Қазақстан археологиясы


Жоғарғы Ертіс өңірінің қоныстары



бет18/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Жоғарғы Ертіс өңірінің қоныстары. Шығыс Қазақстанның неолиттік тайпаларының ең ірі қоныстары Ертістің жоғарғы өңірінде зерттелді. Бұларға Усть-Нарым мен Мало-Красноярка деревняларының жанындағы ескерткіштер жатады.
Усть-Нарым қонысынан 800 м2 алаң аршылды. Шыққан заттардың дені, сондай-ақ баспаналардың, жер ошақтардың және шаруашылық шұңқырларының іздері 2,5-2,8 м терендіктен шықты. Қоныстың мәдени қабаты жұқа құм қабат арқылы екі белдеуге бөлінеді. Усть-Нарымда 25 жер ошақ пен от орны, көп­теген тас құралдар табылды. Көне замандағы аңшылар мен балықшылар мұнда ағаштан жасалған жеңіл күркелерде және есігі өзен жаққа қарайтын чумдарда тұрған. Қоныстан жабайы бұқаның, маралдың, еліктің, қабанның, құндыздың, түлкінің, суырдың сүйектері табылды. Сол жерден сүйектері шыққан қой-ешкі, сірә, қолға үйретілген болса керек.
Шығыс Қазақстан неолитінің Оралдың сырты, Батыс және Оңтүстік Қазақстан неолитінен өзіне тән ерекше бір белгісі сол, ондағы шақпақ тастан жасалған еңбек құралдарының ішінде геометриялық тұрпатты заттар—трапециялар, сегменттер, тағысын-тағылар мүлде жоқ. Мұндағы құралдар көлемі әр түрлі пышақ тәрізді тас тіліктері мен жаңқалардан жасалған. Саны он бес мыңнан асатын шақпақ тас бұйымдарының ішінде бір немесе екі жағынан түзетілген тас тіліктер, тас тіліктер немесе тас жаңқаларына негізделген әр түрлі қырғыштар, жонғыштар, сағасында ойығы бар жебе ұштары, ауыр тас тіліктеріндегі имек жүзді пышақтар, найзалардың ұштары, кескіш, тескіш құралдардың, орақтардың қыстырмалары, балталар, шоттар, қашаулар, тоқпақшалар, балық аулайтын қармақтардың бөлшектері бар.
Сүйек заттар аз. Бұлар — біздер (бігіздер), көзі бар инелер, ірі құстың сүйегінен жасалған, шырша тәрізді өрнегі бар ине қап және басқалар. Ойма өрнекпен сәнделген, сабының жоғарғы жағында ойық тесігі бар қыстырмалы сүйек қанжар ерекше назар аударады. Қанжардың жүзінде түзетілмеген өте жұқа шақпақ тас тілікшелері сақталған.
Тас саймандар көршілес сібірлік-алтайлық неолиттік тайпалардың заттарына әжептәуір ұқсас. Осының өзінде Усть-Нарым қыш ыдыстары Оңтүстік-Батыс Қазақстанның қыш ыдыстарына және Орта Азияның келтеминар мәдениетіне ұқсас. Ыдыс бүйірі түгел өрнекпен сәнделген. Өрнектердің ішінде тарақ тәрізді және жұмсақ қалыппен көлденең түсірілген таңбалар көбірек кездеседі.
Усть-Нарым қонысының қыш ыдысы «андроновтан бұрынғы» түрде және сірә, б.з.б. III мыңжылдықтың екінші жартысында тіршілік еткен адамдар­дан қалса керек; ол кезде Шығыс Қазақстан тайпаларында егін егу мен мал өсіру шыға бастаған болатын.
Мало-Красноярка деревнясы жанындағы неолиттік қоныс жасы жағынан біраз үлкен және б.з.б. III мыңжылдықтың бірінші жартысында орнаған. Атап айтқанда, қыш ыдысының өзгеше си­паты, сағасы дөңгелек және тік келген жебе ұштарының неғұрлым ертедегі түрлері, тас пышақтардың ежелгі бітімі осыны көрсетеді. Қоныстан 200-ден аса тас бұйымдар (тас тіліктер, қырғыштар, жебелердің ұштары, тескіштер, өзектастар, пышақтар) және саз балшық ыдыстардың сынықтары жиналды.
Семей жанында, Ертістің құмайт алаңқайындағы кездейсоқ жинауда көптеген әр түрлі тас құралдар, қыш ыдыстар сынықтары шықты. Неолит заманына жататын олжалар Семей облысы (Шығыс Қазақстан) Белокаменка ауылынан 2-2,5 км жердегі адамдар тастап кеткен Сатшықыз ауылы маңындағы Қызылсу өзенінің оң жағалауындағы екінші сөреден шыққан. Бұл жерде сөрені шақпақты сланецтер мен кварцтар жыныстары кесіп өтеді. Тұрақ биігірек телімде, кішігірім бұлақ үстінде орналасқан. Жанынан, өзен арнасымен қатар терең жыра өтеді, оның түбінен бүйір шеті түзетілген үшкіл тас тілігі мен қара-шақпақты жыныстан алынған тас жаңқа табылды. Тас бұйымдары (олардың саны 100-ден асады) жер бетінен терілген. Заттардың таралған алаңы 900 шаршы метрді құрайды. Екі жерден түсірілген тікқазба (шурф) мынадай стратиграфияны анықтады: қалыңдығы 0,05 м шым, ұсақ тастар аралас сұр-сары құмдақ, ұсақ қойтастар мен ірі түйіршікті құмды малта тас. Көтеріліп алынған материал коллекциясын өзектастар, садақ ұштары, қырғыштар, пышақ тәрізді тас тіліктері, шағын тас тақталары мен өндіріс қалдықтары құрайды. Өзектастар призма бітімді, аморфты, көлемі кішігірім келген. Жұмыс шеті доғал келген, тас тіліктерінен жасалған шетті қырғыштар басым. Кейбіреулрінің бүйір жағы түзетілген. Жоғарғы тұрпатты қырғыштар да бар.
Жебе ұштары екі жағынан өңделген, онша үлкен емес. Жебе ұштарының дайындамалары да ұшырасады. Кейбір бұйымдар көлемі аса үлкен емес, екі немесе бір жағынан өңделген жүзі моқал тас тіліктеріне негізделген. Бұйымдар материалы, негізінен, яшма, халцедон, опал.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет