б.С. Гершунский, А.Д. Щекатунова және т.б.);
5) адамның дербес жауапты әрекет ете алуына мүмкіндік беретін психикалық ерекшеліктер, адам еңбегінің нәтижесінен тұратын белгілі бір еңбек функцияларын орындау қабілетінің болуы (А.К. Маркова);
6) білім, білік және дағдылардың, сондай-ақ кәсіби іс-әрекетті орындау тәсілдерінің үйлесімділігі (Л.М. Митина) [88];
7) кәсіби-лауазымдық талаптарды белгілі бір деңгейде жүзеге асыру қабілеті (С.Г. Молчанов) [101];
8) маманның жеке басының жай-күйі мен қасиеттерінің ішкі психикалық күрделі жеке жүйесі, кәсіби қызметті жүзеге асыруға дайын болу және осы әрекет үшін қажетті іс-қимыл жасау қабілеті (Ю.В. Варданян) [102];
9) оқытудың арқасында алынған білім мен тәжірибеге негізделген тұлғаның оқу-танымдық үдеріске өз бетімен қатысуына бағытталған және оны еңбек қызметіне табысты енгізуге бағытталған жалпы қабілеті мен қызметке дайындығы (С.Е. Шишов) [92, с. 30].
Диссертациялық зерттеулер мен педагогикалық әдебиеттерді талдауда зерттеушілер негізінен кәсіби құзыреттілік кәсіби қызметтің қандай да бір саласында білімді, іскерлікті және дағдыларды игеру дәрежесін, сондай-ақ қоғамда тиімді әрекет ету іскерлігін, сонымен қатар жеке қасиеттерінің жиынтығын көрсететін қызметкердің (маманның) жеке тұлғасының интегралдық сипаттамасы ретінде пайымдайтыны анықталды. Кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың негізгі көздері оқыту және субъективті тәжірибе болып табылады. Кәсіби құзыреттілік тұлғаның әр түрлі қасиеттеріне байланысты және барлық жаңа білім мен іскерлікті жетілдіруге, игеруге, қызметті байытуға тұрақты ұмтылысымен сипатталады. Мамандардың өз біліктілігін үнемі арттыруға, кәсіби дамуға дайындық құзыреттіліктің психологиялық негізі болып табылады.
Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру қандай да бір стандартты болжай алу мен стандарттың белгілі бір деңгейіне қол жеткізуді білдіретін процесс. Кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру-кәсіпқойлықты басқарылатын процесі, яғни бұл маманның өздігінен білім алуы [103].
Маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру процесі күрделі және қарама-қайшы. Бірқатар тиісті ғылыми жұмыстардың жарық көргендігіне қарамастан (Т.Г. Браже, Э.Ф. Зеер, Е.А. Климов [104], А.К. Маркова, Л.М. Митина, Е.М. Павлютенков [105] және т.б.) осы мәселе бойынша осы уақытқа дейін біркелкі пікірлер жоқ. Мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруға тұғырды іздеуде қазіргі уақытта көптеген зерттеушілер (С.А. Беличева [106], В.Г. Бочарова [107], А.А. Вербицкий [108], Ю.М. Жуков [109], И.А. Зимняя, Н.Б. Шмелев [110] және басқалар) үлес қосты. Алайда, маманның кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың педагогикалық негіздеріне, біздің ойымызша, әлі де жеткіліксіз көңіл бөлінуде. Бұл көбінесе «құзыреттілік» ұғымына кәсіби, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық және басқа да сипаттамаларды біріктіретін күрделі, ауқымды мазмұнды қарастыратындықтарына көз жеткізеді.
«Кәсіби құзыреттілік» санатына Б.С. Гершунский тәжірибе мен жеке қабілеттерді, жеке кәсіби білім деңгейін, өздігінен білім алуын жетілдіру мен дайындығын, іске деген жауаптылық пен шығармашылықтағы көзқарастарын жатқызады [86, с. 43].
С.М. Вишнякова біліктілігін анықтайтын кәсіби білім мен іскерлікпен қатар, құзыреттілік ұғымына коммуникативтік қабілеттерді, бастамашылықты, қисынды ойлауды, ақпаратты алу және қайта өңдеу сияқты қасиеттерді жатқызады. Ғалымның пайымдауынша, құзыреттілік табысты кәсіби қызмет үшін қажетті білімі, шеберлігі мен жеке қасиеттерін қамтитын, еңбек субъектісінің интегративті сипаттамасы ретінде әрекет етеді, ал кәсіби құзыреттілігін белгілі бір кәсіп, мамандық контексінде қарастыру қажет [94, с. 132].
Ғылыми әдебиеттерді талдау кәсіби құзыреттілікті қалыптастырудың теориялық және практикалық аспектілерін Т.А. Матвеева [111], Б.Т. Кенжебеков [112], Н.В. Мираза, С.И. Ферхо [113], К.О. Оразбаева [114] Б.А. Тұрғамбаева [115], Г.А. Колесникова [116], (болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігі), студенттердің (Ж.Ж. Тұрсынова [117], М.К. Джандильдина [118]), Г.Ж. Меңлібекова [119], Б.Т. Барсай [120], Б.Ж. Нұрбекова, (кәсіби біліктілікті жоғарылату және қашықтан оқыту, қосымша білім бер жүйесінде) және т.б. ғалымдар зерттеген.
Б.Т. Кенжебековтің «Жоғары оқу орны жүйесінде болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыру» атты диссертациялық жұмысында В.А. Сластениннің дидаскологиялық ғылыми мектебінің теориялық идеяларына сүйене отырып, жоғары білімді кәсіби құзыретті маманның қалыптасуы жөнінде «кәсіби құзыреттілікке жеке тұлғаның кәсіби қызметін жүзеге асыруға деген теориялық жене практикалық даярлықтарының бірлігі ретінде қарау маманның кәсіпқойлығына сипаттама беруге мүмкіндік жасайды; кәсіби міндеттерді шешуде кәсіби құзыреттілікті ic-әрекеттің нәтижелерін мөлшерімен бағалау, бұл құбылыстың (құзыреттілігінің) көпдеңгейлі белгілеріне сипаттама беруге жол салады; кәсіби білім беру үдерісінде кәсіби ic-әрекетті моделдеуші, имитациялаушы немесе нақты алуан түрлі міндеттерді орындау жолымен кәсіби іскерліктерін қалыптастыруға бағдар ұстау болашақ маманның кәсіби құзыреттілігін жоғарғы оқу орнында қалыптастырып, дамытуға болатынын көрсетеді»,-деген тұжырым жасайды. Б.Т. Кенжебеков кәсіби құзыреттілік құрамына субъектік, нысандық және пәндік компоненттерді кіргізеді. Автордың анықтауынша субъектілік компонент болашақ маманның мақсатта болушылық және дамытушылық негізде өзіндік диагностиканы, өзіндік өзгерулерді, өзіндік бағалауды жене өзіндік талдауды, сонымен қатар кәсіби ic-әрекеттегі диагностиканы, өзгерісті, бағалауды жене талдауды іске асыру шеберлгі ретінде маманның өзіндік сапасын сипаттайды; нысандық компонент кәсіби ic-әрекет жүйесінің және оның әрекеттеріндегі міндеттерден нәтижеге дейін жасалу қозғалыстарының барлық кезеңдерін қамтамасыз етуді маманмен жасалу үдерісін сипаттайды; пәндік компонент топ адамдардан, олардан алынатын кәсіби көмек пен қызмет көрсетуде немесе гуманитарлық-маман мен адамның қызметінде бірлесе бөлісу табыстарды құрайды [112, б. 35.].
Б.Т. Барсайдың бастауыш сыныптың болашақ мұғалімдерін дайындауда кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастыру жүйесін құрудың теориялық негіздері, тұлғалық - бағдарлы білім беру теориясы болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың басты бағдары ретінде, педагогикалық үдеріс теориясы - болашақ мұғалімнің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың объектісі ретінде, іс-әрекет теориясы болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың әдіснамалық тұғыры ретінде және пәндердің интеграциясы туралы теориялар - болашақ бастауыш сынып мұғалімінің кәсіби-дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың негізі ретінде тұжырымдайды. Зерттеуші «Болашақ бастауыш сынып мұғалімінің дидактикалық құзыреттілігі - оның бастауышта оқытылатын барлық пәннің ғылыми негіздерін, мазмұнын, оларды оқытудың ортақ және кейбір пәндердің жеке ерекшелігіне байланысты әдістемелерін, оқытуда қолданылатын технологияларды толық меңгеруімен, сабақ үдерісінде дидактикалық талаптарды (оқытудың ұстанымдары мен заңдылықтарын, оқыту формаларын, құралдарын, нәтижені бағалау әдістерін т.б.) жүзеге асыруға қажетті білім, білік, қабілет, дағдысы және тәжірибесінің болуымен анықталатын кәсіби сапасы», - деп анықтама бере келе, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби - дидактикалық құзыреттілігін қалыптастырудың нақты құрылымын анықтайды [120, б. 25].
Біздің зерттеуіміз үшін маңызы зор аталған құрылымның компоненттерінің алынған өлшемдерінің, яғни әдіснамалық теориялық, әдістемелік, технологиялық компоненттердің болашақ мұғалімнің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыруда шешуші рөл атқарады.
Алайда, біздің пікірімізше Б.Т. Барсай технологиялық компененттің мазмұнында тек қана ақпараттық, компьютерлік технологияларды қарастырады, ал жобалау әдісіне мән бермегендігі байқалады. Біз кәсіби құзыреттіліктің мәні мен мазмұнына берілген түсіндірмелерді зерттеуде шетелдік және ресейлік ғалымдардың еңбектерініне байланысты тақырыбымызды талдадық. Сонымен бірге, отандық зерттеушілердің кейбір пікірлеріне тоқталдық. Дегенмен де бұл мәселе бойынша Ресей және Қазақстанда көптеген ғалымдардың еңбектері бар екендігін атап өте отырып, аталған бұл ұғымның өз еліміздің ғалым-зерттеушілерінің еңбектерінде зерделенуін қосымшада көрсетуді жөн деп санаймыз. (Қосымша Ә).
Біздің пікірімізше, болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби құзыреттілігінің құрылымдық компоненті болып табылатын, олардың арнайы құзырларын қалыптастыру мәселелері жете қарастыруды қажет етеді. Өкінішке орай, болашақ мамандардың, әсіресе болашақ бастауыш сынып мұғалімдерінің арнайы құзыреттіліктерін қалыптастыру бағытында да зерттеу жұмыстары мардымсыз.
Педагогтың кәсіби құзыреттілігін зерттеуге арналған бірқатар жұмыстарда әлеуметтік, аутокомпетенттілік, экстремалды кәсіби құзыреттіліктермен қатар өз кәсіби қызметін жоғары деңгейде меңгеру, өзінің әрі қарай кәсіби дамуын жобалау қабілеті (С.Б. Елканов [121], Э.Ф. Зеер, А.К. Маркова, В.Г. Пищулин [122] және т.б.) болып табылатын арнайы құзыреттілікті бөліп көрсетіледі.
Кәсіби құзыреттілігінің бөлінген түрлерінің осындай әр түрлілігіне қарамастан, авторлардың ешқайсысы оларды жіктеуге болатын жалпылама өлшемнің негізін ұсынбайды. Жоғарыда баяндалғанның негізінде мынадай қағидаттық ұстанымдар негізінде кәсіби құзыреттілік (компетентность) қандай да бір кәсіби қызмет тәжірибесінде өзектендірілген құзыреттіліктерден (компетенции) құралады деп тұжырымдауымызға негіз бар.
Қазіргі таңда, жаңа шетелдік жұмыстарда арнайы құзыреттілікті түсінігі үнемі дамып, жетілдіріліп отырады, мысалы L.F. Gómez-Rodríguez кәсіби іс-әрекетті жоғары деңгейде орындауға байланысты білім, білік, дағды немесе сипаттамаларды арнайы құзыреттілікке жатқызады [123]. I. Walker бұл проблемаларды шешу, аналитикалық ойлау немесе көшбасшылық потенциалының («... белгілі бір саладағы білімдер тобы, кәсіби іс-әрекеттің (рөлдер немесе жауапкершілік салалары) маңызды бөлігіне әсер ететін дағдылар мен көзқарастар тобы» деп санайды [124]. Oliver McGarr өзінің зерттеуінде «... арнайы құзыреттілік дегеніміз - бұл жағдайды (тіпті күтпеген жағдайды) басқаруға қабілеттілік» деп атап көрсетеді [125].


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   48




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет