Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет13/29
Дата24.04.2016
өлшемі2.39 Mb.
#78735
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29

Бірінші шайқас. Біз жанаттай жайнаған ата мекенімізді қия алмай, көк шалғынды шайқалта басып, салтанатпен шалғайдағы шепке қарай Нылқыдан аттанып, Бубұлақтағы ел ішіне келіп қондық. Ел жайлауына енді ғана келіп, бие байлап, сахараның шаттығына бөленіп жатқан кез екен. Бізді қызу мерейменен қарсы алып, ертесі қимастық сезіммен көздеріне ыстық жас алып, ұзатып салды. Қариялар ақжол ілеп, ақ батасын берді. Күнес ауданының басындағы Жұлдыз жайлауына келіп қондық. Ол жер тіпті тамаша болды. Әр үй: партизандарды бестен-алтыдан бөліп алып, үйлеріне ертіп барып, дарқан дастарханын жайып, құрметтеп күтіп, ақжол тілеп ұзатып салды. Кейбіреулері нашарлау деген аттарымызды алып қалып, өздерінің жүйрік сәйгүліктерін берді.

Оның ертесі – Жұлдыздың ең жоғарғы басына келсек, қырық үйлі монғол туысқандар бар екен. Олар өте қызу пиғылымен қарсы алып, өздерінің ұлттық салты бойынша қонақ қылып, аттандырып салды. Жетпіс жас шамасындағы бір монғол қария бізге жол бастап, биік тау, заңғар жалама-жартас, құз-қия, бұйрат-бұйрат жон-жоталардан өтіп, биік шоқылармен қар жамылған тау ішіне барғанда, қақаған аязға тап болдық. Қарыс жер көрінбейді. Көзге түртсе көргісіз. Тас қараңғы. Тау сағалап соқыр тұман басып тұр. Өзіміз аспанға жақындап қалғандай, заңғар биік шоқылар аспанды тіреп тұрғандай сезінеміз. Содан әлмисақтан бері адам баласы аяқ баспаған бір тарғыл таудың күнгей бетіне келгенімізде екі Хамза: «Ендігі жолды өзіміз білеміз. Сізге рахмет. Аулыңызға қайтыңыз!», – деп жол бастаған монғол қарияға жеткетегі аттың бірін беріп, жолға салды.

Қос Хамза мен Сауан елінен келген елшілерге ілесіп жүріп келеміз. Тарғылтау – Манас тауы екен. Оның теріскейін көлеңке жауып, күнгейін күн сәуелсі өбіп, ортасынан Қызылөзен сарқырап ағып жатыр.

Есімде қалуынша 6-маусым болса керек. Қызылөзеннің басынан асып, Саршоқыға қарай үркіп көшіп келе жатқан, Манас елін кезіктірдік. Қалибек, Тәкімандар бекініс алып отырған жерге де жеттік. Хамза партизандарды өзінің үйіне бастады. Алдымыздан шыққан туыстар құшақ жая қарсы алды. Хамза – ақбоз бие, ақсарыбас қой сойды. Тілеу тіледі, қонақасы берді.

Хабарымызды естіп, қарамызды көре сала – Қалибек, Тәкімандар да келіп жетті. Қалибек, Тәкімандар біздің келгенімізге ерекше қуанды. Ылғи да ересек, сақа жауынгерлердің, біздің, ұстаған құралдарымызды көріп, тіпті де қуанған Қалибек:

– Құтқарушыларымыз, бір күн кешіксеңіздер біздің жаумен соғысатын оғымыз таусылатын еді. Жау әскері қазір артымыздан өкшелей қуып келеді. Қалың ел, кәрі-жас демей жаудың оғына жем болып қырылар едік. Сіздер кешіксеңіздер, жанымызды қолтықтап, малымызды тастап, жаяу-жалпы тау асып, Қызай елінен баспана тілеп баруды да ойластырдық. Бақытымыз бар екен. Алла ел-жұрттың көз жасын көріпті, сіздер енді әлденіп алып, жау әскерін оқпен қарыс алуларыңызды өтінемін, – деді.

Қалибектің ұсынысы бойынша партизан басшылары өзара ақылдасты. Шабуылға шығу бұйрығын алған соң, бет алдымыздағы тауда атыс болып жатқан майданға барып, Қызылөзен елінің партизандарымен бірлесіп атыстық. Біздің алдымыздан шыққан жау әскерінің бір тобы, бізді бұрыннан бері атысып, жеңіліп, шегініп, тау сағалап жүрген, жергілікті партизандар деп қате межеледі білем. Тайсалмай келе жатқан еді. Оларға Жұмаділ пулеметтің бір дискі оғын төгіп жібергенде, жаудың алдыңғы легі жапырылып түсті. оқтан құтылғаны тым-тырақай қашты. Екі топтың жауынгерлері жау әскерлеріне оқ жаудырғанда, жер күңіреніп, көк шайқалғандай, тау жаңғырып, жаудың есі шығып, шегінуге мәжбүр болды.

Қалибек, Тәкіман, бала Хамза жауға төтеп беріп, қан қарызына батқан жауыздардан кек қайтарып, жеңіске қолы жетеріне көздері жетіп, өздері білетін жер жағдайын пайдаланып, жауды өкшелей қуып, тұйықтарға қамап, көбін жайратып салды. Тәкіман құралайды көзге ататын мерген екен. Сол жолы жиырма бес оқпен жау әскерінің жиырмадан астамының көзін жоғалтты. Дәл сол шайқаста біз жаудың бір ротасын жойдық. Сай-сайда, бұталар арасында өліп жатқан жау әскерінің сексенге жуық мылтығы мен оғын олжаға алдық.


Екінші шайқас. Таудың төменгі салмауындағы қыраттарға жасалған екі орында екі паутай (қазақтар – ботай дейді, бекініс, дзот – Т.Ж.) бар екен, Паутайға пулемет орнатылған. Алдына ит байлап қойған. Ит күзетші екен, жергілікті партизандармен бірлесіп отрядымыз екіге бөлінді, бірінші топқа – Қанапия, екінші топқа – Қазықан бөлінді. Қанапия тобы – басқы паутайға, Қазықан тобы – төменгі паутайға шабуылға аттанды. Атты қалтарысқа тастап қойып, белімізге гранат байлап алып, жақындап барып лақтырдым. Сөйтіп, паутайдың бір жағын үңірейте талқандап тастадым. Қанағат деген жауынгер тездікпен қырандай атылып барып, төменгі паутайға бірнеше гранат тастап, паутайдың күл-талқанын шығарып, атқылап жіберді. Екі паутайдың күл-талқаны шыққан соң гоминдаңның паутайларының ішінде бұзылып-шағылған пулемет және бірнеше әскер қалған. Жарылған гранат тасқа тиіп, тас жарықшаларынан, шаң-тозаңнан жер беті көрінбей кетті. Осы орайда жау әскерлері артқа, яғни, шепке қашып барып паналады.

Осы шайқаста 40-тай мылтық, 16-дай ауыр-жеңіл пулемет, 20-дай жәшік оқ олжа алдық. Жау әскерлерінің тірі қалғандары артқы шебіне қашты. Біз оқ, құралға қарық болдық та қалдық. Осы күнгі шайқаста біз шоқыларға қалбитып қарақшы тігіп қойғанбыз, жау жақ соны біз екен деп қарауылға алып, шоқыларды атқылап жатты. Олар сөйтіп әуре болып жатқанда, біз сайды құлдап, жау оғының астымен барып жаудың ойран-топырын шығарып, зор жеңіске жеттік. Бізден бірде-бір адам шығын болған жоқ.

Таң атқан соң барсақ, паутайдың артқы жағындағы қалтарыстағы жау әскерлері жатқан жер үйде дағар-дағар ұн мен күріш қалыпты, оны Қалибек халыққа таратып берді.
Үшінші шайқас. Екінші шайқастың жеңісін ел тойлап, үйлеріне қонаққа шақырды, алыс жердегілер азық әкелді. Демалып жатқанымызға екі сағаттай болғанда бір шұғыл хабар келді. Сайды өрлеп бір рота жаяу әскер келе жатыр екен. Қазықан мен Қанапияның аузынан: «Дереу соғысқа дайын болыңдар» – деген бұйрық шығысымен, пулеметші Жұмәділ мен Шарапи, Жаннүсіп, Жүнісқан, Сәрсенбай, Байжұма сынды бір топ жауынгерді Қанапия өзі бастап, биік шоқыны иелеп алып, жаудың таяп келуін күтті. Мөлшерлеген жерге келген де: «Атыңдар!» – деген бұйрық құлағымызға тиісімен пулеметтен, автоматтан, мылтықтан оқты бұршақтай төгіп жіберген едік, 10-нан аса әскер жалпасынан барып түсті. Тірілері қайта қашып олардың алдындағы кезеңнен асып, көзден таса болғанша бұйрық бойынша оқ жаудырмай, нысанаға алып дәлдеп, біразын жер қаптырдық. Осы 3 шайқасымызда олжаға алынған қару-жарақ түгелдей Қалибек пен Тәкіман бастаған Қызылөзен партизандарына таратып берілді, сөйтіп, қарулы қосынымыздың саны көбейді.

Жау беті қайтып, бізге қайта шабуыл жасауға бата алмады. «Үш аймақ» армиясы Жың ауданын азат етіп, Шихуға қарай аттанғалы жатқан кез еді. Біздің отрядымыздың ендігі міндеті – Үрімжіден келетін гоминдаң әскери күштерінің жолындағы көпірді бұзу (Шайтан көпір, Жаңзыхай көпірлері), телефон сымдарын қиып, алдыңғы шебі мен артқы шебінің байланысын үзіп тастап, Алауыс, Сауан, Тасырқай, Янзыхай, Сандыхозы, Манас өзендерінің жағасына дейінгі қатынас желілерін әр түн сайын барып бұзып тастау болды. Біз міндетті жеңіспен орындадық.


Төртінші шайқас. Қызылөзен жондарынан бекініс алған гоминдаңның бір полк (900 адам) әскері барлығын жергілікті барлаушылар арқылы білдік. Партизандардың айбатын көрсетіп, халықтың күрес жеңісіне сенімін орнату үшін оларды жойып жіберуге келісіп, екі отрядты толық аттандырып, жауды қоршап, шабуылға шыққан едік. Жау жақ – бекіністе, біз жақ – ашық алаңда. Сондықтан да жауды шегіндіре алмай, өзіміз шегіндік. Тактиканы қайталай өзгерттік. Ол жерде бекініс алып жатқан жау әскерлеріне оқ-дәрі, азық-түлік әкелетін жолды кесіп тастадық. Бір күні оқ-дәрі, азық-түлік алып келе жатқан жаудың 170 әскерінің жолын аңдып тосқауылдап тұрып, бірнешеуін жер қаптырдық. Оларды әкеле жатқан заттарын тастап, қашуға мәжбүрледік. Азықтан тарыққан бекіністегі әскерлер ақырында қаша жөнеліп, Қызыл өзен өңірін халыққа еріксіз беруден басқа амалы қалмады. Қызыл өзен халқы апанда жатқан қауіпті қасқырдың аузынан құтқарылып қалынды.
Бесінші шайқас. 1945 жылы шілденің 15-і күні Бөртінке кентін де жатқан жаудың 700-ден астам әскеріне тұтқиылдан шабуыл жасадық. Бір паутайын гранат тастап бұзып тастадық. Маялы шөптеріне өрт қойдық. Жолда кетіп бара жатқан бір машинасын атып, балонын жарып тастаған едік, үстіндегі әскерлері қашып кетті, машинадағы заттарын олжаладық.
Алтыншы шайқас. Жол тосқауылдап, жаудың артқы шебінен келетін заттай көмекті қолға түсіру оңайлау болды. Бөртінкенің аяғындағы жолда 20 түйеге азық-түлік, оқ артқан бір взвод әскер кезікті, оларды ай-шайға қаратпай, әскерлерін жойып, 20 түйені жүгімен олжаладық. Жеңіспен жолға шығып келе жатсақ, Үрімжі жақтан келе жатқан 14 машинаға отырған әскер кезікті. Олармен қиян-кескі соғыс жүргізіп, машиналарын түгел қолға түсірдік. Осы шайқаста Қанағат жолдас құрбан болды.
Жетінші шайқас. Шілде айдың соңғы бір күні еді. Шихаңзыдағы гоминдаң әскерлеріне шабуыл жасап, 9 сағат күрес жүргізіп, оларды Шихаңзыдан шегініп кетуге мәжбүрледік. Сол шайқаста Нүсіпбек жолдасқа оқ тиіп, құрбан болды.

Біздің адам санымыз аз болып, жау жақ жеңістік бермей жатқанда, артымыздан және тау асып, Затолокин деген орыс бастаған бір бөлім қарулы күш келді. Оның артынан Нылқыдағы запастағы 7 полктен Қашқынбай бастаған 150 қарулы жауынгер келді. Қызыл өзен елінің азаматтары да бір үлкен қарулы партизан отряды болды, оларға Іледен келген қосын қосылды. 700-ден астам қосын – бір атты батальон болып құрылды.

1945 жылы қыркүйектің 18-і күні Сауан ауданы азат болды. Ауданның әкімдігіне – Қалибек, орынбасарлығына – Дәулет, сақшы бастығы – Тәкіман болды. Қалибек, Тәкімандар гоминдаң керітартпашыларына қарсы қарулы күрес жүргізіп, құрбандық беріп, жеңісті қолға келтіруде үлес қосты. 2 жылдан соң Үрімжідегі гоминдаң керітартпашыларының алдап-арбауына түсіп, төңкерістен бет бұрып, Түркияға қашып кетті.

«Жел айдаған бұлттай боп жарты ғасырға таяу уақыт өте шықты. Мен Қызыл өзен елімен алғаш бет көріскен кезімде, жүрегімнен жалын ұшқан қыршын жас едім. Көрген елім, жүрген жерім кешегі күндей көз алдыма елестейді де тұрады.

Біз Қызыл өзен елінің азаматтарымен бірге отырып, гоминдаң әскерлерін жеңіп, әр шайқастан жеңіспен қайтқан кезімде Қызыл өзендегі туыстарымыз алыс жол жүріп алдымыздан шығатын. Жеңісімізді құттықтап, шашу шашып, қарсы алушы еді. Жорыққа аттанарымызда қариялар, әжелер қолдарын жайып, батасын беріп, тілеуімізді тілеуші еді.

Бүкіл Қызыл өзен төңірегіндегі жауды жойған кезімізде – Қызыл өзен, Сауан, Манас тауындағы туыстар бізді өздерінің құтқарушысындай көрді. Ақпейіл, адал ниетін бейнелейтін талай-талай жүрек сөздерін айтқан аталар мен әжелер қазір о дүниеге кеткен шығар. Бізбен бірге қарулы күрестерді басынан кешірген Зикен, Нұрқожа сияқты батыр батырлар егделеп те қалған шығар, сол кездегі ел басына күн туып, ер азаматтар шепке аттанғанын көре алған жастар бар шығар, мен сол ел, сол жерді көзімнің тірісінде бір көруді арман етемін», – деп Байжұма жолдас 7-атты полктың тарихын ұзақ айтып берген еді.

Тарбағатай қазақ 6-атты полкының 1-бөлім жауынгерлері мен офицерлері кеңестік Қазақстаннан құпия көмекке келген азаматтар екен. Солардың 40 офицері 7-атты полкті әскери устав бойынша машық жүргізіп, тәрбиеленген екен.

1946 жылы 6-айдың соңында бұл полк өзіне жүктелген тарихи міндетін өтеп, еліне қайтты. Олар кеткен соң бір полк ыдыратылып, 5-,6-,7- атты полктер қосылып, 2-Қобық атты полкы болып құрылған екен.




Тарбағатай 6-қазақ атты полкінің қысқаша тарихы
Бұл полк – 1945 жылы 8-айдың соңында құрылған екен. Бастап құрылған орыны – Толы ауданының Жаматы деген жері болыпты, кейін, яғни, қарулы күрес тоқтап, бейбітшілік бітім жасалу барысында Шихаңзыда тұрыпты.

Полктың шығу тарихы былай екен: 1945 жылдың 3-айларында Майлы, Жайыр тауында Байкенже, Нұрсапа деген азаматтар Іле, Алтайдағы қарулы көтерілістің ықпалымен өз ауданыныда халыққа үгіт айтып шығады. Байкенже – Қызылтұздағы ел ішінде, Нұрсапа – Жайырда адам ұйымдастырып, гоминдаңның Чазы деген жеріне жайғасқан Тартас деген жердегі 100 әскеріне арт-артынан шабуыл жасап жеңіске жетіпті. Бұл хабарды білген сол кездегі ұлттық армияның қолбасшылық штабы мен «Шығыс Түркістан уақытша үкіметі» – оларға «Майлы партизан полкі» деген атақ береді және полк дәрежелі қарулы қосынға берілетін ту тарту етіп, Майлы партизандарын қолдап, мадақтап шабыт беріпті.

Сол Майлы партизандарына – Шағантоғайдағы Жағда мен Балқаштар ұйымдастырған қазақ отряды, Дөрбілжің ауданындағы – Сағай бастаған партизан тобы қосылады. Шәуешек азат болғанда гоминдаңның әскерлері мен әкімшілік мансаптылары, ханзу бұқаралары Кеңес шекарасына қарай қашты. Лижыншың деген гоминдаң офицері 200-ден астам (екі эскадрон) ұлттық әскерді бастап ақиқатқа қайтқан (өз еркімен берілген – Т.Ж.) екен. Сол әскерлерді қосып 6-қазақ атты полкі болып құрылыпты. Полктің адам саны – 850, полк командирі – Қайса Дүйсенбеков, осы полктің құрылымына 92-і офицер қатынасыпты. Бұлардың дені – кеңестік қазақстандықтар екен, бұлардың келу себептерін бұрыннан қазірге дейін екі түрлі пікірде айтады.

Бірінші пікірдегілер: 1944 жылы қарашаның 16-сы күні Ысқақбек пен Александров – орыс, қазақ, қырғыз, татар ұлттарынан ұйымдастырылған бір атты батальон әскери-офицерлерді бастап, Кеңес елінен Қорғас арқылы Құлжаға келіп, Құлжа қаласын толық азат ету күресіне қатысқан, солардың бір бөлегі. Олар полковник Доскенов бастаған Кеңсай 3-атты полкімен бірге Сантай, Утай, Кеңсай, Арасан, Бұратала, Жыңды азат етіп, Тарбағатайды азат етуге барған дейді. Екінші біреулер: олар – Бақты шекарасынан бір түнде жасырын өткен кеңес әскері – деседі. Кеңес елінен келген әскери көмек күші қайсы жолмен келсе де, ««Үш аймақты» азат етуде, ұлттық армия құруда, әскери тәрбие жүргізуде, соғыс тәжірибесін үйретуде үлкен үлес қосып, өз елдеріне 1946 жылы шілде айында қайтты.

Тарбағатай қазақ атты 6-полкы негізінен Майлы партизандарын негіз етіп құрылғандықтан да, сол негізде қарулы күрес тарихын білгенімше таныстырып өтейін: Майлы паризанының құрылу тарихын 1946 жылы 3 айда Жағда Бабалықов (6-полктің штаб бастығының орынбасары, 1946 жылы шілде айынан кейін – Қобық 2-атты полкінің полк командирінің орынбасары болып тұрған кезінде) Алтайға аттанғалы тұрған Қобық 2-атты полкінің эскадронына былай деп таныстырған еді:

– 1945 жылы 4-айдан бастап Іле, Алтайдағы қарулы көтерілістің ықпалымен Толы ауданының Майлы, Жайыр тауын мекендеген малшылар көтеріліс жасап, гоминдаң керітартпа үкіметін аударып тастап, кеңес елі сияқты еңбекшілер үкіметін құрамыз десіп жүріп, Байкенже, Нұрсапа қатарлы азаматтар партизан тобын құрды.

Гоминдаң үкіметі Тартасқа – 100, Чазыға – 60 әскер орналастырып, аталмыш «бандылардан» халықты қорғамақшы болды. Ру басыларына: «Елді қорғаңдар», – деп, бірден мылтық таратты. Сол жылы Толыда қыс қатты болып, мал қырғынға ұшыраған еді. Осыны сылтау етіп Тарбағатайдың уәли мекемесі Кәсіпбай деген адамды бастығы етіп, Толыға «хал сұрау үйрмесін» жібереді. Олардың мақсаты: халықтың көтерілісшілерге қосылып кетпеуі үшін оларға – шәй, кездеме, мал таратып, малшылардың көңілін аулау болды. Іс жүзінде елге айтқан үгітінің мазмұны мынадай: «Байкенже деген бұзақы Қызылтұзда адам ұйымдастырып, халықты қырмақшы. Одан сақ болу керек, оларға ілесіп кетпеу керек. Кім ілессе – соның басын аламыз!», – деп халықты қорқытпақшы болады.

Нұрсапа мен Байкенже өзара байланыс жасап, сөздерін біріктіріп алған соң, Нұрсапа: «Халық атынан хал сұрай келдім» – дегенді сылтау етіп Тартас пен Чазыға келген әскерлердің арасына барады. Әскерлердің рухани бейнесін көреді, орналасу орынына, тіпті, жатақтарына дейін кіріп, қару-жарақтарын, адам санын толық біліп алады. Оларға: сойыс малын, мінуге – ат, ішуге – сүт жеткізіп беруге уәде беріп, қайтып барып Байкендеге айтады. Байкенже 40 адамды бастап, Айса деген батыр батырдың үйіне жетеді. Сол заман Нұрсапа 150-дей адам жиып дайын болады.

Екі топ, яғни, 200-ге тарта партизан жауынгерлер Чаздағы 60 әскерді қоршап алып, шабуылдап, бір күн атысып жеңеді. Оқ-дәрі, гранат, әскердің бір айлық азық-түлігін олжаға түсіреді. 30-дан аса әскер қашып кетеді. Алғашқы шайқаста жеңіске жеткен партизандардың рухы өсіп, сенімі күшейеді.

Дәл осы кезде гоминдаң үкіметі өзі сеніп мылтық таратып берген ру басыларын шақыртып алып, жиын ашып, оларға: 1) Бандыларға ілеспей өздеріңді қорғаңдар. 2) Бандылар келсе үкіметке хабарлаңдар, оларға қарсы тұрып, олардан шекара айырыңдар. 3) Тез көшіп Жайырға шығыңдар, сендерді Тартас пен Ұтыда тұрған әскерлер жаудан қорғайды. Егер бұған құлақ аспай, бандыларға ілессеңдер – түгел қырыласыңдар, – деп құқай көрсетіледі.

Жау жағдайын білген Нұрсапа мен Байкенжелер Толыдағы төрт рудан төрт шағын партизан тобын ұйымдастырып, дайындық жасап жатқанда, шпиондар арқылы хабарланған үкімет көтерілісшілердің көзін жоюға 100 әскер аттандырады. Олар суыт жүріп, Айырдың кезеңіне түске таяу келгенде, партизандар олардың алдынан оқпен қарсы алады. Эскадрон командирі мен бірнеше әскерін атып түсірген соң, қалған әскерлер жан сауғалап қашып Толыға кетеді. Сол шайқастан соң Тартасты алады. Осы кезде халық жұртшылығы: партизандардың күрес жолынан үміт бар екен – деп сенеді.

Партизандардың адам саны көбейіп 300-ге жетеді, жартысынан көбі олжаға түскен қару-жарақпен қаруланады. «Тастыдағы» соңғы бір шайқаста Байкенже батыр батыр бір шоқының төбесіне ту көтеріп шығады, ол сол шоқыдағы жау әскерімен болған қарама-қарсы атыста құрбан болады. Сол шоқыны халық – «Байын» (Байкенже – ? – Т.Ж.) шоқысы» деп атап кетті. Майлы партизандары – Тасты, Чазы, Ұты, Айырдың кезеңі қатарлы жердегі гоминдаң әскерлерімен төрт рет қарулы шайқас жасап, 200-ден астам жау әскерін жойды. Көптеген қару-жарақ олжалады. Осы шайқаста 9 адам құрбан болды.

Толыны азат етуге дайындық жасап жатқанда Кеңсай 3-атты полкі келіп, армия мен партизан отряды бірлесіп, шілденің 6-сы күні Толыны азат етті, Дөрбілжінге шабуыл жасап, гомминдаңның 2 полкын жойып, Шәуешекке жорық жасаған кезде, Шәуешектегі гоминдаңшылар қаланы тастап, кеңес шекарасына қашып барып паналапты.

Шәуешек, Дөрбілжін, Шағантоғай, Толы азат болысыменғ Кеңсай 3- атты полкі кеңейтіліп құрылып, 2-атты дербес бригада болды, оған Кеңсай 3- атты полкі, Дөрбілжін 4-атты полкі, Тарбағатай 6-атты полкі қарады. Бригада бастығы – Палинов болды.

Партизандармен 3-атты полк бірлесіп шабуылға өткенде – Тартас, Дөрбілжін, Шәуешек маңындағы соғыста гоминдаңның екі полкын жойып жіберді. Көптеген қару-жарақ олжалап, дербес бір бригада қаруланатындай қаруды олжаға түсіріпті. Мұнда жау жағдайын, ел жағдайын толық білген партизандардың ролі өте зор болған екен.

Сонша көп үлес қосқан Майлы партизанын негіз етіп құрылған қазақ 6-атты полкінің қолбасшылары мына адамдардан құралыпты: полк командирі – Қайса Дүйсенбеков, комиссары – Әбдірахман Өркенов (Доскенов – ?), штаб бастығы... Сәбитұлы, бірінші орынбасары – Нұрлан, екінші орынбасары – Жағда.

Бригада командирі Палиновтың ақылшысы Доскеновтің әскери бұйрығы бойынша Кеңсай 3-атты полкі Қобыққа жорық жасайды. 6-полк – Шепейзы мен Шихуды азат етуге аттанады. 8-айдың бірі күні таңға таяу 6-полк Шепейзіге шабуыл жасайды. Шепейзіде гоминдаңның бір полк әскері бар екен, алған бекінісі өте берік екен. 3 қатар қорған құрыпты, 1-шепте – терең окоп қазылып, оның бетін қалқалап жауып қойыпты, 2-шепке – тікенекті төк сым тартылыпты, 3-шепте – қатар-қатар паутайлар тұрғызылып, оған ауыр-жеңіл пулемет орнатылыпты.

Шабуыл жасаған 6-полктың алдыңғы шебі ауыр қырғыншылыққа тап болып, бірнеше минут ішінде 100-ден артық жауынгер мен кеңестік Қазақстаннан келген екі офицер құрбан болып, полк амалсыздан шегінуге мәжбүр болыпты.

Полк бір тәулік дайындық істеп алып шабуылға шығады. Оған 1- және 6-полк, монғол атты батальоны мен және жергілікті партизандар болып, жиыны 4000-нан астам адам қатысады. Сонымен қатар 2 соғыс аэропланы, 3 үлкен зеңбірек, 10 миномет сияқты ауыр соғыс құралдары іске қосылады. Олар жау бекінісін бомбылап, гоминдаңның берік бекінісінің күл-талқанын шығарады. Жаудың көбі қырылып, тірі қалғаны түн жамылып Шихуға қашып кетеді.

8-айдың 5 күні сол жойқын күшпен Шихуға шабуыл жасалды, берік бекініс алған жау әскерлері қатты қарсылық көрсетіп, 1- жаяу әскер полкінен 90 неше жауынгер мен офицер құрбан болып, 1-шеп шегініп артқы шепке жиылып алады. 8-айдың 7 күні біз күшті жиып, Шихудың жан-жағынан шабуылға өттік. Аэропланмен бомбалап,, зеңбірекпен атқылап, жаудың 580 әскерін өлтіріп, 1000-ға жақын адамын тұтқындаған екенбіз, сөйтіп қыруар қару-жарақ олжаланды.

Шепейзы – Шиху соғысында 133 қазақ, 93 ұйғыр, 5 хүйзу, 18 орыс, 1 татар, 1сібе, 4 монғол, 1 ханзу қаза табады.

Осы екі орындағы төрт реткі соғысқа – Сүйдің 1-жаяу әскер полкі, алтыншы атты полк, монғол атты батальоны, жергілікті партизандар қатынасқан екен.

Бір ғана Шепейзіні азат ету соғысында Шағантоғайдан – 47 азамат және Қазақстаннан көмекке келген Әріпжан, Қамза Шәріп деген кіші офицерлер құрбан болған екен,

Ұлттық армия орта бағыт бойынша жауды ойсырата жеңіп, Манас өзенінің бойына жеткенде жоғарының бұйрығы бойынша қорғанысқа көшеді. 1947 жылы шілдеде Өлкелік үкімет пен «Үш аймақ» халық уәкілдері арасында бейбітшілік бітім болғаннан кейін, майсыум-шілде айларында полктер қысқартылып, жастары ересектер үйіне қайтарылды. Сау денелі жастар мен офицерлерден құралған бесінші қазақ атты полкі қосылып, үш полк бірігіп, Қобық екінші атты әскер полкы болып құрылды.

Бұл полк басшыларының құрамындағылар бесінші қазақ атты полкінің қысқаша тарихында таныстырылғандықтан да, бұл арада қайталанбады.

Қортынды: алтыншы полктің құрылуы тез, тарихы қысқа, (қарашада, яғни, 1945 жылыдың тамызынан 1946 жылдың шілдесіне дейін өмір сүрді) күрес жеңісі мол, берген құрбаны сол кездегі полктер ішінде ең көбі болды.


Алтай атты полкінің қысқаша тарихы
«Үш аймақ» ұлттық армиясының Алтай атты полкі 1945 жылы қыркүйек айының орталарында құрылды. Ол 1940 жылы ақпаннан бастап Алтай халқының Шың шы цай үкіметінің қанауы мен езгісіне, көптеп адам ұстауына, халық қолындағы қару жарақтарды жинап алуына, ауыр салық салуына қарсы көтерілген, көтеріліс барысында талай тауқыметті күндерді бастарынан өткізе отырып, 1943 жылы желтоқсанда Өр Алтайда дүниеге келген төңкерістік, қарулы партизан отряды негізінде бой көрсеткен. Бұл партизан отряды дүниеге келгеннен бастап 1945 жылдың қыркүйегіне дейінгі бір жыл, 9 ай уақыт барысында бүкіл Алтай көлемінде гоминдаң армиясымен сан рет қиян-кескі, сұрапыл соғыстар жүргізді. Сөйтіп бастапқы 10 ай ішінде ғана Шіңгіл ауданының даласы мен қаласын түгел азат етумен бірге, тек Буыршын ауданының халқының жартысынан басқа қалған алты жарым аудан халқын гоминдаң керітартпашыларының темір бұғауынан құтқарып, түгелдей өз қатарларына қосып алды. Гоминдаң үкіметі мен армиясын мүшкіл күйге түсірді, әрі төңкерістік қимылдың ықпалын Шынжаңның Мори, Шонжы, Баркөл сияқты жерлеріне дейін кеңейтті.

Нәтижесінде Шонжыдан Шихуға дейінгі тасжол бойындағы аудандардың қатынас байланысы үзіліп, Үрімжідегі гоминдаң үкіметін тығырыққа тіреді. Әрі берекесін кетірді. Бұндағы маңыздысы – Алтай партизандары дәл осы мезгілге жеткенде, өзінің «Алтай Халық Уақытша Үкіметін» ресми құрды. Осыдан кейінгі бір жылға жетпейтін уақыт ішінде, 1945 жылғы 26 тамызға дейін, бүкіл аймақтағы 7 аудандық кенттің, тек Сарысүмбе кенті мен Буыршын кентінен басқа қалған бес аудан кентін жау қолынан бірінен кейін бірін тартып алды. Сарытоғай, Қаракүңке, Дабысын сынды жерлерге орналастырылған гоминдаңның бірнеше әскери базалары мен пункттерінде тұрған армиясы амалсыздан Үрімжі жаққа қарай шегініп кетуге мәжбүр болды.

Сөйтіп Үрімжіден Алтайға әскери қару-жарақ және азық таситын шығыс жолы кесіліп тасталды. Партизандардың өз қатары барған сайын ұлғайып, төрт мыңнан астам адамға жетті. Қару саны, халықтың қолындағыны қосқанда, бес мыңға жетіп, қабағат құдырет байқатқан ұлы күшке айналды. Мұндай ұлы күш белгілі мағынадан айтқанда, Іледегі, Тарбағатайдағы «Үш аймақ» төңкерісінің тез қарқынмен жеңіске жетуіне де жанама түрде болса да өз есесін қосты. Өйткені бұл екі аймақта төңкерістік соғыс жүріп жатқан шешуші кезеңде, гоминдаң үкіметі бүкіл Алтай көлемінде әрекеттеніп жатқан партизандарға төтеп беру үшін өзінің толық қаруланған тоғыз полк, үш батальон әскерін Алтай көлемінде шып-шырғасын шығармай жалғасты түрде ұстап тұрудан басқа лажы қалмады,

1945 жыл 9-айдың 2 күні Іледен шыққан ұлттық армияның үшінші атты полкі Алтай партизандарының Жеменейдегі бөлімше отрядымен тығыз сәйкесуі арқылы Буыршын кентін азат етті де, дереу Сарысүмбеге қарай жорық жасады. Бұл кезде: бұдан оншақты күн ілгері Алтай бас партизан отрядының 1500 кісілік қосыны Дәлелхан Сүгірбаевтің тікелей қол басшылығында Сарысүмбе қаласына шабуыл жасаған еді. Олар Ұлттық армияның Кеңсай үшіншы атты полкінің Алтайға қарай шеру тартып келе жатқандығынан хабар алып, олармен тізе қоса отырып, әрекет жасау үшін қаланы үш жағынан 10-15 км аралықтан қоршауға алып, оларды күтіп жатқан еді. Бесінші сентябрь күні Кеңсай атты үшінші полкі Дәлелхандар жатқан жерге келіп, екі қосын сәтті де салтанатты түрде тоғысты.

Наурыз айынан бастап – шығыс жолы, тамыз айынан бастап – батыс жолы кесіп тасталғандықтан да оқ-дәрі мен азық тапшылығын өлердей тартты. Оның үстіне рухани жақтан барынша торығушылыққа тап болған гоминдаңның Сарысүмбедегі армиясы мен үкіметі олармен соғысып төтеп бере алмайтындықтарына көзі жетті. Сөйтіп, Монғолияға өтіп, саяси баспана табу үшін алтыншы қыркүйек күні таңға жақын Алтай тауын бетке алып қаша жөнелді. Ұлттық армияның әскери бөлімдері мен Алтай партизандары сол күні түсте қалаға келіп кірді. Ертесі Алтай партизандары мен ұлттық армияның әскери бөлімдерінен құралған 300 кісілік қосын Дәлелхан Сүгірбаевтың қол басшылығында Монғолия шекарасына қарай қашқан гоминдаң армиясының соңынан жолға шықты. Жаудың алдыңғы жағынан өтіп, оныншы күні олардың ілгерілеу жолын бүкілдей кесіп тастады. Осыдан соң Дәлелхандар күшті стратегия, жанды тактика қолдану арқылы өздерінен жеті-сегіз есе көп жауды жеңіп, жеңіске жетті. Гоминдаң армиясы еріксізден құралын тапсырып, бағынды. Олардың 1500-ден астам мылтығы, 150 дана «Маузер» наганы, 50-ден аса пулемет, 8 дана миномет және көптеген оқ-дәрі қарулары тапсырып алынды.

Гоминдаңның Алтайдағы қуыршақ уәлиі Гау боу и, Алтай қосындарының бас қолбасшысы генерал Уан лин ин 8 полктің командирі полковник Пан дю ан сынды  150 офицері, 1700-ден артық әскер тұтқынға алынды.

1945 жылы сентябрьдың орталарына келгенде, бүкіл аймақтың барлық жерінде бейбіт жағдай орнап, бейғам өмірдің жаңа заманы туды. Жүйеден әр дәрежелі үкімет құрылымдары, әскери құрылымдар түсе бастады. Сонымен қыркүйек айының орта шеніңде: ұзақ уақытқа созылған сан арпалыс, сансыз шайқастарда сыннан өткен, шыңдалып шыққан 4000 кісілік партизан жасағының ішінен сұрыпталып, еріктілерден құралған ұлттық армияның Алтай атты полкі дүниеге келеді. Оның сол кездегі жалпы адам саны – 1200 адам шамасында болды, 8 эскадроннан ұйымдасты, полк командирі міндетін бір мезгіл Дәлелхан Сүгірбаев қосымша атқарды, кейін Бәделқан Сүгірбаев болды. Штаб бастығы – Ілиқан, соғыс бөлім бастығы – Айтке Аманжолин, саяси бөлім бастығы – Хакім Омарбаев, әскери сот бастығы – Келес, қожылық бөлім бастығы – Асқабыл болды. Бірінші эскадронның бастығы – Ақтанбай, екінші эскадронның командирі – Құрманғали Бұршақұлы, 3 эскадронның командирі – Шәріп Стуани, 4 эскадронның командирі – Хакімсейт, 5 эскадронның командирі – Студенков, 6 эскадронның командирі – Әсеи Құрманбек, 7 миномет эскадронының командиры – Әнуар, 8 пулемет эскадронының командирі – Молдақанов болды.

1946 жылы 1 февраль күні гоминдаң үкіметі мен «Үш аймақ» уәкілдері ортасында он бір тармақты бейбітшілік бітімге қол қойылды. Сол бітімнің қатысты белгілемесі бойынша сол жылы 6 июнь күні қол қойылған қосымша 2-құжаттың рухына сай, бұрынғы ұлттық армия – 1200 адамнан құралған алты полк болып қайта ұйымдастырылатын болды. Бұл полк мемлекет армиясы құрамы есебіне құрылмақ болған 3 полктің бірі ретінде – 3 полк деген атпен сақталып қалды. Полктың орынбасар командирлігіне – Иүсіпжан Смайлов, штаб бастығына – Салайдин белгіленді. Полктің адам санын көбейтуге тура келгендіктен, жаңадан тағы да бір эскадрон қосылды. Оның командирі – Машан Әділбаевболды. Жалпы адам саны 1500-ге жетті. Алтай 3 полкі 1945 жылы дүниеге келгеннен бастап, жауынгерлер мен офицерлердің саяси-идеалық санасын, жауынгерлік соғыс өнері мен сапасын барған сайын жоғарылату мақсатында әскери устав бойынша жалпы жаттығу мен тәрбиені кеңінен өрістетіп отырды.

Дегендей-ақ 1946 жылдың алғашқы мезгілінен бастап Алтайдың сол кездегі уәлиі Оспан Үрімжідегі гоминдаң үкіметімен астыртын байланыс орнатып, «Үш аймақ» төңкерісіне опасыздық жасады.

1947 жылы 2-айдың басында ашық қарулы бүлік тудырды. Мұндай жағдайда Алтай 3-атты полкі әуелде өзін тежеу позициясында болса да, гоминдаң мол қару-жарақ және басқа да заттай және адам күші жағынан мол көмекке ие болған Оспанның қосыны Бурылтоғай, Сарысүмбе аудандарына арт-артынан шабуыл жасады. Солтүстік қолбасшылық штабының орналастыруымен және бұйрығы бойынша 3-айдың басынан бастап қайтарма шабуылға өтіп, Бурылтоғай, Жосаты, Сібеті, Сарыбұлақ, Улбай және бір қанша орындарда Оспан бандылармен қиянкескі соғыстар жүргізді. Олардың жанды күштерін жойып, басымдылыққа ие болды.

4-айдың 15 күні солтүстік қолбасшылқ штабының басшысы, генерал Дәлелхан Сүгірбаевтің бұйрығы бойынша көмекке келген Қобық атты полктың бір батальон әскерінің сәйкесуімен Итеқызыл деген жердегі Алтай полкі Оспан тобын негізінен аластады. Қалғандары Қу Ертіске қашып барды. Соңынан қуа келген ұлттық армияның әскери бөлімдерінің соғысына ендігәрі төтеп бере алмайтындығына көздері әбден жетіп, Үрімжідегі гоминдаң шонжарларының бұйрығы бойынша 20 апрельде Байтерекке қарай беттеді. Сонымен, бұл жолы да Оспанды аластау соғысы жеңіспен аяқталды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет