2. Ұлттық индустрияны өркендетуге қандай үлес қоса аласың?
«Болашақтың өзгеруін қаласаң, сол өзгерісті тап қазір жаса!»
(Махатма Ганди)
Елімізде экономика тұрақты болу үшін оны әртараптандырып, индустрияландыруға
жаппай көшуді қолға алу керек екенін қазіргі таңда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін
біледі. Ұлттық индустрияны өркендету – мемлекет алдында тұған үлкен міндет, келер ұрпаққа
жүктелген жүк. Мен осы парызды орындау үшін не жасай аламын?
Экономика – кең көлемдегі қоғамдық өндірістің жүйесі. Әлемдік экономика қазіргі кезде
дағдарыс кезеңін бастан кешіруде. Дағдарыстың әсері біздің елімізді де айналып өтпеді.
Біріншіден, доллар бағамы өсіп, теңгеміздің құны төмен құлдырап кетті. Екіншіден, әлемдік
пандемия кезінде экономикалық белсенділік күрт төмендеді, үшіншіден, шикізат бағасы
арзандап, соның ішінде біздің арқа сүйер мұнайымызға деген сұраныс мүлдем тоқтады десе де
болады. Президентіміз Қ. Тоқаев: «Елімізді өркендету үшін ұлттық экономиканы
әртараптандыру үдерісін жалғастыра береміз. Осы жолда шағын және орта бизнеске барынша
жағдай жасаған абзал»,-деп өз сұхбатында атап өткен болатын. [«Еліміз бұл қиындықтан
шыңдалып шығады». «Егемен Қазақстан» газеті. 5.05.2020] Егер мен жоғары оқу орнына
қабылдансам, мені қызықтыратын тақырып – экономикамызды мұнайға тәуелділіктен шығару
және өнеркәсіпті әртараптандыру, пандемиядан кейінгі ел экономикасын аяққа тұрғызу
мәселесі. Алған білімімнің арқасында ел экономикасының дамуына өз үлесімді қосатыныма
сенімдімін.
«Арманды жүзеге асыру жолындағы алғашқы қадам — мақсат қою»,-дейді америкалық
кәсіпкер Энтони Роббинс. [Роббинс Э. Беспредельная власть. Как добиться вершин личных
достижений?] Алға қойған межеге жету үшін біріншіден, мүмкіндігімше әр түрлі бизнес
функциясындағы білімім мен тәжірибемді жетілдіру мақсатында экономика мен бизнес
саласындағы Royal Dutch Shell, Exxon Mobil немесе British Petroleum сияқты әлемдік көшбасшы
компаниялардың бірінде тағылымдамадан өткім келеді. Екіншіден, оқу орнын аяқтағаннан
кейін, елдегі мыңдаған азаматтарға жұмыс орнын ұсынатын инфрақұрылымдық және
инженерлік жобалар, тұрғын үй құрылыс нысандарын салуда кешенді шараларды
ұйымдастыруды қолға алар едім. Үшіншіден, баламалы энергия көздерінен қуат алу, жел, күн,
биогаз энергиясын тиімді пайдалану, қалдықсыз экономиканы дамыту - мені қатты
қызықтырады. Төртінші мақсат - елімізді долларға деген тәуелділіктен құтқару. «Адамдардың
долларға деген психологиялық тұрғыда тәуелділігі ұлттық валютаны бірте-бірте әлсіретуге жол
бастайды. Қазақстандықтар өз қолдарымен елде жасалатын сауда мен келісімшарттарды
теңгемен жүргізуі тиіс»,-деді қаржыгер-сарапшы Ілияс Исаев. [«Долларды зор тұту –
психологиялық тәуелділік» мақала. «Айқын» газеті. 13.10.2013] Ол үшін ұлттық валютамызды
әлсіретуге жол бермеу керек. Ең алдымен, банктегі салым қаражаттың бәрін теңгемен салу
керек, көлікті, пәтерді, жерді доллармен бағалауды тоқтату керек. Бұл мәселе де бірте-бірте
жолға қойылып, халық қазір жарнамаларда сатылатын тауарларының бағаларын теңгемен
қоюды әдетке айналдырып келеді.
Қорыта айтқанда, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлік пен ынтымақтаса
қимылдауды әрбір азамат жете ұғынғанда ғана ұлттық индустрияны тығырықтан шығара
аламыз.
|