Азаматтық қорғау туралы



бет7/11
Дата14.06.2016
өлшемі0.58 Mb.
#136117
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

              күттірмейтін жұмыстар
      Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар:
      1) авариялық-құтқару жұмыстарына;
      2) басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға бөлінеді.
      Авариялық-құтқару жұмыстары осы жұмыстарды жүргізетін адамдардың өмірі мен денсаулықтарына қауіп төндіретін факторлардың болуымен сипатталады және оларды арнайы дайындауды, қызметтік киіммен жабдықтауды және жарақтандыруды талап етеді.
      Авариялық-құтқару жұмыстарына төтенше жағдай аймағын және зақымдандыру ошағын барлау, зардап шеккендерді іздеу және қоршаудан шығару, өрттерді сөндіру, төтенше жағдай аймағына және зақымдандыру ошағына сұйық отынды, газды, электр энергиясын және суды берудің зардап шегушілерді іздеуге және құтқаруға кедергі жасайтын көздерін авариялық сөндіру, адамдарды құтқару, оларға алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шегушілерді төтенше жағдай аймағынан және зақымдандыру ошағынан эвакуациялау, олардың тіршілігін қамтамасыз ету жатады.
      Басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар тығыз мерзімде орындалады және авариялық-құтқару жұмыстары толық аяқталғанға дейін үздіксіз жүргізіледі.
      Басқа кезек күттірмейтін жұмыстарға азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын енгізу маршруттарын және авариялық-құтқару жұмыстардың объектілеріне кіреберіс жолдарын жабдықтау; коммуналдық-энергетикалық желілердегі аварияларды оқшаулау және жою, технологиялық қондырғылар мен құбырларда жарылыстар мен өрттерді болдырмау; су құбырлары, энергетикалық, газ және жылу желілерінің және байланыс желілерінің жекелеген учаскелерін қалпына келтіру; уақытша су құбыры желілерін төсеу; уақытша сұлбалар бойынша зардап шеккен халық пен құтқарушылардың тіршілігін қамтамасыз етудің бірінші кезекті объектілерін қалпына келтіру, аумақтарды санитарлық тазарту, сондай-ақ зардап шеккендер мен құтқарушыларды уақытша орналастыру және басқа да осындай мақсаттар үшін зақым келтірілген ғимараттар мен құрылыстарды нығайту немесе жарым-жартылай қалпына келтіру жатады.
      44-бап. Жеке және заңды тұлғалардың денсаулығы
              мен мүлкiне, азаматтық қорғау саласындағы
              объектілерге келтiрілген зиянды өтеу
      Жеке тұлғалардың денсаулығына келтiрiлген зиян жәбірленушінің еңбек қабiлеттілігінен айырылу дәрежесiн, оның емделуiне, денсаулығын қалпына келтiруiне, аурудың күтіміне жұмсалған шығындарды, Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес берілетін бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақыларды ескере отырып, зиян келтiрушiнiң есебінен толық көлемде өтелуі тиiс.
      Зардап шеккен жеке және заңды тұлғалар залал келтiрушiден жеке тұлғаның денсаулығына келтірілген залалмен немесе жақын туыстардың өлімімен, сондай-ақ ұйымдар мен азаматтардың қызметi туғызған техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан олардың мүлкінің зақымдануымен немесе жойылуымен байланысты шығындарды өтеудi талап етуге құқылы.
      Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан жеке тұлғалардың денсаулығына зиянды, жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне залалды өтеу ерікті түрде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот шешімі бойынша жүргізіледі.
      Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындауына кінәлі ұйымдар мен азаматтар жерлердің рекультивациясына және жердің табиғи құнарлығын қалпына келтіру бойынша шығындарды қоса алғанда, жерге, суға, өсімдік және жануарлар әлеміне (аумағына) келтірілген залалды өтеуге міндетті.
      Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан болған залал азаматтардың ең аз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті мөлшерде өтеледі.
      Зардап шегуші төтенше жағдайдың туындау қаупі, мүлікті сақтау тәсілдері туралы хабардар етілген жағдайда мүліктің жойылу немесе бүліну қауіп-қатерін төмендету шараларын қабылдамаған және зардап шегуші ескертуді елемеген кезде залалды өтеу алып тасталады.
      Азаматтардың денсаулығы мен мүлкiне, шаруашылық объектiлерге келтірілген залалды өтеуді Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
      Салынған тұрғын үй Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіпте төтенше жағдай нәтижесінде үйсіз қалған азаматтарға беріледі.
      Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй Қазақстан Республикасы аумағындағы экологиялық апаттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын уйі тұруға жарамсыз болған азаматтарға өтемсіз негізде беріледі.
      Мыналар:
      1) аяқталмаған құрылыс объектілері, уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық және сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес жылжымайтын объектілерге жатпайтын өзге де құрылыстар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бас жоспарының талаптарына жауап бермейтін аумақтарда салынған объектілер;
      2) бағалы киім, сән-салтанатты немесе қымбат бағалы металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдік құндылығы бар заттар өтелуге және қалпына келтірілуге жатпайды.
      Төтенше жағдай туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне келтірілген залал Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіпте сақтандырушы қаражаты есебінен өтелуге жатады.
      Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушы жүзеге асырылған сақтандыру төлемі шегінде залал келтірушіден сақтандыру төлемін өтеуді талап етуге құқылы.
      Республикалық мемлекеттік кәсіпорындарға тиесілі, республикалық меншік объектілері болып табылатын ғимараттарға, құрылыстарға залал келтірілген жағдайда, жергілікті ауқымдағы табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарын жоюға бюджеттік қаражат бюджеттік бағдарламалардың тиісті әкімшілері арқылы республикалық бюджеттен бөлінеді.
9-тарау. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары
      45-бап. Авариялық-құтқару қызметi мен құралымдарын құру
      Қазақстан Республикасында авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары:
      1) тұрақты штат негiзiнде – кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құралымдары, оның iшiнде өртке қарсы, суда құтқару, жедел-құтқару, жедел медициналық және психологиялық көмек, әуе-құтқару, әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, атқыламаға қарсы, газдан құтқару және басқа төтенше жағдайлар саласындағы басқа мамандандырылған бөлiмдер мен бөлiмшелер;
      2) ерiктi негiзде – ерiктi авариялық-құтқару құралымдары, оның iшiнде ерiктi өртке қарсы және суда құтқару құралымдары құрылады.
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары:
      1) республикалық және аумақтық (бекітілген аумақтар мен қауіпті өндірістік объектілерде авариялық-құтқару жұмыстарын орындайтын мемлекеттік мекемелер және шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындар) – Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмi бойынша;
      2) объектiлiк (қызметiн жүзеге асыру үшiн Қазақстан Республикасы заңдарымен және өзге нормативтiк құқықтық актiлермен ұйымдардың өздерінде авариялық-құтқару қызметiнің мiндеттi түрде болуы көзделген) – объект басшысының шешімі бойынша құрылады.
      3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтері құтқару және арнаулы техникамен, жабдықпен, құрал-сайманмен, керек-жарақпен, аспаптармен жарақтандырылады.
      Құтқару және арнаулы техника, авариялық-құтқару аспап, құтқару жабдығы мен құрал-саймандары, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтерінің құтқарушылары ғимараттар мен құрылыстардың мамандандырылған кешенінде орналастырылады.
      4. Ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын өз қызметкерлерінен жасақталған ұйымдар құрады.
      46-бап. Авариялық-құтқару қызметтерін тiркеу
      1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу құқығына куәлік негізінде міндетті тіркелуге жатады.
      2. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тіркеуді (есепке алуды) уәкілетті орган жүзеге асырады.
      47-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің қызметi
      1. Авариялық-құтқару қызметі мен құралымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының заңнамасын, тиісті ережелерді, жарлықтарды, қағидалар мен басқа нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
      2. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері төтенше жағдайлар аймақтары мен зақымдандыру ошақтарындағы авариялық-құтқару жұмыстар мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстардың барлық тізбесін жүргізеді.
      3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының қызметi ерекше сипатта болады, аталған қызметтің басшылары берген бұйрықтар мен өкiмдердi олардың барлық қызметкерлерiнiң мүлтiксiз орындауын көздейдi. Бұл талаптар, сондай-ақ оларды төтенше жағдайларды жоюға ерiктi авариялық-құтқару құралымдарына тартқан кезден бастап қойылады.
      4. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының тұрақты дайындығы кәсiби даярлау бойынша оқу-жаттығулар, жүйелi сабақтар мен арнайы жаттықтыру жиындарын өткiзу арқылы қамтамасыз етiледi және өз өкілеттігі шегінде уәкілетті орган жүзеге асыратын аттестаттау және тексерулер барысында тексеріледі.
      5. Азаматтық қорғау күштерінің жедел көлігі дыбыстық және жарықтық дабылдары бар арнаулы құрылғылармен, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi түрлi-түстi бояулы таңбалармен мiндеттi түрде жабдықталады.
      48-бап. Авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттау
      1. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары аттестаттауға және қайта аттестаттауға жатады.
      2. Авариялық-құтқару қызметтерін және құтқарушыларын аттестаттау:
      1) олардың авариялық-құтқару жұмыстарын орындау даярлығының дәрежесін;
      2) тиісті техниканың, мүліктің және жабдықтардың болуы мен жай-күйін;
      3) құтқарушылардың кәсіби әдетінің, медициналық дайындығының, дене бітімі, психологиялық және моральдық дайындығының сәйкестігін анықтау мақсатында жүргізіледі.
      3. Авариялық-құтқару қызметтері және құтқарушылар бастапқы, қайталама, мерзімді және кезектен тыс аттестаттауға жатады:
      1) бастапқы аттестаттауға жаңадан құрылған авариялық-құтқару қызметтері, сондай-ақ құтқарушы болуға тілек білдірген азаматтар жатады;
      2) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушылардың қызметін жаңғырту үшін, өткен аттестаттауда анықталған кемшіліктер жойылғаннан кейін қайталама аттестаттау жүргізіледі;
      3) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушыларды мерзімді аттестаттау оларды аттестаттау мерзімі өткен соң, бірақ кемінде үш жылда бір рет жүргізіледі;
      4) авариялық-құтқару қызметтері мен құтқарушыларды кезектен тыс аттестаттау олардың орындайтын авариялық-құтқару жұмыстарының тізбесі өзгерген жағдайда жүргізіледі.
      4. Аттестаттауды:
      1) өзі жұмыс істейтін құтқару бөлімшесінің ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, кәсіби республикалық авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын аттестаттау және құтқарушыларға «Халықаралық сыныптағы құтқарушы» сыныптық біліктілігін беру үшін уәкілетті органның шешімімен;
      2) ведомстволық авариялық-құтқару қызметтерін және құрамаларын аттестаттау үшін уәкілетті органның, министрліктің, ведомствоның, жергілікті атқарушы органның бірлескен шешімімен;
      3) құтқарушыларды аттестаттау үшін авариялық-құтқару қызметі, құралымдары бастықтарының шешімімен заңнамада белгіленген тәртіпте құрылатын аттестаттау комиссиялары жүргізеді.
      5. Аттестаттаудан өткен авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына уәкілетті органның тиісті аттестаттау комиссияларының шешімі негізінде авариялық-құтқару жұмыстарының белгілі бір тізбесін жүргізу құқығына белгіленген үлгідегі куәлік, ал құтқарушыларға құтқарушы кітапшасы және жетон беріледі.
      49-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен
              құралымдарының, сондай-ақ мемлекеттік
              емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестiру
      1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестiрудi уәкілетті орган жүзеге асырады.
      2. Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтердің жұмысын үйлестiру:
      1) төтенше жағдайлар салдарын жою үшiн қажеттi күштер мен құралдарды жедел тарту;
      2) авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары жұмысының нормативтiк құқықтық базасын бiріздендіру;
      3) мемлекеттік емес өртке қарсы және авариялық-құтқару қызметтері, құралымдары және мүдделі мемлекеттік органдар бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды пысықтау мақсатында жүзеге асырылады.
      50-бап. Авариялық-құтқару қызметтерінің орнын ауыстыру,
              оларды қайта бейiмдеу, тарату
      1. Мiндеттi түрде құрылу қажеттiгi Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кәсiби авариялық-құтқару қызметi мен құралымдарын басқа жерге ауыстыруға, оларды құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстардың өзге түрiне қайта бейiмдеуге немесе таратуға олар қызмет көрсететiн басқа ұйымдардың жұмыс iстеуiнiң тоқтатылуы немесе оларды алдын алу және жою үшiн аталған қызметтер мен құралымдар арналған төтенше жағдайлар пайда болу қаупiнің жойылуы негіз болып табылады.
      2. Авариялық-құтқару қызметтерін тарату туралы шешiмдер қабылдаған кезде, ұйым басшылығы ол туралы уәкілетті органды хабардар етеді.
      51-бап. Құтқарушылар
      1. Құтқарушы болу ниеті бар Қазақстан Республикасының азаматтары он сегіз жасқа толған, жоғары, орта (толық) жалпы білімі бар, медициналық куәландыру кезінде құтқарушы жұмысына жарамды деп танылған болуы тиіс.
      2. Қазақстан Республикасының азаматтары медициналық куәландырудан, дене шынықтыру жөнiндегi нормативтердi орындаудан, құтқарушылар даярлаудың бағдарламасы бойынша оқытудан өткеннен кейiн, авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге аттестаттау нәтижелерi бойынша құтқарушы мәртебесiне ие болады.
      3. Қазақстан Республикасының азаматтарына құтқарушы мәртебесiн беру туралы аттестаттау органдарының шешiмi қабылданған кезде оларға белгiленген үлгiдегi куәлiк, құтқарушы кiтапшасы бетіне тегi, аты, әкесiнiң аты, қан тобы және құтқарушының тiркеу нөмiрi жазылған жетон берiледi.
      52-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен
              құралымдарын жасақтау
      1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жеке құрамын жасақтау ерiктi негiзде жүзеге асырылады.
      2. Авариялық-құтқару қызметтерінде тікелей құтқарушылар міндетін атқаруға құтқарушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқу бiтiрген және авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге белгiленген тәртiппен аттестаттаудан өткен азаматтар тікелей құтқарушылар мiндетiн атқаруға жiберiледi.
      Құтқарушылар болып жұмысқа психикалық ауруы, денсаулық жағдайы себепті, маскүнемдігі немесе нашақорлығы бойынша денсаулық сақтау органдарында есепте тұратын, сондай-ақ жұмысқа кіру уақытында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен соттылығы өтелмеген немесе алынбаған адамдар қабылдана алмайды.
      Аталған адамдар кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінде үш ай ішінде тағылымдамадан өткен соң және құтқарушы біліктілігін алғаннан кейін дербес жұмысқа жіберіледі.
      Авариялық-құтқару қызметтерінің басшы құрамы қызмет көрсететін ұйым қызметінің немесе аумақтың ерекшелігіне сәйкес жоғары білімі бар және арнайы дайындықтан өткен адамдардан жинақталады.
      53-бап. Құтқарушылардың құқықтары
      1. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға тартылған құтқарушылардың аталған жұмысты жүргiзетiн жерге бару кезiнде көлiктiң барлық түрiне билеттердi кезексiз алуға құқығы бар.
      2. Құтқарушылар тиесілілік нормалары бойынша арнайы киім-кешекпен және жарақтармен қамтамасыз етіледі.
      3. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу барысында құтқарушылар:
      1) адамдарды құтқаруға бағытталған кез келген шараларды қолдануға;
      2) өз мiндеттерiн орындау үшiн қажеттi толық әрi айқын ақпарат алуға;
      3) авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу үшiн ұйымдардың аумағы мен өндiрiстiк объектiлерiне, тұрғын үйлерге кедергiсiз кiруге;
      4) төтенше жағдай аймағындағы барлық адамдардың бәрінен белгiленген қауiпсiздiк шараларын сақтауды талап етуге;
      5) авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу технологиясына сәйкес жабдықталуға және жарақтандырылуға;
      6) азаматтардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында олардың жекелеген учаскелерге, аумақтарға, ғимараттардың үй-жайларына кiрулерiн шектеуге немесе оған уақытша тыйым салуға;
      7) азаматтарды құтқаруға бағытталған шараларды қабылдау үшiн дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерден, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкiлдiктерiнен басқа тұрғын үй және өзге де үй-жайларға, заңды және жеке тұлғалардың аумақтарына кедергісiз кiруге;
      8) қажет болған жағдайларда жабық есiктер мен терезелердi, сондай-ақ адамдарды құтқаруға кедергi болатын құрылыстарды бұзып ашуға;
      9) адамдарды құтқару үшiн ұйымдардың көлігін, байланыс құралдарын, мүлкiн және өзге де материалдық құралдарын пайдалануға құқылы.
      4. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізген кезде адам өмірін құтқарумен байланысты аса қажет болған жағдайларда қатысқан құтқарушылар келтiрiлген залалды өтеуден босатылады.
      5. Авариялық-құтқару қызметтерінің құтқарушылары құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезеңінде Қазақстан Республикасының Үкiметі белгiлеген нормалар бойынша шығыны авариялық-құтқару қызметi мен құралымдарын ұстауға бөлiнетін қаражат есебiнен төленетiн тамақ өнiмдерiмен және тұратын орынмен қамтамасыз етiлуге құқылы.
      6. Еңбек шарты бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi орындау барысында зардап шеккен кәсiби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының құтқарушылары, сондай-ақ ерiктi авариялық-құтқару қызметiнiң құтқарушылары және құтқарушы болып табылмайтын азаматтар оларды авариялық-құтқару жұмыстары мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге тартылған кезде тегiн медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі.
      7. Объектілік авариялық-құтқару қызметiнiң құтқарушыларын және құтқарушылар болып табылмайтын азаматтарды авариялық-құтқару мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге тартқан кезде олардың негiзгi жұмыс орны бойынша орташа жалақысы сақталады.
      8. Төтенше жағдайлар салдарын жою кезеңінде әскери авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын тамақпен қамтамасыз ету апат болған қауіпті өндірістік объектінің иесі есебінен жүргізіледі.
      54-бап. Құтқарушылардың мiндеттерi
      1. Құтқарушылар:
      1) зардап шеккен адамдарды iздестiруге, оларды құтқару жөнiнде шаралар қабылдауға, оларға алғашқы медициналық және басқа да жәрдем түрлерiн көрсетуге;
      2) авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге қатысуға дайын болуға, өздерiнiң дене шынықтыру, арнайы, медициналық, психологиялық дайындығын жетiлдiруге;
      3) авариялық-құтқару құралымдарының құрамындағы iс-қимыл дағдыларын жетiлдiруге;
      4) авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу технологиясын мүлтіксiз сақтауға;
      5) құрамындағы құтқарушылары аталған жұмыстарды жүргізуге қатысатын авариялық-құтқару құралымдары басшыларының авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу барысында беретiн бұйрықтарын мүлтiксiз орындауға;
      6) төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында азаматтарға қауiпсiз жүрiп-тұру қағидаларын және олар туындаған жағдайда iс-қимыл жасау тәртiбiн түсiндiруге мiндеттi.
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының мiндеттерi тиiстi жарғыларда, ережелерде, нұсқауларда белгiленедi және еңбек шартының құрамдас бөлiгi болып табылады.
      55-бап. Құтқарушылар қызметiнiң құқықтық кепiлдiктерi
      1. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу барысында құтқарушылар осы Заңды, авариялық-құтқару қызметiнiң мәселелерi жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi басшылыққа алады және құрамында аталған жұмыстарды  жүргiзетiн авариялық-құтқару қызметi мен құралымдарының басшыларына ғана бағынады.
      2. Ешкім де құтқарушылардың өз мiндеттерiн атқаруына кедергi жасау мақсатында қандай да бір нысанда ықпал етуге құқылы емес.
      56-бап. Құтқарушылардың жұмыс істеу (қызмет) және
              демалыс режимi
      1. Күнделiктi қызметте кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс істеу (қызмет) режимi iшкi еңбек тәртiбiнiң қағидаларында, кезекшiлiк кестелерiнде, арнайы дайындық жөнiндегi сабақ немесе өзге іс-шаралар кестелерiнде белгiленедi.
      2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс істеу режимi жұмыс күнi мен жұмыс жылы iшiнде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес медициналық және санитарлық-гигиеналық нормалар ескерiле отырып, белгiленедi.
      3. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының күту және авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге ұдайы әзірлікте болу режимiнде үйде кезекшiлiк ету уақыты кезекшiлiктiң әр сағатына сағаттың төрттен бiрi мөлшерiнде есептеледi.
      4. Авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу кезiнде кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдары құтқарушыларының жұмыс істеу режимi мен жұмыс ауысымының ұзақтығын төтенше жағдайлардың сипатын, авариялық-құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу ерекшелiктерi мен медициналық ұсыныстарды ескере отырып, төтенше жағдайларды жою басшылары белгiлейдi.
      5. Орталық атқарушы органдардың кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының құтқарушыларына ұзақтығы күнтiзбелік отыз күндi құрайтын ақылы демалыс берiледi. Әр үш жыл өтілі үшін ұзақтығы бір күн, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын қосымша ақылы демалыс беріледі.
      57-бап. Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның
              авиациясы
      Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы:
      1) іздеу-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша ұшуды, дүлей зілзалалар кезінде көмек көрсетуді;
      2) халыққа медициналық көмек көрсету және санитарлық іс-шараларды жүргізу бойынша ұшуды;
      3) уәкілетті органның, оның құрылымдық аумақтық бөлімшелерінің және ерікті құтқарушы құралымдардың жеке құрамы мен жүгін төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізу бойынша көліктік-жолаушы ұшуын;
      4) төтенше жағдай аймағынан зардап шеккен адамдарды, халықты және мүлікті, сондай-ақ шетелдерден азаматтарды эвакуациялау бойынша ұшуды;
      5) төтенше жағдайлар аймақтарына гуманитарлық жүкті жеткізу бойынша ұшуды;
      6) республикалық және халықаралық оқуларға, уәкілетті органның және басқа да мемлекеттік басқару органдарының желісі бойынша халықаралық жобаларға қатысуды;
      7) авиациялық техника мен оның компоненттеріне техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу бойынша қызметтерді көрсетуді;
      8) жолаушыларды, багажды, жүктерді және поштаны әуе тасымалдауды;
      9) аэротүсірілім, картографогеодезиялық жәнеавиациялық-химиялық жұмыстарды жүргізу бойынша ұшуды;
      10) орман шаруашылығына қызмет көрсету бойынша ұшуды;
      11) құрылыс-монтаждау және жүкті тиеу-түсіру жұмыстарын қамтамасыз ету бойынша ұшуды;
      12) көліктік-байланыс ұшуын;
      13) теңiз кемелерiнен және теңiздегi бұрғылау қондырғыларынан, вахталық бригадаларды, жабдықты және басқаларды тасымалдау бойынша мұнай-газ секторының жасанды аралдарынан ұшуды;
      14) әуежайлық қызметті жүзеге асыруды;
      15) төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою үшін далалы, сулы, орманды және таулы жерлерді патрульдеу бойынша ұшуды;
      16) өрттердің алдын алу және оларды сөндіру бойынша ұшуды;
      17) бақылау және хабардар ету қызметтерін ұйымдастыру бойынша ұшуды (бекеттерді қою және оларға қызмет көрсету);
      18) жағдайды кешенді бағалау мақсатында аумақтарды аэровизуальдық аралап ұшуын (сел ағындары, тасқындар, сырғымалар және басқалар);
      19) далалық экспедициялық жұмыстарға қызмет көрсету бойынша ұшуды;
      20) электр қуатын беру желілерін және магистральдық құбырларды зерттеу бойынша аэровизуальдық ұшуды;
      21) ұшқыштар құрамының кәсіби деңгейін сақтау және жаңа техниканы игеруге арналған жаттығу ұшуын орындайды.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет