Қазақ фольклоры: МӘНІ, теориясы, тарихы



Pdf көрінісі
бет107/115
Дата29.04.2023
өлшемі2.48 Mb.
#473003
1   ...   103   104   105   106   107   108   109   110   ...   115
Ой өріс

 
 
 
Кенесары - хан болды,
Үлкен ұлы Қасымның,
Шұғаның қиқымы,
Сынығындай асылдың.
Ғылымның білді жасынан
Неше түрлі пасылдың! —
деп сипатталады Кенесары 
аталмыш жырда [3].
Көңіл бөліп айтатын нәрсе: қолда бар фольклорлық мәтіндерде 
Кенесары бейнесі айтарлықтай эпикалық әсірелеуге ұшырамаған. Оның іс-
әрекетінде ешбір гиперболалық белгі жоқ. Демек, Кенесары туралы аңыз-
әңгімелер классикалық фольклордың поэтикасын бойына түгел дарытпаған. 
Мұның өзі Кенесары бейнесін фольклорлық кейіпкерге толық айнала 
қоймағандығын байқатады. Ол халық түсінігіндегі шындыққа жақын 
бейнеленген, бірақ соған қарамастан Кенесары - идеалды кейіпкер, мінсіз 
адам, әділ хан ретінде суреттеледі. Ол бірнеше сипатта көрінеді. Егер 
жүйелеп айтар болсақ:
Кенесары - идеалды қаһарман, билік тізгінін мықтап үстаған әмірші, 
күллі қазақты өзіне қаратқан хан. Оның қол астына атақты батырлар 
жиналған. Олар ханның ордасын - мемлекет орталығына айналдырған. 
Жыршыны тыңдайық:
Хан болды Кенесары Орта жүзге,
Жайылды әруағы өзге жүзге.
Хакім боп, жеті жұрттан иығы асты,
Жарамас шөп салуға басқан ізге
[4].
Кенесары - жай ғана хан емес. Ол - ел қамын жеген хан. Қазақ елінің 
еркіндігін, елдігін сақтауға күш салған әмірші. Жұртқа өз ойын ашық айтып, 
бостандыққа шақыратын көшбасшы. Міне, Кенесарының халыққа айтқан 
сөзі:
«Біздің бұл Сарыарқадағы қазаққа: «Бізге бағын, қара», - деп, Ресей 
патшалығынан келді... Екінші жағынан Қытайдан да елші келіпті». Сонда 
Кенесары: «Қарама, өзіміз ел боп тұралық. Қазақ хандығын құралық», -депті 
[5].
Сол замандағы қазақ батырлары жасақтарымен Кенесарының қасында 
болып, оның бұйрықтарын екі етпей орындап, жеңіске жетіп жүреді. Бір 
аңызда былай делінеді:
«Кене ханның қол астына қазақтың батырлары бастаған 14 мың қол 
жиналды, ат жақсысын мінді, сауыт жақсысын киді. Бұлар өздерінің ордасын 
Алтай-Қарпықтың ортасы - Құланөтпеске тікті. Кіші жүз, Ұлы жүзден де 
қайраты бойына сыймай келген атақты батырлар да Кененің қолына қосылып 
жатты» [6].
Тағы бір мәтінді оқып көрелік:


275 
«Қайраты қара бастан қайтпаған алып ер Тамадан Жолдыаяқ батыр, 
Өмірзақ Тоғалақ батыр, Құшақ Бәйтелі батыр, Тарақты Құлжан батыр 
бастаған батырлар 10 мың әскермен Кененің Көкшетаудағы бекініс қамалына 
қосылды. Әскері көбейіп, күші артып, енді Николайға ойран салуға ойлады» 
[7].
Келтірілген мысалдардан Кенесары - ұлы күрестің ұйымдастырушысы, 
басшысы екенін көреміз. Кейбір әңгімелерде Кенесары жауынгерлерінің 
Ресей әскерімен ұрысы баяндалып, ханның ақылды да айлалы қолбасшы 
болғаны көрсетіледі. Осы ұрыстарда да, басқа да қиын жағдайларда 
Кенесары алды-артын терең ойлап, кең пішетін басшы ретінде көрінеді.
Кенесары - ақылшы, батагөй абыз, тапқыр шешен, бекзат болып 
бейнеленеді. Әрбір жауапты, қиын іс Кенесары бата бермей істелмейді. 
Жорыққа шығарда, шайқасқа енерде ол бата беріп, ақ жол айтып кіріседі. 
Оның батасы фольклор дәстүрінде болып келеді. Мысалы, Тілеуқабақ 
жұртына кетіп бара жатқан Наурызбайға берген батасы мынадай:
Он сегіз мың әлемге
Патша болған құдайым,
Көз жасымды қабыл ет,
Мінажат етіп жылайын [8], —
деп бастап, 124 мың 
пайғамбарға, 33 мың сахабаға, 4 шариярға т.б. әулиелерге жалынады, Абылай 
хан аруағынан көмек сұрайды. Бұл бата халық ұғымына сәйкес. Жыршы 
Кенесарының аузына әдеттегі батаны салып отыр. Оның ойынша Кенесары 
халықтан алшақ емес.
Кенесары әділ би, шешен ретінде әр түрлі ережелер мен шарттарды да 
заңдастырып, жүзеге асырып отырады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына бір 
аңызға көңіл бөлейік.
Кенесары, Наурызбай, Балаби, Басығара жиналып отырғанда Ағыбай 
ханнан сүрайды:
- Егер бір қарашы екіншіні өлтірсе, құны не болады? - деп. Хан:
- Ердің құны 30 түйе болсын! - депті.
- Төренің құны не болады? - депті Ағыбай.
- Төренің құны - 100 түйе һәм таңдамалы қыз, қара кілем, қара нар 
болсын! — депті Кенесары.
- Ұрғашының құны қандай? - депті Ағыбай.
- Қалың малы қандай болса, құны сондай және 20-30, 5-10 түйе үстіне 
артық төлейді [9], - депті хан.
Міне, бүл мәтін – кәдімгі шешендік сөздің үлгісі. Фольклорда жиі 
кездесетін «сұрақ-жауап» түрінде құрылған тапқырлық сөздерді айтқызу
арқылы Кенесарыны ақылгөй, білгір шешен етіп көрсетеді аңыз. Бұл да -
Кенесарыны дәріптеу.
Кенесары бекзаттықты, хандық жолды бәрінен жоғары қояды және өзі 
кісілікті, жомарттықты қатты ұстанады. Бір ғана мысал келтірейік. 
Наурызбай мен Ағыбай Тілеуқабақтың жылқысын барымталайды. Оларды 
Ханшайым қуып жетіп, өзінің тапқырлығымен, ержүректігімен Науанды 
тәнті етеді. Науан айдап келе жатқан жылқыны Ханшайымға сауғаға тастап 


276 
кетеді. Ордаға келіп, Кене ханға болған жағдайды айтады. Риза болған 
Кенесары:
Етіпті, - деп, - қарағым, хандық жолды,
Жылқы алғаннан бұл ісі он есе артық! [10] -
дейді де, елді 
шақырып, ұлан-асыр той жасайды. Кенесары ханның байлығы, сән-салтанаты 
кәдуілгі Шығыс елдерінің падишаларынан кем емес. Оның жомарттығы, кең 
пейілдігі хандық затына сай. Жыршылар Кененің мырзалығын көтермелей 
айтып, оның пайым-түсінігінің, ақсүйекке лайық заттылығын барынша 
дәріптейді. Мысалы, қалыңдығына кетіп бара жатқан Наурызбайға берген 
сыйы мынадай:
Қазына-жабдық артты тоғыз нарға,
Барсын деп салтанатпен мәхбур жарға.
Қос берді падишалық алтын шатыр,
Дүние мұқтаж емес еш оларға...
Не асыл інжу-маржан алды тастан,
Жабдығын тамамдады аянбастан.
Кене хан аттандырып, амандасып,
Айтады ақыл-хайла бір-бір бастан
[11].
Бұдан да артық сый-сияпатты Кенесары хан Наурызбайдың қайын 
ағасы Мұсаға, онымен бірге келген жолдастарына жасап, қазақтың «тоғыз 
сыйлау» салтын толық орындайды. Келтірілген мысалдардан көретініміз - 
халықтың «хан қандай болуы керек» - деген түсінігі. Өмірде Кенесары 
осындай кең, осындай жомарт болды ма - белгісіз. Бірақ фольклор оны 
осындай етіп бейнелеп отыр.
Фольклордағы Кенесары - көріпкел, сәуегей, келешекті болжаушы. 
Үйде, Ордада отырып, түзде болып жатқан оқиғаны сезіп, біліп отырады. 
Наурызбайды, Ағыбайды, басқа да батырларды сынап, олардың қасиеттерін, 
ерекшеліктері мен кемшіліктерін жіті аңғара біледі.
Кенесарының тағы бір қасиеті — түс жорып, алдағыны болжауы. Бірде 
ол Ағыбайға өз атасы Абылайдың түсін еске алып: «Менің Сыздығымнан 
кейін солай боламыз ғой!» — дейді.
Кенесары өзінің көрген түсін Ағыбайға жорып, былай депті: «Біздің 
бағымыз алдымызда, артымызда қалатын бақ жоқ, өзімізбен бірге кетеді, ал
сенің бағың артыңда қалды»
[12].
Халық аңызының айтпағы - Кенесары өз тағдырын, әулетінің 
болашағын алдын-ала болжап, біліп кетті. Өзінен кейінгі ұрпағы көптің 
арасына сіңіп кететініне, бүкіл ата-бабасынан келе жатқан бақ пен даңқтың 
өзімен бірге өшетініне көзі жетіп кетті.
Кенесары - идеалды кейіпкер болғандықтан оның бойында тағы бір 
ерекше қасиет бар. Ол - оның кереметтігі, көзінің магиясы. Ол сұқтанып, 
қатты мән бере қараса, көзі тиеді, сөйтіп оның назарына ұшыраған адам 
жарық дүниемен қоштасады. Осы халге Ханшайым сұлу ұшырайды.


277 
Наурызбай қалыңдығы Ханшайымды Ордаға әкеліп, той өткізеді. Елдің 
бәрі келіннің сұлулығына қайран қалады. Жұрт мақтаған соң келінін көрейін 
деп Кенесары Ордаға келеді. Ағыбайға жабықты ашқызып қараса, Наурызбай 
мен Ханшайым әзілдесіп отыр екен. Кенесары қыздың сұлулығына таң 
қалып, оның нұрлы жүзіне назар салады. «Әйел заттың сұлуы екен», - деп, 
іштей риза болып, үйге қайтады, бірақ өзінің сұқтанғанынан секем алып 
қалады. Көп ұзамай Ханшайым да ауырып, әні-міне дегенше, қайтыс болады. 
Ештеңеге түсінбей, аң-таң боп, шулап жатқан жұртқа Кенесары келіп: 
«Жарандар, шешіндіріп қараңдаршы, ғаріпті өз назарым ұрды», - дейді. 
Айтқанындай, шешіндіріп қараса, екі өкпесі қарайып кетіпті.
Халық түсінігіндегі Кенесары - тек ақылды хан емес. Сонымен бірге ол 
ерекше адамға даритын керемет қасиеттердің иесі. Ол іспен, сөзбен ғана 
емес, көзбен де, ниетпен де нәтижеге жете алады. Ендеше халық ұғымындағы 
Кенесары жай адам емес, құдайдың таңдап алған құдіретті адамы, сол себепті 
оның өзі де, ісі де айрықша. Фольклордағы Кенесары - халықтың «әділ де, 
мінсіз патша» туралы идеалды образы. Оның бойында ханда болуға тиісті 
ізгілікті қасиеттің бәрі жинақталған, халық қиялындағы, ел арманындағы 
ханның бейнесі көрініс тапқан.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   103   104   105   106   107   108   109   110   ...   115




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет