Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет3/29
Дата24.04.2016
өлшемі2.39 Mb.
#78735
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29

Жыл бойы соғысты басынан кешірген, өмірдің ащысынан – сабақ, тәттісінен – нәр алған халық, бір майдан қанды қырғын көтерілісін осылай аяқтағандай көрінгенімен, іс жүзінде аяқталмады. Тек түйіліп, түнеріп келе жатқан күшті дауыл алдындағы тымырсық «тыныштық» еді.

«Арамзаның құйырығы бір ақ тұтам» деген халқымыздың нақыл сөзі Шың дубанның опасыздық бейнесін айқындай бастады. Тоқтамның бір тармағы Үрімжі түрмесіндегі басшылардың түгелдей қайтып келуі құр елеске айналып бұлдырай берді... Тіпті, «Олар түгел тұтқындалыпты» – деген суық хабар тарап, ел жүрегін мұздатты. Сөйтіп, ел арасы абыр-сабыр болып, қоғам тыныштығы бұзылып, жағдай жұртты атыс-шабысқа амалсыз итермелей бастады. Ел ішінде тыңшылар молайып, елдің аузын бақты. Өткендегі көтеріліске басшылық еткендерді қолға алады деген сөздер де тарады.

Көктоғай ауданында 1940-жылы Желтоқсанда «Алтыншылар іздеушілер» деп екі жүз адам, оның артынан төрт жүз адам келді. Мұны бастапта: рас жұмысшылар – екен деп қалған халық, олардың түсін бояған әскер екеніне көзі жетті. Осы себепті көтерілісшілер: Көктоғай аудандық үкіметтің әкімі Рахат Қалелұлының, дін иесі Қалман қазы Ақытұлының және Қалел, Есімхан, Шәри бастаған бір топ ел иелері атынан келісімдегі шарытты орындап беру жөнінде Шың шы цайға Алтайдың уәлиі Бұқат Қанапияұлы арқылы арыз жолдады. Арызды Үрімжіге қол екі апарған Бұқат орындата алмай, өткендегі келісімнің енді атқарылмайтындығына көзі жетіп қайтты әрі бұл жәйді көтерілісшілерге жеткізді.

Сонымен халықтың әділет жолындағы талабын көтеріп барғаны үшін, бұрын да Шың шы цайға сенімсіз саналып келген Бұқат қайта бақылауға алынып, сақшылар сары ізіне түсе бастады. Көтерілісшілер Бұқаттың жеңіл барып ауырлап қайытқанынан хабар алып отырған кезде, Шың үкіметінің тағы да адам ұстау әректі басталды. Күндердің бірінде Көктоғайдың сақшы бастығы Кәдірбай аяқ астынан жоғалып кетті. Бұл мәселе жөнінде сақшы мекемесінің хатшысы аудан бастығына хабарлағанда, Рахат әкім сезіктеніп, қырдағы ауылына шығып кетті. Осыдан жеті-сегіз әскер Көктоғай аудандық әкімшілік мекемесінен Рахат әкімді ұстамақшы болып, іздеп барып, Рахаттың қайда кеткенінен дерек біле алмай: «Рахатты табасың» – деп аудан қзыметкері Қадымды ұстап әкетті. Ахуалдың басқаша екенін көрген Сүлеймен батыр батыр бір қыдыру азаматтарды бастап сақшы мекемесіне барып, Кәдірбайды тауып берудіталап етті. Тіпті, олармен төбелесуге дейін барады.

Өткен жылғы тоқтамда: «Зорлық істемейміз, адам ұстамаймыз», – деген едіңдер, оны іске асырмай, тағы адам ұстадыңдар. Сендердің бұл опасыздықтарыңа шыдап отыра алмаймыз, Кәдірбайды босатыңдар. Егер босатпасаңдар іс басқаша болады», – деп ашық қарсыласты. Сол сағатта-ақ «алтыншылар» әскери түске енді.

Сонымен екі жүзге жуық әскер Сұптыда отырған ауылдарға тиісіп, жиырма түтіннің малын шауып, малына араша түскен төрт жігітті байлап-матап алып кетті.

Осыдан соң Қалел тәйжі, Сүлеймен батыр батыр, Зейнел үкірдай сияқты жұрт беделділері Шіңгіл еліне хат жазып, байланысшы жіберіп: «Шың дубан тоқтамға опасыздық істеді. Тұтқындарды босатпады. Алтын қазушылар деген жалған атпен әскер орналастырып, адам ұстап, ел шабуға кірісті, қарсы шықпасақ болмайды» – деп хабарлады. Шіңгіл елі өзі де атылғалы тұрған бастаудың көзі еді. Өйіткені, осы жалы «алтын қазушы» болып келген алдамшылар, аяқ астынан қаруланып, Бұлғындағы ауылдардан мал шауып, қарсыласқандарға оқ атып, адам өлтіріп, бұлаңшылық істеген болатын. Оның үстіне көтеріліс басшысының бірі Рысхан ауыру болып, оған Жанымхан қажы арнайы емші жібереді. Бұл емшінің «дәрісі» шипа болмай, Рысхан көп өтпей қайтыс болды. Рысханның қайтыс болуы – көтерілісшілер арасына: емші у беріп өлтірді – деген ой тудырды да, үкіметтің кек қайтару ниеті бар деп түйді. Міне, осыдан кейін маусым айында Көктоғайдан, іле-шала Шіңгілден көтеріліс қайта бұрық ете түсті.

Бұл көтеріліске мергендік, батыр батырлық жағынан – Сүлеймен, ел басылық жағынан – Қалел тәйжі, Есімхан, Рахат, Зейнел, Көксеген үкірдайлар басшылық етті.

Шың дубан келісім жасаған болып, халықты жайбарақаттандыра жүріп, қыс бойы Алтай аймағына мол әскери күш орналастырып, көк құрышпен толықтаған еді. Сонымен бұл майданға ерекше дайындалып, Қашқар аймағының қолбасшысы Жаң Юе фыңды бас қолбасшылыққа алдырып, Генерал Плиевті ақылшы етіп, бас штаб құрды, құрылған бас штаб – Көктоғай ауданына орналасты. Көтеріліс бастала сала бас штаб ұшақ және болат қорапты машинамен сегіз мың атты және жаяу әскерін бір жолда аттандырды. Мейірімсіз соғыстың қатал тағдыры Алтай елін тағы да өрт отына қақтады.

Көтерілісшілер бұл жолы да оншақты қарумен соғыс бастап, қаруды дұшпаннан тартып алуға кірісті. Бірақ, алғашқы жолдағыдай басы артық бодау бермеді. Алғашқы соғыста-ақ әр қостың жұрт мойындаған ұйымдастырушы-қолбасылары, ержүрек батыр батырлары анықталып қалып еді, Ересектерден бала-шағаға дейін партизандық соғыстың амал-шарасына жаттығып қалғандықтан, сенімділікпен кірісіп, ептілікпен соғысып, қару-жарақты оңай тартып ала бастады. Ал алғашқы соғыста тұмсығынан келісіп жеген таяқты есіне ұстаған шың әскері, қорқыныштан бас көтере алмайтын. Алтайдың әр бұтасының түбі, әр тастың далдасында бірден партизандар жатқандай үрейлі еді. Сондықтан сан жағынан он есе көп, қару жағынан жүз есе көп болса да, партизандық соғысқа ебедейсіз, жүрегін үрейдің сары суы алған шың әскері қарулы күшін жұмсап, қоршап, жою соғысын жүргізіп, он шақты рет сұрапыл шабуылға өтсе де, бұл шайқастарда партизандар үсті-үстіне жеңістерге жетіп отырды.

Көтерілісшілер жер қолайлылығын пайдаланып, шыңықты, Таршаты, Қуүй т.б. жерлердегі соғыстарда партизандық тактика қолданып, бірде алдынан, бірде артынан, бірде екі бүйірінен соғып, бірде түнде басып кірсе, бірде күндіз қара көрсетіп, шырғаға тартып, қуа шыққан аз тобын жекелеп төпеп, шың әскерін қынадай қырды. Сөйтіп бірер ай ішінде (шілдеден қыркүйекке дейін) мыңдаған қару-жарақ (ауар-жеңіл пулемет, бесатар, автомат, жан құралдары), мыңның үстінде ат-көлік, көптеген азық-түлік олжалады.

Осылайша дұшпанды «қарсы алған» партизандар қорғану соғысынан шабуылға, былайша айтқанда, ырықтылыққа өтіп, жауды таудан етекке қуып түсіріп, жазалаушы әскерлермен олардың Қуүйдегі бас штабының арасын бөліп тастап, бір-біріне тіл алыстырмай қоршауға алды. Ал, әскерлердің шығыста – Шіңгіл, батыста – Алтаймен арадағы қатынасын да үзіп, ес-ақылын шығарды. Қамауда қалған бас штаб азық-түліктен қиналып, ат-көлігін сойып жеп, Үрімжі мен Сарысүмбеге жеделхат жіберіп, арпалысты. Азық-түлік, оқ-дәрі тиеп көмекке келген самолеттердің тастаған шатырларының дені партизандардың қолына түсті. Тіпті, бас штабқа жақын түскен азық-түлік, қару-жарақтарды потайдан шығып алуға батылдық ете алмады.

Осындай жеңісті күннің бірінде (тамыз айының орта шенінде ) жаралы аңдай ызалы жау мыңға жуық әскермен партизандардың аз тобын қуып тар шатқа кіргенде (әсілі партизандардың қашыртқы салу әдісі), сайды қамап алып түгелге жуық, тіл құтқармай жойып жіберді. Майданда болғандардың айтуына қарағанда, өлген әскерден тар шаттың суы бөгеліп қалған деседі. Енді аз күн аял тапса шың әскерінің бас штабы ойран болары анық еді.

Осыны сезген шың өкіметі Үрімжіден он мың әскер үстемелеп әкелді. Жау күші он мың адаммен толықтырылған соң, соғысты жаңа бір белеске көтерді. Партизандар өзінен он есе басым жаудан қайтпай, толарсақтан қан кеше жүріп шайқасып, дұшпан бетін сан рет қайтарды. Осындай ауыр шайқастың бірінде партизандардың әскер басшыларының бірі, жау асырмас белі Сүлеймен мерген оққа ұшты. Сонымен бірге руаралық алауыздық туылып, қарақас руынан Әділхан бастағандар шың әскеріне бағынып кетті. Бұл партизандар арасында ала көңілдік тудырды. Осы орайды пайдаланған жау күшті шабуылын арт-артынан қозғап, қоршауды бұзып, бас штабын құтқарып алды. Осыдан кейін әскерді үстемелеп соғысқа салды. Партизандар ақыры күш айырмашылығының өте кемдігінен шегінуге тура келді де қалың елді шың әскері басып алды және ол елді айдап Көктоғай ауданының батысындағы Көкбұлақ, Сарыбұлақ деген жерлерге өткізіп, араларын бөліп тастады. Сосын партизандарды қат-қабат қоршауға алып келісімге келуге мәжбүрледі.

Партизандардың осындай әлсіреп тұрған кезінде «келісім жасау» арқылы жеңісті тезірек қолға келтірмек болған Шың дубан: «Өзіне-өзін салу, қызыл құрт шаншып, қармақ қаптыру» – сияқты амалдарды ойлап, Алтай мансаптыларын сараптады. Алтай енді кімнің сөзіне иланады? Кім айла-шарғысын дөңгеленте алады? Деген ойлар үстінде Жанымхан қажыны (бұл кезде Алтайдың орынбасар уәлиі болып тұрған) тапты. Бұл шырғаға Жанымхан қажы тез үйіріліп кетті. Жанымханды алдына алдырған Шың шыцай Шың шы цай : «– Бұқат уәлидің – Халел тәйжіге, Есімхан үкірдайға сөзі өтпейді. Ал сіздің сөзіңіз өтеді. Қолында құдайдың құраны, бойында қажылық лауазым бар», – деп қолпаштап көкке көтерді.

Сонымен Алтайдың штабы мен сақшы мекемесі Жанымхан қажыны тонның ішкі бауындай қойнына тартып әкетті. Бас қатыра жоспарлаған талқыда: «Көтерілісшілер тоқтамға келсе, өткен жылғы Чю министрмен жасасқан қаулыны орындайтындықтарына сендіріп, бұл жұмысты Жанымхан қажы діндік және қажылық салауатын пайдаланып жұртты иландыру міндетін өзіне жүктеп алды. Ол қолына құран ұстап, құдайды аузынан тастамай зікір айтып, дубанның тапсырмасын арқалап көтерілісшілерге келісімге барды. Қолында – құран, аузында – иман, тілінде – зікірімен барған қажыға таныс-біліс, құдандалы туыстары үйіріле кетті. Көтерілісшілердің майданда қаза болғандарына құран оқып, хатым түсіріп, аза тұтып, шаҺидтерге құлпытасты өз қолымен орнатты.

– Мен, – деді Жанымхан, – үкіметтің өткен жылғы келісімді жүзеге асыратындығына сеніп келдім. Көктоғай, Шіңгілдегі биылғы өткен қателіктің барлығы сол орындағы Шың дубан саясатына қарсы әскери мансаптылардың ісі екен. Олар сазайын тартты. Енді соғысты тоқтатыңдар. Үкіметтің кешіріміне ие болатындығымызға көзім толық жетеді, – деп құранды қолына алып, сенім дұғасына жүгінді.

– Өтірік айтып ұстап берсең – қанымыз мойныңда, Шың дубанға сатылып азғындасаң – ата-бабамыздың аруағына тапсырдық, – деген Халел тәйжі, ақырғы сөзін ант тілімен арқалатып, өткен жылғы келіскен келісім іске асатын болса – соғысты тоқтатып, құрал тапсыратынын айтты. Сөйтіп, Халел тәйжі, Есімхан үкірдай бастаған көтерілісшілер құралдарын «тапсырды». Жанымхан және аймақтық сақшы бастығы Ли Жуң юн бастаған үгіт тобы: партизандар басшыларын аймаққа барып, Чю министрмен көрісіңдер – деп әскери қоршаумен Сарысүмбеге аттандырды. Осы жолы Алтайға барған Есімхан, Рахат, Зейнел, Шәри, Қақыш, Ыбырайхан сияқты он алты адамды сол күні түрмелеп, ертесі араларына аймақ уәлиі Бұқатты қосып «Шың дубанмен бет көрісіңдер» – деп зорлықпен Үрімжіге жіберіп, Үрімжі әуе жайына түсе салысымен тұтқындады (Халел тәйжіні Көктоғайда тұтқындап самолетпен төте әкеткен). Осы көтеріліс басшыларының көбін ауыр қинауға салып өлтірді.

1940-1941 жылдары қозғалған төңкеріс тоқтап қалмады. Көтерілісшілердің Оспан, Келес, Сүлеймен (Шақабай) бастаған бөлегі құралын тастамай, Шың шы цай әскерінің қоршауын бұзып шығып, ауылдарымен көшіп, қыс түсе із жасырып, құмға кіріп кетті. Шың шы цай әскерлері бұларды таба алмады. Сарысүмбе ауданының әкімі болған Дәлелхан тәйжі Сүгірбеав бір түнде із-түзсіз жоғалып кетті. Дәлелханның жоғалып кетуін бұқара әртүрлі ойлағанымен, үкіметтің де өз кеселі ішінде еді.

Үкімет халыққа: «Бандыларды тыныштандырдым» – деп айқұлақтанғанымен де, «Құмырсқанаң тас басқаны – тәңірге аян» дегендей, Шың шы цай үкіметінің сөзі халыққа аян еді. Халық партизандардың қыс бойы дайындалып, көктем шыға көтерілісті бұрқ еткізетінін білетін-ді. Көтерілістің ақпан айында қайта бұрқ ете түсуімен есептескен Шың шы цай үкіметі халыққа айқұлақтана жүріп, сөзсіз туатын алдағы соғысқа ерекше дайындалып, Алтай аймағының әкімшілік және әскери істерін алабөтен орналастырды. Алтайдың уәлилігіне Жанымханды қойып, оған ерекше сенім арта отырып, одан төменгі лауазымдарға жаңа адамдарды тағайындады. Жеті ауданда сақшы қызметін күшейтіп, жансыздарын іске салды. 1940 жылы келген Алтайдың бас қолбасшысы Яң де шаньды ауыстырып (кейін тұтқындалды), оның орнына Уан ли юнь деген адамды тағайындады. Әскери күшті қайта реттеп төменгі аудандарға (Сарысүмбе, Буыршың, Қаба, Жеменей) бір полктен әскер орналастырумен бірге, Сарысүмбе, Буыршың аудандарының сенімді адамдарынан құралды күш ұйымдастырды. Бұл қорғаушылар бөлімінің моңғол бөліміне – Борижап (орыны Сарысүмбе), қазақ бөліміне – Керім зәңгі (орыны Сарысүмбе), орыс бөліміне – Борис (орыны Буыршың) жауапты болды.

Сонымен көтерілісшілерге жер сырын қанық білетін жергілікті адамдарды сайлап «өз етін өз майымен қуыру» дегендей істемек болды. Ал негізгі нысана болып келген жоғары төрт ауданға – Сарытоғайға бас қолбасшылық штабын құрып, сол штаб тұрған орынынан өрлей иен таудағы биік тұрғыларға цемонтталған бекіністер (потайлар) салдырып, зеңбірек, пулемет сияқты ауыр қарулар орналастырды. Мұнан басқа алты мың әскер Сарысүмбе қаласында соғыс дайындығында болды. Алтайдың жеті ауданын әскери күшпен қоршап, қала-қыстақ тұрғындарына, оқушыларға, қызметшілерге бекініс салдырып, ол бекіністерді жалғастыратын ор қаздырды.

Халықтың қаһарынан қорыққан Шың шы цай үкіметі елді қан қақсатып соғысқа дайындалып жатқанда, төңкерісшілердің ішіндегі құрал тапсырмай кеткен партизандар Оспан Исламұлының бастауындаіске кірісті.

Оспан Исламұлы – Көктоғай ауданының Сұпты, Күрті деген жерін мекендеген адам, руы – абақ керей ішінде молқы, ата-бабасы шалқыған дәулетті де, ел білген білікті де болған. Өз басы – егін салып, саудамен айналысқан. Оспан сом денелі, балуан бітімді, ұзын бойлы (1.90 метрге таяу), қалың тұйық қабақты, сақал-шашы қою және ерекше қайратты, әрі ірі, қызыл шырайлы, көз шарасы үлкен әрі отты, сәл дөңестеу қыр мұрынды, жүріс-тұрысы салмақты, алып денелі кісі. Дінге сенімінің күштілігінен болуы керек, шашын алдырып, қалың қою сақал-мұртын үнемі бастырып тұратын адам. Сыр сақтағыш, аз сөзді, бір сөйлесе – шешен сөйлейтін, орыны келмегенде жұрт алдына түскісі келмейтін, өзін дүниеқорлықтан аулақ ұстаған, діни сенімі күшті, күманданған адамына ең кемінде маңын бастырмайтын сақ адам болған. Дұшпанына аяушылық істемейтін қатыгез әрі қорқуды білмейтін, қандай қиын-қыстау кезде қайғысын – қайратына, ашуын – ақылына жеңдіріп, жол тауып кете беретін ділі қатты, діні берік, өзіне сенімі күшті, өткен ағаттығына өкіне бермейтін, ауыр тағыдырына жасымайтын, тәуекелшілдігі басым, басқаны баурап әкетуге ұрынбағанымен де, бұқараны басқару қабілеті және әскери амал-шараға туа алымды болған адам.

Оспан 1899-жылы Көктоғай ауданының Өндірқара деген жерінде туған. 18 жасқа толар-толмас та Зуқа батыр батырдың көзіне түскен. Зуқа – Оспанның қаруына, ерлігіне ақылы сай жігіт болатынын сезіп, оны қолына ұстағысы да келген. Оспанның әкесі Исламға кісі жіберіп, Оспанды тәрбиелегісі келетінін де білдірген. Бірақ Оспан өзінің сабырлылығымен, байыптылығымен, сезімділігімен Зуқаға қызмет етпеген. Зуқа адам танығыш болғандықтан, сол күннің өзінде оны қазақтың «Кержақ батыр батыры» деп атаған. Былайғы жұрт Оспанның ерлігін әлі жыға білмегендіктен, оның көрер көзге тұйық көрінетін мінезіне қарап, Зуқа қажының батыр батыр деген сөзін қалдырып «Кержақ Оспан» деп атаған.

Оспан көтеріліске 1939 жылы Ақыт қажыны ұстауға қарсылық көрсеткен алпыс адамның бірі болып аттанды да, 1940 жылы ақпанның бірінші аптасындағы әкімді өлтіру оқиғасына қатысты. Төңкерістің алғашқы кезінде Есімхан қосынының қосбасы болып келіп, 1940 жылы жаз шыға партизандар Қаптық тауында бас қосып, үш бағытпен қайта Көктоғайға қайтқанда, ат-көліктері арып, азық-түлік таусылып, оқ-дәрі азайып, қиын жағдайға кез болады. Оның үстіне жолды алған Шың шы цай әскерінің мықты-мықты бекіністерін арт-артынан бұзып, Көктоғайға жету Ырысқанның қолына оңайлықпен түспеді. Осы кезде Оспан небәрі үш мылтық алып, қасына қырық жігіт ертіп, із тастап Шың шы цай әскерінің артына өтіп, ағаш басына шығып, тасып жатқан қу Ертістен сал буып, ат жалдап өтіп өзінің бұрынғы мекен-қыстауы Күртіге келеді. Күртіде бір почта бекеті бар еді. Партизандар осы бекетті бақылауға алып, қорғап жатқан әскерлердің атын жайылымнан қуып алады. Ат баққан бақташыдан бекетте он бір әскер барын біліп, түн жамыла басып кіріп, түгел жайғастырып, қару-жарақтарын олжаға алады. Өзі бас болып онға жуық адам әскер киімін киіп, бекетте жатып, қалған азаматтарын тұрғы-тұрғыға орналастырып, келер жаудың жолын тосады. Екі-үш күн өте бере «үкілі почта1» алаған екі адам келеді. Екеуін ұстап алып тексерсе, осы бекетке түсірілген бұйрықты алып келе жатқан бір әскер, бір бұқара екен. Бұйрықта: Сарысүмбеден 200 түйе жүк шықты, жүкті бала Ертіске дейін қорғап, Көктоғайға жеткізу жайы ұқтырылған екен. Оспан «бұйрықты» алғаннан кейін әскерді аттырып тастайды да, бұқараны байлатып қойып, ертесі 200 түйе кірені қорғап келе жатқан он шақты әскерді тіл құтқармай құртып, олжаны (100 түйе ұн-күріш, 90 түйе киім- кешек, 10 түйе оқ-дәрі) шығынсыз қолға түсіріп, кірекештермен қолға түскен бұқараны қоя беріп, өздері жайлауағы партизандарға барып қосылады. Қоршау соғысы басталып, қысыл-таяң кезде тұрған партизандарға бұл 200 түйе олжа қатты ес қатты.

Тарихта батыр батырдың ерлігі шайқас барысында сынала келе байқалған. Күртіде шығынсыз соғыс жүргізіп, ел көзіне алғаш түскен Оспан, осыдан бір жыл кейін Таршатыдағы соғыста жауды тар сайға қашытқы салып кіргізіп, алды-артын оқпен тосып, мың адамнан тіл құтқармағанда, сайдың бір бетінде – Оспан, бір бетінде – Сүлеймен бастап шайқасып еді. Екеуінің мергендігі мен ерлігі ел көзіне ерекше түскендіктен, осыдан бастап халық Оспанға Зуқаның берген бағасын дұрыс түсініп «кержақ Оспанннан» «батыр батыр Оспан» атанып еді. Досына да, дұшпанына да өзін осылай танытқан Оспан кейбіреулер тікелей бағынып, төңкерістің басшылары қолды болып кеткенімен де, төңкерісті тоқтатып тастамады. Шың шы цай әскеріне ойламаған жерден соққы беріп, қансыратып отырды.

Үкіметтің қолына түспеген әр бір сай-салада қалып қалған ауылдар Оспанды таба бастады. Алғашқы жылдағыдай емес, бұл аудандардың әр ауылдарына дейін әскерін орналастырып, 1942 жылдың қараша айында Көктоғай ауданына «көз-құлағын» көбейтіп, бекіністерін салып тастағандықтан, халықтың көтеріліске ілесуі баяу болды. Жаз айы өте келе жау қысымна шыдамаған халық ілгерінді-кейін Оспан қолын толықтыра берді. Оның басты бір тобы болып, Көктоғайдан қарақас руының өзіне ілескен адамдарын бастап Сайып Халелұлы келіп қосылды.

Сайып – Шың шы цай үкіметіне ежелден сенімсіз адам, әкесі – Халел, ағасы – Рахат 1941 жылы құрал тапсырғанда, оларға қарсы шықты. Бірақ ел иесі болып отырған әкесі мен аудан әкімі ағасын тілге көндіре алмай, ақыры оларды алдып-ұстап әкеткенде, санын соғып қала берген. Сол жылдың қысында әкесінен хат келгеннен кейін, хал-ахуалын біліп келуге басқа да түрмедегілердің туыстарынан Қаби, Жәмшиттерге қосып немере інісі Какашаны Үрімжіге жібереді. Олар бес түйемен түрмедегілердің тапсыруы бойынша азық-түлік, киім-кешек және түрме бастықтарын паралауға алтын-күміс алып аттанды. Какашалар барғаннан кейін Үрімжідегі сақшы мекемесі ат-көлікпен апарған заттарын талап алып, өздерін мырза қамақта ұстайды. Арада бір ай өткеннен кейін өз бастарына қауіп төнген соң бұл үшеуі қашып шығып, жол бойындағы қоржалардан ат-көлік ұрлап алып үйлеріне қашып келеді.

1942 жылы қараша айында Көктоғай сақшы органы отызға жуық әскерді осы үшеуін және Сайыпты ұстап әкелуге аттандырады. Жәмшит пен Қабиды ұстап алған әскерлер Сайыптың ауылына келгенде: Сайып әскерлердің алдыңғы келген екеуін қолындағы балтамен шауып жібергенде, жүрек тоқтата алмаған үшінші әскер тұра қашады. Өлген әскердің қаруын алған Сайып әскерлерді қуа соғысып, бес-алтауын оққа ұшырғанда, қалғандары байлаулы екі адамды тастап тұра қашады. Артынан жайдақ атқа міне қуып, тағы бірнешеуін оққа ұшырып, онға жуық мылтықты қолға түсіреді. Енді ел ішінде аялдауға шарасыз қалған Сайып сол күні атқа қонып, Қанобада жатқан Оспанды іздеп табады.

Шіңгіл ауданынан өздерін қайта ұстауға айналғанда Сұлубай, Тескенбай бастап бірсыпыра адам қосылады, онан кейін Молғаждар, Мәсей бастаған бір топ көтерілісші ұсталу қауіпі көрінгендіктен қашып шығып Оспанда табады. Сарысүмбе түрмесінен қашып шыққан – Кәдірбай, Тоқтаған, Жаңбырбай, Сендиков (орыс), Баркөлден – Қуанышбай бастап, Фукан ауданынан – Жолдыбай, Үрімжі түрмесінен – Қалман қазы1 бастаған адамдар арт-артынан Оспанға келіп қосылды. 1942 жылы ақпан айында Құбының құмына бекінген көтерілісшілерге үкімет Шіңгілден – Уатқанды, Көктоғайдан – Мағауия залыңды, Сарысүмбеден – Мәмила зәңгіні келісімге жібереді. Оларға Оспан: «Үкімет келсіміне қиянат етті. Қара бет қандықол болды. Бұрыңғыларды қоя бергенді қойып, үсті-үстіне тұтқындады. Дұшпанның осы әрекетін көре-біле отырып, бізді алдап келген сендер барып тұрған зымиян, мыныпық адамсыңдар! Енді ұсталмаған біз қалдық. Осыларды ұстап берейік деп келіп отырсыңдар ма?!», – деп ат-көлігін алып, өздерін байлап, көкала қойдай сабап, жалаң аяқ, жалаң бас айдап салды.

Осыдан бастап жаз бойына Шың шы цай үкіметі Оспанды талай қыспаққа алып, талай шабуылдап, талай келіссөзге шақырды. Оспан соғысқан жерде – соғысты, тұрысқан жерде – тұрысты, бірақ келісімге келмеді. 1942 жылдың қысы мен 1943 жылдың көктемі қиян-кескі соғыспен өтті. 1943 жылы мамыр айында кеңес одағының инженері болып жасанған бір топ адам Оспан тобын іздеп тауып, тілдесті. Олар:

– Жергілікті халықтың бұл көтерілісі – езушілікке, қанаушылыққа қарсы күрес. Біз бұл күресті қолдаймыз, –деді.

Көтерілісшілерге біраз құрал беріп: «Ендігі кездесу – тамыз айында, Көктоғайдың басындағы «Жалғызағаш» шекарасында болсын, – деді.

1941 жылы кеңес одағының фашизммен соғысында кеңес одағының жеңілісінен қорыққан Шың шы цай 1942 жылы өзінің ептеп гоминдаңғағаға гоминдаңға беріле бастағанын байқатты. Сонымен бірте-бірте билігін гоминдаңғағаға гоминдаңға өткізіп, екібеткей саясаттың шыңдығын әшкереледі. Халықтың алғабасар азаматтарымен қытай коммунистік партиясының Шинжаңда қызмет істеп жатқан адамдарын тұтқындап, гоминдаңғаға табыс етті де, өзі Шинжаңнан табанын тайдырды.

Шың шы цай үкіметінің гоминдаң үкіметіне айналып бара жатқанын бақылап отырған кеңес одағы, ендігі жерде Шың шы цай үкіметіне қарсыласып соғысып жатқан Алтай партизандарын қолдауға кірісті. Сонымен Моңғолия шекарасы арқылы Алтай көтерілісшілерімен байланыс жасай бастайды. Бұрын шекарада Моңғолия әскерінен қысым көріп келген партизандар, енді олардан қолдау таба бастағаннан кейін өрісі кеңейіп, қатары шұғыл молайды. 1943 жылы тамызда «Үшергеншек» шекарасы арқылы Моңғолияның Шегіртай деген жеріне арнаулы адам барып, нақты мәселелерге қол қойып, келісім жасасты. Осыдан кейін қару-жарағы сәл толықтанып, жеңіске сенімі арта бастаған партизандар Шықынты, Қаражалаты, Ұша соғыстарында гоминдаңды арт-артынан жеңіліске ұшыратты. Шықынты соғысында бес жүз таңдамалы қытай әскерін тіл құтқармай қырып салды. Осыдан кейінгі жерлерде көтерілісшілер қатары үздіксіз молайып, жоғарғы үш аудан халқы түгелдей көтеріліске қатынасты. гоминдаң үкіметінің әскерлері бекіністер мен аудан жамбылдарында ғана өмір кешті. Жаралы аңдай жыртқыштығы да еселеп артқан гоминдаң әскерлері Сарысүмбе ауданының Тұлты, Қарасу, Ноғайты деген жерлерінде Көктоғай, Шіңгіл аудандарының бейбас халқын топ-тобымен оққа ұстады.

1944 жылы Моңғолия үкіметінің басшысы Шойбалсан, генералдары – Доржы, Попов және екі министрін бастап шекараға келіп, көтерілісшілермен кездесіп, екі жақ тоқтамға қол қойды. Шойбалсан: Оспанға әскери-саяси нұсқау берді және жол-жорық көрсетті және мың бесатар, жүздей ауыр-жеңіл пулемет, оқ-дәрі көмек берді. Сол жерде Оспанды ақ киізге орап, патша сайлап, Сүлеймен, Келес, Қазанқап, Мұхамеджан сияқты бес уәзірін белгіледі. Партизандардың қолбасшылық штабы құрылып, қолбасшысы – Сұлубай, орынбасары – Кәмел болып белгіленіп, бүкіл партизан алты үлкен отрядқа бөлінді. Жаңа сайланған партизан отрядының үлкен-кіші басшылары Оспан патшаға адалдық сертін білдірді. Сонымен бірге «халықтың Шың шы цайға қарсы ұйымы» құрылды.

Партизандық штабтың бас қолбасшысы Сұлубай әрі батыр батыр, әрі ұйымдастырушы, әрі ақын, әрі композитор, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт еді. Ол негізі Сарысүмбе ауданының адамы, руы – тасбике. Жастай әкесінен айырылып жетімдік көрген Сұлубай қаршадай кезінен шешесімен бірге өзімен аталас келетін бір байдың малын бағып күнін кешіреді. Жиырманың үстіне шығар-шықпастан еті тірі өжет бала Сұлубай жалға жүріп, туыс болса да байдың қорлауы мен жаласына ұшырап көзтүрткі болып күн көруді ар санады. Тәуекел деп тас жұтуға бел байлап елінен бөлініп, бір өгізге төсек-орнын артып, шешесін мінгізіп, жалғыз бұзаулы сиырын байлап өр Алтайға қарай сапар шегеді. Ол кезде көптеген адамдар кәсіп істеп, тіршілік көру үшін әр түрлі әрекетке кірісетін. Соның бірі – Құтыби, Шонжы, Мори, Баркөл, Үрімжі секілді жерлерге барып, әр түрлі кәсіп жолын қарастырады. Енді кейбірі тау асып Моңғолияға да кетіп қалады. Осыны көзде ұстаған Сұлубай да жаңа бір сапарға бел байлайды.

Бұл 1928 жылы күз айы еді. Осылай тәуекел деп сапар шегіп келе жатқан Сұлубай талай жолды басып, Бурылтоғай бойындағы бір жерге келгенде, арт жағынан шыққан жылқы айдаған жеті-сегіз адам лезде онымен айқасып қалады. Сұлубайдың сәлемін алған отағасы ат тізгінін тартып, онымен жөн сұрасады:

– Қай елсің?

– Оның ішінде қайсысың?

– Сәменбет.

– Оның ішінде?

– Тасбикемін.

– Атың кім?

– Сұлубай.

– Жә, қайда барасың? Туыс қуалап барасың ба?

– Пәлендей қойнын ашып, кел деп тұрған жақын туысым да жоқ. Пәлен жерге барып қоныс тебем дейтін атадан қалған мекен де жоқ. Жоқтық айдаған соң кәрі анамды сүйретіп кетіп барамын. Өзімді жақын тартқан қазақ баласының ағасына – іні, қариясына – бала болмақшымын, – дейді.

Бала жігіттің көзінің оттылығына, жауаптың жатымдылығына, дене бітімінің келістігіне сүйінген отағасы:

– Мен де қазақпын. Қазақ ішінде керей, керей ішінде жантекей, жәнтекей ішінде сәменбет тұқымы боламын. Маған іні болуды қалайсың ба?, – дейді.

Отағасының мысы мол, салауатты жүзін, мейірімді көңілін көзінен байқаған сезімтал бала: «Осы адамға ілессем қор болмаспын» – деген ойға тез келіп, біржола бекиді де:

– Болсам болайын, «Өз ағасына қарай алмаған, кісі ағасын жағалай алмайды» – деген, сәменбеттің баласы болсаңыз – өз ағам екенсіз: «Қой асығын қолыңа жақса сақа қой», – деген, қолыңызға жақсам – іні етіп аларсыз, қолыңызға жақпасам – оны да көрерсіз.

Жанындағы жолдастарының біреуіне отағасы:

– Балаға атың мен арқаныңды бер. Мына жылқыдан мініске екі ат ұстап алсын,- деді.

Ат астына тиген бала жылқыны қайырмақтай келіп, көңіліне жаққан жылқыға шалма тастағанда отағасы:

– Жарайды, мықты, пысық бала, көрдіңдер ме? Мал таниды. Осы құлынға менің де көзім түсіп келе жатыр еді, – дейді.

Сұлубайдың анасы отағасына бар алғысын жаудыра жүріп, атқа мінгенде Сұлубай да бір өгіз, бір сиырын алдына салып, жаңа жолдастарына ілесті. Бұл – 1940 жылға көтеріліс басшысы Ырысқан батыр батырдың әкесі Ноғайбай үкірдай еді. Өткен жылы қыста отардағы малынан Қобылгелді біраз жылқы әкеткендіктен, көз айналдырып Қобықтағы Шың төреге барып, ұрыны жығып, сол малын қайтарып алып келе жатқан беті болатын. Жол жөнекей Сұлубайға кезіккен үкірдай бет алдына қаңғырып келе жатқан жалғыз жігітке жаны ашып, әрі ұнатып, әрі жақын тартып, өз ауылына алып кетті.

Міне, осы күннен бастап Сұлубай Шақабай руының ішінде болады. Ноғайбай үкірдай Сұлубайды мал соңына салып жасытпады, ақысын бермей қақсатпады, ел қатарлы күн кешіп, ер қатарлы азамат болып, ойын-тойда ән айтып, ел жұртты ауызына қаратып өсе берді де, Ырысқан 1940 жылы ақпан айында көтеріліс бастаған күні атын ұстатып жанына ертті. Осы күннен бастап ел көзіне түскен ер болып аты шыға бастады. Сұлубай – Ырысқан өліп, Есімхан тұтқындалғаннан кейін, көтеріліс басшыларының біріне айналып, ел сөзіне тоқтаған жігіт ағасы болып, қиын-қыстау кездерде де талай елді құтқарып, алдынан жау қайтқан жеңімпаз болды.

Жалаты қысаңындағы бір шайқаста Сұлубай небәрі отыз адаммен бес жүз әскерге қарсы шайқасты. Көк құрышпен қаруланған жау оңайлықпен жан берсін бе, қырылғанына қарамай тұрғыға өрледі. Осы кезде жау күшін шоғырландырып, ең биік бір тұрғыға шабуыл жасады. Бұл тұрғыда Оспан батыр батыр жалғыз атыс беріп жатыр еді. Қалың жау қаптағанда, жан-жағына от шығарып жүрген Оспанның тізесіне оқ тиіп, ортан жіліктің тобығын аударып кетті. Қатар тұрғыда отырған Сұлубай Оспанға оқ тигенін көріп, өз тұрғысын жолдастарына қалдырып, Оспанға жан ұшыра жетті. Ол келгенде Оспан жараланып, жүруден қалса да, отырған орнында атысып жатыр еді. Тұрғының енді бір жағынан өрмелеген жаудың бетін қайтарған Сұлубай жаумен атыса жүріп, Оспанды оқ астында қоршаудан алып шығып кетті. Етіктерін шешіп, ұзын байпақтың қонышын балтырдан жоғары буып тастап, жалаңаш пышақтарын аузына тістеп, жау пулеметшыларының ту сыртынан жақындап, атылып барып дыбысын өшірді. Талай қан майданда бірге болған екі арыс бірін-бірі сынап келген еді. «Осы күннен бастап ақиреттік доспыз» – деп ант ішті.

Оспан патша болғанда, Сұлубай бас қолбасшы болып, халық болып жұмылып «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», басшылығын сайлап, ұйымын құрып, сайлауыттарын реттеп бола сала, уақыт ұттырмай 1944 жылы көкектің басында партизандардың бас қолбасшысы Сұлубайдың бастауында Шіңгіл ауданының Алатөбе деген жеріне орналасқан гоминдаң әскерімен соғысуға аттанды. Алатөбе – гоминдаңның Шіңгілдегі жиырма мың әскері орналасқан бекінісі берік, ең үлкен базасы. Партизандар алдымен Дабысын, Қаратүңке, Сарытоғай және басқа жақтардан келетін жау байланысын үзіп, едел-жедел Алатөбе бекінісіне бет алды.

Алатөбе шайқасына партизандардан сұрыпталған – 500, Моңғолиядан – 200, жиыны 700 адам соғысқа қатысты. Соғыс бір жұмаға жалғасқанда Моңғолиядан келген жеті ұшақтың соғысқа қатысуымен, Алатөбе қамалының тас-талқаны шығып, партизандар қамалды тартып алды. Және қашқан жаудың алдын орап Сарытоғайға дейін жеті жерден тосқауылдап соғысып әрі артынан өкшелеп қуғандықтан, жаудың мыңға жетер-жетпес адамы Сарытоғай бекінісіне әрең жетті. Осы қашқан дұшпанның алдын орап соғысып жүрген де Дөңкі деген жерде (қазіргі Сұлубай шоқысы) партизандардың қолбасшысы Сұлубайға оқ тиіп, шейіт болады. Бес жыл бойы қанды соғыс көрген Оспан екі рет қана көзіне жас алған деседі жұрт. Соның бірі Сұлубайдың қазасы екен.

Сұлубайдың адамгершілігі, азаматтығы, жомарттығы, ел бастаған батыр батырлығы бір төбе, қолбасшылық қабілеті бір төбе болса, оның ақындығы, әншілігі, домбырашылығы, композиторлығы үшінші бір төбе. Оның осы кезде туған ел мен туған жердің тағдырына күйініп:


Атымды Сұлубай деп әкем қойған,

Руым жәнтекейде ортаны ойған.

Таршылық қолды байлап бір қоймадың,

Бұл ісің кетер емес, сірә да, ойдан.


Секпілтай, Шаңқан, Тұрғын-ай,

Есен бол ел-жұрт, құрбым-ай!


Басында мәуесі жоқ қу қайыңның,

Адамға пайдасы жоқ уайымның.

Сан жердің дәмін татып, суын іштім,

Білмеймін қайда аларын құдайымның.


Қайқая шапқан Қаракер,

Қайырылар ма екен қайран ел?!


Басы еді Секпілтайдың Қарашора,

Айырылған ел-жұртынан мен бишара.

Қайырылып туған жерге қарағанда,

Ағады көздің жасы сора-сора.


Қалдырып туған жерді ел көшті ғой,

Бойынан ақ даланың оқ есті ғой.

Қаражарға жығылып қара тұлпар,

Бұйдасын қара нардың оқ кесті ғой, –


деп шырқаған «Сұлубай батыр батырдың әні» бүкіл көтерілісші халықтың арман-тілегі, мұң-мұқтажы, жан күзелісі еді.

Халық бұл әнді талай қанды-сойқанды жылдардан туын жықпай алып шығып, бүгінгі күнге жеткізіп отыр. Сұлубайға оқ тиген Дөңкідегі сол шоқыны халық қимас батыр батырдың атымен «Сұлубай шоқысы» деп атады.

Алатөбе шайқасында жиырма мың әскерді екі аптаға жеткізбей әптер-тәптерін шығарған партизандар қимылын және оған көмектескен сыртқы күштің тегеуірінін көріп-біліп, жанын қоярға жер таппаған Шіңгіл ауданының әкімі Тау ... мен сақшы бастығы – партизандардың Алатөбеден Сарытоғай бекінісіне қашқан әскерлерді қуып кеткен орайын пайдаланып, аудан қалашығын өртеп, түрмеде отырған жиырма шақты адамды өлтіріп, аудан маңына көшіріп апарған елден сегіз жүз түтінді қорқытып күшпен айдап Шоңжыға қарай қашты.

Шіңгілдегі гоминдаң үкіметінің әрекетінен хабар тапқан партизандардың қолбасшылық штабы – Қапас, Тоқтыбай, Кескенбай бастаған жетпіс адамды аттандырды. Олар гоминдаң әскерлері айдап бара жатқан елді тал түсте дамылдап отырған жерінде қуып жетеді. Аудан әкімі мен мекеме бастығы – ел бастығы Латиптің үйінде отырғанын ұғады да, партизандарды елді қоршап тұрған әскерлермен айқасуға бұйырып, Тоқтыбай мен Қапас екеуі елді қақ жарып, Латиптың ауылына қарай тартады.

Латип үйіне келе жатқан бетінде үй сыртындағы екі күзетші әскерді атып-атып жіберген екеуі аттарынан секіріп түсіп, екі босағада тұра-тұра қалып, үйдегілерге құрал тапсыруды бұйырады. Шошып кеткен Тау әкім Латиптің бәйбішесінің ту сыртын паналайды. Сырттағы постарының өліп кеткенін сезген олар, еріксіз құралдарын есіктен сыртқа лақтырып тастайды. Партизандар бір-бірден шығуды бұйырған соң бәрі шығады. Ең артынан шыққан сақшы бастығын екеуі екі бүйірінен найзалап, тік көтеріп лақтырып жібереді де, Шіңгілден аттанғанда халықты қырып, қаланы өртеп кеткендігі үшін Тау әкімді де атып тастайды. Бұларға аудармашы әрі халықты алдап-сұлап, қорқытып Шонжыға көшіріп бара жатқан гоминдаң офицері Махмұд Шөкмановты та атпақшы болғанда Латип ара түсіп, алып қалып, артынан қашырып жібереді. Партизандар алғаш келіп тиіскенде-ақ сұрқыға ұшқан гоминдаң әскерлері белдесіп атыса алмай, елді тастап, Гушыңға бір-ақ тартқанда партизандар сегіз жүз үйді тұтастай жаудан аман алып қалады.

1944 жылы көкекте Шіңгіл ауданы гоминдаңнан тұтастай азат етілді. 1944 жылы мамыр айының соңында партизандар Көктоғай ауданына жақын келіп, қоршауға алды, бірақ әскер саны мол, бекінісі берік болғандықтан да басып ала алмады.

Көктоғайды қоршауға алған күннің ертесі партизандарға қатты өштескен гоминдаңның әскерлері өткен жылы тұтқында отырған Оспанның екінші әйелі Мәми мен онан туған алты баласын, Сүлейменнің әйелі Қойтубақ пен келінін және үш баласын, барлығы қырық адамды партизандарға көрсете отырып қылыштап және тірідей зынданға тастап өлтіреді. Осы қырық адамның арасынан Оспанның әйелі Мәми жан ұшырып қолы байлаулы қалпы қашып барып Көктоғай өзеніне түсіп кетеді. Соңынан оқ тигізе алмаған гоминдаң әскерлері қаланы қоршап отырған партизандардан қорқып қорғаннан шығып ата алмады. Өзенге өзін атқан әйелді көріп отырған партизандар бір сеңгір айналған жерден талықсып келе жатқанда аман-есен құтқарып алды. Сөйтіп, Оспанның алды 18 жасқа толмаған алты баласын, Сүлейменнің отбасынан бес адамды, барлығы Көктоғай қаласында бейуаз бұқарадан қырық адамды қанқұйлықпен қинап өлтірді. Бұл қорлыққа шыдамай баса көктеп кірмекші болған партизандарды Оспан өзі келіп ақыл айтып:

– Бұл асқан зұлымдық. Гоминдаң бұл қаныпезерлікті әшкере істеп отыр. Туысына күйінген бізді орға жығып, қақпанына түсірмекші. Жаудың мұндай шырғасына араңданып қырылу есе қайтару болмайды. Ақылын тауып, бодау бермей отырып, жаудың тауын шағып, күлін шашу керек, сонда ғана жеңіске жетеміз, кек те қайтады, – деп тоқтатты.

1941-жылы қыркүйектің басында «жоғалып кеткен» Дәлелхан Сүгірбаевтің кеңес одағында екендігі жөнінде 1943 жылдан бастап ел ішіне аңыс тарады. Сонымен бірге Дәлелхан сол жылы әр түрлі амалдармен ел ортасындағы құданда, дос-жарандарына хат жазып, өзінің тірі екендігін хабарлай келіп, гоминдаңның жеңілетіндігін, оны сөз жоқ Алтайдан қуып шығу керектігін үгіттей бастады.

Дәлелхан Сүгірбаев – 1946 жылы Қобданның Байынөлгей ауданында дүниеге келген. Оның арғы атасы Ақтай он екі абақ керей ішінде шеруші руынан шыққан, Жәнібек батыр батыр заманының ізін баса ел көзіне түскен ел батыр батырлардың бірі еді. Жаз жайлауы – Көлжота, қыс қыстауы – Шұңқыр болатын. Заман өтіп, ел билігі баласы Жылқышыға тигенде, 1867 жылы «Қызылаяқ шапқыншылығы» кезінде «қызылаяқтарға» алым-салық төлеуден бас тартып, Ожеке (Қожамжар) төремен бірлесіп, өзіне қарасты шеруші руының бір бөлігін бастап, Алтай тауының теріскейіне асып, Байынөлгей, Қобда аймақтарын мекен етті. Жылқышы қайтыс болғаннан кейін баласы Сүгірбай ел тізгінін алғанда, қоғам өзгерісі жиілей бастайды. Шың хандығының да қолы ұзарып, Шинжаңға көзі қызарған Шар патшасының (Россия) алдынан көлденең келді. Екі үлкен империя қазақ жерін қазақтардың «еркі бойынша» бөлісіп алғаннан кейін Шың хандығы өзіне қарасты болған қазақтардың ел иелеріне үлкенді-кіші мансаптар беріп, шырғаға тартты. ХХ ғасырдың алғашқы он жылының ішінде Алтай аймағында төрт би-төренің қол астындағы түтін саны мыңға толған ру иелеріне тәйжілік мансап берді. Сол орайда шеруші елінің біліктісі Сүгірбайға да тәйжілік мансап берілді. 1918 жылы Сүгірбай қайтыс болғаннан кейін орнына үлкен ұлы Дөрбітхан тәйжі болды. 1921 жылы Дөрбітханды ақ бандылар өлтіргеннен кейін орнына Дәлелхан тәйжілікке отырды. Дәлелхан жасынан бастап қайшылықты ортада өмір сүрді. Қобда қазақтарының «жала айдау» сынды қанды тарихын өз көзімен көрді. 1920 жылы «Қылаң басын алу» сынды қанды оқиғаны өз ауылында өткізді.

Қылаң – Жылқышымен бірге туысқан Қалыштың баласы, Сүгірбай тәйжінің немере інісі. Ол жастайынан пысық, мықты болып ел басқару ісіне араласа келе Сүгірбай қайтыс болғаннан кейін орнына отырған баласы Дөрбітхан жас болғандықтан, өз кезінде шеруші еліне билік жүргізді. Осы кезде Моңғолиядағы қазақтарды қаратып әкету ойында болған Ян зың шин1 Алтай аймағының уәлиі Жуушөге міндет тапсырады. Жуушө бұл туралы қазақ біліктілерін араға салып, тарту-таралғы ұсынып, сан рет қызмет істесе де Алтайдың теріскейін мекендеген ел мекенінен көшкісі келмей сөзбұйдаға сала келіп, тізгін Қылаңның қолына өткен кезде Алтайдан біржола қол үзе бастады2. Мұны байқаған Ян зың шин үкіметі Қылаңның басын алып, сол арқылы елді қорқыта отырып иелік етуге бекіді. Сондықтан уәли мекемесін қорғаушы әскерлердің бастығы Жандарынды (дүнген) жүз адаммен аттандырады. Жандарын осыдан бір жыл бұрын руара қақтығыста өлген Қиюбай молданың мәселесін шешу жұмысымен келдім деген сылтаумен, қазақтың құн дауын шешіп жатқан кісі болып көрініп, халық жайбарақат болып жатқан бір күні таңертең өзі түскен елге Қылаңды шақыртып, үйге кірген заманда атып өлтіріп, басын кесіп алып қашып, Сарысүмбе кентіндегі қорғанның шығыс жақ қақпасына апарып іледі.

Міне, осы қанды оқиғаны Дәлелхан өз басынан кешіргеніне бір жыл толмастан Алтайдан аттанған ақ орыс армиясы Сүгірбай ауылына сұғын қадап келіп түседі. Өйткені ақ әскерінің Сарысүмбеде жатып салған әскери салықтарын Алтайдың теріскейіндегі ел бермей қойған. Бұл жұмысқа, әрине, Дөрбітхан бастамашы болған. Сол себепті Дөрбітхан мен інісі Дәлелханды қатар ұстаған ақ генералы Бәкіш (Вакш) өздерімен бірге екі айдай мырза қамақта ұстай жүріп, ел шетіне шыққан соң атып кетуді бұйырады. Сол бойынша ағайынды екеуін ел көзінен жасырып, түн ішінде ату майданына алып барады. Сол кезде бір бекімге келіп алған Дөрбітхан мен Дәлелхан екі жаққа қашады. Осы барыста Дөрбітхан оққа ұшып, Дәлелхан құтылып ауылына оралады. Міне бұл қанды оқиға Дәлелханның он бестен он алтыға шығар жасында өтіп еді.

1928-жылға келгенде Моңғолияда феодалдардың тамырына балта шабу әрекеті тағы да жүреді. Осы жылдары Дәлелхан туыс-туғандарын алып, Алтайдың күн бетіне өтті.

Дәлелхан Алтайға келгеннен кейін тәйжілік мансабымен Алтайдың күнгейіндегі шерушіні биледі. 1932 жылғы Алтай халқы «Дүңген төңкерісі» деп атайтын өлке көлемінде «12-көкек төңкерісі» деп аталатын әрекетке белсене араласты.

Тянь-Шань тауының екі тарабын, Жоңғария мен Тарымды бір өлке етіп құрғаннан кейін, Үрімжі орталық қала болды да, өлке көлеміндегі барлық құқық осы орталыққа шоғырланды. Осы шоғырланған құқықты елуге келген қытай мансаптылары бір-біріне көз алартты. Олардың көзінің «ағы менен қарасын» бақылап отырған Ұлы Британия, патшалық Ресей (кейін кеңес одағы) сынды шет елдер де қарап отырмады. Олар осы алакөз мансаптылардың бірін ала, бірін құла санап, алауыздықтарын ұлғайтты. Мажұңиң секілді дүнген милитаристтерін әрекетке келтіріп, бүлік тудырды. Осы қақтығыстырдың кезінде Құмылда ұйғыр-қазақтың шаруаларының көтерілісі басталды. Осы қиыншылықтар ұлғая келе Шинжаңның ұзақ жылдық билеушісі Ян зың шин қастандықпен өлтірілді де, орынына Жин шу рын таққа шықты. Бұл оқиғаның туу кезінде жаңағы күштердің таласы тіпті де күшейді. Міне, осы орайда 1932 жылы Мажұңиңың әскери мансаптысы Махыйин мыңның үстінде әскерімен Алтай аймағына кіріп, билеушісін қуып, дербес әкімшілік жүргізбек болды.

Бұл келген дүңгендердің арғы тірегі – Мажұңиңнің түп-тамырын жете білген Алтайдың көреген басшысы Шәріпхан Көгедаев Алтай халқын ұйымдастырып, дүңгендерді жарты жылға жеткізбейқуып шықты. Міне Алтайдағы осы көтеріліске Дәлелхан Шәріпханды қолдай отырып белсене атсалысты.

1932-жылға келгенде өлке бастығы Мажұңиңнің орынын әскери қысым жасап тартып алған Шың шы цай «12-көкек өзгерісін» қозғап, Мажұңиң армиясын жеңіп, құқықты түгелдей өз қолына алды. Бұл жеңіске кеңес одағының көмегімен жеткен Шың шы цай өзінен бұрынға Ян зың шин, Жин шу рын үкіметтерін «қара әкімшілік» деп атап, өзінің басқа түсі барын көрсетіп, халықты өзіне тарту үшін әр жік, әр сала күштеріне сүйенуді көзде ұстап, «алты түрлі саясатын» қолданып, экономика, оқу-ағарту, мәдениет саласында бір шама алғабасарлық істер істеді. Кеңес үкіметімен достық орнатты. Коммунистік партиямен бірлесті. Жапон басқыншыларына қарсы ұйым құрды. Жергілікті халықтан әр түрлі басшылық орынға адамдар өсірді т.б. Осы орайда үкімет қызметіне қатынасқан Дәлелхан Алтай аймағында құрылған «Қазақ мәдениетін ілгерілету қоғамы» бастығының орынбасары болды. 1937-жылы Алтайда «Жаһангерлікке қарсы тұру ұйымының бесінші мүшесі» құрылып, Дәлелхан бұл қызметке де араласты. Қалың малшылар арасында бұл қызмет жақсы үгіттелгендіктен де, ел болып жұмылып, жапонға қарсы күресіп жатқан алдыңғы шепке 5 ұшақтың ақшасын көмекке атады.

Еліне адал қызмет істеп келе жатқан Дәлелхан 1939-жылы қыркүйек айында аты шулы «Моңғол – қазақ – қырғыз үш ұлт құрылтайына» шақырылды. Бұл құрылтай болмады. Ел басыларын мырза қамаққа алу болды. Осы мырза қамақта жатқан Дәлелхан 1940 жылы Алтай көтерілісшілерінің ырықты орынға шығып, батыл талап етуімен түрмеден босатылып, сол жылы қазан айында Сарысүмбе ауданының әкімінің орынбасары болып, жыл соңында Үрімжіге қайта шақырылды.

Шың шы цай бұл жолы Дәлелханды тағы бір қиын жұмысқа салды. Ол – 1936-1938 жылдары, ілгерінді-кейінді жерлік үкіметтің зұлымдығынан Шинхай, Гансу өлкелеріне жер ауып кеткен қазақтарды қайтару ісі еді. Дәлелхан бұған да мақұл болып, қасына Алтайда алғашқы төңкерісті бастаған Ырысханның інісі Түркістанды1 ертіп, Үрімжіден ұшаққа отырып Шәршен ауданындағы әскери әуежайға түсті де, онан Шақылық тауына жол тартып, Тибет жерінен қайта өткен Құсайын тәйжі, Сабырбай тәйжі, Тұңғышбай үкірдай, Қалақиден үкірдай бастаған елдің ортасына барып, атамекеніне қайту жөнінде үгіт айтып, бірнеше ай тұрып қайтты. Дәлелханның тілін алған елдің бір бөлігі Шинжаңға қайта оралды.

194-жылы жаз маусымында Дәлелхан Сарысүмбеге қайта оралғанда, Алтай көтерілісшілерінің үкіметпен айқасы қызып жатқан кез болатын. Тамыздың соңына қарай Дәлелхан Жалтыртаста отырған ауылына анасы Әйеңе (Нұрила) амандаса барды. Дәлелханның ауылына кеткенінен хабар тапқан кеңес елшісі Буыршыңдағы сауда орынымен байланысы бар, халыққа белгілі саудагер Әбдірахман Тоқыловты жіберіп, Дәлелханға кеңес одағына жасырын өтіп кетуге ұсыныс жасады.

Екінші дүниежүзілік соғысы – кеңес одағының территориясында жүріп жатқан фашисттердің тебінінен қорыққан Шың шы цай «алты ұлы саясатынан» жалт бұрылып, гоминдаңға ойыса бастады. Осыны сезген кеңес одағы Алтай халқының көтерілісін қолдауға бекінді. Әрине, көтерілісті қолдау үшін көтеріліске басшылық ететін адамды таңдап алу керек. Міне, осы мақсаттан шығатын адам Дәлелхан болатын.

Дәлелхан Әдірахманмен жасалған келісім бойынша қыркүйек айының орта шенінде кеңес одағының Алтай аймағындағы елшілігіне жасырынып, көп өтпей Жеменей шекарасынан жасырын өткізіліп, Алматы қаласында екі жылға жуық тәрбиеленеді.

1944 жылы ақпанда Дәлелхан ашық сахнаға шығып, Моңғолия арқылы жанына бірнеше кеңес одағы ақылшыларын ертіп, Шіңгілдегі Оспанға келіп көтерілісті жүргізді. Дәлелхан қызметке араласқаннан кейін Оспан патшаның ауылында кеңестік, моңғолиялық ақылшылардың басқаруымен жиналыс жасап, қайтыс болған бас қолбасшы Сұлубайдың орынына Дәлелхан тағайындалды. Қуанышбай бастаған төрт жүздей адам – Моңғолия шекарасынан өтіп, Сарысүмбе, Буыршын аудандарының жайлауындағы елге2, Қаби бастаған алты жүздей адам – Қарайты асуы арқылы Қаба жайлауындағы елге барып үгіт-насихат жүргізді. Бұл қызметтің нәтижесінде онсыз да гоминдаңнан қысым көріп отырған ел сел суындай тасқынмен бөгеуді бұзып шықты. Сарысүмбе, Буыршын ауданының бір бөлік елі Ермегейді, Ботамойын, Жағаштай асулары арқылы Моңғолияға асып, Шіңгілге барды. Бір бөлігін күз соңында – Нұрғожай, Қапас, Манат бастаған бес жүздей партизан келіп Сарысүмбе, Көктоғай, Бурылтоғай, Сарытоғай, Қаратүңке бекіністерінің ортасын қақ жарып Шіңгіл ауданына өткізіп әкетті. Көлеңкесінен қорыққан гоминдаң әскерлері бір де-бір жерде оқ шығарып, қарсылық білдіре алмады.

Қаба ауданының халқын кеңес одағына өткізіп әкетті де, Алтай аймағының (Буыршың ауданының біраз елінен тыс) бүкіл жерін, халқын көтерілісшілер өткізіп алды. Ал қала-қыстақ тұрғындары болған қытайлар мен ұйғырлардың көбі 1941 жылдан бастап ішкі өлкелерге Үрімжі, Құлжа секілді қалаларға қоныс аударып кеткендіктен, гоминдаң үкіметі мен әскерлері тек аудан орталығындағы жамбылдар мен бекіністерде ғана қалған. Алтай көтерілісшілері Алтай аймағымен ғана шектеліп қалмай, басқа аймақтарға да өз ықпалын өткізе бастады. Қобық ауданынан Зұңғырып келең бастаған 200 түтін көтеріліс жасап шықты. Зұңғырып Шіңгілдегі көтерілісшілер арасында аз уақыт тұрғаннан кейін Оспан мен Дәлелханның Жеменейге жіберген партизандарына қосылып, Жеменей партизандарының Қобық жүздігін құрды. Көтерілісшілер және жүз елуге жуық партизандар Мори, Шонжы, Жемсары аудандарына барып, үгіт айтып, нәтижеде бес жүздей түтін көтеріліс жасап, Бәйтік тауының Алтай жақ бетіне өтіп шықты. Алтай көтерілісі – Тарбағатай, Үрімжі аймақтарында ғана тарап қалмай, солтүстік Шинжаңның бар жеріне ықпал етіп, тұтас Шинжаңда дүмпү тудырды.

Сарсүмбе, Буыршын елі Оспанның тікелей басқаруындағы партизандарға барып қосылғанда, Жеменейде 1944-жылы маусымда тұрғын халықтан ұйымдасқан Жеменей партизандары құрылды. Сонымен бірге Жеменей ауданында «Халықтың гоминдаңға қарсы ұйымы» жарыққа шықты.

*** *** ***


Жеменей халқының Шың шы цай үкіметі мен гоминдаң үкіметіне ұйымды қарсылығы 1943-жылы-ақ ашық бейнеленді. 1940-жылдан бастап тұралау күйіне түскен үкімет, халықтан алатын алым-салығын еселеп көбейтті. Ал азық-түлік, тұтыну бұйымдарымен қамдау бірте-бірте жоққа айналды. Заттың жоққа айналуы қымбатшылықты тудырғандықтан, елді кедейлік, жоқшылық басты. Халқының осы ауыр күйін көрген, 1935-1939 жылдардағы тұтқындаудан аман қалған елдің көзі ашық салауатты адамдары Рамазан зәлің бастап, 1943-жылы күзде ақылдасып, кеңес одағымен астыртын байланыс жасап, сауда-саттық орнатуға, елге белгілі саудагерлер Құрманғали Нұршақұлы мен молда Ислам Исмайыловты жіберді. Олар кеңес одағымен келіседі. Осыдан кейін Жеменей елі қолындағы малы мен шикізаттарын жасырын жолмен шекарадан өткізіп, қажетіне қарай зат алып сауда жасайды. Бұдан хабар тапқан әрі оны бақылап отырған үкімет елдің бұл қимылынан сескеніп, алдын алуға кірісіп, бастаушыларды тұтқындамақ болғанда – Құрманғали мен молда Ислам шекарадан өтіп қашып кетеді. Оларды қолға түсіре алмай ашуланған аудандық сақшының бастығы жанына бір топ адамын ертіп халықты ұйымдастырып отырған Рамазан зәліңді ұстау үшін оның Шарықтыдағы ауылын түн жастана барып басып алады.

Сақшы бастығы үйіне кіргенде оянған болып басын көтерген Рамазан дәретке баратындығын айтып, шапанын жамылып көйлекшең, дамбалшаң далаға шығады. Тәртіп бойынша бәйбішесі де дәрет құманын алып, соңынан ілесе шығады. Қазақтардың бұл әдетін білетін сақшы бастығы іште қалып, сыртта әскерлеріне қарауылдауды тапсырады. Біраз уақыттан кейін Рамазанның кешіккендігінен күмәнданып сыртқа шығады. Дала қараңғы болғанымен адамдардың қарасы анық көрініп, дәрет құман алған бәйбіше үнсіз күтіп тұр, әрменде бір адам әлі дәрет сындырып тұрған секілді. Әр-әр жерде қарауылдаған өз әскерлері де көрінеді. Біраз күткен сақшы бастығы «Рамазан тұр енді!» деп бұйырады. Бірақ Рамазан үндемейді. Ашуланған сақшы бастығы есік алдындағы әскерге алып кел деп бұйырады. Сақшы жетіп барса – Рамазан жоқ. Қара шапанды жамылып, ақ шытты киіп тұрған бір түп ши болып шығады. Қара басқанын сезген сақшы бастығы дереу іздегенімен Рамазанды таба алмай, соңында Рамазанның бала-шағасын, туған-туыстарын қамауға алып, мал-мүлкін мүсәдіралап алады. Қашып шыққан Рамазан зәлің Жеменей мен Қаба аралығындағы құмға бекініп, сол төңіректегі егіншілер арқылы Жеменей көлеміндегі ел басыларына хат жазып, ел болып жұмылып күш көрсетіп, өзін және бала-шағасын, туған-туыстарын құтқарып қалуды талап етті.

Рамазанның Жеменей халқы үшін істеп жүрген істеріне разы болып отырған ел басылары ақылдасып, ертесі бес жүздей адам (Рамазан ішінде) Жеменей ауданында атпен ереуіл жасап қыр көрсетеді. Ереуілшілер атынан Мұстафа зәлің, Тағай зәлің, Зәкүн зәлің, Әбілмәжін сияқтылар аудандық үкімет мансаптыларымен сөйлесіп:

– Рамазанның істеген ісінің дұрыс екенін, халыққа бұл-шәй, киім-кешек керек екенін, тіпті, бұл салаға бұдан былай да жол қоюын, егер кеңес одағымен саудаға жол қоймаса – гоминдаң үкіметі халықты тұрмыстық тұтыну бұйымдарымен қамдауды талап етеді және Рамазанның отбасына жасаған заңсыздығын мойындауды, адамдарды түгелдей босатып, мал-мүлкін толық қайтаруды айтады. Сондай-ақ бұл іс орындалмаса, халық кегін тоса алмайтындығын ескертеді.

Халықты мұншалық жиналып, ашуланып қыр көрсетер деп ойламаған үкімет дереу ақылдасып, Көктоғай, Шіңгілде болып жатқан көтеріліс және оның тегеуірінін ойласа келіп, елді күшпен емес, қулықпен басқаруды ойлап, Рамазанның мал-мүлкін, тұтқындалған адамдарын шығарып беріп, атты ереуілшілерді әрең тоқтатты.

Жеменей ауданындағы 500 адамдық атты ереуілшілері Сарысүмбе мен Үрімжіні дүр сілкіндіріп, бұқара арасында «дүниежүзіндегі тұңғыш атты ереуіл болуы керек» делініп жатса, үкімет пен сақшы мансаптылары «атты бүлікшілер» деп қарап, олардың ұйымдастырушылары мен «бүлікбасыларын» тізімдеп жатты. Ал осы атқа мінген 500 адам айтқанын орындатқанымен, өздерінің «қара тізімге» тіркелгенін де білетін-ді. Сонымен соғыссыз шайқастың толқыны өз арнасымен ағып, сағасына құйды. Рамазан бастаған Жеменей көтерілісшілері өр Алтайдағы көтеріліс орталығына ілгері-кейін Дәуіт Қошайұлы, Бөкен Иманбайұлы, Сатылғандарды жіберіп, жол-жорық сұрады. Көтеріліс басшылары Оспан мен Дәлелхан ақылдаса келіп, Жеменей көтерілісшілеріне іштей дайындық көре беруін, көп өтпей қарулы қосын жіберетінін ұқтырды. Ақыры сарыла күткен бұл күн де жетіп келді. Өр Алтайдың тәжірибелі көтеріліс басшыларынан – Жылқыайдар, Келес, Мұқай, Тескенбай; Балтабайлар бастаған 250 адам Сауыр жонына келді. Келген партизандарды қарсы ала шыққан Қабыл Ақпайұлы, Зәкихан Әленұлы, Рамазан Молымұлы, Тағай Мәметоллаұлы, Баянды Ыбырайымұлы, Алтынбек Оспанұлы, Жұмағұл Лақұлы, Зәкүн Мергенбайұлы, Әбілмәжін Ақпайұлы сияқты ел беделділерінің басшылығында бүкіл Сауыр елі жиналып, үй тігіп күтіп, хан көтерді.

Партизандар үкімет жағдайын, ел жағдайын ұғысқаннан кейін дереу жиын ашып, Алтай партизандарының бір бөлімі етіп «Жеменей партизандар қосынын» ұйымдастырып, басшылық жорасын бекітіп, Рамазан Молымұлын – бастық, Қабыл, Жұмағұл, Тағай, Мұсайыптерді – орынбасарлыққа тағайындады. Жаңа құрылған Жеменей партизандар қатары тез көбейіп, көлемі Бурылтоғай, Қаба, Қобық аудандарына дейін кеңейді. Қобық ауданынан Зұңғырып келең бастаған Қобық партизандары, Қожахмет баудын бастаған ұйғыр партизандары, Қырықошақ пен Қобықтан келген орыс партизандары, Бурылтоғай ауданының көл бойындағы елінен Түреке, Әпсадық бастаған Бурылтоғай партизандары, Жапар, Мәуліхандар бастаған Қаба партизандары келіп қосылды. «Жеменей партизан қолбасшылық штабын» құрып, оның қызметтеріне Сұлтан Есбосынұлы (мұғалім), Мәуліхан Нұғыманұлы (мұғалім), Ахмет Тиекбаев (малшы), Мақади (малшы), Қамза Есіркегенұлы (мұғалім) тағайындалды.

Бұл партизандар қосыны төрт жүздікке бөлініп, жүздік басшыларына Ахмет Тиекбаев, Талқы Тиекбайұлы, Қожахмет баудын (ұйғыр), Зұңғырып (моңғыл) белгіленді. Ұйғыр, моңғол жүздіктерінің кем орындары қазақ партизандарымен толықтырылды. Жеменей партизандары Өр Алтай партизандарына ілесіп, Қобық, Қостолағай, Жеменейде бірнеше рет соғысқа қатынасып, жауды жеңіп, қару-жарағын толықтырды. Дұшпанды ініне қорғалатып, енді бір жақтан халықтың амандығын қорғауды көзде ұстап, Жеменей халқын тұтастай, Қобық моңғолдарынан екі жүз үй, Бурылтоғайдың Үліңгір көл жағасын мекендеп жүрген екі жүздей түтінді қосып, Кеңес одағы жеріне өткізіп орналастырды1.

Осыдан кейін Жылқыайдар, Тескенбай бастаған Өр Алтай партизандары Шіңгілге қайта қайтты. Ендігі жерде қызметті Жеменей партизандарының өздері басқаратын болды. Халықты қауіпсіз жерге орналастырған партизандар Жеменейдің Қызыладыр деген жеріне бас штабын орналастырып, күшін топтады. Қыс бойы Жеменей, Қаба, Буыршын, Қобық аудандарындағы гоминдаң әскерлерімен және Буыршындағы Борис бастаған қорғаушы бөлімдерімен арт-артынан соғысып, бір тараптан үгіттеп отырды. Нәтижесінде Жеменей қаласындағы ұйғыр әскерлері партизандарға қосылды. 1945 жылы Бурылтоғай жамбылына бекінген гоминдаң әскерінен взвод бастығы Момын бастаған қырық ұйғыр әскері тізе бүкті. «Қырық ошақ» соғысында елу ұйғыр әскері партизандарға өтті. Қырық ошақ бекінісін мекендеген сексен үйлі орыс бұқарасы да партизандарға ілесіп, жол бастап, барлық үйлерін босатып беріп, үй қабырғаларын тесіп, жау бекінісіне жақындауға жол ашты. Қыс бойы қар жастанып, мұз төсеніп жүріп туған елін азат етуге бел буған партизандар «Айқай, ел» әнін шырқады.

Аттандық Буыршын мен жер Қабаға,

Сиынып Жәнібектей ер бабаға.

Азаттықты алуға ту көтердік.

Атқа мінбей мұндайда ер қала ма?!

Айқай, ел, туған жер.

Туысқандар бірге кел!
Жан туды ма жалғанда Шәріпқандай?!

Қызмет еткен халқына жан аямай.

Мәнкей, Ақыт, Қалелді және өлтірді.

Гоминдаңнан сыи күтер халық қандай?!


Мекендеген Алтайды абақ елі,

Емес пе еді Шәріпқан ардагері.

Айқара ашқан ғылымның нұрлы есігін,

Надандықтан құтқарған кеменгері.


Мәнкей, Бұқат Алтайдың сындары еді,

Өлтірді сұм, халықтың сынды белі.

Қи сыпырды, қинаумен сарбаздары,

Қара әкімнің қан ішкіш жендеттері.


Тұлпар мініп, ту алып, тұрдық сапқа,

Ел құтқару міндеті азаматқа.

Ата жауды аластап кек алайық,

Аттан енді, айқай ел, қарап жатпа!


Айқай, ел, туған жер.

Туысқандар бірге кел!


Гоминдаң қашан, кімге берген пайда?

Пайда берсе, ел бастар ерлер қайда?

Жағаласпай жауыңмен жан қалмайды.

Атой салып, қамал бұз осындайда.


Жеңіске жететіне сенімі кәміл партизандардың бұл ұранын бүкіл ел болып жаттап, көңіліне ұялатып, көгіне шарықтатты. Сонымен Қызыладырдағы Жеменей партизандарының қатары күн санап өсті. Қаба ауданынан Тышан Байсұлтанұлы, Төлеуқан Сақариұлы, Төлеуқан Қайдарұлы сияқты жүзге жуық азаматтар келіп басқалармен толықтырылып, бір жүздік болып құрылды. 1945 жылдың көктемінде жақсы қаруланған мыңнан астам сарбазы бар қосынға айналды. Қыс бойы Жеменей ауданын қоршап жатқан партизандар, дұшпанның сырыттан келетін азық-түлігі мен қару-жарағын тіл кескендей кесіп тастағандықтан, ақыры дәрмені қалмаған гоминдаң әскерлері 21-ақпанда түрмедегі адамдарды тамға бастырып өлтіріп, Буыршын ауданына қарай қашты. Сол күні соққан әйгілі «Ноқай» бораны олардың алдын тосты. Алдынан табиғат соққысы, соңынан партизандардың текпісіне түскен гоминдаң әскерлерінің көбі жолда қалып, тамтығы Буыршынға әрең ілікті. Жеменей азат болды.

Жеменей азат болғаннан кейін партизандар наурыздың басында аудан халқын басқаратын Уақытша үкімет құрып, бастығы – Рамазан Молымұлы, іс жүргізушілеріне – Сұлтан Есбосынұлы, Мәуліхан Нұғыманұлы, Ахмет Тиекбаев, Зұңғырып, Қажимандар тағайындалды.

1945 жылы көктем шыға Жеменей халқы ата мекеніне қайта оралып, алаңсыз, бейбіт, азат өмірге есік ашты. Ал, жауды бір жола жоюға бекіген партизандар Сауыр тауынан бірде-бір жауды Алтайға беттетпеді. Сонымен бірге Құрманғали Бұршақұлы, Сұлтан Есбосынұлы бастаған сығайланған үш жүз адамдық қосынды Тарбағатайды азат етуге аттандырды. Олар Алтай партизандарымен бірлесіп, Қырық ошақты алғаннан кейін, Іледен келе жатқан ұлттық армиямен тізе қосып, Дөрбілжін ауданын азат етіп, Тарбағатай аймағының орталығы Шауешек қаласындағы гоминдаң армиясын тізе бүктірді. Бас алдырмай соққылауға бекіген партизандар Қобықтағы топтасқан жау күшін жойып, ендігі жерде Сарысүмбе, Буыршын, Қаба аудандарының орталығына тығылған жауды жоюға жол алды. Ұлттық армия мен партизандардың Алтайға бет алғандығын Оспан мен Дәлелханға хабарлауға, Алтай партизан қосынындағы Әділ Татанайұлын жіберді.

*** *** ***


1944 жылы жаз, күз айларында төменгі төрт аудан елін гоминдаңнан тартып алу, орналастыру, мал-жанына кепілдік ету жұмыстары сәтті, жеңісті, нәтижелі жүргізілгеннен кейін, қазан айының ішінде Шіңгілде: Сарысүмбе, Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл, Қаба, Жеменей, Буыршын сияқты жеті ауданның халқының уәкілдері бас қосқан үлкен жиын ашылып, «Уақытша төңкерістік үкімет» құрды. Үкімет бастығы – Оспан Исламұлы, орынбасары – Дәлелхан Сүгірбаев, жора мүшелері – Латип, Рамазан, Келес, Көксеген, Уатхан, Дәлелхан, Кәмел, Кәріп, молла Ислам, Асхат Мәнкейұлы сияқты он үш адам болды.

«Уақытша төңкерістік үкімет» құрылғаннан кейін, қызмет – жедел, ширақы және сатылы жүргізілді. Гоминдаң үкіметін панасыз қалдырып, әскерін титықтату үшін әскери казармалар орналасқан аудан орталықтарын жеке-жеке қоршап, бір-біріне тіл айқастырмауға және әскери бекіністерін талқандауға әрекет жасады. Үрімжі, Шонжы, Тарбағатайдан келетін түрлі-түсті көмектің жолын кесті.

1945 жылдың қысы қатты болды. Шіңгіл ауданына қоныс аударған төменгі төрт аудан халқының малы қыс қыстауға сиыспай, қатты жұтаңшылық болса да, «Уақытша төңкерістік үкімет» өз күресін тоқтатпай, бір тараптан халық жұмысын басқарып, енді бір тараптан әскер қосындарын жаңа адамдармен толықтырып, оларды құралдандырды және жаттықтырды. 1945 жылы ақпан айында Көктоғай ауданының орталығына шабуыл жасауға аттанды. Бұдан алдын-ала хабар тапқан дұспан табан тіреп тұра алмай, Көктоғай қалашығын тастай қашты. Жауды өкшелей қуып, бес жүздей адамын жойып, төрт жүздей қару-жарақ олжа алды. Көктоғай соғыссыз алынғаннан кейін партизандардың беделі тағы да артты. Енді едел-жедел Сарытоғай бекінісіне бес жүз адамдық қосын ұйымдастырып шабуылға дайындалды.

Сарытоғай – гоминдаңның Алтайдағы ең үлкен бекінісі және қатынас орталығы. Мұнда: «Алатөбе шайқасынан», «Күмістің құйғанындағы шайқасынан», Көктоғай ауданы сықылды бірнеше орындардан шегінген әскерлерден, жиыны төрт полктен құралған үш мыңға жуық әскер, қырық-елу автомашина, бес-алты болат қапты машина және бес-алты танк бар еді. Қару-жарағы озық гоминдаң әскерінің күші басым болғанымен көтерілісшілердің мысы басым еді. Көктоғай, Жеменей, Шіңгіл ауданын алған шайқастағы партизандардың тегеуріні арқасына аяздай батып, қынадай қырылған қырғыннан қашып, әр жерден жиналған гоминдаң әскері мен офицерлерінің рухи күйі өте төмен еді. Олар қай күні, қай жағынан келетін ажалды күтумен ғана әуре болатын. Сондықтан, партизандар шабуыл жасамай-ақ жау 7 наурызда бекіністі тастап, Гучыңға қарай қашты.

Сарытоғай қамалынан жаудың шегінгенінен хабар алған көтерілісшілердің қолбасшылық штабы бес жүз адаммен шабуыл жасау жоспарын өзгертіп, екі жүз адамдық шағын қосын аттандырды. Бұлар шегінген әскерлерді екі бүйірден де, алды-артынан да соққылап, ес-ақылын алды. Ақыры дөңгелегі мен моторына оқ тиген автомашиналардың барлығы дерлік жолда қалды. Ал танк пен болат қапты машиналар алғашқы күні-ақ, құм жолында өз-өзінен істен шықты. Оларға оқ шығарған да жан болмады. Сонымен жол бойында аштық пен шөлден қырылып, көктемгі қалың қардан көзі қарлығып, әр жерде ұйлығып-ұйлығып өлген екі мыңдай өлекселерін қалдырып, Гучыңға тек сегіз жүз түйені көлік еткен мыңға жуық адамы ғана жетті.

Сарытоғайдағы жеңіліс гоминдаң армиясы ішінде үлкен аңыс тудырып, әскерлерінің көңілін үрей басты. Бурылтоғайдағы бір полк әскер мен қызыметшілер де 14 мамыр күні аудан орталығын тастап, бір түнде қашып, Сарысүмбе қалашығына кірді. Бурылтоғай азат болды. Сөйтіп, осы жылдың маусым айына дейін Алтай аймағының Шіңгіл, Жеменей, Көктоғай, Бурылтоғай сияқты төрт ауданы азат болды. Шілдеде Алтай партизандарының қолбасшысы Дәлелхан Сүгірбаев Әділ арқылы ұлттық армияның Қобықты алып, Алтайға қарай бет алғанынынан хабар тапқаннан кейін, өзі бастап Сарысүмбе, Буыршын, Қаба аудандарының қалашығын жаудан шұғыл азат етуге қайта аттанды.

1945 жылы тамыздың соңында ұлттық армияның Кеңсай полкі мен Жеменей партизандары тізе қосып Үшқара, Көксін тауынан асып, Ертіс бойына түсіп, Буыршын ауданын алуды жоспарлады. Алдымен, бір топ партизанды қаланың жоғары жағынан – Ертіс өзенінен жасырын өткізіп, Шегетай қабағын алып, Сарысүмбенің жолын кесті. Екінші рет Тышан, Тілеухан бастаған партизандар Буыршын өзенінің Ертіске құйғанынан төмен ат салып өтіп, Буыршын паромын иелеумен бірге, Шұңқырдан келетін орыс әскерінің жолын кесті. Үшінші рет, Буыршын қалашығына қайықпен Талқы Тағайұлы бастаған қырық адамды өткізіп, олар Әбдірахыман Тоқыловтың қорасына жасырынды1.

Сарсүмбе жақтан әскер келмегендіктен Шегетай қабағы жақтан айқас болмады. Ал, Буыршынның ар жақ жағасына өткен Тышан бастаған партизандар Буыршын өзеніне келгенде паромның шығыс жақта тұрғанын көреді. Енді паромды қию міндетін орындау үшін паром ұстаған екі қазақ жігіттерінің әйелдерін ертіп әкеліп, солар арқылы шақыртады. әйелдер арғы жағадағы ерлеріне: «Қаба ауданынан адамдар келді. Тез өткізіп алыңдар», –деп дабыстады. Паромды айдаған жігіттер бергі жағаға өткен соң партизандар паромды қиып жіберіп, паромұстаған жігіттерден жөн-жәй ұғысады. Олар ертең Шұңқырдан орыс әскерлері азық-түлік әкелетінін айтады. Ертесі айтқанындай, он шақты орыс солдаты он бес өгізбен ұн артып жетіп келгенде, партизандар оқпен қарсы алады. Орыстардың бірнешеуі өліп, қалғаны қашып жоғалады. Он бес өгізбен екі лаушыңы ұстап алып, ендігі жерде бұйырық бойынша өзеннің Буыршын жағына өтіп, қаланы батыс жақтан қоршайды.

Партизандар орналасып болғаннан кейін Кеңсай полкі соғысты бастайды. Соғыс бір сөткеге жетпей тоқтап, гоминдаң әскерлері құрал тапсырды. 1 қыркүйекте Буыршын азат болды. Дәл сол күні Жеменей партизандары мен ұлттық армияның және Өрдебай Баянбайұлы бастаған Өр Алтай партизандарының бір бөлімі бірігіп, Қаба ауданын алуға аттанды. Қаба ауданындағы гоминдаң күштері төтеп бере алмайтынына көздері жетіп, 7 қыркүйекте Шұңқырды басып, Сарысүмбеге қашты. Қаба ауданын азат еткен партизандар мен ұлттық армия қосындары қашқан әскерді өкшелей қуып, Шұңқыр бойына түсіп, ол жердегі Борис бастаған орыс қорғаушы бөлімін бағындырып, ертесі гоминдаң әскерін қуалап, Сарысүмбеге бет алды.

*** *** ***


Алтай аймағының орталығы Сарысүмбе – үш таудың ортасына орналасқан әйгілі тау қаласы. Қала ортасын асау ағынды Қыран өзені жарып ағып, тасыған кезде оңай-оспақ өткел бермейді. 1940 жылдары осы өзеннің үстіне салынған бір ғана көпір бар-ды. Сарысүмбе аталған бұл қалашықтың қанды тарихы аз емес. Алтайға таласқан алыптар Сарысүмбеге таласады. Алтайдың алтынына таласқан ашкөздер де Сарысүмбеге таласады. Абырой-атаққа таласқан астамдар да Сарысүмбеге таласады. Сол таластар Алтай халқын қанжілік еткен аласапыран тауқымет әкеліп, талай-талай баланы ата-анасынан, ата-ананы ел жұртынан айырды. Талай-талай тәнді жанынан, денені бастан айырды.

Сарысүмбе – «қанды қала». Осы кішкене қалашық 1945 жылға дейінгі алпыс жылға жуық қанды тарихты басынан кешірді. Сонау 1880 жылдың соңында «Асылбектің басын алу» ісі осы «Сарысүмбе» бұтханасында жоспарланып еді. Сол кезде Алтай тауында бірден-бір ысқырып тұрған ордалы жылан Іле генералы жағынан орналастырылған билеуші Шаған Кеген өз қолымен Асылбектің басын алып, Алтайдың теріскейін қанға бояп, қазақ баласын түршіктірді. Онан кейін 1920 жылы «Қылаңның басын алу» ісі де осы Сарысүмбеде жоспарланып, Алтай аймағының билеушісі Жоу Ушуе дауиңның бұйырыуымен Алтайдың арғы бетінде басы алынып, қазіргі дөңбазардың (Сарсүмбе қаласының солтүстігі) шығыс жақ дарбазасына ілінді. 1928 жылы «Зуқа қажының басын алу» ісі де осы Сарысүмбеде жоспарланып, дауиңның тікелей басқаруымен, Ма дарынның қолымен Бурылтоғай жерінде (Зуқаның бітеуінде) басы кесіліп, Сарысүмбедегі «Қара көпірдің» түстік оңжақ босағасына ілінді. 1929 жылы «Жантайлақтың басын алу» ісі де осы арада бекітіліп, тағы да Ма дарынның қолымен ата мекені Үшкөлде басы денесінен бөлінді. Осы төрт бастың алынуы кезінде қаншама халық зардап шекті, қаншама қазақ жер құшты.

Ол – ол ма? 1921 жылы Ресейдегі «ақ пен қызыл» соғысында қызылдардан жеңілген ақ армиясының генералы Бәкіш (Вакш) бастаған қашқын әскерлер Алтайды басып алып, Сарысүмбені иемденіп, қан шашып, ойран салды. Басбұзарлық істеді. Ал осы шетел шапқыншы армиясына кім тізе бүкті, кім қарсы тұрды? Қойды көргенде қоқаңдап, жолбарыстың айбарынан қорқатын Яң Зың шиннің сілікпе үкіметі мен қоламта әскері Тарбағатай шекарасынан тұс-тұсынан ақ патша армиясы өтіп, Алтайға бет алыпты дегенді естігенде, Алтайды ақ орыстарға қалдырып, тайып тұрды. Алтай уәлиі Жоу Ушуе өзін-өзі өлтіргенде, туған жерге туған халқы ғана жанашырлық істеді. Ақ армиясын еркіне жібермей тізгіндеді.

Жерлік үкіметті басына кірген ақ армиясы Алтайдағы әрекетті – қашып кеткен үкіметтің мал-мүлкін иеленіп, үкіметпен бірге кеткен қытай, ұйғыр, дүңген саудагерлерінің затын мүсәадіралаудан бастап, соңында жерлік халықты баса көктеп билік жүргізіп, алман-салық алуға кірісті. Халық бұл заңдылыққа қарсы тұрды. Зуқа батыр батыр ақ генералы Бәкіштің жіберген адамына: «Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл – менің жерім. Ел – менікі, жер – менікі. Біздің халқымыз ақ патшаға қарамайды. Патшаның қашқын армиясын үкімет екен деп танымаймыз. Билігіңді өз еліңде жүргіз. Мен сендерге –өз ел, өз жерімді аралата алмаймын да, бір бас мал бере де алмаймын. Соғысамын десең дайынмын, ал соғыспасаң тез жөніңе түс», – деп қайтарды.

Сарысүмбені бауырына басқан Бәкіш әр жерге алман алуға адам жібергенімен, жергілікті халықтың қолдауына ие бола алмады. Алтайдың теріскейіндегі Қобда елі, барған әскерлердің қару-жарағын тартып алып, өздерін құр қайтарды. Алғашта Алтайда тиянақ тауып, артынан тап беруді ойлаған орыс генералы бұл жерден тиянақ таба алмады. Халық қарсы тұрды. Төтеп берді. Жерін бастырмады. Бұйырығын қабылдамады. Заттық көмек бермеді. Ақырында халықтан қағажу көрген ақ армиясы Алтайдың жоғарғы ауданына өрлей алмай, төменгі аудандардан тиянақ таба алмай, Моңғолия жеріне асып кетуге мәжбүр болды.

«Ақ орыс жылынан» он бір жыл кейін, 1932 жылы ислам дінін жамылыш еткен Ма Жұңиңның бір бөлім әскерін басқарған Ма Хыиң Алтайға шабуыл жасап кіріп, Сарысүмбенің баурын басып жатып, ұлттық өшпенділкті қоздыру арқылы өз мақсатына жетпекші болды. Бұл кезде билік басында отырған уәли Алтай қазақтарын желкесінен бауыздады. Сарысүмбе қалашығынан қан ағып, Қыран өзеніне құйылды. Сөйтіп жүріп ақыры дүңгендермен атысуға жарамай, Алтайды тастап қашты. Алтайды жеке иелемекші болған Ма Жұңиң әскерлерін, Алтай халқының күрескер, көреген қолбасшысы Шәріпхан Көгедаев бастаған Бұқат, Өміртай, Қалел секілді ел басылары тізе қоса отырып, жергілікті халықтың жанқиярлық күшімен қуып салды.

Сөйтіп, Алтайдың жергілікті халқы ғана ала тулы орысты, ақ тулы дүңгенді де қанды бодау бере отырып, ата мекеннен тазартты. Жеңіс тапты. Ата мекеніне адалдық етті, қорғады. Міне, осы дүңгеннен иен қалған орынға, аузына бар жақсылықты көтеріп келген, келгеннен кейін халықты қойдай көгендеп қырған сары ала тулы Шың шы цай, бүкіл Шинжаң халқына бар бақытты өзі әкелген болып, Алтай халқының қан бодау берген еңбегін жеті басты жалмауыздай жұтып, оның есесіне халық азаматтарын «отанға опасыз, жапон имперализіміне тізе бүгушілер, сатқындар» – деп қарап, топ-тобымен топырлатып түрмеге тықты. Енді міне Шың шы цайді жамандап келген көк ала тулы гоминдаң – алдыңғылардың бәрінен де асқынып, Алтай топырағына қылышың жалаңаш ұстап кірді. Осы астамшылықтың бәрін көрген үш таудың ортасында тұрған Сарысүмбе қарт тарихтың куәгері болып, қаралы күнін бастан кешіріп келеді. Солтүстікте – Үсігенді бұлт ораса, Сарысүмбені – тұман басады. Шығыста – Жияң жүн (генерал) қызылды бұлт ораса, Сарысүмбеде – құйын көтеріледі. Батыста – Балқанақты бұлт ораса, Алтайда «ит жеккеннің» үскірігі жүреді.

Тарих бойы тағдыры кермал қаланың алда таңы атқалы келеді. 1945 жылы тамызда Алтай партизандары гоминдаң әскерлері тықсыра-тықсыра Сарысүмбе қаласына әкеліп тықты. Қаланы шығыс және оңтүстік жағынан қоршауға алып, бас көтере алмастай етті. Алтай аймағындағы үкіметі мен әскерінің осындай күйде қалғанын білетін гоминдаңның Үрімжідегі үкіметі мұнан кейінгі істерінің жоспарын құрып, Алтайды сақтап тұра алмайтынына көзі жетіп, өз қолындағы Алтайдың білікті адамдарынан Әлен уаң, Жанымхан және Нұрқожай Нұрғожай1 сияқты адамдарды арнаулы ұшақпен Үрімжіге жөткеді. Дәл осы орайда Шәмши Мәмиұлы мен Дәлелхан Әленұлын машинамен Үрімжіге жолға салды. Олар жол-жөнекей Тарбағатай аймағының Дөрбілжін ауданында2 түнеп жатқанда, ауданды азат еткен Алтай партизандары мен Үш аймақ «Үш аймақ» әскерінің қолына түседі.

Бұларды сол ұстағаннан Алтайға қарай алып жүрген көтерілісшілер Қобық ауданын азат еткеннен кейін, Шәмши Мәмиұлын Сарысүмбедегі гоминдаң үкіметіне елшілікке жіберіп: «Қарсыласпай тізе бүгуін; қала тұрғындарының өміріне, мал-мүлкіне зиян салмауын; үкімет қазынасының ойрандалмауын, өрт қойып, талан-таражы етпеуін ұқтырды». Шәмши бұл хатты Гау Бэи иүйге қол екі табыс етумен бірге, Алтайдағы ұлттық басшылардан Мұқаш Жәкеұлы, Әйтікен Аманжолұлы тағы басқаларға құпия хат та әкеледі. Бұларға жазылған хатта: «Алтай сөзсіз азат болады. Гоминдаңмен ілесіп қашпау керек. Сарысүмбе қаласын қорғау керек. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң», қатесін таныған адамның өткен істері сұрастырылмайды» – делінген. 4-қыркүйекте генерал губернатор Гау Бэи иүй, двизия командиры Уан Ли үн шұғыл әскери жиын ашып, қаладан шегінетіндігін жариялады. Жиында атты әскер полкінің командиры Дәй Күйми мен сақшы бастығының: «Қала халқын қырып, қалаға өрт қойып, соңынан құм жолы арқылы Үрімжіге қашу керек» – деген жоспарын тура таппай: «Қаланы өртеуге, халықты қырғындауға болмайды. Себебі, қарсы жақтың өшпенділігі артады. Бәлкім қолға түскенімізді де тұздай құртады. Біз қашып Үрімжіге жете алмаймыз. Жақын жерден сыртқы Моңғолияға асып, баспана сұрауымыз керек» – деп қаулы алады. 5 қыркүйек күні түнде қала халқының амандығын сақтауға Манаттың екі жүздің үстіндегі қазақ әскерін қалдырып, гоминдаң үкіметінің адамдары мен әскерлері, олардың бала-шағалары болып төрт мыңдай адам Өрмегейті асуы арқылы сыртқы Моңғолияға аса қашты. Қаланы және қала халқын ойраншылыққа ұшыратпай, қаладан ең соңында аттанған Манаттың адамдары жақын тауға паналап тұрып, 6 қыркүйекте қалаға кірген көтерілісшілерге тізе бүгетіндігін мәлімдеп, Мұқаш Жәкеұлы, Әйтікен Аманжолұлы бастап қайтып келді.

Қалаға кірген партизандардың қолбасшысы Дәлелхан Сүгірбаев аттанып кеткеніне жарым сөтке болған гоминдаң әрмиясын тіл құтқармай қолға түсірудің шұғыл шарасын қолданып, Әбдірасұл бастаған отыздай адамды төте жол арқылы Моңғолия шекарасына аттандырады да, өзі бастап бірнеше жүз партизандармен жаудың қыр соңынан түсті. Нәтижеде Әбдірасұл бастаған паризандар асуды дұспаннан бұрын иелеп, дұспанның асудан асуына жол бермеді. Соңынан қуып жеткен партизандар қолбасшысы Дәлелхан Сүгірбаев оларға түгелдей тізе бүгуге нәсихат етті.

Өздерінің бастарынан асқан қанды қылмысынан қорыққан полк командиры Дәй Күй ми мен сақшы бастығы екі жүздей атты әскер, құрал тапсыруға мойынсал болмай, Қандығаты арқылы қайта қашып, Бурылтоғайды басып, Дагуай-Шяугуайға түсіп, Үрімжіге қашып кетті де, қалған гоминдаңның Алтайды (Сарысүмбені) паналаған әскерлері мен офицерлері, олардың үй ішіндегілері партизандарға тізе бүгіп, құрал тапсырды. 1939 жылдың Желтоқсан айының соңында белең берген Үш аймақ «Үш аймақ» төңкерісінің алты жылға созылған азаттық соғысы жеңіске жетті. Бүкіл Алтай аймағы азат болды.

Соңы
Қысқаша мағлұмат: Асқар Татанайұлы – 1906 жылы 6-қазан күні Шығыс Түркістанның Алтай аймағындағы Қыран өзені бойында дүниеге келген. Жазушы, ақын, шежіреші, оқу-ағарту саласының белгілі қайраткері. 1935-жылы 27-желтоқсаннан бастап шығарылған «Алтай» газеті баспаханасын ұйымдастырушы баспагер, газет қаламгері. Шығыс Түркістандағы тарихи оқиғалардың тікелей куәгерлері. Алтай тарихы туралы әфсаналардың, «Бір ғасыр» атты өлеңмен жазылған романның авторы. 1994 жылы 19-сәуір күні дүниеден қайтқан. Дайындаған – «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының ғылыми қызметкерлері Қалбан Ынтыханұлы, Еркінжан Сіләмханұлы, Қарлығаш Хамзина.

Фатхан Дәлелханұлы СҮГІРБАЕВ
АЛТАЙ АРПАЛЫСТАРЫ1

(есте қалғандар)

Мазмұны



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет