Сайрамбаев Т. Сын, сан есімдердің етістікпен тіркесі. Алматы, 1966.
Сайрамбаев Т. Сложные словосочетания в современном казахском языке в сопоставлении с другими тюркскими языками. –Алматы, Мектеп, 1981.
Сайрамбаев Т. Сөйлемнің тұрлаулы мүшелері : оқу құралы / Т. Сайрамбаев. — Алматы : Қазақ университеті, 1991. — 168 с.
Томанов М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тіліндегі қыстырмалар. – Алматы, 1983. – 47 б.
Сайрамбаев Т. Қазiргi қазақ тiлiндегi күрделi сөз тiркестерi / Сайрамбаев Т. — Алматы : Мектеп, 1981. — 198 с.
Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі. Сөз тіркесі мен жай сөйлем синтаксисі : Оқулық / — 3-басылуы. — Алматы : Санат, 1997.
Сайрамбаев Т. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Сөз тіркесі.Алматы, 2010. 29-бет.
СайрамбаевТ. Қазақ тіл білімінің мәселелері /; құраст.: Ғ. Әнес, К. Шаймерденова ; алғы сөз авт. Ө. Айтбайұлы. — Алматы : Абзал-Ай, 2014.
Cайрамбаев Т. Сөз тіркестері мен жай сөйлем синтаксисі. 1991.
Балақаев М., Сайрамбаев Т. Қазіргі қазақ тілі: Сөз тіркесі мен жай сөйлем / — Өңд. және толықтырылып, 4-бас.,. — Алматы : Білім, 2004. — 224 с.
БЕРІКБАЙ САҒЫНДЫҚҰЛЫ
Қазақ білімі мен ғылымын, мәдениеті мен әдебиетін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінсіз көзге елестете алмайтынымыз – шындық. Өйткені университет қабырғасынан тастүлектей түлей ұшып, ғылымдағы, өнердегі асқар-асқар биік шыңдарды бағындырған, әлемнің ішкі болмысын, табиғаттың тылсым сырлары мен сымбатын тануда өзіндік үлес қосқан азаматтар қаншама. Өрлігі мен ерлігі бар, білімі мен білігі терең азаматтарды тәрбиелеп, қатарға қосар ұлық шаңырақ – білім ордасы, университет болар, сірә. Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, бүгінде 70 жасқа толып отырған Берікбай Сағындықұлы да осы университеттің журналистика факультетінің 1958-1962 жылдардағы шәкірті болатын. Университет өз шәкіртіне, ең алдымен, кәсіби шеберлікті танытады, талғамын шыңдайды, талантын тәрбиелейді. Берікбай Сағындықұлы он жылдай “Социалистік Қазақстан” газетінде әдеби қызметкер, әдеби стилист болып қызмет істейді.
Университет еккен, шәкірт ретінде қабылданған ғылым “дәні” маза бермей, ақыры 1972-1975 жылдары Ғылым Академиясының Тіл білімі институтының аспирантурасына конкурспен қабылданады. “Болар істің басына, жақсы келер қасына” дегендей, Мәскеулік ғалым, атақты түркітанушы Ә.Нәджиптің шәкірті болу бақыты бұйырады. Досы Әжібай Керімұлымен бірге орта ғасырлық жазба мұралар тілін зерттеуді осылайша бастап кетеді. Бұған дейін көп ғалымдардың қолы бара қоймаған, ғылымда өз зерттеушілерін күтіп жатқан Хорезмидің “Мухаббатнамесін”, Қутбаның “Хусрау уа Шырынын”, Сейф Сарайидың “Гулистан бит-туркиін” зерттеп, ондағы сөздерді салыстыра зерттейді, ұқсастықтары мен айырмашылығын саралап, араб-парсы тілінен енген сөздерді анықтайды. Орта ғасыр мұраларын “қазақ тіліне жақын саналатын қыпшақ-оғыз аралас тілінде жазылған. Осы заманғы түркологтардың анықтауы бойынша, бұл жазба әдеби тілдің диалектілік негізі – ескі қыпшақ тілі” – дей отыра, ескі қыпшақ тілі мен жаңа қыпшақ тілін бір-бірінен бөліп қарауға болмайтынын ерекше ескертеді. Орта ғасыр ескерткіштерінің тілін терең анықтай зерттеген ғалым еңбегінің нәтижесін 1977 жылы кандидаттық диссертация ретінде қорғайды.
1975-1979 жылдарда “Ғылым” баспасында редактор, содан кейін редакция меңгерушісі болып қызмет еткен жылдарында академик І.Кеңесбаевтың басшылығымен жарық көрген “Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігін” баспадан шығару ісіне ат салысып, оның уақытында және сапалы болуына бас-көз болады.
Осыдан кейін, 1979 жылы өзінің ұшқан ұясы, қасиетті қара шаңырақ – университетіне, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, қайта оралады да, білім беру ісімен шұғылдана бастайды. Берікбай ағай қолы босаса, балаларына, шәкірттеріне насихат сөз айтып, имандылық әліппесін үйретуден жалыққан емес. Осындай өз балаларына ауызша айтылған әңгіме желісі кейін үлкен “Ғаламның ғажайып сырлары” атты еңбекке айналарын басында бәлкім білмеген де болар. “Балаларыма имандылық жайын көп айтып, өзімнің кішкентайымнан әкемнен естіп-білгендерімді жеткізуге тырысып бақтым” – дер еді, бір ашыла сөйлескенде, бірде ортаншы ұлым айтқандарымды мұқият тыңдап болып, “Әке, осы айтқандарыңызды қағазға түсірсеңіз, кеңес өкіметі тұсында теріс тәрбие алғандардың көбінің көкірек көзін ашар еді-ау” – дегені. Осыдан бастап, жатпай-тұрмай жазылып, көкіректе тұнып жатқан терең ой оймақталып, зерделі кілемдей жазыла түсіп өріліп шықты. Елге бара қалғанда, Б. Сағындықұлының жазған үлкен ғылыми зерттеулерін, монографиялық еңбектерін сұрасаңыз, ауылдағының бірі білер, бірі білмес, бірақ, “Ғаламның ғажайып сырларын” бәрі біледі, таласа-тармаса оқиды, түсінеді, түсініседі, бірге ой бөліседі. Өйткені бұл еңбек халыққа соншалықты түсінікті тілмен жатық жазылған. Әркімнің көкейінде тұратын “Құдай бар ма?”, “Алла тағалла ғаламды не үшін жаратты?”, “Ақырзаман бола ма?”, “Көзге көрінбейтін рухтар”, “Адам тағдырына араласатын күштер”, “Діннің көбею себептері”, “Әулиенің кереметі” т.б. сияқты сұрауларға өзіндік берер жауабы бар. “Аллатану ғылымының әліппесі” аталған бұл еңбекте былай делінеді: “Адам баласы дүниеге келгеннен кейін өз еркімен екі айрық жолдың біріне түседі. Бірі оңай – шайтанның жолы, екіншісі қиын – Алланың жолы. Шайтанның жолы жердің бетін жапқан қарға ұқсайды, себебі онда еш нәрсе өсіп-өнбейді. Бұл жолдың оңайлығы мынада: әркімнің өз ойына не келсе, соны істеуге хақысы бар. … Құдайдың жолы түгін тартсаң, майы шығатын құнарлы т опыраққа ұқсайды. Адамгершілік, ізгілік, имандылық, жоғары мораль – бәрі-бәрі осы топырақтан өсіп-өнеді. Алла жолының қиындығы мынада: әркім өз ойына келгенін істей алмайды, өйткені Алланың әмірімен пайғамбарлар салып берген сара жол бар, нұсқау бар. Одан шығып кетуге болмайды”. Осындай қия басып, бұра тартқызбайтын тұжырымды ойларды, имандылыққа ұюды шым-шымдап жүрекке жеткізетін бұл кітаптың оқушыға берері мол екені қазіргі уақытта баршаға белгілі.
Өреліні төрге жеткізер толғақты ой мен толымды тағылым бар бұл кітапта. “Бардан бар шығады. Бүкіл ғаламның негізі материя болса, ол – Алланың нұрынан шыққан нұр”; “Адам баласы дүниеге келгеннен кейін, ең алдымен, үш нәрсені тану керек: бірінші өзін, екінші ғаламды, үшінші Алла тағалланы. Пенде өзін танымайынша, ғаламды да, Алла тағалланы да танымайды. Жаратушысын танымаған адам – парызы бола тұрса да – оған тағат-ғибадат етпейді”, – дейді ғалым. Яки, өзіңді өзің таны, ғылымды меңгер, Алланы біл деген тағылымды түсінесің, ойыңды жинақтай түсіп, қайта ойлана бастайсың. Ғаламның ғажайып сырлары мол, оны терең түсіну қиынның қиыны. Б. Сағындықұлы еңбектің екінші бөліміне “Адам ата мен Хауа ана” қиссасын бірінші рет қазақ тіліне аударып, түпнұсқасымен қоса береді. Жалпы қалың көпшілікке түсіну үшін, әрі ғылыми жұмыс жазатын ізденушілер үшін таптырмас қымбат дүние болып есептелетін бұл еңбектің мәнін ғылыми қауым жақсы біледі.
Университетте ұзақ жыл білім берумен айналысқан ұстаз-ғалым көптеген іргелі зерттеу еңбектер жазды. Әсіресе, “Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері” атты монографиясының орны бөлек. Өйткені мұнда біраз уақыт бойы, әсіресе, кеңестік кезеңдегі бедел-ғалымдардың аузымен айтылған, көбі ғылыми аксиомаға айналған кей пікірлерге шүбә келтіріледі, өзіндік жаңаша ғылыми тұжырымдар айтылады. Жаңаша ғылыми ойдың айтылуының бір мәнісі, біздің пайымдауымызша, ғалымның көне түркілік, орта түркілік мұралар тіліндегі деректерді толық меңгергенімен, тілдік деректерді салыстыра-салғастыра зерттей алуымен, математикалық логикаға, геометриялық теорияларға сүйенгенімен байланысты болуы керек. Ғалым еңбегінің басты ерекшелігі тіл тарихын силлобофонемалық (автор “түбіртек” деп атайды) деңгейде зерттеуі. Түркі тілдерінің даму тарихы мен ішкі даму табиғатын тілдік деректер негізінде түсіндіретін ғалым түбіртектер жүйесін анықтап, олардың мағыналық құрылымын саралайды.
Тіл тарихын зерттеуші, ата тілдің негізіне реконструкция жасаған, этимолог-ғалым ағамыз өмірін осы мәселеге арнады. Біз 80-жылдар шәкірттері Б. Сағындықұлының «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» еңбегінің жазылуының куәгері болдық. Ғалым ағамыздың алғашқы шәкірттерінің бірі ретінде орта ғасыр ескерткіштері тілі бойынша арнаулы курс тыңдадық. «Құтты білік», «Диуани лұғат-ит түрк», «Һиббат-ул хақайық» және т.б. ортағасырлық ата-бабалар мұраларымен бізді таныстырып қана қоймай, талай ғасырлар қойнауында жатқан сөздер мен түбірлердің шығу төркін, олардың бір қалыптан, екінші қалыпқа көшу эволюциясын қазіргі және көне жазба ескерткіштер негізінде ұстазымыз ұзақ та қызық баянайтын. Берікбай ағай этимологиялық анализ тек салыстырмалы-тарихи әдістің жемісі емес, ол «фонетикалық, морфологиялық элементтердің ескі типін іздестіріп табуда математикалық әдістің орны ерекше»-деп «х» пен «у» және түбіртек саны көрсетілген формулалармен есеп шығаратын. Әрине, түбіртек реконстукциясы тек қазақ тілінің материалын талдаумен шектелмейтіні белгілі.
Берікбай Сағындықұлы көне түркі ескерткіштері материалы мен орта ғасыр жазбаларын тамаша игерген, көне ескерткіштердің дыбыстық құрамын, морфологиялық құрылымын, синтаксистік жүйесін жан-жақты меңгерген, ол ескі таңбалар жүйесін қазіргі қазақ тілінің сөздік қорымен тарихи-салыстырмалы, типологиялық-салғастырмалы аспектіде қиналмай, математикалық формула негізінде дәлелдей алатын ғалым екенін дәлелдегісі келді.
1994 жылы «Санат» баспасынан «Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері» монографиясын жарыққа шығарды. Араға он жыл салып, өңдеп, толықтырып, тағы да ғылым таразысы мен илеуінен өткізіп, талай «дәрісханалар қабырғасында» жаңғырылып, 2004 жылы «Қазақ университеті» баспасынан «Фонологические закономерности развития лексики тюркских языков» еңбегі орыс тілінде жарық көрді. Ғасырлар қойнауында талай өзгерістерге ұшыраған тіліміздің дамуы мен өзгеруі ішкі және сыртқы факторлармен байланысты екенін, тілдің эволюциялық даму жолын айқындамайынша, оның құпия сырларын, жүйелік құрылымын, бай да құнды мазмұнын, түрлі әлеуметтік-қоғамдық қызметін тура айқындау мүмкін еместігін монографияларыңыздың бірінші жолдарында басып айтасыз. Ғылымда басы әлі де ашыла қоймаған көптеген мәселелерге жауап іздейсіз, сұрақ қоясыз, оған тағы да жауап бересіз. Мәселен: Қандай себептермен тіл бір құрылымдық жүйеден екіншісіне өтеді (флексия ←→агглютинация ←→полисинтетика←→ түбір тіл)? Осы өту үрдісі қандай құбылыстарды қалыптастырады? Түркітанудағы үндестік заңы мен ықпал заңына тарихи және ғылыми тұрғыдан барабар заңдылық бар ма? Қандай себептермен дауыстылар жуан/жіңішке айтылады? Неге тілде мағынасы бірдей, бірақ формасы әртүрлі, керісінше, формасы бірдей, мағынасы бөлек сөздер қатар қолданылады? Дербес мағыналы сөздердің көмекші сөздерге, олардың қосымша мен жұрнаққа айналу себебі неліктен? Нақты заңдылықтар негізінде тілдің көне формалары мен типтерін қалпына келтіруге бола ма? және тағы да басқа көптеген сұрақтар. Оларға нақты ғылыми тұжырымдар, болжамдар, жауаптар монографияда тілдік фактілермен негізделіп берілген.
Әдебиет: