Қазақстан археологиясы



бет59/138
Дата09.11.2023
өлшемі2.69 Mb.
#482791
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   138
187b333016c4831e2bc3140e58e992b1

Қарғалы көмбесі Іле Алатауындағы теңіз деңгейінен 2300 м биіктіктегі Қарғалы қойнауынан табылған. Ондағы ерекше көз тартатын нәрсе тәті (диадема). Ол екі бөліктен тұрады. Оның ұзындығы – 35 см, ені 4,7 см. Оның ішкі беті толған күрделі өсімдік тектес өрнектің ортасында тұрған аңдардың, құстардың, адамдардың бейнелері; бұлар қалыппен қысу әдісімен салынған. Мұнда араларында феникс бедерленген басын артқа бұрып салынған марал мен ұрғашы марал; бұдан соң үстінде әйел отырған қанатты жолбарыс; одан кейін үстінде құс ұшып бара жатқан, арқасына әйел отырған айдаһар; тағы да тұғырда тұрған қанатты ат; ұшып бара жатқан құс; үстінде аю мен құсы бар әйел ерттеген ешкі; арқасына әйел отырғызған арқар нақышталып салынған. Барлық композиция жылқы мүсіндері арқылы үш бөлікке бөлінген, орта тұсында айдаһар орналасқан, оның оң және сол жағындағы жануарлар шеруі бір-біріне қарама-қарсы тұр. Жануарлардың көздеріне сердолик пен альмандин қойылған, денелеріне перуза орнатылған. Тәтіні ең алғаш рет зерттеген А.Н.Бернштам бұл сәндік зат абыз (бақсы) әйелдің бұйымы дей келе, олжаны б.з.б. І ғасыр мен б.з. ІІ ғасыры аралығындағы уақытпен мерзімдеді. Бұл зерттеуші бейнелердің семантикасында Иран мен Қытай культтық ықпалдары да көрініс тапқан деп пайымдады.
Жаңа зерттеулер бейнелердің мәнін, шығу тегі мен көріністер мағынасын біршама толымды түрде түсінуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде Қарғалы қабірінің мерзімі анықталынды, ол б.з.б. ІІ ғасырға жатады. Тәтіні Бактриядағы Тіллә-тепе патша қабірі, Хохлачтағы сармат молалары, Жетісудағы Есік обасы, Таулы Алтайдағы Уландрык ескерткіші секілді археологиялық нысандардың бірегей олжаларымен салыстырып қарастыруға жол ашылды. Тәтідегі бейнелер Еуропа мен Азияда кеңінен таралған құдай ана мен құнарлылық құдайы Диониспен тікелей байланысты. Грек культі шығыс халықтарының күн мен түн теңелген күн Наурыз мейрамымен тамаша үйлескен. Табиғаттың дамуын тоқтатып, қайта жандандыратын ежелгі грек құдайы – Дионис культі, мысырлық Осирус, фригиялық Аттис, сиро-финикиялық Сабасийге қатты ұқсас. Александр Македонский жорығынан кейін бұл культ Еуразия аумағында кеңінен таралып, жергілікті құдайлармен бірге астасып кетті. Дегенмен грек немесе грек-бактриялық пішін бейнелеу өнерінен көрініс тапты, мұны усуньдерге тиесілі әрі б.з.б. ІІ ғасырмен мерзімделінген Қарғалы тәтісіндегі сюжетті талдау да нақты көрсетеді. Дионис культінің таралғандығын Шелпек (Чельпек) ескерткішінен табылған құрбандық үстеліндегі әйел мүсіндері де растайды. Бұларды, сірә, Дионистің әйелі Ариаднамен байланыстырған жөн. Ол Орта Азия пантеондарындағы басты құдай Анахита – Минамен үйлескен-ді. Аталмыш байланыс шелпектік және қарғалылық олжалардағы кейіпкер әйелдердің киім үлгісіндегі ұқсастықтан да байқалады. Қарғалы тәтісі дионистік мейрамды сипаттайтын секілді. Дионис қабыланда отырғызылып бейнеленді, жолбарысқа отырғызылуы сирек. Дионистік культтің басты хайуандары – марал, ешкі мен аю. Тәтіде бейнеленген су құстары – аққу-қаздар құнарлылықты сипаттады. Қарғалы тәтісінде әлем жаратылысының үш өрісі көрсетілген: Өмір ағашының тамырлары кететін – жер асты; адамдар мен жануарлар өмір сүретін – жердің беті; құдайлар мен құстар тіршілік ететін – аспан әлемі. Тұғырдағы, дәлірек айтқанда тау шыңдарындағы жылқы бейнесі күнді, ерекше құдай нұрын көрсететін еді. Жетісу көшпенділерінің идеологиясында бұл синкреттік образдардың таралуына Ұлы Жібек жолындағы байланыстар әсерін тигізген болатын.
Қарғалы тәтісімен бірге көмбеден алтыннан жасалынған көптеген бұйымдар табылған. Бұлар – қос өркешті түйе бейнеленген, перузамен әшекейленген екі сақина; таутеке бейнеленген он тоға; адамды кеміріп жатқан тышқан бейнесі бар перузалы сырға, сонымен қатар перуза жапсырылған қапсырмалар.
Усунь өнерінде күрделі таным-түсініктердің, діни ұғымдар мен мифологияның көрініс табуын өзге де олжалардан көруге болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет