Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты /Библиографиялық көрсеткіш/ Тараз 2013 Қр президентінің «Қазақстан-2050»



бет4/12
Дата25.02.2016
өлшемі1.11 Mb.
#23049
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

Үшіншіден, біз өңірлерді дамытуда әлеуметтік теңгерімсіздік мәселелерін шешуге назар аударуға тиіспіз.

Қазіргі кезде бірқатар өңірлердің экономикалық баяу дамуы еңбекпен қамтудың қамтамасыз етілмеуіне алып келеді. Халықтың кірісінің деңгейі тербеліп тұр.



(1) Ең алдымен, мемлекеттік органдардың өңірлік даму саласындағы жұмыстарын үйлестіруді күшейту қажет.

Міндет - мемлекеттік және салалық барлық бағдарламалардың орындалуын өңірлерді дамытудың басымдыққа ие міндеттерін шешумен үйлестіру.

Үкімет 2013 жылдың бірінші тоқсанында-ақ өңірлердегі қажетті және болашағы бар жобалардың тізбесін анықтауы және тарифтендіруі тиіс.

(2) Өтіп бара жатқан жылда біз моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Жаңа жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, кәсіпорындар жұмысын жетілдіруге айтарлықтай ресурстар бағытталды.

Біз жергілікті жерлерде басқарудың сапасын арттыратын боламыз. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда.

Сонымен бірге, бізге өңірлерде әлеуметтік-экономикалық жағдайларды теңестірудің тиімді жаңа тетіктері қажет.

Үкіметке облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы шағын қалаларды дамыту жөнінде бағдарлама қабылдауды тапсырамын. Бұл олардың базасында көптеген индустриялық жобалар жасай отырып, ұзақ мерзімге арналуы керек. Олардың міндеті - өңірлердің салаларға мамандану жүйесін құруға көмектесу, ірі агломерациялардың индустриялық-өндірістік серіктес қалаларына айналу, ақыр соңында, жергілікті халықтың тұрмыс деңгейін арттырып, ауыл жастарын жұмыспен қамтамасыз ету.



(3) Бізге көші-қон мәселелерін кешенді түрде шешу бойынша ел өңірлеріндегі еңбек нарығына ықпал ететін шаралар қабылдау қажет.

Шектес елдерден келіп жатқан көші-қон ағынына бақылауды күшейту керек.

Перспективалық міндет ретінде біздің алдымызда шетелдік еңбек нарықтарына көптеп кетіп қалмауы үшін отандық білікті мамандарға қолайлы жағдай жасау міндеті тұр.

Үкімет  2013 жылы  Көші-қон мәселелерін шешу жөнінде кешенді жоспар әзірлеп, бекітуі тиіс.

Ерекше назарды шекарамен шектес аумақтарға аударған жөн. Олардың әлеуеті әлі толық ашылған жоқ. Оларды өмір сүруге қолайлы ете түсу қажет. Үкімет облыстардың әкімдерімен бірлесіп, 2013 жылы шекарамен шектес аудандарды дамыту жөнінде қосымша шаралар кешенін әзірлеуі қажет.

Төртіншіден, біз еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек төлемі саясатын жаңғыртуға тиіспіз.

(1) Әлемдік тұрақсыздықтың басты қатері - жұмыссыздықтың өсуі. Елде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік те, салалық та - барлық бағдарламалар, тек әлдебір бөліктері емес, барлығы нақты жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан Үкіметке және әкімдерге 2013 жылдың өзінде-ақ төмендегіні іске асыруды тапсырамын:


  •  Кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті қолдау жөніндегі бұрын қабылданған барлық бағдарламаларды ықпалдастыру.  

  •  Бюджеттік қаражатты жұмыссыздардың және кірісі аз адамдардың  көрсеткіші жоғары өңірлерге бөлу тетіктерін әзірлеу.

Бұл жаңартылған бағдарламаның орындалуына жауапты ретінде мен Премьер-Министрдің жеке өзі мен әкімдерді бекітемін.

(2) Бұдан жарты жыл бұрын,  «Әлеуметтік жаңғырту: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақалам жарияланған соң Кәсіподақтар және еңбектің реттелуі туралы Заң әзірлене бастады. Біздің мақсатымыз - еңбеккерлер мүддесін ескерген кәсіпкерлік қолдауын қамтитын еңбек қатынастарының түбірімен жаңа үлгісін жасау.

Күшіне еніп, барлық еңбеккерлердің мүддесін қорғауы үшін бұл заңның қабылдануын жеделдету қажет.



(3) Үкіметке еңбек төлеміне және ондағы сәйкессіздіктерді қысқартуға қатысты мүлде жаңа амалдар табу шараларын қабылдау қажет. 

***


Жаңа кезеңдегі әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі ретінде ана мен баланы қорғауды жариялаймын.

Ананы қорғау. Әйелдерге үндеу

Мемлекет үшін және менің жеке өзім үшін де ананы қорғау - ерекше мәселе.



Қымбатты ханымдар!

Сіздер - отбасының, демек, мемлекеттің тірегісіздер.

Еліміздің болашақта қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты.

Ең алдымен, біз қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар - болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары.

Қазақстан - зайырлы мемлекет. Азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып,  мемлекет, дегенмен қоғамға өз бетімен біздің дәстүріміз бен заңдарымызға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды тықпалайтын әрекеттерге өте қатаң қарсы тұратын болады.

Біз Қазақстан қыздарының сапалы білім алып, жақсы жұмысқа ие болуы және тәуелсіз болулары үшін барлық жағдайды жасауымыз қажет.  

Олар банк карточкаларына ие болуға, көлік жүргізіп, қызмет жолын қалыптастыра алуға, заманға сай болуға, сәнденуге тиіс және біздерде ешқашан киілмеген, салтымызға жат киімдерге оранып-қымтанбауға тиіс. Біздің халқымыздың өз мәдениеті, өз дәстүрі мен салты бар.

Халқымыз «Қыздың жолы жіңішке» дегенге ерекше мән беріп айтады. Бойжеткеннің жолы, қыздың жолы - қылдай, оны үзуге болмайды. Бойжеткен, әйел заты әрдайым біздің қоғамның теңқұқылы мүшесі, ал ана - оның ең ардақты тұлғасы болды.

Біз әйел затына - анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз.

Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отбасында әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмау керек. Бірден айтайын, ондай зорлық-зомбылықтың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс.

Мемлекет әбден асқынған жыныстық құлдыққа, әйелге тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айрықша қатаң түрде тыйым салуға тиіс.

Біздің елімізде толық емес отбасылар көп. Мемлекет баланы жалғыз тәрбиелеп жатқан аналарға көмектесуі керек.  Біз әйелдер үшін икемді еңбек түрлерін қалыптастырып, үйде жұмыс жасауларына жағдай туғызуымыз керек. Заң, мемлекет және мен біздің ханымдарымыздың жағындамыз.

Біз бұдан әрі де елімізде әйелдердің рөлі артуы үшін барлық жағдайды жасайтын боламыз. Қазіргі замандағы қазақстандық әйел қызмет істеуге ұмтылуы керек.

Әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық басқару ісіне белсене тартқан жөн, әсіресе, жергілікті деңгейдегі өңірлерде. Олардың бизнес ашып, оны жүргізуіне де қолайлы жағдай жасаған абзал.



Баланы қорғау

Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар - балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы. Бірақ біз бұл үрдіспен күресуіміз керек. Мемлекетіміз бен қоғамымыз жетімдерді асырап алуды және отбасы типіндегі балалар үйлері салынуын көтермелеуі қажет.

Ерлердің әйелдер мен балаларға мүлдем жауапсыз көзқарас танытқан оқиғаларының саны өсуде. Бұл біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге тіптен жат.

Балалар - қоғамымыздың ең әлсіз және қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес.

Елбасы ретінде мен әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететін боламын.

Біздің топырағымызда туған кез келген сәби - қазақстандық. Және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс.

Мен ажырасуға қарсымын, жастарды отбасы құндылығы, ажырасудың қасірет екендігі рухында тәрбиелеу керек, өйткені, оның салдарынан, ең алдымен, балалар зардап шегеді. «Әкесі қой баға білмегеннің баласы қозы баға білмейді». Бала тәрбиесі - тек ананың емес, ата-ананың екеуінің де міндеті.

Ал болған іс болған екен, онда әке алимент төлеуге тиіс. Мемлекет жалғызбасты аналарды қолдауы және алимент төлемегені үшін жазаны күшейтуі керек.

Бала тәрбиелеу - болашаққа ең үлкен инвестиция. Біз бұл мәселеге осылай қарап, балаларымызға жақсы білім беруге ұмтылуымыз керек.

Мен өскелең ұрпақтың озық білім алуы үшін мүмкіндік туғызуға көп күш жұмсадым: «Балапан» бағдарламасы жүзеге асып, Зияткерлік мектептер, Назарбаев Университеті, «Болашақ» бағдарламасы жұмыс жасап жатыр.

Өздеріңіз білесіздер, оған тек дайындығы бар және дарынды балалар ғана өте алады. Баланы білім мен еңбекке дайындау - ата-ананың борышы.

«Бар жақсылық балаларға» ұраны барлық ата-ана үшін қағидаға айналуы қажет.

Үкіметке:


  •  ана мен баланы қорғау, сондай-ақ, отбасы және неке саласында заңнаманы түбегейлі қайта қарауды;

  •  ана мен балаға қарсы бағытталған қылмыс үшін, сондай-ақ,осы саладағы ең ұсақ деген заңбұзушылықтар үшін жазаны күшейтуді; 

  •  туу мен көп балалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауды - жеңілдетілген салық, медициналық және әлеуметтік қызмет, еңбек нарығында жаңа мүмкіндіктер беру және сол сияқты материалдық және материалдық емес ынталандыруларды қамтитын шаралар кешенін әзірлеуді;

  •  елде жыныстық ерекшелігі бойынша кемсітушілікке жол бермеу және іс жүзінде гендерлік теңдік пен әйелдерге ерлермен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл орайда мен сөзімді ең бірінші жұмыс берушілерге арнаймын. 

Ұлт денсаулығы - біздің табысты болашағымыздың негізі 

Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақмерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтерсапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз.

Негізгі басымдықтар:


  •  Сапалы және қолжетімді медициналық қызметтер көрсетумен қамтамасыз ету.

  •  Аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету.

  •  Профилактикалық медицина аурудың алдын алудағы басты құралға айналуы тиіс. Халықпен ақпараттық-түсіндірмелік жұмыс жүргізуге баса ден қою.  

  •  «Смарт-медицина», қашықтан профилактика және емдеу, «электрондық медицина» қызметтерін енгізу. Медицина қызметтерінің бұл жаңа түрлері біздікі сияқты аумағы үлкен, кең байтақ елде ерекше сұранысқа ие.  

  •  Біз балаларымыздың денсаулығын қамтамасыз етуге жаңа тәсілдер енгізу мәселесімен жұмыс жүргізуіміз қажет.Барлық 16 жасқа дейінгі балаларды медициналық қызметтің барлық спектрімен қамту қажет деп ойлаймын. Оны ең төменгі өмір стандарттарына заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет. Бұл қадам ұлт денсаулығын қамтамасыз етуде маңызды үлес болады. 

  •  Медициналық білім беру жүйесін түбірімен жақсарту. Медициналық жоғары оқу орындары жүйесі мамандандырылған орта деңгейдегі білім беру мекемелері желісі арқылы нығайтылуы тиіс.

Күнделікті тәжірибе оқу процесімен барынша ықпалдастырылуы тиіс. 

  •  Медициналық жоғары оқу орындары жұмысының тәжірибелік ғылыми-зерттеушілік бөлігіне басты маңыз беру. Адамзаттың жаңа білімдері мен технологиялық жетістіктерін шоғырландыратын жоғары оқу орындары болуы тиіс. Мысал ретінде, ірі және тиімділігі жоғары медициналық орталықтар болып саналатын АҚШ-тағы университеттік госпитальдерді келтіруге болады. Бұл бағытта да мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту керек.

  •  Жеке медицинаның дамуына жағдай жасау. Барлық дамыған әлемде медициналық қызметтердің айтарлықтай бөлігін жеке сектор көрсетеді. Біз жеке ауруханалар мен емханаларға тезірек көшуге жағдай туғызуға тиіспіз.

  •  Заңнамалық деңгейде медициналық жоғары оқу орындары мен мекемелердің халықаралық аккредитациясын өткізуді бекіту.

Қазірге дейін ауылдағы медициналық қызметтердің сапасы жөнінде көп сын айтылады. Ал ауыл тұрғындары бізде бүкіл халықтың 43%-ын құрайды.

Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады. Алайда елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейді. Осыған байланысты Үкімет және жергілікті органдар дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдау қажет. Бұл жұмысты келесі жылы-ақ бастау керек.

 

4. БІЛІМ ЖӘНЕ КӘСІБИ МАШЫҚ - ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ, КАДР ДАЯРЛАУ МЕН ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒДАРЫ

 

Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.

Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс.

Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды.



Біздің жұмыстарымыздың білім беру саласындағы басымдықтары

(1) Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек.

Сіздер білесіздер, мен басты міндеті балаларымыздың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру болған «Балапан» бағдарламасыбастамасын көтердім.

Ол жүзеге асырыла бастаған сәттен бері 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар іске қосылды. 

Туу көрсеткішінің жоғарылығын, жалғасып жатқан демографиялық өсімді ескере келе, мен «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдадым. Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100% қамтуға қол жеткізу міндетін қоямын.



(2) «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылыинженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын. 

Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді.

Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет.

Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей,өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс.



(3) Жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керек. Бұл ең бірінші кезекте лайықты білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтынжастарға көмек беруге қатысты.

Ол үшін қажетті шаралар:



  • Жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру. 

  • Көпсатылы оқу гранттары жүйесін әзірлеу.

  • Бүкіл ел бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру.

  • Жоғары оқу орындарындағы оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту.

(4) Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерінбелсене дамыту керек болады.

  • Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз.

  • Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу,  сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет.

  • Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын  қосып, өзгерту.

  • Кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру.

Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты

Бүкіләлемдік тәжірибенің көрсетуінше, бүкіл инновациялық өндірістік циклды жеке бір елде жүзеге асыруға тырысу - велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл - өте қымбатқа түсетін және әрдайым нәтижелі, жемісті бола бермейтін іс. Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терребайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады. 



Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз.

Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн. 

Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз.



Бізге елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту керек. ЭКСПО-2017 бұл процеске серпін беріп, бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуі тиіс.

Біз - жас ұлтпыз және бұл біздің қолымыздан келеді.

Оған қоса, біз ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына әбден-ақ белсене қатыса аламыз. Бұл бізге ғалымдарымыздың күш-жігерін шетелдік ғылыми-зерттеушілік қоғамдастықпен стратегиялық инновациялық бағыттар бойыншаықпалдастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз - жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу.


  • Біз 2013 жылдың өзінде-ақ ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясы жөнінде шаралар қабылдауға тиіспіз. Үкіметке технология трансферті мүмкін болатын салааралық секторларды анықтауды және оларға жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар тарапынан сұраныс тудыруды тапсырамын.

  • Болашағы зор ұлттық кластерлер қалыптастыру жөнінде нақтылы Жол карталарын әзірлеу аса маңызды.

  • Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі үшін құқықтық базаны анықтауды да тездету қажет. Міндет - мұндай әріптестіктің бүгінгі күнгі ең озық құралдары мен тетіктерін енгізу.

  • Авторлық құқықтар мен патенттер мәселелерін реттейтін заңнаманы қайта қарау. Үкімет 2014 жылдың соңына дейін бұған дейін берілген барлық патенттер мен тіркелген авторлық құқықтарды олардың коммерциялануының ықтималдығы жөнінен талдаудан өткізуі қажет.

Құрметті отандастар!

Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді.

Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді.

Мен сіздерге - жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер.

Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым. 

Қазір мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.

Мемлекет сіздердің алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда. Олар - сіздердің ата-аналарыңыз тіпті ойлап та көрмеген мүмкіндіктер.

Естеріңізде болсын: сіздердің табыстарыңыз - ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз мен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отандастарыңыздың табысы, біздің Отанымыздың табысы.

 

5. МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ ОДАН ӘРІ НЫҒАЙТУ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕМОКРАТИЯНЫ ДАМЫТУ

 

Біздің мақсатымыз - мемлекеттік басқарудың жаңа түрін қалыптастыру. Ол  қоғамға қызмет ету мен мемлекеттілікті нығайтудың жаңа міндеттеріне сай болуы тиіс.

Бірінші. Бізге Мемлекеттік жоспарлау және болжау жүйесін одан әрі жетілдіре түсу керек.

Қойылатын мақсат - жоспарлар мен бағдарламалар әзірлеуде мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейту. Осыған байланысты Үкіметке беретін тапсырмам:



  • Менің пайымдауымдағы Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын ескере отырып, жұмыста және өмірде еліміз басшылыққа алатын стратегиялық құжаттарды қайта қарау.

  • Елде Мемлекеттік аудит енгізу тұжырымдамасын әзірлеп, келесі жылы Парламентке тиісті заң жобасын енгізу. Бізге мемлекеттік аудиттің ең озық әлемдік тәжірибесі негізінде кешенді жүйе құру қажет. 

  • Экономикалық стратегияларымыз жүзеге асуы үшін мемлекет дағдарыстық жағдайларды күні бұрын тиімді түрде біліп,оларға қарсы шара қолдануы тиіс. Бұл үшін бізге дағдарысқа қарсы әрекет етудің көпдеңгейлі жүйесін құру қажет.

Бізде ықтимал дағдарыстық жағдайларға арналған стандартты іс-әрекеттер жиынтығы болуы керек. Бұл, әсіресе, өңірлер үшін маңызды. Ол жүйені әзірлеу барысында мен айтқан барлық қатерлерді ескеру қажет.

Екінші. Біз басқаруды орталықсыздандыруды сауатты жүргізуіміз керек.

Орталықсыздандыру идеясының мәні - шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру.

Біз 2013 жылы жауапкершілік пен өкілеттіктерді орталық пен өңірлер арасында бөлу жөнінде нақты шаралар қабылдауымыз қажет.

Жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттіктері қаржылық және кадрлық ресурстармен нығайтылатын болады.

Қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылуы қажет. Жергілікті басқару органдары арқылы халыққа жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетімен және жауапкершілікпен шешуіне нақты мүмкіндік беру керек.

Мен Жергілікті басқаруды дамыту тұжырымдамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді.

Біз селолық әкімдіктерге қосымша өкілеттіктер береміз және олардың ауылдағы ахуалға ықпалын күшейтеміз

Бірақ, сонымен бірге, бізге қоғамдық бақылауды,  жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту керек.Сондықтан мен мәслихат арқылы ауыл әкімдерінің сайланбалылығын енгізу туралы шешім қабылдадым. Сайлауды біз 2013жылдың өзінде-ақ бастаймыз.



Барлығы 2533 әкім, соның ішінде селолық округтердің, кенттердің және аудандық маңызы бар 50 қаланың әкімі сайланатын болады.

Бұл барлық деңгейдегі әкімдердің жалпы санының 91,7%-ы!

Осылайша, біз азаматтармен тікелей жұмыс жасайтын және мәселені жергілікті жерде шешетін барлық әкімдерді сайланбалылықпен қамтитын боламыз. 

Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді шешуге, жергілікті билік органдарының жұмысын бақылауға белсене араласатын уақыты туды.

Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, қажетті заңнамалық актілер әзірлеуді тездетуді, ал Парламентке олардың басымдық тәртібімен  қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырамын.

Біз бүкіл әлеммен бірге өркениетті жолмен жүруге және қоғамның одан әрі демократиялануына бағыт ұстауға тиіспіз.



Парламенттің өкілеттіктерін күшейту жөніндегі саясатымызды жалғастыру керек.

Сонымен бірге, орталықсыздандыруға тек жергілікті деңгейде белгілі бір өкілеттіктер беруге болатын жаңа билік органдарын құру процесі ретінде қараудың керегі жоқ.

Орталықсыздандыру - ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесінің сапалық өзгерісі, мәселелерді жергілікті деңгейде шешу жүйесін өзгерту.

Бұл орайда орталықсыздандыру жоғарыдан төмен қарай басқару билігінің әлсіреуіне, орындаушылық тәртіп мен реттіліктің төмендеуіне апарып соқтырмауы тиіс.  Оған жол беруге болмайды. Жергілікті жерлерде әкімдер, Үкімет мұны ерекше бақылауда ұстауға тиіс.



Үшінші. Алдымызда, мен бүгін жариялаған қағидаларға сәйкес, халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат  қалыптастыру міндеті тұр.

Біз мемлекеттік қызметтің кадрлық құрамын іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде жақсартуымыз керек.

Басқарушылық шешімдер мемлекет деңгейінде төмендегідей талаптарға сай болуы тиіс: 


  • Тек қысқамерзімді ғана емес, ұзақмерзімді нәтижелерді де есепке алу.

  • Басқарушылық шешімнің мультипликативті әсерін есепке алу.

  • адал бәсекелестік және кәсіпкерліктің еркіндігі ережелерін қамтамасыз ету. 

  • Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық міндеттерінің екі түрлі түсіндірілуін болдырмау. Олардың қызметінің заңнамалық тұрғыдан дәл регламенттелуі.

Жаңа талаптарды ескере отырып, біз әкімшілік реформасының екінші кезеңін бастап кеттік.

Ең алдымен мемлекеттік аппарат реформаланатын болады. Мен мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы Заңға қол қойдым. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеуде ашықтықты арттыруды, меритократия қағидаларын енгізуді, яғни жақсы кадрларды ілгерілетуді қамтамасыз етеді.

Біз Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комиссия құратын боламыз. Мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын жүзеге асыруға жауапты кәсіпқой басқарушылардың мүлдем жаңа санаты - «А» корпусы  құрылады.

 «А» корпусына бірінші кезекте жауапты хатшылар мен облыс әкімдерінің аппарат басшылары, комитет төрағалары, қалалар мен аудандар әкімдері кіреді. Өзімнің Әкімшілігіме «А» корпусына үміткерлерге қойылатын біліктілік талаптары туралы Жарлық жобасын дайындауды тапсырамын.

Бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады. Белгіленген көрсеткіштерді асыра орындағандар мен өзінің тиімділігін көрсеткендерге және жоғары нәтижеге қол жеткізгендерге ғана ерекшелік жасалуы керек. 

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке 2013 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық өсуінің осындай мүлде жаңа тетігін енгізуді тапсырамын.   

Ерекше назарды мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын арттыруға аудару қажет. Міндет - мемлекеттік аппараттың халықпен өзара қарым-қатынастарында біржақты-өктем көзқарастардан арылып, азаматтарға мемлекеттік қызметтерді тиімді және жедел түрде көрсетуге көшу.

Қазір Парламентке «Мемлекеттік қызмет туралы» заң жобасы енгізілді. Оны 2013 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін қабылдау керек.

Біз мемлекеттік органдарды оларға тән емес функцияларды орындаудан босатып, мемлекеттік институттардың дербестігін сапалық тұрғыдан кеңейтуге тиіспіз. Үкімет оның орындалуын 2014 жылдан бастап жергілікті бюджет қалыптастырудың жаңа тетігін енгізумен ұштастыруы керек. 

Төртінші. Мемлекеттік аппарат бизнес-қауымдастықпен жаңа өзара іс-қимыл жүйесін құруы керек.

Біз бизнеске араласпауға және «бәрін қолынан жетелеп жүрмеуге» тиіспіз. Біз бизнеске ертеңгі күнге деген сенімділік сіңіруге тиіспіз,  кәсіпкерлер өздерінің күшіне сенуге және мемлекет оларды алдамайтынын, қорғайтынын білуге тиіс. Олардан тек адал жұмыс істеу ғана талап етіледі.

Бұл үшін біз, біріншіден, жекеменшік құқығының беріктігін іс жүзінде қамтамасыз етуге кепілдік беруге тиіспіз деп санаймыз. Екіншіден, шарттық міндеттемелерді қорғауға кепілдік беру керек.

Мемлекеттің міндеттемесі - азаматтарға олардың іскерлік белсенділігін жүзеге асыруға барынша мүмкіндік беру. Ал бұл дегеніміз - отандық бизнес үшін инфрақұрылым құрудың қамын ойлау.



(1) Осы мақсатта жаңа 2013 жылдың өзінде ұлттық құқықтық жүйені жаңғыртудың кезекті кезеңін бастау керек.

Заңнама тек ұлттық мүдделерді ғана қорғап қана қоймай, қарқынды дамып отырған халықаралық құқықтық ортамен де үйлесуге тиіс. Үкіметке жария, сондай-ақ жеке құқықтың барлық базалық салаларында біздің құқық жүйеміздің бәсекелестігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдауды тапсырамын.



(2) Үкіметке 2013 жылы менің Әкімшілігіммен бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:

  •  Қылмыстық және Қылмыстық-іс жүргізу заңнамаларын реформалауды  бастау керек. Ілгері ізгілендіруге, оның ішінде, экономикалық құқық бұзушылықты қылмыссыздандыруға маңыз беру керек;

  •  Парламентке 4 жаңа кодексті: Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық, Қылмыстық-орындаушылық және Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы кодексті әзірлеп, енгізу керек.

Бұл өзекті заң актілерінің қабылдануы қылмыстық сот ісін жүргізуді және, ең алдымен, қылмысқа қарсы мемлекеттің күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртады, біздің құқықтарымызды қазіргі сын-қатерлерге өз дәрежесінде әрекет жасайтындай деңгейге көтереді.

Бесінші. Мемлекет тәртіпсіздікке мүлдем төзбеушілік принципін ұстануға тиіс.

Дамыған қоғам барлық жерде тәртіп пен реттілік орнатудан, жайлы подъезден, жинақы ауладан, таза көшеден және жарқын жүзді адамдардан басталады.

Біз ең ұсақ құқық бұзушылықпен, бұзақылықпен, мәдениетсіздікпен ымыраға келмеуіміз керек, өйткені, осының өзі қоғам тыныштығын бұзады, өмірдің сапасына селкеу түсіреді.

Тәртіпсіздік пен бетімен кетушілікті сезіну одан да елеулі қылмыстарға жол ашады.



Ұсақ  құқық бұзушылыққа төзбеу ахуалы - қоғамдық тәртіпті нығайтуға, қылмыспен күреске бастайтын маңызды қадам.

Біз құқықтық нигилизмді жеңіп, қоғамды қоғамдық тәртіпті қорғау ісіне тартуымыз керек.

Біз  әлеуметтік бүлдіргі пиғылды  жұмысқа орналасу мәселесімен байланыста қарауымыз керек. Біз қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекет үшін жеке іс қағазында және резюмеде міндетті түрде көрсетілетін және жұмысқа қабылдау, қызмет сатысы бойынша өсіру кезінде ескерілетін жаза қолдануды енгізуіміз керек.

Мұның бәрі қоғамдық өмірдің нормасы болуға тиіс.



Алтыншы. Мемлекет пен қоғам жемқорлыққа қарсы күресетін бір күш болуға тиіс.

Жемқорлық - жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген  тікелей қатер болып саналады. 

Біз түпкі мақсатымыз - жемқорлықты құбылыс ретінде жою үшін жемқорлыққа қарсы заңнамаларды жетілдіру арқылы жемқорлықпен күресті қатты күшейтуіміз керек. 

Жетінші. Біз құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің реформасын жалғастыруға тиіспіз. Онсыз біз тәртіпсіздікке мүлдем төзбеуді қалыптастыру және жемқорлықты түбірімен жою жөніндегі міндеттерді шеше алмаймыз.

(1) Соңғы үш жылда құқық қорғау органдары мен арнайы қызметтердің бірқатар маңызды реформалары жүргізілді. Бұл - мемлекеттікті нығайтудың маңызды қадамы. Олардың жұмысының  құқықтық базасы жақсартылды. Функциялары нақты айқындалды. Қызметтің қайталануы жойылды. Қылмысқа қатысты саясат ізгілендірілді.

Барлық құқықтық құрылымдардың қызметкерлері түгелдей аттестаттаудан өткізілді. 100 мыңнан астам адамнан 12,5 мың адам аттестаттаудан өтпей қалды және органдардан босатылды.



(2) Біз бұл жұмысты одан әрі жалғастыра береміз.

Менің Әкімшілігім мен Қауіпсіздік Кеңесіне және Үкіметке бірлесіп атқаратын мынадай тапсырма беремін:



  •  Құқық  қорғау органдары қызметкерлерін ақшалай қамтамасыз ету және зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын дайындау керек.

Осы 2013 жылдан бастап арнайы атақтар үшін төленетін қосымша ақы мөлшерін әскери атақтар бойынша төленетін жалақы деңгейіне дейін көтеруді тапсырамын.

  •  Құқық қорғау органдарының Кадр саясаты тұжырымдамасын әзірлеу керек.

  •  Жоғары аттестаттау комиссиясы базасында құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін құрылым құру керек.

  •  Құқық қорғау және арнайы органдар жетекшілерінің Президентік резервін қалыптастыру керек.

(3) Менің Әкімшілігіме, Қауіпсіздік Кеңесіне Үкіметпен бірлесіп, ведомствоаралық жұмыс тобын құруды және 2013 жылдың екінші тоқсанының аяғына дейін Құқық қорғау жүйесін одан әрі жаңғырту бағдарламасының жобасын әзірлеуді тапсырамын.

(4) Құқықтық саясаттың маңызды мәселесі азаматтардың Конституция кепілдік беретін сот арқылы қорғалу құқын жүзеге асыруы болып табылады.

Бұл үшін сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлату, оны басы артық бюрократиялық рәсімдерден арылту керек. Жаңа ақпараттық технологияларды белсенді енгізген жағдайда мұны істеу қиын емес.

Сонымен бір мезгілде соттардың жұмысын жеңілдету мақсатында дауларды соттардан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастырған жөн. Болмашы мәселелер бойынша дауларды шешу соттардан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру қажет.

Сот билігінің беделі орындалмаған сот шешімдерінен төмендейді. Осыған байланысты, бұл жағдайды түбегейлі өзгерту жөніндегі шаралар қабылдануға тиіс.



(5) Шекара қызметінің ауқымды реформасын жүргізу керек. Міндет -  оның тиімділігін түбегейлі арттыру, материалдық-техникалық базасын жаңғырту.

Бұл үшін Қауіпсіздік Кеңесіне менің Әкімшілігіммен және Үкіметпен бірлесіп, Шекара қызметін дамытудың және мемлекеттік шекараны орта мерзімді кезеңде орнықтырудың арнайы Кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

 

6. ДӘЙЕКТІ ЖӘНЕ БОЛЖАМДЫ СЫРТҚЫ САЯСАТ - ҰЛТТЫҚ МҮДДЕЛЕРДІ ІЛГЕРІЛЕТУ МЕН АЙМАҚТЫҚ ЖӘНЕ ЖАҺАНДЫҚ ҚАУІПСІЗДІКТІ НЫҒАЙТУ

 

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық процестердің тең құқықты қатысушысы болып қалыптасты және біз қолайлы сыртқы ахуал құруға қол жеткіздік.



Біздің басымдықтарымыз өзгермейді - көршілеріміз - Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия елдерімен, сондай-ақ АҚШ-пен, Еуроодақпен, Азия елдерімен серіктестікті дамыту мәселесі болып табылады.

Біз Кеден одағын және Біртұтас экономикалық кеңістікті нығайтатын боламыз.

Біздің таяудағы мақсатымыз - Еуразиялық экономикалық одақ құру. Осыған орай біз мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдейміз. Саяси егемендікке қысым көрсетілмейді.

Сыртқы саясатымызды теңдестіру әлемдік істерде елеулі рөл атқаратын және Қазақстан үшін практикалық қызығушылық туғызатын барлық мемлекеттермен достық және болжамды қарым-қатынастарды дамыту дегенді білдіреді.

Алайда халықаралық ахуал және геосаяси орта қарқынды  өзгеруде және әрқашан жақсы жағына қарай ойыса бермейді. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан Солтүстік-Шығыс Азияға дейін тұрақсыздықтың алып белдеуі созылып жатыр. Күштердің ара салмағы жаһандық деңгейде де, сонымен қатар, Жер шарының жекелеген аймақтарында да елеулі өзгерістерге ұшырауда. Соған сәйкес, БҰҰ, ЕҚЫҰ, НАТО, ҰҚШҰ, ШЫҰ, АӨСШК және басқа аймақтық қауіпсіздік тетіктерінің рөлі арта түседі. Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікке төнген жаңа қатерлер пайда болды.

Мұндай ахуалда Қазақстанның сыртқы саясаты ішкі саясаты сияқты жаңғыртылуға тиіс.

Сыртқы саясатты жаңғыртудың басымдықтары:


  • аймақтық және ұлттық қауіпсіздікті жан-жақты нығайту;  

  • экономикалық және сауда дипломатиясын белсенді дамыту;

  • мәдени-гуманитарлық, ғылым-білім және басқа шектес салалардағы халықаралық ынтымақтастықты арттыру;

  • азаматтарымызды құқықтық қорғауды, олардың шетелдердегі жеке, отбасылық, іскерлік мүдделерін қорғауды күшейту.

Біріншіден, ұлттық мүдделерді сыртқы саясатта ілгерілету айрықша прагматикалық принциптерге негізделген. 

Біздің міндеттеріміз: сыртқы саясатты әртараптандыру, ұлттық экономикалық және сауда мүдделерін ілгерілету үшін экономикалық және сауда дипломатиясын дамыту.



Екіншіден, біз әрі қарай да аймақтық қауіпсіздік үшін өз жауапкершілігімізді сезінуге және Орталық Азияны тұрақтандыруға өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

Біздің міндетіміз - аймақтағы тартысты жағдайдың алғышарттарын жоюға барынша көмектесу.



  • Орталық Азияны тұрақтандырудың озық тәсілі - аймақішілік бірігу. Нақ осы жолмен біз біздің аймақтың тартыстық әлеуетін төмендетіп, толғақты әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешіп, су-энергетикалық және басқа да қайшылықтардың түйіндерін  жаза аламыз.

  • Біздің дауысымыз барлық әлемге естіліп тұруға тиіс. Сондықтан мен Астана Экономикалық форумында өзіміз G-Global  деп атаған диалогтың жаңа түрін ұсындым.

Әлемде бірде-бір ел бастан кешіп жатқан дәуірінің қатерлерін жалғыз өзі жеңе алмайды. Менің бастамамның мәні - әділ және қауіпсіз әлем орнықтыру үшін баршаның күшін біріктіру.

Үшіншіден, біздің еліміз халықаралық прогрессивті бастамаларды бәрін одан әрі қолдап, жаһандық қауіпсіздікке үлесін қоса беруі керек.

  • Қазақстан барлық мүдделі серіктестермен және біздің көршілерімізбен бірге Ауғанстан мәселесін тезірек саяси реттеуге және қайта қалпына келтіруге қол жеткізетін болады.

  • Қазақстан ИЫҰ-ның белсенді қатысушысы бола отырып, Таяу Шығысты реттеу процесінің бейбіт сипатына шын жүректен мүдделілік танытады. Араб-ислам әлеміндегі халықтық толқудан босаған күш-қуаттың  жасампаздық арнаға бағытталып, аймақтың  әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге қызмет етуі маңызды.

  • Біз озық қарқынмен Азия-Тынық мұхиты аймағының елдерімен экономикалық тұрғыдан жақындасуға тиіспіз. Бұл бізге тек экономикалық дивиденд беріп қана қоймайды, сыртқы саясатымыздың теңгерімділігін де нығайта түседі.

Төртіншіден, Қазақстан өзінің қорғаныс қабілеті мен әскери доктринасын нығайтуға, түрлі қорғаныстық тежеу тетіктеріне қатысуға тиіс.

  • Біз ұлттық қорғаныс моделін әзірлей отырып, түрлі елдермен және ұйымдармен ынтымақтасуға тиіспіз.

  • Қазақстан ҰҚШҰ бойынша одақтастармен тығыз жұмыс істейтін және жедел қимылдайтын Ұжымдық  күштердің әлеуеті мен жауынгерлік қабілетін арттыруға көмектесетін болады.

 

7. ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПАТРИОТИЗМ - БІЗДІҢ КӨПҰЛТТЫ ЖӘНЕ КӨПКОНФЕССИЯЛЫ ҚОҒАМЫМЫЗ ТАБЫСЫНЫҢ НЕГІЗІ

 

Біздің бұл бағыттағы басты мақсатымыз қарапайым және түсінікті: біз қоғамдық келісімді сақтауға және нығайтуға тиіспіз. Бұл - біздің мемлекет ретінде, қоғам ретінде, ұлт ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты.



Қазақстан патриотизмінің іргетасы - барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі.

Биыл Лондон Олимпиадасында біздің спортшыларымыз 205 ұлттық құрама арасынан 12-орын алды.

Біздің команда көпұлтты Қазақстанның, көптеген этностардың берік және ынтымақты шаңырағының біртұтас жасағы ретінде сайысқа түсті.

Олимпиададағы жеңіс салтанаты халқымызды одан әрі біріктіре түсті, патриотизмнің ұлы күшін танытты. Бұқаралық спорт және жоғары жетістіктерге жеткізетін спорт кешенді жүйелі тәсілді талап етеді. Тек саламатты ұлт қана бәсекелестікке қабілетті болмақ.

Үкіметке  әлемдік озық тәжірибені есепке ала отырып, Бұқаралық спорт пен жоғары жетістікке жеткізетін спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

Бірінші. Жаңа қазақстандық патриотизм.

Болашаққа деген сенім болмаса, толыққанды мемлекет құруға болмайды. Мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды. Мемлекеттің басты міндеті де осы.

Азаматтар мемлекетке болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады.

Мемлекет және халық мұны сезініп, бірлесіп жұмыс істеуге тиіс.

Өз бойымызда  және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады.

Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек.

Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз.

Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады.

2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек.

Біздің балаларымыз бен немерелеріміз  сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде  өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс.



Екінші. Барлық этностар азаматтары құқықтарының теңдігі.

Біз - бәріміз тең құқықты, тең мүмкіндіктерді иеленген қазақстандықтармыз.

Жаңа қазақстандық патриотизм барлық қоғамды, барлық этностық әркелкіліктерді біріктіруге тиіс.

Біз - көпұлтты қоғамбыз. Және де ұлтаралық қатынастар мәселесінде ешқандай қосарланған стандарттар болмауға тиіс.

Мемлекетте бәрі де тең болуға тиіс. Этностық немесе басқа да белгілер бойынша жақсы немесе жаман деген болмауға тиіс.

Бұл мәселе мен үшін декларативті емес. Егер біреуге этностық белгісі бойынша қысым жасалса, онда бүкіл қазақстандықтарға қысым жасалды деп есептеу керек.

Ешқандай этносқа ешқандай артықшылық болмайды және болмауға тиіс, барлығының құқықтары мен міндеттері бірдей.

Біз тең мүмкіндіктер қоғамын, бәрі заң алдында бірдей болатын қоғамды құрудамыз.

Біз ешқашан оқуға түсу, жұмысқа тұру және қызмет бабында өсу этностық белгі арқылы шешіледі дегенді ойға да алмауға тиіспіз.

Мен Үкімет пен әкімдердің еңбек саясатына тәртіп енгізуін талап етемін. Жұмысқа, әсіресе жергілікті билік органдарына этностық ерекшеліктеріне қарамастан, үздіктер алынуы керек. Өлшем біреу ғана - өте жоғары этика және кәсібилік.Министрліктер мен әкімдіктердің барлық буындарында кадр таңдауда байқалатын біржақтылықты түзеу керек. 

Біздің қоғамымызда «артық» немесе «бөтен», «біздікі» немесе «біздікі емес» деген болмауға тиіс. Біз еліміздің бірде-бір азаматын сыртта қалдыра алмаймыз. Әрбір қазақстандық  биліктің қолдайтынын және тірек екенін сезінуге тиіс.

Ұлттардың этносаралық келісіміне сына қағуға тырысатындардың барлығы да заңмен қудаланады.

Мұнда ерекше жауапкершілік біздерге, қазақтарға артылады.



Қазақстан - біздің қасиетті мекеніміз.

Кейінгі ұрпақ осынау қастерлі өлкеде өмір сүріп, өркен жаятын болады.

Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды.

Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық.

Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды.

Қазір біз көпұлтты сипаты бар, біртұтас елміз.

Жаһандану дәуірі - көпұлтты мемлекеттер дәуірі.

Бұл - әлемдік үрдіс.

Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты.

Ендеше, тәуелсіз қазақ елінің азаматтарын алалауға, бауырластығын бұзуға ешкімнің хақысы жоқ.

Барлық ұлт өкілдерімен тіл табысып, тату-тәтті, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру - барша қазақтың басты қағидасы болуы шарт.

Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.

Біз ел иесі ретінде биік бола білсек, өзгелерге сыйлы боламыз.

Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс.

Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз.

Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн.

Осы заманғы ғылыми терминологияның негізін латын тілінен енген сөздер құраса, ақпараттық технология дамыған қазіргі дәуірде күн сайын дерлік ағылшын тілі дүние жүзі халықтарының тілдеріне жаңа сөздер мен ұғымдар арқылы батыл ену үстінде. Бұл үдерістен біз де тыс қалмауымыз керек.

Қазақ тілінің осы заманның биік талабына сай, бай терминологиялық қорын жасаған соң оны рет-ретімен, кезең-кезеңімен қоғамдық өмірдің бар саласына батыл енгізуіміз керек.

Мемлекеттік тілмен қатар Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін дамытуғабарынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз.



Үшінші. Қазақ тілі және тілдердің үштұғырлылығы.

Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады.



(1) Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз.

Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет.

Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек.


  • Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл - ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз.

Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады.

  • Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз.  Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет.  Бұл мәселе оқшауланған қайраткерлердің ортасында шешілмеуге тиіс. Үкімет мұны реттегені жөн.

Бүкіл әлемде бірдей қабылданған терминдер бар. Олар кез келген тілді байытады. Біз өмірді өзіміз күрделендіре түсеміз, түсінбестікке бой алдырып, ақыл-ойды сапырылыстырамыз, көнерген сөздердің шырмауынан шықпаймыз. Мұндай мысалдар аз емес.

Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын.



***

Қазақ тілін дамыту саясаты одан жерінуге, тіпті қазақтардың өздерінің бойды аулағырақ ұстауына ықпал етпеуі керек. Керісінше,тіл Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Бұл үшін тіл саясатын сауатты және дәйекті, қазақстандықтар сөйлесетін бірде-бір тілге қысым жасамай жүргізу керек.

Сіздер біздің саясатымыз туралы - 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс екендігін білесіздер.

Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған.

Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды. Мемлекеттік тіл барлық мектептерде оқытылады. Бұл - егер бала биыл мектепке барса, енді он-он екі жылдан соң жаппай қазақша білетін қазақстандықтардың жаңа ұрпағы қалыптасады деген сөз.

Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде.

Қазақ тілі 2025 жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады.

Осылай тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз - туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі.

Тәуелсіздігін алған тұста еліміздегі қазақтың саны 6,8 миллион немесе 41% болса, қазір 11 миллионға жетіп, 65 %-дан асты.

Қазақтың саны 4 миллионға артты.

Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді.

Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады.

Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс.

Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін.

Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс тіліне айналады.

Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.

Сондықтан оған бей-жай қарамайық.

Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз.



(2) Қазір біз балаларымыз қазақ тілімен қатар орыс және ағылшын тілдерін де белсенді меңгеру үшін жағдай жасауға шаралар қабылдап жатырмыз.

Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек.

Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу - біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі.

Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз.

Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады.

Төртінші. Мәдениет, дәстүр және даралық

Дәстүр мен мәдениет - ұлттың генетикалық коды.

Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды.

Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті.

Қазақстан - бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады.

Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек.

Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады.

Бұл - тарих заңы.

Сондықтан қазақтың бірлігі - елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі.

Ел бірлігі - ең асыл қасиет.

Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге - қазақтарға керек.

Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.

Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген.

Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Мемлекет те солай.

Қазақстанның елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуына бізден - қазақтардан артық мүдделі кім бар?!

Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды.

Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін.



Ру мен тайпаға бөліну - ұлттық тұтастықтан айырылудың өте қауіпті түрі.

Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға - қазақ деген ұлтқа барып тіреледі.

Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді.

Шежіре - қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым.

Барша адамзаттың Адам атадан басталатыны сияқты, бүкіл қазақтың шежіре атаулысы Атам қазақтан бастау алатынын әрбір қазақ жүрегінің төрінде ұстауға тиіс.



Тек бірлесіп қана, бүкіл халықтың күш-жігерін біріктіріп қана біз алға баса аламыз.

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.



Бесінші. Ұлттық интеллигенцияның рөлі

Біз мемлекеттілігіміздің рухани мәселелер экономикалық, материалдық мәселелерден ешбір кем бағаланбайтын даму кезеңіне келіп отырмыз.

Рухани дамуда негізгі рөлге әрқашан интеллигенция ие.

2050 жылғы Қазақстан прогрессивті идеалдар қоғамы болуға тиіс.

Біздің қоғамымыздың қазіргі көзқарастарының негізін дәл осы интеллигенция беруі керек.

(1) Интеллигенция қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс.

Біз жастарымыз бағыт алып, бой түзеуге тиіс өз заманымыздың жаңа қаһармандарын көрсету және жасауымыз керек.



(2) Интеллигенция менің пайымдауымдағы Қазақстан-2050 Жаңа саяси бағыты негізінде ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалауда негізгі рөлді қолға ала алады және алуға тиіс.

(3) Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек.

Бүкілқазақстандық бірегейлік біздің халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналуға тиіс.

Бүгінде кез келген этносқа жататын немесе дінді ұстанатын қазақстандық - өз елінің тең құқықты азаматы.

Қазақ халқы және мемлекеттік тіл даму үстіндегі қазақстандық азаматтық тұтастықтың біріктіруші ұйытқысы болып келеді.  

Біз: «Мен - қазақстандықпын, өз елімде мен үшін барлық есік ашық!» - деп айта алатын әділетті қоғам құрып жатырмыз.

Бүгінде біздің азаматтар үшін барлық есік, барлық мүмкіндік, барлық жол ашық.

Біз көппіз және бәріміз - бір Елміз, бір халықпыз.

Өз еліне пайдасын тигізу, өз Отанының тағдырына жауапты болу - әрбір жауапты саясаткер үшін, әрбір қазақстандық үшін парыз және абырой.

Біз бірлік пен татулық құндылықтарын қоғамның іргетасына, қазақстандық ерекше толеранттылықтың негізіне айналдырдық.

Біз осы құндылықтарды қазақстандықтардың әрбір болашақ буынына аялай ұсынуымыз керек.

Алтыншы. ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін

Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр.

Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз.

Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл - факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол дегеніміз - хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс.

Әркімнің таңдау құқығы бар. Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты.

Бүгінде, интернет пен жоғары технологиялар ғасырында, ақпараттар тасқындаған заманда, «сүзгі» адамның ішінде болу керек.



Ішкі «сүзгі» сұрақтар қойып отыруға тиіс: аналарымыз, әпке-қарындастарымыз, қыздарымыз орамалға оранып алып, басқа халықтардың киімін кигені бізге керек пе? Бізбен бір дастарқанда отырып тамақ ішпеуге тиіс пе? Көлік жүргізбеуі керек пе? Мұның бәрі - басқа елдердің орныққан дәстүрлері, біздің даламызда ондай дәстүрлер ешқашан болған емес. Классиканы оқыңыздар, фильмдерді көріңіздер.

Біздің әйелдерде ұлттық тәкаппарлық, қалыптасқан киіну стилі бар, оны олар ибалылықпен ұстана біледі және біз, ерлер, әйелдердің осы қасиетін жиі теріс пайдаланамыз.

Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз.

Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген.

Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін - ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.

Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып, теріс бағытқа тартуға тырысуда.

Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек.

Біз мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан тұтамыз. Ол - біздің дәстүріміз. Бірақ бізде зайырлы қоғамның дәстүрлері де бар екенін, Қазақстан зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек.

Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Біз өзін өзі ұстаудың ерекше үлгілерін алуға тиіспіз. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды.

***

Мемлекет пен азаматтар радикализмнің, экстремизмнің және терроризмнің барлық түрлері мен бой көрсетулеріне қарсыбіртұтас шеп құруға тиіс.



Діни экстремизм қаупі ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Дінбасылар да ортақ алаңдаушылық білдіруде.

Біз Жаратушыға деген кіршіксіз сенімнің агрессиялы және қырып-жойғыш фанатизммен алмасуына жол бермеуіміз керек.

Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын ханафи мазһабына қарама-қайшы.

Қазақстандағы экстремизм мен терроризмде идеялық емес, қылмыстық негіз бар. Жалған діни көпірмеліктің артында қоғамның негізін күл-талқан еткісі келетін қылмыстық іс-әрекет жасырынып жатыр.

Бұл - біздің еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа шабуыл. Бұл - біздің мемлекеттігіміз бен азаматтық кемелдігіміздің мықтылығының сынға түсуі.


  • Біз діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды жетілдіруіміз керек. Біз терроризмге қарсы заңдарды да жетілдіруге тиіспіз. Мемлекет қайдан бой көтерсе де, радикализм мен экстремизмнің жолын кесу керек.

  • Біз әлеуметтік, этностық және діни шиеленістер мен қақтығыстарды еңсерудің жаңа сенімді механизмдерін жасауымыз керек. Дәстүрлі емес секталар мен күмәнді жалған діни ағымдардың іс-әрекетін қатаң түрде тыйып отыру қажет.

  • Біз қоғамда, әсіресе, жастар арасында діни экстремизм профилактикасын күшейтуіміз керек.

  • Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі беретін артықшылықтарды да пайдалануымыз керек. Осы әңгімелесу алаңының базасында діни ыңғайдағы дауларды шешудің жаңа платформасын жасауымыз қажет.

  • Біз діни және этностық дауларды шешу үшін аймақтағы ыстық нүктелерде, Үлкен Таяу Шығыс аясында, тіпті одан да ауқымды деңгейде араағайындық жасауға дайын болуымыз керек.

Біздің мемлекетіміздің зайырлы келбеті - Қазақстанның табысты дамуының маңызды шарты.

Мұны Қазақстанның қазіргі және болашақ саясаткерлері, барлық қазақстандықтар айқын түсінуге тиіс.

Үкіметке менің Әкімшілігіммен бірлесіп, Діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламадайындауды тапсырамын.

Сөйте тұрып, мен ұлтты да сақтандырғым келеді. Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс.

Дін мәселелерінде ойластырылған қадам және өте мұқияттылық қажет. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі ісіне араласпауға тиіс. Біз ұят, толеранттылық және төзімділік еркіндігі принциптерін қастер тұтуымыз керек.

 

Құрметті қазақстандықтар!



Менің отандастарым!

 

Бүгінгі Жолдауымда мен сіздердің әрқайсыларыңызға сөз арнаймын.



Ел алдында ірі мәселелер тұр. Мен біздің табысты болатынымызға сенімдімін.

Болашақтың Қазақстанын мен қалай елестетемін?

Мен 2050 жылғы қазақстандықтар - үш тілде сөйлейтін білімді, еркін адамдардың қоғамы екеніне толық сенімдімін.

Олар - әлемнің азаматтары. Олар саяхаттап жүреді. Олар жаңа білім меңгеруге құштар. Олар еңбексүйгіш. Олар - өз елінің патриоттары.

Мен 2050 жылғы Қазақстан - жалпыға ортақ еңбек қоғамы екеніне сенімдімін. Ол - барлығы да адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Білім беру саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік. Бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрған. Азаматтары еркін және тең құқықты, ал билігі әділ. Онда заң үстемдік етеді.

Мен біздің дұрыс бағытпен ілгерілеп бара жатқанымызға сенемін және бізді ештеңе де түзу жолдан тайдыра алмайды.

Егер біз күшті болсақ, бізбен санасатын болады.

Егер біз таңғажайыпқа сенсек немесе басқаларға иек артсақ, қол жеткізген жетістіктерімізді жоғалтып аламыз.

Бүгін біз ең дұрыс таңдау жасауға тиіспіз.

 

***



Қымбатты отандастар!

«Қазақстан 2050» Жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыруда бізге - қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеледі.

Тағылымы мол тарихымызбен, ұлы бабалардың ұлағатты өмірінен алар тәлімімізбен біз алдағы асулардан алқынбай асамыз.



Үдеудің сыры - бірлікте,

Жүдеудің сыры - алауыздықта.

Осыдан 3 ғасыр бұрын Аңырақайда болған ұлы шайқаста ата-бабаларымыз бірліктің құдіреті қандай боларын өзіне де, өзгеге де дәлелдеген.

Сын сағатта туған елге деген перзенттік парызды бәрінен биік қоя білген.

Сол шайқаста төгілген қан барша қазақтың тамырында бар. Бізді бір-бірімізбен біріктіретін де, бауыр ететін де бабалардың бостандық жолында төгілген осы қаны деп білемін.

Елдік мұрат жолындағы ұлы ерлік әрқашан аталарымыздың бойынан табылған.

Бабаларымыз тірі болу үшін бір болса, біз әрдайым ірі болу үшін бір болуымыз керек.

Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты.

Біз бәріміз бір атаның - қазақ халқының ұлымыз.

Бәріміздің де туған жеріміз біреу - ол қасиетті қазақ даласы.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол - тәуелсіз Қазақстан.

Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат  қылдық.

«Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі.

Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін.

Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз«Мәңгілік Ел» боламыз.

Сондықтан барлық буын өкілдеріне үн қатамын!

Алдымен, алдыңғы толқын - аға буын!

Сіздердің көрегендіктеріңіз бен өмірлік тәжірибелеріңіз кейінгі буынның ақиқат жолынан адаспай, алға басуына септігін тигізеді.



Ортаңғы буын отандастарым!

Сіздердің еншілеріңізге алып империяның күйреп, жас, тәуелсіз мемлекеттің түлеген кезеңі дөп келді.

Сіздердің күрделі де қиын шешімдер арқылы жинаған өлшеусіз тәжірибелеріңіз - қиындықтардан қыңбай өтуімізге қажетті баға жетпес қазына.

Ал кейінгі толқын жастарға айтарым: Сендер - болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер.

Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда.

Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзенттерісіңдер.

Тәуелсіз елде туып, тәуелсіз елде тәрбие алдыңдар.

Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің - елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш.

Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары - ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын.

Мен 21-ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін.

Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады.

Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық.

Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.

Аңсарлы азаттығымыз бен тәу етер тәуелсіздігіміз баянды болсын!

Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!

Баршаларыңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін.

 

Астана, Ақорда, 2012 жыл







Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет