8. Тәрбиенiң ұжым арқылы тәрбиелеу теориясының негiзiн қалаушы – А.С.Макаренко болды. Шын мәнiнде, жеке адам – ұжымның, отбасының, қоғамның бiр мүшесi болғандықтан, оны «бөлек» тәрбиелеуге болмайды. Педагогика ғылымы жеке адамды ұжым арқылы тәрбиелеудi негiзгi педагогикалық мақсат деп қарайды. «Көппен көрген – ұлы той», «жалғыз жүрiп жол тапқанша, көппен жүрiп адас», «көпке топырақ шашпа», «жалғыздың үнi шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп, халық жеке тұлғаның «көп» арқылы ғана адам болып қалыптасатынын дәлелдейдi. «Басшы болсаң көппен сырлас, көптiң мұқтажын өте» дейдi ұлы тәлiмгер М.Х.Дулати. Яғни тәрбие мақсаттарын көпшiлiкпен, қоғаммен сабақтастыра бiлу – жеке адамды ұжым арқылы тәрбиелеудiң ең тиiмдi тәсiлi.
9. Тәрбиенiң «гуманизм» теориясы жас ұрпақты адамгершiлiкке тәрбиелеу мақсатын көздейдi. Ұлттық дәстүрлi тұжырым бойынша имандылыққа тәрбиелеу мақсаттары – этнопедагогика және этнопсихология ғылымында тәрбиенiң алтын арқауы ретiнде баяндалады. Адамгершiлiктiң негiзi – имандылыққа тәрбиелеу мақсаттары жеке тұлғаның сенiмiн, адамгершiлiк қасиеттерiн қалыптастыруды көздейдi. Имандылық негiздерi - әдептiлiк, инабаттылық, қайырымдылық, мейiрiмдiлiк, iзеттiлiк жеке адамның санасында тәрбие арқылы қалыптасады. Гуманизм (адамгершiлiк) теориясы жалпы адами тәрбиемен тiкелей сабақтасып жатыр. Гумандық (кiсiлiк) – имандылықтың алғы шарты болғандықтан тәрбиенiң гуманизм теориясын педагогика ғылымы тәрбие iсiндегi ең басты нұсқа деп қарайды. Тәрбиенiң барлық саласында сабақтасатын имандылыққа тәрбиелеу, гуманизм теориясы педагогика ғылымының тәрбие теориясының алтын арқауы, тәрбие iсiнiң қозғаушы күшi, түп негiзi болып табылады. Имандылық, гуманизм (кiсiлiк) теориясының негiздерi адамзаттың барлық дiни қағидаларында, әсiресе мұсылман дiнiнiң хадистерiнiң негiзгi тәрбиелiк арқауы (иман – сенiм, алланың ақ жолына сенiп, иманды, әдептi, инабатты, iзеттi болу). Педагогика ғылымы мен дiни қағидалардың (қадистердiң) сабақтастығы бiрiн-бiрi қуаттау жалпы адамзат тарихында тәрбиенiң дiннен бөлiнбейтiнiн көрсетедi.
10. Демократизм теориясы тәрбие iсiнде еркiн пiкiрлесу, өзiн-өзi басқару, ұжым мүшелерiнiң, елдiң, жалпы адам баласының жағдайымен санасуы, игi рәсiмдердi қолдауды, Отанға, жалпы адам баласына қызмет етудi, кең құқықтық дәстүрлердiң қалыптасуын көздейдi. Бұл теория – жеке билiкке, теңсiздiкке, өзбiлермендікке қарсы, iс-әрекеттi басқаруда жеке билiктiң орнына ұжымдық ұйғарым, азшылықтың көпшiлiкке бағынуын негiзге алады. Демократизм теориясы бойынша көпшiлiктiң жеке тұлғамен пiкiрлесуi, оның өмiрiмен, жағдайымен, өзiндiк ерекшелiктерiмен, пiкiрiмен санасуы iске асырылады. Яғни, бұл теория жеке тұлғаны дәрежесiне қарай алаламайды, оны топқа, руға, ұлтқа, нәсiлге бөлмейдi.
Мектепте ұстаз шәкiрттерiне өз баласындай, өз досындай, пiкiрлес жолдасындай, серiктес, ата-анасындай қамқоршы болуға мiндеттi. «Өзiн өзi басқару» жүйесi қалыптасқан оқу орындарында «билiк» iсiн (басқаруды), тiптi, оқыту iсiн де шәкiрттер ынталана үйренедi, оны iс-әрекетте қолданып, дағдыланады.
Демократизм теориясының мақсаттары жеке тұлғаның белсендiлiгiн, iске ықыласын, ынта-жiгерiн арттырады, «өзбiлермендікке», «жалған жаңашылдыққа», «жағымпаздыққа» жол бермейдi. Демократизм және гуманизм теориялары бiрiн-бiрi толықтырып, жалпы тәрбие теорияларының негiзiн құрайды. «Көп көндiредi, терең батырады», «досы көппен сыйлас», «кекшiл болма, көпшiл бол», «халық қалт айтпайды» деген халық мақалдары демократизм теориясының тұжырым түйiндерi iспеттес. «Көптi жамандаған көмусiз қалады» дейдi халық. Көптi сыйламаған, көптiң қамын ойламаған басшы «демократ» емес, нағыз эгоист. Демократизм қағидалары ондайдан аулақ болуды уағыздайды.
11. Ұлттық тәрбие теориясы. Қандай тәрбие болса да, белгілі бір ұлттың тілінде, сол ұлттың тәлім-тәрбиелік құндылықтары (әдебиеті мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін, тәрбиелік ой-тұжырымдарын) пайдалану арқылы іске асырылады. Яғни ұлттық тәрбие негізі – халықтық педагогика. Қазақ халық педагогикасы (қазақ этнопедагогикасы) - қазақ халқының тәлім-тәрбиелік құнды құралы болып табылады.
Семинар сабақтары:
Қазақ этнопедагогикасы пәнінің анықтамасы және құрылымы.
Ұлттық тәрбиенің алтын арқауы - қазақ халық педагогикасы.
Қазақ халық педагогикасының теориялық тұжырымдамалары.
Қазақ халық педагогикасының алғышарттары.
Тәрбие теориялары және ұлттық тәрбие жүйесі.
Ұлттық тәрбиенің мәні мен мақсаттары.
Аралық бақылау жұмыстары:
Қазақ халық педагогикасының әдіснамалық негіздері.
Қазақ халық педагогикасының теориялық негіздері.
Қазақ халық педагогикасының ғылыми негіздері.
Қаақ халық педагогикасындағы ұлттық тәрбие жүйесі.
Ұлттық тәрбие тағлыдарының диалектикалық негіздері.
Ұлттық тәрбие мақсаттарын жүзеге асыру заңдылықтары.
Ұлттық тәрбие тәжірибелері.
Студенттердің өзіндік жұмыстары:
«Қазақ энопедагогикасының құрылымы» тақырыбының сызбасын түз.
«Қазақтың салт-дәстүрлері және ұлттық тәрбие» тақырыбының сызбасы.
« Тәрбие теориялары» тақырыбының сызбасын түзіңіз.
Мына терминдерге түсінік жазыңыз:
Игі әдет
Әдет-ғұрып
Әдеп
Дәстүр
Салт
Салт-сана
Ұлттық тіл
Ұлттық тұлға
Ұлттық рух
Ұлттық намыс
Ұлттық сана
Ұлттық мәдениет
Ұлттық әдеп
Ұлттық ар-намыс
Ұлттық сенім
Ұлттық мақсат
Ұлттық дағды
Ұлттық талғам
Ұлттық мінез
2. ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ - ТӘРБИЕ НЕГІЗДЕРІ
Достарыңызбен бөлісу: |