Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясаты
Асылбекова М.А., Тақабаева Б.М.- оқытушы (Алматы қ., Қазмемқызпи)
Тәуелсіз мемлекетіміз – Қазақстан Республикасының алдында үлкен мақсаттар мен міндеттер тұр. Әсіресе ата-бабамыз мұра еткен өмір тәжірибесін жас ұрпақтың жаңа қоғамымызда жалғастырып, жүзеге асыра білуі ең басты мәселе болып табылады.
Адамзат қоғамының тарихи даму тәжірибесінде жастар мәселесі ең күрделі мәселе және мемлекет тағдыры жастар тағдырымен тығыз байланысты. Мұның өзі бір жағынан оның қоғамның барлық саласында маңызды орында екендігін көрсетсе, екінші жағынан, жастар мәселесінің күрделілігі мен сантүрлігіне байланысты екендігін көрсетеді. Бұл ұштастыру жастар мәселесін мемлекеттің қоғамның мүддесі үшін жүзеге асыратын өзіндік бағыты деуге мүмкіндік береді.
Жастар - әлеуметтік және психологиялық ерекшелікті қалыптастырған қоғамдағы үлкен топ, жас адамдардың жастық ерекшеліктеріне қарай анықталатындықтан олардың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси жағдайы, рухани әлемі құрылу,қалыптасу сатысында болады. Жастарға әдетте 16 мен 30 жас аралығындағы жас адамдар жатады /1/.
Қоғамда болып жатқан кез-келген кері құбылыстар мен жағдайлар барлық әлеуметтік институттар қызметінде көрініс тауып отырады және бұл жастар өміріне де әсер етпей қоймайды. Мұның өзі, қазіргі кездегі нарықтық қоғамда болып жатқан кері жағдайлар: ұлттық қасиеттерімізге осқырына қарау, еліне, ұлтына, тіліне сүйіспеншіліктің төмендеуі, жастардлың еңбекке деген құлықсыздығы, отбасындағы әлеуметтік жағдайлардың тұрақсыздығы т.б. жағдайлар осының айғағы және біздің мемлекетіміз үшін ең өзекті мәселе болып табылады.
Кеңес Одағы күйрегеннен кейін егемендігін алып кеткен басқа елдердегідей біздің елімізде де жастар мәселесі үлкен өзгерістерге ұшырады. Олар барлық уақытта да қоғамдық істерге белсене араласып отырған және саяси, экономикалық, әлеуметтік жағдайлардан тыс қала алған жоқ.
Қазақстандағы жастарға қатысты жұмыстың бағыттары негізінен басқа елдердің тәжірибесімен үйлескенімен, өзіндік ерекшеліктері де болды. Жастарға отаншылдық тәрбие беру, олардың еңбек нарығында маңызды сапалы білім мен мамандық алуы, жастардың еңбекке орналасуы мен денсаулығы, тұрғын үй, жас отбасын қолдау және бала тәрбиесі, салауатты өмір салтын енгізу және оған жат есірткі құмарлық, маскүнемдік, құқық бұзушылықтар секілді құбылыстарды жою мәселелері маңызды болып отыр. Әсіресе, ауылдық жерлердегі жастар ерекше назар аударуды талап етеді /2/.
Жастарға қатысты мәселелерді шешудің бірден бір жолы, жастарды қоғамның әлеуметтік-саяси ерекшеліктеріне қарай орналастыру, жол сілтеу. Қазіргі таңда жастарды белгілі бір бағытпен алып жүретін идеология, әсіресе ұлттық идеологияның болмауы еліміз жастарының кез-келген ұйымдар мен партиялардың, миссионерлік топтардың шырмауында кетуіне алып келуде.
Тәуелсіздік алғанға дейін Республика жастарының жұмыстарын комсомол комитеттері атқарып келді. Олар коммунистік партияның саясаты мен идеологиясының бағыттарымен жұмыс жасады, қоғам өмірінің барлық салаларына ерекше назар аударып үлес қосып отырды. Заман талабына сай, жас ұрпақтың сұранысына қарай іс-әрекет жасады және балалармен жастар жұмыстарына белсенді қатысты. Кеңестік қоғамның дамуына ерекше ықпал жасады. Жастар да бұл кезеңде үкімет тарапынан үлкен қолдауға ие бола білді. Оның көрінісін жастардың туристік сапармен шетелге барып демалуға мүмкіндік алуынан, мәдениет, ғылым, техника, өнеркәсіп салаларынан сый ақы тағайындалуынан байқауға болады. Осындай іс-шаралар республика жастарының бойында Отанына деген сүйіспеншілікті оятты, елінің тарихы мен мәдениетіне шынайы қызығушылықты арттырды. Әрине, Кеңестік жүиенің өзіндік үлкен кемшіліктері болды, бір партиялы жүйеге бағынды және партияның міндеттері мен мақсатарын жүзеге асыруға міндетті болды, партияның жұмыстары мен бағыттарынан бас тартқандар жазаланды немесе қоғамнан аластатылды. Соған қарамастан жастар коммунистік ұйымның мүшелігіне қабылдануға тырысты, мүшелікке қабылдану үлкен абырой болып саналды. Алайда, өткендегі тарихи кезеңдердің, отарлық жүйенің зардабы еліміз жастарының есінде мәңгі қалып қойды.
Бұл туралы белгілі демограф ғалым М. Тәтімов, отаршылдық зардап, тоталитарлық зобалаң, идеологиялық мәңгүрттік, атеизмнің имансыздығы, отбасылық жарасымдылық пен ұрпақтың өзінің ұлағатты қатынасына көптеген салқынын тигізді /3/, деп жазды.
Дегенмен, социалистік үкімет жүйесіндегі мемлекет жастарды бірінші орынға қойды. Билік органдарындағы жас депутаттардың саны көп болды және халықтың жастық құрылымына шартты түрде сәйкес болды. Мысалы, ГДР-да (барлық социалистік елдерге тән) Халықтық палатада 25 жасқа дейінгі жастар 9,2%, ал 25 тен 31 жасқа дейінгілер – 3,8% құрады /4/.
Алайда, көп уақытқа дейін Кеңес Одағының Орталық атқару комитеті жастарға қатысты заңды қабылдамады. Тек, қайта құру жылдарында ғана, яғни 1991 жылы қабылданып, коммунистік партияның араласуымен жастар мен жас отбасыларына әлеуметтік көмек көрсетілу және жастар қорларының ашылуы сияқты шаралар жүргізіле бастады. 1980 жылдардың аяғындағы қоғамда болып жатқан кеңестік жастар толқуларының (Алматыдағы 1986ж. желтоқсан көтерілісі, Грузиядағы қасыретті оқиғалар т.б.) белсенді саяси әрекеттері Одақтас мемлекеттер үшін жастар мәселесін қарастырудағы ең өзекті мәселеге айналды. Соған қарамастан жастар қандай да бір тарихи кезеңде болмасын мемлекеттің тірегі болып қала берді.
Кеңес Одағы ыдырап, дүниеге тәуелсіз, дербес әрі жас мемлекет – Қазақстан Республикасының келуімен халқымыздың санасындағы, ұлттық психологиясындағы өзгерістерге, көршілес елдермен қарым-қатынасымыздың жаңаша сипатқа ене бастағанын біз әлі де терең зерделеп үлгерген жоқпыз. Ұлтымыз бен еліміздің барша тұрғындарының тағдырына қатысты орасан зор оқиға мен онан туындайтын мәселелердің білікті зерттеушілеріміздің назарына ілігуі. Ұлттық құлшыныс (пассионария) пен отандық парызды (патриотизм) тудыру үшін қазақтың шын зиялы, жаңаша зерделі қауымы өсіп шығуы қажет /5/.
Ұрпақ алмасуына қарай қоғамдағы өзгерістер мен ХХІ ғасыр ширегінде жаһандану процесстері, мультимәдени қоғам, қарқынды экономикалық, ғылыми-техникалық ілгерілеу заманында жастарды қоғамдық өнімді еңбекке тартудың үлкен саяси және әлеуметтік-экономикалық маңызы бар. Жастарды қоғамдық жұмыстарға, еңбек етуге тікелей араластыру негізінен мектеп бітіргеннен кейін жүзеге асатын шара. Оның көптеген жолдары мен тәсілдері бар. Мысалы, мектеп бітіргеннен кейін жоғарғы оқу орнына түсе алмаған жастарды ұйымдастырып жұмысқа орналастыру бағытында іс жүргізу, кейіннен оларға кәсіптік мамандық беруге ықпал жасау. Қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер жөнінде пікірлесу. Осындай әдіспен жұмыссыз жастарды, әсіресе ауыл жастарын дер кезінде ұйымдастыру, жұмысқа тарта білу олардың еңбекке деген жақсы көзқарасын қалыптастырып, қоғамға деген белсенділігін күшейтеді, Отанына деген сүйіспеншілігін арттырады. Жастар өздеріне қатысты мәселелерді жақсы біледі, сондықтан оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіп өздеріне қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндік жасаған жөн.
Мемлекетіміздің жастардың әлеуметтік-экономикалық және тұрмыстық мәселелерін шешудің ең басты жолдары:
-
Жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері.
-
Жұмыссыздықты жою, жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері.
-
Нарықтық қатынастарды үнемі насихаттау.
-
Жастарды жасампаздық еңбекке жұмылдыру, оларды кәсіпкерлікпен айналысуға үгіттеу /6/.
Қоғамдағы өзгерістердің күрделілігі жас азаматтардың әлеуметтік жағынан жан-жақты қалыптасуына, жас қауым тіршілігінің барлық қалтарысына әсерін тигізді. Дәстүрлі жастар мәселелерін шешудің мазмұны мен тәрбие тәсілдері жаңа тарихи жағдайларда мүлде өзге қырынан қарастырылуға тиіс болғандықтан түбегейлі өзгерді /7/.
1990 жылдардың аяғына таман көптеген елдерде жастардың жекелеген құқықтарын қадағалайтын заңдар қабылданып, жастар саясаты қолға алына бастады. Жастар саясатының бағыты, мақсаты, сондай-ақ мазмұны да ерекшеленді. Біздің елімізде де жастар саясатына қатысты мәселе өзіндік мәнге ие болды және мемлекет қызыметінің негізгі бағытына айналды. Мысалы, 1991 жылы Қазақстанда жастар Одағы құрылды. Бұл ұйым комсомол комитеттерінің бағыттарынан бас тартты, бірақ тәуелсіз елдің жастар саясатына барабар құрылым бола алған жоқ. Сол кезеңде, жастар Одағы комсомол ұйымының жүйелілік құрылымын сақтай отырып, жаңа демократиялық принциптерді дамытса мүлдем басқа қырынан көрінер ме еді. Десек те, тәуелсіздік алған 15 жыл ішінде біздің елімізде демократиялық принциптер негізінде көптеген жастар бірлестіктері жұмыс атқарып келеді. 1996 жылы 10 қазанда Ақмола қаласында өткізілген Қазақстан жастарының форумы, нәтижесінде жастар қозғалыстарының белсенділігі артта бастады. Ал, 1997 жылы 26 ақпандағы Алматы қаласында өткізілген Қазақстан жастарының бірінші Форумының нәтижесінде, «Қазақстан жастарының Форумы» жастар бірлестігі құрылды. Көп ұзамай 1998 жылы 26 ақпанда елімізде студенттердің бірінші съезінде «Қазақстанның болашағы үшін» қозғалысы құрылып, жастардың қоғамдық және мемлекеттік ұйымдарының жұмыс істеуіне мүмкіндік бере бастады. Яғни, жас азаматтардың экономикалық, құқықтық, әлеуметтік жағдайының жақсаруына, жастардың жаңа идеяларымен ұйымдарына қолдау көрсету шаралары қолға алына бастады. Студен жастардың еңбек топтары пайда болды.
1999 жылы 28 тамызда Қазақстан Республикасы Президентінің шешімімен бәріне ортақ адам құқығын қорғау декларациясына, Біріккен Ұлттар Ұйымының 2000 жылға және одан кейінгі кезеңге арналған Бүкіл әлемдік іс-қимыл бағдарламасына, балалар құқығы туралы Конвенцияға, Қазақстан Республикасының Конституциясына және ел президентінің Қазақстан халқына «Қазақстан-2030» Жолдауының идеялары мен принциптерін негізге ала отырып барлық қазақстандықтардың қауіпсіздігі мен жағдайларының жақсаруы мен гүлденуі үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының Концепциясын бекітті /8/.
Мемлекеттік жастар саясатының негізгі мақсаты еліміз жастарының құқықтық, экономикалық, азаматтық жағынан қалыптасуы мен әлеуметтік жағдайының жақсаруына мүмкіндік жасау. Сондай-ақ, Заң Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясатын қалыптастыру мен іске асырудың құқықтық негіздерін анықтайды. Оның негізгі бағыттары:
-
Жастардың әлеуметтік құқықтары.
-
Жастардың саяси құқықтары мен бостандықтары.
-
Жастардың еңбек пен жұмыспен қамту саласындағы кепілдіктері, олардың тұрғын үй проблемаларын шешуге жәрдемдесу.
-
Жастар жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметті қолдау.
-
Жас отбасыларын мемлекеттік қолдау.
-
Талантты жастарды мемлекеттік қолдау.
-
Жастардың халықаралық ынтымақтастығына жәрдемдесу.
Мемлекеттік жастар саясаты 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді және осы саясаттың негізінде «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы жас мемлекетіміздің дамуына өзінің үлесін қосып, белгілі жетістіктерге қол жеткізген жастарымызға әрдайым қолдау көрсетуге ықпал ете бастады. Партияның құрамынан «Жас Отан» жастар қанаты құрылып, оның құрамына жүздеген қыз-жігіттер кірді.
«Нұр Отан» партиясы және оның көшбасшысы, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаев еліміздің дамуының негізгі стратегиялық ресурсы ретінде қарап жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Жастардың мемлекет тіршілігіндегі негізгі өндіруші және шығармашыл күш ретінде тартылуы соның бір белгісі /9/.
Бүгінгі уақытта партияның бастамасымен Қазақстанда жастар саясатына қатысты бірқатар заңдар, қаулылар және бағдарламалар дайындалған және жұмыс істеуде. «Қазақстан республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңның негізінде еліміздегі жастар ұйымының қызметін белсендіру стратегиясы дайындалды. Осы жұмыстардың және жастарды мемлекеттің белсенді қолдауының арқасында кең көлемдегі мәселелерді шешумен айналысатын жастар ұйымының қатары өсіп келеді. Бүгінгі таңда жастар Конгресі, студенттер Альянсы, Қазақстанның Жастар одағы, «Болашақ жастар» қозғалысы, Қазақстанның патриот жастарының одағы, «Жас Отан», Қазақстанның жастар ақпараттық қызметі, ауыл жастары одағы ірі ұйымдар қатарына жатады /10/.
Жастар саясатын зерттеп жүрген ғалым Л. Зайнеева қазіргі таңда Қазақстанда әр түрлі бағыттағы 156 жастар ұйымдарының қоғамдық-саяси және әлеуметтік салаларда өзара тығыз қарым-қатынас жасайтындықтарын /11/ айтады.
Жетекші саяси партиялар электоратының әлеуметтік-демографиялық сипаттамаларына жүгінетін болсақ 2004 жылы еліміздегі саяси партияларда 18 бен 24 жастағы жас азаматтар: «Отан » партиясында - 12,50%; «Асар» партиясында - 19,32%; «Ақ жол» партиясында - 21,05%; «АИСТ» партиясында – 9,0%; «ҚКП және ҚДТ» (одақ) – 8,11% /12/ құрайтынын көреміз.
Бұл көрсеткіштен жастарымыздың әлеуметтік қатысуының анағұрлым төмен екендігін және үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстарына белсенділіктерінің жоқтығын байқаймыз. Мұндай жағдайлар өте өзекті мәселе болып табылады. Себебі, жас азаматтарымыздың бос уақыты қылмыс жасауға, нашақорлықпен айналасуға итермелейді. Алайда, осындай келеңсіздіктерге қарамастан мемлекеттік жастар саясаты қазақстандық жастарға негізгі мақсаттар мен міндеттерді бағыттап берді.
Қорыта келгенде, мемлекеттік жастар саясатының қалыптасуы мен жүзеге асырылуы нарықтық қоғамның дамуында көрініс тапты және жастар алдында мол мүмкіндіктер ашты. Жас буынның қоғамның саяси, экономикалық, әлеуметтік дамуына үлес қосуы үшін, олардың бойында отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін және жастардың ізгілікті, рухани өркендеуіне, жастарға қатысты мәселелердің бағытын айқындау үшін мемлекет тарапынан жастарға әлем өркениеті жетістіктерін игеруге жол ашатын болады. Демократиялы қоғам құруға мүмкіндік береді.
Әдебиеттер
1. Габдуллина К. Общество: прогресс и регресс. алматы, ИД КазГЮУ, 2003.С. 74.
2.Зайниева Л. Ю. Государственная молодежная политика: Казахстан в контексте мирового опыта. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – С. 289.
3. Тәтімов М., Әлиев Ж. Дербестігіміз – демографияда: - Алматы: Жеті жарғы, 1999. – 45 бет.
4. Зайниева Л.Ю.Молодежь Казахстана в условиях демократизации общественных и экономических отношений. Астана: Елорда, 2004. – С. 150.
5. Тәтімов М., Әлиев Ж. Дербестігіміз – демографияда: - Алматы: Жеті жарғы, 1999. – 40 бет.
6. Бюлегенова Б. Б. Жастар халықтың ерекше әлеуметтік-демографиялық тобы ретінде. ҚазҰУ хабаршысы. Философия сериясы. Мәдениеттану сериясы. Саясаттану сериясы. №2 (18)
7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты. Астана: МКНОС РК, 2001. – 5 бет.
8. Габдуллина К. Общество: прогресс и регресс. алматы, ИД КазГЮУ, 2003.С. 76.
9. Жастар жауапты мәртебеге лайық / С. Громов / Дала мен қала, 2007. - 14 желтоқсан.
10. Сонда, 2007.-14 желтоқсан.
11. Зайниева Л. Ю. Молодеж Казахстана в условиях демократизации общественных и экономических отношений. Астана: Елорда, 2004. – С. 178.
12. Қазақстандағы 2004 жылғы сайлаулар: қадамнан кейін қадам. Монографиялық жинақ.Г.Т. Илеуованың, Д.Р. Әшімбаевтың ред. Алматы: «Gredo» БҰ, 2004. 280 – б.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада Қазақстандағы мемлекеттік жастар саясаты мәселесі қарастырылады.
Резюме
В статье рассматриваются проблемы государственной молодежной политики в Казахстане.
М.ШОҚАЙ ЖӘНЕ ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ТҮРКІСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ.
Ахметова Ж.Қ.- т.ғ.к., аға оқытушы (Алматы қ., Қазмемқызпи)
Кез келген ұлттық демократиялық интеллигенция үшін өзекті мәселелердің бірі - өз елін қоғамдық тарихи даму жолына қатынасы, соған баға беру болып табылады. ХХ ғасырдың бас кезінде Ұлттық интеллигенцияның алғашқы буыны қазақ тарихын өзара талқыға салды. Бұл талдау ұлттық сананы тұтастыққа ұмтылушылығының көрінісі есебінде жүрді. Халықтың жүріп өткен жолын, жиған тәжірибесін сарапқа салу олар үшін қоғамдық мешеуліктің себеп-салдарына көз жеткізу керек еді.
ХХ ғасырдың басында Мүстафа Шоқай студенттік қызметін атқарып жүріп, бір жағынан Түркістанның әлеуметтік, экономикалық жағдайына да араласа бастаған болатын.
ХХ ғасыр Түркістан мен Қазақстан халықтарын бұрынғыдан да бетер қан-қақсатып қырып-жоюдан (1904-1905 жж.), жерлерінің шұрайлы деген шабындықтар мен жайылымдықтарды отаршылдар қоныс аударушылар мен казак-орыстарға “Заң жүзінде” бекітіп берді де, байырғы тұрғындарын шөлге, құмға, батпаққа тықсырып тастады. Тіпті “Қазақ” деген сөздің өзін тарих бетінен өшіріп тастауға тырысты. Қазақтардың талай ғасырдың жүзі малшылықпен қатар егіншілікпен қоса шұғылданғаны мәлім болса да, қазақ халқының маңдайына көшпенді деген атақ қана жазылды.
Мұстафа Шоқай Ресей империясының отаршылдық саясатын және оның қоныс аударушылары жайлы былай дейді: “Орыс халқының басым көпшілігі шаруалар. Орыстардың саны да көп, олар көшуден де жалықпайтын көшпенді-мұғажыр отаршылдар. Қашан да орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырады. Басып алынған жерде орыс билігі орнаған соң-ақ, пүшәйман халықтың жері тартып алына басталады. ...Орыс халқының әдеті – басқалардың жерін басып алумен қоймай, оны орыстың жеріне айналдырып жіберуді көздейді.” – дейді / 1, 124/ .
Негізінен ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында орыстық отарлық билік Түркістанға экономикалық және мәдени жаңғыру алып келген жоқ. Өзінің бірнеше мыңжылдық тарихында отарлық биліктің талай түрін басынан өткізген Түркістан, ресейлік билік әкелгендей озбырлықты көрген емес. Саяси өмірде бүкіл жергілікті билік отаршыл әкімшіліктің қолына ауысты. Ресей империализмі мұнда біржола орналасу әрекетіне көшті, яғни ішкі ресейлік губерниялардан қоныс аударып келген орыс және басқа европалықтар біртіндеп сандық тұрғыдан Түркістан халқының басым бөлігін құрап, орыс билігінің жергілікті тірегіне айналуға тиіс болды.
Қазақстандағы отаршылдық саясатты орыс қайраткері әрі зерттеушісі Г.Сафаров 1921 жылы жазған “Колониальная революция (Опыт Туркестана)” (Отаршылдық төңкерісі. Түркістан тәжірибесі) атты кітабында былайша растайды: “Шындығында отаршылдық саясатымен орыс патшалығы қазақтың отырықшылыққа өтуін тежеді. Ол тура мағынасында қазақты шөлге қуды. Шөл кеңістігімен таулар арасынан “қазақ отырықшылығының шеңберін” жасады. Сөйтіп қазақтарды сорлату арқылы қара шекпендер мен казактарға жер босатып берді. ...Осы саясаттан соң 1902-1913 жылдары қазақ 77 пайыздан 68,9 пайызға құлдыраса, ...орыс 16,3 пайыздан 26,2 пайызға өсті” – деп ХХ ғасыр басындағы елдің әлеуметтік жағдайын көрсетеді / 2, 173-176/ . Расында да Ресей империясы қазақтардың ғана емес, оған қоса күллі Түркістан мен Орта Азия өлкесінің халықтарына өзінің кері әсерін тигізді.
ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында Ресей империясы Түркістандағы өзінің жеке меншігі ретінде пайдаланғандағы мақсаты: 1) қаржы жағынан қарағанда Түркістан Ресей империясына барлық жағынан пайда келтіріп отырды; 2) отаршылдық саясаты тұрғысынан қарағанда орталық губерниядағы қоныс аударушыларды орналастыратын жаңа бір аймақ ретінде қарады / 2; 49/ .
ХІХ ғасырдың екінші онжылдығында орыс қоныстанушылардың саны 326 ауыл, адамдардың саны 28 500-ге жуық болған. Түркістанға орыс қоныстанушылардың келуі елдің шаруашылық жағдайында қайшылықтарды туғызды. Бірақ оған қарамастан елде ақша шаруашылығының дамуымен қатар, сауда айырбасы және қала жақсы дамыды. Төмендегі кестеде 1897-1907 жылдар аралығында қала тұрғындарының ауыл тұрғындарынан қаншалықты дамып отырғанын көрсетеді: / 2; 49-50/ .
|
қала тұрғындары
|
ауыл тұрғындары
|
жалпы
|
Жетісуда
Закаспий
Самарқанд обл.
Сыр-Дария обл.
Ферғанада
|
45, 30 %
26, 32 %
30, 90 %
23, 28 %
49, 27 %
|
5,5 %
4,62 %
22,54 %
21,30 %
10,90 %
|
8,08 %
16,19 %
24,00 %
21,64 %
15,10 %
|
ХХ ғасырдың басында Түркістанда фабрика-завод өнеркәсіптерінің дамуы төмендегідей көрсеткіш көрсетті.
Облыстар
|
фабрикалар саны
|
жұмысшылар саны
|
өнеркәсіп, мың санмен
|
өнеркәсіптік тарамға санмен
|
Закаспий
Самарқанд
Сыр-Дария
|
19
68
127
|
970
1,331
2,613
|
2,634, 3
6,024, 4
7,179, 7
|
0,5
4,9
0,9
|
Барлығы:
|
387
|
12,012
|
78.513, 3
|
11,6
|
|
19,833
|
2.168.850
|
4,581, 515,8
|
-
|
Түркістанның %-қ жағдайы
|
1,95 %
|
0,59 %
|
1,7 %
|
-
|
ХХ ғасыр басында Түркістанда сауда капитализмінің негізі мақта өндіру болып табылады. М.Шоқай “Жас Түркістан” журналындағы “Түркістанда мақта төңірегіндегі күрес” атты мақаласында: “Бұл күндері Түркістанда кезектегі “маңызды мәселе” – мақта мәселесі. Мақта Ресейдің назарын әрқашанда өзіне аударып келе жатқаны белгілі. Оның бір дәлелі ретінде патшалық үкіметке ауылшаруашылық министрі болған Кривошейннің мынадай пайымдауларын келтіруге болады. Оның пікірінше, Түркістан мақтасы мәселесі – Ресей тоқыма өнеркәсібін Америка мақтасына тәуелділіктен құтқару мәселесі, мәселенің екінші бір жағына, яғни орыс тоқыма өнеркәсібінің мүддесіне үйлесе алмаған жергілікті халықтар мүддесіне Кривошейн назар аудармайды деседе болады. Егер ол бұл мәселеге назар аударғанда Түркістанның мақта шаруашылығының қиыншылықтарымен есептесер еді.” – деп жазған болатын / 3, 33/ . Шындығында Түркістанда суармалы жерлердің аздығы Түркістан тұрғындарын астықпен өзін-өзі қамти алмай отыруына әкеп соқты. Мақта өндіру жергілікті байлардың шаруашылықтарын дамытумен сәйкес жүрді. Елде мақта өндірумен бірге нан дәнді-дақылдарын өсіру бірге дамып отырды. Бірақ мақтаға қарағанда нанға деген қажеттілік басымдау түсті.
Мұстафа Шоқай Түркістан диқандарының бір бөлігін мақта егуге мәжбүр еткен өзіндік себептері бар екенін айта келе: “Егер сіз мақта егісі алқаптары хақындағы статистикалық мағлұматтарға мұқият көңіл аударсаңыз өзіне қараған жерлерінің бәріне немесе көп бөлігіне мақта еккен диқандар жер реформасы кезінде жарты гектардан екі гектарға дейінгі жерге ие болғандар, яғни өз күшімен жерін оңды игере алмайтын шаруалар екеніне көз жеткізесіз. Олар үкіметтен көмек сұрайды, ал үкімет тек мақта еккен адамдарға ғана көмек береді. Екі гектардан артық егістік жері бар диқандар мақтаға жерінің ең нашар бөлігін ғана арнайды. Сол себепті мақта мен бидайдың қайсысын егуді олар көбіне өзі шешеді. Түркістандағы жері аз диқандардың өз жеріне негізінен мақта егуі Кеңес Одағын жақсы көріп отырғанында емес, өмір сүрудің басқа жолы қалмағандығынан болып отыр.” – дейді / 3, 41/ .
ХХ ғасыр басында Орта Азияда өнеркәсіп нашар дамыған, негізгісі тек мақтаны алғашқы тазалаумен байланысты еді. 700-ге жуық үлкен емес мақта тазалау кәсіпорындары болған. Жұмысшылар жергілікті түрғындардан және өзбектерден тұрды. Орыстар тек 20 пайызын құрап, жоғарырақ “машинист”, “жөндеуші” қызметтерін атқарды. Өндірістің 60 пайызын әйелдер мен балалар құрады. Жұмыскерлер жалақысы Ресей жұмыскерлерінің жалақысынан 2 есе кем болды. Жүмыс уақыты күніне 12-16 сағат. Еңбек қорғау туралы ешқандай заң болған жоқ / 4, 156 / .
ХХ ғасырдың бас кезіндегі Түркістанның экономикалық жағдайына келетін болсақ, Қазақстан мен Түркістанда банктік капитал ене бастады және оның аумағында несие жүйесінің қалыптасуы негізінен ХІХ ғасыр аяғына жатады. Бұл кездері несие берудің жаңа формалары тарала бастады. Мысалы, бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуы қарсаңында Қазақстан территориясында 44 банктік мекеме жұмыс істеді. Қазақстандағы мемлекеттік банктердің филиалдары несиенің негізгі бөлігін жергілікті және Ресейлік сауда буржуазиясына беріп отырды. Несиенің құны бойынша, бірінші орында мал және ет саудасы, екінші орында – нан, үшіншіде – “аралас” тауарлар мануфактурасы (мануфактура – барлық нан және т.б. комбинацияларынан тұрды).
Түркістан мен Қазақстанда капиталистік қатынастардың ауылға да енуіне байланысты мұнда ұсақ тауар өндірушілер мен ауыл буржуазиясы үшін несие беру мекемелерінің әртүрлі түрлері, ең бастысы несие беру кооперативтері ретінде қалыптасты.
Патша үкіметінің отарлау саясатының салдарынан, Қазақстанның ауыл шаруашылығы үлкен дағдарысқа ұшырады. Жерді зор көлемде тартып алу, отырықшылдық ошақтарын талқандау, жергілікті халықты шөл-шөлейт далаларға ығыстыру қазақтың егін шаруашылығын өркендетуге қолайсыз жағдай туғызды. Оған қоса қазақтардың мал шаруашылығына да кері әсерін тигізді, мысалы, Қазақстанның далалы облыстарында қой, ешкі 1880 жылдан 1905 жылға дейін 24,9 пайызға кеміді. Ал, жылқы 1905 жылдан 1914 жылға дейін 4,1 пайызға кеміді /5, 77/ . Отаршылдық қанаудың қыспағы жергілікті халықтың экономикалық жағдайының құлдырауына, еңбекшілердің қайыршылыққа ұшырауына апарып соқты. Жерді зор көлемде тартып алу, жер мәселесін шешудегі заңсыздық, белден басушылық, отарлық қанаушылық, қоғамдық өмірдің барлық саласындағы ұлттық алалау, қисапсыз алым-салық осының бәрі қоғамдық прогреске бөгет жасады. Өндіргіш кұштердің өркендеуіне кедергі келтірді. Мұның бәрі қазақ халқының тарапынан қарсылық тудырды, тіршілік ету жолындағы күрес күшейе түсті.
ХХ ғасырдың басында көптеген аудандағы қазақтар үкіметтік хаттамаларға (протоколдарға) қол қоюдан, заңсыз жер бөлу жұмысына қатысудан бас тартты. Қоныс аударушылармен қақтығыс жиіледі. 1907 жылдың қаңтарында Ақмола, Семей, Жетісу облыстарында әскери жағдай енгізілді. Басқа облыстардың аудандарында еселенген әскери құжат қойылды. Губернатордың алдап жібереміз деген қоқан-лоққасына қазақтар былай деп жауап берді: “Егер малымыз жер жетіспеушіліктен қырылып қалса, өзіміз де бәрібір өлеміз. Сондықтан бізді қырып салыңдар: өз жерімізді қорғай отырып, ажал табамыз” – деді / 5, 77/ . Қазақтардың одан басқа амалы қалмады.
Негізінде Патшалық Ресей тұсында Қазақстан да ішкі Ресей сияқты бірнеше облысқа және генерал-губернаторлыққа бөлінді. Ал мұндай бөлу кезінде қазақтардың шаруашылық және тұрмыстық жағдайына қарай бұрыннан қалыптасқан ру-ру болып қоныстану ерекшеліктері тіпті де ескеріле бермеді. Мұның өзі қазақ қоғамында өндірістік кұштердің қалыптасуы мен халықтың рухани жағынан дамуына кері әсер етті. Соның нәтижесінде адамдар бір болыстан бір болысқа ауысу құқығынан айырылды. Территориялық принципке құрылған бұл әкімшіліктің мақсаты – бір рулы елді екіге бөліп, өзге румен қосып, бір болыс құру. Әрбір үлкен рудың жарты-жартысынан уезд ашу, сол арқылы өзара алауыздық туғызу. Бұл мақсат күткендерінен асып түсіп, қырқысуға себеп болды.
Сонымен ХХ ғасырдың басы Ресейдің переселен саясатында жаңа кезең кең құлаш жайды. Қоныс аударушылардың үлкен билігі қазақ жерлеріне ұмтылды. Өйткені өздеріңізге белгілі құнарлы, жайылымы мол қазақ жерлерін қоныс аударушыларға күшпен алып беріп отырды. ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығының орта тұсында империя көлемінде қоныстандыру ісі белгілі бір жүйеге түсті. Осы кездері (1904 ж.) Петербургте Қоныс аудару және жерге орналастыру Бас басқармасы құрылды. Ал келесі бір-екі жылдың көлемінде бұл басқарманың мекемелері губерния, облыс және уез деңгейінде барлық қазақ жерлеріне құрылды. Мемлекет тарапынан үлкен және нақты қолдау алған бұл мекемелердің құқықтық статусы да жоғары болды және олардың негізгі міндеті “артық” жерлерді анықтап, ол жерлерге ішкі Ресейден орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуына жағдай жасау еді.
Міне, осындай ұлыдержавалық отарлау саясаты бір жүйеге түсіп, оның басында патшаның өзі, Мемлекеттік Дума және басқа да өкімет орындары тұрған болатын. Әрине бұл да мемлекет тарапынан қаржыландырылып отырды. Патша үкіметінің отарлау саясатымен осындай жағдайда күрес жүргізу қазақ халқы үшін оңайға түскен жоқ. Өйткені сол кездегі саяси деңгейі төмен, оқыған азаматтары саусақпен санарлық қазақ қоғамының басына қиын жағдай туды.
Осындай қазақ халқы, жалпы түрік халықтары үшін қиын-қыстау кезеңде студенттік, жастық шағы империяның саяси орталықтарының бірі Петерборда өткен Мұстафа Шоқайұлының қоғамдық көзқарасының қалыптасуы азаттық қозғалыстың өзі тұстас басқа қайраткерлердікіне ұқсас болды. Қазақ халқының қамын ойлаған қазақ зиялыларының барлығы да Ресей империясының Оралдан асып түркі халықтарының тарихи отаны, әлемдік мәдениет көне ошақтарының бірі – Орталық Азияға тереңдей еніп, оны өз отарлық аймағына айналдыру процесіне куә болды. Бәрі де бұл процестің жергілікті халықтардың аяқ асты болған ұлттық сана-сезіміне тиіп, оның оянуына түрткі болғандығын, өздерінің сол рухани түлеудің көрсеткіші және қозғаушы күші болуға тиіс екендіктерін жақсы ұғынды.
Мұстафа Шоқайдың осы ХХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық және әлеуметтік қайта жаңғыру үшін басталған қозғалыстың көш бастаушыларының бірі болатын. Әрине қазақ халқы үшін жанын пида еткен кез-келген ірі қоғамдық-саяси қозғалыс басшыларының әрқайсысының атқарған міндетіне байланысты қозғалыс тарихында алатын орны бар. Мысалы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтүрсынов және Міржақып Дулатовтың ХХ ғасырдың бас кезіндегі ұлт-азаттық қозғалысты, оның жиынтық көрінісі болған Алаш қозғалысын ұйымдастыру тұрғысынан дайындаудағы рөлі ерекше. Сол сияқты Түркістан халықтарының, қазақ жұртының ХХ ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысы тарихында Мұстафа Шоқайұлының да тек өзіне тиісті орны бар екені бәрімізге белгілі.
Мұстафа Шоқай ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі ұлт-азаттық қозғалыстың барлық кезеңдерінде жетекші басшыларына лайық жүмыстар атқарды. Ол шетелде эмиграцияда жүрген кезінде де 1929 жылы “Жас Түркістан” журналының алғашқы сандарында былай деп жазады: “Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ, бұдан кейін де болмайды.” – деп ащы шындықты баяндайды / 3, 32/ . Сонымен ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында Ресей империясының мұсылман халықтары алдында өмір сүру жолы дамуының екі таңдауы түрды. Бірінші жол – империя мүддесіне сәйкес өмір сүру, яғни ресми Петербордың айтқанына көніп, айдағанына жүру. Екінші жол – ғылыми-біліми әулетті пайдаланып, ұлттық сипатты сақтап, күрес тәсілін Ресей шындығына сәйкестендіріп өмір сүру. Алғашқы жол – ұлтты жоятын жол еді, сондықтан оған түсуге қазақ зиялылары үзілді-кесілді қарсы шықты.
ӘДЕБИЕТТЕР
-
Шоқай Мұстафа Таңдамалы. 2 том. Алматы: Қайнар, 1999. 520 б.
-
Сафаров Г. Колониальная революция “Опыт Туркестана”). Москва, 1921
-
Шоқай Мұстафа Таңдамалы. 1 том. Алматы: Қайнар, 1998. 512 б.
-
Нұрғали Р.Ауәзов және Алаш. Алматы: Санат, 1997. 432 б.
-
Abdulvakap Kara, Turkistan ATESI. Mustafa Coka`in Hayat`ve Musadelesi. Da yayincilik, Kasim 2002,7, Istanbul, s. 400`65.
РЕЗЮМЕ
В статье рассматривается социально-экономическое положение Туркестана в начале ХХ-го века и общественная деятельность М.Чокая.
ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада автор ХХ ғасырдың басындағы Түркістанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен Мұстафа Шоқайдың қоғамдық қызметіне тоқталған.
Достарыңызбен бөлісу: |