IV тарау. Қазақ даласындағы еркіндік құбылысының
этникалық дүниетанымның іргетасына айналуы
бермейді екен. Олай болса өркениеттіліктің, мәдениеттіліктің,
ілгерілегендіктің бірден-бір шарты – адамға да, әр халыққа да, әр
қоғамдастықтарға да өзінің де өзгенің де, еркіндігін, бостандығын
құрметтеу, сол тұрғыда ойлау, сезіну, сол тұрғыдан қатынас жасау.
Еркіндік адамзаттың түпкі құндылығы, түпкі мәні. Ол – адам
атаулының өзгешелігі. Барлық тірі жануарларда еркіндікке талпыныс
жоқ. Тіпті адамға ең жақын деп есептелетін жануарлардың тіршілік
ету жолы оларға туа бітті берілген, генетикалық тұқым қуалау
заңымен олардың биологиялық бітімінде бар. Яғни, әр жануардың өз
таңдауы емес. Адам өз жолын өзі таңдайды. Өз мақсатын, пиғылын,
құндылықтарын өзі құрады, таңдайды, немесе таңдамайды. Өмірлік
тұрғыларын сақтауы да, сақтамауы да мүмкін. Ол оның өз еркіне
байланысты. Бұл туралы көптен айтылып келеді [3, 77 б.]. Егер
адамның осы түпкі мәні жағынан алсақ, онда адамзаттық тарихи
ілгерілеуі, оның прогресс жолы оның қаншалықты азат екендігімен,
әсіресе қауымдастың әрбір мүшесінің дербестік деңгейімен
анықталуы тиіс. Олай болса, А. Тойнбидің көшпенділердің тоқырауы
туралы айта келе олар өздерінің адамдық мәнін тәрік етті деген
қорытындысы жалған. Адамдық мән оның қаншалықты өз өмірі
мен тағдырын өзі анықтайтындығында, яғни, әр қоғам мүшесінің
қаншалықты субъект екендігінде. Прогресс идеясының өзі өндірістің
дамуын, табиғат күштерін игеру, қаруланудың артып отыруын
адамдықтың түпкі негізі деп қараудан, соны ең түпкі құндылық деп
есептеуден туындайды. Осы мағынада ең жоғары дамыған халықтар
– ең жоғары мәдениет жасайды. Еркіндікті де осы тұрғыдан түсінеді.
А.Тойнби де осы мазмұнда бағалап отыр. Ал, бұл тарапта еркіндікті
де, гуманизмді де түсіндіруге болмайды. Еркіндік әр жеке адамның
басқа адамдармен, жалпы қауымдастықпен ара-қатынасында
көрінеді, әрбір қауымдастың мүшесінің оның аясындағы өзін-өзі
анықтай алатындығы, ал құлдық – анықтай алмайтындығы, өз
тағдырына өз иелігі немесе ие еместігі, өз іс-әрекеттерінің бірден бір
шығар көзі өзі екендігі немесе керісінше.
Осындай мазмұнда қарағанда көшпенділер қауымында жеке
адамның дербестікке әлдеқайда ие екендігі көрінеді. Көшпенділер
дегенде біз алдымен, әрине, қазақтарды, қырғыздарды, түрікпендерді,
олардың тарихын ескереміз. Бірақ, ертерек тарихи кезеңдерді алсақ,
көптеген халықтар оны бастан өткізген, соның ішінде барлық түріктер,
арабтар, т. б. өз кезінде көшпенділікте болған. Кейбір батыстық
ой үрдісіндегі тарихшылардың тұрпайы түрде сипаттайтындай
көшпенділік құр тәртіпсіз кезбелік емес, қатаң жүйелі түрдегі
шаруашылық, жалпы өзгеше өркениет.
248
Достарыңызбен бөлісу: |