Азаматтық қорғау туралы


-тарау. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында



бет8/11
Дата14.06.2016
өлшемі0.58 Mb.
#136117
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

10-тарау. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында
мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің қатысуы
      58-бап. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет
      1. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің негізгі міндеттері:
      1) ұйымдарда, объектілерде және елді мекендерде өрттің алдын алу және оны сөндіру;
      2) ұйымдарда, объектілерде және елді мекендерде өртті сөндіруге байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу болып табылады.
      2. Өртке қарсы қызмет міндетті түрде құрылатын ұйымдар мен объектілердің, сондай-ақ елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі мемлекеттік емес өртке қарсы қызметпен шарттар жасасу арқылы қамтамасыз етілуі мүмкін.
      3. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өз жұмысын осы Заңға және өртке қарсы қызмет жұмысын реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.
      Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет субъектілері өрт қауіпсіздігі саласындағы міндеттерді орындауда мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарына жәрдемдесуге міндетті.
      Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің осы Заңда көзделген барлық заңды талаптарын орындауға міндетті.
      4. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жұмыс істеуге 18 жасқа толған және арнайы дайындық пен оқу курсынан өткен Қазақстан Республикасының азаматтары қабылдана алады.
      Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жұмыс істеуге психикалық ауруына, денсаулық жай-күйінің шектеулі болуына байланысты, маскүнемдігі немесе нашақорлығы бойынша денсаулық сақтау органдарында есепте тұратын, сондай-ақ мемлекеттік емес өртке қарсы қызметке жұмысқа кіру уақытында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығы адамдар қабылдана алмайды.
      Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген нормалар бойынша өз қызметкерлерін арнайы киім-кешекпен және өртке қарсы жарақтармен қамтамасыз етуге міндетті.
      5. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет өрт сөндіру техникасы, өрт-техникалық жарақтары мен жабдықтары бойынша мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары үшін белгіленген нормаларға сәйкес болуға тиіс.
      59-бап. Өртке қарсы ерікті құралымдар
      1. Дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендерде өрттің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында өртке қарсы ерікті құралымдар құрылуы мүмкін.
      2. Өртке қарсы ерікті құралымдардың негізгі міндеттеріне:
      1) дала өрттерінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендерде өрттің алдын алу және оларды жою;
      2) дала өрттерін, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендерде өртті сөндірумен байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу;
      3) өрт қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды орындау және қызмет көрсету жатады.
      Өртке қарсы ерікті құралымдар жүктелген міндеттеріне сәйкес халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту және өрт туындаған жағдайда олардың іс-қимылдар жасауға дайындығын жүзеге асыру жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.
      3. Өртке қарсы ерікті құралымдар ерікті өрт сөндірушілерден жасақталады.
      Ерікті өрт сөндірушілерге өздерінің іскерлік және моральдық қасиеттеріне, сондай-ақ денсаулық жай-күйіне қарай өрттің алдын алуға және (немесе) оларды сөндіруге байланысты міндеттерді орындауға қабілетті азаматтар ерікті негізде жеке тәртіпте қабылданады.
      Ерікті өрт сөндірушілерге қабылданған азаматтар жүргізуін өртке қарсы ерікті құралымдар жүзеге асыратын ерікті өрт сөндірушілер тізілімінде тіркеледі және мамандандырылған оқу орталықтарында алғашқы дайындықтан өтеді.
      Ерікті өрт сөндірушілердің алғашқы дайындық бағдарламасын уәкілетті орган бекітеді.
      Ерікті өрт сөндірушілердің кейінгі дайындығы өртке қарсы ерікті құралымда жүзеге асырылады.
      Ерікті өрт сөндірушілердің кейінгі дайындық бағдарламасын өртке қарсы ерікті құралымның басшысы әзірлейді және уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басшысы бекітеді.
      4. Өртке қарсы уақытылы іс-қимыл жасау үшін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісілуі бойынша өртке қарсы ерікті құралым басшысы ерікті өрт сөндірушілерді жинау тәртібі мен оларды өрт болған жерге жеткізу жолын айқындайды.
      5. Ерікті өрт сөндірушінің өрттің алдын алу және оны сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өртті сөндіруге байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды орындау кезеңінде қаза тапқан (қайтыс болған) немесе жарақаттанған жағдайдағы кепілдіктері өртке қарсы ерікті құралымның жарғысында белгіленеді.
      6. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өртке қарсы ерікті құралымдардың тізілімін жүргізеді.
4-бөлім. Өрт және өнеркәсіптік қауiпсiздiктiң жалпы талаптары 11-тарау. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету
      60-бап. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының
              мәртебесi
      1. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өрттің алдын алуды, өрт қауiпсiздiгi саласында бақылауды, өрт сөндiрудi және өрт сөндіруге байланысты бірінші кезекті авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, өртке байланысты барлық қылмыстар туралы істер бойынша анықтауды жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары уәкілетті органнан, уәкілетті органның ведомствосынан, оның аумақтық бөлімшелерінен және мемлекеттік мекемелерінен, оның ішінде уәкілетті органның білім беру ұйымынан тұрады.
      3. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының сипатын Қазақстан Республикасының Президенті бекiтетін өз тулары болады.
      4. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлеріне төтенше және соғыс жағдайы болған кезеңде атыс қаруы және арнайы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы беріледі. Атыс қаруын және арнайы құралдарды қолдану тәртібі «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
      61-бап. Қазақстан Республикасындағы өрт қауіпсіздігін
              қамтамасыз ету жүйесі
      1. Қазақстан Республикасындағы өрт қауiпсiздiгi жүйесi – өрт пен одан келтірілетін залалды болдырмауға бағытталған экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдастырушылық, ғылыми-техникалық және құқықтық шаралардың, сондай-ақ өртке қарсы қызмет күштерi мен техникалық құралдарының жиынтығы.
      2. Өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдарды, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарын, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді, өртке қарсы ерікті құралымдарды, өрт-техникалық ғылыми-зерттеу мекемелерiн, уәкілетті органның білім беру ұйымдарын, өрт-техникалық өнiмдерін шығару кәсiпорындарын қамтиды.
      3. Қазақстан Республикасындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының ведомствоішілік қызметінің міндеттері мен функциялары уәкілетті орган басшысы бекітетін қағидаларда, нұсқаулықтарда (нұсқауларда) регламенттеледі.
      62-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу
      1. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу – нормативтiк құқықтық актiлерде орындалуға мiндеттi өрт қауiпсiздiгi талаптарының белгiленуі.
      2. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге техникалық регламенттер, өрт қауiпсiздiгi нормалары, қағидалары, өрт қауiпсiздiгi талаптарын қамтитын нұсқаулықтар және өзге де нормативтiк құқықтық актiлер жатады.
      3. Өнім мен оның өмірлік цикл процестеріне өрт қауіпсіздігінің талаптары техникалық регламенттерде белгіленеді.
      4. Мемлекеттік органдар әзірлейтін және өрт қауіпсіздігінің талаптарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер уәкілетті органмен міндетті келісуге жатады.
      63-бап. Өрт қауiпсiздiгi шараларын әзiрлеу және
              iске асыру
      Өрт қауiпсiздiгi шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасына, өрт қауiпсiздiгi жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес, сондай-ақ өрттің туындау себептерін талдау және оған қарсы күрес тәжiрибесi, заттардың, материалдардың, технологиялық процестердің, бұйымдардың, конструкциялардың, ғимараттар мен құрылыстардың өрт қауіптілігін бағалау негiзiнде әзiрленедi.
      Заттарды, материалдарды, бұйымдарды және жабдықтарды дайындаушылар (жеткiзушiлер) тиiстi техникалық құжаттамада осы заттардың, материалдардың, бұйымдар мен жабдықтардың өрт қауіптілігі көрсеткіштерін, сондай-ақ оларды пайдалану кезінде өрт қауiпсiздiгi шараларын мiндеттi түрде көрсетеді.
      Кәсіпорындар, ғимараттар, құрылыстар және басқа да объектілерге арналған өрт қауіпсіздігі шараларын әзірлеу және іске асыру, оның ішінде оларды жобалау кезінде міндетті түрде өрт болған жағдайда адамдарды қауіпсіз эвакуациялауды қамтамасыз ететін шешімдер көзделуге тиіс.
      Өндірістер үшін міндетті түрде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді көздейтін өртті жою жоспарлары әзірленеді.
      Елді мекендер мен әкімшілік-аумақтық құрылымдарға арналған өрт қауіпсіздігі шараларын тиісті мемлекеттік органдар әзірлейді және іске асырады.
      64-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмыстарды
              орындау және қызмет көрсету
      Қазақстан Республикасында өрт қауiпсiздiгi саласындағы жұмыстарды орындайтын және қызмет көрсететін мемлекеттік емес ұйымдар құрылуы және жұмыс iстеуi мүмкін, ондай жұмыстар мен қызметтерге:
      1) өрт-техникалық өнiмiн өндіру, сынақтардан өткiзу, сатып алу және жеткiзу;
      2) жобалау, iздестiру жұмыстарын орындау;
      3) ғылыми-техникалық кеңес беру және жобалардың мемлекеттік сараптамасының ерекше құзыретіне жатқызылатын сараптама жұмыстарын қоспағанда, сараптама жүргізу;
      4) заттарды, материалдарды, бұйымдарды, жабдықтарды және конструкцияларды өрт қауiпсiздiгiне сынақтан өткізу;
      5) халықты өрт қауiпсiздiгi шараларына оқыту;
      6) өртке қарсы насихатты жүзеге асыру, арнайы әдебиет пен жарнама өнiмдерiн басып шығару;
      7) оттан қорғау және мұржа-пеш жұмыстары;
      8) өртке қарсы жарақтарды, өрттi сөндiрудiң бастапқы құралдарын өндiру, жөндеу және оларға қызмет көрсету, өрт сөндiру заттарының сапасын қалпына келтiру;
      9) өртке қарсы қызметтiң ғимараттары мен құрылыстарын салу, реконструкциялау және жөндеу;
      10) өртке қарсы қорғану жүйелерi мен құралдарын өндiру, монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу;
      11) өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау; 12) өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да жұмыстар мен қызметтер көрсету жатады.
      65-бап. Өртті сөндіру
      1. Өрттi сөндiру азаматтарды, мүлiктердi құтқаруға және өрттi жоюға бағытталған iс-қимыл болып табылады.
      Қоныстану аумақтарында, стратегиялық, ерекше маңызы бар мемлекеттік объектілерде және мемлекет меншігіндегі тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде өрт сөндіруді мемлекеттік өртке қарсы қызмет жүзеге асырады.
      Өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің өрт сөндіру автомобильдері мен жеке құрамы өрт сөндіру деполарының ғимараттарында орналасады.
      Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары құрылмаған елді мекендердегі өртті сөндіруді тиісті аумақтағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
      Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары құрылмаған елді мекендердегі өртті сөндіру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      Басқа объектілердегі өртті сөндіруді мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтер жүзеге асырады.
      2. Мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет міндетті түрде құрылатын ұйымдарда және объектілерде өрт сөндіруге мемлекеттік өртке қарсы қызмет тартылған жағдайда шығындарды өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіпте жүргізіледі.
      Өртке қарсы қызмет гарнизонына кіретін күштер мен құралдарды пайдалану тәртібі өртке қарсы қызмет гарнизоны бөлімшелерінің шығу кестесінде, ал ауылдық жерлердегі аудандарда өрттерді сөндіруге күштер мен құралдарды тарту жоспарында белгіленеді.
      Өрт сөндiрудi ұйымдастыру және оған мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді тарту тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.
      Өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнiң өрттi сөндiруге шығуы мүлтіксіз жүзеге асырылады.
      Өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiн шақыру үшiн елдi мекендердiң телефон жүйелерiнде «101» бiрыңғай нөмiрi орнатылады.
      3. Өрт сөндiруге тартылған өртке қарсы қызметтiң барлық бөлiмшелерi өрт сөндiру жөнiндегi басшыға бағынады. Өрттi сөндiру жөнiндегi басшының әрекеттеріне оған уәкілеттігі жоқ лауазымды адамдардың араласуына тыйым салынады.
      4. Өрт сөндіруде тікелей басшылықты өрт болған жерге келген өртке қарсы қызмет гарнизонының аға лауазымды адамы жүзеге асырады. Өрт сөндіру жөніндегі басшы өрт сөндіру бойынша міндеттерді орындауға қатысатын жеке құрамды, сондай-ақ өрт сөндіруге тартылған күштерді дара басшылық қағидаты негізінде басқарады.
      5. Уәкілетті орган басшысы өртке қарсы барлық қызметтерге қатысты аға жедел бастық болып табылады.
      Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің аумақтық органдарының басшылары тиісті облыстың, (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), облыстық маңызы бар қаланың, ауданның аумағында орналасқан өртке қарсы барлық қызметтерге қатысты аға жедел бастықтар болып табылады.
      6. Өрттердi сөндiру кезiнде келтiрiлген материалдық залал қолданыстағы заңнамада белгiленген тәртiпте өтелуге тиiс. Өртке қарсы қызметтiң жеке құрамы, аса қажеттілік жағдайларда өрт сөндiруге қатысқан өзге қатысушылар келтiрiлген залалды өтеуден босатылады.
      7. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдары және қорғаныс, Қазақстан Республикасының қылмыстық атқару жүйесі, әуе, ішкі су және темір жол көлігі, мемлекеттік орман қорының объектілеріндегі өрттерді сөндіру уәкiлеттi орган мен Қазақстан Республикасының тиісті заңды тұлғалары арасындағы келісімдерде регламенттеледі.
      8. Аварияларды, дүлей зілзалаларды және өрт сөндіруге байланысты емес өзге төтенше жағдайларды жою кезінде мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің күштері мен құралдары (ақшалай қаражаттан басқасы) оларды жою жөніндегі басшының қарамағында болады.
      9. Өрт сөндiру кезiнде мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерiнің:
      1) өрт сөндiру үшiн көлiк және басқа да материалдық-техникалық құралдарды қоса алғанда, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердiң және өртке қарсы ерікті құралымдардың күштерi мен құралдарын тартуға;
      2) өрттi сөндiру және жою бойынша жұмыстарды жүргiзу кезеңінде цехтер мен объектiлердiң жұмысын тоқтата тұруға, қажет жағдайда қауiптi аймақтан адамдарды эвакуациялауға, материалдық құндылықтарды көшiруге өкім беруге;
      3) өрт кезiнде азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында олардың жекелеген учаскелерге, аумақтарға, ғимараттардың үй-жайларына кiруiн шектеуге немесе оған уақытша тыйым салуға;
      4) өрт кезiнде азаматтардың жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында және азаматтарды құтқаруға, оттың таралуын болдырмауға және өрттi жоюға бағытталған шараларды қолдану үшiн азаматтардың тұрғын және өзге де үй-жайларына, ұйымдарына, оларға тиесiлi жер учаскелерiне, дипломатиялық өкілдіктерден және консулдық мекемелерден, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкiлдiктерiнен басқа аумаққа және үй-жайларға кедергісiз кiруге;
      5) қажет болған жағдайларда адамдарды құтқару және өрттерді сөндiру үшін жабулы есiктер мен терезелердi, сондай-ақ қоршалған құрылыстарды бұзуға;
      6) өрт сөндіру кезінде адамдарды құтқару үшін ұйымдардың көлігін, байланыс құралдарын, мүлкін және өзге де материалдық құралдарын қолдануға құқығы бар.
      66-бап. Өрт-техникалық өнімді өндіру
      Өрт-техникалық өнім Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте өндіріледі.
      Қазақстан Республикасының аумағында өрт-техникалық өнімді қолдануға рұқсатты Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган береді.
      67-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растау
      Өрт қауіпсіздігі саласындағы сәйкестікті растау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады.
      68-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу
              объектілері
      Өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық реттеу объектілері өнім және оның өмірлік циклінің процестері болып табылады.
      69-бап. Жобалау, салу, реконструкциялау және өндіру
              кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
      Техникалық реттеу объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау және өндіру кезінде:
      1) объектілерді орналастыру;
      2) объектілерді пайдалану;
      3) объектілердің өрт-техникалық жіктемесі;
      4) объектілерді өрт депосының ғимараттарымен және құрылыстарымен қамтамасыз ету;
      5) адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
      6) өрттің таралуын болдырмау;
      7) өрт сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
      8) өрт сөндіру кезінде құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша талаптар сақталуға тиіс.
      70-бап. Пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және
              іске асыру кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптары
      Техникалық реттеу объектілерін пайдалану, сақтау, тасымалдау, қолдану және іске асыру кезінде:
      1) өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар;
      2) адамдарды эвакуациялау жолдары;
      3) өрт туындаған жағдайда адамдардың қауіпсіздігін және іс-қимыл тәртібін қамтамасыз ету;
      4) инженерлік жүйелердің жарақтандырылуы мен жұмыс істеуі;
      5) өрт автоматикасы жүйелерінің жарақтандырылуы мен жұмыс істеуі, оған қызмет көрсету және тұрақты қызмет көрсету персоналы бар жерлерге шығару;
      6) өрт техникасының жарақтандырылуы мен жұмыс істеуі;
      7) өрттің таралуын болдырмау;
      8) өрт сөндіру мүмкіндігін қамтамасыз ету;
      9) объектілердің аумақтарын, ғимараттары мен құрылыстарын, үй-жайларын күтіп ұстау;
      10) өрт сөндіру кезінде құтқару жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету бойынша талаптар сақталуға тиіс.
12-тарау. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді
тәуелсіз бағалау
      71-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді
              тәуелсіз бағалауды жүргізу
      1. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау объектінің меншік иесі мен сарапшы ұйым арасында жасалатын, тараптардың құқықтары мен міндеттері белгіленетін шарт негізінде жүргізіледі.
      Тәуекелдерді тәуелсіз бағалауды жүргізу кезінде сарапшы ұйымның құқықтары мен міндеттері шартта белгіленеді.
      Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Сараптама ұйымы өрт қауіпсіздігі саласындағы өзге қызметті жүзеге асыруға, басқа жұмыстарды орындауға және (немесе) қызмет көрсетуге құқылы емес, сондай-ақ өзіне меншік құқығында тиесілі объектіде өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерге тәуелсіз бағалауды жүргізе алмайды.
      2. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау мынадай іс-шараларды:
      1) объектінің өрт қауіптілігін, сондай-ақ персоналдың дайындық деңгейін сипаттайтын құжаттарды талдауды;
      2) объектінің өрт қауіпсіздігі жағдайы туралы объективті ақпарат алу, өрттің туындау және өршу, өрттің қауіпті факторларының адамдарға әсер ету мүмкіндігін анықтау үшін, сондай-ақ объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін айқындау үшін объектіні тексеруді;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тәртіпте өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді бағалау бойынша есептерді жүргізуді;
      4) объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі немесе сәйкес еместігі туралы қорытынды дайындауды қамтиды.
      Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерге тәуелсіз бағалауды жүргізу нәтижелері қорытынды түрінде ресімделеді.
      Сарапшы ұйым қорытынды жасалғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде қорытындының көшірмесін уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне ұсынады.
      Қорытындының қолданылу мерзімі үш жылды құрайды.
      3. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау мемлекеттік меншік объектілерінде, адамдар жаппай жиналатын және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде жүргізілмейді.
      Тәуекелдерді тәуелсіз бағалау нәтижелері объектілерді қауіп-қатер дәрежесі бойынша бөлу үшін негіз болып табылады.
      72-бап. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді
              тәуелсіз бағалау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу
      1. Өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекелдерді тәуелсіз бағалау жөніндегі ұйымдарды аккредиттеуді уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Өзінің штатында кемінде үш маманы бар мынадай талаптардың біріне сай келетін:
      1) өрт қауіпсіздігі саласында жоғары білімі бар;
      2) өзге жоғары білімі және мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерде кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, арнайы оқыту курстарынан өткен ұйымдар сарапшы ұйымдар бола алады.
      Сараптама ұйымдарына арналған мамандарды арнайы оқыту курстары мамандандырылған оқыту ұйымдарында өткізіледі, оларға қойылатын талаптарды, сондай-ақ арнайы оқыту курстарынан өту шарттары мен тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
      3. Аккредиттеу үшін ұйым мынадай құжаттарды:
      1) өтінішті;
      2) ұйым жарғысының көшірмесін (тексеруге үшін түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған);
      3) ұйымды заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесін;
      4) ұйым мамандарының білімі туралы, мемлекеттік және (немесе) мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердегі жұмыс өтілі, сондай-ақ олардың арнайы оқыту курстарынан өткені туралы құжаттарының көшірмелерін (тексеру үшін түпнұсқасын ұсынбаған жағдайда нотариалды куәландырылған);
      5) ұйымға меншік құқығында немесе өзге заңды негізде тиесілі үй-жай, жабдық туралы мәліметтерді ұсынады.
      4. Аккредиттеу туралы құжаттарды қарау және олар бойынша шешімдер қабылдау үшін тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады, оның құрамы мен қызметінің тәртібін уәкілетті органның басшысы белгілейді. Аккредиттеу туралы құжаттарды қарауды олар уәкілетті органға түскен сәттен бастап есептелетін отыз жұмыс күні ішінде Комиссия жүзеге асырады.
      Оң шешім қабылданған жағдайда уәкілетті орган сарапшы ұйымдардың мемлекеттік тізіліміне тиісті жазба енгізеді және өтініш берушіге аккредиттеу аттестатын береді.
      5. Ұсынылған құжаттар осы баптың 2 және 3-тармақтарының талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті орган аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.
      Аккредиттеуден бас тартылған жағдайда, өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде мұндай бас тартудың себептері көрсетіле отырып, дәлелді жазбаша жауап жіберіледі.
      6. Аккредиттеу мәселелері бойынша даулар туындаған кезде өтініш берушілер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте сотқа жүгінуге құқылы.
      7. Уәкілетті орган берген аккредиттеу аттестаттары Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды және олардың қолданылу мерзімі бес жыл.
      Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі аккредиттеу туралы шешім қабылданған сәттен бастап есептеледі.
      Аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімінің өтуіне байланысты сарапшы ұйым қайта аккредиттеу үшін осы бапта көзделген құжаттарды ұсынады.
      8. Аккредиттеу аттестатында:
      1) ұйымның атауы (атауы және ұйымдық-құқықтық нысанын көрсету), орналасқан жері;
      2) аккредиттеу аттестатының тіркеу нөмірі;
      3) аккредиттеу аттестатының сарапшы ұйымдардың мемлекеттік тізілімінде тіркелген күні;
      4) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімі көрсетіледі.
      Аккредиттеу аттестатының бланкілері қатаң есептілік құжаттары болып табылады, олардың қорғанышы мен нөмірі болады.
      Аккредиттеу аттестаты бір данада беріледі, аккредиттеу аттестатын басқа заңды тұлғаларға беруге тыйым салынады.
      Жоғалған, бүлінген аккредиттеу аттестаттары сарапшы ұйымның уәкілетті органға жазбаша өтініш (аккредиттеу аттестатының жоғалу, бүліну фактісін растайтын құжаттарды қоса) берген күнінен бастап жарамсыз болып саналады.
      Уәкілетті орган өтініш берілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аккредиттеу аттестатының телнұсқасын береді.
      9. Аккредиттеу аттестатынан айыру Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.
      10. Аккредиттеу аттестатының қолданылуы:
      1) сарапшы ұйымның аккредиттеу аттестатының қолданылуын тоқтату туралы өтініш беруі;
      2) аккредиттеу аттестатының қолданылу мерзімінің өтуі;
      3) заңды тұлғаның таратылуы;
      4) аккредиттеу аттестатынан айыру негізінде тоқтатылады.
      11. Аккредиттеу аттестатының қолданылуы тоқтатылған жағдайда сарапшы ұйым аккредиттеу аттестатын уәкілетті органға он күн мерзімде қайтаруға міндетті.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет