15. Аудандық пайдалану бөлімінің бастығы қызметтік-тұрғын үй және жер қорларын пайдалануды, есепке алуды, уақтылы жөндеу жүргізуді ұйымдастыруға, сондай-ақ аудандық пайдалану бөліміне тіркелген әскери бөлімдерді пәтерлік жабдықталыммен қамтамасыз етуге жауап береді.
Ол Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскерлерді пәтерлерге орналастыру жөніндегі уәкілетті органына және гарнизон бастығына бағынады. Казармалық қорды пайдалану, тұрғын үй-жайларды бөлу, әскерлерді орналастыру мәселелері бойынша ол аудандық пайдалану бөлімі қызмет көрсететін гарнизондар бастықтарының нұсқауларын орындайды.
Аудандық пайдалану бөлімінің бастығы:
1) жұмылдыру жариялау және әскерлерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру жағдайына гарнизондарда пәтер-пайдалану қызметі жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеуге;
2) қызмет көрсетілетін гарнизондардың бастықтарына және гарнизондар тұрғын үй комиссияларының төрағаларына гарнизондардың жер учаскелерін, қызметтік-тұрғын үй қорын пайдалану жөніндегі ұсыныстар мен есептерді, мемлекеттік жергілікті басқару органдарына жетіспейтін қорды бөлуге өтінімдер ұсынуға;
3) гарнизондар бастықтарына гарнизондарда әскери бөлімдерге тұрғын үйлерді бөлу жоспарларын бекітуге ұсынуға;
4) кемінде жарты жылда бір рет әскери бөлімдердің жер учаскелерін, ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлік желілерді, жиһаз бен казармалық мүкәммалды дұрыс пайдалануын тексеруге;
5) әскери қалашықтардың аумақтарын көркейту, көгалдандыру мен жинау жөніндегі жоспарларды әзірлеуге және гарнизондар бастықтарына бекітуге ұсынуға және әскери бөлімдердің оларды орындауын бақылауға;
6) қызметтік-тұрғын үй қорын қысқа даярлауды, қазандықтар үшін отынның әр түрлерін (белгіленген қорлардан аз емес) уақтылы әкелуді ұйымдастыруға және бақылауға;
7) әскери қалашықтардың аумағынан қатты-тұрмыстық қалдықтарды шығару жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруға;
8) жылына кемінде екі рет барлық тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды, инженерлік-техникалық, коммуналдық құрылыстарды, инженерлік желілерді тексеруді ұйымдастыруға, олардың негізінде ағымдағы және күрделі жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспарын жасауға;
9) бекітілген жоспарларға сәйкес жұмыстарды ұйымдастыруға және қызметтік-тұрғын үй қорына, коммуналдық объектілер мен инженерлік желілерге жөндеу жүргізуге бақылауды жүзеге асыруға;
10) әскери бөлімдерді пәтерлік жабдықталымның барлық түрлерімен қамтамасыз етуге және оның дұрыс пайдаланылуын бақылауға;
11) әскери бөлімдерді электр энергиясымен, сумен, жылумен және газбен жабдықтауды қамтамасыз етуді ұйымдастыруға және олардың дұрыс тұтынылуын бақылауға;
12) үйлерді, ғимараттар мен инженерлік желілерді пайдалану мәселелері бойынша басшылық жасауды жүзеге асыруға;
13) гарнизондарда объектілердің аумақтық қорғанысы, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жоспарларды әзірлеуге және іс-шаралар өткізуге қатысуға;
14) әскери бөлімдердің пәтер-пайдалану қызметі бойынша материалдық құралдарға қажеттілігін тексеруге, жиынтық өтінімдерді жасауға және оларды уәкілетті органға ұсынуға;
15) гарнизоннан тыс жаңа қызмет орнына кететін әскери қызметшілердің қызметтік тұрғын алаңын тапсыруына бақылауды жүзеге асыруға;
16) гарнизонның әскери бөлімдеріне бекітіліп берілген жер учаскелерінің, әскери қалашықтардың, ғимараттардың, құрылыстардың, коммуналдық объектілердің, тұрғын үй алаңының, инженерлік желілердің, сондай-ақ пәтер-пайдалану жабдықталымының барлық түрлерінің есебін жүргізуге міндетті.
Теміржол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының
(портының), әуежайдың әскери коменданты
16. Теміржол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери коменданты өз учаскесі және станциясы (порты), әуежайы аумағы шегінде әскери тасымалдауларды ұйымдастыру және әскери қызметшілер арасында жоғары әскери тәртіпті ұстау жөніндегі міндеттерді орындайды. Әскери қызметшілер арасында жоғары әскери тәртіпті ұстау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде теміржол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери коменданты тікелей бастықтарға және гарнизон бастығына бағынады. Әскери коменданттың әскери тасымалдауларды орындау, әскери реттілік пен жарғылық тәртіпті сақтау мәселелері жөніндегі барлық талаптары теміржол (теңіз, өзен) учаскесі бойынша жүріп бара жатқан сол сияқты теміржол станцияларында (порттарында), әуежайларда болатын барлық әскери қызметшілердің дәл орындауға тиіс. Оған әскери жүктері бар көліктерге ілесіп жүретін қарауылдар бағынады.
Тікелей бастықтардан және гарнизон бастығынан басқа, әскери комендантқа әскери қызметшілердің ешқайсысының да оның қызметтік істеріне қатысты қандай да бір өкім беруіне жол берілмейді.
Теміржол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың әскери коменданты:
1) теміржол (теңіз, өзен) учаскесі және станциясы (порты), әуежай аумағында болатын әскери қызметшілердің әскери тәртіпті сақтауын және белгіленген киім нысанын кию ережелерін сақтауын бақылауға;
2) учаскеге және станцияға (портқа), әуежайға келген жолаушылар пойыздарын (кемелерді, әуе кемелерін), әскери эшелондар мен қарауылдар ілесіп жүретін әскери жүктер бар көліктерді қарсы алуға немесе осы мақсаттар үшін өзінің көмекшілерін жіберуге;
3) әскери тәртіптің жай-күйін, өрт қауіпсіздігі қағидаларының орындалуын, әскери қызметшілердің материалдық-тұрмыстық қамтамасыз етілуін және әскери эшелондар мен көліктердегі материалдық бөліктердің және жүктердің бекітілуін тексеруге;
4) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған әскери қызметшілерді ұстауға шаралар қабылдауға, ал қажет болған кезде пойыздардан, теңіз (өзен) және әуе кемелерінен түсіріп алуға;
5) әскери залдарда және әскери кассалар жанында тәртіп орнатуға және оны ұстауға, қарауылдардың, командалардың, жеке жүрген әскери қызметшілер мен олардың отбасыларының бронь және жол жүру билеттерін алу кезектілігін айқындауға;
6) жүктерді алу және оларды жүру жолында күзету үшін бара жатқан немесе өз әскери бөліміне қайтып келе жатқан қарауылдарды кідіріссіз жөнелтуді жүргізуге;
7) оның қарамағына бөлінген патрульдерге нұсқаулар беруге және олардың қызмет өткеруіне бақылауды жүзеге асыруға;
8) жеке немесе командалар құрамында жол жүріп келе жатқан, ауысу пункттерінде болатын әскери қызметшілерге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді және олардың демалуын ұйымдастыруға;
9) әскери жүктер бар көліктерге ілесіп жүретін қарауылдардың, сондай-ақ темір жол (теңіз, өзен) учаскесінің және станциясының (портының), әуежайдың аумағында орналасқан гарнизондық қарауылдардың қызмет өткеруін тексеруге;
10) жол жүргенде сырқаттанған немесе зардап шеккен әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдауға;
11) әскери қызметшілердің әскери тәртіпті бұзушылықтары туралы және қабылданған шаралар туралы гарнизон бастығына баяндауға;
12) қылмыстық құқық бұзушылықтар мен оқиғалар туралы гарнизон әскери полиция бастығын және прокурорын хабардар етуге міндетті.
2. Әскерлердің парадтарға және қоғамдық іс-шараларға қатысуы
Жалпы ережелер
17. Гарнизонның әскерлер парадтары ерекше нұсқау бойынша мемлекеттік мерекелерді, сондай-ақ мемлекеттік және әскери мақсаттағы маңызды оқиғаларды атап өту үшін өткізіледі.
18. Парадқа қатысатын әскерлердің құрамы, бөлімдердің (бөлімшелердің) жүріп өту бағдарлары, парадтың уақыты мен орны, киім нысаны, оларды сапқа тұрғызу және жүріп өту тәртібі әрбір жеке жағдайда гарнизон бастығының бұйрығымен айқындалады. Бұйрықпен, егер ол көзделген болса, артиллериялық салютті (отшашуды) өткізу тәртібі айқындалады.
Парадқа қатысатын әскерлерге басшылық жасау үшін парад қолбасшысы тағайындалады.
19. Парадқа қатысатын әскери қызметшілердің, бөлімшелер мен әскери бөлімдердің іс-қимылдары Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың саптық жарғысында (бұдан әрі – Саптық жарғы) мазмұндалған командалар мен қағидалар бойынша орындалады.
20. Парад үшін сапқа тұрғызу орнына жақындаған кезде әскерлерге ілесіп жүретін оркестрлер ойнауын тоқтатады. Әскери бөлімдер сапқа тұрғызу сұлбасына сәйкес орындарға тұрады. Әскери бөлімдердің командирлері мен олардың орынбасарлары өз әскери бөлімдерінің оң жақ қапталдарына бір қатарға тұрады, орынбасарлардан екі адым солға қарай әскери бөлімнің Жауынгерлік Туы бар ту ұстаушы топ тұрады.
Ордендермен наградталған әскери бөлімдердің жауынгерлік тулары ордендермен және орден ленталарымен болуға тиіс.
Әскери бөлімдердің оркестрлері гарнизон әскери дирижерінің командасымен парадты қабылдаушыға қарама-қарсы және әскерлердің бастапқы орнына біршама жақын құрама оркестрге, фанфаршылар – құрама оркестрдің алдына сапқа тұрғызылады. Дағырашылар бас жақтағы бөлімшеден кейін бір немесе бірнеше қатарға тұрады.
21. Автоматтармен қаруланған әскери бөлімдер (бөлімшелер) парад үшін сапқа тұрғызылады, бұл ретте автоматтар "кеудеге", ал карабиндер – "аяққа" күйінде болады.
Әскери бөлімдердің командирлері өз бөлімдерінің келгені және сапқа тұрғызылғаны туралы парадқа қатысатын әскери бөлімдер командирлерінің үлкеніне баяндайды.
22. Әскери бөлімдерді сапқа тұрғызу орнын, олардың қапталдарын, сап тереңдігі мен әскерлердің салтанатты шерумен жүріп өту сызығын белгілеу үшін сызықтық білдірушілер тағайындалады.
Әскерлерді сапқа тұрғызу орнына сызықтық білдірушілерді сапқа тұрғызу әскерлер келетін уақытқа дейін аяқталуға тиіс. Әскери бөлімдер сапқа тұру үшін орындарына тұрғаннан кейін сызықтық білдірушілер бастапқы орнына тұрады.
23. Парадты қабылдаушы келгенге дейін парад сапқа тұрғызылған орында тек әскерлер сапқа тұрғызылған бөлімдердің маңдайшебі және парад қолбасшысы алдынан өтетін әскери бөлімдер сәлемдеседі.
Әскерлердің парад қолбасшысы мен
парадты қабылдаушыны қарсы алуы
24. Парад қолбасшысын қарсы алу үшін парадқа қатысатын командирлердің үлкені: "ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР", "Назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)", ал егер карабиндермен қаруланған әскери бөлімдер бар болса – "ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР", "Оңнан (солдан, маңдайшептен) қарсы алу үшін, қарауыл-ҒА" командаларын береді және әскерлердің сапқа тұрғызылғаны туралы баяндайды. Парад қолбасшысы баяндауды қабылдап: "ЕРКІН ТҰР" командасын береді. Әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) командирлері: "ЕРКІН ТҰР" командасын қайталайды, ал карабиндермен қаруланған бөлімшелердің командирлері: "Аяқ-ҚА" және одан кейін "ЕРКІН ТҰР" командаларын береді. Парад қолбасшысын қарсы алған кезде құрама оркестр ойнамайды.
25. Парадты қабылдаушыны қарсы алу үшін парад қолбасшысы: "Парад, ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР", "Назар оң-ҒА (сол-ҒА, орта-ҒА)", ал егер карабиндермен қаруланған әскери бөлімдер бар болса – "Парад, ТҮЗЕЛ", "ТІК ТҰР", "Оңнан (солдан, маңдайшептен) қарсы алу үшін, қарауыл-ҒА" командаларын береді.
Взвод командирінен және одан жоғары барлық командирлер қолын баскиіміне апарады. Құрама оркестр "Қарсы алу маршын" орындайды.
26. Парад қолбасшысы қолын баскиіміне апара отырып, парадты қабылдаушыға автомобильмен жүріп келеді және баяндайды, мысалы: "Генерал-полковник мырза, Ақмола өңірлік гарнизонының әскерлері Қазақстан Республикасы Конституциясы күнін мерекелеуге арналған парадқа сапқа тұрғызылды. Парад қолбасшысы генерал-майор Майкеев".
Парад қолбасшысы баяндау үшін тоқтаған кезде құрама оркестр ойнауын тоқтатады. Баяндау аяқталғаннан кейін парад қолбасшысы қолын баскиімінен түсірмей, саптың маңдайшебі алдынан (саптың сыртқы жағынан) және одан біршама кейін парадты қабылдаушыға ілесіп жүреді.
27. Парадты қабылдаушы баяндауды қабылдап, сап маңдайшебінің алдыңғы жағынан әскерлерді көлікпен айналып өтеді, әскерлермен "Армысыздар, айбынды сарбаздар!" деп сәлемдеседі және оларды құттықтайды. Құрама оркестр парадты қабылдаушы сәлемдесу және құттықтау үшін тоқтаған уақытта ойнауын тоқтата отырып, "Қарсы алу маршын" орындайды.
Сәлемдесуге әскерлер "Саулығыңызды тілейміз, қолбасшы мырза!" деп жауап береді, бұл ретте құттықтауға үш рет созылыңқы "ура" деп жауап береді.
28. Парадты қабылдаушы әскерлерді көлікпен айналып өткеннен кейін парадты қабылдау орнына келген кезде әскерлер қайтадан (созылыңқы, дауыс сарынымен) "уралайды". Құрама оркестр салтанатты сипаттағы шығарманы орындайды.
Парадты қабылдаушының нұсқауы бойынша парад қолбасшысы: "ЕРКІН ТҰР" командасын береді. Әскери бөлімдердің (бөлімшелердің) командирлері: "ЕРКІН ТҰР" командасын қайталайды, ал карабиндермен қаруланған бөлімшелердің командирлері: "Аяқ-ҚА" және одан кейін "ЕРКІН ТҰР" командасын береді.
Құрама оркестрдің фанфаршылары (корнетшілері мен кернейшілері) "Барлығың тыңдаңдар" сигналын орындайды.
29. "Барлығың тыңдаңдар" сигналы орындалғаннан кейін парадты қабылдаушы сөз сөйлейді (бұйрық оқиды). Сөз сөйлеу аяқталғаннан (бұйрық оқылғаннан) кейін әскерлер үш мәрте "уралайды", құрама оркестр Мемлекеттік Гимнді орындайды, онымен бір уақытта, егер ол көзделген болса, артиллериялық салют (от шашу) жасалады. Взвод командирінен бастап және одан жоғары барлық командирлер қолын баскиіміне апарады, ал әскерлер командасыз саптық қалыпты қабылдайды және Мемлекеттік Гимнді орындайды.
Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін фанфаршылар (корнетшілер мен кернейшілер) "Тоқтат" сигналын орындайды, взвод командирінен бастап және одан жоғары барлық командирлер қолын баскиімінен түсіреді, әскерлер "еркін тұр" күйін қабылдайды.
Достарыңызбен бөлісу: |