А мәтіні
Тіл үйрену бала санасында ұлттық бірегейліктің қалыптасуымен өріле байланыса жүреді. Мысалы, Ж.Пиаже деген психолингвист ғалым: «Баланың санасында 9-12 жас аралығында өзінің ұлттық бірегейлігі қалыптасады» дейді. Ұлттық бірегейлік психологиялық құбылыс ретінде танылған: тұлғаның өзін бір нәрсенің өкілі, мүшесі санау, жақтаушысы ретінде тануы. Мысалы, бала дүниеге келген соң, өзінің кім екені туралы ойлана бастайды. Сөйтіп, 9-12 жасында өзінің қай ұлттың, мәдениеттің өкілі екенін түсінеді екен. Оның соны түсінуіне әсер ететін нәрсе — ең алдымен тілі, ортасы, қоғамы. Мысалы, үйде атасы-әжесі, ата-анасы орыс тілінде сөйлесе, бала өзін орыс ұлтының өкілімін деуі әбден мүмкін.
Ұлттық бірегейлік деген нәрсе ғалымдардың зерттеуінше үш негізден тұрады:
1. Генетикалық бірегейлік;
2. Мәдени бірегейлік;
3. Тілдік бірегейлік.
Мәселен, тұлға өзін қазақ ұлтының өкілімін деп тануы үшін генетикалық жағынан әке-шешесі қазақ болуы керек. Мәдениет жағынан «Ассалаумағалейкум!» деп қол беріп амандасуы керек, отырысы, жүріс-тұрысы, өзгелермен қарым-қатынасы қазақ мәдениетінде ұстанымдарға сәйкес болу керек. Тілдік бірегейлікке келгенде, қай тілде сөйлесе, сол ұлттың өкілі болады. Осы үшеуінің қайсысы маңызды компонент дегенде ғалымдар мынадай фактілерді келтіреді. Мысалы, шығу тегі, мәдениеті сол ұлтқа тән, бірақ тілі басқа болса, онда мұндай адам өз ұлтымен бірегейлене ме? Кейбіреулер «менің әкем қазақ, шешем қазақ, қазы-қарта жеймін» дейді, бірақ үйде орысша сөйлеседі. Сонда ол адам қазақ ұлтымен бірегейлене ала ма? Толыққанды бірегейлене алмас, бәлкім жартылай бірегейленер. Сөйтіп, ғалымдар мынадай қорытындыға келген: ұлттық бірегейліктің компонентінің ішіндегі ең әмбебабы, ең маңыздысы, тірегі — тілдік бірегейлік. Қай тілде сөйлесең, қай тілде ойласаң, сол тілді жасаған ұлттың өкілі болып саналасың. Бала өз ұлтымен бірегейлену үшін 9-12 жасқа дейін ана тілінде сөйлеу керек.
Ә мәтіні
Жастар арасында сөз кестесін бұрмалау, өзге елдің жаргон сөздерімен сөйлеу күнделікті әдетке айналған. Тарихи қалыптасқан сөйлемнің орын тәртібін бұзып қолданып жүргендері де бар. Қазіргі жастардың күнделікті қалыптасып қалған тіл мәдениетінен мысал келтіре кетейік, бұрынғы «ата» деп сәлем беретін жас бала атасына «аташка», әкесіне «папаша», анасына «мамуля» деп мойындарына асылады. Иіліп сәлем беретін жас келіндер «здрасти» дейтін дәрежеге жетті. Ана омырауындағы сәбиіне «Айналайын, құлыншағым» деудің орнына өзге тілдегі «сыночек», «дочка» дейді. Жастар бір-біріне «жарасымды киініп алыпсың», «өзіңе құйып қойғандай» деудің орнына «тема киініп алыпсың» дейді. Бірнәрсеге алаңдап, өзіңді қоярға жер таппай тұрсаң «неге потеря болып жүрсін?» дейді.
Бүгінгі жастардың тіл жұтаңдығының себептері неде?
Қазақ тілінің әлеуметтік мәртебесі, қоғамдық беделі үш бағытқа тікелей байланысты, олар:
Басқару жүйесі, 2. Ғылым-білім саласы, 3. Бұқаралық ақпарат құралдары.
Егер осы үш жүйеде тіл өз деңгейінде дұрыс қолданылмаса, тілдің беделі төмендей береді. Сондай-ақ, жастардың тіл мәдениетінің төмен болу себептеріне тағы да:
1. Отбасында балалардың сөз әдебіне, тіл мәдениетіне жеткілікті дәрежеде мән берілмеуін;
2. Айналасындағы достарының дөрекі сөздерді қолданып сөйлесулерін;
3. Көркем әдебиетті оқуға деген оқушылардың қызуғушылығының бәсеңдігін жатқызуға болады.
Сөз соңында айтарым, жастық шақ – рухани қор жинау кезеңі, бала кезден жастарға білім алып, жақсыдан ғибрат, оны көкейге түюге дағдылану керек. Осының бәрін ескере отырып, жастарымыз сөйлеу мәдениетін сақтап, «сөз арасын бөтен сөзбен былғамай», тілімізді талан-таражға салмаудың амалын қарастыруы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |