Қазақстан археологиясы



бет13/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Мезолит, неолит

Тас дәуірінің тарихында Қазақстан аумағында мезолит пен неолит заманы шамамен б.з.б. XII-X және III мың жылдықтардың арасындағы уақытты қамтиды.


Бірінші аталған дәуір атауы гректің мезос (орта) және литос (тас) деген сөздерінен қалыптасқан. Бұл дәуір алғаш рет ХІХ ғасыр соңғы ширегінде бөлініп көрсетілгенімен, ондаған жылдар бойы аталмыш терминнің дефинициясы ғалымдар арасында пікір-талас тудырып келді. Мамандар арасындағы түрлі көзқарастардың ұзақ уақыт орын алуын белгілі ғалым А.Л.Монгайт былайша түсіндіреді: «Материалдық мәдениет даму көзқарасынан алғанда, мезолит палеолиттің тікелей жалғасы болды, бірақ бұл уақытта аталмыш дәуір өнім өндіруді бастады, мұның өзі өз кезегінде мезолитті келесі неолиттік дәуірмен жақындастырады. Сондықтан да кейбір археологтар «мезолит» терминінен қашқақтайды және ерте мезолиттік ескерткіштерді эпипалеолит (эпи – грекше «соңынан», «кейінгі» деген мағынады) дәуіріне, ал кейінгі мезолиттік ескерткіштерді – протонеолитке (прото – грекше «түпкі», «алғашқы», «бірінші» деген мағынада) жатқызады немесе ... айтылғандай ... жоғарғы палеолит пен мезолитті миолит дәуіріне біріктіреді».
Неолит немесе жаңа тас дәуірінен металдарды кеңінен пайдалануға бет алған өтпелі дәуір әдетте энеолит немесе мысты-тас дәуірі деп аталады. Аңшылар мен балықшылар тайпаларында бұл дәуір археологиялық материалдар бойынша әр уақытта бірдей жеткілікті айқын түрде бейнеленбегендіктен, отандық тарихнамада ұзақ уақыт Қазақстанның энеолиті неолитпен бірге қарастырылып келді. Қазіргі таңда оны да жеке қарастыруға мүмкіндік туып отыр. Қалай болғанда да уақыты жағынан біршама қысқа осы замандардың барлығында да өндірістің және адам өмірінің көп салаларында маңызды-маңызды өзгерістер болды.
Ең алдымен голоцен дәуірінің орнығуымен тұспа-тұс келген ол замандағы табиғи орта қазіргі бейнеге көшті. Ол кейінірек қоғам дамуына, белгілі бір өңірлерде өзіндік шаруашылық типтердің қалыптасуына әсерін тигізді. Табиғи өзгерістер жануарлардың кейбір түрлерінің жойылуына (мамонт, т.б.) алып келсе, басқаларының өсіп-өркендеуіне жағдай жасады. Жану­арлар дүниесінің түрлік құрамы өзгерді: енді аңшылардың аулау нысаны көбінесе бизон мен жылқы, жабайы ешкі мен киік, қоян мен үйрек болды. Осы түз тағыларын ұстау үшін аңшылықтың жаңа құралдары ойлап шығарылды. Андарды бірлесе қуалап, қамап ұстау әдісімен қатар жеке-жеке аулау да зор маңыз алды; балықшылық кәсібі өрістеді.
Айта кететін бір жайт, мезолит заманында ірі-ірі екі оқиға болды: садақ пен жебе ойлап шығарылды және микролиттер — үш бұрыш, ромб, трапе­ция, сегмент тәрізді шағын тас тілікшелері шықты. Ал неолит дәуірінде микролиттік индустрия ерекше кеңінен өрістеді. Микро­литтер негізінде жебенің ұштары мен қыстырма құралдар жасауға жұмсалды: сүйек немесе ағаш саптың үзына бойындағы қуыстарына ондаған ұсақ микролиттер тығылды; нақ осылар құралдың өткір жүзі болып шықты. Желім ретінде тау балауызы, қара май, битум пайдаланылды.
Мезолит кезіндегі кейбір аңшылар тобы түз тағыларының соңынан ілесіп, жиі қозғалып отырды. Олардың жедел түрде қозғалуы, жиі қоныс аударуы бұл кездегі ескерткіштердің көп табыла қоймауына алып келіп отыр. Себебі сол замандардан сақталған мәдени қабаттардың қалың болмауы, мезолит уақытына жататын стратиграфияны анықтау мүмкіндігін үнемі шектейді. Қазіргі таңда Қазақстан жерінен мезолит дәуіріне жататын 50 шақты ғана ескерткіштердің орны анықталған. Олардың ішіндегі ең көрнектілері: Оңтүстік Қазақстан Отырар жазирасындағы Маятас, Жаңашілік-1-3 тұрақтары, Ордабасы ауданындағы Бөген (су қойма маңы), Қаратау өңіріндегі Бүркітті, Шахантай мен Соркөл-1-2 кешендері, Орталық Қазақстандағы Қарағанды-15, Әкімбек, Талдыөзек-21, т.б. тұрақтары, Батыс Қазақстандағы Қарсы (Қаршы), Шәуші ескерткіштері, Торғай даласы мен солтүстік өңірлердегі Тұз, Дүзбай-6, Евгеньевка-1, Мичурин, Қарасор-5-6, т.б. Сонымен қатар Шідерті-3 (Екібастұз өңірі), Шүлбі (Шығыс Қазақстан), Тоқтауыл (Жезді аймағы) секілді бірнеше мәдени қабаттан тұратын археологиялық нысандардан да мезолит кезеңіне жататын бұйымдар топтамасы аршып алынған. Олардың барлығы мезолит дәуіріндегі адам баласының тыныс-тіршілігінен мол ақпарат береді.
Мезолитте адам баласы табиғаттан дайын өнімдерді алып отырды. Бұл дәуірідегі өнім өндірудің кейбір нышандары Таяу Шығыстың кейбір аудандарындағы археологиялық ескерткіштерден байқалған. Ал неолитте адамзат өнімді өзі өндіре бастады. Дегенмен Жер шарының солтүстік аудандарында табиғаттан дайын өнім алу ұзақ уақыт сақталды.
Неолит адамзат тарихында өнім өндіруге көшуді бастайтын ірі тарихи-мәдени кезең болып табылады.
Б.з.б. V мыңжылдықта басталған неолит тастың пайдалы қасиеттері барынша пайдаланылған дә­уір болды. Еңбек құралдарын өндіру барған сайын мамандандырылды. Қысып түзету техникасының жетілдірілуімен қатар тас өңдеудің тегістеу, бұрғылау, арамен кесу сияқты жаңа технологиялық әдістері шықты, бірте-бірте қиын өңделетін тастар пайдаланылды, тас балталар, кетпендер, дәнүккіштер, келілер, келісаптар жасала бастады.
Дәуірдің аса маңызды белгісі мал өсіру мен егіншілік, яғни өндіруші шаруашылық деп аталатын шаруашылық туды; бұл өндіруші шаруашылық табиғаттың дайын өнімдерін иемдену орнына — жиын-терін мен аң аулаудың орнына келді.
Шаруашылықтың жаңа түрлерінің шығуының адамзат қоғамының дамуы үшін орасан зор маңызы болды, адамның еңбек кәсібінің саласын кеңейтті, сонымен қатар оның сипатын сапа жағынан өзгертті. Адамның экономикалық қызметінің одан кейін талай мың жылдарға созылған бүкіл тарихының дені ша­руашылықтың осы екі формасының даму, жетілу тарихы болып табылады.
Неолит дәуірінде алғашқы халықтың қолы жеткен өндіргіш күштер дамуының деңгейі басқа да мәдени-тұрмыстық жаңалықтардың шығуына себепші болды. Қазақстанның ежелгі халқында кен кәсібі мен тоқымашылықтың бастамалары шықты, оған керамикалық ыдыс белгілі болды.
Әлеуметтік жағынан алғанда неолит дәуірі рулық қауым дәуірі болды; онда ұжымдық еңбек және өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ меншік үстем болды. Сонымен бірге мұның өзі қоғамның ұйымдасу формаларының неғұрлым жоғары дамыған уақыты болды: тайпалар немесе тайпалық бірлестіктер құрылды. Тайпалар қандас-туысқандық байланысына қарай және шаруашылығының біртекті сипатына қарай біріккен бірнеше (саны азды-көпті) рулық қауымдардан құрылды.
Қазақстан аумағындағы әуелгі неолиттің ескерткіш­тері әзірше аз зерттелген. Алайда күмәнсыз жай сол, қазақстандық неолит бұрынғы КСРО аумағында жаңа тас дәуірінде болған тарихи-мәдени үрдістердің басты-басты бағыттарында дамыды. Бұл үрдіс неолиттік мәдениеттердің сан алуандығымен, Еуразияның табиғи-климаттық жағынан әр түрлі өлкелерінде ірі-ірі тарихи-мәдениеттік аймақтардың қалыптасуымен сипатталады; ал бұл аймақтар біртекті шаруашылық кәсіп арқылы, материалдық және рухани мәдениеттің ұқсас тип­тері арқылы бірікті.
Халықтың «мәдени қауымдастық» деген ұғым біріктіретін тарихи тұрғыдан қалыптасқан осындай топтарының біріне неолит дәуіріндегі ежелгі Қазақстанның тайпалары да енді. Зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл қауымның шекаралары өте кең болған. Олар Қазақстан мен Орал маңынан басқа Батыс Сібірдің далалық аудандарын, Алтайды және Орта Азияның солтүстік аудандарын қамтыған. Бұл қауымға енген тайпалардың көпшілігі аңшылыққа, балық аулауға, жиын-терінге негізделген ұқсас шаруашылықпен шұғылданды, ал кейінірек оларда мал өсірудің, егіншіліктің және кен кәсібінің бастамалары пайда болды.
Бүгінгі таңда Қазақстан аумағанан 800-ден аса неолиттік ескерткіштердің табылғандығы мәлім, алайда олардың, басым көпшілігі іріктеліп қана зерттелді. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай әдетте бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік тұрақ деп төрт түрге бөлінеді. Әдетте өзендік тұрақтарда, сондай-ақ көлдік тұрақтарда едәуір көп заттар табыла­ды; мұның өзі бұл жерлерде адамның түпкілікті немесе ұзақ уақыт тұрғанын көрсетеді. Мұндай тұрақтардағы негізгі құрал-саймандар — пышақ тәрізді тас тіліктері және солардан жасалған бұйымдар.
Қазақстан аумағында бұлақтық тұрақтар неғұрлым көп тараған, өйткені шөл және шөлейт аймақтарда өзендер аз болады. Бұлақтардың жанындағы тұрақтар — көбінесе кезбе аңшылардың уақытша, маусымда тұрған жерлері. Қазақстанның шөл даласындағы неолиттік ескерткіштердің бір ерекшелігі сол, олардынң көпшілігі — ашық (жер бетіндегі) тұрақтар.
Барлық тұрақтарда жергілікті материалдардан жасалған тас құралдар — жебелер мен найзалардың ұштары, балталар, қашаулар, пышақтар, қырғыштар табылды. Белгілі бір қаруларды жасау үшін тастардың түрлері сараланып, іріктеліп алына­тын болды. Шикізаттың әр алуандығы оны ұқсатудың әр түрлі техникалық тәсілдерін дамытып, жетілдіруге себепкер болды. Қазақстанның неолиттік ескерткіштері бірнеше аумақтық топ құрайды, бұл топтардың мәдениет жағынан бір-біріне жақын, туыс тайпалардың мекендеген аудандарына сай келуі ықтимал.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет