Қазақстан археологиясы



бет129/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   125   126   127   128   129   130   131   132   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Қалалар функциясы. Бұрынғы кезеңдердегідей қыш ыдыстар қалалардан қалалардан көптеп кездеседі. Өндіріске мамандану өріс алғандығы байқалады. Ірі шеберханалда су таситын құмыралар, екі ұстағышты ыдыстар мен хумдар секілді бұйымдардың белгілі бір түрлері жасалды. Ашық аулаларда орналасқан пеші бар шағын шеберханалардан да мамандандырылу сипаты байқалады. Олар ұсақ және сырланбаған пиала, кесе, тостақша түріндегі ыдыстарды өндірді.
Ұсталық және металлургия бұрынғыдай қалаларда кең таралған. Қала жұрттарынан табылған крицтер мен темір балқытатын пеш қалдықтары өте көп. Жер жыртатын құралдардың екі жалпақ темірден жасалған түріндегілер табылған. Соғылған құралдармен қатар құйма құралдары да ұшырасқан.
Қолөнершілер шойыннан қазандар да құйып шығарған. Шойыннан дөңгелектердің төлкесі де жасалған, әдетте, олар құйып істелген. Бірнеше темір кетпен табылды. Темірден орақтар мен балта-шоттар дайындалған.
Темірден орақ, балта-шот, т.б. тұрмысқа қажетті үшкір сымдар, шынжыр сақиналар, ілгектер, шегелер дайындалды.
Этнографиялық байқаулар темір өндіру мен одан бұйымдар жасау ісінде мамандану боғанын дәлелдейді. Ең көп мамандану темір ұсталығында байқалды.
Мыс ісі қаланың қолөнер кәсіпшілігінде бұрынғысы сияқты зор рөл атқарды. Ол жөнінде қола ыдыстың табылуы бойынша мәлім. Қоладан құйылған бұйымдардың саны көп тобы көлемі үлкенді-кішілі әр түрлі қоңыраулардан құралады. Отырардағы қазба жұмыстары кезінде қоңыраулармен басқа да бұйымдар құюға арналған кішкене қалыптар табылды.
Білезіктердің сынық бөліктері көп табылған, бірақ өсімдік және нүктелі қақтаумен безендірілген бүтіндері де бар. Білезік ұшы кейде жыланның басы тәрізді етіп жасалды.
Зергерлер кәсіпшілікте түрлі-түсті тастарды: сердоликті, қызыл тасты, яшманы, көк тасты, жұзақты, агатты, серпентиндерді, мөлдіртасты кең пайдаланған. Тастар моншақтар, жүзіктердің көздерін дайындау үшін, сондай-ақ жүзіктердің өздерін өңдейтін материал ретінде қолданылған.
Серпентиндерден, яшмадан, көк тас пен лағылдан жасалған ромб тәрізді алқалар тобы да ерекшеленеді. Сондай-ақ түрлі – түсті тастардан қарсы ілгіштер, қапсырмалар және басқа заттар жасалған.
Қазба жұмыстары кезінде табылған бұйымдардың дәлелдеп отырғанандай, зергерлік өнер жоғары даму деңгейінде болған. Шеберлер әр-түрлі техникалық тәсілдерді: қақтау, құю, соғу, қалыптау, оймалау, қаптап ширату, алтын жалату, күміс ойып орнату әдістерін білген және қолданған. Олар күміс және қола сымдар дайындау, түрлі-түсті тастарды қырлау мен тегістеу, тесу әдісін білген.
Жоғары дамыған зергерлік өнер дәстүрі Қазақстанда ХІХ-ХХ ғасырдың басында да сақталып, дами түсті. Зергерлер басқа да қолөнершілер бұқарасынан ерекше болды. Олардың өнімдері сырттан әкелінген бұйымдармен бәсекеге ойдағыдай төтеп берді. Көптеген әшекейлердің өзіндік ерекшелігін, олардың пішімін, өрнектердің үлгілерін атап өту маңызды, олардың арғы үлгілері Қазақстанның орта ғасырлардағы қалалары қолөнершілерінің өнерінде жатыр.
Қола құюшылар белбеулерге айылбастар мен қапсырмалар, көшпенділерде зор сұранысқа ие түймелер мен көзі жоқ сақиналар дайындалды. Құюмен қатар металл өңдеудің басқа әдістерін: қалыптау, оймалау, т.б. пайдаланды. Сірә, мыс пен қоладан бұйымдар жасау техникасына мамандану орын алса керек.
Шыныдан ыдыс-аяқ пен әшекейлер (моншақ, алқа) жасалған. Ыдыстар арасында саптаяқ, тостағандар, бокалдарн, графиндер бар. Жасыл, сары, қызыл және қызғылт шыныдан жасалған маржан кезіккен.
Сүйек өңдеу Қазақстан қаласындағы дәстүрлі қолөнер болған. Жабайы аңдар мен үй жануарларының мүйізі мен жілік сүйектері өңдеу материалы ретінде пайдаланылды. Жылқы мен сиырдың ұзынша сан жіліктерінен жүн өңдеуге арналған жылтыратқыштар, балалар бесігіне арналған жабдық (сувак) жасалған. Кәрі жіліктен көп мөлшерде тескіштер мен біз жасалған.
Құмтас пен граниттен жасалған қол дирмендер қазба жұмыстары кезінде ең жиі кездесетін олжалардың бірі болып табылады. Қол дирмендермен қатар диаметрі 1 метрден 1,5 метрге дейін жететін дирмен тастарының қалдықтары табылды, олар жегілген мал күшімен айналдырылған.
Тастан мейлінше алуан түрлі мақсаттағы, салмағы 5 кг, ұзындығы 30 сантиметрге дейін болатын ірі келсаптардан ұсақ келсаптарға дейін жасалды. Ірілері кенді ұсақтау үшін пайдаланылған, олар әдетте темір балқытылатын шұңқырлармен бірге кездеседі. Үккіштер – құмтастан, кварциттен диаметрін әр түрлі етіп жасаған тас ядролар, көп кездесетіне қарағанда, шаруашылық пен тұрмыста кең қолданылған, мысалы, құйма компоненттерін жағу, топырақты үгу үшін пайдаланылған. Пішіні мен көлемі әр түрлі қайрақ тастар олжалардың ең көп тобы болып табылады. Тастан жасалған бұйымдардың ерте заманнан келе жатқан, бүкіл орта ғасырлар дәуірі бойы өз сипатын сақтап қалғанын атап өтуге болады.
Өкініштісі, тоқымашылық, кілем тоқу, теріден бұйымдар жасау сияқты кең таралған қолөнер бұйымдары өте аз сақталған. Қалаларда мата тоқыған тоқымашылардың болғанын ұршықбастардың, сәкілерден маталар іздерінің, мақта көрпелер қалдықтарының, жанып кеткен ірі мақта-мата кездемелер жыртындыларының табылуы дәлелдейді.
Сауда. Түркістан қалалары мен Қазақстан далалары арқылы Орта Азия мен Ресейдің сауда қатынастарының қалыптасуы, нәтижесінде Қазақстан қалаларының экономикалық дамуы транзиттік саудадағы жаңа құбылыс болды.
Орыс мемлекеті Орта Азиядан мақта-мата, мақта, жібек шикізатын, асыл тастар, Шығыс қаруын алды. Қытай тауарлары Ресейге Орта Азия арқылы түсіп отырды. Қазақстан мен Орта Азияға Ресейден шұға, атлас, айна, аң терілері, күміс әкелінді.
Сауда керуендері Қазақстанның Созақ, Қарашоқ, Түркістан қалалары арқылы жүріп өтетін еді. Рузбихан Сығанақты Дешті Қыпшақтың сауда айлағы деп атайды. Сығанақты суреттей келіп, былай деп хабарлайды: бұл елге «...Дешті жағынан, Хажы Тарханнан көптеген игіліктер, семіз қойлар және аң терісінен, киш пен тиннен, яғни бұлғын мен тиын терісінен тігілген тондар, берік садақтар, ақ қайыңнан жасалған жебелер, жібек маталар сияқты басқа да бағалы тауарлар және өзге де асыл бұйымдар жеткізіледі... Түркістан, Мауреннахр аймақтарының және Шығыстың көпестері Қашғар, Хотан шегінен Сығанаққа сол елдердің тауарларын әкеліп, Дешті адамдарымен сауда мәмілелерін және айырбас жасайды». «Ясы қаласына, - деп атап өтеді сол автор, - тауарлар мен қымбат бағалы бұйымдар әкеліп, сол жерде сауда жасалады, ол (қала) көпестердің теңдерін шешетін жері және саяхатшылардың топтанып, елдерге аттанатын жері болып табылады».
Шығыс деректемелерінің деректерін археологиялық олжалар да растап отыр. Отырар, Түркістан, Сайрам қалаларының жұрттарынан ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы қытай селодоны мен фарфоры табылды.
Халықаралық саудамен қатар Сырдария қалаларының көшпелі дүниемен дәстүрлі саудасы және жергілікті сауда жүргізілді. Даладан мал, тері, жүн, дайын бұйымдар әкелінген. Мәселен, Сефидің 1582 жылы жазылған шығармасында қазақтардың саудасы туралы қызықты хабар бар. Ол былай деп жазады: «Оларда қой, жылқы, мен түйе көп... Олардың шапандары қой терісінен тігілген, олар түрлі түске боялып, атласқа ұқсас болады, оларды Бұхараға әкеліп, атластан тігілген шапандардың бағасымен сатады, олар сондай сәнді әрі әдемі». Сырдария қалаларынан далаға астық, қала өнерінің өнімдері, мата апарылды.
Сауда-экономикалық байланыстың екі жаққа да зор маңызы болды, сондықтан қазақтардың күш-қуатын әлсіреткісі келген Шәйбанидің қазақтардың қалаларда сауда жасауына тыйым салуға тырысқаны кездейсоқ емес. Қазақтардың қалалармен сауда байланысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ұмтылуы қазақ және өзбек хандарының күресін туғызған себептердің бірі болды.
Қалалар төңіректегі егінші және көшпелі халықты қажетті товарлармен базар арқылы жабдықтап өтырда. Қалалардың базарлары көшпелілердің жабылған қатарлары болатын. Дүкен-дүңгіршек әдетте қолөнерші шебердің иелігінде еді және ол әрі шеберхана, әрі сауда жасайтын орын болды.
Түркістан қаласында дүкендер болғанын Ахмет Ясауи кесенесінің вакфтарына қатысы бар жазбаша құжаттардың мәліметтері де растайды.
Халықаралық сауданың және қалалар мен өнердің арасындағы, жекелеген Сырдария қалаларының арасындағы сауданың мөлшері туралы негізінен Отырарды, Түркістанды қазу жұмыстарынан алынған нумизматикалық материал бойынша білуге болады. Отырардан мыс теңгелердің көптеген олжалары шықты, оларды екі топқа бөлуге болады. Біріншісіне Яссы (Түркістан) мен Ташкентте соғылғандары жатады. Екінші топ Орта Азия қалаларының (Бұхара, Самарқанд және басқалар) теңгелерін қамтиды. Ұсақ мыс тиындардың да Түркістан ақша сарайының өнімі болуы мүмкін. Оларда жазбалардың орнына керамика ыдыста бейнеленген таңбаларға ұқсайтын әр түрлі белгілердің салынуы жиі кездеседі. Яссы қаласында Абдаллах ІІ (1560-1583) әкесі Ескендір хан атынан күміс мәнеттер шығарылды. Бұл ханның екі мәнеті Раң қалашығын қазған кезде табылған.
ХVІ ғасырмен мерзімделінетін мыс теңгелердің басым болуы бұл кезеңде мыс қала рыногында маңызды рөл атқарды деп пайымдау жасауға мүмкіндік береді. Бұл сол замандағы бүкіл Орта Азияға тән құбылыс еді.
ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы мыс мәнеттердің айналымдағы сауалдары Орта Азиялық нумизматикадағы аз зерттелген мәселенің бірі болып табылады. Кейінгі ортағасырлық мыс теңгелердің нақты айқын белгісі жоқ. Ең көп тобын аниэпиграфтық теңгелер құрайды. Олардың бір жағында аң, екінші жағында құс бейнеленген, аң бейнеленген кейбір теңгелердің екінші жағы тегіс.
Мыс көмбелердің мерзімін анықтауға олардың біреуінде Алексей Михайлович патшаның есімі кездесетін 1655-1663 жылдары соғылған отыз орыс тиынының болуы негіз береді.
Қалалардың аты қойылмай соғылуында іс жүзінде әлдебір саяси және фискалдық мақсаттар көзделмеген, қалалар өмірінде рөл атқарған рыноктық сауданы қамтамасыз етуге ғана арналған.
ХVІІ ғасырдың аяғынан басталатын уақыт Отырар, Сауран, Сығанақ, Аққорған, Үзгент өмірінің бітуімен баланысты, бұл қалалардың жұрттарынан таьылған нумизматикалық олжаларда ол көрініс тапқан.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   125   126   127   128   129   130   131   132   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет