Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет2/29
Дата24.04.2016
өлшемі2.39 Mb.
#78735
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Осы реткі мылтық жинау комиссиясының ең өлермені, Көктоғай ауданының әкімі – Шуй, сақшы бастығы – Жау бастаған топ болды. «Пәле басы – Көктоғай ауданы. Не шықса да алдымен осылардан шығады», – деп қорытқан мылтық жинаушылар ел аралап, халықты мылтық тапсыруға зорлады. Ел ішіндегі жансыздарын іске салып, Есімхан, Сайып, Ақтеке бастаған 60 адамның ізіне түсіп, күнделікті әрекеттеріне аңду салды. Аты аталған осы кісілер өткенде Ақыт қажыны құтқарып қалмақ болып әркеттенген болатын.

Ақыры Есімхан Иманбайұлы үкіметтің өздерін ұстайтынына көздері жеткеннен кейін тәуекелген бел байлап, сайып Қалелұлы, Ақтеке би, Еңсеген Шағалақұлы, Әбубәкір, Кенжебай, Қапас, Қаратыр Кешұлы бастаған 30-дай адаммен бас қосып, қанға қол малып, анттасып, көтеріліс бастауға кірісті. 1940 жылы қаңтардың соңына ала мылтық жиюға шыққан Шуй әкім елді Өндірқарадан құлдай аралап, әр ауылға барғанда мылтық, қанжар, оқ-дәріні дайындап қою керектігін, қайтар жолда ала кететінін ұқтырып отырды және Есімхан ауылы тұрған Өндірқараға Кәрім деген ұйғыр шпионды мәлімет жинауға тастап, Есімхан ауылын тікелей бақылауға тапсырды. Бұлдардың қайтар кезін тосқан Есімхан көзеулі күні ең алдымен Кәрімді ұстап, 60 дана оғы мен мылтығын олжаға алып, өзін байлап тастайды. Оны тінту кезінде жаңағы 60 адамның тізімі және басқа да құпия құжаттар мен мәліметтер шығады. Ел ішіне аңду қойып, сақтықты күшейткен Есімхан, қайта оралып келіп қалған комиссияның алдынан шығып, оларды әдейі дайындаған Оқан залыңның үйіне түсіреді де, осы күні түнде ұйықыдағы Шуй әкім мен мекеме бастығы бастаған Жау 6 адамға Кәрімді қосып өлтіріп, екі бесатар, төрт-бес жанқұрал олжа алады.

Ақпанның 1-і күні түнде Өндірқарада өткен бұл ахуалды Қарабұлғындағы Қалел тәйжінің баласы Сайып пен ағасы Ақтеке би ертесінде естиді. Бұл күнде төсекті белден салып, үйде жатудан қалған Сайып, жылқы күзетеміз деген сылтаумен далада таң атыратын. Ақпанның 2-ші күні оны Есімханның хабаршысы күн шыға белгілі жерден тапқанда, ауылынан шапқылып інісі Ғазез келіпті: «Сарыноғай бастаған үш адам сені шақырып жатыр», – деген хабар әкеледі. Тәуекелге бел буған Сайып пен Ақтеке би, Әбішат бастаған бірнеше жігітті жиып ауылына келеді. Келсе – үй алдындағы түйе қораның есігіне мылтығын сүйеп қойып бір әскер отыр. Маузер асынған бір офицер темекі тартып жүр, ал Сарыноғай1 ат суаруға өзен бойына кеткен екен. Сайып үйіне кіріп, киімін жеңілтектеніп, қайта шығып, жаңағы офицерге таяғанда Әбішат бастаған екі жігіт әскердің жанына да барып қалады. Офицерге амандасар болып қолын бергенде Сайып бір қолымен шашынңан алып, жағаласып кетеді. Бір рет алып соғып бастырмай тұрып кеткенде, екінші рет және алып ұрып шалқасынан түсіріп, қолының қарымын тізесімен басып отырып, пышағын суырып алып, бауыздап жіберіп орынынан тұрғанда, әлгі әскерді Әбішат та байлап үлгерген еді. Атына міне салып, өзенге артқан Сайып, қабақта тұрып Сарыноғайды шақырып: «Әкең Шың шы цай өліп қалыпты. Соны саған естіртейін деп келдім», – дейді. Суық хабар естіп шошып қалған Сарыноғай: «Ой, сен не деп тұрсың?!», – деп қабаққа шыға келгенде ат үстінен алыса кетіп, аттан жұлып алып жерге түсіріп байлап тастап, сұраққа алады. Сұрақта Сарыноғай: Ақтеке мен Сайыпты ұстағалы келгендігін мойындайды. Сұрақ біткен соң, ат тақымына салып сүйретіп, ұрандатып ауылды айналып шығады да, Ақтеке бидің үкімімен атып тастайды.

Түнімен әрекеттенген Ақтеке би ертесі өзіне қарасты қарақас руының еркек кіндіктісін түгел жинап былай дейді: «Біз көтеріліс бастадық. Бұл өзіміз іздеп тапқан іс емес. Үкімет зорлап кіріптар етті. Ең әуелі Қалелді алды, Ақытты алды, басқа ұлы қарияларды әкетті. Енді мылтық тықтың деген сылтаумен, мына Сарыноғай секілді сатқындарды жіберіп, бізді ұстауға кірісіпті. Алдыңғылардай қапы кетпейік деп, олардан бұрын қимыл жасадық. Енді алда ауыр-жеңіл күн туады. Ағайын сол кезде сендер едіңдер ғой осыған кіріптар еткен демеңдер! Бізбен ілесетіндерің өрлей көш. Ілеспейтіндерің шекараңды бөл, құлдап қон! Қарызың қалмасын! Бірақ бір ғана айтарым, жақсылық бұл үкіметтен келмейді», – деді.

Сонымен бұл іске қосылғысы келмеген елдің аз бөлігі Буырылтоғай жеріне таман жылжығанда, көтеріліске аттанған 500-дей үй Үліңгір өзенін өрлеп Сарытоғайға бет алды. Көктоғай елінің көтеріліске аттанғанын естігенде Ырысхан, Ноғайбай, Зәтелбай, Мұса мерген бастаған Шіңгіл елі қосылғанда 1000-ға тарта түтін болып, ақ қар көк мұзда сойыл, шоқпарларын қолдарына алып, қанқұйлы зұлым үкіметпен күресуге аттанды. Төңкерістің басы-қасында болып 1941 жылы Шың шы цай үкіметі құдыққа тастап өлтірген көктоғайлық ақын Тоқтамағзам Қуандықұлы осы күнді былай жырлаған екен:

Алдымен Мәнкей, Қалел, Ақытты алды,

Жетпістің жетеуінде кәрі шалды.

Шың дубан суретіне бас игізіп,

Істерден біздің сондай көңіл қалды.
Ел жақсысын айламен қолға алды,

Күңіреніп қайран мекен иен қалды.

Мешітті кеңес үй ғып, құранды өртеп,

Шың шы цайдың қылмаған несі қалды.

Шың шы цай жоқты тап деп қинаған соң,

Есімхан шәнді өлтіріп бүлік салды.

..............................................................

Көрмеген таң қалады ісімізге,

Мұндай іс кірмеп еді түсімізге.

Еріксіз бұл қимылды әділдік жоқ,

Істетті Шың шы цайдың күші бізге.
Бұл өлеңдер Шың шы цайдың асқан зорекер, тағылық, қорлау, кемсіту, әділетсіз, қанпезерлігіне қарсы шықпауға шарасы қалмағандықтан көтеріліс жасағандығын көрсетеді. Осыдан соң Алтай халқына, соның ішінде Көктоғай, Шіңгіл еліне соғыстың от-жалыны жалайтын үрейлі сын сағаттары соқты. Сарысүмбе қалашығының халқы ол кезде шағын ғана еді. Қазақ, ұйғыр, қытай, монғол, дүнген, орыс сияқты ұлттардан құралған қызметкерлер, оқушылар, саудагерлер, қолөнершілер, алтын қазушылар сияқты әртүрлі кәсіппен шұғылданушылар болатын.

Мылтық жинау комиссиясы деп аталған, Жу деген басшылық еткен 100-ге жуық қарулылар қалаға келіп, жиын ашып, мылтық жинауға кіріскен кездерде, аласапыран болып, кәсіпшілер кәсібінен айырылған еді. Жудың адамдары әр ауданға бөлініп, мылтық жинауға кеткен соң ғана, кәсіп иелері тыныстап, күнделік әрекеттеріне кірісе бастады.

Ақпанның сақылдағы сары аязында Алтайдың жон тауынан дөңбек тартып, Сарысүмбеге жеткізуге кірісті. Олар жылдағы әдеттері бойынша 10-15-тен ұйымдасқан қосын болып, қар бұзып, жол салатын аттарын ерекше таңдап, мұзға салса таймайтындай етіп тағалап, жолға аттанып жатты. Тар көшелі қаланың түн ұйқысын бұзатын қарлы көшеден сүйреген дөңбектің сықыры, ат айдаушылардың ысқырығы қосылып, у-шу болып жататын.

700 адамды жинап алып «мылтық жинау» әрекетін жүргізіп жатқан кезде, зым-зия жоғалып, үндері ішіне түсіп кеткен қаланың кәсіпкер-саудагерлері дүкендерін ашып, сауда-саттығын істеп, қасапшылар қасапқа мал ұстап, аспаздар көшені басына көтере айғайлап, қайтадан тіршілігін бастады. Мылтық жинау комиссиялары аудан-аудаға барып іс жүргізгеніне 1 ай болар-болмастан, сан-сапалақ доклодтар келе бастағанымен, тапсырылған қару-жарақтар жоқтың қасы болды. Әуел десең Қаба ауданынан келген жолдамада: «Елінде 100 мылтық бар деген Қомбыжап үкірдайдың елінен бір тал оқ та шықпады», – делініпті. Енді не істеу керек? Дәл осындай торығып тұрған күндердің бірінде Алтайдағы әскердің қолбасшысының қолына Көктоғай сақшы мекемесінен құпия хат әкелініп тапсырылды. Генерал хатты өзі ашты да, көзілдірігін тағып, хатты оқи бастады. Оның қолы қалтырап, денесі селкілдеп, отыра алмай орынынан тұрып кетті. Ызаға булығып, әрбір эскадрондарға телефон соғып, штабқа тез жиналу бұйрығын берді.

Суық хабардың үрейлі түні өтіп, таң атысымен Сарысүмбе қалашығына тағы да сұрқия суық түстер, қаһарлы сөздер көтеріліп халық ортасына таралып жатты. Сол түні іңірден бастап үкімет әскерлері бас аяғы ат шаптырымдай Сарысүмбе қаласының қора-қорасына кіріп, ат атаулының қиын сыпырып жинап алды. Дөңбек тартуға кеткен кәсіпкерлердің жолын тосып, дөңбектерін жолға қалдырып, аттарын тартып алып жатты. Атқа таласқан кейбір азаматтар қолды болды да кетті.

Көктоғайдағы қозғалысты тез жаныштау үшін ат пен ертоқым аса қажет еді, бұл уақыт күттірмейтін, есеп соқтырмайтын, ауыз аштырмайтын, алдына кезіккенді қабан тісімен орып қансыратып кете беретін қатерлі шақ еді. Алтайдың аудандары мен қыстақ, қалашықтарына түн-түнемей жеткізілген суық хабар, үкімет орындарының қарбаластығын қат-қабат күйге түсірді. Жер-жердегі мылтық жинауға барған Жудың адамдары қысқы інге кірген ордалы жыландардай аудан-ауданды тастап қашып, Сарысүмбеге келіп паналады. Әр ауданнан тағы бір бөлім адамдар тұтқындалып, халық басына қара тұман шүйлікті. Елбасылары Ақтеке, Ноғайбайлардың бастауымен Есімхан, Ырысхан, Сайып, Сүлеймен, Мұса, Сұлубай сияқты жастық оты жалын шашқан алғыр азаматтар сенімдерін әлде қашан әйгілеп болған. Сондықтан да олар жастардың ұйымдасып, қосын құруына ұйытқы болды.

Ақыт қажы мешітінідегі ойраншылық пен дінді қорлау, халықтың ар-намысын аяқ асты ету, халықтың керітартпа үкіметке деген ыза-кегін туғызып, санасын оятты. Осындай астаң-кестең дүниеде от жүректі, өткір ойлы жігіттер мен өмір сабағын көңілге тоқыған қарттар ақыл қосып, ұйымдастырылған халық күші қалыптасты. Халықтық қосынға Ақтеке би сөз бастағанда былай деді: «Халық үшін сенің жаның күймесе, халқың күйеді. Тәуекел түбі жел қайық, мінесің де өтесің, уайым түбі теңіз, батасың да кетесің. Азаматтар, жендет Шың шы цайдың Алтайдағы бас кесерлері алғашқы топтарын аттандырыпты. Енді жасанған жаудан жанашырлық күтпеңдер. Жау сені аямайды. Олар шет тартып, мырышпен соғысады. Азаматтар, сендер топ жарып, сойыл, шоқпармен айқасыңдар. Күннің көбі олардікі. Түннің көбі сендердікі. Мылтықты әскерлерді өлтіріп тартып алмасаң, есіркеп саған ешкім бермейді. Жарты малтаны ас көріп, сусын қандыратын, жарты сағатты пайдаланып, ат жалын құшып ұйқы қандыратын күн туды. Батыр батырлар, қарауылға таласып, жаудың алдын алмасаң, табысқа жетіп, халыққа олжа салмасаң ер азамат деп кім айтар?! Мың сан қолмен шайқасып, жау алдында оққа ұшпай, шәйіт деп сені кім айтар! Ер етігімен су кешетін, арғымақ ауыздығымен су ішетін сын сағаттары деген міне осы. Санда бар – сапта жоқ, сәулетте бар – санатта жоқ болып жүрмеңдер. Халық үшін ер өледі. Еңбек өлмейді.», – деп Ақтеке би жігер үстіне жігер беріп, сөзінің соңын ақжол тілеп аяқтапты.

Алтайдың күн бетінен төңкеріс дауылы бұрқ ете түсті. Халықтың ішін көре білмеген төре, күшін де білмейді. Шың дубан көтерілісті бір жолғы зеңбірек гүрсілімен-ақ бастырып тастаймын деп ойлады.

Ол Алтайдағы штабына көтерілісті бірден жаныштауды бұйырды. Бірақ мәселе ондай оп-оңай болмады. Көтерілісшілер алғашқы айқасты Көктоғай ауданын алудан бастап еді. Соғыс көрмеген тәжірибесіздіктен және қару күші жетпегендіктен, аудандық үкімет ауласын басып алып, бірер қару олжа түсіргенімен, сақшы мекемесін ала алмай, кейін шегінді. Осыдан кейін Шың үкіметі Шонжыдан 200 әскер аттандырды. Олар Сарытоғайдағы Рысбектің қолымен екі күн соғысып, жеңіліске ұшырады. Партизандар көптеген қару-жарақ, оқ-дәрі олжалады. Көтерілісшілердің қаруланып, құралданғанынан қорыққан Шың үкіметі оны тез жаныштаб жіберуді ойластырды. 1940 жылы көкек айында Шонжыда генерал Яң де шанның басқаруында генерал Забелиннің ақылымен болат қапты машина, ауыр-жеңіл пулеметтермен қаруланған жеті мың әскер келіп, Шіңгілдің Шағанірге деген жерінде сұрапыл соғыс ашты.

Бірақ партизандардан қатты жеңіліске ұшыраған олар бірнеше тәулікке созылған соғыстан кейін патшалық Россияның ақ армиясынан қалған орыстың атты әскер полкін іске қосты. Полкті басқарған сары атты офицер партизандарды жекпе-жекке шақырып жалғыз шықты. Қылыш өнеріне жаттыққан орыс солдаты партизандар бөгелген сайын қылышың үйіріп, майданнан кетпеді. Сонда Ақтеке би кісесін мойнына салып Алладан тілек тілеп:

– Әй, азаматтар! Мынаған бір адам шыға алмау елге намыс болады. Шығыңдар бірің! Алла жар болады!, – деп дауыстады.

Осы кезде тосылған топтың ішінен сүйегі қарақас, жасы 60-тан асқан Түлек деген қария: «Мен барайын!», – деп сұранып ортаға шықты. Түлек қылыш ұстап көрмегенімен, сойылгер еді. Ел намысына бола қарашоқпарын сүйретіп жасанған жауға кетіп бара жатқан Түлекке ел болып тілек тіледі. Сары атын ойнатқан орыс офицері Түлекті мазақ еткісі келіп, екі рет жанап өтті. Өзінің қылышы өткір болғанымен, қазақтың сойылының ұзын екенін және өлімнен қорықпайтын батыр батыр екенін байқады. Байқады да алдымен сойлын шауып түсіріп, адамды құр қол қалдырып, мазақ етіп өлтірмек болды. Үшінші рет айқасқанда екеуі де жақын келісті. Орыстың ойын жете сезген жырынды сойылгер қарсы жағынан бұрын қимылдап, қалт жібермейтін жаттыққан қол самайды қате жібермеді. Орыс сары аттың жалын құша барып құлағанда, ұран салып, лап қойған көтерілісшілер орыс әскерлерімен қоян-қолтық сайысып кетті.

Сөйтіп жазалаушы полк ойсырай жеңіліп, 100-ге жуық адамынан айырылды. Сонымен 60 жастан асқан Түлектің ерлігі – сойылгерлігінің күшімен Шағанірге соғысында үлкен жеңіске жетіп, қару-жарақты тағы да толықтай түсті. Ертесі Шың үкіметі самолет жіберіп, аспаннан қағаз тастап, сары атты орысты өлірмеуді, орынына кімді қаласа, соны беретіндігін ұқтырды және құқай көрсетті. Бірақ партизандардың: сары атты орысты да, сары аяқ әскерлерді де амалын тапса, жер қаптыруға болады екен – деген сенімдері арта түсті.

Көкек айына келгенде көтерілісшілердің саны шұғыл артып 2000 түтінге жетті. Олар соғыса жүріп Бұлғын өзенін өрлей көшіп, Моншақ деген жерге жеткенде көктен самолет бомбылап, жерден броновик машиналар партизандар шебін бұзып, атты әскерлер қоршауға алды. Соғыс бас алдырмай бір жетіге созылды.

Сол орынға аман көшіп жеткен 2000-ға жуық түтіннен 2000-дай жасақ сығайланып, он шақты топқа бөлініп, қорғану соғысын жүргізді. Самолет шабуылында Ноғайбай қатарлы 9 сарбаз қаза тапты. Атты әскермен кескілескен ұрыста Зәтелбай бастаған 7 сарбаз қаза тапты. Тағы бір күнгі әуе шабуылында Ақтеке би ауыр жараланды. Алтай көтерілісшілері шайқасында бұл реткі «Моншақ шайқасы» – бұрынды-соңды өте ауыр шығындалған шайқас болды. Партизандарға бұдан да ауыр тиген жағдай, осы соғыста Монғолия шекарасындағы қалың қамысты паналаған ел-жұрт, бала-шаға монғол әскерлері оғының астында қалуы болды. Бұндағы себеп: «Кеңес үкіметімен дос болу» – деген Шың шы цайдың сөзіне алданған Кеңес үкіметінің емеурінімен жүретін Монғолия үкіметі партизанды қолдағанның орынына, жаныштау жүргізді. Сондықтан партизандар екі соғыстың ортасында қалды. Монғолия әскерлері қамысқа өрт қойып жіберді.

Осы себепті халықтың қырылып кетуінен алаңдаған партизандар бала-шағаны тастап, 1700-дей адам Қаптық тауында бас қосты. Қолда қалған ауылдардың малын тонаған Шың шы цай әскерлері 10-шақты адамды байлап-матап, Шіңгіл түрмесіне салып, қалған елді Көктоғайға қарай айдады. Бұл соғыста бала-шағамен қосып есептегенде 200-ге жуық адам қаза болды. Ал Қаптыққа барып бас қосқан партизандар Шың әскерінің шабуылдауы мен монғол әскерлерінің тосқауыл болуына тағы ұшырады. Жаманадыр деген жерде Монғолияның 30 әскеріне 7 адаммен шайқасқа үскен Мұса мерген жаудың 29 адамын оққа ұшырып, «бағындым» деген соңғы әскердің сөзіне нанып қалып, орынынан тұра бергенде оққа ұшты. Тағы бір ардагерінен айырылған көтерілісшілер монғол әскерінен 22 бесатар, 4 автомат, 2 пулемет, 2 наган, 2 дүрбі олжалады. Қаптықта монғол әскерінің бетін қайтарғаннан кейін ертесі Шың әскерлерімен тағы айқасып, оларды қуып салды.

Осыдан кейін партизандар соғыстың бетін қалай бұру талқысын өткізді. Бұл өлім мен өмір талқысы еді. Біреулер Ганьсуға өтіп кетуді ортаға салды. Тағы бір жағы Алтайда қалған қалың ел мен жау қолындағы қатын-баланы тастап кеткеннен, өлген артық деп шешті.

Осы талқыдан соң басым көпшілік қайтып Алтайға беттеуді, туған мекенге, өскен топыраққа оралуды мақұлдады. Сөйтіп партизандар Көктоғайға жету үшін өздеріне тиімді жолды қарастырды. Екіншіден ол жаққа барғандағы жұмыстарын жоспарлап, бөлісті. Есімхан бастаған бір бөлім адам бөлек кетіп Көктоғайдың Арал еліне (негізінен қарақас руының Зейнел үкірдайға қарасты ел, алғаш ақпан айындағы көтеріліске қатыспай қалған) барып үгіт айтып, оларды күреске шақыруға жолға шықты.

Ырысхан бастаған 1500 адамдық партизандардың негізіг қолы Көктоғай жайлауына өтіп, дұшпанмен шайқас жасай отырып, Бұлғын соғысында жау қолында қалған 2000 түтінді құтқаруға аттанды. Осы жоспар бойынша жол тартқан Ырысхан бастаған негізгі қол Бәйтікке жеткенде, олардың қайтып келе жатқанынан хабар алған Шың шы цай 3000 әскермен және самолетпен Бәйтік тауында тағы да «қарсы алды». Бұл шабуылда жол ашып Көктоғай жайлауына өтіп кетуді мақсат еткен партизандар, өздерін аман сақтай отырып, бөгетті бұзуға кірісті. Бәйтік тауының Қарағайты деген жерінде 7 самолеттің бомбылауына ұшырады. Бірақ дұшпанның әуе шабуылын Бұлғында басынан өткізген олар шоғырлы топты көрсетпей, бытырай соғысып, жау тосқауылын сәтті бұзып өтті. Осы жерде көтеріліс басшысының бірі Ақтеке би Моншақ соғысындағы жарақатынан жазыла алмай, жол үстінде шәйіт болды. Көтерілісшілер қаншама қиыншылықтар көрсе де, қарт бидің сүйегін Сарытоғайға жасырын әкеп жерледі.

Көктоғайға бет алған көтерілісшілерді Бәйтікте тоса алмаған Шың үкіметі Дабысын деген жерде 5000 әскер шығарып, оларды тып-типыл жойып жібермек болды. Дабысындағы дайындықтан партизандар да хабардар еді. Бірақ, Дабысындыға соғып, қамалды талқандап, жыланды белден ұрып жансарлап кетпей, Көктоғайға бару да мүмкін емес-ті. Көтерілісшілердің ойлағанындай Дабысында Шың әскерлері тосқауыл соғысын өлермендене жүргізді. Бір апталық шайқаста партизандар бөгетті он шақты жерден бұзып өтіп, Шың әскерінен ат-көлік олжалап, қаруларын толықтап, Арматыға өтіп шықты. Дабысын, Қаратүңке, Теректі, Арғылтайда шайқасып Сүлеймен батыр батырдың ерекше ерлігімен жау қоршауын бұзып өткен партизандардың үлкен қосыны Ырысханның бастауымен Көктоғай жайлауындағы Күңгейті, Ақбұлақ жерлеріне шығып кетті.

Бұны естігенн Шың үкіметі бар күшін Көктоғайға жинап, шілденің басында 2000 әскер, 2 самолетпен партизандарды 1 аптада жойып жіберу жорығын жасады. Бұл кезде партизандар соғысқа ысылып қалған болатын. Сарбаздар сыралғы мекеннің қолайлығын пайдаланып, жауды айналып та соғып, шырғалып ішке кіргізіп әкетіп те соғып, 400-дің үстінде адамын өлтіріп, 1 самолетін бесатармен атып құлатты. Оқ тиген жау самолеті Сарысүмбе қалашығына жетпей құлағанда, оны көрген жұрт тіпті де тебіреніп, толықып кетті.

Жарым айға созылған соғыста партизандар жағынан шығын болмады. Шың үкіметі әскерінің тең жартысынан айырылып, қосынын таудан еріксіз шегіндірді. Жауын ырықтылықпен етекке айдап түсірген партизандар сол шайқаста 1000-ға жуық ат, 100-ге жуық түйе, көп қару-жарақтарды олжалады. Ырысхан қолы жаумен шайқас жасап жатқанда, Есімхандар Арал еліне үгіт айтып, нәтижесінде Көктоғай ауданының халқы түгелімен көтеріліске қатынасып кетті. Шың әскерін аудан қалашығына бұқтырып алған партизандар, Көктоғай ауданы маңына айдап әкелінген 2000 түтінді жау қолынан ажыратып алып шықты. 1940 жылы тамыз айында көтерілісшілердің саны 3-4 мың түтінге жетіп, партизан сарбаздарының саны да 2000-нан асты. Дұшпаннан тартып алған қару-жарақ, оқ-дәрі кемдік ететін. Сырттан келіп тұратын көмек болмайтын. Бірақ кейін келе жау қолынан түскен қару-жарақ мөлшері де күн санап арта түсті. Бұл Шың әскерлеріне де мәлім еді.

Көктоғайда ырықты орынға шыққан партизадар ақылдаса келе: Есімханды – Көктоғайда қалдырып, Ырысханды – Шіңгіл елін көтеріліске үгіттеуге жіберуді. Шіңгілдегі Шың әскерін потайдың (дзот) ішінен бас көтертпеу керек деп қарап, Ырысханды 300 қарулы сарбазымен аттандырды.

Алтайдың күшігенбас шоқылары бойын созып, ақ сәлдесін орады. Қараша айы жақындап, түн ұзарып, табиғат керуені қоңырауын боздатып, қыс дабылын қаға бастады. Алтайдың, әсіресе, Көктоғайдың түу десе түкірігі жерге түспейтін суығында сауысқан да ұша алмай қатып қалатын. Қайыңның сүңгі басқан бұтақтары үзіліп, қар басып тастайтынын сан рет көрген Яаң генерал қысқа қарсы шеп ұстап тұра алмайтынын айқын білетін еді. Сондықтан ол қыстан және қыстағы соғыстан қатты қауіптенетін.

Қар жастанып, мұз төсеніп өскен көшпеніді халық Көктоғайдың қаһарлы қысымен, қатігез дауылымен етене жасаған. Суық түсе бастағаннан-ақ қыс қамы қарастырылып, ат-тұрман әбзелі дайындалып, малдың көші-қоны орналастырылып, сақадай сайланатыны түсінікті. Олай болса, партизандардың қысқы шабуылы тіпті ауыр болары даусыз еді. Атысқа шығармайтын сұрапыл дауыл мен соғысты бастан өткізбеген әскердің жағдайы өзіне белгілі болған Яң де шань алдында төніп тұрған қауіпті ойлап, Шың дубанға арт-артынан баян жолдап, жеделхат беріп, соғысты лажын тауып тоқтатуды өтінді.

Бұл партизандардың жау әскерлерін тау сағасына ығыстырып, Көктоғай қалашығына ықтатып, қалашықты қоршауға алған кезі болатын. Міне, сөйтіп партизандарды құралды күшпен ала алмасына көзі әбден жеткен Шың шы цай самолетпен партизандарға үгіт қағазын тартты. Онда: «Қандай талаптарың болса да ашық жазып көрсетіңдер, орындаймыз! Соғысты тоқтатып, келісім жасайық», – деп жазылған. Үгіт қағазды оқыған сардарлар: «Жаудың уақыттық жалданбасы, біздің жаз бойы кескілескен қанды майданна алған жеңісіімз», – деп санады. Шың шы цай келісімге келуге самолетпен қағаз шашып үгіттеді. Шіңгілдегі елді бөліп, алып шығып Секпілтай, Шаңқан жаққа орналастырып жүрген Ырысханға «Монғол, қазақ, қырғыз құрылтайына» шақырып алып, қамап отырған адамдардың арасынан Ырысханға рулас болып келетін Жанымхан қажы мен Нәзір тәйжіні елшілікке жібереді. Олар Ырысханның бастауында Көктоғайға келіп Есімханмен тілдеседі.

Партизан басшылары ақылдаса келіп, келісімге келуді жөн санайды. Бұның себебі: олардың әлсіздігінде емес, Жанымхан қажының үгітінің күштілігінде де емес, тек іс жүзіндік жағдайда еді. Оның біріншісі, көтерілістің шығуына басты себеп болған түрмедегі елбасыларын шығарып алуға осы орайды мықты ұстап, қарсы жақты көндіру. Екіншісі, бұдан былайғы іс – көтерілісті жалғасты жүргізу-жүргізбеу мәселесін сол түрмеде жатқан Шәріпхан, Мәңкей, Қалел, Бұқат бастаған Алтайдың ұлағатты басшыларымен және ұлы қарияларымен ақылдасып, бір бекімге келу. Үшіншісі, келісімге келген бола отырып, Шың үкіметін байқап көру. Ол уағдасында тұрып, тыныш, бейбіт саясат жүргізе ме, жүргізбей ме? Келісім шарттарын толық орындап, тұтқындағыларды қайтарып, ағынан ақтарылып, оңынан келіп, халыққа сеніп, еркіндік бере ме, бермей ме? Төртіншісі, қылышың сүйреткен қысты өткізіп, көктемгі орайды тосу. Уақытты ұзартып, дүние аңысын байқау. Осы орайда кісі жіберіп сыртқы Монғолия арқылы көрші елдердің аңысын байқап көру.

Көтерілісшілерді келісімге шақырған Шың шы цай өзінің қайын атасы Өлкелік халық істері министрлігінің министрі Чю зуң юньді Көктоғайға жіберді. Оның артынан іле-шала Үрімжіде түрмеге алынғандардан Бұқат бейсі, Қалел тәйжі, Қалман қазы, Шәри зәңгі, Дәлелхан тәйжілерді де бітім жасауға қызмет істеуі үшін жіберді. Чю зуң юнь Көктоғай ауданында жатып 25 қыркүйекте ол адамдарды көтерілісшілерге барып тілдесіп, бітім жасауға Көктоғай ауданына ертіп келуге жіберді. Бұқат, Қалел бастаған Шың үкіметінің елшісін партизандар үш қатар сап түзеп, қару асынып тұрып қарсы алды. Көтеріліс басшылары олармен тілдесіп, өздері ақыл қоса келе Ырысхан бастап оларға ілесіп, аудан орталығына келіп түсті. Олар кеңесе келіп мынадай талаптарды ортаға қойды: өткен істерді қузастырмау; бүкіл өлке көлемінен қолға алынған Қожанияз бастаған адамдардың тірісін – түгелдей, өлгенінің – сүйегін қайтару; үкімет басшылары жергілікті адамдардан болу; сақшы құрылмау, тыңшы салмау. Егер сақшы мекемесін құруға тура келсе жергілікті адамдардан болу; халық қолындағы қару-жарақты жинап алмау керек.

Сонымен екі жақ бұл істерді талқылай келіп, қару-жарақты үкіметке тапсырып беруге партизандар жағы мақұл болды. Қалған талаптарды үкімет міндетті түрде орындайтын болып, тоқтамға қол қойысты. Тоқтам Үрімжіге қолма-қол апарылып, Шың шы цай қол қойғаннан кейін атқарыла бастады. Қайтарылған қаруларды Дәлелхан тәйжі мен Нәзір тәйжілер өткізіп алып, Көктоғайдағы генералға тапсыратын болды. Қайтарылған қарулардың ішінде бір қайың шоқпардың басына ораған шүберекке мынадай жазу жазылып келді:

«Біз – ауыр салық пен ұлттық езгіге, қорлап, кемсітуге, сенмсіздікке ұшырадық. Соған шыдамай көтеріліс жасадық. Алғаш шыққанымызда тек осы шоқпар ғана бар еді. Осымен талай әскерді ұрып жығып, қолындағы қаруларын тартып алып, мыңдаған адамды қаруландырдық. Енді барлығын да тапсырдық. Ел қолында құрал қалған жоқ. Сендер тағы да сенбей қысым жасап, езгіге, қорлауға ұшыратады екенсіңдер, тағы да шоқпармен ұрып жығып, мылтықтарыңды тартып аламыз».

Міне, бұл көтерілісші халықтың жүрек сөзі еді. Қаруын тапсырғанымен, жүрегін, ниетін тапсырмағанының дәлелі. Онысын жасырмады да, тағы сенімсіздік істесе, тағы ұлттық езгі жүргізсе, қорласа, жападан, өлімнен қорықпайтынын ашық айтты. Қаруды тартып алып жеңіске жететінін де ескертті. Партизан сардарлар 1000-ның үстінде ауыр-жеңіл құралдарын тапсырып беріп, 1940 жылы қазан айының соңында ел мекендеріне орналасты. Чю зуң юнь жасасқан келісімдегі: бастықтар жергілікті адамдардан болсын – деген белгілемеге сай, Көктоғай ауданының әкімі болып – Рахат Қалелұлы; Аудандық сақшы мекемесінің бастықтығына – Кәдірбек; Шіңгіл ауданының әкімдігіне – Көксеген үкірдай; Сақшы мекемесінің бастықтығына – Қадыр белгіленді. Оларды Шың дубанға бекіттіріп, бұйрық түсіретінін айтып Чю зуң юнь Бұқат бейсіні алып, Үрімжіге қайтты. Аз күн өткен соң Бұқат бейсі Алтайдың бас уәлиі деген лауазымымен Алтайға оралды. Уәлидің орынбасары – Тәбін (монғол) бейсі мен Жанымхан қажы болды. Алтай ауданының әкімі – Дәлелхан Сүгірбаев болды. Сонымен әр ауданның әкімдері жергілікті ұлттың өзінен тағайындалып, қызмет жүргізе бастады да, жылан –шағамын деп тіліне уын жиғанда, тәует – шабамын деп саусақ бізін безегендей арбасу жағдайы өмір сүре берді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет