Әдебиет:З. Фрейд. Я и Оно. (1–2 т.). – Тбилиси, 1991; Психология: словарь- справочник. – Минск, 1998.
СҮЙІСПЕНШІЛІК. Моральдық саланың ең биік көрінісі – С. Тек сол арқылы ғана адами болмысқа жетуге болады. Керісінше жағдайда адам толыққанды өмір сүре алмайды. Оны шығармашылыққа жетелейтін, өмірді терең түсінуге жол ашатын, басқалардың терең ішкі сырын аша алатын – тек қана С. Көне грек ойшылы Эмпедокл алғашқы рет С. ұғымына ғарыштық мән беріп, оны жек көрушілікке қарсы қойды. Оның ойынша алғашында Ғарыш С-тің негізінде сапа жағынан әлі бөлінбеген біртұтастықты құрайды. Содан кейін жаугершілік С-ті ысырып біртектілікті бір-біріне қосып, әртектілікті бір-бірінен ажыратады. Келесі сатыда сүйіспеншілік қайта оралып әртектіні бір-бірімен қосып біртектілерді бір-бірінен ажыратады. Соның арқасында
446
тіршілік дүниеге келеді екен. Эмпедоклдың ойларының түйіні мынада: Дүние қайшылықты жаратылған. Заттар мен құбылыстардың қарама-қарсы жақтары бір-бірінсіз өмір сүре алмайды, бір-бірін тартып, сонымен қатар, өз болмысын сақтау жолында күреседі. Платон да өз еңбектерінде С. мәселесіне көңіл бөледі. Ол философиялық деңгейде грек мифологиясындағы Эротты (жыныстық С.) талдайды. Оның ойынша, Эроттың екі түрі бар: біреуі – жердегі, сезімдік құмарту болса, екіншісі – аспандағы идеалды, ой арқылы ғана жетуге болатын түрі. Эрот – байлықтың құдайы Порос пен кедейліктің құдайы – Пенидің баласы. Сондықтан, ол қайшылықты. Ол өне бойы төменнен жоғары қарай және әсемдікке ұмтылады. Адамдардың ең үлкен арманы – өлместікке жету болса, Эрот шығармашылық шабытын тудырып, С. арқылы жаңа ұрпақтарды дүниеге әкеледі, ал оның өзі адамға берілген мәңгілік пен өлместіктің бөлігі емес пе? Әсемдікке ұмтылудың екінші – ең биік жағы – Эрот жер мен аспандағы идеалды дүние арасындағы дәнекер. Ал нағыз әсемдік аспан әлемінде жатыр. Олай болса, платондық С. – ол Әсемдік, Ізгілік және Ақиқатқа деген құмарту. Өйткені, олар таза, мөлдір, материалдық қоспасы жоқ, құдіретті және біркелкі.
Әрине, махаббат сезімінің негізінде ғашықтардың бір-біріне деген жыныстық тартуы жатыр. Ғашықтардың сол жыныстық күш-қуаттары бір- біріне қосылуының негізінде Дүниеге жаңа өмір келеді емес пе? Сонымен қатар, махаббатты толығынан жыныстық тартуға теңесек, онда адамның басқа жануарлардан айырмашылығы неде? – деген сұрақ тумай қоймайды. Австрия ғалымы В.Франкл қазіргі батыс қоғамында кеңінен тараған көзқарас
– махаббатты тәндік-сезімдік ләззәт алуға теңеу – қаншалықты жастарды жалған жолға түсіріп бақытсыздыққа әкелгені жөнінде айтады. Егер де адамның жүрегінде терең махаббат сезімі болмай, тек жыныстық ләззәтқа ғана ұмтылып, соны ғана ойласа, ол біріншіден, «Дон-Жуандікке» әкеліп, екіншіден, сол тұрпайы мақсаттың өзіне жетілдіре алмайды. Шындығында, адамның махаббат сезімі оның бүкіл жан-дүниесіндегі рухани күш-қуатпен безендіріліп толысады, неше-түрлі қиялдарды тудырып, шығармашылық шабыт әкеледі. Шын сүйген адам бүкіл дүниені ізгілік жолымен өзгерткісі келеді, дүниедегі сан-алуан құбылыстардың ғажаптығын, әсемдігін жете түсінеді, өзінің және сүйіктінің бойындағы бұрын ашылмаған жаңа қасиеттерді тауып, раушан гүлі сияқты ашылады, қуанышқа толы өмір тудырады. Нағыз өмірде болу дегеніміз – шын жүрегіңмен сүю, махаббаттың отында лаулап жану, – дер едік. Сонда ғана толыққанды «мен бұл өмірде болдым!» – деп айтуға болатын сияқты.
Өзінің аса тереңдігі және риясыздығымен көрінетін С-тің түрі – әке- шеше мен балалардың бір-біріне деген сезімі. Әсіресе, ана махаббатын асыра бағалау мүмкін емес. Ана өз балаларын, – олар қандай да болмасын,
– барлық жан-тәнімен сүйеді, өйткені, олар оның ішінен шықты. Ана
447
әрқашанда өз балаларын қорғайды, оларды кешіре біледі. Әкенің балаға деген махаббатына келер болсақ, ол ана сезіміне қарағанда – өзгеше. Әке балаларын өзіне теңеп, өзіне ұқсас болғанын қалайды, олардың алдына үлкен талаптар қойып, олардың өмірде іске асуын армандап, тілейді. Әке баларын әрқашанда өз ырқына көндіргісі келеді. Ана баланың алдына қойылған талаптар орындалмаса да, оны шүбәсіз сүйеді, оның жаңғыз ғана талабы – баласы бұл өмірде аман-есен болса екен дейді.
Адам қоғами пенде болғаннан кейін, әрине, жаңғыз ғана әке-шешесі емес, сонымен қатар, басқа да туыс, жолдас-жора, көрші-көлемнің ықпалына түсіп, жақынды сүю сезіміне шомылады. Жақынды сүю дегеніміз – бізді қоршаған адамдарды өзімізбен тең құқықты ретінде қарау, оларға қамқорлық көрсету, өз жауапкершілігіңді сезіну, сыйлап, түсіністік дәрежесіне көтерілу, олардың өмірдегі жетістіктері мен қайғы-қасіретіне бірдей ортақ болу т.с.с. Жақынды сүю адамды оның білімі мен мәдениеті өскен сайын өз халқын, оның аянышты да батырлық тарихын, мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан әдет-ғұрыптарын, тілін, көркем сөзі мен өрнектерін, ғажап әуендерін т. с. с. сүюге итермелейді. Өз халқын сүйген адам, әрине, сол халықты тудырған жағалай ортаны – табиғатты да сүйеді. Қазақ жері – жылы теңіздер аймалап жатқан Италия, ия болмаса Грекия емес. Біздің табиғатымыз қатал, ұлы өзендер елімізді қақ жарып ағып жатқан жоқ, теңіз бен мұхиттан да, өкінішке орай, алшақпыз. Десек те, басқа бір жұмақ жерге қазақ деген халық өз мекенін ауыстырмайды. Өйткені, осы топырақта ол жаратылды, бұл жерге оның кіндік қаны тамды, сансыз бұл өмірден озған
бабалар осы жерді соңғы қаны тамғанша қорғай білді.
Енді міне, жоғарыда көрсетілген осы екі С. «Отан» деген терең ұғымды тудырады. Отанды сүю дегеніміз – туған жер мен сол елді мекендеген халыққа деген С. болып табылады. Осы екі сезім бір-біріне қосылып оны күшейте түседі. Отаншылдық (патриотизм) – өте күрделі сезім, соның арқасында адам өзін үлкен біртұтас елдің ажырамас бір бөлшегі ретінде сезінеді. Олай болса, ол оның жетістіктері мен қателіктеріне – бәріне де ортақ. Отанды сүю дегеніміз – елге жақсылық тілеп қана қоймай, өз үлесіңді белсенді түрде мейлінше соның гүлденуіне қосу. Отанды сүю дегеніміз – тек қана өз ұлтыңды ғана емес, сонымен қатар осы елде тұрып жатқан басқа ұлттар өкілдерін сүю, оларды жаттатпау болып табылады. Өйткені, олар да біздің мемлекетіміздің гүлденуіне ат салысып, бізбен бірге өз тағдырын бөлісуде. Қазақ халқы – осы мемлекеттің негізін құрағаннан кейін – бұл мәселеге аса жауапты түрде қарауы керек. Сонымен қатар, Отанды сүюге «жақсымызды асырып, жаманымызды жасырайық» – деген ұран жараспайды. Отанын шын сүйетін адам елдің кемшіліктеріне қамығып, оларды әшкерелей біледі. Өкі- нішке орай, бүінгі таңдағы ұлттық өзіндік сын ұлы Абайдың заманындағы сыннан да төмен дәрежеде тұрғаны көпшілікке мәлім. Орынсыз өз-өзімізді
448
мақтай бергеніміз орынды емес. Өркөкіректік, тайыздық, асыра сілтеушілік, шыдамсыз Отансүйгіштік те жақсылыққа әкелмейді. Мұндай қасиеттегі адамдарға қиын-қыстау заманда толығынан сену де қиын шаруа. Нағыз Ота- нын сүйетін адамдар көп жағдайда оны үнсіз сүйеді. Отанын сүйетін адам өз елінің аянышты тарихын да жақсы біліп өз жүрегінен өткізіп, тарихтағы болған оқиғаларды өз өмірінде болған сияқты дәрежеде сезінеді. Сонда ғана ол халықтың болашағына ұқыпты қарап, оның қойнауында болып жатқан, бір қарағанда байқалмайтын үрдістерді аша алады.
Достарыңызбен бөлісу: |