Қазақ Ұлт-азаттық ҚОЗҒалысы



бет18/29
Дата24.04.2016
өлшемі2.39 Mb.
#78735
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29

9. Нияз даутай. Бірнеше жыл бұрын Шыңжаңның Ақсу аймағында даутай (әкім) болған, кейінгі жылдары Шыңжаң үкіметі ашқан Ташкенттегі елшілікте елшінің орынбасары жұмысын атқарған. Ескіше оқыған, қытайша ептеп сөйлейтін, орысшасы да шамалы болатын. Ташкенттен отанына Шауешек арқылы өтпек болған. Бақтыдан өтіп Шауешекке келгенде, абақтыға жауып қойған. Бірге келген әйелі мен 10-12 жастағы баласы сыртта қалған. Нияз даутай түрмедегі кезінде басынан өткен әр түрлі қызықты әңгімелерді айтып беруші еді. Менің есімде қалғаны мына әңгіме:

– Ташкенттен Шыңжаңға қайтарымыздан 3-4 күн бұрын кішкене ұлым ерте таң атпай жылап оянды. Жылаған дауысына біз де оянып, себебін сұрадық. Балам: түсімде әкемді көп қытай әскері машинадан сүйреп түсіріп ұрды. Үстіндегі киімін, бас киімін шешіп алды. Шетінен әкемді боқтап, хакәреттеді (сөкті). Бізді де шеріктер келіп ұрмақшы болғанда, мен қорқып жыладым да, ояндым, – деді. – Дада (әке), біз Шыңжаңға қайтпайық. Кеңес үкіметінде қалайық – деп жалынды. Қалған 3-4 күнді жылаумен өткізді. Алматыдан Құлжаға емес, Шауешек арқылы шекарадан өтетінімізді біліп, одан әрі тынышсызданды. Бұл бір керемет тура келген түс болды. Басында баланың түсіне онша көңіл бөлмей, алаңсыз жүре бердік. Енді абақтыға жабылғаннан кейін, неге баламның көрген түсін тәптіштеп сұрап алмағаныма өкінем – деуші еді. Нияз даутайдың ұлының көрген түсі, менің Никарымның көрген түсімен тура келгеніне таң қалушы едім.

Шілде ортасында шауешектіктердің үйлерінен посылкалар келе бастады. Жібергендері – қант, конфет, печенье, киім-кешек, темекі сияқты заттар. Ақша жібергендер де болды. От басымыздан келген дүниелер бізді қатты қуантты. Бала-шағаларымызды еске алып жылап та алдық. Камерамыздағы үйлерінен посылка келмегендермен азық-ауқаттарымызды бөлістік. Көрші камерадағы шауешектіктерге де посылка келіпті. Маған тамақтан басқа, жазда кию үшін шиблет (аяқ киім), жаздық пальто, костюм, көйлектер және сабын жіберіпті. Келген жейделердің біреуін Самсаққа бердім (ол Хожа Нияз хажынын хас (оқ қағар) әскері болған. Бір жетіден кейін Самсақ жейдені жумақ болып, шешіп жейдені аударғанда, жейденің арқасында қарындашпен Райхананың: «Біз бәріміз аман-есенбіз. Сізді ғана сағынамыз» – деген жазуды Самсақ маған көрсетті. Жүрегім сағынышқа толып, тулап өксіп-өксіп жыладым. Бір күні камарамыздағы Қадырқажы Тұрдыбаевтың атына бір передача келді. Ішінде сол кезде Үрімжіде шығатын ұйғырша газетке оралған бу шай (бу шай – көбінесе қытайлар мен ұйғырлар пайдаланатын шайдың бір түрі). Сақшы әскерлер кетісімен бәріміз газетке жабыстық. 3-4 айдан бері дүние жағдайынган бейхабар едік. Газеттің аты есімде сақталмапты, бірақ, газет тақырыбында 3-4 күннен бұрынғы, ең соңғы хабарларбар еді. Газеттің бұл санында – кейбір жаңалықтар, шет ел жаңалықтары, кеңес үкіметіне арналған мақалалар жазылыпты. Басқа шет ел хабарларында: Германияның Чехословакияны басып алуы, кеңес үкіметінің оған протест (наразылық) білдіргені, шығыс қытайдағы жағдай, Жапонияның зұлымдығы, Испаниядағы жағдай т.б жазылыпты. Бұл жаңалықтарды тезірек айналамыздағы камераларға жеткіздік. Өзіміз тәмәм қанағаттанарлықтай оқып болған соң, басқаларға оқуға бердік. Ол үшін таңертең – кешке дәретке шығарғанда газетті шелекте жатқан ақ топырақтың ішіне жасырып қалдырдық. Оны көршілерімізге түсіндірдік.

Күндер, апталар, айлар бірінен кейін бірі өтіп жатты. Бірақ бізді шақырып, салмақты тергеу жасамады. Шілденің ортасында бірен-саран тұтқындарды шақырып, тергеу жүргізе бастады. Жанымыздағы 5-камерадан тұрпандық бір ұйғырды шақырып, тергеу жүргізіп, көбінше Тұрпандағы ұйымдар мен Махмуд сіжаң (генерал) Мұхитов жөнінде сұрапты. Бұл бейшара жәй қызметкер болғандықтан да: саяси ұйым, әскери жұмыстардан хабарсыз екенін баяндаса да, қинап 2-3 күн аяғынан тік тұрғызып, қинап қайтарған. «Жасырын ұйымның тарихын, мақсатын айтып бер. 4-5 күн ойлан» депті. Ол өмірінде саяси ұйымның не екенін естіп-көрмеген, ондай ұйымның барынан хабардар болмағандықтан, табиғи жалғанды айта алмаған. Бейшараның басынан, бетінен, нәзік жерінен ұрып, азаптаған. Боқтық сөздердің бірін қалдырмай қайталаған. Қол-аяқтарын байлап, жерге жатқызып, дауысын шығармау үшін аузына шүберек тығып, кеудесіне салмағы зор қызметкерлерді шығартып тепкілеп, екі кісі аяқ-кеудесін езіп, жыныс мүшесін қысып, шертіп қинапты. «3-4 күн ойланып кел, егер күнәларыңды мойныңа алмасаң, мұнан да артық қинау жазасын көресің» – депті. Камераға қайтып келіп, езілген, үзіліп, сынып түскендей болып тұрған ағзаларын қатты ауырсынып, әрекетке келмей, он екі мүшесінің ауырғанына шыдай алмай,. қатты қиналды. Егерде, босап, еркіндікке шықса да – адам қатарына қасылуды күмәнді еді.

Осы күндері жанымыздағы 3-камерадағы Хасан Шанышевты шақырып, тергеу жүргізді. Ол шақырған күннен бастап 17-18 күндей камераға қайтпады. Бір күні сыртқа шыққанда 3-камераның алдынан: бір пар хром етікті, қанға боялған шұлықты, шұлғауды көрдік. Түзге отырып, камерамызға қайтып, есігіміз бекітілген соң, белгілі тесіктен 3-камерадағы Уалихажы Юсуповтан (сағатшы) оның мәнін сұрастырдық. Өткен түні түн ортасында Хасанбай Шанышевті есінен танған күйінде камераға әкеп тастапты. Таңертең біраз өзіне келгеннен кейін жағдайды сұрастырыпты. Сонда: тергеушілерден көп жәбір-жапа көргенін, Рахматолла деген бір жас тергеуші (Үрімжідегі белгілі түрік Мухарам қаридың күйеу баласы еді. Бірнеше жыл өтпей, өзі де қолға алынды. Елдің айтқандарына қарағанда, бұрын тергеу жүргізіп, өзі қинаған адамдар ұрып өлтіріпті) сұрақ жүргізген. Өмірбаянын жаздырыпты. Онда саяси ұйым жөнінде бір сөйлем жазылмағанына ашуланып, боқтап: жергілікті үкіметке қарсы шет мемлекеттердің – Жапония мен Германияның, тағы басқа да жиһангер мемлекеттердің пайдасына жасаған шпиондық әрекетін, олардың тапсыпмалары жөнінде толық мағлұмат жазуын талап етіпті. Хасанбай бұлардың біріне де қатысы болмағанын қайта-қайта айтса да, тергеушілер қатты жаза астынан алған. Он неше күн ұйықтатпай, тік тұрғызып қойған. Аяғы талып, не ұйқы басып отырып қалса, жанындағы екі сақшы бамбуктен жасалған таяқпен бас-көз демей ұрып, қинап, қайта тұрғызып қойып, сұрақ алып отырған. Жазаның басқа да әдісін қолданған. Ең соңында басына электор қысқыш кигізіп қысқан. Сонда бір көзі мүгедел болып, Хасенбай қайта-қайта талып, әлсірегеннен кейін камерасына қайтарған.

Бұл хабарды естігенде біздің камерамыздағылардың зәре-құты қалмады. Бәрін де қорқыныш билеп алды: «Мұндай азап-қинауларды көргенше, тергеуші не десе соған «жарайды» деп, істемеген күнәні мойынға алып, тезірек өлім жазасына кесіліп, иә, атылып, иә, шапшылды дүниеден тез кетуден басқа шара жоқ. Мына түрімізде, бізге құтылып шығу үміті көрінбейді», – дегендер де болды. Көпшілігі, мынадай орынсыз тергеулерді, күнәсіз жазалаудың шың мәнісіне жете алмай, жұмбақты шеше алмай қайран қалды.

Бір күні Ғұләм қариды шақырды. Оны да Рахматолла тергепті. Қари ака бір сағат өтпей қайтып келді.

Қари аканың айтқаны:

Тергеуші: Күнәларыңды бір-бірден баянда.

Қари: Менің ақылым өзімде, денім сау кезінде һиш жерде, һиш уақытта үкіметке қарсы әрекетте болмадым. Саяси ұйымдар жөнінде естіп білмедім.

Тергеуші: Қалада, сахраларда қанша адамдар еркін ерікті өз тіршіліктерімен күн көріп жүріпті. Солардың бәрін ұстап абақтыға қамамай, сіздерді ұстап абақтыға қамағанына қандай түсінік бере аласыз? Үкімет ақымақ па, әлде залым ба?

– Мен өзім де осыған таң қаламын. Естуімше, осы Үрімжі қаласының өзінің 3-4 орынында қанша тұтқындар жатыр. Әне, соларға әр күні бір-екі нан, басқадай да қаражат шығарып, оларды күзететін сақшылар мен қанша қызметшілер жүр. Бұл дегеніңіз, сайып келгенде, үкіметтің қаржы бюджетінен артық шығын жұмсау емес пе? Оның орнына барлық қолға алынған тұтқындарды босатып, әр кісіге өзінің мамандығы бойынша жұмыс берсе – үкімет үшін мол кірімнің негізгі көзі болар еді. Ел де – алаңсыз, үкіметтің де қаржы кірімі көтерілер еді. Мәдени-ағарту істері дамып, Шыңжаңдағы құрылыс істері де алға басар еді. Мұның сырына титтей де түсіне алмадым. Үкіметтің адалдығына, мейірілімдігіне имандай сенем, – дедім.

Осындай сұрақтардан кейін тергеуші: және шақырып әңгімелесеміз, – деп қайтарды – деді.

Тамыз айының басы болатын. Түнгі сағат он екі шамасында біздің камераның есігі ашылды. А, құдай! Тағы қандай пәле күтіп тұр. Көпшілігі терең ұйқыда жатқан болатын. Тағы қайсымызды шақырып, орынсыз сұрақтармен жанымызды алып, қинар екен деп күттік. Сақшылардың біреуі: «Мұхамеджан Юсупов кім? Тез дайындалып, бізбен бірге жүр», – деп бұйрық берді. Камерадағы жолдастарымның көмегімен киініп, сақшылардың алдына бардым. Есік алдына шыққанда, басыма дорба кигізіп, екі әскер колтығымнан жетектеп, сыртқа қарай ала жөнелді. 50-60 қадам жүргеннен кейін бір бөлмеге кіргізді. Басымдағы дорбаны алып, сақшылар шығып кетті. Мен жарық бөлме ішінде қарсы алдымдағы үстелдің жанында отырған адамдарды көрдім. Біріншісі – бұдан бұрын көрген қаһарлы көзді, бет-әлпетінен жауыздық пен мейірімсіздік аңқып тұрған Һашымхажы да, екіншісі – қазақ жігіт. Маған орындыққа отыруды ұсынды. Сондағы бір сақшы жігіт арқылы біреуді шақыртты. Біраздан кейін бөлмеге жас ұйғыр жігіті келіп кірді. Һашимхажы: «Ғабдулләм, сізге тергеу жүргізу үшін шауешектік Мұхаметжан Юусуповты тапсырамыз. Жақсылап тергеу жүргізіп, қортындысын бізге хабарлаңыз» – деді.

Ғабдоллам мені ертіп бір тар бөлмеге кіргізді. Үстел жанындағы орындыққа отырғызып, алдыма 4 беттік дәптердің бетін жайып, менің аты- жөнімді, тегімді, жасымды, туып өскен жерімді, жалпы туған күнімнен тартып, абақтыға қамалғаныма дейінгі басымнан өткен өмір баянымды толық жазуға бұйырды. Есте қалғандарды жаза бастадым. Өмір бойы күндер, апталар, айлар, жылдар болып озған оқиғаларды тәптіштеп жазу мүмкін емес. Мен өмірімде болған, жадымда қалғандарды қалдырмай жазуға тырыстым. Бір сағаттан артығырақ уақыт өткенде Ғабдуллам жаныма келіп, жазған қағаздарымды алып оқи бастады. Қанағаттанбағанын байқатып, басын шайқап қойды. Я, алла! Тағы не пәле? Түсі өзгеріп кетті. Көзін алайтып маған қарап: «Сенің мына ертегі сияқты жазғандарыңның бізге бір тиындық та құны жоқ. Бізге мұнда жазбай жасырып қалған үкіметке қарсы ұйымдарды, үкімет саясатына қарсы жүргізген үгіттеріңді, бірге істеген ұйым мүшелерін жаз. Сендер барып тұрған пантүркист, панисламиссіңдер. Ел арасында қандай үгіт-насихат жүргізгендеріңді жасырмай әшкерелеп жаз. Мен жоғарыда қойған талап негізінде өз еркіңмен барлық мағлұматтарды бер. Ондай болмаған жағдайда көп азап-қинаудан кейін бәрі бір егжей-тегжейлі жазып беруге мәжбүр боласың. Онда кеш болар. Кінәң арта түсер. Сендердің айла-қулықтарыңды біз жақсы білеміз. Қысқасы үкіметке қарсы ұйымдарыңды, оның мүшелерін жасырмай анықтап жазып бер. Болмаса бәрі бір қинау-азаптардан кейін жазып бересің» – деді. Мен: «Пірадар (ағайын), ондай істерде, ұйымдарда болмасам...» – деп аузымнан шыққанша, Ғабдуллам орнынан атып тұрып, жаныма жетіп кеп, бетіме шапалақпен тартып жіберді. «Мен сендей сатқындардың пірадары емеспін», – деп өте бір сұмдық сөздермен ата-анамды балағаттап шықты да қайта барып отырды.

Үстелдің суырмасынан қағаз құжаттарды сақтайтын бір-екі папкаларды алды да ішінен 2-3 дана жазылған қағаздарды алып менің алдыма қойды. Маған қарап: «Мынаны қарап оқып шық! Теріс әрекетшілердің саған ұқсап, еш нәрсе білмеймін, күнәм жоқ. Ақпын, пәкпін, емін-еркін өз жұмысымызда болғанбыз деп, кейіннен қинау-азаптарды көріп, істеген күнәларын егжей-тегжейлі жазып, қылмыстарын мойындағанын көр!» – деді. Қағаздарды бір-бірлеп оқи бастадым. Жазудың біреуі құлжалық, мен танымайтын өзбек ... қожаныкі (кісі аты қолжазбада жазылмаған – ред.) еді. Жазғаны сіліс мәнеріндегі өзбек тілінің жазылуы, мұның сол... қожаныкі екендігіне менің күмәнім жоқ еді. Ол: пәленінші жылы Өзбекстаннан Құлжаға көшіп келгендігін, бір жағынан сауда пижаратымен айналысып, екінші жағынан жергілікті үкіметке қарсы жасырын ұйымда істегенін, ел арасында үгіт жұмысын жүргізгенін айта келіп, ұйымда болған мүшелердің қатарына – Мирқасым қажы Миршановты (ол кезде қажы жүзден асқан қария еді), Тұрды ахунбай Алмасбековті, Ташмұхамедия Имғамбаевты, Хаким қожаны бас қылып, жиырмадан астам адамның атын атаған екен. Енді біреуі – қашқарлық ұйғыр, ол жақта болған үкіметке қарсы ұйымды, мүшелерінің тізімін, үгіт тәжірибелерін жазған. Осыларды оқып таң қалдым. Мирқасым қажының ұйым құрып, үкіметке қарсы шығуы мүмкін емес, ақылға симайды. Неде болса қатты қинап, азаптағаннан кейін жазуға мәжбүр болып, өтірік болса да жазып құтылған болар. Бірақ өтірік жазып құтылғанымен оның ақыры не болмақ? Бұл ең ауыр мәселе!

Ғабдолла: «Міне, күнәларын мойындап, тіл хат бергендердің бірнешеуін көріп шықтың. Керек десең ондайлардың 20-30-ын көрсетуге болады. Бәрі бір шыңдықты (мифтік демекші) айттырмай, күнәлеріңді мойындатпай қоймаймыз. Сендерді бостан-босқа қамақта ұстамаймыз. Сендердің бұрынғы жүріс-тұрыстарыңнан үкімет жақсы хабардар. Әне, сол өткендегі үкіметке қарсы болған іс-әрекеттеріңді енді шың пейіліңмен жасырмай анықтап, тәптіштей жазып берсең – қинаудан құтыласың және үкіметке сенімді екеніңді дәлелдейсің. Керісінше болса, онда қатты азапты қинаулар күтіп тұр. Мен сені қатты қинамаймын. Бірақ та қинаудың жеңіл түрін көрсетпекпін. Мұнан кейін жақсы ойланып, әлбетте біздің талабымызға сәйкес жауап беретін боларсың» – деді. Ғабдуллам жаныма келіп, екі қолымның саусақтарын бір-біріне кіргіздіріп, үстел үстіне қойғызып, қолдарымен біраз басты. Шыңында да қатты ауырды. Саусақтарым сынғандай сезіндім. Ғабдуллам маған қарап: «Міне көрдің бе! Бұл бір мысал. Ақырын басқандағы хәл. Егер аямай қатты басқанда қаншалықты ауыратынын түсіне бер және бір кішкене мысал» – деп, менің жыныс мүшемнің екі жұмыртқасын саусағымен ақырын ұстап шертті. Бұл жолы да қатты ауырды. «Енді қәзірше камераңа бара тұр. Жақсылап ойлан, әне-міне деген соқыр жармақтық, салмағы жоқ сөздеріңді қалдыр. Егер келесі шақырғанымызда өз сөзіңді сөйлеп, қылмысыңды жасырсаң, қатты қинап азаптайтын боламыз. Ол кезде кеш болады. Қайталап айтамын, жақсылап ойлан», – деді.

Камераға қайтып келіп, жанымдағыларға бәрін баяндап бердім. Оларға ауыр әсер етті. Екінші күні көрші камерадағылар да болған жағдайды естіді. Үш күннен кейін тағы тергеуге шақырды.

Тергеуші Ғабдуллам: «Жә, енді жақсы ойланып келген боларсың. Мына қағазға өмірбаяныңды, үкіметке қарсы істеген істеріңді, жасырмай жазып бер» – деп қағаз бен қаламды қолыма ұстатты.

Мен ұзақ отырып, бұрынғы жазғандарыма біраз өзгерістер енгізіп жаздым. Саяси ұйым, үкіметке қарсы істер туралы бұл жолы да ештеңе жазғамын жоқ. Өйткені ол негізінде жоқ мәселе. Жоқты бар деп жазу мүмкін емес еді. Түбінде өтірік жазғандардың шыңдығы ашылып қалса, азап-жазаның үлкені сонда болар деген пікірге тоқтадым.

Ғабдуллам оқып шығып, түс-әлпеті өзгеріп, ашуланған қыяпатында: «Сендер үкіметтің кеңшілігін, қамқорлығын түсініп, білмейсіңдер. Сендерді бекер сатқын, керітартпа деп атамайды. Үкімет біліп, түсініп тұрып сендерді түрмеге жапты. Арам шөптерді егіннің ішінен тазаламаса болмайды. Сендер сияқты сатқындардың көзін жойып, Шыңжаңды тазалап, тыныштандырмаса болмайды. Басқа шара жоқ», – деп жаныма келіп, әлгі мен жазған өмірбаянды көрсетіп тұрып: «Мына жазғандарыңмен кімді алдамақ боласың? Жиһангер мемлекеттердің жасырын өкілдерімен болған байланыстарыңды, олардың берген тапсырмаларын жасырып қалмақшы боласың ба? Жоқ, жасырып қала алмайсыңдар?», – деді де, екі бетімді шапалақпен тартып-тартып жіберді. Адам үшін ең қымбат болған әке-шеше, ата-баба, әжелерімді қосып тоқтаусыз балағаттауы – менің өмірімдегі ең ауыр минуттар еді. Ғабдуллам келіп екі қолымды артыма байлады. Я, алла! Енді не болар деп күтем, қорқам.

Бір ұзын арқан әкеліп, екі аяғымды біріктіріп қатты байлады. Арқанның бір ұшың төбедегі доға темірге өткізіп тартты. Басым төмен салбырып, аяғым жоғарыда асылған халде қалдым. Осыларды орындау үшін көмекке бір сақшыңы шақырған болатын. Осы қалпымда 4-5 минуттай тұрдым. Аз ғана уақыт болса да қатты қиналдым. Ғабдуллам жаныма келіп: «Хош, енді кінәлеріңді мойныңа аласың ба, жоқ па?», – деп сұрақ қойды. Қаншалықты қиналсам да, қинаушыларға менде іштей қарсылық күшейген еді. Жауап қатпадым. Асылған аяқтарымды төмен түсіріп босатты. Аяқ-қолым байлаулы күйінде жерде жатырмын. Бір ұзын орамал сияқтыны әкеліп, зорлап аузыма тықты. Мұрыннан ғана дем аламын, ауыздан дыбыс шығару мүмкін емес. «Қылқындырып өлтірмекші шығар» – деп жатырмын. Сырттан әлде кімді шақырып еді, зор денелі орыс кіріп келді. Кейіннен білдім, бұл орыс сол мекемедегі орыс тұтқындарының тергеушісі екен. Ғабдуллам екеуі аяғымның басынан тіземе дейін мыжып, жаныштаб арлы-берлі жүрді. Аяқтарымның ауырғанына шыдамай, бақырайын десем, аузымдағы тығындаулы орамалдан дауыс шығара алмадым. Шауешекте 33-35 жылдары көріп жүрген Нұрсапа деген қазақ жігіті келіп кірді. Ол кезде мен оқу-ағарту, мәдениет жұмыстарына белсене араласып жүргенімде Нұрсапамен көп кездесетін едік. Ол кеңес одағынан келген көзі ашық, зиялы, оқу, оқыту ісіне көп араласатын еді. Қазір осы мекемеде тергеуші екен. Нұрсапа менің жағдайымды көріп, Ғабдулламға қарап: «Бұл жолы Мұхаметжанды қинағанды тоқтата тұрыңдар. Қалай қинайтындарыңды көргеннен кейін, ендігі тергеуде кінәларын мойындап, тура жауап берер. Мұнан кейін де өз сөзінде тұрып, қанағаттандырарлықтай жауап бермесе, өз обалы өзіне. Шыңдап қинағанды сонда көрер. Қазір кеш, сағат үш болып қалды. Бұл қинаудан кейін, камерасына барып, өзіне өзі келіп ойлансын» – деді. Аналар мені босатты. Ызадан жарыла жаздадым. Кінәсіз мұнша қинап-азаптау, өмірімде естіп көрмеген балағат сөздерді есту – менің оларға деген қарсылығымды арттырған еді. Сүйретіліп, езілген халде, ішім ызаға толып камераға қайттым. Мен келгенде оянған жолдастарға бәрін жасырмай айтып бердім. Бәріне де ауыр әсер етті. Қанша кеш болса да, көрші камерадағылар жағдайымды сұрап білісті.

Екінші күні біраз әл жинап, жанымыздағы 5-камерадағы қазақ Мырзахметпен сөйлестім. Ол өткен түндегі басымнан өткізгендерімді тыңдады да, жауап ретінде: «Мұқа, мен сізге бір пікір айтайын. Бірақ қапа болмаңыз. Бұлардың аяқ алуы өзгеше. Ақты қара деп, қараны ақ деп мойыдатпақшы. Үкім өз қолдарында. Не істеймін десе де қолдарынан келеді.

Абақтағылардың қолынан не келеді. Онан-мұнан естуімше, талайлар өз жанын қорғап, болмаған істі болды деп, көріп-білмеген ұйымдарды болған деп қол қойып бергендер бар көрінеді. Мұның аяғы не боп тынар? Айту қиын. Бірақ сол кінәларын мойнына алып, қол қойып бергендердің әзірше сұрақ-мұрақтардан тыныш екендігі белгілі. Менің байқауымша, осында жатқандардың көпшілігінің кінәсіз екендігін үкімет жақсы білсе керек. Бірақ, бұларды қолға алып, ұрып, соғып, қинап болса да қол қойдырып кінәсын мойындату – үкіметтің саясаты. Шыңжаңдағы қалған ел-жұртты үркітіп, қорқытып тыныш ұстамақшы. Сөзімнің қалғанын өзіңіз ұғып білерсіз», –деді.

Екі күннен кейін камерадағы жолдастардан құлжалық Иминахун Хожамяровты (Құлжа мен Қашқардағы Мұсабаевтардың белгілі сауда фирмасының бас өкілі болған) үш күннен кейін әбден сілесін шығарып камераға әкеп тастады. Бейшараның жағдайы мүшкіл, сөйлейтін шамасы жоқ, өте әлсіреп қалыпты.Қалған-құтқан азық-ауқатымыздан беріп, аздап әл кіргеннен кейін басынан өткендерін айтып берді.

Иминахунға бір ұйғыр жігіті тергеу жүргізіпті. Өзінің өмірбаянын, өмір тарихында есте қалғандарын жазып беріпті. Мұның жазғанына қанағаттанбаған тергеуші Иминахунның құлжалық бірнеше таныстарын камерасына шақырып (айырым-айырым) беттестірген. Олар Иминахунға: «Болған оқиғаларды мың рет жасырып, пәлен-пәштуән деп үкіметті алдамақшы болсақ та, шыңдық майданға шықпай қалмайды. Бізде ұйым болған. Мүшелері пәленшелер еді ғой. Біз шыңдығын анықтап жазып бердік. Сөйтіп шыңдықты жазғанымыз үшін үкімет басымызды алған жоқ. Қинау-азаптардан құтылдық. Біздің кеңесіміз, болған ұйым мен олардың мүшелерін, олардың жүріс-тұрысын толық жазып беріңіз. Сөйтіп азаптан құтылып қаласыз», – депті. Иминахун оларды қатты сөгіп: «Ұятсыз сатқындар, болмаған істі шың деп қайтып жазамын», – деп айқайлапты. Осыдан кейін тергеуші Иминахунды бір бөлмеге кіргізіп, жанына бір айырым сақшы қойып, отырғызбай тік түрегеп тұрғызуды тапсырып кеткен. Екі тәулік бойы тікесінен тұрып, қатты қиналыпты. Иминахунды да «ойлан» деп қайтарыпты.

Осыдан кейін айналадағы камералардан әр түрлі хабар келе бастады. Екінші камерадағы құмылдық бір ұйғырды шақырып, тергеу жүргізіп, жауаптарына қанағаттанбай көп азаптап қайтарыпты. «Хожанияз хажының, Махмұдсалықтың, Юлбарыстардың тапсыпмаларын айтып бер» – деп әуреге салған. Бір қанша құмылдық лүкшөк-бұзық қылмыскерлерді кіргізіп беттестірген. Олар – болмағанды болды деп, өмірде болмаған ұйымдардың мүшелерін санап берген. «Бізге андай тапсырма берді, мындай тапсырмалар болды, онда сен де бар болатынсың» – деп әлгі адамдар «қылмысын» мойнына қойып беруге тырысқан. Бейшара адам мұндай қиыншылықты тоқтаусыз көргенінен өліп кетпейін деп, тергеушінің талаптары бойынша жазып, қол қойып шыққан. Содан бері тергеуге шақырмай, тыныш жатыр. Берген жауаптарында өкіметке қарсы әрекеттерін жазғандықтан, өлім жазасын қашан орындайды екен – деп күтті.

Тағы бір тұрпандық ұйғырды шақырып, тергеу жүргізген тергеуші – үрімжілік Мұхәрәш қари деген түріктің күйеу баласы, өте залым, рақымсыздығымен аты шыққан тергеуші екен. Оның сұрақтарында «ұйым мүшелері», «Герман, Жапон жалпы жиһангер мемлекеттердің өкіл сатқындарымен болған байланысына» еш қандай жауап қайтара алмаған. «Жиһангер мемлекет» дегенді естіп-білмеген, естігеннің өзінде де олар қандай адамдар, қай тарапта, шығыста ма, батыста ма екенін білмейтін. Өз елі айналасындағы адамдармен ғана араласқан жәй ғана бір кісі. «Сен өтірік білместікке салындың», – деп азаптайды, талай уақыт отырғызбай, тікеден тік тұрғызып қойып, қол-аяғын байлап, жыныс мүшелерінің екі тұқымын шертіп қинаған азаптарынан кейін талып кетерлік халде камераға қайтарған. Кемераға келген соң 2-3 күн орнынан қозғала алмай жатып қалған. Бесінші камерадағы шауешектік Хафиз ахунның сөзіне қарағанда: «Қиналған тұтқын бишараның мұнан кейін адам қатарына кіруі күмәнді. Мұнан көрі тез өлуге разымын. Бірақ қанша қинаса да шыңдықтан қайтпаспын» – депті.

Мені шақырып тергеу жүргізгендеріне екі жұма өтсе де қазірше тыныш. Бұл ортада 5-камерадағы бірталай адамдарды шақырып, сұрақ алған. Көбін тура жауап бермедіңдер деп біраз қинап, ұрыпты. Ал бірталайын қатты жазалап, болмаған ұйымдарды зорлықпен жаздырып, қол қойдырып босатқан. Бейшаралар өздерін жоғалтқан халде, ұждандарының тапталған азабын тартты. Егерде қайта шақырып, тергеу жүргізіп, бұрынғы сұрақтарға қатаң жауап талап етсе, болмағанды болды деп жазып берсем, аяғы неге апарады сонда?

Бір күні Яхия акамен сырластым. Ақыл сұрадым. «Егер камераның темір решеткасына орамал байлап, асылған болып көрінсем, бұл адам тергеу барысында қинаудан құтылу үшін асылып өлмекші болған деп, қинап-тергеуді тоқтатар. Шыңдықты жазып берсем соған қанағаттануы мүмкін бе?», – дедім. Яхия ака бұған қарсы шықты. «Асылып өлмекші болып қорқыту орнына, расында да, өліп кетсең, ол – арам өлім мүрдәт кетуіңіз мүмкін. Онан да тергеушінің талап еткен «ұйымы болды» деп аздап мүшелерін көрсетсең қалай болар екен? Тергеушінің тамырын ұстап көріп, соған қарай іс жүргізсең қалай болар? Үмітсіздік – сайтан ісі, сабыр ет», – деп қосып қойды. Шыңдығына жүгінсек, жаннан таярлық жағдайда едік. Қазіргі жағдайда еш күнәсіз қамақта отырып, кез-келген уақытта шақырып, орынсыз сұрақтар қойып, тура жауап бергеніңді қабылдамай, адам баласы көрмеген азапқа салса, одан көрі біржола құтылу жақсырақ болар – деген ой мені мазалай берді.

Кезек Яхия акаға келіп, оны тергеуге алып кетті. Бірнеше сағаттан кейін қайтып келді. Одан 1920 жылы Шауешекке Үрімжі жақтан келген жапондық әскери адамдар жөнінде сұрапты. Оларды Тарбағатай әкімі Шауешектегі ең жақсы ғимаратқа есептелетін Мирғабит байдың (Миряхия аканың қайын атасы) үйіне түсірген. Тергеушілер: сол кездегі әскери адамдардаң тапсырмаларын, кімдермен байланыс жасағандарын, әлбетте өз үйінде болған адамдарды да жасырмай айтып бер – деп қыстапты. Яхия ака: «Расында да 1920 жылы жазда бірқанша Жапондық адамдар Шауешекке келген. Ол кезде Тарбағатай аймағының дутыңы Жан дудың әмірі бойынша, қаланың жақсы үйлерінің бірі болған біздің мейманханамызға түсті. Бірнеше күн қонақ болды. Мен жас едім. Біздің ғұрып-әдетіміз бойынша олармен әңгімелесу – үлкендердің ісі деп қарадық. Оларды өз үйімде көрсем де, олармен әңгімелеспедім және ол кезде менің ісім – сауда істерін басқару ғана еді. Мен сол сауда істерімен айналысып, басқа істерге мән бермедім. Бұл мәселе жөнінде, жас болса да көзі ашық, газет-журналдарды көп оқитын туысқанымыздан Мирюсұп Мирзаетбаев білсе білер» – депті. Яхия аканың тергеушіге берген жауабына мен керемет ашуландым. «Сіз Мирюсұпты түп тамырымен байлап беріпсіз ғой. Кіріп-шығып жүрген жапондық әскерлерді және қытай бастықтарын көргеннен басқа ол істен Мирюсуптың мағлұматының жоқ екендігі маған мәлім болатын. Бұл жөнінде Мирюсуптың басына қандай жағдайлар туар екен», – дедім.

Бірнеше күннен кейін Миряхия аканы тағы тергеуге шақырды. Бұл жолы және қандай жаңалық, қандай сұрақтар болады деп күттік. Бірнеше сағаттан кейін Миряхия ака кемераға келді. Яхия ака бізге қайтып камераға кіргенде: «Әлхамдулла, құдайға үшкір, сіздерді көруге бұйырған екен» – деген еді. Ол енді сәләмәт айтып, сіздермен бірге бола алдым демекші еді, күзетшілер оған: сен басқа камераға көшесің – деді. Ол көрпе-төсек орындарын жинап алып шығып кетті.. Миряхия ака кетуімен камерада бір алаңдатқан бостық сезілді.

Бесінші камерадағы Мырзахметпен белгілі тесік арқылы сөйлестім. Тағы шақырып тергеу жүргізіп, кінәларыңды мойныңа ал деп қинаса не істеймін деп ақыл сұрадым. Мырзахмет: «Үкіметтің бізді қолға алып, абақтыда жатқызуының себебін, өз пікірімше, істің қалай бара жатқанын бұдан бұрын айттым. Одан кейін де талай ойланып, толғандым. Түбінде не қылса да айтқандарына қол қойдырып, мойындатпай қоймайтын көрінеді. Мен өзім болсам, ыңғайына қарап, қолдан келген дәрежеде жеңілірек жолменен айтқандарын мақұлдап, қол қойып беруге бел байладым. Басқаша еш қандай шара жоқ көрінеді. Қалғанын өзіңіз білесіз» – деді.

Менің басым қатты. Камерадағылардың ішіндегі бірталай тәжірибелі, сөз білер Ғұлам қари акамен сөйлестім. Ол кісінің де басы қатқан, сасқан. Бүгін болмаса – ертең шақырып, қатты қысып, ұйым, басқалар жөнінде тергеу жүргізуі мүмкін. Айналамыздағы камерадан алынған хабарларға қарағанда, еш үміттенерлік, жан тыныштандыратындай хабар жоқ. Кей біреулерді қорқытып, жоқ ұйымды, олардың мүшелерін жаздырып, кінәсін мойнына алды – қылып, қол қойдырып босатқан. Яғни, сұрақтан босатып, камераға қайтарған. Бірталай тұтқындарды: ойланып пікіріңді айт – деп қайтарған. Қари ака көбінесе қиялға батқан күйде болатын. Ызасын тоқтаусыз темекі шегуден алады. Денсаулығы нашарлады, жүдеп кетті, көп жөтеледі. Осындай жағдайда ол да кесіп бір кеңес бере алмады. Ақуалды естіп-біліп тұрып, құлақ естіп, көз көргенді алдымыздан оздырып тұрмыз. Бұларда – шыңдық деген бүтін адамзат үшін қасиетті ұғым жоқ. Бұлардан шыңдық деген атаулыға – мейірімділік, құрмет күту, қара тастан ақ сүт күткендей гап. Басқа қандай теңеу айтуға да келмейді» – деді.

Үшінші камерадағы Валихан Юсупов (сағатшы) ауырып ауруханада 3-4 күн жатып шықты. Ауруханада бірталай адамдарды көріпті. Құлжалық саудагерлерден Ташмұхамед Инғамбаевты көріп, әңгімелесіпті. Ол да басынан өткен хикаяларын айтып: «Мені де тергеуге шақырып, тура айтқан жауаптарыма қанағаттанбай біраз қинап, жеке бөлмеге кіргізіп, жаныма жас ұйғыр сақшы жігітті қойып, тікемнен тік тұрғызып қойды. 4-5 сағат тұрып қиналдым. Азық-түлік тапшы болғандықтан әлсіреп, есімнен айырылуға айналғанда, мені күзетуге қойған жігіт: «Ака, былай өзіңізді қинап, өліп кетуіңіз мүмкін. Мен мұнда бірталай адамдарды, қылмыскерлерді де көрдім. Күнәсі бар, жоғына қарамастан, күнәлерін мойындаған болып тілхат бергендер, осындай ауыр қинаулардан құтылып, күнәлерінің ауырлығына қарап, ауыр жаза күтіп қорыққандар, бірнеше айдан бері аман-есен тыныш камерада жатыр. Бірқаншасы түрлі жерге қызметке де орналасты. Сіз өзіңізді қинамаңыз. Менің сіздің жеке басыңызға дұшпандығым жоқ. Түріңізді көріп аяймын. Осы кеңесті сізге шың пейіліммен беріп отырмын» – депті. Сонан кейін тергеушіні шақырып, күнәлерімді растап, қол қоятынымды айтып босанып камераға қайттым. Біраз ес жиып, болмаған ұйым, оның мүшелері жөнінде тергеушінің талабына сай жазып, қол қойып бердім. Ұйым мүшелері деп бір қанша қайтыс болған адамдарды қосып көбейттім. Содан бері тергеу деген пәледен құтылдым. Анда-санда шақыртып: «Құлжа мен Іледегі пәленшені білесіз, солар қандай адамдар» – деп бір қанша сұрақ беріп қайтарады. Әлгі сақшы жігіттің әбден қиналып, азаптанған кезімде берген кеңесі өзімнің де жанымнан түңіліп, не болса сол болсын, тәңірден көрдім деп алды-артыма қарамастан имза (қол қою) бергеніме енді разы болып қалдым, һам басқа тұтқындарға қиналмастан қол қойып беріп, азаптан құтылуға кеңес бере бастадым», – деген Ташмұхамед аканың бұл кеңесі меніңде көңіліме орныққандай болды. Енді тағы да тергеуге шақырса, жағдайға қарап әрекет жасауға бекіндім.

Міне, тағы тергеуге шақырды. Тергеу бөлмесінде мені Ғабдуллам қарсы алды. Қабақтары түйілген, түрінен зәр-зұлымдықтың лебі есіп тұр. Қыли көзін маған қадап қысқа ғана: «Мұхаметжан, бірталайдан бері сені ойлансын деп шақыртпадым. Енді ойланып, бір шешімге келген боларсың. Жә! Тағы қулық жасап шыңдықты жасырып, істеген күнәлеріңді мойныңа алмақшы болдың ба, яки, ұйымның және оның мүшелерін, қылмыс істерің жөнінде жасырмай баян қылып жазып беруге разы боласың ба? Бұл менің соңғы ұсынысым. Не дейсің?» – деді. Мен ақырын ғана ұйым жөнінде жазып беруді келісетінімді айттым. Ғабдуллам мені жеке бөлмеге кіргізіп, қағаз-қалам беріп, біраз түсіндірме берген болып шығып кетті. Жә, не деп бастап, нелермен толтыруым керек. Күнәсіз бір қанша адамды үйттік, бүйттік деп жазу керек пе? Ойланып көруім керек.

Бірақ, бұл залымдар біздің өз еркімізбен шыңдық, ұждан талабына сай әрекет істеуімізге жол бермейді. Оларда аяушылық, адамгершілік, шың мәніндегі шыңшылдық мүлде жоқ екендігі көрініп тұр. Өздерінің а дегенде құрған жоспарларын өмірге келтіру үшін әр қандай ауыр жаза қолданудан тартынбайды. Қысқасы, қазіргі сағатта менің алдымда өлім мен өмірдің мәселесі тұр (Я хаят, я мамай).

Бір қанша адамдарды болмаған ұйымның мүшелері еді деп өтірікті шың деп жазып беру, яки, шыңдықты айтып, азаптап қинағандарын көру!

Аннан құрап, мұннан алып біраз жазған болдым. Ұйым мүшелері еді, үкімет саясатына қарсы үгіт таратушылар деп бірнеше тірі (ол кезде) адамдарды, көбінесе, өліп кеткендерді көрсеттім. Біраздан кейін Ғабдуллам келіп, менің жазғандарымды көріп, қанағаттанбай, қайтадан жазғызып, анадай-мынадай тақырыптарды қос деп бұйырды. Оның айтқанындай қайтадан жазып шықтым. Бірақ ұйым мүшелерін өзім жазғандай қалдырдым. Ғабдуллам тағы оқып шығып, бірнеше сөйлем қостырып, қабылдады. Жоғарыдағы бастықтарына көрсетіп, мүмкін қортындысын хабарлаймыз деп мені босатып, камераға қайтуымды бұйырды.

Камерадағы жолдастарға: «Жай тергеу жүргізді» – дедім. Күнәсіздердің үстінен берген өтірік куәлігім үшін ұжданымның алдында азап шеге бастадым. Кірпік қақпай таң атырдым. Тамақ ішуге тәбетім болмады. 1-2 күн өткеннен кейін менің азап шеккен түрімді байқаған Ғұлам қари ака жанына шақырып: «Мулла Мұхаметжан! Сізді ақырғы тергеуден кейін бір нәрсе мазалап жүр. Себебі не?» – деп сұрады. Мен қысқаша баяндап бердім. Менің жауабымды естіген Ғұлам қари ака бір талай уақыт үндемей қалды, ойға батты. Содан басын көтеріп: «Молла Мұхаметжан! Тағдырдың жазғаны ғой, біздер мұнда қаншама ауыр жапа тартсақ та саф ұжданымыздың алдында жиіркенішті өмір сүріп жатырмыз. Осыншама қара күндер мен күнәсіз азап-зардаптардың салдарын көргенше, ажал мәрғұт бізді ертерек өз билігіне алса көп жақсы болар еді. Ендігі жағдайымыз мынау. Бізді ақты – қара деп, қараны – ақ деп түсінуге мәжбүрлеп жатыр. Бізде бұған қарсы шығар еш қайран шара жоқ. Біздер адам емес, хаюаннан да төмен мақұлықтармыз. Жазымыштың біздерге дайындаған сынағы бар шығар. Соларды басымыздан өткеруге мәжбүрміз. Қайғырмаңыз! Көпшілікпен көрген бұл істің ақыры қайырлы болсын деп жата беріңіз» – деді. Екеуміз де көзімізге жас алдық. Ішіміздегі тығылып тұрған хисімізге жол бердік.

Мұнан кейін де Қари акамен жоғарыдағы мәселе жөнінде ақыл алыстым. Ол әр түрлі ақылдар айтып: егер оны да шақыра қалатын болса, тергеу үстінде қиналмастан айтқан ұсыныстарын орындап, өмірбаянын жазып, ұйым және олардың мүшелері жөнінде қосып жазуға бел байлағаннын – айтты.

Бұдан соң белгілі тесік арқылы, көрші камерадағы Мырзахметке де қысқаша жағдайды айттым. Ол: «Ақыры қайырлы болсын. Тергеушілердің көз-қабақтарының бітісі сорақы. Кейіптері де өте жаман. Бұлардан жақсылық күту, қара тастан сүт күткендей, жаныңызды қинамай құтылғаныңыз жақсы болыпты» – деп жұбату айтты.

Енді келешегімді тәңірге тапсырып жата бердім. Біраз уақыттан кейін тергеуге тағы шақырды. Бұл жолы мені шауешектік (негізі тұрпандық) Исмағилбаевтардың Дөрбілжіңдегі сауда шеріктігінің өкілі болып тұрған танысым Ясинахун қабылдады. Ептеп жағдайымызды сұрасқан болдық. Ясинахун: «Мұхаметжан әфәнді! Сіздің бір адам жөніндгі пікіріңізді білуге шақырдым. Сіз Шауешектік Мирғабытбай Мирзаетбаевтың ұлы Мирхамидті жақсы білуіңіз керек. Ол қандай адам. Мақсаты, нысанасы неден ғибарат» – деп сұрады. Мен: «Мирхамидті жақсы білем. Ол газет-журнал оқып, я дүниедегі саясатқа қызығып, сөзге араласқан адам емес. Ол Мирғабит аканың жалғыз ұлы. Бар өмірін ойын-күлкі, тамашамен өткізді. Оның мындағы саяси тұтқындармен бірге болғанына қайранмын» – дедім.

Сөйтіп сөзіміз аяқталды. Мен де камерама қайттым. Ғұлам кари акаға тергеушінің неге шақырғанын айтып, оған берген жауабымды қайталадым. Қари: «Жарайды, жақсы жауап қайтарыпсың» – деді.

Бірнеше жылдан бері: Үрімжіге жақын жерде кеңес үкіметі жағынан қандай да бір зауот салынып, жұмыс істеп жатыр – деп естігеміз. Үрімжіге келгеннен бері әр күні қаланың төбесінен ұшқан ұшақтың дауысы құлақ тұндыратын. Енді естуімізше, әлгі зауот дегені – сырт елде орналастырылған әскери ұшақ зауоды екен. Айтқандарына қарағанда, мұнда астанадан арнайы келген мамандар мен жергілікті жәй жұмысшылар да бар екен. Зауод өте үлкен, ғимараттары да зор. Мұнда астанадан келген мамандар орналасқан. Жергіліктілердің кіруіне тиым салынған. Арнайы ұрықсат қағазымен ғана кіре алады екен. Арнайы ғимараттардың ішінде жергілікті жұмысшылар мен ұсақ саудагерлер үшін орын әзірленген.

1942 жылдың аяқ шенінен 1943 жылдың басында Шыңжаңның жергілікті дубаны Шың шы сай бастаған үкімет пен Кеңес үкіметі арасында келіспеушілік салдарынан аталған зауод жабылып, ғимараттарының көбі бұзылған.

Бір күні Әкірәм қазіретті тергеуге алып кетті. Көп ұзамай қайтып келді: «Жәй тергеу жүргізді. Маған тамақ берді, қымыз ішкізді» – деді. Аузынан спирттің иісі аңқып тұр. Ғажап! Бірінші тергеуде басқалардың жанын көзіне көрсетіп, ұрып-соғып, қорқытушы еді, қазіретке осынша ілтифат көрсеткендеріне таңдандық.

Сол күні біздің камерадағы Шың дубанның жақын жолдастарының бірі Ләңді де тергеуге шақырған еді. Бірнеше сағаттан кейін қайтып келді. Әншейінде өте биязы, ұстамды адам, өте абыржыған түрде оралды. Біраз дем алып тыныштанғаннан кейін Жау ди шанның берген сұрағына Ләң: «Мені тергеуге шақырды. Тергеу жүргізген – көзі көк, сары шашты, бірақ қытай тілін жақсы меңгерген еуропалық екен. Бұл жағдайды көріп енді Шыңжаң халқының тағдыры кімдердің қолына өткенін түсініп, өте кейідім, көңлім бұзылды» – деді.

Абақтыларға сатып беру үшін (әрине кассада ақшасы барларға) анда - санда азық әкеліп тұрады. Осы жолы піскен қозы еті, сүрленген қазы да әкеліпті. Бұл қазы – бізге ұқсаған бір бейшараны үкіметке қарсы шықтың деп, кінәсіз тұтқындап, мал-мүлкін тәркілеген біреудікі шығар. Қытайлар қазыны сүрлеуді қайдан білсін – дестік. Бұдан басқа балық консервісі, какао, конфет бар еді. Мен өмірімде қырықтан асқанша балық консервасын жеп көрмеппін. Қызанақ пен шоқыр араласқан балық маған ұнап қалды. Кейінге де алып қойып, жеп жүрдік. Қанттың бағасы арзан болғандықтан да, мол алып қоямыз. Кейде піскен жұмыртқа да әкеледі. Тұтқындар арасында үйлерінен ештеңе келмейтіндері де бар. Алған ауқаттарымыздан оларға да бөліп береміз. Үйінен бір рет те сәлемдеме алмағандардан зайсандық Ибыраһим Сайфуллинге Миряхия ака өзінің жүннен тоқылған жейдесін берді. Ибыраһим ұзақ түрмеде жатқандықтан ба ашуланшақ, күйгелек болатын. Бірнеше жұмадан кейін жоқ бір нәрсеге ашуланып әлгі жейдені Яхия акаға қайтарып берді. Яхия ака сол жейдені камерадағы кембағал қытайға берді. Ол алғысын айтып қабыл алды.

Тамыз-қыркүйек айлары өтіп барады. Күз де келді. Әр түрлі жеміс жидектерді жей алмадық. Алма, алмұрт, қауын, қарбыз, жүзім сұрасақ: «Тұтқындардың ішінде іш ауруы бар, бере алмаймыз» – деп қайтарды.

Миряхия аканы тағы тергеуге алып кетті. 3-4 сағаттан кейін камера есігі ашылып Миряхия ака көрінді: «Құдайға үшкір, сіздерді аман-есен көре алдым» – деп өз орнына жақындай бергенде, артынан 3-4 сақшы келіп: «Сен басқа камераға көшесің» – деп Яхия аканы көрпе-төсек, киім-кешектерін жинаттырып, өзімен қоса алып кетті. Жөндеп қоштаса да алмай қалдық. Шауешектен бірге келгендерден Яхия аканың орыны бос қалды. Не шара!

Бұл арада тұтқындарға азық-ауқат алып келіп сататындар келмеді. От басымыздан сәлемдеме, ақша келу тоқтады. Енді қинала бастадық. Кассадағы менің есебімдегі ақша да аз қалған. Өзімізді зорлап баяғы сусымақ сорпа, ми таң (күріш суы) һам нанды жеуге кірістік. Арамыздағы Құмыл жағынан келген қарт қазаққа бұл жағдай өте қиын соқты. Өйткені ол ми таңды былай қойып, тіпті түрменің нанын да жей алмайтын. Камерамызды тексеріп келгендерінің біріне өзінің жағдайын айтып, ет әкеліп беруін жалынып сұраушы еді. Келген өкілдер осы адамның тілегін дәптерлеріне жазып алып кетсе де, ешқандай өзгеріс болмайтын.

Екінші камерадағы тұрпандық жігітті тергеуге шақырып, тура жауап бермедің деп көп кинады. 2-3 күн ұйықтатпай тікесінен тік тұрғызып қойды. Әбден жағдайы нашарлап, талып түскенде ғана камераға сүйретіп әкеп тастады. Жанымыздағы 5-камераға қазақ жігіт келіпті – деп хабарлады. Белгілі тесік арқылы сөйлестік. Ол алтайлық екен. Замана ақуалынан хабардар екені байқалады. Ол Мирюсуп отырған камерадан келгенін айтты. Мирюсуптың мінез құлқын мақтады. Бірақ кейінгі тергеуде он күндей тікесінен қойып, ұйықтатпай, қинап азаптаудан екі аяғы күп боп ісіп, жүру-тұрудан қалғандығын айтты. Тамаққа мүлдем тәбеті соқпайды екен, үйінен келген тамақтардың да дәмін ғана көріп, қалғанын камерадағыларға таратып беретін көрінеді. Мүмкін Мирюсуптың мұнша қиналғаны – Миряхия аканың 1920 жылдары Шауешекке келіп Мирғабит бай мейманханасына жайғасқан жапондар жөнінде тергеу жүргізгенде: Мирюсуп білсе білер – деп Мирюсупке аударғанының салдары ма екен?

Кейінгі кезде айналамыздағы камералардан тергеуге шақыру көбейе бастады. Олардың тергеу кезінде білмеген, хабары жоқ сұраққа тура берген жауаптарына қанағаттанбай, күнәсіз бейшараларды орынсыз қинап, азаптады.

Біздің камерадан Қожанияз хажының арнас (оқ қағар) әскерлерінен болған Самсақты тергеуге шақырды. 2-3 сағаттан кейін ес-түссіз сүйретіп оны камераға әкеп тастады. Оның сөйлеуге шамасы жоқ. Бір уақытта өксіп -өксіп жылап, 2-3 сағаттың ішінде көрген азап пен қорлығын көз жасымен жуып, тоқтаусыз Қожанияз хажыны сөге бастады. Оның жанында қызмет істегеніне өкініп, күйінді. Тергеу кезінде қалай қинағаны жөнінде сөйлемеді. Бірақ тергеу Қожанияз жөнінде екені байқалып тұрды.

Осы жағдайларды көріп, естіп отырып ептеп сираһат көпірінен өткен болып есептелсең де, жүрегіңнің бір түкпірінде: тағы бірдеңе тауып әуре қылмаса жарар еді – деп көп ойланып-толғанамын. Өйткені бұлардың сөздерінде де, уәделерінде де сенім жоқ.

Кейінгі он күн ішінде тағы бір қорқынышты хабар тарала бастады. Біздің қатардағы 6-камерадан біреу ауырып қалып, бірер жұма ауруханада жатып, емделіп келіпті. Ауруханада (әлбетте, тұтқындарға арналған хәстәханада) Үрімжінің түрлі жерінен «саяси қылмыстылар» деп тұтқындалған аурулардың саны бірталай сияқты. Ара-тұра сөз арасында естуімше: құмылдық пәленше – тергеу кезінде қинағандарына шыдай алмай өліп кетіпті. Ақсулық пәленша – тергеу кезіндегі қинағандары үшін ақылынан адасып, жынданып кетіпті. Кейбіреулер тергеушілер жағына шығып алыпты. Өзінің таныстарының, бұрынғы жолдастарының тергеуі үстінде орынсыз, негізсіз қойылған айыптарын мойындамаса өтіріктен: пәленше келіп, пәленше уақытта, пәленшенің үйінде жасырын мәжіліс өткізіп, үкіметке қарсы үгіт-насихат жүргізуді ұсынған емес пе едіңіз? Орынсыз сылтаулар көрсетіп, үкіметіміздің әділ шешімінен құтыламысың? Турасы, күнәңізді мойындап үкіметіміздің әділ де мейірімді шешіміне разы болып, өзіңізді тапсырыңыз. Сонда ғана мынадай азаптардан құтыласың» – дейді екен.

Бірнеша күннен кейін мені тағы тергеуге алып кетті. Бұл жолы мені бас тергеушінің бөлмесіне апарды. Мұнда мені белгілі Һашімхажы мен онша таныс емес бір қазақ жігіті қарсы алды. Һашімхажы маған қарап, қарсыда отырған жігітті таныстырып: «Мына кісі Виян жанның (Шыңжаң өлке бастығы, гоминдаңғаға Шың дубанның демекші) арнайы өкілі пәленше (аты есімде қалмапты)» – деді. Біраз үндемей отырғаннан кейін әлгі жігіт менен хал-ақуалымды, әсіресе, түрме жағдайын сұрастырды. Мен жақында тергеуде болғанымды, олар: еш қандай болмаған істерді – болды, істемеген істерді – істедің деп зорлықпен нақақ қол қойдырғандарын, абақтының жағдайының нашарлығын айттым. Жігіт қапа болмастан, ықыласпен менің сөзімді тыңдап отырды. Артынан біраз жымыйып: түрме жағдайы әр кезде, әр заманда осындай болғанын, абақтыдағы тұтқындардың тура мағлұмат бермейтіндіктері жөнінде ұзақ сөйлеп өтті. Ол сөз арасында орысша сөйледі және қимыл-әрекеттерінен бұның да шыңжаңдық емес, батыстан, яғни, кеңес одағынан келгені байқалды.

Әлгі қазақ жігіті жеке маған қарап: «Сізді мұнда шақырғанымыздың себебі – сіздің көп және жас балаларыңыз бар екен. Өзіңіздің Шауешек тұрғындары арасында, әсіресе, жастар арасында беделіңіз бар екен.. Соның үшін Шауешекте және қала айналасында біздің осы мекемемізге жұмыс істеп, қолқабыста болуыңызды тапсырмақшымыз. Мына ұсынысқа қалай қарайсыз?» – деді.

Мен мынадай саяси істерге қатынаса алмайтынымды, қолымнан келмейтіндігін айттым.

«Сіздің қолыңыздан не келіп, не келмейтіндігін біз жақсы білеміз. Сіздің шәһарыңыздан қанша ма тұтқындар қолымызда. Сіздің жас балаларыңыз көп, қалада абройыңыз бар, жұмыс істеп, соның арқасында күн көрсін деп сізге ұсыныс жасап отырмыз. Басқаларға айтсақ, мұндағы жағдайдан қажығандар еш қандай қарсылықсыз қабыл алатындарын түсінеміз», – деді. Һашімхажы тұрып: «Қабыл алмасаң алма! Осы абақтыда өмір бойы жатып, шіріп өл. Сен жақсылықты түсінбейтін адам екенсің» – деп айғайлады. Қазақ жігіті: «Һашімхажы, сабыр қыл. Жақсылап түсіндірдік. Әлбетте қабыл алар» – деді. Маған қарап: «Сізге: Шаһарыңызға қайтып бара сала жұмысқа кірісіп, аспандағы айды алып кел деп тапсырма бермейді. Әр кімнің әліне келетін жұмыс тапсырылады. Осыны жақсылап ойланыңыз» – деді. Мен: «Тым құрығанда 2-3 күн ойлануға мұрсат беріңіз, ойланайын» – дедім. Жігіт: «Жарайды, ойланыңыз, бірақ камерадағыларыңызға сырыңызды білдіруші болмаңыз. Әрине, ол жағынан да біз хабардар бола аламыз. Сонда сізді ауыр жазаға тартамыз» – деді.

Мен өз камерама қайтып келдім. Әр жақтан шақырудың себебін сұрастырып жатыр. Мен әдеттегідей тергеу туралы ашып жауап қайтармадым. Екінші күні ебін тауып Ғұлам қари акаға жағдайды айттым. Ол кісі ұзақ ойланып, ұсынысты қабыл алуымды мақұлдады. «Өйткені қазіргі жағдайда тез босап кетуден үміт жоқ. Қалай дегенде де еркін дүниеге шығып, от басыңды көріп, жалпы дүниенің қазіргі жағдайымен жақсы танысып, ағымыменен жүру керек. Сіз ұсынысты қабылдамасаңыз, Шауешек үшін екінші біреуді босатып, тапсырма беруі сөзсіз» – деді. Мен Ғұлам акадан сырымды басқаларға айтпауын қайта-қайта өтіндім. Кари: «Басымнан талай сынақты өткізгемін. Мен жас емеспін, алаңдамаңыз. Егер босап кететіндей болсаңыз, от басыма тапсырмаларым болар» – деді.

Үшінші күні белгілі тесік арқылы Мырзахметпен сөйлесіп, оған: өзім емес, камерадағы басқа біреуге босану жөнінде айырым шарт қойып, ұсыныс жасапты. Ол адам қабыл алмай тұр. Сіз қалай қарайсыз? – дедім. Мирзахмет ака Ғұлам қаридың пікіріне жақынырақ сөйледі. Егер өзіне осындай ұсыныс болса, ешқандай қарсылықсыз қабыл алатынын айтты. Мен тағы 1-2 күн ойландым. Қабыл алмай осы абақтыда ұзақ уақыт жата бергенімді, артынан босап шығып, туып өскен жерді, елді, от басымды көргенімді бір-бірден көз алдыма келтірдім. Сайып келгенде: не де болса айтқандарын қабылдап, елге қайтып бірнеше ай тұрсам да, олардың тапсырмаларын орындай алмасам бәрі бір осы абақтыға қайтып ораламын. Маған ел-жұртымды тағы бір рет көрейін, оған дейін дүние ақуалы тағы өзгеріп қалар – деген қортындыға келдім. Әлбетте, әр түрлі ауыртпашылықта заман кешірермін. Мына заман менің пікір қортындыма қандай жауап берер? Тағдырдың алдымда тағы қандай сиы бар? Бұл жағы қараңғы. Қазіргі жайдайда не үміт бар. Алдымда – қара түнек. Не де болса тәуекел!

Екінші рет шақырды. Шақырушылар – Виян жанның арнайы өкілі қазақ жігіті және Һашімхажы еді. Һашімхажы бастап: «Біздің ұсынысты қабыл алатын болдың ба? Не қараңғы түрмеде азап шегіп, қалған өміріңді осында оздырайын деген қортындыға келдің бе? 2-3 күн ойлануға мүмкіндік бердік. Бұл аз уақыт емес. Тез өз пікіріңді баянда. Біздің басқа жұмысымыз көп» – деді. Мен тітіркеніп, қалтырап: «Қолымнан келетін іске дайынмын. Бірақ ауыр істерге баруды тілемеймін» – деген болдым. Қазақ жігіті күлімсіреп: «Сізге қолдан келмейтін жұмыс тапсырмайды. Бұрын айтқанымдай, аспандағы айды алып кел – деп ешкім бұйрық бере алмайды. Мына ұсынысты екіленіп тұрмай қабыл алыңыз. Бұл сөздердің қанша тура екенін босанып шыққаннан кейін түсіне жатарсыз. Аймақтың тұрған жеріндегі елші қызметкерлерге де және гомин жүйге (полиция) де сездірме. Олар жақтан қызметке ұсыныс болып жатса қабыл алма. Тек қана өзіңнің лақабыңды айтқан кісімен ғана ашылып сөйлесесің» – деді. Һашімхажыға қарап: «Біздің ұсынысты қабыл етіп, жұмыс істеу жөнінде қол қойдыр» – деді. Һашімхажы бұрыннан дайындап қойған болуы керек, менен қайталап аты-жөнімді, тегімді, туған жерімді, қазіргі жұмысым мен тұрған жерімді, жасымды сұрап жазды да: «Сенің жасырын лақабың «Портос» болды. Мұны ұмытушы болма. Көрінген жерге жазып жүрме. Кісіге тіпті сөйлеуші болма. Енді жақын арада абақтыдан босап шығасың. Камерадағыларға сездірме» – деп шегеледі. Камераға қайтқан соң ондағылар неге шақырды деп сұрай бастады. Мен: «Жәй сұрақтар. Білмеген, көрмегендерді сұрап әуреледі» – деп жауап бердім.

Екінші күні Ғұлам акаға сырымның бір шетін айттым. Ол жақсы қарсы алды. Тездеп өзінің де сондай бір қызметке ұсыныс аларына үміттеніп, босай қалса – от басына барып, әсіресе, кішкентай ұлын көкірегіне басып, арманына жетуді көз алдына елестетіп, хұзырланып сөйлеп кетті. «Бұл бір бастама ғана. Артынан бірталай адамдар босатылуы мүмкін. Мұнда бізді босқа ұстап артық қаражат жұмсағанша, бұларды босатып, үкімет тапсырмасын орындаушыларды көбейту – қаржы, саяси жақтан тиымды» екенін баяндады.

Мен қашан босап шығатынымды күтіп жаттым. Әр күні сақшылар камера есігін аша бастаса, мені босатуға келген шығар деп күтудемін.

Арада бір жарым айдай уақыт өтті. Ғұлам кари анда-санда: «Молла Мұхаметжан! Сізді ұмытқанға ұқсайды, әлде бұл да бір саясат па екен. Осы күнге шейін бір дерек жоқ» – деп қоюшы еді. Егер мен босанып шықсам, оның да босап шығуына үмітінің барлығын, әзірше ең керегі –үлкен мамық жастық жіберіп берсе, жатуға жұмсақ, рахат болатындығын тапсырған еді.

Қарашаның ақыры еді. Күн бірталай суытқан. Камера суық, әлі от жақпады. Менің киімім, төсек орным қалың болғандықтан онша қиналмадым. Жазда жұқа киіммен келген бірнеше тұтқындар қиналып кетті. Оларға уақытша пайдалануға киім-кешекпен көмектестік. Әсіресе Құлжаның Сүйдүң қаласынан келген Калачов деген орыс (Казак орыс офицері, ақтардан болған) өте жеңіл киіммен келген еді. Оған пальтомды бере тұрдым. Өзімнің қасқыр ішігім бар еді. Алтайлық қазаққа камерадағылар көрпе-төсенішпен жәрдемдестім. Камераның есігі салдыр-сұлдыр ашылып, 2-3 сақшы кіріп: «Мұқаметжан Юусуп кім?» – деді. Мен орнымнан ұшып тұрдым. «Тез! Заттарыңды жиыстыр» – деді. Тез жинала бастадым. Калачовтан пальтомды алып, өзіммен бірге келген ақ киізімді бердім. Қоштаса бастадық. Ғұлам қари, Акрам қазірет, Қадырқажы, алтайлық қазақ көздеріне жас алып, жылап қоштасты. Мағанда өте ауыр тиді. Бірге келіп, менің жалғыз кетуім, бар жолдастарымның адамдардың көздері жаудырып мында қалуы маған ауыр әсер етті. Сақшылар дүниемді көтерісіп, камерадан шықтым. Басыма дорба кигізіп, бір камераға кіргізді. Мұнда тұрпандық, құмылдық, үрімжілік, құлжалық оннан артық ұйғыр төсек-орнымен тұр екен. Тағы 4-5 тұтқын келді. Біраздан кейін мекеме залына ұқсайтын бір жайға алып барды. Мұнда жанында бірнеше көмекшісі бар Һашімхажы отыр екен. Ол бізге қарап: «Міне, енді сіздер азат болдыңыздар. Ел-жұртқа қайтып, бала-шаға, отбасыларыңызбен көрісесіздер. Сіздерге берілген тағлым, жол-жорық, үкімет тапсырмалары естеріңізден шықпасын (Үкіметтің барлық өлке бойынша көз-құлақтары көп). Мұнда біз Үрімжі түрмесіне кірерде алып қойған қоржын, бәкі, пышақ, сағат, фото карточка, орамал, ақшаларыңызда қайтарып береді. Халық арасында артық сөз сөйлеп жүрмеңіздер» – деген сияқты ескертулер айтып, – әзірше қала моншасы жанындағы ісханаға барасыңдар – деп шығарып салды.

Дайындалған екі шағын автомашинаға 14 кісі отырды, маған және үрімжілік Ғаббас әфендіге орын болмағандықтан, сол жерде тұрған бір «мафаге» (екі дөңгелекті қытай арбасы) отырғызып қақпадан шығарды. Машинадағылар тез көзден ғайып болды. Ат жеккен мафаға отырған біздер ақырын ғана кетіп барамыз. Неше айдан бері қараңғы зынданда жатып, міне, бүгін бірінші рет ашық күнде еркін, халық жүріп жатқан көшеде басқа мафаларға ілесіп кетіп барамыз. Шет көшелерден өтіп базар ішіне кірдік.



Шауешектен келген біздің машиналардың жүргізушілері Фатих Шанышев пен Мифміқакты, тағы бірнеше адамдарды көрдік. Біз аз тоқтап, біздің азат болғанымызды, енді босап шығып қайтатынымызды айттық. Шауешектегі бала-шаға, ағайындарды сұрастырдық. Мафа жүріп кетті. Қаптаған адам жүрген сол базардан шәуешектік Тұрсын Измайылбаевты көріп қалдым. Ол мафаға ілесе жүгіріп, хал сұрап келеді. Базар толы халық. Дүкендер толы зат. Бұларды көріп, бірнеше сағат бұрынғы жатқан жағдайымды көз алдыма елестетіп қайран болдым. Түс көргендеймін. Жолда Ғаббас әфендінің 14-15 жасар баласы кезігіп қалды (Ғаббас афенді 15-16 жылдары болуы керек Тұрпанда балаларды жаңаша оқытқан Хайдар Сайранидің шәкірті, соңынан өзі де біраз уақыт бала оқытып, кейіннен «Совторгпен» сауда істерін жүргізген. Сәуір төңкерісінен кейін (1933 жылғы) Қожанияз хажымен араласып, әскери, мүлки істеріне араласқан). Ғаббас әфенді баласына абақтыдан бір жолата босап шыққандығын айтып, сабын зауотына арбамен келіп, заттарын алып кетуін тапсырды. Бір аздан кейін сабын зауоты моншаханасына жеттік. Екі сақшы қақпаны ашып кіргізді. Кең, үлкен қора ішінде бір қабатты ғимараттар салынған. Жартылай еуропа, жартылай қытай үлгісінде. Біздерді үлкен қамба сияқты бір үйге кіргізді. Еденге ескі, тозығы жеткен киіздер төселген. Үй үлкен темір пешпен жылиды екен. Бір неше құлжалық (арасында Құлжада бұрын мен көрген, сақшыда істейтін таз бар. Тұрпандық да бар. Шаушектіктерден 1918-1919 жылдары «Тарғыбатай бүркіттері» атанған, ақтарға қарсы күрескен партизандардың бастығы (соңғы кезде Мирюсуфте қызмет істеген) орысты көрдім. Қорада арлы-берлі жүрген әр түрлі қызметтегі адамдар. Көбі оңтүстік Қашқар жақтан келгендер екен. Бұрын басмасшылық жасап, кейін қытай топырағына кірген өзбектер көрінеді. 4-5 орыс, бірнеше қытай, ұйғырлар бар екен. 10-15 сақшы бар. Бастығы бір ұйғыр жігіт екен, өзі ақ көңіл, шала сауаттау адам. Келген күннің ертеңінде бізге ақылын айтты: «Ағайындар, сіздер біздің зауот (сабын) мекемесіне жаңадан келгендерсіздер. Мұндағылардың жақсы-жаманын танып білмейсіздер. Мен сіздерге бірнеше адамды көрсетіп қояйын. Олар мұнда үкіметтің жасырын агенттері. Сақ болыңыздар. Олардың алдында түсінбей, қалай болса солай сөйлеп, пәлеге ұшырап қалып жүрмеңіздер» – деді. Алысырақ тұрған бір ұйғыр жігітті көрсетіп: «Әнеу тұрған, қолын дәкемен байлаған жігіттен сақ болыңыздар, тағы бірнешеуін көрсетіп қоямын. Сіз бен біз бір тұтас мұсылман балаларымыз. Жаным ашып сіздерге айтқаным ғой» – деп қойды. Күндіз камерадағыдай тамақ келді (әрине абақтыдағыдан біраз жақсырақ), ыстық, жаңа тандырдан шыққан нан жедік. Әсіресе, тандыр нан бізгеқатты ұнады. Тандырдан шыққан нанды дайындағандар жоғарыда айтылған Қашқардан шыққан өзбектер екен. Қораға шығып жүрдік. Енді бізді қашан босатады екен деп күтумен болдық. Мұнда қораға шығып жүру еркін болса да, қақпадан шығуға тиым салынған. Кеш батты. Нанымызды жеп, шәйімізді ішіп, жататын болдық. Дәретке арнап бидон қойды. Біз тәңертең босап кетіп қалуды үміт етіп ұйықтауға жаттық. Я алла! Мұндағы қандаланың көптігі сонша, түнімен кірпік қақпай шықтық.

Таң атты, есік ашылды. Енді күн ұзын қорада жүреміз. Бүгін де босап шығудан дерек жоқ. Осы жерде шағын (4-5 кісі жұмыс істейтін) сабын зауоты, киім тігу машиналарында киім тігетін 15-ке жақын ұйғырлар, кішкентай орыс баспасы, ағашшылар жұмыс істейтін жер, наубайхана бар екен. Сабын зауотында өзбектер, баспа, ағаш істерінде – орыстар жұмыс істейді екен. Бізді әлі де жұмысқа тағайындаған, не ұсыныс жасаған кісі жоқ. Күні бойы бос қорада арлы-берлі жүріп, іс ханаларға кіріп, тамаша қылған болдық. Кешке таман өз еркімізше асықпай моншаға кіріп жуынып, кірімізді жуып шықтық. Түнімен қандалалармен алысып шықтық.

Бұл жерде үшінші күнбіз. Әлі де босатып шығарудан дерек жоқ. Енді тағы біраз уақыт осында қаламыз деп шештік. Абақтыға қарағанда мұнда көп еркін. Тілеген кезде дәретке бара аласың, дайын қайнаған судан шай шығарып ішіп, тандыр нанын жеу мүмкіндігі бар. Моншалары қала бойынша тәртіпті монша деп, көпшілік тұрғындарға қызмет етеді екен. Түрмедегі кезімізде бірнеше рет келген болатынбыз. Кешке (қала халқы тоқталғаннан кейін) тілегенімізше жуынамыз.

Біраз күннен кейін біздің арамыздан бірнеше адамды киім тігу ісханасына жіберді. Бірқаншасын моншаға жұмысқа белгіледі. Мені мен Ғаббас әфенді екеумізді кішкентай баспаханаға қызметке алды. Мәтбуғат (баспахананы) басқарушы ішкі қытайдан манжуриядан келіп шыққан, әбден орыстанып кеткен поляк еді. Мағлұматы бастауыш орыс тілі болып, жазғанында орыс грамматикасынан көп қате жіберетін. Оған қарағанда менің мағлұматым артық болып шықты. Баспаханада әр түрлі есеп-қисап бланкалары сияқты ұсақ-түйек істер көп, заказдар жетерліктей еді. Бастық поляк баспа машинасын (кішкене станок) әр кезде жөндеп, ретке салып берді. Мен де заказдарды көрсеткеніндей басып шығара бастадым. Ғаббас маған көмекші болды.

Бастығымыз әр күні еркін қалаға шығып, базарға барып, түрлі мекемелерді аралап, заказ қабылдап қайтады. Ақшамыз болғанда ол арқылы базардан керегімізді алдырып тұрдық. Менің баспаханаға орналасуыма бұрынғы танысым, ескі Калчактің ақ офицері Потапов себеп болды. Зауотта кейбір қызметкерлер үкімет тарапынан тағайындалған екен. Баспаханамыздың үлкен терезесі көше жаққа қараған. Моншадан шыққандар біздің тереземізді жанап өтеді. Терезеге жақынырақ тұрып, моншаға келген таныстармен ишарамен амандасып қаламыз. Айналамызда бөтен кісі болмаса, аздап сөйлесіп те үлгіреміз. Қараша бітіп, желтоқсан кірді. Босату жөнінде еш дерек жоқ. Біздің баспахана жақсы жұмыс істегендіктен 2-3 күнде бір қойдың етін сыпырып, сүйегі ғана қалған төс алып келіп береді. Мәзнұр оны үлкен шелекке салып асып, сорпасына кеспе салып береді. Мен Шауешекте жүргенде осындай сүйекті сатып жатқанын көп көруші едім. Оны алушылар көбіне сібе-солаң, кедей қытайлар болатын. Осыдан қандай тамақ жасауға болады екен деп ойлаушы едім. 2-3 күнде бір әкелетін осы сүйекті енді біз де куана қарсы алатын болдық. Өйткені сорпасы тәтті де күшті еді. Жұмыстағылар (ақшасы барлар) осында анда-санда ақша жинап, палау жасатып жеуді әдетке айналдырды.

Желтоқсанның аяқ шені. Түрмеден келген 16 адамды шақырып: «Сіздерді босатамыз. Рәсмиет үшін қалаға шығып, таныстарыңыздан кепілдік қағаз әкеліңіздер» – деді. Қасымызда 3-4 әскер еріп қаланың ортасына, біздің таныс-білістеріміз бар Яңханға (бұрынырақта орыс тұрғындары тұрған район) кеттік. Яңханда таныстардан Юусупжан қари Ильхамжановты, тағы бірнеше кісілерді тауып, мөр басылған үш кепіл қағазын алып қайттық. Осы жолы бірталай таныс ағайындарды көрдім. Бала-шағаларымның амандықтарын білдім. Енді зауотқа барып, біржолата босап шығатынымызды ойлап қуанып келдік. Бірақ бұл күні босату әрекеттері байқалмады. Бірнеше күннен кейін, жаңа 1939 жылды қарсы алу істері басталды. Ісханалардың алдына қытайша – ұйғырша жазылған үгіт-насихат транспоранттары ілінді. Тұтқындарға үш күн демалыс жариялады. Біз Құлжа, Түрпан, Құмылдан келген ұйғырлардың көмегімен кішкентай әдеби кеш өткіздік. Мұнда ұйғыр жастарынан тұрпандық Қасымахун Парсаев, Махмуд Сыжаңның ұлы Ғабділхамиттердің орындауында көсем дубан Шың сы цййды мадақтап декламация, оның артынан бұрын жаттап алған ұйғырша өлеңдер болды. Біздің баспаның меңгерушісі поляк – орыс әр түрлі фокустар көрсетті. Қайдан әкелінгені белгісіз, ұйғыр музыканттары келіп, кештің аяғы биге ұласты. Мен кешті басқарушы болдым. Осылай кішкене бір бөлмеде әдеби кешпен жаңа жылды қарсы алдық. Жылға жақын уақыт абақтының қараңғы түнегінде жатып, қиналып, өмірден үміт үзген біздер үшін осы жай бір ғана кеш мәдениетті елдердің үлкен қалалардағы опера, театр, балет кештерінен артық кеш болды.

Жаңа жылдың үш күнінде тұтқындардың бәріне ерік берілді. Әлбетте сыртқа еркін шығып жүруден басқа. Үш күн ұйғыр, қытайлар құмар ойынына берілді. Құмар ойыны үкіметтің арнайы шешімі негізінде 1934 жылдан бері қатаң тиым салынған болатын. Тұтқындарға күнделікті беріліп тұратын тамақтарға біраз өзгеріс енгізіп, манты (көк өністен) жыңму, фунтозы сорпалары сияқты тамақтар берді. Осылай жаңа жылдың үш күні де өтті. Біз зауот пен моншада тұтқындар есебінде қала бердік. Баспахана терезесінен шәуешектік, үрімжілік таныстарды көріп ымдап сәлемдесіп қаламыз. Мұнда бірнеше рет шәуешектік Тұрсын Измайлов терезе арқылы Шауешектегі от басымыздың аман-есендігін және менің абақтыдан моншадағы зауодқа ауысқанымды отбасыма хабарлағанын білдіріп келіп кетті.

Біздің зауодқа құлжалық бір орыс тұтқынды алып келді. Ол зиялилардан болып, бірнеше кітаптар, гитара, мандолин алып келді (Шамасы қолға алынғанда осы бұйымдары бірге болып, зауодқа ауысқанда қайтарылып берілген шығар). Оның кітаптарының ішінде ғылыми шығармалар, түрлі ертегі, романдар баршылық еді. Ұзақ уақыт көрмеген, оқып рахаттанбаған мына кітаптар келісімен-ақ, оларды бос кезімде оқып, рухани азық алумен бірге, көңілсіз тұтқындағы күндерімізді жеңіл өткізуге көмектесті. Музыка аспаптарын да пайдаландық. Бос кезімізде Қасымахун, Ғабдулхаимт мандолинада, Ғаббас әфенді гитарада онша жақсы ойнамаса да көптен естімеген, сағынған әуендерді ойнап, көңлімізді бір көтеріп тастайтын.

Күн жылына бастады. Көше жаққа қараған форточканы ашып қойып, жыр жырлап (көбінше татарша), музыка ойнап өмір оздыра бастадық. Зауод, монша, ісхана бастықтары мына әрекетімізден хабардар ма, жоқ па, білмейміз, бірақ біз уақыт тауып өз концертімізді жалғастырдық. Моншаға келушілер терезе жанынан өткенде, біздің жақтан шыққан музыка әуеніне таң қалып, біраз тоқтап өтуші еді. Көктем келді, сәуір жақындады. Ол кездерде барлық Шыңжаң (Шығыс Түркістан) үшін ең қымбатты, қадірлі күндердің бірі 12-сәуір Төңкеріс күні үлкен мереке болатын. Оған да санаулы күндер қалды.

А құдай! Зарығып күткен осы 12-сәуірде азаттыққа шықпай қалсақ, келешегіміз не болмақ? «Түрмеден шығасын» деген уәделері қайда қалды? Бәріміздің де жүйкеміз жұқарып, қапа бола бастадық. Арамыздағылардың ішінен үкіметке тіл тигізіп балағаттағандар да болды.

11-сәуір күні болатын. Күн ашық, жылы. Біз әдеттегіден ертерек тұрдық. Тәңертеңгі шәйге тәбетіміз жоқ. Бүгін біз бостандыққа шығамыз, не ұзақ уақыт тұтқын болып қала береміз. Сағат жылжып өтіп жатыр. Жағдайымыз күндегідей, бір қалыпты. Жүйке тамырымыз әрекетке келе бастады, нәумездік басты. Осы уақытқа дейін бір белгі, ишара болмаған соң, тағы ұзақ уақытқа тұтқын болып қалдық деп шешім жасадық. Кең қораның әр бір жерінде топтасып өзара сөйлесіп, мұңдарын шағады. Түрлері солғын.

Түстен кейін сағат төрттер шамасында Һашімхажы, жанында 2-3 көмекшісі бар, бір камераға кірді деген хабар жетті. Бізге жан кірді. Екінші жақтан: бұл залым-бәтбахит тағы қандай мақсатпен келді деп алаңдадық. Аздан соң біздің группамыздағы 16 адамды бірден шақырып, 5-10 минут сұрақтар қойып, шығара бастады. Ең ақырында мен кірдім. Һажімхажы маған қарап: «Ертең ұлы мейрам 12-сәуір. Сол ұлы күн құрметіне Вияң жаң сізді босатуға шешім қабылдады. Берген уәделеріңізді жадыңыздан шығармассыз. Шапағатты, мейірімді әділ үкіметтің қадірін біл. Сенің үстіңде көп істер бар екен. Бірақ: Вияң жаң үкіметіне адал жұмыс істеймін – деп қол қойғандықтан сені босаттық. Өткендегі кінәлеріңді ұмытпа. Сенің кінәлеріңді біліп тұрып, сені азат еткен үкіметке әр дайым адал бол. Қазірден бастап біржола босайсыңдар. Бір неше күнде рұхсат жол хат алып, тұрған жақтарыңа қайтасыңдар» – деп сөзін бітірді.

Түрмеде бірге болған жолдастармен бірге жабдықтарымызды жинастырып, қақпаны ашып, босатып жіберуін күте бастадық. Бұрын осында тұрғандардың кейбіреуі қоштасып кетіп жатты. Қашқардан келген бір түрік те келіп, бәріміздің қолымызды қысып қоштасып кетті. Біздің кетіп, өзінің қалатындығына ренжулі еді. Көздеріне жас толған кейпінде камераға кіріп кетті. Міне, зарығып күткен минут жақындады. Һашімхажы бәрімізді бір-бірден көзімен тінтіп қағазға жазылғандарды қайта тексеріп шықты да, қақпаны ашып, біздің группамыздағы 16 адамды сыртқа шығаруды бұйырды.

Гуілдесіп, асығыс көшеге шықтық. Бірнешеулері кез келген арба-мафаларға жабдықтарын тиеп кетіп те бара жатты. Құлжалық екі кісі, біреуі Хасанахун, үшеумізге көлік болмай қалды. Тез көлік алып келу үшін Хасанахунды жабдықтарымыздың жанына қалдырып кеттік. Көше бойлап кетіп барамыз. Артымыздан шақырып зауодқа, кейінгі мекен жайымызға алып кететіндей қорқамыз. Асығыс жүріп екінші бір көшеге бұрылып, монша-зауодының қақпасы көзден ғайып болғанда ғана, көшенің екінші жағына шығып демалдық. Еркін дүниені көргенімізге құдайға үшкір айттық. Рахаттанып қалдық. Орнымыздан тұрып көлік іздеуге кірістік. «Хотан» атты бір деңге келіп, бір бөлме жалдап, зауод қақпасына барсам Хасанахун көлік тауып кетіп қалыпты. Яңханға (Үрімжінің ең үлкен көшесі) барып, шәуешектік Тұрсын Измайлбаевті көріп, босанғаным жөнінде айтайын деп барсам, ол бір жаққа кетіп қалыпты. Табылмады. Үрімжілік таныстарымыздың біреуіне өзімнің «Хотан» сарайында екендігімді, босағандығымды айтып қоюын өтініп сарайға қайттым. Хасанахун да келіп үлгірген екен. Оның таныстарынан бір ұйғыр күзгі Тұрпан қауынынан үлкен біреуін алып келіпті. 1938 жыл бойы аузымызға тимеген қауыннан бірнеше тілім жеп рахаттандық.

Уақыт құтпаннан кейін болатын. Хасанахун: «Жақынырақ сарайларға барып, Құлжадан, Шауешектен келуші шофер – садагерлер болуы мүмкін. Ішінде таныстар да бар шығар. Жүріңіз, барып қайтайық» – деді. Екеуміз жақынырақ орналасқан сарайлардың бірнешеуіне кіріп шықтық. Біз іздеген адамдар онда жоқ болып шықты. Жоғарырақ жайғасқан бір деңге бардық. Бір үйдің есігін ашып кіріп едік 5-6 шәуешектік таныс саудагер – шоферлер отыр екен. Біздің аяқ астынан кіріп келгенімізді көріп олар абыржып қалды (түрмеде отырған адамдар бір мақсатпен келіп қалды ма деп сасқалақтапты). Мен: бірнеше сағат бұрын босап шыққанымызды, Шауешектегі бала-шағамның аман-есендігін білейін деп келгенімді айттым. Таныстарым а дегенде кішкене кідіріп, кейіннен ашылып сөйлесе бастады. Ішінде Камалиддиннің ағайындарынан біреу біздің сұрағымызға толық мағлұмат бере бастады. Мені қолға ала сала складтарды, бірнеше бөлмелерді печаттап қойғаны және қолда қалған мал-мүлік жөнінде сөйлеп шықты. Бұларды ол менің балдызым Камалиддиннен естіген болуы керек. Біз қолға алынғаннан кейін ағайындардың ішінде қайтыс болғандары жөнінде де естідік.

От басымыз жөнінде қанағаттанарлық хабар естіп сарайға қайттық. 12 сәуір күні ерте тұрып, шәй ішіп, базар жаққа беттедік. Мерекеге байланысты жиынға – алаңға кетіп бара жатқандарды көрдік. Мұндағы ұйғыр, қытай үйірмелері (олар өздерінің ұлттық музыкаларын ойнап бара жатты), өзбек, татар үйірмелері өздерінің транспоранттарын көтеріп алдымыздан өтті. Біраздан кейін Тұрсын Иманалиев келді. Құшақтасып жылап көрістік. Ғаббас әфенді де келіп қалды. Үшеуміз мерекеге араласып, жиын өтетін жерге қарай беттедік. Ол жерге адам өте көп жиналыпты. Түрлі ұлт ұйымдары жиналып, өздерінің түрлі өлеңдер жазылған траспоранттарының жанында түр. Әр жерде 3-4 сақшы әскерлері қойылған. Үкімет мүшелері, қонақтар, құрметті адамдар (молдалар, байлар), кеңес елшілігінің қызметкерлері т.б. бар еді. Олар үшін арнас биік етіп жасалған. Жиналған халықты аралап жүргенімізде өзіміздің Махмутты көріп қалдым. Екеуміз жылап көрістік. Махмут мені көпшілік арасынан оңаша жайға апарып, сөйлестік, мұңдастық. Екінші күні шәуешектік ұйғыр саудагерлердің біреуі (Шауешекте сауда жасап ұзақ жылдар тұрған хотандық Ғазиахунның туыстары) Шауешекте қалған от басына табыс ету шартымен 200 Шыңжаң долларын әкеп берді және бір өзбек танысының балаларына тапсырып беру үшін 40 доллар берді. Мен мол ақшалы болып қалдым. Базарға шығып үйге, балаларға, өзіме түрлі нәрселер алдым. 14 сәуір күні Шауешекке баратын автомашина жүргізушісі Шернияз арқылы от басыма аздап кептірілген қауын және қысқа хат жазып жібердім. Әлі де жол хат шықпағандықтан өзім әзірше қалып қалдым.

Үрімжіде 8-9 күндей кідіруге тура келді. Сол кезде тағы бір рет Һашімхажы істейтін мекемеге барып, онымен кездесіп, жол хат (рұхсат қағаз) алу керек болды. Ол сақшы мекемесіне хабарласып, сол жерден жол хат алуды бұйырды. Екінші күні сақшы мекемесіне бардық. Біздің группадағы Құмұл мен Хамиликтер бір-екі күн бұрын жол хатын алып кетіп қалыпты. Құлжалықтар сол күні жол хатты алысымен жолға шықты. Шаушекке қатынайтын машина болмағандықтан маған 2-3 күн күтуге тура келді. Әрең дегенде, Ғусманахунның жүк машиналары Шауешекке қайтатын болып, 19 сәуірде тура пешін кезі сағат 12-де солармен Шауешекке қарай жолға шықтым. Жүргізуші түні бойы айдап 2-күні сағат 9-дар да Шихуға жеттік. Мұнда 4-5 сағат кідіріп, Шихуда болған Ғұсманахунға тиесілі 3 машинаны бірге алып (Ғұсманахунның 1934 жылдары 5 машинасы болған) Шауешекке қарай жолға шықтық. Жолда екі күн жүріп, 21 сәуірде ақшам кезінде Шауешекке от басыма оралдым.

Түрмедегі кезімде менің атыма әр кезде посылка, киім-кешек, азық-ауқат, ақша келіп тұрушы еді. Әр жолы посылканың үстінде маған таныс Райхананың жазуы болушы еді. Осыған қарап, менің жұбайым Әмина апатқа ұшырап қалмады ма деп күманданатынмын. Шәуешекке кірісімен Найыл, Надир, Насим, Камалиденнің қыздарынан Сүраялар арбамен алдымнан шығыпты. Машинаны тоқтатып, балалармен көрісіп, сүйіп, құшақтап машинаға отырып жүріп кеттік. Жолда салық мекемесінің алдында жолаушылар түсіп, әкеле жатқан мал-мүліктерін, билеттерін көрсету керек болды. Бізде машинадан түстік. Сонда кішкене ес кіріп қалған Надирден сұрастыра бастадым. Ең әуелі Тойшы, Никар, Райханаларды сұрадым. Олар үйде қалды деді. Кейін қорқа-қорқа Әннәң қайда деп сұрадым. Надир: «Үйге, қораға көп қатындар келді. Әннәм солармен қалды» – деді. Кірсіз көңілді жас баланың сөзіне шексіз қуандым. Өмірлік жолдасым Әминаның аман болып, отбасымда балаларымның жанында болғаны мені рухтандырып, қуанышқа бөледі. Тәдиешіні (Надирдің еркелетпе аты) құшақтап, көкірегіме басып, құшырлана сүйдім. Бажы мекемесінде тексеру жұмыстары біткен соң, қала ішіне қарай жылжып келеміз. Мен кеткен 13-14 ай ішінде біраз ғимарат өзгерістерін байқадым. Ескі жамбыл бүтіндей бұзылған. Клуб алдында да өзгерістер байқалады.

Біраз жүріп біздің көшеге жақындадық. Қақпа алдында жүздей үлкен- кішілі адамдар. Олар мені қарсы алуға келген екен. Үйге бірер жүз қадам қалғанда алдымыздан Райхана шығып, мен машинадан түсіп көрістім. Никар, кішкене Тойшы да бар еді (ол кезде Тойшы 17-18 айлық бала болатын). Балаларды құшақтай жүріп, қақпаға қарай жүрдім. Сол қысқа да жақын жолда мені қоршап алып, көрісулер көп болды. Жүруге ерік бермеді. Ақырындап қораға келіп кірдім. Қақпаға кірер алдымда енем Диқан апа, Әмина, Сұлтандар көзге шалынды. Ол кезде Миряхия әкейдің ұлы Ғисматты көріп қалдым. Яхия ака қолға менімен бірге алынып, бүгін мен аман отбасыма қайттым. Жас буын балаларға абақтыда қалған әкелерін ойлап, алаңдауы табиғи құбылыс екенін ойлап, ең әуелі бұрылып Яхия аканың ұлы Ғисматты құшақтап, бетінен сүйдім. Әкесі аман-есен, мүмкін тез арада босап қалар деген болдым. Одан бұрылып енем бастаған отбасымның мүшелері мен ағайын туғандарға келдім. Әуелі енем маңдайымнан сүйіп, басымнан сипап, арқамнан қағып амандасты. Артымнан Диқан апа: «Марқұм шешесі үшін көрісемін» – деп жылап көрісті. Оның артында қайғы қасіреттермен жүдеп, торыққан Әннәсіне келіп көрістім. Ол: өңім бе, түсім бе деп ойлап, сасқандықтан да көзінен ағып кеудесіне түскен жас тамшыларын да сүртер емес. Бұл оның өте қобалжып тұрғанын байқатты. Енем, балалар, Әминамен көріскенде оларға жақсы әсер қалдыру үшін өзімді тетік ұстадым. Елжіреп тұрған жүрегімді басып, жыламадым. Қуаныш кейпінде едім. Ақырында келіп көріскен Сұлтанды көргенде өзімді ұстай алмадым. Еріксізден көзден жас ытқып шықты. Құшақтасып көрістік. Ол да көз жастарын тия алар емес.

Балалар Наиль, Никар, Тади мені орап алып: «Үйге кіріңіз, үйге кіріңіз» – деп қысталайды. Басқа көрісушілерге ерік бермеді. Балаларымның тілектерін орындау үшін үйге кірдік. Бата жасадық. Осы арада Сұлтан кіріп: «Кіші бөлмеде, қорада ағайындар көрісуге күтіп тұр, мұнда шық» – деп ұсыныс жасады. Кішкене бөлмеге бардым. Онда Ахметжан Сайфуллин (сабыншы), Аминтай шаңзуң Измайылов, Мирбаба Ханбабаев, Нұридин ака т.б. адамдар бар екен. Көрістік, Ахметжан Сайфуллин бастап ақуалымды сұрастырып: «Сізбен кеткен ағайындардың жағдайы қандай» – деп сұрап қалды,

Бұл сұрақ басқа кезде жай көрінгенімен сол кезде, сол сағатта маған жауап қайтару өте күрделі де нәзік, мүмкін, мұнан кейінгі менің тағдырымды шешуші жауап болуы ықтимал. Мен: «Үкімет әділ, ешкімді орынсыз ұстап, орынсыз абақтыда азаптамайды. Осыны біліңіздер, ақырындап тексеріп, күнәсізді міндетті түрде босатады. Кінәсі барлар, кінәсіне лайық ауыр-жеңіл жазасын тартар. Ол табиғи», – деп жауап қаттым.Отырғандардың бәрі де (тілер – тілемес): «Әрине, үкімет әділ, жақсылап тексеріп, күнәсіз ағайындар қайта оралады» – деп шуласты.
(Ескерту: Өкінішке орай әӘкемнің «Түрме хатиралары» осы жерге келіп қайтыс болуына байланысты үзілгентоқтаған – (Никара Мұхаметжанқызы (Юсупова) қызы Бафина).

*** *** ***


Шауешек қаласы 1945 жылы 31 шілде күні азат етілді. 1946 жылы 2 қаңтарда Орталық Қытай үкіметі мен «Үш аймақ» арасында болған келісімге байланысты, «Үш аймаққа» қажетті қаражат орталық тарабынан берілуге тиіс болғандықтан да, үш аймақтың арнайы уәкілдері барып, әр аймаққа тиісті қаражат ақыларын тапсырып алуы керек еді. Іле мен Алтайдан арнайы уәкілдер Үрімжіге жіберілген екен, ал Тарбағатайдан арнаулы уәкілдерді жіберу біраз кешіктіріліпті. Ақпан ішінде Тарбағатай аймағының уәли мекемесі тарабынан уәкіл ретінде жіберілген тижарат (коммерция, сауда) банкінің директоры Ғабдулбар Ниғметуллин Үрімжі шаһарының жанына барып, ішіне кірмей кері қайтып келіпті (ол күндері Үрімжінің іші тынышсыз еді). Ғабдулбарға қайта Үрімжіге баруды ұсынғанда, ол барудан бір жола бас тартты. Оның орнына тапсырылған жұмысты орындауды уәли мекемесі маған және Мұхамеджан Илһамжановқа тапсырды.

Шыңдығына келсек, ол кезде Үрімжідегі гоминдаңғағашылардың мекемесіне бару бірталай қауыпты болатын. Уәли мекемесінің қатты талабына байланысты біз Үрімжіге барып, аймағымызға тиісті бюджеттен қаражаттық ақшаларды алып келуге келісім бердік. Екі күннің ішінде біз іссапарға шығып кеттік. Тарбағатай аймағына қарасты Шиху, Сауан аудандарының уәли мекемесінің тапсырған қызметтерін орындауға бізбен бірге орынбасар уәли Қасым ахун бастатқан он бестей әр салада істейтін мекеме қызметкерлері жолға шықты.

Көктемнің бас кезі еді, қар еріп, машиналардың жүруі қауыпты болғандықтан да, ат арбамен жолға шықтық. Шихуға шейін онша бір айтарлықтай маңызды жайттер болмады. Шауешектен шығып жетінші күні Шихуға жеттік. Бір оқиғаны (онша маңызды болмаса да) жазуға тура келіп тұр. Мен сапарға шыққанда міндетті түрде өзіммен бірге (жалпы пайдаланатын) дәрілер алып жүремін. Шауешектен Шихуға шейін сапарымызда бір арбакеш (қазақ) қатты ауырып қалды да, жолаушылардың біреуі ат айдаушы болды, ерте-кеш аттарды қарау, жегу, доғару басқа арбакештерге жүктелді. Жолда, әр бір түскен жайымызда бір қой сатып алып, сойып, асып пісіріп жеп келген едік. Бір күн бұрын сойған қойымыз бордақыланған семіз болды, әлгі арбакеш қазақ майлы етті көбірек жеп қойғандықтан да асқазанына ауыр келгенін түсіндім. Екінші күні кешке әлгі ауырған жігітке сүргі ішуді ұсындым да, 1/2 жарты мөлшерінде дозада (аптекада істеп жүргенде қазақтарға 45-50 грамнан кем болса әсері жоғын білетінмін) ағылшың тұзын езіп ішуді, басқа тамаққа қарамауын ұсындым.

Бұл күні де түсіп қонған жерімізде де семіз қой табылып, соны сойып жедік. Тәңертең әлгі ауырған адамның сақайып, өзінің қызметін істеп жүргенін көріп, қуанып қалдым. Жанына барып сүргіні қалай пайдаланғанын сұрадым. Ол: «Сүргіңіз жақсы екен, маған пайдасы тиді», – деді. Ол жауабын байсалды түрде емес, қайта бір күлкі ұялаған жүзбен айтты. Мен оның бұл қылығын түсіне алмадым да, басқа арбакештерден сұрастырдым. Олар: ауырған арбакеш сүргіні ішпей төгіп тастағанын, кешегі сойылған қойдың құйрық майын ерітіп, бір кесесін ішіп, сонан сауыққанын айтты. Мен қайран қалып сенбедім. Ауырған асқазанға ерітілген қой майын ішіп сақаюы – медицина тұрғысынан түсініксіз еді. Мен басқа жолдастарынан да сұрастырсам, бәрі жоғарыдағы айтқандарды растады. Өз көзіммен көрмегендіктен сенуге де, сенбеске де білмедім.

Шиху мен Үрімжінің арасы тас жол болғандықтан да, Іледен келген бір автомашинаны жалдап кететін болдық. Құлжадан, Шауешектен Үрімжіге баратын саудагерлерден оннан артық жолаушы жинадық.

Ол кезде «Үш аймақ» пен гоминдаңғағашылар арасындағы шекара – Манас өзені болып, өзара келісім болып, әр екі жақ әскери күштерін сақтаған еді. Шекараға жақын бір жерге қондық. Ертең гоминдаңғағашылар билеген өлкеге аттанамыз. Біз үшін бәрі қараңғы, әрі сырлы. Түні бойы сол жөнінде сөйлесіп шықтық. Екінші күні Манас өзенінен өтіп (көпір бұзылған болатын) шекараның арғы жағындағы гоминдаңғаға әскери қарауылына жетіп тоқтадық. Бұл жерден шекарадан өтушілердің тізімін алады екен. Мұнан өтіп Манас шаһарына кірдік. Бұл орында қытай тілін жақсы меңгерген Мұхамеджан Илһамжановты алдымызға салып тізімделе бастадық. 1. Мұхамеджан Илһамжанов, 2. Мұхаметжан Юсупов (мен), 3. Қажы Мұрат дамолда Мұхамеджанов... тағы басқалар. Тізімге алып жатқан гоминдаңғаға офицері бізге достық нышанын көрсетпей, жиіркенішті түсін жасырмай жаза бастады.

1.Мұхамеджан Илһамжанов.

2.Мұхамеджан Юсупов.

3.Қажы Мұрат Мұхамеджанов.

Қатарынан үш Мұхамеджан деген есімдерді естумен жазып тұрған адамның түсі өзгеріп сала берді. Қалам сабын үстел үстіне қойып, ашуланған түрде бақырып, бір нәрселерді сөйлей бастады. Біз сасып қалдық. Арамызда қытайша білетін Мұхамеджаннан себебін сұрағанда, ол саспай, қатардан үш Мұхамеджанның аталғанына күманданып: «Тексеру жүргіземіз, «Үш аймақтан» келушілер бізді ақымақ қылып, мазақтамақ. Біз көрсетеміз. Біз өзімізді танытамыз», – дейді деп офицердің сөзін аударды. Бұл бізге ауыр әсер етті. Мұхамеджаннан бұл үш есім жөнінде түсініс беруін өтіндік. Сол арада бірнеше әскерге машина үстіне шығып, біздің нәрселерімізді тінтуге бұйырды. Құрал-жабдықтар іздейді-мс.

Ол арада Мұхамеджан Илһамжанов тізімге алушыңың жанына барып, 3-4 сөйлем қытайша сөйледі. Ашуланып тұрған бұл адамның түрінен таңданыс байқалып, кенет Мұхамеджанмен жұмсақ қияпатта сөйлесіп кетті. Автомашинаны ақтарып тұрғандарды тоқтатып, қалған жолаушыларды тізімге алып, бізге сапарымызды жалғастыруға рұқсат берді.

Кейін ұғыссақ, Мұхамеджан тізімге алушы офицермен көне әдеби қытай тілінде сөйлескен екен. Ол болса, бізді «жарым табан чанту» (қытайлардың ұйғырларды кемсітіп атауы) деп ойлап, қытайша әдеби тілде жетік сөйлеп, жаза білетін жан болуы мүмкін емес – деп түсінген. Сөйтіп бір ұлттың тілін мүлтіксіз білгендіктен, жоғарыдағы көңілсіз жағдайдан құтылдық. Жолда бірнеше рет машинамыз бұзылды, оны жөндегенше кеш батып кетті. Құтыбиге қондық. Екінші күні Үрімжіге келдік.Манастан бергі жолда жөнді тексерулер болмады.

Үрімжіде Ахмед әпенділерге («Үш аймақтың» үкімет өкілдері) тұруға берілген Нанхайяңға (мағынасы шетелдіктер көшесі) түстік. Онда бізден басқа Іле мен Алтайдың уәкілдері бар екен.

Үрімжіде бостандығын қолына алған «Үш аймақтың» уәкілдерінен – Ахмет әпенді Қасыми, Сәйфиддин Азизи, Рахымжан Сабырхажиев, Әбдікәрім Аббасовтар бар болатын. Солардың жол-жорықтары негізінде біз де іске кірісіп кеттік. Біздің міндетіміз – Үрімжіде орналасқан әр түрлі министрліктен аймағымыздағы әр түрлі мекемелерге тиісті бюджеттен белгіленген ақшаларды алу еді. Көбінше, бұл істе бізге жол көрсетіп отырған «Үш аймақтан» бюджет ақшасын алуға келген



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет