133. Қарауылдар наряды қарауылдар кестесі негізінде жүргізіледі.
Қарауылдар әрбір тәулік сайын ауысуға тиіс.
Әскери бөлім оқу-жаттығуларда болған кезеңде қарауылдар кестесін бекітетін бастықтардың бұйрығымен офицердің басшылығымен 7 тәулік мерзімге дейін ауыспайтын қарауыл тағайындалуы мүмкін.
134. Гарнизондық қарауылдар кестесін гарнизонның штаб бастығы, ал ішкілерді – олардың маңыздылығын, техникалық күзет құралдарын жабдықтауды, қоршауларды және сақшылардың барынша аз санымен сенімді күзетуді қамтамасыз етуді ескере отырып, гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) объектілерді күзету мен қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулары негізінде әскери бөлімнің штаб бастығы жасайды. Қарауылдар кестесін жергілікті жерлердегі объектілердің орналасу жағдайларымен және күзетілу ерекшеліктерімен танысқаннан кейін жасалуға тиіс. Өз күзет бөлімшелері бар орталық бағыныстағы объектілерді күзету жөніндегі қарауылдар кестесін әскери объекті (қойма, база) бастығы жасайды.
135. Әскери оқу орындарының гарнизондық, сондай-ақ ішкі қарауылдар кестесі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының бірінші орынбасарына және басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының тиісті басшыларына, ал әскери бөлімдердің ішкі қарауылдар кестесі жоғары тұрған командирге (бастыққа) бекітуге ұсынылады.
Кестеге әрбір қарауыл бекеттерінің орналасу сұлбасы қоса беріледі.
136. Қарауылдар кестесімен бір уақытта әрбір қарауыл үшін бекеттердің орналасу сұлбасы, бекеттерге табельдер, қарауыл бастығына нұсқаулық; жауынгерлік әзірлік сигналдарын алған кезде ауысатын қарауылдар үшін, одан басқа – осы сигналдарды алған жағдайға құжаттама, ал құрамына қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі (оператор) және қарауылдық иттер жөніндегі көмекшілері кіретін қарауылдар үшін – қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісінің (оператордың) және қарауылдық иттер жөніндегі көмекшісінің құжаттамасы жасалады.
Бекеттердің орналасу сұлбасында: бекеттер мен тыйым салынған аймақтардың шекаралары, тыйым салынған шекаралар, қоршау түрі, жарық түсіру аспаптары орнатылған орындар, сақшының жүретін соқпағы (жолы), бақылау-іздік жолақтар; техникалық күзет құралдарымен жабдықталған объектілер; қарауыл көлік құралдарының, бекеттер ауысымдарының және көлік құралдарындағы патрульдердің жүру бағдарлары; сақшылар мен бақылау-күзету (патруль) топтарының күндізгі және түнгі уақытта жүру бағдарлары; жертасалардың, қадағалау мұнараларының, байланыс және өрт сөндіру құралдарының (нүктелерінің), қарауылдық иттер бекеттерінің орналасқан жерлері; бекеттерге анағұрлым қауіпті кіреберістер, оқ атудың қатерлі бағыттары көрсетіледі.
Бекеттерге табельдерде (12-қосымша): әрбір бекетте күзетуге және қорғауға не жататыны; бекетте қызмет өткерудің нақты шарттары мен байланыс құралдары арқылы баяндау мерзімдерін ескере отырып, сақшының ерекше міндеттері; сақшыға мұнарадан қадағалау жүргізуге рұқсат етілетін уақыт; сақшыға бөгде адамдарды бекетке жақын жіберуге рұқсат етілмейтін арақашықтық; бекетке, көрші бекетке шабуыл жасалған және бекетте өрт болған жағдайда сақшының іс-әрекеті; сақшыға қандай жағдайларда қару қолдануға рұқсат етілетіні, сондай-ақ оқ атудың қатерлі бағыттары көрсетіледі. Техникалық күзет құралдарымен жабдықталған бекеттер үшін әрбір бекеттегі техникалық құралдардың атауы мен саны, олардың жұмыс істеу ерекшеліктері, бақылау-күзету тобының бекетті тексеру және оның қару қолдану тәртібі көрсетіледі. Қарауылдық иттермен қызмет өткеру көзделген бекеттер үшін еркін қарауылдау учаскесі немесе блок-бекет (қатаң байлау) көрсетіледі.
Қарауыл бастығына нұсқаулықта: қарауыл міндеттері, қарауылға тапсырылған объектілерді күзету мен қорғау бойынша қарауыл бастығының ерекше міндеттері және қарауыл лауазымды адамдарының (оның ішінде техникалық күзет құралдарымен жабдықталған және қарауылдық иттер күзетіндегі) объектілерді күзетуге қабылдау мен өткізу кезіндегі іс-қимылдарының тәртібі, оларды бақылау-күзету топтарының тексеру кестесі мен тәртібі; объектілердің күзетін түнде және қолайсыз ауа райында күшейту жөніндегі шаралар; қарауылдың күзетілетін объектілерге, сақшыларға немесе қарауылдық үй-жайға шабуыл жасалған кездегі, техникалық күзету құралдары өздігінен іске қосылған және істен шыққан жағдайдағы, төтенше жағдайлар кезінде, жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге сигналдар алған кездегі іс-қимылдары туралы нұсқаулар, сондай-ақ қаруды сақтау мен оқ-дәрілері бар жәшіктерді ашу тәртібі мазмұндалады.
Жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге сигнал алған жағдайдағы құжаттама: бекеттерге берілетін табельдерді, бекеттердің орналасу сұлбаларын, қарауыл бастығына нұсқаулықты, бекеттік ведомостың бланкілері мен парольді қамтиды. Бұл құжаттар қарауылға тапсырылған объектілерді күзету мен қорғау тәртібін әскерлердің жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының жоспары бойынша іс-қимылдарын ескере отырып айқындайды.
Қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісінің (операторының) құжаттамасы нұсқаулықтан (күзетілетін объектілерді күзетуге қабылдау мен өткізу, аппаратураға бақылауды жүзеге асыру тәртібі туралы, сондай-ақ техникалық күзет құралдары өздігінен іске қосылған немесе сөніп қалған кездегі іс-қимылдарының ерекшеліктері туралы нұсқаулардан); техникалық күзет құралдарымен жабдықталған күзет объектілерінің тізбесінен (бекеттің нөмірі, объектінің атауы, ашу және жабу уақыты); техникалық күзет құралдарының жұмыс істеуін бақылаудың аппараттық журналынан (13-қосымша) (объектінің атауы, объектіні күзетуге қабылдау және өткізу уақыты, орнатылған құралдардың техникалық жай-күйі, олардың жұмыс істеуі мен жай-күйін тексеру уақыты, техникалық күзет құралдарының өздігінен іске қосылған уақыты мен орны және қабылданған шаралар) және объектіде орнатылған күзет жүйесін пайдалану жөніндегі басшылықтан тұрады.
Қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісінің құжаттамасы нұсқаулықтан, иттерді күту, ұстау және тамақтандыру жөніндегі жадынамадан, қарауылдық иттер бекеттерінің орналасқан сұлбасынан тұрады.
Осы тармақта көрсетілген құжаттарды гарнизон бастығы (әскери бөлімнің командирі) бекітеді.
137. Қарауылдардың кестесі негізінде гарнизонның штаб бастығы (әскери бөлімнің штаб бастығы) қарауылда қызмет өткерудің әскери бөлімдер (бөлімшелер) арасындағы кезегін әрбір айға айқындайды, ол гарнизондық (тәуліктік) наряд ведомосында сипатталады және оны гарнизон бастығы (әскери бөлім командирі) бекітеді.
Бекеттердің орналасу сұлбасының, бекеттерге табельдердің, қарауылдар бастықтарына нұсқаулықтардың және қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісіне, қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісіне (операторына) құжаттамалардың үзінді-көшірмелері гарнизондық наряд ведомосының үзінді-көшірмесімен бірге гарнизонның гарнизондық наряд қызметін өткеруге тартылатын барлық әскери бөлімдеріне жаңа ай басталардан он тәулік бұрын кешіктірілмей жіберіледі.
Әскери бөлімнің штабы жаңа ай басталардан кемінде бес тәулік бұрын кешіктірілмей қарауылдар тағайындалатын бөлімшелер командирлеріне қарауылдардың нарядқа түсетін күндері мен олардың құрамын хабарлайды.
Бекеттердің орналасу сұлбасындағы және бекеттерге берілетін табельдегі әрбір өзгеріс туралы гарнизон бастығы (әскери бөлімнің штаб бастығы) әскери бөлімдерге (бөлімшелерге) уақтылы хабарлайды.
Жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіруге сигналдар алған жағдайға құжаттама қарауыл бастығында, елтаңбалы мөрмен мөрленген пакетте сақталады. Құжаттаманың екінші данасы осы сигналдарды алған жағдайда ауысым үшін тағайындалған қарауыл бастығына нұсқаулар беру үшін гарнизонның (әскери бөлімнің) штаб бастығында сақталады.
138. Объектіде бес және одан да көп бекет болған кезде қарауыл бастығы болып офицер, ал бекеттердің саны аз кезде – сержант (старшина) тағайындалады.
Ерекше маңызды мемлекеттік, режімдік және стратегиялық объектілерді күзететін қарауыл бастығы болып штатта көзделген қарауылдар бастықтарын қоспағанда, бекеттер санына қарамастан офицер тағайындалады.
Әскери оқу орындарында қарауылдар бастықтары болып бекеттердің санына қарамастан үлкен курстардың курсанттары тағайындалуы мүмкін.
Қарауыл бастығының көмекшісі сержанттар (старшиналар) қатарынан тағайындалады. Қарауыл бастығының техникалық күзет құралдары жөніндегі көмекшісі (оператор) техникалық күзет құралдары жөніндегі мамандардан немесе гарнизон бастығының (әскери бөлім командирінің) бұйрығымен тағайындалатын басқа әскери қызметшілерден тағайындалады.
Қарауыл бастығының қарауылдық иттер қызметі жөніндегі көмекшісі қарауылдық иттердің аға жетекшілерінен тағайындалады.
139. Қарауылдар құрамына сержанттар (старшиналар) немесе ефрейторлар (аға матростар) қатарынан таратушылар тағайындалады.
Таратушылардың саны әрбір таратушы бестен көп емес сақшы шығаратын, ал бекеттерге бару, сақшыларды ауыстыру және қарауылдық үй-жайға қайтып оралу бір сағаттан аспауға тиісті есеппен бекеттер санына және орналасуына байланысты айқындалады. Бекеттерге бару және сақшыларды ауыстыру бір сағаттан астам уақытта алған жағдайда көлік құралы бөлінеді.
Қарауылға бірнеше таратушы тағайындалған кезде олар: бірінші таратушы, екінші таратушы деп аталады және тағы сол сияқты.
Егер қарауыл бір бекетті күзетсе, таратушы тағайындалмайды, оның міндеттерін қарауыл бастығының көмекшісі атқарады.
140. Қарауылдар сарбаздар (матростар) қатарынан тағайындалады. Сарбаздардың (матростардың) саны жетпеген кезде қарауылдар болып сержанттар (старшиналар) тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдайда олардан бекеттің (бекеттердің) барлық ауысымдары, бақылау-күзету тобының барлық құрамы құралады, ал таратушы болып қарауылдардың әскери атақтарынан төмен емес әскери атақтағы әскери қызметші тағайындалады.
Қарауылдардың саны осы қарауыл бекеттері үшін белгіленген санына байланысты айқындалады, оның ішінде тәулік бойы бекетті күзету үшін сақшылардың үш ауысымы, ал тек түнде күзету үшін (қараңғы түскеннен бастап таң атқанға дейін немесе қойма, сақтау орындары жабылғаннан ашылғанға дейін) – сақшылардың екі ауысымы тағайындалады.
141. Қарауыл құрамы, оның ішінде қарауыл бастығы, әдетте, бір бөлімшеден, тіпті болмаса – бір әскери бөлімнен нарядқа түскенге дейін бір тәуліктен кешіктірілмей тағайындалады.
Бір әскери бөлімнен жасақталатын барлық гарнизондық қарауылдар гарнизон бастығының бұйрығымен, әртүрлі әскери бөлімдерден құрама қарауыл тек Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар бірінші басшыларының бұйрығы бойынша тағайындалуы мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |