242. Әскери қызметшілер өрт қауіпсіздігі талаптарын білуге, орындауға (18-қосымша) және өрт сөндіру құралдарымен жұмыс істей білуге міндетті.
Өрт шыққан жағдайда әрбір әскери қызметші өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстарының әскери командасын (штаттық өрт сөндіру есептобын) немесе штаттан тыс өрт сөндіру командасын (өрт сөндіру нарядын) шақыруға және барлық қолда бар құралдармен өрт сөндіруге, сондай-ақ адамдарды, қару-жарақ пен әскери техниканы, мүлік пен басқа да материалдық құралдарды құтқаруға дереу шаралар қабылдауға міндетті.
243. Әскери бөлімде өртке қарсы қорғаныс жоспары әзірленеді, оны командир бекітеді және барлық жеке құрамға жеткізеді. Әскери бөлімде өрт қауіпсіздігінің талаптарын қамтитын жоспардан үзінді-көшірме, өрт сөндіруге тартылатын күштер мен құралдардың есебі, жеке құрамды, қару-жарақ пен әскери техниканы, мүлік пен басқа да материалдық құралдарды эвакуациялау тәртібі әскери бөлім бойынша кезекшіде болуға тиіс.
244. Әскери бөлімде өртке қарсы қорғанысты ұйымдастыруға және жай-күйіне әскери бөлім командирінің тыл (материалдық-техникалық қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасары жауап береді. Ол:
1) жеке құрамның өрт қауіпсіздігі талаптарын зерделеуін және оны өрт сөндіру кезіндегі іс-қимылға оқытып-үйретуді ұйымдастыруға;
2) барлық объектілерде судың нормативтік қорларының, найзағайдан қорғау құрылғылары мен өрт сөндіру құралдарының болуын қамтамасыз етуге;
3) кемінде үш айда бір рет әскери бөлімнің өртке қарсы қорғанысының ұйымдастырылуы мен жай-күйін тексеруге және апта сайын оқу-жаттығу өрт сөндіру жаттықтыруларын жүргізуге;
4) өрт қауіпсіздігі талаптарының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуге;
5) жақын маңдағы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің өртке қарсы бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасауды ұйымдастыруға міндетті.
245. Әскери бөлім командирі немесе оқу-жаттығу полигонының (оқу-жаттығу орталығының) бастығы әскери бөлімге, полигонға бекітіліп берілген аумақтарда, сондай-ақ сабақтар, оқ атулар, оқу-жаттығулар мен жауынгерлік және жұмылдыру даярлығының басқа да іс-шараларын өткізу кезінде барлық орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуына жауап береді.
246. Бөлімше командирлері, қызметтер, шеберханалар, цехтар, мәдени-бос уақыт орталықтарының, зертханалардың және басқа да объектілердің бастықтары оларға бағынысты бөлімшелерде, қызметтерде, объектілерде өрт қауіпсіздігі талаптарының орындалуы және өрт сөндіру құралдарының ақаусыз жай-күйде ұсталуы үшін жауап береді.
247. Әскери бөлімде тікелей өртке қарсы қорғанысқа өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары қызметінің бастығы басшылық жасайды, ал ол штатпен көзделмеген жерлерде оның міндеттері келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің біріне қоса атқару бойынша жүктеледі.
248. Штаттық өрт сөндіру командасы жоқ әскери бөлімде бес-он бес адам санында штаттан тыс өрт сөндіру командасы құрылады.
Штаттан тыс өрт сөндіру командасының құрамына әскери қызметшілер, әдетте, бір бөлімшеден тағайындалады.
Командадан өрт сөндіру наряды бөлінеді, ол әскери бөлім командирі бекіткен бекеттер табеліне сәйкес өрт бекеттерінде тәулік бойы немесе белгілі бір уақыт аралығында кезекшілік атқарады.
Өрт сөндіру командасының жеке құрамы басқа нарядтарды өткеруден босатылады.
249. Өрт сөндіру командасының бастығы болып өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары қызметінің бастығы тағайындалады. Бөлім штатында өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары қызметінің бастығы болмаған кезде өрт командасының бастығы болып тыл қызметтері (материалдық-қамтамасыз ету жөніндегі) бастықтарының бірі тағайындалады.
Ол өрт сөндіру командасының, өрт сөндіру құралдарының ұдайы әзірлігіне және әскери бөлімнің барлық жеке құрамын өрт қауіпсіздігінің талаптарын оқытып-үйретуге жауап береді.
250. Өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары қызметінің бастығы:
1) әскери бөлім объектілерінің өрт қаупі ерекшеліктерін білуге, өртке қарсы қорғаныс жоспарын және өрт қауіпсіздігі талаптарын әзірлеуге қатысуға;
2) әскери бөлім бөлімшелерінің офицерлерімен, сержанттарымен және старшиналарымен өртке қарсы даярлық, өрт сөндіру құралдарын пайдалану бойынша сабақтарды жеке өзі өткізуге, жеке құраммен өрт қауіпсіздігі талаптарын орындау жөнінде түсіндіру жұмыстарын, сондай-ақ өрт сөндіру командасының арнайы даярлығын жүргізуге, өрт сөндіру нарядына түсетін жеке құрамға нұсқау беруге және білімін тексеруге;
3) барлық объектілердің өртке қарсы жай-күйіне тексеру жүргізуге және жеке құрамның өрт қауіпсіздігінің белгіленген талаптарын орындауына және өрт сөндіру нарядының қызмет өткеруіне күн сайын бақылауды жүзеге асыруға;
4) барлық өрт сөндіру құралдарының, өрт дабылдамасының, өрт сөндіруді сумен жабдықтау көздерінің бар болуына, уақтылы талап етуге, ақаусыздығы мен дұрыс пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыруға және оларды іс-қимылға ұдайы әзірлікте ұстау жөнінде шаралар қабылдауға, өрт сөндіру құралдарын тексеруді және куәландыруды ұйымдастыруға;
5) өрт сөндіру құралдарының бар болуы мен техникалық жай-күйінің есебін жүргізуге, сондай-ақ олардың формулярлары (паспорттары) мен техникалық құжаттамасын уақтылы жүргізуге;
6) өртке қатысты ақаулы және қауіпті қондырғыларды, жылыту және жарық беру аспаптарын пайдалануға жол бермеуге;
7) әскери бөлім командирінің тыл (материалдық-қамтамасыз ету) жөніндегі орынбасарына олар анықталған кезде объектілердің өртке қарсы жай-күйіндегі кемшіліктер туралы баяндауға, ал тұтанудың, өрттің барлық жағдайлары туралы және қабылданған шаралар туралы дереу баяндауға;
8) өрт сөндіруге басшылық жасауға;
9) белгіленген есеп берулерді жоғары тұрған штабқа және жабдықталым органына уақтылы ұсынуға міндетті.
Достарыңызбен бөлісу: |