Бекежан:
Айт дедің, ал айтамын жылап жүрме,
Көптен бергі масқараң жетті бізге.
Қособаның көлінде жатып алдым,
Мергендікпен бір қарақшы атып алдым.
Өзім батыр болған соң кімді аяйын,
Төлегенді өлтіріп, атын тартып алдым.
Қыз Жібек Төлегеннің өлгенін естіп, жоқтап жылап айтқаны:
Басынан бас қосқаным Жағалбайлы,
Малдарын көптігінен баға алмайды.
Өлгені Төлегеннің рас болса,
Құдайым қыз Жібекті неге алмайды?
Тағы айтам, бас қосқаным Жағалбайлы,
Жылқысын көптігінен баға алмайды.
Сол елде ер жеткен қайным жоқ па,
Жесірін іздеп келіп неге алмайды?
Сол жерге өзім іздеп барар едім,
Əттең-ай, əйел жолды таба алмайды.
Бір сұмдықтың болғанын
Бекежаннан көреді,
Туыстары келеді.
Бекежандай ақымақтың
Мойнына шылбыр салады,
Төлегеннің жолына
Құрбандық қылып шалады.
Сөйтіп, қыз Жібектің бауырлары Бекежанды өлтіріп, кектерін қайтарды.
Ендігі сөзді Базарбай жөнінде айтпақшымыз. Базарбай Төлегеннен хабар
біле алмады. Бір күні өзінің қадірлі адамы Шеге ақынды шақыртып алып:
«Төлегеннің кеткеніне бір жыл болды. Хабар болмады. Сансызбай екеуің
іздеп, Төлегеннің жай-жапсарын біліп келіңдер», – деді. Шеге Базарбайдың
айтқанынан шықпаған, əрі батыр, əрі шешен адам еді. Сансызбайдың жау-
жарағын сайлап, жөнеп берді. Үш ай жол жүріп, Ақ Жайық аулының шетін
жағалап келеді. Қой жайып жүрген бір қойшыға душар болады. Шеге ақын осы
қойшыдан: «А, қарағым, бұл кімнің жері, кімнің елі?», – деп жөн сұрайды.
Қойшы: – Біз алты Шекті еліненбіз. Ханымыз Сырлыбай деген болады.
Шеге: – Мына қаптап жатқан қалың ел өз еліңіз бе?
Қойшы: – Жоқ, аға түптен Қорен хан деген қанша мың қолымен келіп,
ханымыздың қызы Жібекті бересің. Бермесең, ел-жеріңді шауып аламын деп
қамаған соң, ханымыздың амалы таусылып, қызын осы Қорен ханға бермек
болып, тойын жасап жатыр.
Шеге тағы да:
– Бұл Жібек қыздың бұрын сөйлесіп жүрген жігіті жоқ па екен? – деп
сұрады.
Сонда қойшы айтады:
– Бұрын Төлеген деген мырза сөйлесіп, Жібекті алған, ол үш айдан кейін
еліне барып келуге кеткен еді. Жазғытұрым жалғыз қайтып келе жатқанда,
Қособаның көлінде Бекежан деген нəлет жолын тосып барып, көрінбей жатып
Төлегенді атып өлтірген.
Сонда Сансызбай ағасының өлгенін естіп, шалқасынан құлап жылайды.
Қойшы шошыды «Бекерге айтқан екенмін», – деп. Сансызбай басылмай
көп жылады. Шеге ақын Сансызбайға қайрат беріп: «Ай, Сансызбай қарағым,
болды. Ен далада жылай бергенің жарамайды. Болар іс болыпты. Одан гөрі
ақылға келелік, енді құр кеткеніміз дұрыс болмайды. Жоқ дегенде, Жібекке
жолығып кетуіміз керек, қарағым. Əйтпесе көңіліміздің жалыны басылмайды.
Енді мен барып, Жібекпен сөйлесіп келейін, сен кідіре тұр», – деп кетеді.
Шеге Жібектің алдына барып жолығады. Жібек басқа жерден келген
адам екенін сезіп, жылы қабыл алып сөйлеседі. Содан соң Сансызбайды
шақырып алады. Шегені жөнелтіп, Жібек Сансызбайды кетірмей түнетеді. Бұл
үшеуінің кеңесін ешкім білген жоқ. Ертеңіне Сансызбайды жібереді. «Сіздер
пəленше жерге барып мені тосып тұрыңдар. Мен Қорен ханның бір тұлпарын
сұрап мініп, арттарыңнан барармын», – дейді.
Шеге мен Сансызбай кете берсін. Енді Қорен хан жөнінде сөз болмақшы.
Қыз Жібек өзінің жеңешесін шақырып алып, Қорен ханның бір тұлпарын
сұратып жібереді. Жібек ол күні Сансызбайды жіберген жоқ. Біріне бірі қызық
көрініп, сөз байласты. Бұл екеуінің əңгімесін ешкім білген жоқ. Ертеңіне
Жібек Сансызбайдың қолын ұстап: «Енді сіздер қайтадан жолға шығуға
даярланыңыздар. Мен Қорен ханның бір тұлпарын сұрап мініп арттарыңнан
жетермін», – деп Сансызбайды жібереді.
Сансызбай, Шеге бара берсін. Ендігі сөз Жібек пен Қорен хан жөнінде
болмақшы.
Жібек бір жеңешесін шақыртып алып, Қорен ханның бір тұлпарын сұрап
əкеп бер деп жіберді. Жеңешесі Қорен ханға барып сұрап тұрған жері:
Күйеу бала Қорен хан,
Жібек сізге жіберді.
Тұлпардың бірін бер дейді,
Ертең көшке мінеді.
Сонда Қорен сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
– Ой, жеңеше, жеңеше,
Көрініп Жібек келмесе,
Көп күндер өтті бірнеше.
Тимесе Жібек тимесін,
Тұлпардың бірін сұрама,
Əйелдер тұлпар мінер ме? –
деп бермей қойды.
Жібек сонда ойланып: «Қой, іс мүшкіл болып қалған екен, өзім барып
көрейін», – деп киімдерін киіп, шашбауларын тағынып, қылаң етіп, қылт етіп,
сылаң етіп, сылт етіп, Қорен ханның үстіне кіріп барды. Сол уақытта Қорен
хан Жібекті көріп қалып, толықсыған көркіне разы болып, орнынан тұра келді.
Жібек айтты: «Қорен хан, ат сұратсам, неге бермей қойдыңыз?».
– Ойбой-ой, көп күндер өтті. Бір көрінбеген соң, көңілім бұзылып,
бермей қойғаным рас. Екі тұлпарым бар, қайсысын мінесің? – деді Қорен хан.
Жібек:
– Қайсысы жақсы?
– Ой, көк сандалым жақсы ғой. Соны мін.
Қорен хан сасқалақтап, көк сандалды өзі ерттеп жатқанда, Жібек
Қореннің бүктеулі жатқан ақ семсерін
беліне байлай қойды.
Қорен хан байқап қалды:
– Ай, Жібек, оны не қыласың?
Жібек күлімсіреп, Қоренге қарап: «Қорен ханның семсері деп қыздарға
көрсетемін», – деді.
Қорен: «Олай болса, мейлі», – деп көк сандалды Жібекке берді де:
«Жібек, абайлап жүрмесең, еті қызғанда, бой бермей алып кетеді, құлап қалма.
Мен қаз мойын қара тұлпарды мініп, артыңнан қарармын», – деді. Жібек:
«Қорықпай-ақ қойыңыз. Хан басыңызбен қойшы-қолаңша артымнан
жүргеніңіз ұят болады. Қосыңызда жата беріңіз. Мен кешке қарай келемін», –
деп жүріп кетті.
Жөнеді Жібек жөнеді,
Қамшыны ұрып келеді,
Ойлау жермен орғытып,
Сайлау жермен сырғытып,
Аялдамай келеді.
Қарауылда тұрған Шеге ақын
Жібекті болжап біледі.
Əне-міне дегенше,
Шегеге жетіп келеді.
Ашылсын, балам, бағың деп,
Қырық шілтен болсын панаң деп
Екеу еді үшеу боп,
Алла деп елге жөнеді.
Өңкей тұлпар мінгені,
Шапқанда Жібек озады.
Сансызбайға жүр деді.
Жүре алмаса өз атың,
Сандал көкті мін деді,
Ар көріп Сансыз мінбеді,
– Жүре бер, Жібек, жүре бер,
Маған кезек келгенде
Мінермін сонда шын деді.
Атырылып көк сандал
Алдыға озып жөнелді.
Үшеуі теңдей келіскен
Аялдамай жүреді.
Жібекті байқап Шеге ақын:
– Қызып қалды көк сандал,
Алып қашып кетпесін,
Алып ұрып бір жерге,
Өз қосына кетпесін.
Артымыздан қуғындап,
Көк сандал бізге жетпесін.
Ашуы келген Қорен хан
Түбімізге жетпесін.
Жібек тізгін тартады,
Көк сандалды байқады,
Албыттанған көк сандал
Билеп, ойнап басқаны.
Қуғыншы арттан келмес деп,
Жай жүрісті, саспады.
Ендігі сөз Қорен ханда. Қорен хан Жібекті күтті, келмеді. Ертеңіне тоғыз
мың сарбазымен Сырлыбай ханға келді. Қорен хан Сырлыбайға: «Сен мені
неге мазақ қыласың? Жібек менің тұлпарымды мінген қайтып келемін деп.
Жібек те, тұлпарым да жоқ. Қайда қашырдыңыз, тез табыңыз. Болмаса, шауып
аламыз», – деп қаһарланды. Сырлыбай хан жауап айта алмай, дағдарып тұрып
қалғанда, Қаршығаның Қоренге жауап беріп тұрған жері:
– Ой, Қорен хан, Қорен хан,
Ел қорықты қаһарыңнан,
Тұлпардың сырын білесің.
Біліп тұрып тұлпарды
Əйелге неге бересің?
Өзің беріп тұлпарды,
Елден неге көресің?
Қатты айтуға батпаймыз,
Ел билеген төремсің.
Күшке салған оңалмайд,
Тұлпар ізі жоғалмайд.
Даланы кезіп шалыңыз,
Іздейік оны бəріміз.
Біреулер байқап білген-дүр,
Еркелеп ойнап жүрген-дүр.
Қорен Қаршығаның бұл сөзіне жығылып: «Тура айтасыз, тұлпар ізі
жоғалмайды», – деп атына мініп, жөнеп беріп, үдере шауып жүріп, көк
сандалдың ізін тауып алды. Қорен хан қолын тоқтатып: «Сендер артымнан
келе беріңдер. Мен Жібектің артынан жетіп, кейін қайтам», – деп Қорен
Жібектің артынан жөнеп бара жатқан жері:
Жөнеді, қалмақ жөнеді,
Қамшыны ұрып келеді.
Ойпаң жермен орғытып,
Сайлау жермен сырғытып,
Аялдамай келеді.
Қаз мойын қара тұлпарды,
Сауырға салып шапқылап,
Сауырынан аққан тер,
Моншақ-моншақ тамшылап,
Келе жатқан қалмақты
Жібек болжап біледі,
Бір төбеге келеді.
Көк сандалдың шылбырын,
Мойнына салып түйеді.
Сансызбай аман қалса деп,
Алладан медет тіледі.
Айналайын құдірет,
Не пейілімнен тұтылдым?
Ақырында, Құдай-ай,
Қашып келіп құтылдым.
Жылады Жібек жылады,
Көзінің жасын бұлады.
Тəуекел деп Сансызбай,
Жол тосып жалғыз тұрады.
Əне-міне дегенше
Қорен келіп қалады,
Сансызбайды қарады.
– Көзің оттай жанасың,
Өзің жап-жас баласың,
Жібекті алға жіберіп,
Соғысатын немедей
Көлденең тартып тұрасың.
Ұрысар болсаң, шыныңды айт,
Əуелгі кезек менікі,
Соңғы кезек сенікі.
Қашпайтұғын ер болсаң,
Мойныңды маған бұр дейді.
Кезегін беріп қалмақтың,
Толғана мойнын бұрады,
Алладан тілек қылады.
Атаңа нəлет Қорен хан,
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды,
Садақты қолға алады,
Толғап тартып қалады.
Зымырап оғы кетеді,
Сансызбайға жетеді.
Тоғыз қабат сауыттың,
Сегізінен өтеді,
Тесіле жаздап тоғызы,
Қырық шілтен болған қолдаушы,
Жауға сырын алдырмай,
Кезегін алды Сансызбай.
– Батар күнмен батайын,
Қоренді мен де атайын.
Ең болмаса, Құдай-ай,
Жастығымды ала жатайын.
Деп толғанып Сансызбай,
Қорамсаққа қол салды,
Қол салғанда мол салды.
Толғап тартып қалады.
Зымырап оғы кетеді,
Дəу қалмаққа жетеді.
Оқ тоқтаған мезетте
Қорен аттан құлады,
Ту қолынан сұлады.
Ат үстінен Сансызбай,
Қореннің басын кесіп салады.
Қаз мойын қара тұлпарды,
Жетегіне алады.
Тоқта, Жібек, тоқта деп,
Көңілің маған жоқ па деп,
Жанына еріп Сансызбай,
Екеуіне жетіп келеді.
Разы болып Сансызға,
Шеге қолын береді.
Жалғыздап, балам, өлтірдің,
Ерлік болды осының.
............................................
Қорқыныштан құтылдың.
Ержүрек ұл елдікі,
Жібек енді сенікі,
Қайда жүрсең болады,
Ісіңді Құдай оңдады.
Қолыңа алдың теңдікті,
Аман болсаң ....
Ақыл сала жүрерсің.
Есен жетсең еліңе,
Еш адамға қор қылмай,
Жібекті өзің сүйерсің,
Деп Қаршыға сөйлейді,
Əзіл айтып күледі.
Жібек тұрды қуанып,
Қуана басып бұралып,
Сансызбайдың ерлігі
Жібекке толды сыналып.
Мына басылым бойынша берілді:
Жамбыл Жабаев. Шығармалары. – Алматы: «Нұрлы Press.kz», 2014. – 288 б.
«Ақындар аманаты» жобасы бойынша жарық көрген. Жоба авторы Бекен Ыбырайым.
Достарыңызбен бөлісу: |