Көркем әдебиет стилі – эстетикалық қызмет атқаратын, көркем шығармаларда ғана қолданылатын ең күрделі стиль түрі. Көркем әдебиет тілінің негізгі материалы – халық тілі, халық тілі байлығының барлық қат-қабаты. Көркем әдебиет тілі – коммуникативтік қана емес, эстетикалық функцияны да атқарумен бірге көркемдіктің әртүрлі әдіс-тәсілдерін жетілдіруші өзіне тән ерекшелігі мол стильдік сала болғандығымен, жалпы стилистикалық норманы кең көлемде қамти алады. Көркем әдебиет тілінде басқа да функционалды стильдердің элементтері қоса пайдаланылады. Көркем шығарманың осы ерекшелігіне байланысты оның тілінде барлық функционалды стильдердің элементі, ғылыми-техникалық терминдермен, кәсіби лексиа элементтерімен қоса, түрлі экспрессивті және эстетикалық мәндегі образды сөздер, мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер, архаизмдер мен неологизмдер, қарапайым сөйлеу тілі элементтері кездеседі.
Ресми стиль - нақты бір коммуникативті-прагматикалық мақсатқа сай құрастыралатын, белгілі бір қызмет түрін жүзеге асырумен байланысты құжаттың функциясына сәйкес жазбаның сипаты, тілдік құрылысы мен мінездемесі, оның мәнерлік қасиеттері, тіл құралдарының іріктелуі анықталатын, мемлекеттік басқарулар мен іс-қағаздарда қолданылатын стиль түрі.
10. Бейнелі тұрақты тіркестердің, мақал- мәтелдердің, қанатты сөздердің прагмастилистикасына талдау жасаңыз.
Фразеологияның прагмастилистикасы оқырманға қалай ықпал етуді көздейтіндігін анықтау мəселесін алға қоюда. Психологиялық зерттеулерде адам санасына таңба арқылы əсер ету екі негізгі түрге бөлінеді, бірі – сендіру, екіншісі – көндіру. Автор əр уақытта өзінің жадында тұрған ФТ эмоционалдығын дайын күйінде жұмсауға ниеттеніп тұрады, кейде адресант ішкі сезімнің əртүрлі контрастарынан айырылу үшін кəдеге асырады. Басқа стильге қарағанда ауызекі сөйлеу стилінде ерекше мəнге ие болады. Публицистикалық стильде адресант адресаттың интеллектісіне ықпал ету үшін стилистикалық фразеологизмдерді пайдаланады. ФТ айтылуы ауызекі сөйлеуде ситуацияға қатысты болса, публицистикалық стильде контекске жəне экстралингвистикалық факторлардың рөліне қатысты болып келеді. Мысалы, публицистикалық стильде сойылын соғу деген ФТ қоғамдағы саяси мəселенің арақатынасын көрсету үшін жиі қолданылса, ұнжырғасы түсу ауызекі сөйлеу стилінде жиі ұшырасады.
Фразеологизмдер эмоционалды бірліктер тудыратын сөздер болғандықтан, ресми стильде қолданбайды. Көптеген ғалымдар фразеологизмдердің алғашқы мағынасы эмоционалды, ал стилистикалық мағына оның кейінгі мағыналары болып табылатындығын көрсетеді. Стилистикалық мағына екінші болғандықтан, кейінгі қазақ ұлттық əдеби тілінің жандануында, яғни функционалды стильдерде сөздер мен фразеологизмдердің жаңа мағынасы туындайды. Тілдегі эмоционалды мағына бірінші болғандықтан, екінші стилистикалық мағынаға ауысуы заңды құбылыс.
Фразеологизм (фразеологиялық бірлік) – семантикалық тұрақты байланыста болатын сөйлемдер мен сөздердің тіркесуі. Фразеологизм синтаксистік құрылыстан ерекше болады. Фразеологизм түрлері мынадай: идиомалар (ит арқасы қиянда, жабулы қазан), фразалар (бақытты тұрмыс, кетпес байлық), штамптар (айтпасқа амал жоқ) жəне мақал-мəтелдер, қанатты сөздер. Фразеологизмдердің негізгі жəне универсал қасиеттері – бейнелілік болуы немесе семантикалық транспозиция тұрақтылығы, стилистикалық коннотацияны құрауы прагмастилистикалық мақсатқа сай үйлестірілуінде. Фразеологиялық тіркестердің стильдік түрленудің кез келген стиль аясында қолданылуы өзінің күрделілігімен, қызмет аясының шексіздігімен ерекшеленеді. Фразеологиялық тіркестің көркем əдебиет стилінде өте көп қолданылуының семантикалық-стилистикалық қызметін былайша талдауға болады.
ФТ стильдік мақсатта қолдану əр жазушының халықтық тіл байлығын пайдаланудағы өзіндік қолтаңбасына байланысты болса, екіншіден, сол дəуір, қоғам, қоғамдық орта, адамдардың əлеуметтік жағдайына үйлестіре, соның əлеуметтік тынысын көрсетуімен жиі қолданысқа түседі. Көркем əдебиет – өз дəуірінің айнасы, сол дəуір тынысын адамдардың жан-дүниесінің нəзік қатарларын беруде ФТ ерекше рөл атқарады. Мысалы, Əсемнің жүрегі атқақтай соғып, мақаланы бір демде оқып шықты. Əсемнің өзегін өртеген бір ыстық толқын жоғарылап келіп, тура тамағына тірелді де, тобықтай ойнап тұрып қалды. Апасы мен жездесі Мамырбек десе ішкен асын жерге қояды. Бек есіл азаматтың əйелі өзіне тең болмай, мысын құртып жүр (Қ. Жұмаділов).
Көркем əдебиет стиліндегі əңгіме, новелла, тарихи шығарма, эпопея, роман, фантастикалық шығарма, сатиралық шығармалары мен поэзия тіліндегі фразеологиялық тіркес тілдің көркемдік-стильдік мақсатын айқындау тұрғысынан өзара іштей стильдік ерекшеліктерге жіктелетіні белгілі. Мысалы: новелла жанрында эмотивті-стильдік фразеологизмдер жиі қолданылады.
Табан тіреп тұрған жерде біресе оңға, біресе солға бұлтарған түлкі бұлтақты кім тапқан. Əсіресе алдыңғы күні сұғынған көкжелкеден кеп тиісіп, ойнақ салып көп қайрат қылған Əбілмəмбет қабағынан қар жауып кетіпті, мұзбен қаптап қойғандай қырылып қалсаң, бүгін мына шатырда кім қызыл кеңірдек боп дауласып жатар еді. ...Əйтеуір қараптан-қарап іші- бауырың жидіп, он екі жілігің бірдей жиырылып қоя береді екенсің.
Əй, біздің қазақты қойсаңшы, басыңдағы боқты көре қалады ғой. Жабылып жүріп етегімнен тартып түсіріп тастады. Бұл жұрт енді мың жылда да ел бола алмайды деп қайтадан етегі жасқа толып еңіреп қоя берді. Аз жетіліп қатарға қосылсын десең, ұзын арқа, кең тұсау тіршілікке жібермей, белін бекем будырып, сара жолға сал. Оның атын естігенде, əсіресе қазақтардың төбе құйқасы шымырлап қоя беруші еді (І. Есенберлин).
Бес қаруы белінде, мұздай темір құрсанған, тепсе темір үзетін еркектер асаймүсейін асынған бойда-ақ қуыс өзекті пенделіктен айырылып найзаның ұшын сынар, қылыштың жүзін сынар, дұшпанның ашуын сынар, мергеннің дөптігін сынар жансыз, арсыз бет-бейнесіз өлі нысанаға айналмай ма? (Ə. Кекілбаев).
Осы көркем мəтінде ФТ-ның лексика-семантикалық мағынасы мен прагматикалық бағдары адам жəне қоғам өмір тіршілігінің сан алуан əлеуметтік-психологиялық, саяси кезеңдерін суреттеуде ерекше стильдік жүк арқалап тұр. Мысалы, табан тіреу – бір шешімге келу мақсатында айтылып тұр; қабағынан қар жауып – ауыз əдебиетінің дəстүрлі тұрақты тіркесі болса да, ойда тұрған бейнелі адам кейпін тануды суреттейді; қызыл кеңірдек – дау мəселесін баяндау үшін қолданылып тұр; іш- бауырың жидіп, елжіреп тіркесінде əртүрлі прагматикалық «əрекет» жатыр, ішкі жан-дүниенің əрекетін көрсетеді; басындағы боқты көру – көре алмаушылық, қызғаныш сияқты рухани тартысты анықтау үшін алынып отыр; етегінен тарту, етегі жасқа толу – біреуі əлеуметтік мəнге ие болып, екіншісі адамның жай-күйін, психологиялық сəттерін анықтау үшін ұсынылып отыр; белін бекем буу – бір шешімге келу, нар тəуекелдің қызметін көрсетеді; төбе құйқасы шымырлау – психологиялық жай-күйді суреттеуде жиі ұшырасады.
ФТ трансформацияланып соңғы тіркестердің бір тіркесі өзгеріп отырады, ол кейде стильдік реңкті көріктендірсе, кейде керісінше əсер ететін жақтары да болады. Осындай ФТ-ның өзгеруі публицистикалық стильде оқырманды автор өз сөзіне сендіру үшін прагматикалық мақсатпен пайдаланады. Мысалы, Ата-бабадан қалған мұраны саясаттан келген қиянаттан аршып алып, көз қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету бізге міндет («Ана тілі»). Мұнда жалпыхалықтық тілдегі фразеологизмдер құрамындағы сөздер алмасып келеді. Сөз алмасып жасалған жаңа құрылымдық фразеологизмдер публицистикалық мəтіннің де стильдік ерекшелігі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |