285
Ертегілік қазақ дастандары ескі әпсаналар мен хикаяларды негізге
алады да, сол сюжеттерді дәстүрлі эпос пен шығыс дастанының
поэтикасын ұштастыра жырлайды. Мұндай дастандар, негізінен, XIX
ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бірінші жартысында пайда болған, ал
мұның
өзі қазақтың фольклорлық, әсіресе эпикалық дәстүрі кеңес өкіметі
кезінде де өшпегенін айғақтайды. Осындай шығармалар деп "Құбағұл",
"Жаскелең", "Құламерген", "Аяз би", "Қыдыр, ақыл, бақ", "Жетім мен уәзір"
сияқты дастандарды атауға болады. Бұлардың қиял-ғажайып сипаттағысы
XIX ғасырда, ал тұрмыс-салт сипатындағылары XX ғасырда дастанға
айналған. Алғашқылары көбінесе батырлық эпос үрдісінде болса, кейінгілері
хикаялық (новеллалық) дастанға жақын. Мәселен, XIX ғасырда пайда болған
ертегілік дастандардың мазмұны әртүрлі болғанымен бәріне ортақ, мынадай
типтік сюжетті анықтауға болады;
I. Перзентсіз ата-ана, кейіпкердің ғажайып тууы мен өсуі;
II. Қыз бен жігіттің бір-біріне түс көріп, ғашық болуы;
III. Жігіттің қызды іздеуі, қыздың ауылына келуі, екеуінің кездесуі;
IV. Жігіт пен қыздың қашуы, қуғыншылардың жетуі;
V. Қуып келген қолмен жігіттің шайқасуы, жеңуі, еліне аман-есен келуі.
Дастандар
қыз бен жігіттің қосылып, ұлан-асыр той жасауымен
аяқталады.
Хикаялық сипаттағы ертегілік дастандарда түпнұсқаның сюжеті
толық дерлік сақталады, сол себепті оларда ортақ типтік сюжет
байқалмайды, оның есесіне ертегінің көптеген белгілері бой көрсетеді,
әсіресе, жағымды кейіпкерлердің ізгілікті қасиеттері
мен іс-әрекеттері
төркінімен ұқсас болып келеді. Мұнда қазақтың төл фольклорына тән
далалықтар өмірі шаһармен қатарлас көрінеді. Оқиғалар далада басталып,
қалада жалғасады, хандық мемлекеттің нышандары көрініс табады.
Сонымен, күллі мұсылман жұртына тараған дастан жанры қазақ
топырағында да кең қанат жайып, ұлттық фольклорымыздың құрамында
толыққанды дербес сала ретінде орнықты.
Шығу тегі мен мазмұнының
сюжеттік негізі және кейіпкерлердің алуан түрлі болғанына қарамастан
дастандар қазақ фольклорлық дәстүріне сәйкес жырланып, ұлттық
фольклордың поэтикасы мен көркемдік әдісіне, жалпы заңдылығына
бағынған. Соның арқасында шығыстан
енген сюжетті баяндайтын
дастандар "қазақыланып", төл туынды ретінде қабылданған. Дастанды
тудырған белгісіз ақындар мен жыршылар шеттен келген шығармаларға
ұлттық сипат пен қазақ рухын сіңірген. Сөйтіп, олар ел арасына қазақ
дастандары болып тараған.