Ќазаќ этнопедагогикасы – ќазаќ халќыныњ мєдени м±расы, ±лттыќ тєрбие ќ±ралы



бет73/143
Дата05.01.2024
өлшемі1.77 Mb.
#488527
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   143
Кітап Тәрбие

6. Эстетикалық тәрбие – тәрбиеленушiнiң эстетикалық (көркемдiк) қабiлетiн, талғамын қалыптастырып, әсемдiк мақсат-мұратарына құлшындырып, дарын-нышандарын дамытып, оған көркемдiктi жасауды үйрету үшiн жүргiзiлетiн игi мақсатты әрекет.
Адам баласы әсемдiктi сезiну, ұғыну арқылы рахаттанып, одан қуатталып, адамдық қасиеттерiн қалыптастырады. «Әрбiр рахат белгiлi бiр әрекеттерден туады» (әл-Фараби. Әлеуметтiк этикалық трактаттар. -А., 1975. 27-бет) яғни жеке тұлғаның әсемдiк әлемiн сезiнiп, одан рахат табуы үшiн, оның әсемдiктi (табиғат көркемдiгiн, музыка әсемдiгiн, поэзияның әсерлiлiгiн т.б.) түсiнiп, түйсiнуiне тәрбиелiк әсер керек. Өйткенi, адамның адам болып өмiр сүруiнiң өзi - әсемдiк.
Эстетика – көркемдiк (әсемдiк) әдептен, дәстүрден, салттан, санадан айқын көрiнiп, жеке тұлғаның, топтың, ұжымның, ұлттың эстетикалық мәдениетiн көрсетедi. Эстетикалық әсерленуден қабылдау, қабылдаудан таңдау, талғам, эстетикалық сана қалыптасады. «Құлақтан кiрiп, бойды алар, Әсем ән мен тәттi күй, Көңiлге түрлi ой салар: Әндi сүйсең, менше сүй» деп, ұлы Абай эстетикалық талғам мен эстетикалық сананың өзектес өрнегiн жеткiзе бейнелейдi, сөйтедi де, өлең өрнектерiмен әсемдiк жасайды, эстетиканы (әсемдiктi) өмiрге ендiру деп осыны айтамыз.
Әдептiлiкке үйрету сияқты ұлттық эстетикалық тәрбие арқылы бiз жеке тұлғаның айналасымен эстетикалық (әдептiлiк) қарым-қатынасын қалыптастырамыз. Бұл игi әрекет жеке тұлғаның әдеп сақтау, дәстүрдi құрметтеу, ұлттық салт-сананы қадiрлеуi арқылы қалыптасып, мәдени нәтижелерiн береді. Қоғамның, ұлттың мәдениетiн дамыту этикалық, этностық игi iс-әрекеттен басталады.
Жеке тұлғаның әсемдiктi аңсап, оған қызығып, соған жетуге әрекеттенуi – эстетикалық мұрат (идеал) деп аталады. Қазақ ауыз әдебиетiндегi Қыз Жiбектiң сұлулық бейнесi, әсем суретi, таңғажайып көркемдiгi – ең биiк ұлттық эстетикалық мұрат. Жеке тұлғаның эстетикалық қабылдау қасиетiн қалыптастыру үшiн оны әсемдiкке баулу, әсерлендiру, қызықтыру тәсiлдерi қолданылады. Сөйтiп оның, эстетикалық рухани бейнесiн қалыптастырамыз, сол игi әрекеттер арқылы қоғам мәдениетiнiң дамуына әсер етемiз.
«Жирен жаман әдеттен, үйрен жақсы әдеттен» деп, жеке тұлғаның әдептiлiгiн, имандылығын, «туған жер – алтын бесiк», «Отаның үшiн отқа түс, - күймейсiң» деп, отансүйгiштiк ыстық ықыласын қалыптастырамыз. Яғни, эстетикалық тәрбие – барлық тәрбие жүйесiнiң алтын арқауы.
Өнер (көркем сөз, музыка т.б.) – эстетикалық тәрбиенiң басты құралдары. Жiгiт «сегiз қырлы, бiр сырлы» болу керек, «ер жiгiтке жетпiс өнер де аз», «өнер өрге бастайды» деп, өнерпаз халық өнердi эстетикалық (көркемдiк) тәрбиенiң өзегi ретiнде пайдаланады (мысалы, Ермек Серкебаев, Әлiбек Дiнiшев сияқты өнер адамдарын үлгi тұту). Көркем сөз, шешендiк сөздiң эстетикалық әсерi зор (мысалы, Абайдың қара сөздерi, Төле бидiң шешендiк сөздерi). «Сөз сүйектен өтедi», «тоқсан ауыз сөдiң тобықтай түйiнi бар», «бiлiмдiден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деп, халық сөздiң эстетикалық (тәрбиелiк) мәнiн жоғары бағалайды. Сөйтiп, сөз өнерi тәрбиеленушiнiң эстетикалық қабiлетiн дамытады. Сөзге (тiлге), тiлдiң көркемдiгiне, сөздiң жүйелiлiгiне халық ерекше мән берiп, ұрпағын сөздi тыңдай бiлуге, жақсы сөздi қадiрлеуге, сөзде тұруға тәрбиелейдi. «Жақсы сөз – жарым ырыс», «сөзге iсiңмен жауап бер», «жiгiт болсаң, сөзiңде тұр», «сөздi тыңдай бiл» дейдi халық.
Эстетикалық тәрбиенiң айшықты өрнегi – музыка. Қазақ халқы - әншi, күйшi, бишi халық. Бұл – ұлттық эстетикалық тәрбиенiң қайнар көзi. Ұлы әл-Фарабидiң домбырасы, Қорқыт атаның қобызы – қазақтың ондаған музыка аспаптарының басы болды. Қазақ әнi ғарышкер Талғат Мұсабаевтың айтуымен ғарышта шырқалды. Музыка «тiлi» кез келген ұлт өкiлiне түсiнiктi, оның әуенiне әсерленбейтiн адам жоқ. Ұлт әндерi мен күйлерi – ұлттық эстетикалық тәрбенiң негiзi.
Эстетикалық тәрбие арқылы жеке тәрбиеленушiнiң эстетикалық танымы, эстетикалық бiлiмi, көркемөнерлiк дарын-нышандары дамиды, өмiрге эстетикалық көзқарасы, эстетикалық санасы қалыптасады да, ол ұлттық мәдениеттiң дамуына зор әсерiн тигiзедi.
Сән эстетикасын, мiнез-құлық эстетикасын, яғни мiнез мәдениетiн халық қастерлеп: «әрбiр iстiң мәнi бар, әрбiр заттың сәнi бар», «сәнсiз өмiр жоқ», «мiн – мiнезден», «жаман мiнез жарға жығады», «әдептiлiк - әдемiлiк», «әдеппен сөйлеп әдеттен» дейдi де, сән мен мiнездi эстетикалық тәрбиенiң бiр тiрегi етiп көрсетедi. Ұлы әл-Фараби: «Жаман мiнез-құлық – рухани кесел» дейдi (о.с. 21-бет).
Эстетикалық тәрбие мектептегi әдебиет (өлең, әңгiме), тарих (тарихи тұлғалар), жағрафия (туған жер көркемдiгi) музыка, сурет т.б. сабақтарда бiртұтас (оқыту және тәрбиелеу) мақсатпен жүргiзiледi. Сабақтан тыс үйiрмелер, кештер, жиындар арқылы, мектептен тыс театрлар, кинотеатрлар, теледидар арқылы және кiтапханалар мен клубтар арқылы жүргiзiледi. Әсiресе, көркем әдебиеттi оқу, кiтапхананың жұмысының мәнi зор, ықпалы мол.
Эстетикалық тәрбие беру iсiнде педагогика ғылымы гурмандық («талғампаздық»), абстракционизмдiк (дерексiздiк), топмузыкалық (таралымды музыка), модернизмдiк (сарыуайымшылдық), «таза өнер» деп, қоғам түсiнiгiне жат өнердi уағыздаушылық сияқты ағымдардың тәрбие iсiне керi әсер ететiнiн дәлелдейдi, сөйтiп «жаңалық жасадым» деп көркемдiктiң көркiн бұзатын «жалған жаңашылдықтың» этнопедагогикаға да жалпы педагогикаға да зиянды екендiгiн айқын көрсетедi.
Эстетикалық тәрбиенiң негiзi – этика болса, сол этика (әдеп, әдептiлiк) қазақ этнопедагогикасының мәдени-рухани iргенегiзi. Ал, дәстүр, салт, салт-дәстүр, салт-сана ұлттық тәрбиенiң эстетикалық мәдени-рухани сәулетi болып табылады.
Өркениеттiлiк (цивилизация) – ұлттық мәдениеттiң шарықтап өсiп, қалыптасуына алып барса, эстетикалық тәрбие сол әсемдiк әрекетiнiң тiрек-тiзгiнi, алтын арқауы. Сондықтан эстетикалық тәрбиенiң жаңғырып (инновацияланып) қолданылатын тәсiлдерi мен әдiстемелерi мол. Ол тәжiрибелi ұстаздардың iс-әрекеттерiнен айқын байқалып, тәрбиелiк орнын табады. Ол үшiн кiтаппен жұмыс, театр, кино, теледидар, компьютер т.б. техникалық құралдарды пайдалану тәсiлдерiн тәрбиелеушi жан-жақты жақсы пайдалана бiлуге мiндеттi.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   69   70   71   72   73   74   75   76   ...   143




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет