Зерттеудің өзектiлiгi. Ғаламдық жаһандану жағдайындағы жаңа қоғамда орын алған iрi экономикалық өзгерiстер мен технологиялық жетiстiктер – қоғам дамуының қозғаушы күшi болып табылатын бiлiм жүйесiне орасан ықпалын тигiзiп отыр. Әлемдiк қауымдастықтың бiртұтас бiлiм кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған ортақ мүддеге барынша әрекеттенуi – жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрген саналы да парасатты тұлғаны тәрбиелеу қажеттiгiн алға тартып отыр.
Егемендi елiмiзде соңғы жылдар тiзбегiнде жүргiзiлiп келе жатқан бiлiм реформасына қатысты түбегейлі бетбұрыстар, атап айтқанда әлемде дамыған мемлекеттердегі білім саясатының негізгі көрсеткіші болып саналатын 12 жылдық білім беру жүйесіне ену қарқыны – қоғамдық ортадағы адамдардың ерекше пiкiрлерi мен көзқарастарын қалыптастыруға негiз болды. Көптеген өнеркәсiп орындарының жаңа технологиялық қондырғылармен қайта жабдықталуы - бiлiм сапасының жаңа деңгейге көтерiлуiне өзгеше талап қойды. Аса қарқынды белең ала бастаған аталмыш құбылыстарға мемлекет тарапынан терең талдаунамалар жасалып, ортақ проблеманы бұқара халықпен бiрлесе отырып атқару мәселелерi жолға қойылуда.
Ел Президентiнiң сөйлеген сөзінде: “..Барлық дүние мектептен басталады. Сондықтан әлемдік стандартқа сай жалпы орта білім беретін жүйеге көшіп, педагогтардың кәсіби деңгейі мен жаңа оқулықтар мен біліми технологиялардың сапасын арттыруымыз қажет..”,- деп, атай келе “Қазақстан – 2030” бағдарламасында: “...бiздiң жас мемлекетiмiз өсiп-жетiлiп кемелденедi. Бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз онымен бiрге ер жетедi. Олар өз заманының жауапты да жiгерлi, бiлiм өресi биiк, денсаулығы мықты өкiлдерi болмақ. Олар бабаларының игi дәстүрлерiн сақтай отырып, қазiргi заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге даяр болады...”,- делінген.
Замана жетiстiктерi негiзiнде жас ұрпаққа сапалы бiлiм берудi мақсат еткен көпшiлiк қауым, халық педагогикасының асыл мұралары негiзiнде саналы тәрбие берудi әрқашан жадынан тыс қалдырған емес. Соңғы жылдары өткiзiлiп жатқан ғылыми-практикалық конференциялар мен зерттеуші ғалымдардың нәтижелерiнде этнопедагогика мұралары назарға iлiніп, оны ұрпақ тәрбиесінде пайдаланудың қажеттілігі ұсынылуда.
Осы уақытқа дейiнгі тәрбие мәселесімен байланысты зерттелген еңбектерді төмендегiдей сараптама бойынша жіктедік:
- тәрбие теориясына қатысты еңбектер (Қоянбаев Ж.Б., Болдырев Н.И., Бержанов Қ., Мусин Ж., Мұхамбаева А.Х., Подласый И.П., Сейталиев К);
- қазақ этнопедагогикасындағы ұлттық тәрбие мәселелерi (Жарықбаев Қ.Б., Қалиев С.Қ., Әбiлова З.Ә., Сарыбеков Н.Қ., Ұзақбаева С.А., Наурызбай Ж.Ж., Қожахметова К.Ж., Жұматаева Е.Ө., Дүйсембiнова Р.Қ., Қабдыразақұлы Қ., Мұхамбетова С.К., Сәдуақасов Ә., Қоңыратбаева Т.Ә);
- ұлттық тәрбиенiң моделі мен терминологиясы жөнiнде (Бөлеев Қ., Беркімбаева Ш.К., Оразбекова К.А);
- оқушылар ұжымындағы тәрбие мәселелерi (Коротов В.М, Сабитова Г.В, Ходоровская З.А);
- ұйымдық тәрбиенiң теориялық аспектiлерi (Көпжасарова М.Д., Байназаров Р., Галузинский В.М., Падалко Т.В);
- оқушыларға сыныптан тыс тәрбие берудiң әдiстемелерi (Құнантаева К.Қ., Омаров Е.О., Садықова М.К);
- оқушылардың қоғамдық бiрлестiктерiндегi тәрбие жұмыстары (Иржанова Р.Д., Лебединский В.В., Абаева Н.Б., Мұқанова Б.Ы., Қасенов Е.Р);
- балалар ұйымдарының дамуы мен қалыптасуының тарихи-педагогикалық аспектілері (Алиева Л.В., Волохов А.В., Литвак Р.А., Искандирова Т.Н);
- халық педагогикасы материалдары негiзiнде оқушыларға ұлттық тәлiм-тәрбие беру (Төлеубекова Р.К., Қаплиева А.Қ., Садықова М.К., Сайдахметов Б.С., Байсарина С.С);
- жаһандану жағдайындағы балалар қозғалысының даму тенденциясы және социокинетикалық ғылыми бағыт алғышарттары (Вульфов Б.З., Фришман И.И);
Еліміздің егемендік алуына байланысты соңғы жылдардағы педагогикалық зерттеу еңбектерінде ұлттық мәдениетке баса көңіл бөлу назарға алынды. Әсіресе, мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие берудiң педагогикалық маңызы жөнiндегi мәселелерге көптеген ғалымдар өз еңбектерiн арнаған. Онда ұлттық тәлiм-тәрбиенiң генезизi ғылыми-методологиялық тұрғыда сарапталынып, өз ретiнде мектептегi оқу-тәрбие жұмыстарына ендiру қажеттiлiктерi ұсынылған. Аталған ғалымдардың еңбектерiн негізге ала отырып зерттеулер жүргiзген Төлеубекова Р.К., Иманбаева С.Т., Әбдiғаппарова У.М., Әбдiлдина С.Қ., Өтемұратова Б.С., Аманжолова А.А., Хасанова Ж.С., Жетпiсбаева К.Б., Сырымбетова Л.С., Қаплиева А.Қ., Қисымова А.Қ., Егенисова А.Қ., Арзымбетова Ш.Ж., Садықова М.К., Сайдахметов Б.С., Байсарина С.С., Сыдықов М.Е және басқа ғалымдардың еңбектерiнде ұлттық тәрбие мәселелерi жеке сала бойынша (экологиялық, эстетикалық, адамгершiлiк, патриоттық, экономикалық т.б) зерделенгенімен, оны оқушылар ұйымы арқылы ұйымдастырудың жүйелi әдiстемелерi толығынан айқындалмағанын аңғардық.
Ал, 1991 жылға дейінгі мектептегi оқушылар ұйымындағы тәрбие жұмыстарын сипаттауға арналған Иржанова Р.Д., Құнантаева К.Қ., Татаурова Н.Л., Байназаров Р., Абаева Н.Б., Мұқанова Б.Ы., Кузьмина М.Н., Бекмағанбетова Р.К., Қасенов Е.Р. т.б зерттеулерiнде негiзiнен бұрынғы кеңестік дәуірдегі пионер (балалар) ұйымдарының iс-тәжiрибелерi партиялық идеология тұрғысынан зерттеліп, бұл еңбектердің өз кезінде педагогикалық маңызды рөл атқарғанына қарамастан, мектептегі оқушылар ұйымдары арқылы ұлттық тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастырудың толық қарастырылмағаны байқалды. Оның негізгі себептерінің бірі – оқушылар ұйымындағы тәрбие жұмыстарының коммунистік идеологияға және авторитарлық-педагогикалық саясатқа бейімделе жүргізілгендігінен туындаған еді.
Бертін келе мектептегі тәрбие жұмысының өзекті саласы оқушылар ұжымы арасындағы тәрбие жұмыстарының “бірыңғай жалпыға ортақ тәрбие жүйесінің” дағдарысқа ұшырау себептері мен жаңа ғасыр жағдайындағы «социокинетика» ғылымының оқушылар ұйымының жұмыс мазмұнына түп қазық болатын идея, яғни жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық мәдениетке сүйенген халықтық-демократиялық принципке негізделген жаңа моделінің қажеттілігін туындатты.
Зерттеудің мақсаты: Мектептегі оқушылар ұйымының ұлттық демократиялық тәрбие беруге негізделген жаңа моделін құру және оған қажетті педагогикалық шарттарды айқындап, оқу-тәрбие үрдісіне ендіру.
Зерттеу объектісі: мектептегi оқушылар ұйымындағы тәрбие жүйесi.
Зерттеу пәнi: мектептегі оқушылар ұйымы арқылы ұлттық тәрбие берудің жолдары.
Зерттеудің ғылыми болжамы: Егер жалпыадамзаттық құндылықтар мен ұлттық мәдениетті кіріктіре отырып, халықтық-демократиялық принципке негізделген оқушылар ұйымының жаңа моделі жасалса және оны іске асырудың педагогикалық шарттары айқындалса, онда жан-жақты дамыған, ұлттық сана-сезімі оянған азамат тәрбиелеуге мүмкіндік туады, өйткені білім беру мен тәрбие ісі әлемдік өркениет пен ұлттық мәдени құндылықтар негізінде іске асырылады.
Зерттеудің мiндеттерi:
Достарыңызбен бөлісу: |