Қазақ мемлекеттік


ҚАЗАҚ ЛИРИКАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ



бет8/18
Дата09.06.2016
өлшемі1.46 Mb.
#124878
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18

ҚАЗАҚ ЛИРИКАСЫНДАҒЫ ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Бегманова Б.С.- ф.ғ.к., аға оқытушы (Алматы қ. ҚазмемқызПУ)
Қазақ лирикасының шарықтауы 60-70 жылдардан бастау алғандай. Бұл жөнінде белгілі зерттеуші ғалым Б.Кәрібозұлы: «Қазіргі қазақ өлеңінің жапырағын жайқалта түскені 60-жылдардан бергі уақытты қамтиды. Қазақ лирикалық поэзиясының философиялық тереңдігі артып, мазмұнының баюы, түр жаңалықтарына еркін баруы, уақытпен үндестігі – публицистикалық сипатының молаюы, ақындардың даралыққа ұмтылуы, ең бастысы ұлттық дәстүрге бірыңғай бет бұруы – 1960-жылдардан басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан қазақ өлеңдерінің сапалы қасиеттері» [1, 88 б.] деп баға береді. 60-70 жылдар – халықтың көңілі оқу-тоқуға ден қойып, жаңаша көзқарастар мен талаптарға, терең зерделеуге айналған кезең. Сонымен қатар, поэзияға бұл кезеңде қадам басқан ақындар поэзиядағы алдыңғы аға буынмен салыстырғанда, бұрынғыдан тақырып аясы кеңіп, ақындардың өлең өрімі жаңаша өріліп, ірі қадамдарымен, көркемдік ерекшелігімен, тақырыптық жаңашылдығымен, ұйқас өрімі, тармақ, бунақ, ырғағымен поэзияға жаңа леп әкелді. Яғни, жаңа кезеңдегі қазақ поэзиясының толыққанды арнасы ретінде дәстүрден жалғасын тауып, жаңашылдыққа бет бұрды. Осы кезеңде поэзияда қалам тербеген ақын М.Мақатаев:

Поэзия!


Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе,

Неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Сені іздедім кездескен адамдардан,

Бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан.

Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,

Сені іздедім жоғалған замандардан

деп жырлайды. Ақын көңілі шарқ ұрған сезімге толы. Поэзия әлемінен жаңа бір тебіреніс, соны соқпақ іздейтіндей. Ақын сол жолын тапты да. Поэзия – ақын жүрегінің дүрсілі. Оның әрбір соққан жүрек үнінен, алған тынысынан ақынның поэзияға деген шексіз махаббаты сезіледі. Ақын сол махаббатын жырға айналдырып, көңіл көкжиегінен ұшырады. Ақын жанын мазалаған өлең дертіне емді поэзиядан іздейді. Ақынның бар арманы, асыл сезімі, жанын торлаған мұңы, қайғы-шері поэзияда жыр жолдарымен өріледі. Жанын жадыратар жылы шуақты да поэзиядан табады. «Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!» деп жырлауы сондықтан. Өлеңнің осы бір жолынан ақынның бүкіл болмысы көрінетіндей. Алауыртқан таулардан үміт күтіп, қарауытқан таулардың көлеңкесін кезіп қиялымен егізін іздеп шарқ ұрған лирикалық кейіпкер бейнесі арқылы ақынның жан дүниесіндегі құбылысты түсінгендей боласыз. Ақын қиялы шартарапты шарлап «бұлақтардан, бақтардан, алаңдардан» өз сыңарын іздейді. Найзағайдың жарқылына құлақ түріп, ақ нөсер болып төгілген ақ жауынның арасынан іздейді. Екі жастың махаббатынан, олардың арманы мен сағынышынан, жадыраған сәттері мен жабырқаған кездерінен іздейді. Ақын жанының поэзияны шарқ ұрып іздеуі, әр құбылысқа алаңдап, әр сезімнен үміт күтуі өлең бойында өте шебер бейнеленген. Өлең бойындағы алауыртқан таң, қарауытқан тау, сылдыр қаққан бұлақтар, бақтар, алаңдар, шырақтар, оттар, жалаулар, махаббат, сағыныш, арман, бәрі де, поэзия әлемінде ақын жанымен бірге, ақын жүрегімен үндесіп жатыр. Ақын бойындағы бұл сезімдер де поэзиямен егіз. Сондықтан да ақын поэзияны осы сезіммен ұштастыра жырлайды.

Махаббаттан іздедім, сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып ұшқан!

Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,

Сені іздедім жадырау, жабығыстан.

деген жыр жолдары ақын жанының шарқ ұрып, ізденген сәттері. Поэзиядағы шынайылығы, оған деген шексіз махаббаты. Сонымен қатар, ақынның ерекше қасиеті – поэзияға деген жан сезімін өлең жолында суретті сөздермен сомдай отырып, келістіре жырлауында.

Сені іздедім зеңбірек гүрсілінен,

Күннен, түннен, гүлдердің бүршігінен.

Қуаныштан, түршігу – күрсінуден,

Жүректердің іздедім дүрсілінен

Он бір, он екі буынға құрылған өлең жолдарының соңғы буыны бірыңғай ұқсас сөздермен аяқталып, әр тармақтың соңы шұбыртпалы ұйқасты құрайды.

Ақын М.Мақатаев жырлары сырлы сезімге толы. Ақынның қай өлеңіне көз жүгіртсеңіз жыр астарынан адам өмірін көресіз. Адам тағдырын, адам ғұмырын ақын кез-келген жырына арқау етеді. Ақынның бұл ерекшелігі жеке бір адамның тағдырын, ғұмырын ғана емес, жалпы қоғам, заманның мәселесін жырлайды. Жалқылықты жалпы тағдырға айналдыра жырлауы да азаматтық қасиеті, ақындық тапқырлығы. Себебі, адам жанының тылсымына бет қойып, оның ой-аңсар, сезім сырларын зерделеп, жеке адам бойындағы осы қасиетті заман, қоғаммен байланыстыра жырға қосу тек қана ақынға ғана тән қасиет. Оның «Армысыңдар, адамдар» атты өлеңі де адам бойындағы асыл қасиеттерді тарих беттерімен сабақтастыра жырлайды.

Күн батты ма, түн келді ме, таң атты ма қайтадан,

Құдіретті тірлігіңе кірістің бе қайта, Адам?

Арма өмір, бар әлемді бауырына алып шайқаған?

Әрбір әрпі қанға шомған тарихыңа қараңдар,

Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?

Тату-тәтті бармысыңдар, армысыңдар,

Адамдар!

Ақынның он бес-он алты буынға құрылған үш тармақты жолдардан тұратын бұл өлеңінде қазақ даласының тарихын, ата-бабамыздың ерлік жолындағы іздерін өлең жолдарына айналдыруда ақын шеберлік танытқан. Күннің батуы мен таңның атуы, адамдар тіршілігі өлең жолдарында суретті сөздермен өрнектелген. Рауандап таңғы нұрын жер бетіне шаша жаңа атып келе жатқан күнмен тіршілігі біте қайнасқан адамдар өмірінің мағынасын «құдіретті» сөзімен аша түседі. Жәй ғана тіршілік сөзі күнделікті күйбең өмірдің көрінісінен аса алмас еді. Ал, «құдіретті» сөзі күнделікті күйбең тірліктің мағынасын тереңдетіп тұр.

Анамыз – Жер, сол Анадан жаратылдық, туыстық,

Алайда біз қан да төктік, қалжырадық, ұрыстық...

Армысың сен, арамызда жалғыз перзент –

Тыныштық!

Ата-бабаларымыз еліміз, жеріміз үшін қаншама қиыншылықты басынан өткерді. Қаншама батыр бейбітшілік, тыныштық үшін жанын қиды. Ақында осындай күреспен келген тыныштықты сақтайық деген ой, арман бар. Ақынның бар тілегі, ақ пейілімен ақтарыла айтатыны тек қана тыныштық. Оны жас баладай әлдилеп, тербеткісі келеді. Ақын жанын толқытар мәселе де осы. Сондықтан ақын тыныштықты «Арамыздағы жалғыз ғана перзент» дейді. Перзентке күтім керектігі сияқты, тыныштықты қадірлей, ынтымақпен өмір сүру керек. Ақынның айтпақ болған ойы осы. Сол себепті ол:

Әлем – дархан, саялаңдар, бәріңе де орын бар,

Қорған емес, салтанатты, сәнді сарай соғыңдар

Ей, Адамдар, сендер тату,

сендер тату болыңдар

деп ағынан жарыла, барша жанға шын жүрегімен татулық, тыныштық тілейді. Түсіне білген адамға жердің кеңдігін айта отырып, тек көңілің кең болсын дей отырып, әлемнің шексіздігін ақын бір-ақ ауыз жолмен жеткізеді.

«Өлеңдегі өнер тақырыбы – өмірі өлмейтін тақырып, өйткені өлеңнің өзі өнер емес пе! Қандай бір тақырып болмасын, оның көркем дүниеге айналуы әмәнда шеберлікке байланысты екені хақ» [3, 100 б.]. Олай болса, қандай тақырыпқа қалам тербеп, оқырман көңілінен шығып жатса ол да ақынның үлкен шеберлігі, жырларының құдіреті. Кез келген оқырман көңілінен шығатыны әр жыр жолдары терең философиялық ойға құрылғандығынан. Ақын «Сырласу» өлеңінде:

Аспан мен Жер,

Уақыт, заман жайлы,

Өзім жайлы,

Сен жайлы, анау жайлы,

Бүгінгі ұрпақ,

Бүгінгі Адам жайлы,

Азды – көпті алдыңда айтылған сыр,

Сотыңнан сенің сақтап қала алмайды.


Соны ойлап сорлы көңіл алаңдайды.

Білесің бе?

Жыр жазу – маған қайғы!

Мысалы, Анам жайлы

Сөзбенен сурет салып, ой түйсем де,

Анамдай бәрі бір ол бола алмайды.

Мен ішімнен өртеніп, алаулаймын,

Өз отыма жылынып, манаураймын.

… Шындықтың ауылында қазына бар,

Шыр айналып, соны іздеп алаңдаймын.

Ақын жан сырын өлең жолында өрбіткен. Ақынның қасиеті оқушысымен ашық сырласады. Көңіліне еш нәрсені бүкпей, ойындағысын ашық айтады. Поэзиядағы сыршыл мінезімен оқырманын баурап әкетеді.

Аспан, жер, уақыт, заман, бүгінгі ұрпақ, бәрі де, ақын көңіліндегі күрделі тақырыптар. Ақын солар жайлы ойланады, толғанады. Қоғам кемшілігіне алаңдайды. Ол ойын оқырманына жыр жолдарымен сыр етіп шертеді. «Ондай алаң көңілмен «Жыр жазу – маған қайғы» деп жырлауы сондықтан. Сол қоғамның өзекті мәселелері ақын жанын өртейді, ол поэзияға айналады. Қаншалықты сөзбен сурет салғанмен, сөздің асыл маржанын тізбектегенмен, «Анамдай бәрі бір ол бола алмайды» деп толғанады. Жер бетінде анаға тең келетін еш нәрсенің жоқтығын жырымен ұқтырады. Ақын бұл жерде ана қасиетін жалпы ортақ мағынада алып отыр. Жер, су, аспан, адам, заман мағынасын ортақ бір арнаға, тоғыстырып, әлемнің анасына балайды. Жалқылықтан жалпылыққа көтеріліп, бүкіл әлем анасының бейнесін жырлап отыр.

Ақын жүрегінің поэзияға деген сезімі де жыр жолдарында айқын, бедерлі. Поэзияның рухын биікке көтеріп, асқақтата жырлау, жүрегіндегі сезімін, көңіліндегі сырын жыр жолдарына төгу, ақиық ақынға ғана біткен қасиет. Сол қасиетімен баурап, адам жанын зерттеген. Адам жүрегіне үңіліп, оның жаратылысының қыр-сырын білуге ұмтылған. Поэзияның адам жанын баурап алар сиқырлы күші оның айтар ойы мен берер мағынасында. Сол қасиетті сиқырлы сөздермен өрбіте білуінде.

Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта

Ақын болсаң, жарқыным, алысқа аттан,

Күнделікті тірлікке бой суытпа

Өлеңнің өмірге келуі де жас сәбидің дүниеге келуіндей. Ойланады, толғанады. Қайшылық сәттерді ой безбенінен өткізіп барып өмірге өлең келеді. Алайда, осы сәттерді басынан өткерген ақын, күнделікті күйкі тірліктен бойын аулақ салады.

Жалпы, М. Мақатаев жырларының азаматтық үні күшті, ішкі қуаты зор, сөздері айқын, ойы сергек, шарқ ұрған сезімге толы. Ол асқақ ой-пікірлерін бейнелі мән-мағынамен поэзия күші арқылы көкке көтереді.
ӘДЕБИЕТТЕР

1.Кәрібозұлы Б. Қазақ өлеңінің ұлттық сипаты: Филол. ғыл. д-ры дис. – Алматы, 1997. – 303 б.

2.Мақатаев М. Қарасаздан ұшқан қарлығаш. – Алматы: Жалын, 1999. – 220 б.

3.Күмісбаев Ө. Ортақ арна. – Алматы: Жазушы, 1985. – 375 б.


ТҮЙІНДЕМЕ

Мақалада 60-70 жылдар қазақ поэзиясындағы жаңа дәстүр мен идеялар қарастырылады.


РЕЗЮМЕ

В статье рассматриваются традиции и новаторство в казахской поэзии 60-70-х годов.



ЖАҢЫЛТПАШТЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ МЕН ТӘСІЛДЕРІ
Дәуітұлы Т.-аға оқытушы (Алматы қ. ҚазмемқызПУ)
Қазақ халқының ертеден келе жатқан ауыз әдебиеті жанрларының бірі — жаңылтпаштар. Жаңылтпаш адамды өнерге, ойын дамытуға, тілін жаттықтыруға үйрететін этнопедогогикалық туынды болып есептеледі. Жаңылтпаш - баланың ойлау қабілетін дамытуда, тілін ширатуда, дүниетанымын дамытуда маңызы зор. Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың ана тілін ардақтау, сөз қадірін білу сезімі қалыптасып, ойы қиялы дамиды, тәлім-тәрбие алады.

Қай халықта болсын жаңылтпаш сөйлеу аппатаратына күрделендіріліп берілетін синтаксистік жағынан дұрыс құрылған фраза болып есептеледі. Мағыналық жағынан әр түрлі болғаныман дыбысталуы жағынан жақын сөздерден, фонемалардан түзіле отырып, жаңылтпаш белгілі бір ырғақ пен әуезге негізделеді. Жаңылтпашта ырғақтың, аллетерациялық, тәсілдің болуы заңды құбылыс. Қазақ тіліндегі жаңылтпаш жанры туралы аз-кем айтылып қалатыны болмаса, осы уақытқа дейін аталған жанрдың құрылысы мен жасалу жолдары, тәсілдері туралы әлі зерттелмей келеді.

Жаңылтпаштардың шумағы құрылысына қарай қос тармақты, үш тармақты, төрт тармақты және көп тармақты болып келетіндігі белгілі.

Жаңылтпақтың шумағының ең кішісі – екі тармақтан тұрады. Тармақтың толымдысы, толымсызы болады.

Доп теп,

Тек,


Дөптеп кеп теп.

Немесе:


Іске іскер,

Істі


Іскер істер.

Толымсыз шумақтар жаңылтпашта және ауыз әдебиетінің кейбір ұсақ жанрларында ғана кездеседі. Қос тармақты жаңылтпаш шумақтарының кәсібі толымды болып келеді:

Айтыс болып жатыр,

Тартыс болып жатыр,

Айтыс қай тұста,

Көкпар тартыс қай тұста?

Немесе:

Есімнің шешесін көрдім,



Шешесін кеше көрдім,

Кеше көшеде көрдім,

Көшеде нешеде көрдім?

Жаңылтпаш шумақтарында тармақтардың үнемі ұйқасып келуі шарт емес, теңдес мағыналы дербес жаңылтпаштар бірыңғай буын-бунақта тұрып-ақ үш тармақты шумақ құрай алады.

Бір қыз кесте тікті,

Кестесін түсте тікті,

Кеште тікті.

Жаңылтпаштың тармақ саны мен тармақтағы буын саны неғұрлым шағын болса, шумақ соғұрлым жинақы да ширақ естіледі.

Жаңылтпаш құрылысында қайталаулар еркекше орын алады. Олар үш түрлі болып келеді. Дыбыс қайталау, буын қайталау және сөз қайталау. Дыбыс қайталау мен буын қайталау, әдетте жаңылтпаштардың үндестігін арттырып, көркейту қызметін атқарады және көбінесе қайталаудың бұл екі түрі жарыса қатар жүреді. Мысалы:

Класта ақ бор бар,

Көк бор бар,

Көп бор бар.

Немесе:

Тайлақ базардан



Қармақ алмақ,

Көлге бармақ,

Қармақ салмақ.

Жаңылтпаштар құрылысында сөз қайталаудың да мәні зор. Сөздер көбіне тармақтардың аяғында қайталайды және ойды жалғастыру, бір шумақта тұрған тармақтарды бір-бірімен байланыстыру қызметтерін атқарады.

Шұнақ құлақ лақ,

Бұлаққа барады.

Бұлақ жағасындағы

Құраққа барады.

Немесе:

Үйде неше шал отыр?



Көсе шал отыр.

Тақиясы шошайып шақша бас

Шоқша сақалды шал отыр.

Қайталау бірде ой мен тармақтар арасын байланыстыру үшін қолданылса, бірде толымсыз буындарды толықтырып, ұйқасты күшейту қызметін атқарады.

Киген тоны –

Оңды тон,

Өңді тон.

Сөйтіп дыбыс, буын және сөз қайталау жаңылтпаш жасаудың және оның мағынасын, байланысын тіпті ұйқасын күшейтудің бір тәсілі болып табылады.

Ал, екі тармақты жаңылтпаш шумақтары үнемі ұйқасқа құрылмайды, бірыңғай буын-бунақта, бір ырғақта тұрып-ақ ұйқассыз құрай алады.

Малға қорек керек,

Оған жарма, кебек те керек.

Өлең сөзді жаңылтпаштардың көпшілігі осындай екі тармақты шумақтан жасалады. Бұған қарағанды үш тармақты шумақтар әлдеқайда сирек кездеседі.

Көпке бекер өкпелеме,

Өкпе етпе,

Тектен-текке өкпелеме.

Төрт тармақты жаңылтпаш шумақтарында шұбыртпалы және аралас ұйқастар да ұшырасады, бірақ ондай ұйқастар төрт тармақтардан көрі үш тармақты, әсіресе көп тармақты шумақтарға тән.

Көп тармақты жаңылтпаш шумағының ұйқасы, әдетте, айнымалы келеді. Бірінде шұбыртпалы ұйқастың, екіншісінде шалыс ұйқастың өлшемі басым болады.

Шуақтаған ботамды,

Шуға апарып шудаладым.

Шудалаған шудасын

Суға салдым,

Судан алдым,

Суға малдым.

Жаңылтпаштың бала тілін жаттықтыруға байланысты қызметі – оның басты міндеті. Бұл орайда, жаңылтпаштың тілге ауыр оралатын дыбыстардан құралатынын ерекше ескерген жөн. Әсіресе:

Ара, ара аралар,

Орманның бойын аралар.

Гүлдерден сорып бал алар,

Алысқа ұшып бара алар,

Бал тәтті ғой балалар!-деп келетін

«Р» дыбысына жаттығуға арналған жаңылтпаштар өте көп. Осы «Д» дыбысына қатысты мынадай жаңылтпаштарды айтуға болады.

Рүстем

Үстеп,


Үстем қарайды.

Үстем.


Рүстем

Үстен қарайды.

Рысты теріс дейді дұрысты,

Рысты алты бұрышты

Жеті бұрыш дейді.

Жеті бұрышты екі бұрыш дейді.

Рысты шымыр шыңдалған,

Бұрышты үшбұрыш құрысшы.

Енді бір жаңылтпаштарда:

Есік алдындағы отынның,

Шырпылырағынан ала кел,

Томарлырағынан ала кел,

Түбірлірегінен ала кел, - сияқты айтуға өте

ауыр көп буынды сөздерден құралады. Жаңылтпаштар – логикалық ойлау жүйесін сөз ойната отырып дамыту, сөздердің мән-мағынасына үңілдіру, сол арқылы болашақта шешен де ұтымды сөйлеудің негізін қалауды көздейді. Яғни, жаңылтпаш балалардың тез де, жаңылыспай, дыбыстарды қатесіз анық айтуына үйрететін өлең-ойын. Оның ойындық сипатын балалардың бір-бірімен жарыса кезекпе-кезек айтысуынан көреміз. Ол тіл жаттықтыру мақсатын ғана көздеп қоймайды, жаңылтпаштағы сөз дұрыс айтылмаса, тыңдаушы құлағына мүлдем басқаша естіліп, айналасына күлкі туғызады.

Мысалы:

Ақ тай ақ па?



Қара тай ақ па? – деген сияқты

жаңылтпашты интонацияны дұрыс сақтамай, жылдам айтса,

Ақ таяқ па?

Қара таяқ па? – болып мағыналық

жағынан мұлдем өзгеріп кетеді. Әрине, жаңылтпаштың ойнақы айтылуы балалар үшін оңайға түспейді, сондықтан да балалар ұқыптылық пен еске сақтау қаблетінің күштілігін де ескергені жөн болады. Жаңылтпаш сөз ойнатып, балаларды қызықтыратын қисынды ұйқас, эмоциялық реңі бар.

Шілікті шаптым,

Жілікті астым,

Шілікті жақтым,

Жілікті шақтым, – дегендегі “Шаптым, астым,

Жақтым, шақтым”сияқты толымды ұйқаспен қоса, бұл жаңылтпашта сөздерді мағыналық жағынан да ойнату бар, бала сөзді тез айтуды ғана емес, логикалық қисынды бұзып алмауды да жадында сақтайды.

Жаңылтпаш сөздердің бірнеше сөйлемнен құрылған, күрделенген түрлері де бар. Мұнда әр дыбысты дұрыс айтумен қатар, сөздердің мағынасын бұрмаламай сөйлеуге үйрету шарттары қойылған:

Мынау қай арал?

Қайың менен тал арал.

Талға қарға ұялар,

Тарғыл иттің құйрығы

Талға оралар, талға оралар, – деп айтылатын түрлері көп. Жаңылтпаштардың өлең құрылысы шағын, қарапайым болып келеді. Онда өлеңдік үйлесім, кестелі ұйқастардан гөрі дыбыс ойнату, тіл оралымына қиын сөздерді айту басым.

Қызғалдақ сарғалдақтарға,

Қызыл дақтар сары дақтарға,

Сарғалдақ қызғалдақтарға,

Сары дақтар қызыл дақтарға ұқсай ма?

Қызғалдақтар сары дақтарға,

Қызыл дақтар да сарғалдақтарға,

Сарғалдақтар қызыл дақтарға,

Сары дақтар да қызғалдақтарға,

Қызыл дақтар сары дақтарға,

Сарғалдақ қызғалдақтарға,

Сары дақтар қызыл дақтарға ұқсамайды.

Қызғалдақтар қызғалдақтарға,

Қызыл дақтар қызыл дақтарға,

Сарғалдақтар сарғалдақтарға.

Сары дақтар сары дақтарға ұқсайды, уһ!

Жаңылтпаш сөздер мен дыбыстарды қиындата қайталау, айтқанда тіл мүдіретін сөйлемнің бөлігін шапшаң, жиі қайталау арқылы тіл ширатуға лайықтап құрылады.

Мысалы:

Ай, Тайқарбай, Тайқарбай



Қойыңды мақараға жай Тайқарбай,

Тайқарбай Майқарбайлар толып жатыр,

Ай, Тайқарбай дегенің қай Тайқарбай.

Өлең жаңылтпаштардың ырғақтамасы әрқилы, төрт буындысы да бес буындысы да, аралас буындылары да кездеседі. Неғұрлым қысқа буынды болса, соғұрлым жаңылтпаш балалардың жаттап айтуына ыңғайлы, оңтайлы.


ӘДЕБИЕТТЕР


  1. С. Мұқанов. Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер, 1942 ж.

  2. Қ. Жұмалиев. Қазақ әдебиеті, 1949 ж.

  3. М. Әуезов пен Е. Ысайыловтың Қазақ ССР тарихына жазған XVIтарауы, 1957 ж.

  4. Қ. Жұмалиев. Қазақ әдебиеті. 1949 ж.,143-бет.

  5. Қазақ әдебиетінің тарихы. 1 том,1948 ж., 23-бет

  6. В. Радлов. Образцы народной литературы тюркских племен. 4.3. спб., 1870 ж.

  7. М. Ибрагимов. Киргизские пословицы и загадки, собранные в киргизской степи сибирского ведомства //Тукестанские ведомости. 1871; этнографические очерки киргизского народа// Русский Туркестан.1872. вып. 11.

  8. Ы. Алтынсарин. Киргизская хрестоматия. Оренбург,1879.

ТҮЙІНДЕМЕ


Мақалада жаңылтпаштың жасалу жолдары мен тәсілдері қарастырылған. Жаңылтпаштағы ұйқас, ырғақ, буын, бунақ, екпіннің рөлі сөз етіледі.
РЕЗЮМЕ
Статья посвящена рассмотрению путей и способов создания скороговорок. Также в ней речь идет о роли рифмы, интонации, слога, ударения в скороговорках.

АБЫЛҚАСЫМ ФИРДОУСИДІҢ «ШАХНАМА» ЭПОСЫНЫҢ ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ РӨЛІ
Жүнісова И.Ж.-оқытушы (Алматы қ., ҚазмемқызПУ)
«Шахнама» шығыстың негізгі классикалық шығармасы болумен қатар, әлемдік әдебиеттің тамаша ескерткіші. Бұл туралы жырдың көптеген осы заманғы тілдерге аударылуы, сонымен қатар көне және жаңа дүние оқымыстыларының ғылыми, ғылыми-көпшілік жұмыстарда көрсетілген. «Шахнаманың» әдеби байланыстарымен қайта түлеуі және Иран эпосының образдары дүниежүзілік әдебиетте ерекше болмағанымен, әлі де толық ашылып бітпеген тақырып.

Сол сияқты «Шахнама» - әдеби өңделген Иранның халықтық эпосы болумен қатар, әлемдегі ең бай шығармалардың бірі. Бұл бай шығарма ертедегі және ортағасырлардағы Иран халықтарының тұңғиық әлемін, географиялық жағдайы, халықаралық байланысын және мәдени-тарихи ролін түсіндіреді. Иран халқы өз эпосын соңғы әдебиеттерде Индия, Қытай, Шығыс Түркістан, Шығыс Европа, Сібір және Кавказ халықтарына қатысты жыр дастандарымен көрнекілей түсті. Оған сонымен бірге классикалық көне шыыс пен европалық Жерорта теңізі жағалауы да тән.

Фирдоусидің данышпандық шығармасы шығармашылықты қайта түлетуде көрнекі орынға ие. Сиқырлы да, күшті батырлардың әуен-ырғағы мен бейнелері (образдары) ирандық «мысденел» Исфандияр, эллиндік Ахилес, «Нибелунгтар жырындағы» Зигфрид, «Шайқаста ажал жазылмайды» дейтін Илья Мурамец, қырғын шайқаста жығылуды білмейтін Рүстем, соғыс барысында әкесінің өз ұлын танымай шайқасуы, т.б. негізінен өзара тәуелсіз болғанымен, алайда жекелеген қисындарда өзара ықпалдың болмай қалуы мүмкін емес еді.

Фирдоуси «Шахнамасындағы» мотивтер мен сюжеттердің (уақиға ырғағы мен шытырман оқиғалар) тамаша әдеби талдауы, әдеби шығармаларда, фольклорлық жырларды әдеби жырлауда тамаша көрініс тапқан. Бұл әдеби пайымдаулар тек кітаптық ықпал нәтижесі болып қоймай, «Шахнамамен» тікелей танысу, халықтардың өзара жақындасуындағы фольклорлық байланыстардан шыққан соқпақ екенін көреміз. Халықтық образдарды талдағанда «Шахнама» әсері болған көптеген шығармалардың ішіндегі бірегейі – ол XVI-XVII ғасырдағы орыстық кітаптық ертегі Еруслан Лазеревичтің баламасы болды.

Еруслан Лазеревичтің Рүстемді баласы Залямен (Зал и Зара) салыстыру, ауыспалы мағынадағы «Лазаря», осы тұста ертегінің кейбір эпизодтары «Шахнама» сахнасынан екені байқалады. Орыстың бұл батырлар жырында «Шахнаманың» ықпалы болғаны даусыз. Кейбір жекелеген тұстар әділ салыстырылғанымен, алайда орыс батыры Илья Муромецті шаруа баласы билеуші князь Рүстеммен салыстыру өзінше, ешқандай мәнге ие бола алмайды, оның орнына әдеби фольклорлық байланыстардың көп қырлы болмауы дүниежүзілік әдебиеттің ескерткіші ретінде, поэманың оқылуымен идеялық мән-мазмұнын, оның авторының көркемдік шеберлігін айқындай түседі.

Фирдоуси сүйікті классик, ал оның дастаны парсы-тәжік әдебиетіндегі өзіне ғана тән негізгі халықтық эпопея. Бұл уақыт - жераумақтарын біріктіру, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру мәселесінің күнтәртібіне қойылған дәуірі еді. Фирдоуси дастанына деген белсенділік әркез күшейе түсті. «Шахнама» бірігудің туына айналды. Әрине, бұл бірігудің нақты формаларына қатысты тарихи өмірдің түрлі кезеңдерінде түрлі көзқарастардың болғаны анық. Сонымен қатар әртүрлі әлеуметтік топтар «Шахнаманы» өз мақсаттарына пайдаланбақшы да болды. Мысалы, XVI ғасырдағы феодалдық Ирандағы сефевиттік кезеңде Фирдоуси және оның дастанына деген қызығушылық шиеленісе түсті.

Ирандық көне батырлар жыры XI ғасыр әдебиетінде көрнекті орынға ие «Шахнамада» тындырылған жұмыс осындай жаңа шығармалардың жасалуына дем беруші болғандығы даусыз. Олар Фирдоусиді қайталап қана қойған жоқ, қайта Рүстемнің балалары мен немерелері жәйлі ұлы Сухраб жәйлі әңгімелер мен хикаяны одан әрі дамытып нығайтты.

«Шахнамаға» қабыстыратын XI-XII ғ.батырлық-эпикалық әдебиетте біздің көзқарасымыз бойынша, толық зерттелді деуге келмейді, ол жайында әлі де пікір айтуға болар еді. Алайда, кейбір кезеңдерді бәрібір қарастыруға болады. Мұндай шығармалар «Шахнама» толық табысқа жеткен соң жазылды деуге болады. «Шахнама» Ирандық өткен эпостық дәуірге қызығушылықты оятты ма? Жоқ. Олар X ғасырдағы прозалық жинақтардың заңды жасалуына және ерекше даңқты, түсінікті де өткен тарихқа қызығушылықтан туындады. Алайда, бұл әңгімелерді әлдеқашан өткен Саминидтер әулетінің дәуірінің тапсызданған диқандық мүдделеріне қызығушылық ретінде де ойлауға болмайды. Оқиғалардың қалыптасу тұрғысына қарап бұл әңгімелердің өте ертеректе және тек Иранда ғана емес екенін көреміз. Образ қарағанда сюжет байлығы шынында ғажап емес пе! Махмұд сарайындағы Онсоридің «Ақындар патшасы» деп аталатын белгілі аңызында Исфандияр туралы жыр тамаша көркемдікпен өрілген. Фирдоуси шығармаларының шоқтығы басқаларға қарағанда биік тұрғандығы көрініп тұр және онымен ешқайсысы таласа алмаған. Сонымен қатар бұл аңызда айтылғанындай XI ғасырда «Шахнамаға» дейінгі сарай ақындары жазғаны белгілі болып отыр. Ал Асади Тусстың «Гершасп нама» шығармасы аңыздан гөрі ақиқатқа жақын (XI ғ.ортасы). Бұлардан басқа да ортағасырлық шығармаларды атауға болады: олар «Фераморз нама» авторы белгісіз (XI ғ.басы), «Куш нама» (немесе Куш Пиль Дендане туралы повесть XI ғ.басы), «Бану Гошасп наме» белгісіз автордың шығармасы. «Шахнамада» көп айтылатын, Сухрабтың ұлы туралы жазылған «Барзу нама» үлкен дастаны, Мохтаридың «Шахриар намасы», Базневид сарай ақыны жазған Фераморзаның ұлы туралы жазылған «Азер Борзин наме», Рүстемнің ұлы жәйлі жазылған «Жаһангер наме» және бұған «Сам наме» де қосылады (XII-XIII ғ.ширегінде).

«Шахнамаға» қатысты басқа да шығармаларды талдағанда оларды өз заманына сәйкес көтерген жүгімен жанрлық ерекшелігіне соқпай өте алмаймыз. Бұл әсіресе, аңыздық серілік (рыцарлық) романға қатысты. Алайда бұл мәселе әлі де зерттелуді қажет етеді. Аталған дастан шығармалардың негізі - ол халықтық-эпикалық шығармалардың жақсы ұйқаспен құрастырылған үлгісі болады.

XI ғасырдағы «Гершасп наме» шығармасы Тусстық Асадидың үлкенді кішілі түпнұсқадан (оригиналдан) ауытқыған дерек көзі болды. Және оны тапсырыс берушінің еркіне орайластырып жасады. Бұл шығармашылықты кәсіп еткен сарай ақындарының көп бөлігі шығарманың халықтық үрдісін (тенденция) феодалдық аристократиямен ауыстырып жіберді, яғни халықтық мазмұн ерікті-еріксіз болсын бұрмаланды. Мәселе халықтық негіздегі шығарманың өңделу сипатында болып отыр. Шынында, Онсори Сфандияр туралы шығарманы өңдегенде немесе бұл өңделген шығарма бізге дейін жеткен болса, онда Махмуд сарайындағы «Ақындар патшасының» көркемдік жетістігін анық көруіміз даусыз еді. Ол сұлтанға ұнасын-ұнамасын солай болған болар еді. Рүстем бейнесін сараймаңындағы талғамға сәйкестіре жасап шығу бәрінен де қиын болды (онда халықтық батырлық белгілер тым күшті еді). Алайда, көптеген шеберлер үшін бұл мүмкін еді. Мұндай бейне фальсификациясын жасау қаласа да, қаламаса да шығармашылықтың халықтық дәстүріне жүгінуді болғызды. Жалған фантастикаға бойұрушылық, ақиқаттан қол үзушілік мұның бәрі шығармашылықтың халықтық негізі еді. XI және кейінгі ғасырларда батырлық жырларды жасаудың әміршісі ретінде мойындалған, кейінде мән мазмұнына қарай ұмыт бола бастаған нәрселер Фирдоуси шығармаларына қосымша сипат беретін материал ретінде бізді қауыштыратындай. Ал халықтық эпопея болып табылатын «Шахнама» ұлттық әдебиеттің ұлы ескерткіші ретінде ғасырлар тоғысында өмір сүре береді. Мазмұн түрі жағынан халықтық, көркемдік тұрғыдан биік «Шахнама» шығармасы Ирандық ұлттық үрдістің болмысынан туындады.

Иран халықтары әдебиетінің негізін қалаған шығармалар, ең алдымен Закавказья, Орта Азия, Индия әдебиеті жетістілігі мен байланыстылығы таңқаларлық. Осы халықтардың көркем шығармаларында «Шахнаманың» қайта жаңғырып, өзара әдеби байланыстарын көрсететін көптеген фактілерді байқағанымыз шындық. Грузин әдебиетінде «Шахнама» айқын көрініс тапқан. Грузиндердің көне жылнамасы «Картлис Цховребада» «Шахнамада» айтылатын шытырман оқиғалардың Грузиндік халықтық баламасын (вариантын) кездестіруге болады (яғни Иран эпосының).

Ұқсас уақиғалар хабарының көптеген грузиндік қолжазбаларын осыған жатқызуға болады (оның ішінде басқа автор пікірлері қосылған Фирдоуси дастаны да). XVI-XVII ғасырда өлең, карасөзбен жасалған хабар жазбалар ол кезде «Шахнаманың» көшірмесін иеленген «Ростомиани», яғни Рүстем туралы жыр (грузин жыры Рүстемнің өлімімен аяқталады). «Шахнаме» грузиндердің әртүрлі топтары арасында сүйікті де, кеңінен танымал поэма грузин патшалары сарайының әдеби қауымы және феодалдары арасында қолтума туындылары іспетті болып есептеледі (Жаңартушы Давидтың, Тамараның). Поэманың грузиндік варианты кең аудиторияда шырқалып та, айтылып та жүрді.

«Шахнаманың» танымалдылығы жайында грузин аттарымен аталатын батырлық кейіпкерлердің көптігі туралы Ирандық эпостарда да айтылады (Ростоми, Бизани, Придони, т.б). Закавказья әнші-жыршы, шәйірлардың әндерінде, жырларында шытырман уақиғалар, ырғақтар, адам аттары, таңғажайыптар кездесіп отырады.

XVIII ғасырда өмір сүрген грузин, азербайжан өлең шығармашылығына еңбек еткен армяндық шәйір ашуг Саят – Нова Фирдоусидің өлмейтіндігі туралы жырлады. Иран және Кавказ әлемінде әдеби фольклорлық байланыстар туралы аз зерттелген. Алайда, осетиндердің, пшавтардың, сванеттердің халықтық жырларындағы түпнұсқалық баламаларда Рүстемге, Биженге, Афрасиябқа т.б.қатысты адам аттарымен оқиға желілерінің бар екенін көреміз. Мұнда жергілікті грузиндер мен осетиндердің Амирандар туралы жырын және басқаларында «Шахнамаға» қатыстылығы жайында сілтеме жасалады. Мұндай фольклорлық қабаттағы бастысы, алайда олар антирандық үрдіспен жаңа идеялық-көркемдік бірлікті қарастырды. Ол Закавказьяның ертедегі Иран империясымен саяси күрес жаңғырығынан туындаған-ды. Рүстем кейде Иранға қарсы күрескерге айналады. Мұның өзі Афрасияб (Афрсуап) патшаға қатысты. Ерекше маңыздысы сол біз Иран эпосының кавказдық-түркілік түрлерін тыңғылықты оқи отырып, бізге белгісіз, «Шахнамада» айқындалған кейбір Ирандық баламасында кездестіреміз. Осының бәрі, жалпы Иран эпосындағы, оның ішінде «Шахнамада» кездесетін шытырман уақиғалармен, бейнелермен, көрші елдердің жергілікті халық жырларымен жанды байланыста болуының айқын айғағы. Мәдени шығармашылығы жақын елдердің өзара байланысы ғана емес, сонымен қатар уақиғаларды логикалық құрастыру шеберлігімен жоғары көркемдік дәрежедегі Фирдоуси «Шахнамасының» ықпалы туралы да айтуға тиіспіз. Мұндай ықпал көрінісін кавказ бен түркілердің көптеген көршілері парсылар мен тәжіктердің халықтық шығармашылығы мен әдебиетінен кездестіреміз. Жанды байланыстар ең алдымен Фирдоуси поэмасының Иран әлемінен тысқары жерлерде әдеби табысымен халықтық танымалдылығын айқындады. Олардың көбі «Шахнаманың» қызықты жырларынан өздерінің мифтерін, аңыз-әңгімелерін, ән-әуендерін көріп қана қоймай, оларды басқа қырынан тани білді. «Шахнама» - бауырлас тәжік, парсы әдебиетіндегі айтарлықтай шығарма. Ол өзінің дамуында шиеленіске толы күрделі кезеңді, классикалық дәуірдің соңына дейінгі аралықты қамтиды.

«Шахнама» Иран халқының ұлттық шығармасы, ең алдымен Абылқасым Фирдоуси толық та, терең, нақты көркемдік шеберлікпен халықтық, ұлттық бояумен жырлады. Ол дүниежүзі ұлы ақындарының қатарынан өзіне лайықты орынды иеленді.

Осының бәрі Иран әдебиетінің ертедегі Грециядан, ертедегі Индиядан, Қытайдан т.б.жалпы басымдылығын белгілемейді (оның ішінде Европаның да). Бірақ олардың даму спецификасы жайында айғақтайды. Фирдоуси шығармашылығы сол себептен де осызаманғы тәжіктер мен парсылардың заңды мақтанышы болып табылады. Ал «Шахнама» тума әдебиеттің классикалық шығармасы болды. Сонымен бірге «Шахнама» әлемдік әдебиеттің айтарлықтай маңызды шығармаларының бірі болды.


ТҮЙІНДЕМЕ
Бұл мақалада «Шахнама» эпосы әлем әдебиетіндегі шығыстық сарында, нәзира дәстүрімен жазылған басқа да шығармалармен салыстырылып, жан-жақты қарастырылады. Шығарманың танымдылығы сөз болады.
РЕЗЮМЕ
Статья посвящена всестороннему сравнительному анализу эпоса «Шахнаме» с другими произведениями мировой литературы, написанными в стиле назира. Также в ней рассматривается познавательное значение поэмы.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет