Семантикалық сөзжасам Семантикалық сөзжасам
парадигмасы негізінен бір буынды
түбірлердің мағыналық дамуы арқылы жасалады. Бір буынды түбірлердің қазіргі тілімізде заттық және қимылдық мағынасының болуы – конверсиялық дамудың яки семантикалық сөзжасамның нәтижесі.
Қазіргі қазақ тілінде семантикалық сөзжасам процесі негіздің аясында іске асады. Семантикалық сөзжасамдық процесс тек бір таңбаның мағыналық дамуы негізінде болғандықтан, оны парадигмалық деңгейде қарау дұрыс нәтижелерге қол жеткізеді.
Семантикалық сөзжасам парадигмасы дегеніміз (ССП) – түбірлес сөздердің мағынасы арқылы бір деривация деңгейінде тұлғалық өзгеріссіз жасалған туынды атаулардың жиынтығы. Бір себепші негіз арқылы пайда болған туынды сөздердің мағынасы бір-бірінен бөлек бола алмайды, түбірлес сөз ретінде мұндай туынды атаулар мағынасы жақын, сабақтас, мәндес болады. Мұның өзі семантикалық сөзжасамның омоним ұғымымен шектесе алмайтынының белгісі. Сөз мағынасының семантикалық сөзжасам жолымен жаңа доминант мағынаға өтуі аз ғана уақыт мөлшерінде іске асатын құбылыс емес. Болмыстың жақын, мәндес белгілері мен қасиетін таңбалау үшін, сөйлеуде, лебізде бірте-бірте пайда болатын тілдік процесс.
Семантикалық сөзжасам парадигмасын анықтау және оның ішкі семантикалық құрылымын пайымдау оңай емес. Тұлғалық жағынан дараланбай, тек мағыналық жағынан ғана ерекше номинативті сема иеленетін, сөйтіп жеке ұғымды атайтын мұндай тілдік таңбаның айырымын бағамдау контекстегі қызметі арқылы ғана бағамдалады. Семантикалық сөзжасам арқылы жасалған атаулар парадигмалық шеп құрай алады. Бұл парадигмалық шеп кейін жеке сөзжасамдық тізбек жасап, әртүрлі грамматикалық категориямен түрлене береді. Парадигмалық шепке ену үшін сөздің ерекше номинативті мағынасы болып, туынды атау ретінде танылуы қажет. Яғни парадигмалық шептегі сөздердің мағыналарында сөзжасамдық мағына болуы шарт. Мысалы: кеңес-кеңес-кеңес, кесек-кесек-кесек, кеш-кеш, көсеу-көсеу, құн-құн, керней-керней, т.б.
Сөзжасамдық парадигмалық шеп дегеніміз – семантикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы жасалған номинативті туынды сөздердің парадигмалық қатардағы жиынтығы. Семантикалық сөзжасамдық парадигмалық шепке енетін туынды сөздердің заттық не ұғымдық мәні тек контекстегі қызметі арқылы белгілі тұлғалармен валенттілік негізде тіркескенде айқындалады.
Семантикалық сөзжасам негізінде жасалған атаулар морфологиялық тұлғалармен түрленіп, сөйлеуде қызмет атқарғанда ғана негізгі мағыналары айқындалады. Яғни мұндай сөздердің туынды мағынасы олардың грамматикалық түрленуі негізінде контесте айқындалады. Мысалы: Бұлар өзара кеңесіп отырды. Ауданда үлкен кеңес ашылмақ. Кеңес үкіметі орнап, кедейдің көзі ашылып-ақ қалып еді. Келтірілген мысалдардағы кеңес сөзінің әртүрлі туынды семалары сөйлем ішінде айқындалып тұр. Бірінші сөйлемдегі кеңес сөзінің мағынасы – “ақылдасу, пікірлесу”, іс-әрекеттің қимылы. Екінші сөйлемде “кеңес” сөзі – мәжіліс, жиналыс мағынасында жұмсалып, атаудың екіншілік мәнін анықтайды да, туынды мағынаны таңбалайды. Үшінші сөйлемдегі “кеңес” атауы “саяси ұйым” мағынасында жұмсалып, туынды мәнге ие болған. Демек, атау тұлғалық жағынан өзгеріске түспей-ақ, контексте ерекше сема иеленген.
Семантикалық сөзжасам нәтижесінде жасалған атаулардың қай сөз табына жататыны мен грамматикалық сипаты морфологиялық парадигма арқылы түрленгенде немесе синтаксистік валенттілік негізінде сөйлем ішінде қызмет атқарғанда анық көріне алады.
Семантикалық сөзжасам нәтижесінде туындаған атаулардың өзек семасы, ортақ семасы сақталады. Олар бір-біріне омоним бола алмайды. Түбірлес сөздер ретінде олардың түпкі мағыналарының ортақтығы шалғай семантикалық өрісте сақталады. Семантикалық сөзжасам тәсілі арқылы бір денотаттың іс-әрекеттік, заттық, сапалық мағыналарын таңбалауға болады. Атаудың уәжделу заңдылығына сәйкес, семантикалық сөзжасамдық тәсіл бойынша жасалған таңбалар бір денотаттың атауына, қимылына, сапалық белгісіне не қасиетіне қатысты болады. Бұл әсіресе бір буынды түбірлердің семантикалық дамуы арқылы жасалған атаулардың табиғатынан айқын танылады. Семантикалық сөзжасам нәтижесінде жасалатын атаулардың ерекше семасының орнығуы уақытқа да тәуелді. Атаудың номинативтік мағынасының жасалуы, халық дүниетанымында қабылдануы уақыт факторы мен заманға сай болатын әлеуметтік факторларға, ғылым мен білімнің даму деңгейіне тікелей байланысты. Яғни сөздің ерекше номинативтік белгілерге ие болып, жаңа туынды мағынаға ие болуы уақыт шегінде болатын әлеуметтік-саяси өзгерістермен де астасып жатады. Мысалы: хакім-әкім-әкім, өкім-өкім, бұйрық-бұйрық, т.б. атаулар саяси қоғамдық термин ретінде қалыптасса, зейін-зейін, болмыс-болмыс, таным-таным, сезім-сезім, түсінік-түсінік, түйсік-түйсік т.б. атаулардың семантикалық дамуы арқылы психологиялық терминдер түзілген, өздік-өздік, есім-есім, шылау-шылау, үстеу-үстеу, анықтауыш-анықтауыш, сан-сан т.б. – лингвистикалық терминдер; баға-баға, сапа-сапа, құн-құн, т.б. атауларының мағыналық дамуы арқылы экономикалық терминдер қалыптасқан.
Төл сөздердің мағыналық дамуы арқылы жасалған мұндай термин сөздерді конверсияның жемісі деп қарастырамыз. Олардың мағыналық құрылымында семалық өзгерістер болады, терминдік мән алып, ерекше номинативтік қалыпқа түсіп, екіншілік мағына иеленеді. Дегенмен, себепші негіз бен екіншілік мағына арасында ортақ мағына мен өзек мағына толық сақталады.
Мысалы: “болмыс” сөзінің негізгі мағынасы Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде былайша түсіндіріледі:
Дене-бітім, тұла бой.
Майданда жеңгіш халқымыз,
Болмысы болат батырдан,
Жалынды сәлем айтамыз
Жазушыдан, ақыннан (Т. Жароков).
Философиялық термин.
Болмыс – адам өмірінің, оның іс-әрекетінің қажетті жағдайы және қайнар көзі.
Байқап отырғанымыздай, термин сипатындағы “болмыс” сөзі әуелгі “болмыс” атауы арқылы уәжделген. Сондықтан олардың арасында өзек сема мен ортақ сема сақталады. Яғни екі атаудың арасындағы ортақ сема – белгілі нысанның барлық бітімін, негізін таңбалауы.
Тілдің дамуы барысында макросемадағы әрбір сема доминанттық сема ретінде бөлініп шығады да, жеке мағыналық атау ретінде, бірнеше түбірлес туынды сөздерді туғызады. Түбірлес сөздер мағынасының генетикалық тектестігі сақталады. Сөзжасамдық қажеттілік туғызатын салдар – бір ғана тұлғадан әртүрлі ерекше мағынасы бар атаулар туғызу. Сөзжасамдағы ең негізгі нәрсе – номинативті мағыналы туынды сөз жасау. Ал атаудың қай сөз табына жататыны, қандай грамматикалық категориялармен түрлене алуы – морфологияның зерттеу нысаны.
Сөзжасамның негізгі шарты – туынды сөздің мағыналық құрылымын айқындау болғандықтан, жіктеліп шыққан туынды атаулардың қай сөз табына жататыны маңызды емес, олардың ішкі семантикалық құрылымын терең айқындау маңызды. Осы реттен сөз мағыналарының дамуын біз сөз табы ретінде зат есім не етістік пайда болды деп, бір-бірінен алшақ қарастыра алмаймыз. Олардың бір денотатқа қатысты әртүрлі ұғымды таңбалауын маңызды деп бағалап, атаулардың номинативтік мәніндегі ерекшелік пен семантикалық байланысын, семантикалық өрістегі сипатын айқындауға талаптанамыз. Олай деуіміздің басты себебі мынада: осы күнге дейін морфологиялық аспектіден қарастырылып келген бір буынды түбірлердің және негіздердің мағыналық сипаты терең семантикалық құрылым негізінде қарастырылмаған. Олардың зат есім-етістік болып жіктеуіне сәйкес, семантикалық сөзжасам нәтижесінде жасалған көптеген түбірлес туынды атаулар омоним сөздер ретінде түсіндіріліп келді. Алайда, семантикалық аспектіден терең зерттеу жүргізгенде, бір түбірден тарап, конверсиялық негізде жаңа таңба ретінде танылатын атаулар омоним бола алмайтынына көз жеткізуге болады.
Таным өзгерісіне сәйкес болатын жаңа ұғымды атауда олардың ұғымдық жақындығы, ұқсастығы, тектестігі ескеріледі. Жаңадан танылған ұғымды атау үшін болмыстағы ұқсас, тектес заттар мен құбылыстар санада екшеліп, олардың номинативтік жақын белгілері таңдалады. Жаңа ұғымның ерекше номинативтік белгісі оның арнайы мағынасын туғызуға негіз болады. Семантикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы жасалған туынды атаулар негізінен денотаттың жақын, ұқсас, тектес белгілері арқылы уәжделеді.
Қазіргі қазақ тілінде бір буынды түбірлермен бірге негіздер де семантикалық сөзжасам тәсілі арқылы жаңа туынды мағынаға ие бола алады. Тілдегі жүйелі құбылыс болғандықтан, семантикалық сөзжасам тәсілі сөздердің мағыналық дамуын туғызып, екіншілік мағына жасауға мол мүмкіндік береді.
Тіліміздегі бар сөздердің мағыналық құрылымын жіктеу, саралау арқылы жаңа атау туғызу соңғы жылдары тіпті жиі қолданыс табуда. Мұндай факты, жоғарыда атап өткеніміздей, әсіресе термин жасау үрдісінде айқын аңғарылуда. Еліміз егемендік алғалы тілімізде қолданылып жүрген көптеген термин сөздерді қазақшалау қолға алынуда. Термин сөздерді қазақшалауда әртүрлі тәсіл қолданылып келеді. Соның көпшілігі семантикалық сөзжасам тәсілі арқылы іске асырылуда. Бұл тәсілдің тиімділігі орысша не орыс тілі арқылы енген өзге терминдердің мағыналық, ұғымдық ерекшелігі мен беретін мағыналық құрылымына сәйкес төл лексикалық бірліктер таңдап алынып, оның мағыналық құрылымына ерекше шартты сема жалғанады да, термин ретінде ұсынылып, қабылданады.
Ұғымның ішкі мәнін дұрыс ашып, айқындайтындықтан, семантикалық сөзжасам арқылы жасалған терминдер тез қабылданып, тілдік айналыстағы қолданысы өміршең болады.
Сонымен, семантикалық сөзжасам тәсілі арқылы сөз тудыру көне замандарда белсенді қолданылған. Сыртқы таңбалық жамылғышы өзгеріссіз қалып, мағыналық жіктеліс нәтижесінде жаңа екіншілік мағына туғызу арқылы атау жасау процесі аффиксация тәсіліне дейін өнімді қызмет атқарған. Сөз мағынасы микросемаларға жіктелу арқылы ерекше арнайы семаларға ие болған. Сөздің семантикалық дамуы мағынаның полифункциялылық қызметімен тікелей байланысты. Бір ғана лексеманың әртүрлі қызметте жұмсалуы тұлғаның сол қызметте орнығуына алып келеді де, бірте-бірте осы мағынада тұрақталады.
Семантикалық сөзжасам тәсілі арқылы жасалған атаулардың мағынасын лингвомәдени, лингвогенездік аспектіден саралау жоғары ғылыми нәтижелерге қол жеткізеді. Мағына дамуы – ұғымның, танымның дамуының көрінісі. Семантикалық сөзжасамдық тәсіл арқылы жасалған атаулар бір-бірімен генетика-семантикалық байланыста болады. Себепші негіздегі өзек сема екіншілік мағыналы туынды сөздердің шалғай өрісінде сақталады.
Достарыңызбен бөлісу: |