Қазақ мемлекеттік қыздар


ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ



бет23/23
Дата15.06.2016
өлшемі1.71 Mb.
#137238
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ҚАЗІРГІ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЫ
Мұхтаров К.Т – магистрант (Қызылорда қ., Қорқыт Ата атын. ҚМУ)
ХХ ғасырда Қазақстан күрделі демографиялық дамуды бастан кешті. Ғасыр басында тұрғындардың негізі көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын ауыл адамдары ғасыр соңында қала халқы көпшілік болған мемлекетке айналды.

Қазақ халқы талай «тар жол – тайғақ кешулерге» душар болды. Бұл қазан төңкерісіне дейінгі және одан кейінгі кезеңдердегі тарихи жағдайларға тікелей байланысты. Патша үкіметінің Қазақстанға шаруалар мен казактарды қоныстандыру саясатының жеделдете жүзеге асырылуы, 1916жылғы ұлт-азаттық қозғалысы мен қазан төңкерісінен кейінгі «кіші қазан төңкерісінің» салдары, 1921-1922 ж.ж, 1931-1933 ж.ж аштықтары мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының зардаптары, өндірістің ірі «алыптарын» тұрғызу мақсатында республикаға жан-жақтан мыңдаған жұмысшылар мен мамандардың әкелінуі, тың және тыңайған жерлерді игеру, «комсомолдық бауырластық жолдамалар» нәтижелері көңілді қыңжылтатын демографиялық ахуалға еріксіз әкеліп тіреді /1,3б/.

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен қатар, отандық тарихтың жаңа беттері мұрағат қорларындағы жаңа деректермен толығып, жаңаша көзқарастар тұрғысынан қарастырылуда, соның қатарында тарихи демография мәселесінің алатын орны бөлек.

Демографиялық тарихнамада облыс халқының құрамындағы өзгерістер толық зерттеле қойған жоқ. Сондықтан да, облыс тарихын, халық санындағы өзгерістерді, оған әсер еткен факторларды зерттеудің маңызы зор, әрі ғылыми сұранысқа ие болып отыр. Қызылорда облысы халқының саны 1999 жылғы санақ нәтижесінде 595,5 мың адамды құрады. Оның ішінде аудан орталықтары мен Қызылорда қаласы халқын қоса есептегенде қала халқы 360,7, ал ауыл халқы 234,8 мың адам. Олардың 297,2 мыңы ер адамдар, 298,3 мыңы әйелдер. Ал, 2006 жылғы көрсеткіш бойынша облысымызда 618 249 адам өмір сүрген. Аудан орталықтары мен Қызылорда қаласы халқын қоса есептегенде қала халқы 368 118 адамды құрап, ауыл халқы 250 131 адамға жетті. Тұрғындардың 307 912 ерлер, 310 337 әйелдер /2, 2б/ Облыстағы тұрғындар саны 2009 жылдың желтоқсанында ағымдағы деректер бойынша 650,8 мың адамды құрады. 2008 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға артты, бұл туғандар санының артуына ықпал етті,

Жоғарыда көрсетілген мәліметтерден байқайтынымыз облысымыздағы халықтың жыныстық жіктелуіне байланысты ер адамдар әйел адамдарға қарағанда аз екенін көреміз. Бұл жағдайға негізгі себеп: біріншіден туылуы жағынан ер балалардың саны көп болғанымен өлім-жітім жағынан жоғары болып отыр. Мәселен, 2007 жылы барлық дүниеге келген сәбилер саны 16 491 болса, оның ішінде ер балалар 8 521, ал қыз балалар саны 7 970. Ал, қайтыс болғандарының саны - 4 839, оның ішінде ер балалар - 2 787, қыз балалар - 2 052. Сонымен бірге ер адам мен әйел адам арасындағы орташа өмір сүру ұзақтығын, ер адамдардың ауыр жұмыстарға (мұнай компаниялары, құрылыс т.б) көптеп тартылуынан екендігін ескерген жөн.

Аудан орталықтары мен қала халқының ауыл халқынан басым болуының себебі: ауылдық жерлердегі егін, мал шаруашылықтарының, сонымен қатар басқа да жұмыстардың тоқтауы, ал жұмысы болған жағдайдың өзінде жалақының төмендігі, ауыл халқының қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмауы әсер етуде. Қалалық жерлерде құрылыстың қарқындап дамуы, шетелдік компаниялардың мұнай саласына келіп, өндіріс орындарын ашуы ауыл халқының қалаға қоныс аударуына бірден-бір себеп болып отыр

Қазіргі кездегі отбасын және ондағы процестерді зерттеу тек қана ғылыми-теориялық сипат емес, сонымен қатар тәжірибелік мазмұнға ие болып отыр. Отбасы мәселесі, неке-отбасылық қатынастың нығаюы қоғамды да, мемлекетті де ойландырады. Ол адам баласының дүниеге келуімен, оның өсіп, қалыптасуын қамтамасыз етіп отырғандықтан, адамзат тарихының даму кезеңдеріндегі шешуші факторлардың бірі болып табылады. Отбасы мен неке тағдыры қандай да болмасын қоғамдық құрылыспен, ондағы өндірістік қатынаспен тығыз байланыста болады да, әлеуметтік өзгерістер отбасы мен неке сипатына әсер етіп, жаңарып отырады. Мұның өзі отбасы мен неке мәселесінің үлкен қоғамдық мәселе екендігін айқындайды.Отбасы және отбасы-некелік қатынас көптеген қоғамдық ғылымдардың этнология, демография, социология, экономика, педагогика және т.б. зерттеу обьектісі. Қазіргі отбасын анықтауда этнографтар мен этносоциологтар отбасы құрылымы мен отбасы-тұрмыстық қатынаста этникалық ерекшеліктің белгілі мөлшерде сақталатындығына көңіл бөліп отыр /3,481б/.

Отбасы-қоғамның алғашқы ұясы. Оның негізін неке құрайды. Ал неке дегеніміз ер адам мен әйел адамның арасындағы құрылған одақ, материалдық және рухани қажеттілік. Неке тірегінің берік болуына жұбайлардың арасындағы түсіністік, психологиялық сәйкестік, яғни бір сөзбен айтқанда ішкі отбасылық факторлар әсер етеді. 1999 жылы облысымызда некеге тұрғандар саны 3 867 болса, ал некелік одақтары бұзылып, яғни ажырасқандар саны 732 болды. 2007 жылы отбасы құрғандар саны 5 749-ға жетсе, ал ажырасқан отбасы 939-ға жетті.2008 жылы отбасы құрғандар саны 5 111 болса, ал ажырасқан отбасы 809 болды. Ал 2009 жылы отбасы құрғандар саны 5 259 болса, ажырасқан отбасы 1029 болды. Некелердің бұзылуына негізгі себепші болатын төмендегідей жағдайлар мыналар: әлеуметтік жағдайдың қиындығы, яғни жұмыссыздық, жалақының отбасы мүшелерін қамтамасыз етуге жетпеуі. Сонымен қатар отбасы құрған екі жастың бір-бірін жете танысып барып, шешім қабылдамауы, яғни аяқ асты некелесу. Статистикалық зерттеулерге қарағанда үйленгеннен кейін 2-3 жыл аралығында ажырасу саны көбейеді. Дегенмен, облыстармен салыстырмалы түрде біздің аймақта некелік қатынсатарды бұзу жағдайының аздығы бізді қуантады. Қазіргі жанұялардың берік болуының негізгі себебі, облысымыздағы қаймағы бұзылмаған қазақи ортаның, қазақы салт- дәстүрдің, әдет-ғұрыптың сақталуы мен қайта жаңғыруы екені шындық.

Көші – қон адамзат тарихының өн бойында жүріп отырып, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси даму барысында өзіндік орын алады. Адамдардың көші-қоны мен олардың орналасуының шыққан және барған жерлеріндегі этодемографиялық процестердің дамуына әсері зор. Көші-қон деп халықтың барлық әлеуметтік мәнді орын ауыстыруларын, территориялық жылжуларын айтамыз. Халықтың қолайлы көші-қоны экономикалық және әлеуметтік қозғалысының міндетті шарты болып табылады /1,73б/ 2007 жылы 7646 адам аймағымызға келсе, 12 136 адам облысымыздан көшіп кеткен.2009 жылы облысымызға барлығы 8299 адам келсе, 10377 адам қоныс аударған.Оның ішінде сыртқы көші-қон бойынша 341адам келсе 366адам сыртқа қоныс аударған, ішкі көші-қон бойынша 3473 тұрғын өңірімізге келсе, 5526 адам кеткен /4.8-9б/.

Тарихшы, демографтардың пайымдауынша тәуелсіздік алған он - он бес жыл .ішінде облысымызда тұруға тиіс 300 мыңдай адам сыртқа көшіп кеткен /5/. 2009 жылдың қаңтар қарашасында табиғи өсім 11 991 адамды құраған, ал 2008 жылдың қаңтар қарашасында 12 167 адам болған. Облыс бойынша өлім көрсеткіші – 4 292 адам (2008ж. қаңтар қарашасында 4 326 адам) бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 адамға кеміген. Ал жалпы өлім көрсеткішінің коэффициенті әрбір мың тұрғынға шаққанда 7,37 ден 7,13 ке дейін кеміген /4.8 б/ Халықтық өлімінің негізгі себептері ішінде ең үлкен меншікті салмаққа қан айналымы жүйесі аурулары (45,2%) ие болып отыр.

Қорыта келгенде, мәселен облысымызда 1979 жылы ауылдағы жанұялардың 46 пайызының әрбірінде 7-ден артық адам болған. 1999 жылғы есеп бойынша ауылдық жерлердегі 7адамнан артық жаны бар отбасы 33 пайызды құраған /5/. Белгілі демограф – ғалым Мақаш Тәтімовтің пікірінше «тағы да аналарымызға қарапайым тілмен айтқанда бірінші бала, егер ол ұл бала болса, әкесінің орнын,екінші бала, егер ол қыз бала болса, шешесінің орнын ғана басады. Ал, үшінші бала халықта болып жатқан әртүрлі шығындардың орнын толтырады, яғни, үшінші баланы әйелдер құрбандық үшін туады. Бұл үш баладан халықтың саны не өспейді, не кемімейді, тек төртінші бала ғана халықтың өсіміне бір ақ сан қосады. Сондықтан төртінші перзентті қазақ әйелі ұлт үшін өмірге алып келуі қажет.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Асылбеков.М,Құдайбергенова.А Қазақстан халқының әлеуметтік-демографиялық жағдайы (1939-1959 жж). Алматы 2005 159 б.

2. О демографической ситуаций в Кызылординской области. Қызылорда облысының статистика басқармасы. Қызылорда, 2004. 19 б.

3. Қ.Б.Баудиярова Қазақстан жалпы адамзаттық тарихи ойлау аясында. Халықаралық Бекмаханов оқуларының материалдары. Алматы, 2005.

4. Қызылорда облысының әлеуметтік – экономикалық дамуы. Қызылорда облысының статистика басқарамасы. Қызылорда, 2010.

5. Оразбақов А.Ж. Аналарымыз жасанды түсік жасатудан аулақ болса екен. //Ақмешіт апталығы 2009 жыл 15-сәуір.

ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада Қызылорда облысы тұрғындарының әлеуметтік-демографиялық ахуалі қарастырылған.

РЕЗЮМЕ


В статье рассмотривается социально-демографическое положение Кзыл-ординской области на современном этапе.

САУАТСЫЗДЫҚТЫ ЖОЮ НАУҚАНЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ

АҒАРТУ ИНСТИТУТЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ
Сахимова А.М – магистрант (Қызылорда қ., Қорқыт Ата атын.ҚМУ)
Патшалық Ресейдің отарлауынан құтылып, большевиктер үкімет басына келген кезде қазақ қоғамы мен халқының саяси жағынан белсенді жұмыстары негізінен Ташкент пен Омбы қалаларында, сонан соң Орынбор мен Қызылордада өткені бәрімізге белгілі. Қазіргі кезеңде бұл шеткері жатқан қалалардың мұрағат құжаттары аз зерттелген. Әсіресе Қазақ халық ағарту институты жайында және де сауатсыздықты жою туралы мұрағат парақтары жарыққа шықпай отыр. Мәдени құрылыс атауына ие болған бұл құрылыстың бір тармағы республикамыздағы сауатсыздықты жою болып табылады./1/

Кеңес өкіметі орнатылғаннан кейін, нақтыласақ 1920 жылы РКФСР ХКК-нің шешіміне орай Өлкелік Халық ағарту бөлімдерінің жанынан сауатсыздардың есебін алуды ұйымдастырумен, педагог мамандарды даярлаумен, курстар мен мектептерді ашумен, оқу құралдарын басып шығару мен шұғылданатын сауатсыздық жөнінде комиссиялар құрылды.

1924 жылдың қаңтар айында Қазақстанда "Сауатсыздық жойылсын" ұйымын құру жөнінде жұмыстар жүргізілді. Осы жылдың 17 ақпанында өткен алғашқы ұйымдастырушылық жиналыста Қазақстандағы сауатсыздықты жою ұйымы (СЖҰ) рәсімделді. Олардың негізгі мақсаты сауатсыздықты жою болғанымен олар жергілікті жерлерде жұмысшы, шаруа, малшылар қатарын социалистік құрылысқа тартумен және сауатсыз село халқын бар күш жігері мен қаражаттарын қоғамдық іске жұмсауға үйрету сияқты коммунистік идеологияның принциптерін насихаттаумен де айналысты./2, 113 б/

Қазақ халық ағарту институты сауатсыздықты жоюға айтарлықтай үлес қосты. Институт Орынборда 1919 жылы ашылған. Орынборда ашылған институт алғашқыда Қырғыз халық ағарту институты деп аталды. Тарихы 1919 жылы басталатын бұл институтта қазақ мектептеріне мұғалімдер даярлаған.1921 жылдың өзінде 140 оқушы оқыған. Оқу жоспары бойынша институтта сабақ тек қазақ тілінде жүргізілді.Институт оқушылары мен студенттері елде сауатсыздықты жою ісіне белсене араласты./3, 433 б/

Ең алдымен хат танытудан басталған жұмыс 1925 жылы шақырылған Қазақ АКСР Кеңестерінің Ү съезінің негізгі құжатының бірі Қырғыз халқының тарихи дұрыс атын қалпына келтіруі еді. Яғни, Кеңестердің Бүкіл Қазақтық Ү съезі "бұдан былайғы жерде "киргиз" деген атау "қазақ" деп аталсын" деп қаулы қабылданды. Сонымен бірге съезд "Киргиз Республикасын" "Қазақ Республикасы" деп атауға,ал оның астанасы Ақмешітті Қызылорда деп атауға қаулы алды./4/ Осы съездің күн тәртібінде халық ағарту ісі де қаралды. Қазақ АКСР-нің астанасы болған Қызылорда қаласына 1925 жылы Орынбордан Қазақ ағарту институты (КазИнПрос) көшірілді.1924-1925 жылдары Сырдария облысының Ақмешіт халық ағарту бөлімі, 1925-1927 жылдары Сырдария губерниясы Қызылорда уездік-қалалық халық ағарту бөлімі жұмыс істеді.1927 жылы Кеңес үкіметінің 10 жылдығында мектептер саны облыс көлемімен есептегенде 149-ға жетіп, ондағы оқушылар саны 12495 болған.

1927 жылы 29 мамырында БК(Б)П Орталық Комитеті қабылдаған сауатсыздықты жою туралы қаулы "Сауатсыздықты жоюдың мұнан былайғы жұмысына батыл өзгеріс жасау", бұл жұмысты "бірыңғай жоспар, күштер мен қаражатты біріктіру, сауатсыздықты жоюға қатысатын барлық ұйымдарға кең ықтияр беру негізінде" жүргізу қажеттілігі көрсетілді /5, 13-17 б/Т

Кеңестік биліктің алғашқы жылдарында ағарту саласына зор үлес қосқан қазақ зиялыларының қатарында Сәкен Сейфуллин болды. Ол 1925 жылы 7 сәуірде Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым орталығының төрағасы, 12 шілдеде қазақтың пролетар жазушылары ассоциациасының басшысы болып тағайындалады. Сәкен Сейфуллин 1926 жылы БКП Өлкелік комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, 1927 жылы Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының директоры болып жұмыс істеді және,1925-1928 жылдар аралығында дәрістер оқып, сабақ берген. Сәкен- Қазақ Кеңес ағарту жұмысының қарыштап дамуына үлкен роль атқарған жаңашыл азамат. Оның поэзиясы- Абай мен Сұлтанмахмұт Торайғыров шығармашылығының заңды жалғасы бола тұрса да, идеялық-шығармашылық принципі жағынан айрықша ерекшелігі бар үлкен дүние. Сәкен шығармаларының идеялық нысанасы жаңа дәуірдің, кеңестік заманның көкейкесті мәселелерімен тығыз ұштасып жатты.Сәкен шығармашылығын сөз еткенде, ерекше назар аударатын мәселе – оның замана бейнесін жасауы және де өз білімімен жас ұрпақтың сауатын ашуы болды. Тәжірибелі педагогтар, республикада жұмысын ұйымдастырушы қайраткерлер – С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов, М.Жолдыбаев т.б.институтта дәріс берді./6/

Осы жылдары мектеп жасындағы балалардың оқуға жалпы қамтылуы 83,6 пайыз болса, оның ішінде қазақтардың жалпы үлесі 45 пайызды құрады. Жоғары мектептерде оқитын қазақтардың санына келсек, ол тіптен төмен деңгейде болатын. Жоғары мектептерде оқығандар және оның ішіндегі қазақтар туралы мәлімет төмендегідей:





Жылдары

Жоғары тұрғыдағы мектеп оқушылары

Оның ішіндегі қазақтар

1928-1929жж

30560

мәлімет жоқ

1929-1930жж

36000

мәлімет жоқ

1930-1931жж

39161

4521

1931-1932жж

50720

6020


Осы статистикалық мәліметтер 1930-1931 оқу жылындағы қазақтардың бұл мектептерге оқуға қамтылуы біршама жақсарған. Мысалы: 1928-1929 оқу жылында 14 педагогтық техникумда оқыған 2198 оқушының 1363-і қазақ болса, 1931-1932 оқу жылында 29 педтехникумның 5816 оқушысының 3978-і қазақ болды.

Кеңестік жүйе жағдайында орыс тілінен хабары шамалы бұқараны "таптық" және "большевиктік" рухта тәрбиелеу басты назарға алынды. Оның құралы – жергілікті ұлт тіліндегі басылымдарды және әдебиеттерді көбейту ауадай қажет болды. Мұны Кеңес өкіметінің алғашқы онжылдығында қазақ тілінде жарық көрген жалпы әдебиеттерді басып шығару сипатынан байқауға болады:

Жылдар

1925жыл

1926жыл

1927жыл

1928жыл

1929жыл

Қазақша әдебиеттердің алатын саны

46

56

49

127

127

Таралымы

(мың)


408.000

434.000

420.400

1.054.500

1.412,7

Қазақстан үкіметі де, орталықтағылар да республикадағы білім беру ісін қаржыландыруға ұмтылмады. Қазақстан халыққа білім беру ісіне жұмсалатын шығын жөнінен басқа Кеңестік республикалардан бәрінен төменгі орында болды. Халыққа – білім беру ісінде 1927 жылы жан басына шаққанда жұмсалған шығын Қазақстанда небәрі 1 сом 35 тиын болса, ал бұл көрсеткіш РКФСР-да 2 сом 61 тиын, Түркменстанда – 3 сом 88 тиын, Бурятияда – 4 сом 24 тиын, Закавказье Федеративтік Республикасында – 5 сом 26 тиын болды. Бұл мәселеге мән бергісі келмеген Ф.Голощекин, 1927 жылғы ҮІ Бүкілқазақтық партия конференциясында "менің өзім әрқашан аударып отырған халыққа білім беру бюджеті үш жыл ішінде өсіп кетті...", - деп біржақты мақтанды.

1929 жылдың 25 шілдесінде "Жаңа қазақ орфографиясын бекіту туралы" қаулы жарық көрді. Жаңа қазақ орфографиясы Халық ағарту Комиссариатының Қызылордада 1929 жылдың 2-4 маусымында өткізілген ғылыми конференциясында қабылданып, ал 20 шілдеде Орталық Атқару Комитеті оны бекітті./7, 29 б/

Сауат ашу науқанының тағы бір осал тұсы оқулықтардың жетіспеуі еді. Ресми мәлімет бойынша 1928 жылы қазақ тілінде 22 оқулық атауы (жалпы данасы 732.000) бар болатын. Жаңа әріпке сәйкес келетін жаңа оқулықтар дайындау қажет бола бастады. Қазақ тілінде оқулықтарды жазуға даярлығы бар топ Алаш қозғалысының қайраткерлері еді. Бірақ та алаш қайраткерлерін жазықсыз 1928-1929 жылдары жаппай тұтқындалып, жер аударылды. Сол қазақ зиялыларының бірі әйгілі ғалым-теоретик, эстетик сыншы Ахмет Байтұрсынов болатын. Оның жаңашыл туындысы Ташкентте 1926 жылы "Әдебиет танытқыш" ("Теория словестности") деген атпен басылған. Араға екі-үш жыл салып, авторы ұсталып кеткен соң, бұл еңбек көпшілік арасына мол тарап үлгермеді.Бірақ қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған./8, 30 б/

“Әдебиет танытқыш” кітабындағы термин, ұғым, категория әдеби тілімізге, ғылыми оралымға кезінде кіргенін айта отырып, бұл еңбекте эстетикалық ойлау жүйемізді әлі де байыта түсетін тамаша қазына, ересен тапқырлықтар бар екенін көрсетуіміз қажет. Сонымен Ахмет Байтұрсынов қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екендігін мойындамау шындық алдындағы қиянат болар еді Ахмет Байтұрсыновтың әдеби-ғылыми мұрасының ішіндегі ең көлемді және айрықша тиянақталған тұжырымды еңбегі – “Әдебиет танытқыш”. Шолу ретінде, атүсті айтылғанмен, бұл еңбек дәлді зерттеліп, әділ бағасын әлі алған жоқ./9/ Қазақ тіліндегі әдебиеттер Ташкентте, сондай-ақ, 1925-1929 жылдары Қызылорда астана болып тұрған кезде көптеп шығарылған. Мысалы, қомақтысы Сәкен Сейфуллиннің "Тар жол тайғақ кешу" романын айтуға болады.1930 жылдары республикада педагогтар мен мұғалімдер даярлайтын институттар көбейді. Соған байланысты 1933 жылы 15 қазанда Қазақ халық ағарту институты қызметін тоқтатты.
Әдебиеттер

1.Самрат Ж.Қазақтың тұңғыш жоғарғы оқу орны біз айтып жүргеннен әлдеқайда ертерек ашылыпты.// Егемен Қазақстан, 2010жыл, 1 қаңтар, №1.

2.Сайлан Б.С. Қазақстан жастарының 1920-30 жылдардағы сауатсыздықты жою науқанына қатысуы.//Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті Хабаршысы-2008.№1.

3."Қазақстан" Ұлттық энциклопедиясы/Қазақ халық ағарту институты. Алматы.,2003.

4.Қалиев Ы., Шілдебаев Е.Дария жағасындағы қала.//Оқу ордалары. Алматы; 1980.

5.Ақпанов Қ.А., Нұрғалиев Н.С. Қызылорда - халық ағарту мекені// Қорқыт Ата атындағы ҚМУ Хабаршысы–2006.№ 2.

6.Интернет. http: //www.google.kz/. Сәкен Сейфуллин.

7.Омарбеков Т. Мәдени құрылыс тарихы: тапшыл көзқарас сабақтары..// Ақиқат, 1996. № 3.

8.Омарбеков Т. Сауатсыздықты жою: науқаншылақ және оның .//Ақиқат, 1996. №2.

9. http: //www.google.kz/. Ахмет Байтұрсынұлы – бес арыстың бірі.



ТҮЙІНДЕМЕ
Мақалада 1930 жылдардағы сауатсыздықты жою науқаны мен халық ағарту саласындағы атқарылған ісшаралар қамтылған.
РЕЗЮМЕ
Статья посвещена ликвидации неграмотности население Казахстана и образованию Института просвещение.

*




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   23




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет