Мұхитдин ИСАҰЛЫ, Нұр-Мүбәрак университеті ректорының ғылыми кеңесшісі, теология ғылымдарының докторы
Елбасының «Мәңгілік ел» сөзінің ұғымы өте терең
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы желтоқсан айында Қазақстанның барша халқына арнап «Қазақстан – 2050 стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын кезекті Жолдауын жариялады. Еліміз дамуының ең басты стратегиялық құжатына айналған осы Жолдау өзіңе қандай ой салды?
– Елбасының Жолдауы бұрынғы Жолдаулардан әлдеқайда жаңа бір бастау, еліміздің ұзақмерзімдік даму жоспары белгіленген маңызды стратегиялық құжат екені рас. Осы құжатты еліміздің белгілі бір белеске жетіп, өркениетке бет түзеген, дамыған ел қарқынының игі көрсеткіші деп бағалаймын. Халқымыз «елу жылда ел жаңа» демеуші ме еді. Бәзбіреулерге елу жылға дейінгі стратегия ұзақ болып көрінуі мүмкін. Бірақ ел болған соң межесіз болмайды, ол ұзақмерзімді болуы шарт. Мысалы, алпауыт елдер елу емес жүзжылдық межелерді белгілеп жатады. Демек, бұл құжат – қоғамды алға жетелейтін үміт, Елбасының егеменді ел болғалы бері «Қазақстан – 2030» стратегиясын белгілеп, онда белгіленген міндеттерді өте қысқа мерзімде бұрын орындап, ендігі жерде «Қазақстан – 2050» деп алдағы уақытта атқарылар ұлан-ғайыр міндеттерді түзуі маған Құрандағы егемендік алған бір ел Пайғамбарының ел болу үшін қырық жылдық жоспар құрып, сол мақсатына жеткенін есіме түсіреді. Иншалла, бұл да нысана, асыл мақсат деп ойлаймын.
– «Қазақстан – 2050» стратегиясының бұған дейінгі Жолдаудан айырмашылығы мен артықшылығы неде?
– Мұнда жаңа бір белес нысанасының белгіленіп, нақты көрсетілуінде жатыр. Мұны даму қарқыны барынша ілгерілеп келе жатқан, болашағы зор, өркениетті Қазақстанның әлем жұртшылығын елең еткізген айрықша дүмпуі деуге болады. Мамандығым дінтанушы болғандықтан мені елең еткізгені, осы Жолдаудың алтыншы бөлімі. Дәлірек айтсам, елдегі бүгінгі таңдағы дін мен террорлық мәселе. Мазһаб пен дәстүр мәселесі.
– Рас, Елбасы осы Жолдауда: «Біз – мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген» деп қазақтың Ханафи мазһабын ұстанғанын айқын білдірді. Ал кейбіреулер «Ислам діні негізгі төрт мазһабқа бөлінеді. Қайсысын ұстансаң да адаспайсың» дегенді айтады. Ендеше, біз үшін Ханафи мазһабын ұстанудың қандай ерекшелігі бар?
– Оның басты ерекшелігі, қазақ елінің қазақтығында жатыр. Егер бүгінгі күні исі қазақ жұртшылығы Ханафи мазһабын ұстанбаса, онда ол өзінің ата-бабаларының ұстанымы мен көптеген асыл да баға жетпес құндылықтардан айырылып қалады. Өйткені біздің ел сонау бір кездері «Қазақ» деген ел болып шаңырақ көтергенде ислам дінінің ішіндегі Ханафи мазһабы болып құрылған-ды. Әрі Ханафи мазһабы – төрт мәзһабтың ішіндегі кең әрі көп тараған мазһаб. Қазақтың бүкіл салт-дәстүрі, болмысы, құндылықтары сол мазһабқа қарай өрбіді. Сол себепті бүгінгі таңда біз келесі бір мазһабты ұстанатын болсақ, онда
бізге өзгеше бір ұлт болуға тура келеді. Демек, Ханафи мазһабын ұстанбау, бұл – ата-бабаларымыздың құндылығынан ажырау деген сөз. Мысалы, келіннің бетін ашу, тұсау кесу, сәлем салу тіпті жылқы етін жеуге дейін айырмашылық болар еді. Елбасы осыны терең түсініп: «Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген» деп бізге Ханафи мазһабының қажеттілігін көрсетіп беріп отыр.
– Тағы бір маңызды нәрсе, осы Жолдауында Елбасы: «Біз діни радикализм мен экстремизмнің пайда болуын бейтараптандыру мақсатында заңдарымызды жетілдіруіміз керек» деп атап көрсетті. Осы «вирусты» жою жолында әлгі айтқан Ханафи мазһабының қандай да бір рөлі бар ма?
– Әрине, Ханафи мазһабының рөлі өте үлкен. Өйткені Ханафи мазһабы – қазақтың жас ұрпағына егілетін вакцина әрі антивирус. Иә, бүгінгі күні оқта-текте елімізде кездесіп қалып отырған радикалдық пен экстремизм әрекеттерінің ислам дінін теріс жамылғандардың қолымен болып отырған іс
екені ақиқат. Ендеше, біз мектеп пен жоғары оқу орындарында «Ханафидегі қазақ құндылығы» деген тәрізді пән енгізіп, еліміздің болашағы саналатын жастарымызды осы жолда сауаттандыратын болсақ, онда оларды «жау» оңайлықпен ала алмайды. Оның дәлелі – Түркия. Оларда дін дәрісі тұтастай Ханафилік бағытта жүргізіледі әрі каникул кездерінде жас өркендерді Құран
6
курстарында сауаттандырады. Иә, қазіргі кезде мектептерде дінтану пәні енгізілген. Бірақ ащы да болса айтайын, оның жастарға берер пайдасы аз. Оның үстіне мұндағы сағат саны да өте аз әрі ол сабақты дінтанушылар емес, тарихшылар береді. Бұл – химия пәні бойынша дәрісті денешынықтыру пәні мұғалімінің жүргізгенімен бірдей. Сондықтан да мектептердегі дінтану дәрісін қайта қарап, өзекті мәселеге айналдыратын уақыт келді деп ойлаймын.
– Жолдауда Елбасы болашақта Қазақстанды «Мәңгілік ел» биігіне жеткізу туралы пікірді қадап айтты. Сонда «Мәңгілік ел» деген қандай мемлекет? «Мәңгілік ел» атанған мемлекеттің қандай ерекшелігі болады?
– «Мәңгілік ел» деген сөздің ұғымы аса терең. Әл-Фараби да өзінің «Ғажап ел» туралы кітабында егжейлі-тегжейлі жазып кеткен. Қысқаша айтқанда, «Мәңгілік ел» дегеніміз, бұл – ғұмыры мың жылға созылып, тұғыры таймаған алдыңғы қатарлы алпауыт ел деген сөз. Бірақ ол үшін ерекшеліктердің төмендегідей бес ұстанымы болуы шарт. Бірінші – діннің сақталуы. Екінші – нәпсі, жанның сақталуы. Үшінші – нәсілдің қорғалуы. Төртінші – мал-мүліктің қорғалуы. Бесінші – ақыл мен ой-сананың, оның ішінде, сана еркіндігінің сақталуы. Бұған қоса айтарым, «Мәңгілік ел» болу үшін билік пен халықтың арасында алынбас қамал, ешкім кіре алмайтын жабық қақпа болмауы тиіс. Яғни билік басқа әлемде, халық басқа бір әлемде ғұмыр кешпеуі қажет. Мұның басты белгісі – билік өзі үшін емес, өзгелер үшін, туған халқы үшін өмір сүруі керек. Бірақ Пайғамбарымыз «қандай болсаңдар солай басқарыларсыңдар» дейді. Физиканың, химияның, астрономияның өзіне тән өзгермейтін «жаратылыс заңы» деген бұлжымас тәсілдері болатынындай, қоғамның да өзіндік тәсілдері бар. Мысалы, бір сұйық зат неден шықса, оның қаймағы да содан! Айранның бетінде айранның қаймағы, сүттің бетінде сүттің қаймағы болады. Ендеше, басты нәрсе – басқарылған халықтың мінез-құлқына байланысты. Егер олар мінез-құлық жағынан өздеріне жүктелген мәселелерді тиянақты түрде шешсе, онда биліктегілерді де мазалайтын мәселе қалмайды. Егер биліктің қарапайым
халыққа рақымы мен шапағаты, халықтың оларға деген бағыныш, құрмет және сүйіспеншілігі болса, онда мұндай ел сол құндылықтар жоғалғанға дейін «Мәңгілік ел» болып қала бермек! Мұның соңы ақыретте, жұмақта да жалғаса беретіні даусыз.
– Жолдауға зер сала қарасаңыз, Елбасы Қазақстанды болашақта «Қазақ елі» деп атау туралы пікірді айтып, халқымызды бір қуантып тастады. Сіздің ойыңызша, «Қазақ мемлекеті» деп жариялау үшін қандай ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуы тиіс?
– Жасыратыны жоқ, біздің мұндай ұлан-асыр қуанышымыз қазақтың көрнекті ақыны Төлеген Айбергеновтың «Бір тойым болатыны сөзсіз менің» деп жырға қосқан күннің біртіндеп жақындап келе жатқанының белгісі! Демек, күні кеше болашақты болжай білген дауылпаз ақын Төлегендердің асқақ арманы мен ізгі мұратының Елбасының да көкейінде екендігі дәл осы Жолдаудан тағы бір рет айқын байқалды. Біз жиырма жылдан бері егеменді ел болсақ та «тіл, діл» деп дабыл қағып келдік. Бейне бір тіліміз жоғалып кететіндей болып көрінді. Мұның жүрегі «Қазақ!» деп соққан әрбір адам үшін де дәл осылай көрінуі әбден орынды. Әйтсе де, жетпіс жылдық дертті небары бірнеше жылда емдеп, жазу мүмкін емес. Себебі батпандап кірген ауру мысқылдап шығады» емес пе? Бірден «Қазақ» деген елміз деп шығатын болсақ, елдегі өзге ұлттарды былай қойғанда, орыстанған немесе ақын Мұхтар Шахановтың бірнеше түрге бөліп жүрген жаңа қазақтарының өзі қатты үркіп, қарсы қылық көрсетіп, одан әрі өз жұртынан безіп кетуі мүмкін. Бір кездері мен Түркияда докторлық диссертация қорғап жүргенімде дәрісте бір ұстазымнан: «Сіздер «түрік» деген елсіздер. Бәріңіз бір тілде сөйлейсіздер. Ал үңіліп қарасам, сіздің елде көптеген этностар тұрады екен. Осындай нәтижеге қалай қол жеткіздіңіздер? Біз де «Қазақ» деген ел болғымыз келеді дедім. Сонда ол: Мұның бастауы бүгінгі жаңа Түркия елінен басталған жоқ. Бұл – сонау Османлыдан бастау алған. Османлы өз елінде тұратын этностарды түрікке айналдыруға мүмкіндігі бар еді. Бірақ олай жасаған жоқ. Тіпті дінде бұған рұқсат жоқ. Құранда Алланың адамзатты ұлт-ұлттар деп бірін-бірі танысын деп бөлгені айтылады. Ендеше, оны сақтау парыз! Осыған орай Османлы да ешбір
этносты жойған жоқ. Қайта олардың тілдері мен мәдениетін жоғалтпауға жағдай жасады. Тіпті бір яһудей халқын христиан бір елде қысым көріп тұрған жерінен кеме жіберіп алдырып, Ыстамбұлдың ең мықты аралына орналастырған. Ал қол астындағы араб елі секілді елдердің ешбіріне түріктендіру саясатын жасаған жоқ. Бірақ Османлы өз елінде түрік тілін ресми
7
тіл етіп қойды! Ендеше, қазіргі Түркиядағы саясат та соның көшірмесі. Этностар болса, өздеріне қысым жасамай, керісінше, құндылықтарына құрмет көрсеткені үшін Османлыны жақсы сыйлап, тілін өз еркімен үйренді. Ал сендердің елдеріңе келсек, Орта Азияның жүрегі болғандықтан әрі көптеген этностарды қамтығандықтан және басқа елдерге қарағанда, кезінде қазақ елінде қасақана орыстандыру саясаты қатты жүргізіліп, белгілі мақсаттарына жеткендіктен басқа елдер тәрізді «Қазақ елі» болып жаппай қазақша сөйлеп кете алмайды. Ол үшін үш ұрпақ өтуі керек» деген еді. Түрік ұстаздың маған айтқаны, бір жорамал ғой. Дегенмен, ойлап қарасақ, үш ұрпақ 2050 жылдарға сәйкес келеді. Бұған қоса, біз айналамызды қоршаған алпауыт елдерге қарап, өзіміздің тәй-тәй басқан жас мемлекет екендігімізді ескерсек, онда бірден
«Мәңгілік ел» болып кетеміз деген идеал утопия болмақ. Сондай-ақ, алға қойған ұлы мақсатымызда бір қателік жасасақ, ешкім басымыздан сипай қоймайды. Мұндай жағдайда ешбір мұсылман, ешбір түркі жұрты да көмектесе алмайды. Атадан алтау тусаң да, жалғыздықтың бары рас. Әркім өз ошағын ойлайды. Байқап қарасаңыз, әлі күнге ешбір мұсылман немесе түркі елдері арасынан алпауыт ел жоқ. Солай бола тұра, бейбіт бір ел болып тұруымыз Алланың бір шарапатынан басқа еш нәрсе емес. «Алма піс, аузыма түс» деп бүгін-ертең «Мәңгілік ел» бола алмаймыз. Ең бастысы, нысананы мығым етіп белгілеп, «егінімізді өз уақыты мен тиісті шартына сай дұрыс еге білуіміз қажет. Егер осылай жасай алсақ, онда біздің барлығымыздың Құдай тағаланың қақпасын қағып: «Ей, Алла тағалам! Ұрпағымды «Мәңгілік ел» ете гөр!» деген ықыласты дұға ете білгеніміз. Ең бастысы, сабыр ете білуіміз керек. Сабыр түбі – сары алтын», «бүгін ектім, ертең орам» деген болмайды. Құранда Алла тағала: «Шүкірлік етсеңдер, ырыс-несібелеріңді арттырам, күпіршілік етсеңдер, азабым қатты» дейді. Жалпы, менің осы жауабым да артық сөз деп ойлаймын. Өйткені сіздің бұл сауалыңызға Жолдауда нақты жауап берілген.
– Жолдауда көтерілген, жүзеге асырылуы тиісті тағы бір өте маңызды мәселе, ол – Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне байланысты. Дәл осы мәселеде ел қандай іс-шараларды жүзеге асыруы қажет?
– Елбасы Жолдауда: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе» деп көп жайттан хабар берді. Менің бұдан түсінгенім мынау: Елбасы «қаріп», «әліпби» деген сөздерді қолданған. «Әріп» демеген. Арабтарда: «әрбір нәрсе өзінің тегіне тартады» деген мақал бар. Мен бұл жерден нағыз тегіне тартқан тектілікті көріп тұрмын. Алпауыт ел боламын десек, тегімізге тартуымыз қажет. Мықты мемлекет болуымыз үшін біздің жан-жақтан берік тірегіміз болуы керек. Оның ең бастысы, түбі бір түрік жұрты. Кешегі шағатай тілі секілді біздерге ортақ тіл болып, бір-бірімізді оңай түсінетін жолдың бірі, осы – латын қарпі. Әрі бүгінде дүние мен экономика және өркениеттіліктің кілті ағылшын тілінде. Осыған қатысты тек екі нәрсені айтқым келеді. Бірінші және ең бастысы, латын қарпін жасағанда өзіміздің төл әріптеріміздің түсіп қалмауын қатаң ойластырумыз керек. Осыдан қатты қорқамын. «Ц» әрпін қалдырып «һ» әрпін алып тастасақ, мен үшін бір нәубет. «Һ» қарпі қазақ тілінде аз қолданса да, бары анық. «Аллаһу әкбәр» деген діни сөзді былай қойғанда, қазақ тіліндегі «аһылап, уһілепті» қайда қоясыз? Бүгінде «Һ»-ның орнына «х» да жетеді деп жүргендер бар. Әрі «Һ» «һу» деген Алланың бір атауы болғандықтан ерте заманнан Әзірет сұлтан зікірінде бар. Мысалы, ана баласын жұбатқанда «һу Алла», «һу Алла» деп жұбатады. Ендеше, латын қарпін жасағанда осындай қаріптер әлде бір саяси репрессияға ұшырап кетпеуі керек. Демек, латын әліпбиін жасайтын ғалымдар арасында шағатай тілін жақсы білетін әрі төл мәдениетін терең меңгерген түбі мұсылманға жақын ғалымдар болуы керек. Атағы дардай екен деп кешегі кеңес кезеңінен шыққан тіл ғалымдары ғана болмауы керек. Олар бәрібір ескілігіне тартуы әбден мүмкін. Екіншісі, Елбасы: «Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз» деп тарихтағы жасалған әліпбиге ишарат жасады. Ендеше, сондағы әріптерге бұл теріс түспей сәйкес келуі қажет. Үшіншіден, әлемдік әліпбиге сәйкес келумен қатар, әсіресе, түркі жұртының қазіргі қолданып отырған әріптерімен ұштасуы лазым!
– Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ
//Айқын.-2013.-1 наурыз.-6б.
БІЛІМ ХАЛЫҚТЫҢ ИГІЛІГІНЕ
ЖАРАУЫМЕН МӘНДІ
Нарықтық экономиканың қиындығын артта қалдырған тәуелсіз еліміз өндіріс пен ғылымның арасындағы байланысты қайта жаңғыртуда. Президентіміз «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты бағдарламасында экономиканы, отандық ғылымды дамытуды, инновацияны өндіріске енгізудi жоғары оқу орындарына міндеттеді. «Білім – ғылым – инновация» үштігіне бет бұрған сондай оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик Ғалым Мұтанов мырзамен білім саласындағы реформа мен ғылымдағы инновациялық ізденістер жөнінде сұхбаттасқан едік.
– Ғалым мырза, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда отандық білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағыттарын айқындады. Ол жоғары оқу орындарына қандай міндеттер жүктейді?
– Жолдаудың ел дамуының келешегін айқындауда маңызы зор. Президентіміздің 1997 жылғы «Қазақстан – 2030» стратегиясы еліміздің ішкі және сыртқы саясатын айқындап, тұрақтылыққа жеткізген маңызды құжат болды. Бірақ, нарық жағдайына бейімделе алмаған көпшілік бұл құжаттың маңыздылығын кейіннен сезінді. Әлемдегі дамыған елдердің көшіне ілесу үшін айқын мемлекеттік бағыт-бағдар қажет еді. Елбасының көреген саясатын айқындайтын стратегиялық бағдарлама Қазақстанды халықаралық қауымдастықтарға танытып, беделін арттыра түсті. Қазіргі Жолдауда осыған дейін анықталған даму сатыларынан өткен, қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси-экономикалық тұрғыдан өрлеу бағдары айқындалған. Мұндай ұзақ мерзімді жобалар қоғамдағы барлық үдерістерде түбірлі өзгерістерді талап етеді. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – елімізді төрткүл дүниеге Мәңгілік ел ретінде танытатын құжат.
– Мемлекет экономикасын дамыту механизмдері білім және ғылым жүйесіне тікелей байланысты. Білім беруде әлемдегі озық тәжірибелерді қолдану тиімділігі неде?
– Маңызы жағынан бұл Жолдау білім мен ғылым салаларына ғана емес, тұтас еліміздің дамуына серпіліс береді. Осыған орай, салыстырмалы түрде тарихта болған мағынасы өте жоғары бір жайтты айтқым келеді. 1959 жылы КСРО-ның тұңғыш жер серігін ұшыруы бүкіл әлемде ғылым мен білімнің дамуына зор серпіліс жасаған еді. КСРО-ның саяси бақталасына айналған Америка Құрама Штаттары ғылыми-интеллектуалдық ресурстарын зерделеп, білім беру жүйесін қайта құрып, ғылымға деген көзқарасын өзгертті. Мысалы, барлық жоғары оқу орындары оқу процесіне STEM (ғылым, технология, инжиниринг, математика) жобасын енгізу арқылы ғылыми-техникалық ілгерілеу мен инновациялық дамудың негізі болып табылатын бұл пәндерге басымдылық беріп, болашақ мамандарды сол бағытта дайындауды қолға алды. Уақыт өте келе АҚШ әлемдегі ең бай, қуатты елдердің көшбасшысына айналғаны белгілі. STEM жобасы бүгінгі таңда көптеген дамыған елдің ЖОО бағдарламаларына енді.
– Ректор мырза, осы Жолдаудан кейін білім беру жүйесінен қандай өзгерістер күте аламыз?
9
– Елбасы айтқандай, біз мемлекет, бизнес және университет арасында өзара әрекеттестіктің үш деңгейлі серпінін қалыптастыруымыз қажет. Мемлекет те, бизнес те жаңа білімді, жаңа технологияны шығармайды. Ол тек университеттік ортада ғана қалыптасады. Бүгіннің басты талаптарының бірі – алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын білімге негізделген (инновация) жаңа экономиканың субъектісіне айналдыру. Бұл ретте университеттердің рөлі, белсенділігі артады. Сондықтан біз Президентіміздің оқулықтар мен оқу бағдарламаларына қатысты айтқан сындарынан сабақ алып, жаңа оқу бағдарламасын жасауға тиіспіз. Оқу жоспарын біліктіліктің жаңа сапалық деңгейіне көтеру – басты міндет. Әлемдегі ғылыми жетістіктер бірінші кезекте халықаралық ағылшын тілінде пайда болса, бұдан кейін орыс, содан соң қазақ тіліне аударылады. Осы аралықта біздер 8-10 жыл жоғалтамыз. Сондықтан біз ағылшын тілін меңгеру арқылы әлемдік білім кеңістігіне тікелей шығуға тиістіміз.
Болашақ маман студент кезінен бағытын айқындауы тиіс, яғни өзінің жобасымен жұмыс табатын мүмкіндікке жетуі қажет. Мемлекеттің ең басты капиталы адам десек, оның сапасы тікелей біліммен байланысты. Білім мен біліктілік нәтижесін өзіне және мемлекет игілігіне жарату уақыты келді. Осы ретте халықаралық нарықта бәсекелесе алатын жас маманды дайындауда үш бағытты көрсеткім келеді: ол – студенттердің ізденімпаздығы, ұстаздардың біліктілігі және заманауи оқу бағдарламасы. Университетте оқу бағдарламаларын қайта қарап, ғылым мен білімнің біртұтастығын қамтамасыз ететін STEM жобасын оқу үдерісіне енгізе бастадық. Елбасы аталмыш бағыттарды дамыту білім беру саласының мүмкіндіктерін арттыратынын айрықша атап өткені белгілі.
– Қазір өркениетті елдер білімді жетілдіруде қоғамдық-кәсіби ұйымдарға мүдделі. Мұның тиімділігі неде?
– Өркениетті мемлекеттер өз мамандарының біліктілігін көтеруде қоғамдық- кәсіби ұйымдардың қызметіне сүйенеді. Олар халықаралық еңбек нарығының сұраныстарын сараптай отырып, оқу жоспарларына өздерінің тиімді ұсыныстарын енгізеді. Әлемдік тәжірибеде іргелі қоғамдық-кәсіби ұйымдардың қызметінің нақты нәтижесін көрген мемлекеттер бар. Мысалы, Үндістан АҚШ пен Батыс елдерінен білікті ғалымдарды тартып, ғылымды интенсивті түрде өндіріспен ұштастыру арқылы ақпараттық технологиялар саласында үлкен жетістікке жетті. Бұл нәтижеге «Үнді-Америка» бірлескен жобасы көп септігін тигізеді. Ғылымы өркендеген Үндістан қазіргі таңда дүниежүзіне ақпараттық технологиялар өнімін (бағдарламалар) экспорттаудан жылына 17 млрд. доллар пайда табады.
Халықаралық интеграцияға негізделген мұндай тиімді жобалар білім берудегі жаңа мүмкіндіктерді ашады. Білім саласын кәсіби негізде жетілдірген «Үнді-Американ» жобасының тиімділігін сезіне келіп, біздің университет оған қосылуға қол жеткізді. Елімізде жақында құрылған «Қазақстан-Үнді-Америка» жобасының негізгі мақсаты – техникалық және жаратылыстану ғылымдарындағы пәндер бойынша жоғары оқу орындары оқытушыларын қайта даярлау.
10
– Елімізге қандай маман қажеттілігі туралы деректерде нақтылық жетіспейді. Бұл неден?
– Мойындауымыз керек, мұндай мәселелер бар. Қазір оқу бітіріп, диплом алған жастардың бәрі бәсекеге қабілетті емес. Мамандардың сапасы кәсіби біліктілігімен өлшенеді. Бәсекеге төтеп беретін білімді және білікті мамандар мемлекеттің қуатын арттырады. Алайда солардың көпшілігі ауылдық жерлерге бара бермейді. Елбасы Жолдауында атап көрсеткен болжамдық басқару өмірдің қай саласына да қажет. Бұл бірінші кезекте жастарды ауылға тартуға қатысты. Жастардың ауылға тұрақтануына қажетті механизмдерді іздестірген жөн. Бұрын әскер қатарына шақырылған жастар міндетті борышын өтеуге немқұрайды еді. Қазір жағдай керісінше. Айталық, Францияда алдымен әскерде болып, Отан алдындағы борышын өтегеннен кейін ғана олар мемлекеттік қызметке қабылдана алады. Біз де еңбек жолын ауылдан бастаған жастарға осындай мүмкіндіктер ұсынуымыз қажет. Меніңше, жеңілдік материалдық игілік не мансаптық лифт түрінде болуы шарт. Президенттің жергілікті жерлерде өзін-өзі басқаруды дамыту бастамасы да ауыл-аймақтарға қандай мамандардың қажеттігін айқындауға септігін тигізеді.
– Келешекте қазба байлықтарды игеруде озық технологиялар табыстың көзіне айнала ма?
– Қай мемлекеттің болса да экономикалық әлеуеті бәсекелестікке, оның табиғи қорларының молдығынан гөрі, олардың инновациялық белсенділігіне, ғылыми-техникалық жетістіктерді пайдалану дәрежесіне тікелей байланысты. Мәселен, табиғи қорлары аз немесе мүлде жоқ кейбір мемлекеттер экономикасының бәсекелестікке қабілеттілігін арттырумен халықаралық еңбек нарығында алдыңғы орындарға шықты. Әлемдік тәжірибе ел экономикасын ілгерілетуші әлеует қазба байлықтарда ғана еместігін дәлелдеуде. Мәселен, кезінде Алаш арыстарына «Жапонияның тыңшылары» деп айып таққаны белгілі. Сол кезде Ахаң бастаған арыстарымыз Жапонияның озық іс-тәжірибесін негізге алып, елімізді дамытуды ойлады. Біздің бүгінгі бағытымыз да осы.
Бүгінде жоғарғы технологияның дамуының арқасында кейбір қазба байлықтарын игеруге деген мұқтаждық біртіндеп азаюда. Айталық, көмір мен түрлі құрылыс материалдарына қажетті жерасты байлықтары өзге де тиімді заттармен алмастырылуда. Сондықтан бай энергетика көздері бар деп тоқмейілсуге болмас. Өткен тарихымызды зерделесек, ашаршылықтың және небір зұлматтардың зардабын тартқан халқымыздың өз қазба байлығын өз игілігіне жарата алмау себебі – біріншіден, білім мен ғылымның кенжелеп қалуы, екіншіден, түрлі ғылыми салаларға қажетті ұлттық кадрлардың тапшылығы және отарлық саясаттың мүддесіне тәуелді болуымызда. Сол заманның ащы сабағы табиғи байлықтарымызды ұқыпты, тиімді пайдалануды талап етеді. Еліміздің дамуы туралы сөз қозғағанда сан жағынан аз ұлтымыздың сапалық деңгейі әрқашан күн тәртібінен түспеуі тиіс.
– Сіз алғашқы технопаркті ұйымдастырушы жаңашыл ғалымсыз. Технопарктердің ғылымды өндіріспен ұштастырудағы маңызы қандай?
– Білімнің арқасында түрлі идеялар мен жобалар өмірге келеді. Ал, осының бәрін іске асыру үшін инновациялық инфрақұрылым қажет. Өнеркәсіппен тығыз байланыс жасау, жаңа технологияларды өндіріске енгізу, бизнес-
11
инкубаторлар мен ғылыми технологиялық парктердің құрылуы жас мамандардың біліктілігін, ғылыми әлеуетін арттырады. Бұл – инновациялық экономиканы дамытудағы маңызды қадам. Ғылымның әлеуетін арттыруда жинақталған нәтижелерді коммерцияландыруда тиімді инфрақұрылымдар аса қажет. Жастарды кәсіпкерлікке, инновациялық менеджментке бағыттайтын мұндай технодәліз университет пен ғылыми зерттеу орталықтарын байланыстырады. Жастарымыз осы мүмкіндікті барынша пайдаланып, білігі мен біліктілігін көтеруге ұмтылуы тиіс. Сонда ғана жоғары оқу орындары білім мен ғылымның пайдасын көре алaды. Осы бағытта университеттегі әр факультетте студенттік бизнес-инкубаторлар құрылды. Жаратылыстану мамандықтары бойынша білім алатын жастармен қатар, гуманитарлық мамандық иелері де бұл іске белсене араласуда. Филолог студенттер бір жинақ шығарса, бұл кітап олардың интеллектуалдық меншігі саналады. Нарық заңдылығында олар өздерінің интеллектуалдық меншігінен пайда табуы шарт. Әрине, интеллектуалдық құндылықтың пайдасы кітап шығарумен шектелмейді. Әркім жасаған еңбегінен пайда табу үшін заманауи маркетингтік қатынастарды жетік білуі тиіс. Химия факультетінің түлектері хош иісті сабындар мен иісмайлар шығарса, математика-механика студенттері суперкомпьютерлер мен түрлі салалық тапсырыстарға сай бағдарламалар жасайды. Физика-техника факультетінде Токио университетінің мамандарымен бірлескен жоба бойынша наноспутник құрастырылуда. Студенттік бизнес-инкубаторларда қолға алынған жобаларды Астана төрінде өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде әлем назарына ұсынатын боламыз.
Негізгі мақсат – қазақстандықтардың келесі буынын алдыңғы толқынға қарағанда бәсекеге қабілетті, жаңашыл, болашақтың талабына сай қалыптастыруымыз керек.
– Қазір ұжымдық ұғымның мәні де артып, корпорация терминімен алмасып отыр. Бұған сіздің пікіріңіз қандай?
– Қазіргі қоғамдық өмірде корпорация ұғымы жиі қолданылуда. Бұл – белгілі бір заңдылықтар мен жарғылар негізінде ұжымның алдына қойған мақсаттарына кәсіби тұрғыдан бет бұруы. Ол қоғамның әрбір мүшесінің мемлекетіміздің алдына қойған стратегиясына жауапкершілігін арттыра түседі. Корпорация мүшесінің әрқайсысы өз үлесімен атсалысуды парыз санайды. Қазақстанды біздің әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени мақсат-мұраттарымызды біріктіріп отырған корпорация ұғымында қабылдасақ, оның айқын мәні ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарын меңгеруге, білім мен ғылымдағы инновациялық мәдениетке жетуге негіздейді. Корпорация аясында ортақ мақсаттағы ұжымымыздың өзара татулығы, ынтымақты еңбегі және табыстары жинақталады. Тәуелсіз Қазақстанның экономикасын дамыту мен ғылымын өркендету арқылы әлемдегі 30 өркениетті елдердің қатарына қосылуға баршамыз мүдделіміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан,Нұрлан ЖҰМАХАН,Ақеділ ТОЙШАН.
// Дала мен қала.-2013.- 4 наурыз.-14 б.
12
Достарыңызбен бөлісу: |