Қазақ акср-і құрамындағы Қарақалпақ Автономиялық облысының қалыптасу тарихы



бет2/3
Дата11.06.2016
өлшемі434.96 Kb.
#128693
түріДиссертация
1   2   3

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Кіріспе бөлімінде тақырыптың өзектілігі негізделіп, мәселенің зерттелу деңгейі сипатталады. Сонымен қатар, зерттеудің теориялық-методологиялық негізі, мақсат-міндеттері, деректік негізі, хронологиялық шеңбері, ғылыми жаңалығы мен қолданыс аясы айқындалған.
«Қазақ АКСР-і құрамында Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуы» атты бірінші тарауда қазақ-қарақалпақ қатынасының тарихи негізіндегі Қазақ АКСР-і құрамында Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуы мен аумақтағы ұлттық межелеу шаралары және әлеуметтік-экономикалық жағдайының анықтамасы жасалынады.
Әлеуметтік өмірде қазақ халқының тарихымен, салт-дәстүрімен тығыз байланыс орнатқан қарақалпақ халқының оған қатысты тағдырының түзілімі әртүрлі. Тарихи-рухани сабақтастық екі елдің қоғамдық дамуындағы үндестік үрдісінде жатыр. Ол қазақ тарихының белесті кезеңдерінен көрініс тауып, белгілі жәйттерден сипат алады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Н. Назарбаевтың 2005 жылғы дәстүрлі халыққа Жолдауындағы Орталық Азия елдері Одағын құру идеясын саралай отырып, оның мазмұнынан бұл аймақты мекен ететін мемлекеттер арасындағы жан-жақты интеграциялық нысаналар қалыптастырудың бірқатар тарихи негізін заңды құбылыс ретінде қабылдауға болады. Аймақтық Одақ құру ұсынысы, бүгінгі халықаралық қатынас тарихында маңызды рөл атқаруымен қатар, ынтымақтастық келісім негізінде белсенді саясат жүргізіп отырған жағрапиясы мен тегі жағынан жақын елдер тәжірибесі көрсеткендей, тарихи құбылыс ретінде сұранысқа ие. Осы бағытта Орталық Азия елдерінің тарихи түркі тектік негізгі бірлігінің бүгінгі мүдделігін жүзеге асыруды, уақыт талабымен қарай отырып, оны «біздің экономикалық мүдделеріміз де, мәдени-тарихи тамырымыз да, тіліміз, дініміз де, экологиялық проблемаларымыз да, керек десеңіз сыртқы қатерлеріміз де ортақ», - делінетін Елбасы Жолдауын қарастыру негізді сияқты [1, 44-45-бб.].
Түркі тектес халықтар бірлігін арман етіп, кезінде олардың тұтастығын көздейтін мемлекеттік құру идеясын жасап кеткен ұлт зиялысы, Мұстафа Шоқай өзінің 1936 жылғы Берлин қаласында Түркістан жастарына арнаған сөзінде: «бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан hәм Тәжікстан деп, жат үкімет күшін алты жұмхұриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айырылмас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір. Түркістанның мақсаты - өзінің құрылысы – міллет үкіметін құрып, сәрвәз боп, өз алдына бір үкімет болып тұру...» деп, өз мүддесінің бағыт-бағдарына жетелейтін ой білдіреді [2, 64-б.]. Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде Түркістан – Ресей империясының генерал-губернаторлығы ретінде 1857 жылы құрылғаны белгілі. Ресей отарлағанға дейін Түркістан өзбек, қазақ, тәжік, қырғыз, түркімен және қарақалпақ халықтары мекен еткен өлке еді.
Қарақалпақ Автономиясының большевиктік билік тұсындағы тарихы өте күрделі де шытырман беттерге толы. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өлкеде мазасыз саяси ақуал қалыптасады. Патша тақтан құлаған соң Түркістанда саяси және мәдени дербестікті көздеген ұлттық қозғалыстар етек алады. Халықтың көпшілік бөлігінен қолдау тапқан, кеңестік билікке қарсы құрылған мұндай қозғалыстарды, осы өлкеде құрылған «Шуран-Исламия», «Алашорда» және «Шура-И-Улама», «Турк адам», «Марказияти» сияқты саяси ұйымдар басқарады. Коммунистік жүйеге оппозициялық ұстанымда күрес жүргізген саяси ұйымдар Түркістанның тарихи дамуына қатысты өз ұстанымдарында табанды болды. Орта Азиялық аймақтың ауқымды бөліктері өршінген қарулы қақтығыстар майданына айналуын жалғастырып бақты. Бұл ұйымдар мұсылман халықтарының бірлескен, тәуелсіз мемлекеттік бірлікте дамуы, олардың негізгі ынтымағы бағытын ұстанады. Қарақалпақ жерінде де аймақтың «большевиктендірілуі» саясатына қарсы шаралар өзінің сипатын өздігінше тауып жатты. Хорезм озаисіндегі ұлт-азаттық қозғалыстарына жетекшілік еткен Құрбан Мамет (Жунайт хан), Убайдулла Бахаведдинов (Мақсұм хан), Құтлымұрат би (Бала би) мен өзге де бастаушыларға халықтың еруі, Түркістан өлкесіндегі мұсылман депутаттардың жалпы ұлттық «Иттифак», «Шура-Исламия», секілді саяси ұйымдарының жұмысына да үн қатуына қарамастан, сонымен бірге қарақалпақ ұлттық зиялыларының және діни мұсылман өкілдерінің қоғамдық өзгерістерге белсене араласпаса да назардан тыс қалдырмауларының өзі де, олардың әлі де болса талай жылғы өзге билеушіге телміріп, өз тағдырына бел шешіп кірісе алмаудағы жалтақтықты сипаттайтын.
Осы орайда, 1922 жылы Хорезм Кеңестік Халық Республикасы құрамында да Қазақ-Қарақалпақ Автономиялық облысын құру туралы мәселе көтеріле бастайды да, нәтижесінде Хорезм Республикасының Орталық Атқару Комитеті өз аумағында Қазақ-қарақалпақ бөлімінің (төрағасы – Таған Абдуллаев, кейіндері Сейілхан Сарсенбаев болған) құрылғандығын ескерген жөн. Сол жағалаудағы қарақалпақтардың оң жағалаудағылармен бірігуіне мүмкіндік жасаудың мүддесінен туған Қазақ-қарақалпақ бөлімін облыстық басқарма құқығына ие болып, қазақтар мен қарақалпақтардың мүддесі Хорезм заңдары келісімінде қорғалады. 1924 жылдың мамырында ХКСР Кеңестері Орталық Атқару Комитеті Хорезм КСР-нің құрамында Түркімен Автономиялық және сол аумақтағы тұрғындардан Қырғыз (Қазақ)-Қарақалпақ Автономиялық облысын құруға шешім қабылдайды. Алайда, мұндағы экономикалық-әлеуметтік, саяси жаңарудағы ұлттық мүдделер жоғарғы билік сатысындағылардың ұлттық мемлекеттік межелену мәселесін туындатуымен қабаттасып, кедергіге ұшырайды.
1924 жылдың 16 тамызында Орта Азиялық республикаларды ұлттық-аумақтық межелеу науқаны тудырған Одақтың ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясында «аз ұлттар жөнінде (қырғыздар және қарақалпақтар)» мәселе қаралады. Қарақалпақтардың ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясы шаралары барысындағы тағдырына өзінің азаматтық жауапкершілігін танытқан сол кездегі саяси өкілдерінің бірі А.К. Досназаров РК(б)П Орталық Комитетінің Ортаазиаттық бюросына «қарақалпақ халқына өз тағдырын ары қарайғы түзуге еріктілік беру» туралы мәселені көтеріп ресми хат жазады. Оның мазмұнында Кеңестік үкімет орнағанға дейінгі кезеңде Орталық Азия халықтарының ішінде ауырпалықтың ең ауыр салмағын басынан кешкен қарақалпақтар болғандығы айтылады.
Қарақалпақ ұлтының азшылығына байланысты құрылған ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясының құрамына Хорезм жағынан К. Сағадуллаев, Сұлтан-Қары Жұманиязовтар, ал Амудария облысы тарапынан А. Досназаров, О. Ирманов және Ф. Калугин сынды коммунистер кіреді. Комиссия жұмысы бір апта мерзімінде қорытындыланып, Ф.Я. Калугиннің жетекшілігімен осы мерзімде Ташкентте қайтадан бас қосуы тиістіленді. Ертеңінде, яғни 17 тамыз күні Орталық Азия республикаларын межелеу бойынша ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясының отырысы өтеді. Отырысқа ұсыныс жасаған А. Досназаров Қарақалпақ облысының аумақтарына қатысты мәселені ашық қалдыруды сұрайды. Өйткені, Хорезм республикасының Хорезм облысына қатысты бөліктері мен Түркімендермен шекаралас бөліктерінде шекара дауы бар болатын. Ал, қазақтармен шекара мәселесі туындамаған. А. Досназаровтың қарақалпақтарға болашақ Қарақалпақ Автономиялық облысының шекара жоспарын нақты даярлау мүмкіндігін беру ұлттық-межелеу комиссиясы тарапынан мақұлданып, құпталады. Оларға Хорезм мен Түркіменстан облыстарының аралығындағы шекараларға сәйкес сонымен қатар, Қарақалпақ Автономиялық облысының өзбек тұрғындарымен іргелесу шекараларын жобалау тапсырылады. 1924 жылдың 19 тамызында Ф.Я. Калугиннің төрағалық етуімен Қарақалпақ мәселесіне қатысты бірінші ұйымдық отырыс өткізіледі. Отырысқа Қарақалпақиядан А. Досназаров, Хорезмнен Сұлтан-Қари Жұманиязов қатысады. А. Досназаров Қарақалпақ облысына еріктілік беру жөніндегі баяндамасын жасайды. А. Досназаровтың баяндамасының негізінде отырыс мынадай қаулы қабылдайды: «Әмудария облысындағы Қарақалпақ тұрғындарының мекен етуін назарға ала, бұрын Хорезм Халық Республикасының құрамына кірген Ходжелі облысы мен Қоңырат қаласын қоса отырып, Қарақалпақ облысын құрудың қажеттілігі мақұлдансын». Комиссия А. Досназаровқа болашақ Қарақалпақ Автономиялық облысының шекарасы мен ұлттық-аумақтық межелеу картасының жобасын әзірлеуге тапсырма береді. Ұлттық-аумақтық межелеу комиссиясы межелеуге байланысты мынадай шешімін шығарады:
1. «Қарақалпақ тұрғындарының Хорезм КСР-і мен Әмудария облысынан бөлініп шығуын қажет деп санай отырып, Қарақалпақ Автономиялық облысын құру міндетті шара екендігі және қарақалпақ ішкі комиссиясына осы облыстың шекарасын белгілеуге, тұрғындар санын анықтауға тапсырма беру керектігі анықталады. Сондықтан әзірленген мәліметтер Қарақалпақ Автономиялық облысын құру керек деген шешіммен бірге Ортаазбюро Орталық Атқару Комитеті мен РК(б)П Орталық Комитетіне жөнелтілсін».
2. «Әмудария облысы бойынша Қырғыз және Өзбек КСР-лерінің шекараларын белгілеу мәселесі Қарақалпақ Автономиялық облысы жөніндегі мәселе нақты шешілгенге дейін ашық қалдырыла тұрсын».
3. «Шекараларды белгілеу жөніндегі мәселені қарастыруды бір жағынан Түркімен КСР-і мен Хорезм арасындағы белгіленген шекаралар мөлшерімен және екінші жағынан қарақалпақ жұртшылығының Автономиялық облысқа ұйымдасуын ескере отырып, арнаулы ұлттық комиссияларға тапсыру көзделсін» [17, 1-4-пп.].
Орта Азиялық және Орталық Комитет коммунистік партия басшылықтары назарына әзірленген қаулы жобаларында Қарақалпақ Автономиялық облысын құру туралы үгіт-насихат жұмыстарының қорытындылары бойынша шешімдер екі жақты сипатта болады. Олардың бірі облыстың Өзбек КСР-і құрамында қалуын сипаттаса, екінші жағы Автономияның Қазақ АКСР-іне енуін жақтаған еді. 1924 жылы 12 маусымдағы РК(б)П ОК саяси бюросы «Орта Азия республикасының ұлттық межеленуі туралы» жарлығының мәтініндегі Қазақ АКСР-і құрамында Қарақалпақ Автономиялық облысын құруды қарастыру мәселесі негізінде және 26 маусымдағы Хорезм Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Хорезмдегі қарақалпақтарға қатысты мәселені – Автономиялық облыс ретінде шешуде және кімге қосылатыны жөніндегі мәселені реттеуді олардың өздеріне қалдырып, Автономиялық облыс құрудағы маңызды оқиғалар тізбесі басталады.
1924 жылдың 27 қыркүйегінде РК(б)П Қазақ (Қырғыз) Облыстық Төралқа отырысына Бұқара қазақтарының делегациясы құрамында Наврузбаев, Бұқара Орталық Атқару Комитеті Төралқасының мүшесі Худайбергенов, Бұқара ОАК-нің мүшесі, Бұқара ОАК-нің Қаршы облысы бойынша Қырғыз Атқару бөлімінен Құлтаев және қарақалпақ делегациясы қатысады. Осының нәтижесінде Қазақ РК(б)П Комитетіне қарақалпақ делегациясы өздерін автономиялық республика құрамына қабылдау туралы ұсыныс білдіреді. Бұл ұсынысқа қатысты пікірлер О. Исаев, С. Меңдешов, Ә. Жангелдин және өзге де басшылар тарапынан қолдау табады. Олар бұл ұсыныстың толыққанды жүзеге асырылуы үшін қарақалпақтардың болашақ Түркмен, Өзбек республикалары жерлерінен өздеріне тиесілі жер үлестерін алуын талап етуге кеңес береді. Бұл ұсыныстар жан-жақты қаралып, Орталық Комитетке жөнелтілген болатын [18, 158-159-пп.]. 1924 жылы 27 қыркүйекте Қырғыз (қазақ) облыстық РК(б)П комитеті төралқасы отырысында мынадай шешім қабылданады: а) өтініш қызу қолдаумен мақұлдансын; ә) Хорезмнің қазақ-қарақалпақ облыстары және Түркістанның Әмудария облыстары жаңа облыс құрамына толығымен енуі талап етілсін. Орта Азиялық РК(б)П ОК бюросына болашақ облыс құрамына Шурахан өңірін қосуды түбегейлі талап ету жөнінде шешім қабылдансын; б) Автономиялық облысқа қызмет көрсету үшін Әмудария облысын басқару аппараты сақталсын; в) Түркімен КСР-і мен Хорезм КСР-і мүліктері және байлығын тәркілеуде Қарақалпақ Автономиялық облысының қатысуы да талап етілсін және теңдей үлес алу көзделсін; г) делегация ұсынысы толығымен РК(б)П ОК назарына табыс етілсін [18, 158-159-пп.].
Кеңестердің Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Кіші Төралқалығы 1924 жылғы 17 қазанда Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуы туралы шешім қабылдайды [6, 252-б]. Қазақ АКСР-і құрамындағы Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылуы туралы бұл шешімнің тарихи маңызы қарақалпақтардың уақыт сұранысындағы әлеуметтік-экономикалық, рухани мүдделерін ғана қанағаттаныдырып қойған жоқ. Сонымен бірге, бір орталыққа бірігуіне негіз жасаған алғашқы тарихи шешім ретінде де тарихта бағаланады.
РК(б)П Қырғыз (Қазақ) Облыстық Комитетінің 1924 жылғы 25 қазандағы бюро отырысының №5 хаттамасындағы күн тәртібінде Қарақалпақ Автономиялық облысы үшін Ереже жасау бойынша комиссия құру туралы мәселе көтеріледі. Онда, Қарақалпақ Автономиялық облысының ұйымдық бюросы құрамына 13 адам, Төралқа бюросына 7 адам белгіленеді [18, 71-73-пп.]. Пленумға: А. Досназаров (жауапты хатшы), К. Адинаев (ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі), Ж. Арзиев (Агроөндіріс бөлімінің меңгерушісі), Ә. Құдабаев (Облыстық Революциялық Комитеттің төрағасы), С. Лунин (Мемлекеттік саяси (ГПУ) басқармасынан), И. Бекімбетов (Облыстық Революциялық Комитет төрағасының орынбасары), К. Сағдуллаев (Халықтық Қаржы Комитетінен), Б. Айтешев (Қосшы Одағынан), С. Зечиев (Обкомехтан), О. Клишев (түркімен өкілі), Т. Қасымбетов (қарақалпақ өкілі), А. Құрбаниязов (өзбек өкілі), М. Теперешнийлер (Облыстық Кәсіподақ Кеңесінің төрағасы) тағайындалады.
Төралқаға: А. Досназаров (жауапты хатшы), К. Адинаев (ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі), Ж. Арзиев (Агроөндіріс бөлімінің меңгерушісі), Ә. Құдабаев (Облыстық Революциялық Комитеттің төрағасы), С. Лунин (Мемлекеттік саяси (ГПУ) басқармасынан), И. Бекімбетов (Облыстық Революциялық Комитет төрағасының орынбасары) және жетінші мүшесі М. Теперешний (Облыстық Кәсіподақ Кеңесінің төрағасы) тағайындалады.
1924 жылдың 23 қарашасында Хорезм КСР-і V Бүкіл Хорезмдік Құрылтай Кеңесі шешімін орындау мақсатында Ходжелі облысының Қыпшақ және Қытай округтерін жаңадан құрылған Қарақалпақ Автономиялық облысына беруге шешім қабылдайды. Ал, 27 қарашада Автономиялық облыстың Революциялық Комитеті барлық жергілікті кеңестерге Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық мемлекеттік межелеу шараларының нәтижесімен өзінің құрамына Шымбай, Шурахан, Ходжелі, Қоңырат уездерінің кіргендігін жеткізеді. Осыдан кейінгі Қарақалпақ Автономиялық облысының аумағына Әмударияның екі жағы да, оған қоса оның оң жағалауындағы болыстықтар: Дәуқара, Шымбай, Талдық, Көкөзек, Қоңырат, Жаңа базар, Кегейлі мен Шымбай уезіндегі Мойнақ аралы және Би-базар, Сара би, Төрткүл, Шаббаз, Шурахан, Мың және Шурахан уезіндегі Тамды, сондай-ақ сол жағалаудағы Ходжелі, Қоңырат және ірі елді мекендер Қытай және Қыпшақ енеді [17, 34-п.]. Межелену талассыз өткен жоқ. Бұл талас өзбектердің Қарақалпақия тұрғындарының негізгі бөлігін өзбектер құрайтын Шурахан уезін өздеріне қосуға байланысты туындаған еді. Алайда, жаңадан құрылған Орта Азиядағы Республикалар арасында талас тудырған Шурахан уезі КСРО Орталық Атқару Комитетінің 1925 жылғы 5 қыркүйегіндегі шешімімен Қарақалпақ Автономиялық облысына тіркеледі. «Шурахан уезі мәселесі» Автономияны құрушы өкілдерге мүдделі тапсырма ретінде шешілді. [6, 253-б.].
1925 жылдың 12-19 ақпанында Төрткүлде Автономиялық облыс дехкандары, батрактары мен қызыл әскер депутаттары Кеңестерінің І Құрылтай съезі өтеді. Қарақалпақ Автономиялық облысының Қазақ АКСР-і құрамына ерікті түрде қосылғанын заңды түрде ресімдеген съезд «Қарақалпақ Автономиялық облысының құрылғаны жөніндегі Декларацияны» жариялайды [6, 253-б.]. 1925 жылы Қарақалпақ Автономиялық облысының тұрғындар саны 298 мың адамды құрайды, олардың 128 мыңы сол жағалаулық бөлікте, ал 170 мыңы оң жағалаулық бөлікте тұрады [14, 84-89-бб.].
1925 жылы 15-19 сәуірдегі Қызылорда қаласында өткен Кеңестердің V Бүкілқазақ съезі Қарақалпақ Автономиялық облысын Қазақ АКСР-і құрамына енгізу туралы толық шешім қабылдайды. Сөйтіп, қарақалпақ халқының тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі тұтас аумаққа негізделген ұлттық мемлекеттілік құрылым жасалынады. ҚАО-ның жер көлемі 180 мың шаршы шақырым болды. 1926 жылғы санақ бойынша облыс тұрғындарын 38,1% қарақалпақтар, 28,5% қазақтар, 27,6% өзбектер, 3,2% түркімендер, 2,7% өзге ұлттар құрайды [6, 253-254-бб.].
Осылайша, 1924-1925 жылдары Кеңес үкіметі іске асырған аумақтық әкімшілік жіктелуден соң Ресей империясы құрамындағы бұрынғы Түркістанның орынына құрамында Қарақалпақстан Автономиясы бар Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Тәжікстан аталатын бес республиканың өмірге келуінен соң, олар бұрынғы «Түркістан» атымен емес, «Орта Азия және Қазақстан» республикалары атанып, Кеңес Одағының құрамдас бөлігін құрды. Халқының құрамы жағынан әуелде Орта Азиялық республикалардың бірде-біреуі өзін таза «ұлттық республика» деп атай алмады. Олардың бәрі өзбек, тәжік және қарақалпақ халықтарының кеңестік ұлт мемлекеттілігінің құрылуы үшін жағдайлар әзірлеген өтпелі түрдегі республикалар болды.
Қазан төңкерісінен кейін соң осы өңірде іске асырыла бастаған негізгі шараларының бірі – жер-су реформасы. Қазақстанның оңтүстік аймақтары қатарында Қарақалпақ Автономиялық облысы өзінің климаттық жағдайына қарай – мақта шаруашылығына бейім өлке болып есептеледі. Автономиялық облыстың саяси-экономикалық жағдайына қатысты мәселелер оның ұлттық межелеуден кейінгі тағдырын реттеуге арналған Өлкелік Комитет шешімдерімен арнаулы комиссияның жұмыстарына арқауланғаны, оның тіпті жергілікті кадр саясатын шешуге орайластырған қарарлармен қатарлана қаралуы да кеңестендіру шарттарын түгендеп жатты.
«Автономиялық облыс ұжымдастыру жылдарында» атты жұмыстың екінші тарауында аумақтағы ұжымдастыру шараларының саяси науқаншылығы және жүргізілу үрдістері, кеңестік ұжымдастыруға қарсы наразылық Тақтакөпір бас көтеруінің сипаты, Қарақалпақ Автономиялық облысындағы босқын қазақтар мәселесінің туындауы және Қарақалпақстандағы қазақтардың тарихи тағдырына қатысты кейбір мәселелері баяндалады.
Ұжымдастыру және отырықшыландыру деген желеумен кеңестік империяның қол астына кірген одақтас республикалардағы ұлттардың дәстүрлі шаруашылығын күйрету, езуші таптар мен буржуазиялық ұлтшылдармен күрес науқаны арқылы халықтың, тәуелсіздіктен үміт еткен халықтардың рухын сындыру, сөйтіп жұрттың жартысына жуығын қолдан жасаған аштық арқылы қырып, біразын босқынға айналдырып, атамекенінде тірі қалған бөлігінің ішкі сенімі мен жігерін құм етіп оның орынына тобырлық психология орнықтыру жүзеге асты.
Ф. Голощекиннің «кіші қазаны» тұсында «кеңестендірілмеген» аумақтарға жатқызылған қарақалпақ өлкесі ұжымдастыру көрсеткішінің «ақтаңдағына» айналады. Бай-ишандар меншігінде болып келген шаруа иеліктерін кеңестендіру ісі, партия қызметкерлеріне үлкен қарама-қайшылықтар алып келгені белгілі. Автономиялық облыста «социалистік салт-сананы» сіңіру ісін бақылау үшін Қазақ Өлкелік Комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекин бірнеше рет тексеру жұмыстарын тікелей өзі бастап барады.
БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің 1927 жылғы 22 қыркүйегіндегі бюро отырысының №87 хаттамасымен Қарақалпақ обкомының басшысы болып жауапты қызмет атқару үшін П.И. Варламовты жіберу жөнінде қаулы қабылданады.
Мақта шаруашылығы көрсеткіштері, бұрынғы бай меншігі – жер дауы, оларды тәркілеу, жергілікті жерді кеңестендіру жұмыстарын «Қосшы» ұйымы арқылы ұйымдастыру жекелей қарастырылады. Партия кеңес мекемелерін «жат элементтерден тазарту», бұрынғы байлардың жерлерін тәркілеу арқылы оларға кейінірек ілгерлі шаруашылықтарды қоныстандыру жұмыстары жүргізіледі. 1927 жылдан бастап 1932 жылға дейін жүзеге асқан облыстағы басқару аппараттарын «тазарту», 1927/28 және 1929/32 жылдарға шақталған екі кезеңде орындалады. Алғашқы кезеңде бір ғана «Қосшы» одағының өзінен 1000 адам, партиядан 200-ге жуық, кеңестік және шаруашылық органдардан 100-ге жуық адам шығарылады. Екінші кезеңде партиядан 300-ге жуық адам «тазартылады». Олардың ішінде қарақалпақ ұлттық кеңестік интелегенция өкілдері Ө. Бекімбетов, А. Адакаев, Ф. Маткаримов, С. Ельтезеров, Дж. Мирманов және т.б. болды. Б. Тоқмамбетовтың, Д. Құрбанаевтың, Е. Ешімбетовтың алғашқы «істері» пайда болады. «Нан тапшылығы» Автономиялық облысты да жанайды. Бидай дақылдарын егуді қысқарту есебінен мақта егістігін ұлғайту дағдарыстың облыстағы спецификасын сипаттады.
Қазақ Өлкелік Комитетінің отырысындағы өте құпия мәселе ретінде қарастырылған кезекті қарар, 1930 жылдың 19 наурызындағы мәжіліске арқау болған Қарақалпақ Автономиялық облысының оның құрамынан бөлінуі болатын.
Бұл мәселе Тақтакөпірдегі бас көтеру дүрбелеңінен кейінгі бірқатар шешімдер мен Хиуа оазисіндегі Кеңес үкіметіне қарсы басмашылар қозғалысының етек алуынан біршама алшақ болуы, сондай-ақ, қазақ жеріндегі Голощекиннің «кіші қазанының» жүзеге асырылуы қарышты қадамының қарқынына Қарақалпақияның жағрапиялық шалғай болуының «себептері кедергі келтіргені» секілді талаптардан туындайды.
БК(б)П Орталық Комитеті Орта Азия Бюросының 1930 жылғы 3 сәуірдегі №46 хаттамасының «өте құпия» деген белгімен берілген көшірмесінде БК(б)П Орталық Комитеті Орта Азия Бюросы Атқару Комиссиясының отырысы өтіп, онда БК(б)П Қазақ Өлкелік комитетінің 1930 жылғы 19 наурызындағы «Қарақалпақ Автономиялық облысын Ресей Федеративтік Автономиялық Республикасына беру туралы» БК(б)П Орталық Комитетіне берген «өте құпия» №99 хаттамасымен бекітілген мәлімдеме жазбасы талқыланып, нәтижесінде БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің 1930 жылғы 19 наурызындағы шешімімен келісіледі. Кеңестік тарихнамада ұжымдастыру жылдарының «кінәрәті» саналаған «шаруаларды кооперациялаудың лениндік принципінің» жергілікті аудандардағы партиялық ұйымдар тарапынан бұзылуы туралы БК(б)П ОК «колхоздастыру қозғалысының партиялық бағытындағы түзетулер жөніндегі» 1930 жылдың 14 наурызындағы жарлығын орындаудың да Қазақ Өлкелік Комитеті тарапынан жоспарланған шарасы Автономиялық облыстан «құтылу» амалдары болатын.
1930 жылдың сәуір айында болған Қазақ Өлкелік Комитеті бюросының отырысында облыстағы шаруашылықты ұжымдастыру жөніндегі шаралар есебін тыңдаған Ф. Голощекин мұнда бірқатар «өрескел қателіктерге» жол берілген деген айып тағады. «Өрескел қателік» төменгі партия ұйымдары тарапынан етек алып отырған уақытта және ұжымдастыру шараларының 25 пайыздық ғана мүмкіндігінің болуы оны жөндеуге қиыншылық тудырады деп бағалайды.
ҚАО-ның Қазақ АКСР-інен шығу мәселесі 1930 жылғы Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті Төралқасының 1930 жылғы 20 шілдесінде «Қарақалпақ Автономиялық облысының бұрынғы аумағын сақтай отырып, Қазақ АКСР-і құрамынан шығару және оны РСФСР Орталық органының тікелей қарамағына беру жөнінде» қаулысымен орындалады.
Жергілікті ұжымдастыру науқанының солақай саясатына наразылықпен ұштасқан Тақтакөпір бас көтеруі, мәселенің мазмұнын тереңдете түсіп, облыс тағдырын Одақтық дәрежеде шешуді қажет етті. Шаруалар көтерілісінің әлеуметтік ауқымының кең болуына, оған өкімет өзі қолдап – қолпаштап отырған кедейлер мен жалшылардың қатысуына үлкен себеп болған нәрсенің бірі Кеңес мемлекеті мен БК(б)П-ның атеистік саясаты еді. 1929 жылдың 2 қаңтарынан 1930 жылдың 7 қаңтарына дейінгі аралықтағы жүргізілген ОГПУ-дің революцияға қарсы бас көтерулер жөніндегі мәліметінде Тақтакөпірдегі бас көтеру жөнінде жалпы деректер беріледі [19, 1-2-пп.].
1929 жылдың қыркүйек айында олардың тарапынан ауылдың бірқатар адамдары мен біршама беделді байларды және ишандарды біріктіретін дүрбелең қалыптасады. Тақтакөпір бас көтеруіне шамамен 250-300 адам қатысады, олардың әлеуметтік құрамы белгісіз. Көзбен көргендердің айтуынша, Тақтакөпір мынадай жағдайда алынады: 1929 жылдың 27 қыркүйегінде мөлшермен күндізгі сағат бірлер шамасында аудандық қала Тақтакөпірдің оң жағынан «Алла» деп айқайлай енген 30 адам басмашының мылтықпен қаруланған тобы анталай енеді. Бұл күн базар күні, яғни жексенбі күн болатын. Базарға халықта көп жиналады. «Аллалап» ентелегендер халықтың өздеріне қосылуына, қаланы талқандап, орыстарды қууға шақырады. Көпшіліктің ішінен кейбіреулер шоқпарлармен қаруланып басмашыларға қосылады, ал көпшілік халық әр жаққа шашырап қаша бастайды, атты басмашылар олардан да, топ құрап тірідей баррикада ұйымдастырып, аудан орталығында орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға қарай бет түзейді. Ондағы қызметкерлер жан-жаққа үдере қашады. Ереуілшілер БК(б)П аудандық комитетін, атқару комитетін, аудандық комсомол комитетін, «Қосшы» одағын, халықтық сот және тергеуші бөлімшелерін, сондай-ақ, өзге де мекемелер мен қазыналық сөрелерді басып алады. Іс қағаздарын бүлдіріп, «көсемдер» портреттерін, мысалы, К. Маркс, Ф. Дзержинский, В.И. Ленин, А.И. Рыковтың портреттерін жерге лақтырып, аяқпен таптайды.
Сондай-ақ солтүстік аудандардағы да контрреволюциялық ұйымдардың әлеуметтік құрамы белгісіз делінген құжаттарында да бас көтерушілер мәлімдемелерінде өздерінің жойғызып алған «таптық мүдделерін» қайтарып алу үшін күресетіндерін ашық айтады.
Тұтқынға алынған Ибрагимов Убба «Иә, шынында да Шымбай ауданының аумағында контрреволюциялық ұйым болды және оның белсенді ұйымдастырушыларының бірі – мен. Ұйым өз алдына түпкілікті – Кеңес үкіметін құлату мақсатын қойды», - деп мәлімдейді. Әрі қарай, ол былай дейді: «бізді контрреволюциялық әрекетке итермелеген Кеңес үкіметіне қарсы негізгі себепті біздің өмір сүріп отырған идеологиямен келіспеушілікке байланысты. Бұған контрреволюциялық ұйымның жетекші құрамының бұрынғы әлеуметтік-саяси жағдайы дәлел болады».
Әрі қарай тұтқындалған Қожахмет Ерназаровта былай дейді: «Иә автономиялық облыстың Шымбай және Кегейлі аудандарындағы контрреволюциялық ұйымдар Кеңес үкіметіне қарсы қарулы көтерілісті болдыруды соңғы мақсат етті. Ұйымға кірген белді аталық, ишандардың ұлдары мен атқамінерлері текті бай ұрпақтары болатын. Олардың қолынан өтіп кеткен бұрынғы меншік шаруашылықтар соңғы 2-3 жылдың көлемінде ауыл шаруашылық салығының астында қалып, алып көрсеткіштердің қиялына айналады».
Бас көтерудің ұрандары оның сипатын ашып көрсетеді. Оның негізгі ұрандары:
а) Кеңес үкіметімен күрес (большевиктерді талқандау);
б) басқарудың хандық билігін қалпына келтіру;
в) ислам үшін күрес.
Бас көтерушілер тобы мен оларға қосылған тұрғындарға қарсы И. Грязновтың және ОГПУ-дың әскерлерінің атысуы 2 сағатқа созылады. Айта кететін бір нәрсе Қарақалпақ Автономиялық облысындағы бас көтерушілермен аяғына дейін күрес адам құрбандықтарынсыз шешілмеді. Бұл мәліметтер ҚазАКСР ОГПУ басқармасы бастығы А. Волленбергтің баяндауында көрсетіледі [19, 3-4-пп.]. 1929 жылы 26 қарашада ҚАО Комитеті атынан П. Варламовтың сол кездегі Қазақ Өлкелік Комитетінің жауапты хатшысы Ф.И. Голощекинге ҚАО-дағы контрреволюциялық ұйымдар туралы «деректерді ашу барысындағы» мәліметтерін жөнелтеді.
П.И. Варламов Тақтакөпір бас көтеруіне жете тоқталады. Оның ішінде бірінші облыстың саяси жағдайына сипаттама беріледі. Онда Өлкеде әлі де «басмашылар қозғалысы» таратылып бітпегендігі, себебі ҚАО-ның «басмашылардың», «ежелгі ұясы» Түркімен КСР-нің Қарақұммен көршілес болуы және олардың Ташауыз, Хорезмдегі өзі «тектес қозғалыстармен ғана байланыста емес, шет елдегілермен де» байланыста болуы айтылады. «Сондықтан, - Тақтакөпірдегі оқиғалардан сабақ ала отырып, екінші рет ондай жағдайларды болдырмау амалдарын қарастырмақпыз», дейді П. Варламов. Ол сондай-ақ, «Тақтакөпір оқиғасының негізгі себебі жайлы айтқанда, оқиға «тап күресінің жоғарғы формасы» және Өлкелік Комитеттің 2 қазандағы шешімі оған берілген нақты баға. Осы тектес, Тақтакөпір көтерілісін – «көтеріліс» немесе «көтеріліс деуге тұрарлықтай», немесе «бас көтеру» дейміз бе?»- деген пікір тудыртады [19, 67-п.].
П. Варламов осы оқиғалардың болуының негізгі «біздің қызметіміздегі шалағайлықтың орын алуынан», деп ашық айтады.
Қазақстандағы Мемлекеттік Біріккен Саяси Басқармасы Шығыс бөлімшесінің Өкілетті өкілінің (ПП ОГПУ) 1930 жылғы 15 сәуірдегі құпия құжаттарының бірінде Тақтакөпірдегі «бандылық бас көтерудің» ұйымдастырушысы және басшысы Жалел Мақсұм Исматуллаевтың Қарақалпақ Облыстық барлау бөлімшесінің күшімен ұсталып, Жаңа Үргеніштегі органына жеткізілгені хабарланады. Қарақалпақ Автономиясының Қазақстан аумағына осы тарихи кезеңде қарамаған болса, оқиғаның да осылайша жергілікті Өлкелік үкімет басшылығының назарында қаралмауы да орын алар еді.
Қазақстанда ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыру кезінде орын алған өрескел саясат нәтижесінде халықтың көпшілігі ашаршылық құрбаны болып, енді бір бөлігі босқындыққа ұшырады. Бұл адамзат тарихындағы трагедиялар қатарынан орын алады.
Осы мәселеге байланысты 1991 жылы 12 қарашадан 1992 жылдың желтоқсанына дейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен жұмыс істеген Комиссия, Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру мен аштық науқаны барысындағы ақиқатты айғақ етті. 1931 жылы қараша айындағы Қарақалпақ аумағына барған 3 мыңға жуық шаруа қожалығының жағдайы аса ауыр қалде болды. Бұлар негізінен Шалқар, Табын, Арал, Ойыл және Маңғыстау аудандарынан ауып барғандар еді. Автономиялық облыстың басшылығына өтініш жасағанмен оларды кейінге қайтару мүмкін болмады. Құжаттардың бірінде жейтін тағамы, азық-түлігі жоқ жұтағандар аянышты жағдайда қалып отыр делінген. Осындай жағдайға ұшырағандар өздерінің бар малын жергілікті дехкандарға арзан бағаға сатып кетсе, екінші біреулері түгел сойып алуға душар болды. Қазақ АКСР-і Орталық Атқару Комитетінің хатшысы А. Асылбековтың босқындарды кейін қайтару жөніндегі өтінішіне БК(б)П Қарақалпақ Обкомының бюросы 1931 жылғы 25 қарашада босқын қазақтарды жылы киім, киіз үй, көлікпен қамтамасыз ету және мал басымен қыс айында жеткізу мүмкін болмай отырғандығын айтып, шешім қабылдағанын жеткізеді. 1932-33 жылдары қатты аштықтың салдарынан Қарақалпақ жеріндегі босқын қазақтарды елге қайтару әрі қарай созыла береді. Қарақалпақ Автономиялы Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің РСФСР үкіметіне берген мәлімдемесінде Қарақалпақ жеріндегі қазақ босқындары 12830 адамнан тұратын 3060 қожалық деп көрсетілген. Бұл көрсеткіштер жоғарыда атаған 1931 жылдың мәліметінен едәуір көп бола тұрса да босқын қазақтардың санын тағы да тым азайтып отырғанын Сейітқали Меңдешевтің оларды Қазақстанға қайтару үшін Қарақалпақ жеріне барғанда берген мәліметтерінен де айқын байқауға болады. Меңдешев бастаған уәкілдер Қоңырат ауданынан Қазақстанға 2644 адамы бар 772 қазақ шаруа қожалықтарын қайтарды. Қарақалпақ жеріндегі өкімет мекемелері көшіп келгендердің қадамын уақытша нәрсе деп білсе керек, келгендерді арнайы есепке алуға да асыға қойған жоқ. Басқа жерлерге ауа көшкен қазақ босқындарға қарағанда Қарақалпаққа қоныстанған қазақтар төрт түлік мал өсіруге өте қолайлы, негізінен тек мал шаруашылығымен жан сақтап, күнелтетін аймақтардың тұрғындары еді. [10, 136-138-бб.].
Түпкілікті халықтың, яғни қазақтардың өз туған жеріндегі жасанды жұт кесірінен санының күрт азайып кетуіне ықпалды болған ашаршылық салдарынан сол жылдары 1030 мың адам республикадан тысқары жерлерге босқын болып кетті. Оған республика басшыларының, оның ішінде әсіресе Ф.И. Голощекиннің көзқарасы да қатты әсер етті. Ол қуғын-сүргінмен аштықтан босқын болып кеткендерді «қазақтар ежелден көшіп-қонып жүруге әдеттеніп кеткен» деп түсіндіруге тырысты. Ол мұны көшпенділердің тұрмысы қайта құрылып, өзгеріп жатыр деп дәріптеді [8, 33-б.].
1933 жылы мамырда Автономиялық облыстағы аудандар басшылығы мен ГПУ (Мемлекеттік саяси басқарма) өкілдерінің анықтаулары бойынша қарақалпақ жеріне 47 578 қазақ босқындары «анталай» енген екен. Олардың ішінде 2357 қараусыз балалар болады. Ұжымдастырудың алғашқы кезеңі жылдарында өзбек, түркімен, қазақ жерлерінен ауа қашқан олар мұнда да қиыншылыққа тап болып, 1933 жылы Арал теңізі арқылы елдеріне қайтпаққа әрекеттенеді. Алайда бұған олардың шамасы келмейді. Қарақалпақ ғалымдарының зерттеуі бойынша 1934 жылдың 1 наурызында мұндағы 48 мың қазақ-босқындарынан 22 мың ғана адам қалады. Олардың 25 мыңы жұқпалы ауру, дерттен қаза болады. Тек Ходжелі ауданы бойынша ғана аштықтан көшеде 200 адамның бір айда өлгендігі жәйлі дерек бар [14, 84-89-бб.].
Өзінің шалғай орналасуы және көліктік қатынас жағынан Ресей мен Орта Азияның саяси және экономикалық орталықтарынан алшақ жатуы Қарақалпақияны даму жағынан кенже қалдырған еді. Алайда, мұның да өзіндік жағымды жақтары болған сияқты. Себебі, революция жылдарындағы сілкіністерден, азамат соғысының қанды зардаптарынан, ұжымдастыру жылдарындағы зобалаңнан Қарақалпақия, Қазақстанға қарағанда біршама жеңіл өтті. Бұл мекенге Қазақстаннан басқа да, өзге республикалардың баспана және қорғаныш іздеген ондаған мың адамдар көшіп келіп, осы жылдары бас сауғалағаны белгілі. 1933 жылы Өлкелік Комитет сұрауына орай, 8 қазан күні РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі «Қарақалпақиядағы қазақ босқындарын орналастыру шаралары жөнінде» атты қаулы қабылдайды. Онда Қарақалпақ АКСР-і Халық Комиссарлары Кеңесі бекіткен жоспар бойынша босқын қазақтардың жалпы мөлшерінен 3358 қожалықты бөлек шығарып, олардың 1215-ін ауыл шаруашылығына, 1243 шаруашылығын жергілікті кәсіпшілік өндірісіне және өзге жұмыстарға, Қазақстанға қайтуға ниет білдірген және қалған 900 отбасын жөнелтуге дайындау белгіленеді. Мұнда, Қазақ босқындарын орналастыруға біршама қаржы көздері қарастырылған.
1933 жылы қазан айында кезінде Қазақстанның батыс аудандарынан (Қазалы, Шалқар, Темір, Ақтөбе және тағы басқа аумақтардан) қарақалпақ жеріне қоныс аударған босқындармен Қазақ Өлкелік Комитеті және Халық Комиссарлары Кеңесі тапсырмасымен жұмыс қалай атқарылғаны туралы баяндамада С. Меңдешев бірқатар жәйттердің басын ашады.
1933 жылы күзде Автономиялық облыстағы қазақтар қайтадан елге оралу қамына кірісті. Бұған жергілікті басшылардың ұстанған саясаты да әсер еткен еді. Сөйтіп, Қарақалпақияның жергілікті ұйымдары Қазақстанға босқындардың түгелдей кетуіне барлық күштерін салды. Арал теңізі арқылы 8000 адамы бар 2500 жанұя, және Қоңырат пен Тақтакөпір арқылы жаяу 257 қожалық 258 бас жылқы-түйесімен, 320 қой-қозысымен, 422 есегімен Қазақстан жеріне өтеді. Ал сол жылдары Қарақалпақияда қалып қойған қазақ босқындарына С. Меңдешев, А. Асылбековтердің талап етуі бойынша біршама жағдай жасалып, кейінгі жылдары олардың көпшілігі сонда түпкілікті тұрақтап қалды.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бергі уақыттың ішінде жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатының бір озық тармағы шетелдерде тағдыры түзілген қазақтарды тарихи Отанына қайтару және мүмкіндігінше оларға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталып отыр. Алдыңғы тарауларда сараланған Қарақалпақиядағы қазақ жұрты тағдырының тарихи кезеңдерде қалыптасуының айқын беттері бүгінгі уақытта да ізін қалдырған жаңа кезеңнің сындарлы сәттеріне де арқау болып қалыптасты. Социализм жүйесіндегі уақыт өлшемі өзбектік басқарудағы қарақалпақтар үшін дамудың озық бедерін жасап бере алмады. Сондықтан да зерттеу жұмысын жүргізу барысында автономиялық республика тұрғындары арасында жасалған сұрақ-жауап сараптамасы көрсеткендей, олардың бүгінгі уақыттағы да арман мүддесі қайтадан Қазақстан қарамағында түзу екендігіне көз жеткізілді. Құрылымы Автономиялық республика болып қалыптасқан Қарақалпақия кеңестік кезеңдерде барлық кеңестік жүйе елдеріне тән тұрпатта өз дамуын саралағанымен, аумақтың қазіргі дамуына кедергі келтірер мәселелердің негізі сол уақыттардан қалған мұра еді. Әсіресе, Автономияның Арал теңізіне қатысты экологиялық зардапты тағдыры тудырған мәселелер, оның геосаяси потенциалының шектеулігі, халық санының аздығы және өзге де қордаланған әлеуметтік-экономикалық жәйттері оның қазіргі заман ағымы сұранысын өтей алмай отырған қоғамдық тұрпатын сипаттайды. Тұрғындарының негізгі дені аумақтағы жұмыс көзінің тапшылығынан қазіргі уақытта елдің тыс аймақтарына, әсіресе Қазақстанға маусымдық жалдамалы жұмыстарға әртүрлі жолмен табыс табу үшін ағылып келіп жатқаны бүгінгі өмірдің тыныс-тіршілік тұрпатынан көрініс алып отыр. Бүгінгі қазақ елі еріктілігінің таңы атқан тұстағы жетістіктің бірі Қарақалпақстаннан қазақ бауырлардың елге, ата жұртқа оралуы. Өзге жерден тірліктің түзуін аңсап келген олар, игілікті істің кез-келгеніне бейім. Осы ниетті сабақтастыруда қарақалпақтардың Қазақстандағы салауатты өмір салтын дұрыс қалыптастыра отырып, тегі бір жұртпен ел қатарлы тұрмыс түзейтіндігіне уақыт төрешілігін де тарих тезіне салуға болады.
Қорытынды бөлімде зерттеу жұмысында сараланған құжаттар мен еңбектерге сүйенетін ғылыми нәтижелер жүйеленді.
ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы қарақалпақтардың саяси-әлеуметтік жағдайы мен тарихына қатысты шынайы мәліметтердің ақпараттық мазмұнындағы деректік базаларды алдын-ала анықтап, зерттеп, зерделеу, оның жаңа ғылыми бағыт-бағдарын жасауды қажет етті. Бұл мақсатта бірқатар міндеттермен байланыстырылған зерттеу нысанасы, өзінің сипаттылығымен Отандық тарихта тұңғыш рет ғылыми айналымға енген тақырып ретіндегі ұстанымдарын толық орындап шықты.
Қарақалпақ жеріндегі 1920-30-шы жылдардағы ерекшеліктер, Кеңес дәуіріндегі тарихи жағдайлардың көптеген аспектілерін жан-жақты ойластыру үдерісінің қызу жүріп жатқан тұстарын жария ету тарих ғылымын дамытудағы озық тәсілдерге негізделді.
Тақырыптың ұстанымы Отандық тарихнамадағы кемшін тұстарды толықтыру және толыққанды дерек көздерін жүйелендірумен, тақырып аумағындағы мәселелерді қамтитын зерттеулерді жинақтаумен анықталды. Осыдан келіп, диссертация жұмысының негізгі мәселесі Кеңестер съезі, БК(б)П Облыстық Комитеті конференциясы материалдарының шешімін талқылап ұсыну, сондай-ақ ҚАО-ның басылым беттерінде жарияла болған тарихына қатысты мақалаларды жинақтаудың маңыздылығы артты. Құрылымы бойынша олар өзіндік жан-жақты ақпараттарды қорытындылайды. Қазақстан құрамында болған Қарақалпақстан тарихының көптеген тарихи мәселелерін жарыққа шығарған, ұлттық мемлекеттік қалыптасу кезеңіндегі маңызды жағдайлар қатарындағы келеңсіздіктері және себептерінің объективті дәрежесін кеңінен ашуға зерттеушілер жұмысының ғылыми қорытындылары да толықтай мүмкіндік берді. Зерттеу мәселесінің тарихи негізін қазақ-қарақалпақ байланысының өткен ғасырлардағы тарихы беттерімен сабақтастыра зерделеу арқылы ұлттық-межелеу шаралары барысында қабылданған Автономиялық облысты Қазақ АКСР-і аумағында құрудың саяси-әлеуметтік сұранысын жасау мүмкіндігі қолға алынды. Ұлттық-межелеу шараларының барысында қарақалпақтарды тұтас әкімшілік бөлікке біріктіруде шекара дауы мәселелерінің болғандығы, оның мысалы өзбектермен арада туған даулы Шурахан уезіне қатысты тұстары мен оның реттелуінің саяси жақтары ашылды. Автономиялық облыстың ұлттық негіздегі мүдделерін қуаттай аумақтық саясат жүргізуді жергілікті халық мүддесінде жүзеге асыруды көздеген Алаш зиялыларының бүгінге дейін өзекті болып отырған көзқарастары тақырып мәселесін ашуда озық қырынан қаралды. Жалпы қазақ-қарақалпақ байланысының тарихи негізінен бастау алатын Қарақалпақ Автономиялық облысының кеңестік билік тұсындағы Қазақ АКСР-і құрамында құрылуының қалыптасу тарихын зерттеп, зерделеу уақыт ғылымы сұранысындағы барлық тарихи ұстанымдарда бағамдалды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет