Халықаралық байланыстар мен экскурсиялар. Ғ.Қ. Ерғалиев 1969 жылдан бері Кіші Қаратаудағы кембрий жүйесінің үздіксіз қималарын зерттеп келеді. Зерттеу нәтижелері ТМД елдерінің және алыс шет елдердің геологиялық жұртшылығына кеңінен таныс. Бұл нәтижелер 1971, 1978, 1979, 1981, 1985 жылдары Кеңестер Одағының жетекші мамандары арасында әдейі талқыланды. КСРО Ведомствоаралық стратиграфиялық комитет (ВСК) төрағасы және стратиграфиялық жүйелер арасының шекараларын «Алтын шеге» ережесіне сәйкес жүргізу мәселесін кеңінен дәріптеуші академик Б.С. Соколов 1978 жылы Қышабақты қимасымен әдейі танысып, оның халықаралық маңызын өте жоғары бағалады. Кейінірек осы ғалым ВСК тұрақты жұмыс істейтін кембрийлік комиссиясының төрағасы Т.Н. Спижарскиймен екеуі сөз болып отырған зерттеу қорытындыларын халықаралық шеңбердегі ғалымдарға паш ету мәселесіне үнемі мұрындық болып отырды. Мұның арқасында Кіші Қаратаудың әйгілі қималарын Ғ.Қ. Ерғалиев Халықаралық геологиялық конгрестің 1984 жылы Москвада өткен 27-ші сессиясының делегаттарына (045 және 045С экскурсиялар), сол сияқты Қытай халық республикасының, Болгаргия халық республикасының, Германия демократиялық республикасының, Чехословакия социалистік республикасының ғалымдарына таныстырды. Бұл қима кейінірек кембрий жүйесінің жікқабаттары бойынша өткізілген 3-ші Халықаралық симпозиумға халықаралық стандарт ретінде ұсынылды. Бұл шаралар жиынтығы нәтижесінде Қаратау аймағы кембрий мен төменгі ордовик түзілімдерінің үзіліссіз қималары кеңінен шоғырланған Жер шарындағы бірден-бір классикалық аймақ дәрежесіне көтерілді.
1973 жылы Ғ.Қ. Ерғалиев докембрий мен кембрий мәселелері бойынша Халықаралық симпозиум жұмысына қатынасты, сөйтіп Сібір платформасындағы (Якутия жеріндегі) Алдан және Лена өзендері аңғарларындағы кембрий түзілімдерінің төлнұсқа қималарымен танысу үшін әдейі ұйымдастырылған, қозғалу көлігі ретінде теплоход пайдаланылған арнаулы экскурсияға қатысты. Симпозиум жұмысына Ұлыбританиядан, Франциядан, Даниядан, Швециядан, Батыс және Шығыс Германиядан, Польшадан, Ираннан, Австралиядан, Канададан және АҚШ-тан келген 28 ғалым және КСРО-ның 60-тан астам мамандары қатысты. Осы жолы Сібір аймағынан жиналға фауна қалдықтары келешекте зерттелетін және бір-бірімен салыстырылатын материал ретінде танылды.
Экскурсиядан кейін Ведомствоаралық стратиграфиялық комитет төрағасының орынбасары академик Б.С. Соколов Ғ.Қ. Ерғалиевты ЮНЕСКО жанындағы Геологиялық ғылымдардың халықаралық одағына қарасты кембрийлік комиссияның президенті, Нью-Йорк университетінің профессоры, кембрий стратиграфиясы мен трилобит фаунасы бағытындағы жетекші маман А.П. Пальмермен таныстырды. КСРО Ғылым академиясының Геология және геофизика институтында (Новосибирск қаласы) өткен осы кездесу барысында Ғ.Қ. Ерғалиев атақты ғалымға Кіші Қаратаудың Қыршабақты қимасына тиесілі жоғарғы кембрийлік трилобит қалдықтарының коллекциясын көрсетті. Коллекция А.П. Пальмарға айрықша әсер етті. Кейінірек А.П. Пальмер көптеген шетел ғалымдарына, солардың ішінде Австралия профессоры Дж. Шергольдқа жоғарғы кембрий түзілімдерінің Оңтүстік Қазақстандағы үзіліссіз қимасы жайлы айтып беріпті, бұл қимада ортаңғы және жоғарғы кембрий түзілімдерін сипаттап беретін, негізінен космополит жәндіктер болып табылатын агностидтер түріндегі трилобит қалдықтары әрбір қабат пен қабатшада үздіксіз жалғасып отыратындығына баса назар аударыпты.
Қыршабақты қимасы бойынша жинақталған материал КСРО Геология министрлігі мен КСРО Ғылым академиясының Сібір Бөлімшесі ғалымдары үшін мүлдем күтпеген жағдай болды, себебі олар жоғарғы кембрий түзілімдерін жікқабаттық жіктеу мәселесін табысты шешу мақсатында Сібір платформасының қималарын он жыл бойына үздіксіз зерттеумен айналысып келген болатын.
1974 жылдың тамыз айында Ғ.Қ. Ерғалиев КСРО-ның солтүстік-шығысына тиесілі докембрийлік және палеозойлық түзілімдеріне арналған Магадан қаласында өткен Ведомствоаралық стратиграфиялық мәжіліс жұмысына қатынасты. Осы мәжіліс аясында ол Омулев тауларындағы ортаңғы-жоғарғы ордовик және силур түзілімдерінің типтік қималарымен танысуға арналған далалық экскурсияға қатынасып, ғылым докторы И.Ф. Никитин екеуі Glyptagraptus persulptus белдемі деңгейінен ордовиктің жоғарғы ашгиль жікқабатына тиесілі Dalmanitina трилобиттерінің қалдықтарын тапты. Экскурсия жұмысына Кеңестер Одағының геология-минералогия ғылымдарының докторы А.М. Обут бастаған жетекші ғалымдары қатысқан болатын, олар жоғарыда аталған табылымның маңыздылығын бірауыздан мақұлдады.
1975 жылдың қыркүйек айында Ғ.Қ. Ерғалиев Мәскеу қаласында Геологиялық сәйкестендірудің халықаралық бағдарламасы аясында өткен «Докембрийді сәйкестендіру» симпозиумының жұмысына қатынасты. Осы симпозиум жұмысынан кейін Грузияның Бакуриани ауданындағы Дзируль массивіне тиесілі докембрийлік гнейстермен, мигматиттермен және кристалдық тақтатастармен танысуға арналған экскурсияға да араласты. Симпозиум жұмысына көптеген елдердің ғалымдары қатысып, докембрийлік жаралымдар жайлы қызықты-қызықты баяндамалар жасады. Академиктер А.В. Сидеренконың, А.И. Опариннің, Б.С. Соколовтың, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Германия Федеративтік Республикасы, Австралия елдерінен келген көптеген ғалымдардың баяндамалары өте ауқымды мәселелерді қамтыды, яғни Жердің тектоникалық даму проблемалары, түзілімдену, метаморфизм және магматизм процестерінің тарихы, геосфералардың қалыптасу және эволюцияға ұшырау тарихы, Жер бетінде тіршілік түрлері пайда болуының биологиялық аспектілері және бұл ұланғайыр процестің 3,5 млрд. жылдық тарихы бар шөгінді жаралымдармен өзара байланысы жайлы мәселелер сөз болды. Австралиядан келген М. Глесснердің баяндамасында кембрий кезеңіне тиесілі қаңқалы фауна түрлерінің негізін құраған жұмсақ денелі эдикарлық фауна түрлерінің өзіндік маңызы айтылды.
1978 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтына Австралияның аса ірі палеонтолог-ғалымы, бүкіл Жер шарындағы фосфорит кенорындарының стратиграфиясы мен генезисі жайлы мәселелердің орасан білгірі доктор Дж.Х. Шергольд келген болатын. Оның мұнда келгендегі басты мақсаты – Кіші Қаратаудағы кембрийлік трилобит қалдықтарының коллекциясымен танысу болатын. Ол он күн бойына Қыршабақты қимасындағы ортаңғы және жоғарғы кембрийді сипаттайтын трилобит қалдықтарының коллекциясын әрбір қабат бойынша жіті тексеріп шықты. Осы зерттеулері нәтижесінде әйгілі ғалымның жасаған тұжырымы – трилобит қалдықтары кешендерінің қимада расынан да толассыз байқалатындығы, сондықтан да бұл қима Дүниежүзіндегі бірден бір тіректі қима рөлін атқара алатындығы. Ол, сол сияқты, 1977 жылы жарық көрген «Кіші Қаратаудың төменгі кембрийлік трилобиттері» монографиясын жоғары бағалап, ондағы трилобит қалдықтарының сипатталу реті фосфорит жатындарының стратиграфиялық деңгейін үнемі бақылап отыруға көмектесетіндігін атап көрсетті.
Халықаралық геологиялық конгрестің 1984 жылы Мәскеу қаласында өткен XXVII сессиясының бағдарламасына сәйкес, Қазақстан аумағының геологиялық құрылыс ерекшеліктерін зерттеу тарихында тұңғыш рет Кіші Қаратау аймағында 045А және 045С геологиялық экскурсиялары өткізілгені жоғарыда айтылды. Бұл экскурсиялардың мақсаты Конгресс делегаттарын аталған өңірдегі докембрийдің, кембрийдің және төменгі ордовиктің қималарымен, сол сияқты әйгілі фосфорит кенорындарымен таныстыру болатын. Бұл мақсатта Кіші Қаратау жоталарының таңдалып алынуы кездейсоқтық емес еді, мұндағы венд, кембрий және ордовик түзілімдері қималарының толықтығы, зерттеуге қолайлылығы және оларда органикалық қазба қалдықтардың аса мол шоғырланғандығы, сол сияқты мұндағы палеонтологиялық-стратиграфиялық зерттеулердің жоғары деңгейде болуы осы таңдауды қамтамасыз етудегі негізгі себептер болатын. Сонымен қатар, төменгі кембрий түзілімдерінің қимасында өздерінің мөлшері жағынан өте сирек ұшырасатын фосфорит рудаларының – «өсімталдық тасының» қойнауқаттық жатындары молынан ұшырасуы аталған таңдау маңыздылығын одан сайын арттыра түсті. Бұл рудалардың кең ауқымда игеріле бастауы шөлейт аймаққа жататын, сондықтан да бұрынғы жылдары ел нашар қоныстанған Кіші Қаратау аймағын заманға сай инфроқұрылымдары кеңінен дамыған ірі тау-кен-химиялық өнеркәсіп орталығына айналдырды.
045А экскурсиясына АҚШ-тың, Англияның, Германия Федеративтік Республикасының, Францияның, Испанияның, Канаданың, Австралияның көрнекті ғалымдары, Кеңес елінің (Мәскеудің, Таллиннің, Новосибирскінің, Новокузнецкінің және Алматының) белді мамандары, сол сияқты Халыкаралық геологиялық комитеттің кембрийлік сратиграфиялық шағын комиссиясының президенті А.П. Пальмер (АҚШ) және трилобит фаунасы бойынша жетекші маман, кейінірек жоғарыда аталған шағын комиссияның президенті дәрежесін иеленген Дж. Шергольд (Австралия) қатысты.
Экскурсия барысында оған қатысушылар Қыршабақты өзені бойындағы ортаңғы және жоғарғы кембрий түзілімдерінің тіректі қимасымен және Батырбай сайы бойындағы кембрий мен ордовиктің бір-бірімен жапсарласу қимасымен жақынырақ танысты. Экскурсия барысында 12 баяндама тыңдалды. Әр түрлі елдерде халықаралық және жалпылама стратиграфиялық бөлімшелерді даралау ісінің принциптері мен әдістері, сол сияқты осы бөлімшелердің мазмұны мен шекаралары жан-жақты талқыланды. Әсіресе Қыршабақты өзені бойындағы тіректі қимадағы белдемдердің, жікқабаттардың және бөлімдердің бір-бірін бірте-бірте алмастыру мәселесіне айрықша көңіл бөлінді, бұл бөлімшелер жоғарғы кембрийдің Халықаралық жержылнамалық шкаласының негізгі бірліктері ретінде ұсынылып отырғандығы аталып көрсетілді. Жоғарғы кембрийдің ортаңғы кембриймен және бүкіл кембрий жүйесінің ордовикпен шекараларын анықтау нысаны ретінде Батырбай сайы бойындағы қима ұсынылды. Ортаңғы және жоғарғы кембрийдің қималары, сол сияқты кембрийдің ордовикке ауысу қабаттарының қимасы өздерінің толықтығы және фауна қалдықтарымен қанығу дәрежесі жағынан экскурсияға қатысушылар тарпынан әлемдегі ең үздік қималардың бірі деп танылды. Дүние жүзі бойынша өз ғылыми бағытының жетекші мамандары болып табылатын Дж. Киршвинк, Р. Риппердан және М.Л. Дроссер (АҚШ) Қыршабақты және Батырбай қималарының әрбір қабатынан сынамалар ала отырып, олармен магнитометрлік зерттеулер жүргізетіндігін мәлімдеді.
045С номерлі екінші экскурсия ЮНЕСКО-ның 156-шы «Фосфориттер» деп аталатын жобасының ауқымында жүргізілді. Бұл экскурсия Қаратау аймағының әйгілі фосфорит кенорындарымен танысуға, олардың геологиялық құрылыс ерекшеліктерін, заттық құрамын, генезисін және қалыптасу уақытын анықтауға арналды. Аталған экскурсия академик А.Л. Яншиннің басшылығымен КСРО ҒА Литосфера институтының, Тау-кен-химия мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтының, Қазақ КСР ҒА Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының, «Оңтүсқазгеология» өндірістік-геологиялық бірлестігінің және Қаратау тау-кен-химиялық комбинатының қызметкерлері тарапынан жүргізілді.
1985 жылы Мәскеу қаласында КСРО ҒА Палеонтология институтында Ғ.Қ. Ерғалиев АҚШ Геология қызметінің өкілі доктор М.Е. Тейлормен кездесті. Осы кездесу барысында Қазақстан ғалымдары жоғары кембрийді жікқабаттық жіктеу және кембрий мен ордовик жүйелерінің шекарасын анықтау шараларының тіректі қималары ретінде ұсынуға жоспарлаған қималар туралы толық мағұлмат берілді. Осы пікірлесу барысында Кіші Қаратаудағы палеозойлық түзілімдер мен оларға кіріккен организмдердің қазба қалдықтары АҚШ-тың Невада өңіріндегі түзілімдерге өте ұқсас екендігі белгілі болды. Осыған байланысты американдық және қазақстандық ғалымдардың «Кіші Қаратау таулары мен АҚШ-тың батыс өңірінің (Невада аймағының) карбонатты түзілімдерінің биофацияларын, седиментологиясын, палеотектоникасын және биостратиграфиясын салыстырмалы түрде зерттеу» тақырыбына бірлескен зерттеулер ұйымдастыру жоспарланды.
1987 жылы ұйымдастырылған біріккен далалық зерттеулер барысында Кіші Қаратау өңіріндегі кембрий мен ордовиктің бүкіл карбонатты қималары (Бүркітті, Ақтоғай өзендерінің аңғары, Аюсоққан тоғайы, Дөңгелек сайы) зерттелді. Алайда осы зерттеулер барысындағы тарихи-геологиялық қалыпқа келтіру шараларының негізгі нысандары Қыршабақты өзені мен Батырбай сайы бойындағы қималар болғандығы түсінікті. Осы қималардан зерттеуші топ мүшелері американдық Г. Кук пен В.Г. Жемчужников суасты карбонатты тауын анықтады, бұл тауды олар «Айша-Бибі тауы» деп атауды ұсынды.
1990 жылдың тамыз айының 1-9-шы жұлдыздары аралығында Новосибирск қаласында кембрий жүйесі бойынша 3-ші Халықаралық симпозиум болып өтті. Осы симпозиумның пленарлық мәжілісінде Ғ.Қ. Ерғалиев симпозиумнің ұйымдастыру комитетінің мүшесі ретінде «Кіші Қаратаудағы (Оңтүстік Қазақстан) үзіліссіз қима бойынша ортаңғы және жоғарғы кембрийді жікқабаттық жіктеу» атаулы тақырыпқа баяндама жасады. Симпозиумның бағдарламасына сәйкес, тамыз айының 9-мен 15-ші жұлдыздарының аралығында Кіші Қаратау өңіріне 2-ші Халықаралық экскурсия жасау жоспарланған болатын. Бұл экскурсияның басты мақсаты сол Қаратау өңіріндегі ортаңғы және жоғарғы кембрийдің, сол сияқты төменгі ордовиктің халықаралық стандарт дәрежесіне ұсынылған типтік қималарымен экскурсияға қатысушыларды жақынырақ таныстыру болатын. Бұл экскурсияға АҚШ, Англия, Канада, Италия, Аргентина, Швеция, Германия Федеративтік Республикасы, Франция, Жаңа Зеландия, Ирландия, Польша, Қытай Халық Республикасы және Кеңес Одағы елдерінің мамандары қатысты.
1991 жылдың мамыр айының 8–20-шы жұлдыздары аралығында Ғ.Қ. Ерғалиев Упсал университеті Палеонтологиялық институтының қызметкері доктор Стефан Бенгстонның шақыруымен Швецияда болып, сол елдің орталық және оңтүстік аймақтарындағы кембрий мен төменгі ордовиктің қималарымен танысты, осы экскурсия барысында ол Қаратау өңіріндегі тектестерімен салыстыра зерттеу мақсатында трилобит фаунасы қалдықтарының қомақты коллекциясын жинақтады. Осы іс-сапар барысында Альберт Нобельдің мұражай-үйімен танысып, атақты ғалым-реформатор Карл Линнейдің Лунда қаласындағы ескерткішін тамашалады.
1992 жылдың желтоқсан айының 22-31-ші жұлдыздары аралығында Польша Ғылым академиясы Палеобиология институтының директоры, профессор Х. Шинявскийдің шақыруымен Ғ.Қ. Ерғалиев Варшава қаласында болып қайтты. Осы іс-сапар барысында Қаратау жоталары мен Польша жерінің түзілімдерінің стратиграфиясын және оларға шоғырланған трилобиттер мен өзге жәндік топтарының қазба қалдықтарын бірлесіп зерттеу бағдарламасы талқыланды. Осы бағдарламаға сәйкес, 1994 жылы профессор Х. Шинявский бастаған поляк ғалымдары қазақ жерінде болып, Кіші Қаратаудағы Қыршабақты қимасындағы және Үлкен Қаратаудағы Арпаөзен бойындағы қимадағы кембрий мен ордовиктің жапсарласу деңгейінен микрофауна қалдықтарын зерттеуге қажетті арнаулы үлгілер жинақтады.
1992 жылдың қаңтар айының 19-25-ші жұлдыздары аралығында Ғ.Қ. Ерғалиев және Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі А.А. Абдулин Кембридж университетінің профессоры доктор Конвей-Мористің шақыруымен Англияда болып қайтты. Мақсаты – дүниежүзіндегі ең көне университеттердің бірі болып табылатын (1209 жылы құрылған) Кембридж университетінің білім беру және ғылыми-зерттеу қызметімен, Ұлыбританияның Нотингем қаласындағы геологиялық қызметімен және Лондондағы «Бритишгаз» компаниясымен танысу. Тағы бір мақсаты Солтүстік Уэльстің кембрийлік қималарымен танысу және Лондондағы жаратылыстану тарихы мұражайындағы кембрийлік трилобиттер коллекциясымен танысу болатын. Англияда болып, осы елдің ғалымдарымен және бизнес өкілдерімен кездесу, олардың геология бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу әдістемесімен танысу өз елімізде болашақта жүргізілетін зерттеулердің бағыт-бағдарын анықтау ісінде үлкен көмегін тигізді. Қазақстан ғалымдарын таңдандырған жәдігерлердің бірі – Жезқазған кенорнының кезінде (1930 жылы) Англияның геологиялық қызметі қызметкерлері құрастырған геологиялық картасы болды. Жезқазған кенорны аймағын Қазақстандағы аса ірі индустриялық аймаққа айналдыра білген Қ.И.Сәтбаевтың орасан еңбегі ағылшын жұртшылығы тарапынан да сөзсіз мойындалатындығы да көңілге қуаныш сезімін ұялатты.
2001 жылдың 28-ші тамызынан 5-ші қыркүйегіне дейін Ғ.Қ. Ерғалиев кембрий стратиграфиясының Халықаралық шағын комиссиясының толық мүшесі ретінде Оңтүстік Қытайдың Гойчжоу қаласында өткен Оңтүстік Қытайдың кембрийлік түзілімдерінің жікқабаттарына арналған 7-ші Халықаралық далалық конференциясына қатынасып, онда «Кіші Қаратау тауларының (Оңтүстік Қазақстан) ортаңғы кембрийінің трилобиттері мен жікқабаттары» тақырыбына баяндама жасады. Баяндама барысында тыңдаушыларға Ақсай мемлекеттік геологиялық қорығының геологиялық картасы және трилобиттердің суреттері орналастырылған 64 палеонтологиялық кесте көрсетілді.
Ғ.Қ. Ерғалиевтің осы конференцияға қатысуы және кембрийлік түзілімдердің Оңтүстік Қытайдағы Хунань, Гойчжоу, Юнань провинцияларындағы типтік қималарымен көзбе-көз танысуы өте пайдалы болды. Бұрынырақ болжамданғанындай, аталған провинциялардағы кембрийлік қималар, солардың ішінде әлемдік стандарт ретінде бәсекелес болып отырған Хунань провинциясындағы ортаңғы-жоғарғы кембрий қимасының оған тиесілі литологиялық және минералогиялық-геохимиялық құрамы жағынан және өздеріне кіріккен трилобит фаунасының қалдықтары тұрғысынан Үлкен және Кіші Қаратаудағы баламаларынан ешбір айырмашылығы жоқ боп шықты. Солай бола тұрса да, Қаратаудағы кембрийлік түзілімдер ванадий және фосфор элементтерін, өзге де пайдалы компоненттерді молынан сыйыстыруы жағынан, трилобит фаунасы қалдықтарын молынан кіріктіруі тұрғысынан, сол сияқты ашылымдарының айқындылығы тұрғысынан алғанда қытайлық баламаларынан әлдеқайда өкілетті екендігін 1984 және 1990 жылдары Кіші Қаратау қималарымен танысқан шағын комиссия мүшелері (конференция делагаттары) тарапынан бір ауыздан аталып көрсетілді. Осы іссапардың соңында Ғ.Қ. Ерғалиев Көне Қытай философы Конфуцийдің мұражай-үйін тамашалады.
2005 жылы Қытайдың Нанкин қаласында (Қытайдың бұрынғы астанасы) кембрий жүйесі бойынша 4-ші Халықаралық симпозиум болып өтіп, Ғ.Қ. Ерғалиев «Кіші Қаратаудың Қыршабақты қимасы – Халықаралық стратиграфиялық шкаланың ортаңғы және жоғарғы кембрийі жікқабаттары мен белдемдерінің мүмкін деген стратотипі» тақырыбына баяндама жасады.
Ол 2007 жылдың 20-шы қарашасынан 4-ші желтоқсанына дейін Ұлыбританияның Кардифф қаласында іс-сапарда болды. Бұл іссапар барысында 2007-2009 жылдарға белгіленген «Ғылым ауқымында халықаралық ынтымақтастық» бағдарламасы мен «Кембрий жүйесінің стратиграфиясы бойынша Халықаралық шағын комиссия мүшелерінің Қыршабақты өзені бойындағы қимаға халықаралық экскурсия» жобасы ауқымында жоспарланған XIV Халықаралық конференциясының жолсілтемесі мен 9 жікқабатты бекітуге деген сұранысын дайындаумен айналысты.
Ғ.Қ. Ерғалиевтің ғылыми қызметінің ең маңызды кезеңдерінің бірі оның Қаратау тауларындағы қималар негізінде кембрийді жікқабаттық жіктеу мәселесіне арналған XIV Халықаралық конференцияны Алматы қаласында өткізуімен және аталған қимаға экскурсия ұйымдастыруымен байланысты атқарылған іс-шаралар болды. Аталған экскурсияға 30 ғалым қатысты, олар әлемнің әр түрлі елдерінің – АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Швецияның, Испанияның, Германияның, Қытай Халық Республикасының, Оңтүстік Кореяның өкілдері және жақын шет елдердің Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск, Ташкент, Қарағанды қалаларынан келген ғалымдар болатын. Бұл маңызды форумды өткізер алдында аталған экскурсияның жолсілтемесі, форумға қатысушылардың орыс және ағылшын тілдеріндегі баяндамалары және «Ақсай мемлекеттік геологиялық қорығының төменгі және ортаңғы кембрийінің агностидтері» атаулы монография жарық көрді (2009 ж.). Аталған монографияда Кіші Қаратау жоталарындағы Ақсай мемлекеттік геологиялық қорығы ауқымындағы ортаңғы және жоғарғы кембрийдің Қыршабақты тіректі қимасынан табылған агностид трилобиттері фауасының әлемде теңдесі жоқ алуан түрлі түрлерінің қазба қалдықтарын хаттауға арналған 40-жылдық зерттеулер қорытындысы орыс және ағылшын тілдерінде баяндалған болатын. Ортаңғы және жоғарғы кембрийдің бүкіл бөлімшелерін, оларды сипаттайтын трилобиттердің космополитті тобының 75 тегін және 280 биологиялық түрін сипаттау дүние жүзіндегі осы бағыттағы классикалық еңбектерді рәсімдеру талаптарына сәйкес жазылған болатын. Онда Қыршабақты қимасының тік бағытында агностидтік (миомерлік) және полимерлік трилобит қалдықтарының тарлу кестесі әлем тәжірибесінде тұңғыш рет келтірілген болатын. Монографияға 54 палеонтологиялық кесте енгізіліп, олардың түсініктемесі ағылшын тілінде берілді. Бұл еңбек агностидтердің 75 биологиялық тегін сипаттауға арналған, жоғарғы кембрий түзілімдерін агностидтердің жетекші таксондары көмегімен жікқабаттар мен белдемдерге биостратиграфиялық тұрғыдан жіктеуге арналған палеонтологиялық ғылым тарихындағы әзірге тұңғыш монография болып табылады.
Жоғарыда аталған конференция мен экскурсияның негізгі міндеті кембрий жүйесінің 9-шы созақ жікқабатын даралау және оны Кіші Қаратаудағы Қыршабақтының түпнұсқа қимасы ауқымында Халықаралық жержылнамалық шкалаға енгізу мәселесін шешу болатын. Осы мәселені дауысқа қою барысында кембрийлік шағын комиссияның конференцияға қатысқан жұмысшы тобының 21 мүшесінің қолдауымен Қыршабақты қимасы 9-шы жікқабат түзілімдерінің қосымша қимасы (ASSP) ретінде халықаралық мәртебені иеленетін болды. Бұл ЮНЕСКО-ның білікті шағын комиссиясы тарапынан берілген жоғары баға Қазақстанның геологиялық ғылымының биік дәрежесінің, сол сияқты осы жұмыстардың басшысы және зерттеушісі ретінде Ғ.Қ. Ерғалиевтің еселі еңбегінің бірден-бір көрсеткіші. Қыршабақты қимасының Дүние жүзі тарапынан танылуы Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының құрылғанына 70 жыл толу қарсаңына (2010 ж.) және Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына дәл келді. Институт ғалымдары жетістіктерінің Дүниежүзі тарапынан жоғары бағалануы бүкіл Қазақстан Республикасының, бірінші кезекте Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының мәртебелерін биіктетті.
Ғ.Қ. Ерғалиевтің Қазақстанның геологиялық, стратиграфиялық және палеонтологиялық ғылымдарына қосқан мол үлесі әлемдік ғылыми қауымдастыққа кеңінен таныс. Ол 1984 жылы Мәскеуда, 1996 жылы Пекинде, 2000 жылы Рио-де-Жанейрода, 2004 жылы Флоренцияда өткен Халықаралық геологиялық конгрестер жұмысына ағылшын тілінде жазылған баяндамаларын ұсынды, сол сияқты кембрийлік стратиграфиялық шағын комиссияның конференцияларына, симпозиумдарына және далалық экспедицияларына үнемі белсенді түрде қатысып отырды (Оңтүстік Қытай, 2001 ж., Корея, 2004 ж., Испания, 2008 ж., Ресей, 2008 ж.).
2010 жылы Чехия Республикасының Прага қаласында, сол сияқты Германияның Хофе және Фрайберг қалаларында Халықаралық кембрийлік стратиграфиялық шағын комиссияның кембрий жүйесіне қарасты жікқабаттарына арналған жұмысшы тобының 15-ші Халықаралық далалық конференциясы мен экскурсиясы болып өтті. Осы форумда Ғ.Қ. Ерғалиев пен В.Г. Жемчужников «Geology of Karatau Cambrian Basin, Southern Kazakhstan» деген тақырыпта баяндама жасады. Осы баяндама негізінде шағын комиссия Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау тауларындағы кембрий жүйесінің үзілссіз қималарына сүйене отырып, FAD бойынша 10-шы жікқабаттың негізіне тиесілі жаһандық деңгейді (GSSP) даралау мәселесі бойынша пропозол (сұраныс) дайындау қажеттілігін өз қаулысына енгізді. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі таңда Ресей Федерациясы Ғылым академиясы Геологиялық ғылымдар институты ғалымдарымен (Мәскеу қаласы) бірлесе отырып жүргізілуде.
Ғ.Қ. Ерғалиев 2010 жылдан бері Берлиннің Свобода университетінің геологиялық факультеті ғалымдарымен жасалған келісім-шартқа сәйкес Кіші Қаратаудың төменгі кембрийлік түзімдеріне тиесілі қималар негізінде «Жаһандық өзгерістер табиғаты – кембрийдегі жарылыс» деп аталатын жаһандық тақырып аясында бірлескен зерттеулер жүргізуде.
Ғ.Қ. Ерғалиевтің әлемдік стратиграфияға қосқан үлесін Ресейдің Ведомствоаралық стратиграфиялық комиссиясының төрағасы, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.И. Жамойда жоғары бағалады. Ол «ХХ ғасырда ғылымға жаңа жікқабаттар ұсыну бақытына қол жеткізген, ең бастысы, өз ұсынысын негіздеп берген ғалымдар саны саусақпен санарлық қана. Ғ.Қ. Ерғалиев солардың бірі, яғни ол Жалпылама (халықаралық) стратиграфиялық шкаланы айтарлықтай толықтырған санаулы ғалымдардың бірі. Оның ғылымдағы мол табыстарының бастылары – әлемде теңдесі жоқ Ақсай геологиялық қорығы, күні кешеге дейін зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүлдем жабық аймақ болып келген Семей ядролық полигонының геологиясы мен стратиграфиясы, кембрийік трилобиттердің, әсіресе әлемдік маңыздағы миомерлік трилобиттердің қалдықтарын пәрменді түрде зерттеу нәтижелері». Ғ.Қ. Ерғалиевтің ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелері, оның геологиялқ ғылым жетістіктерін дәріптеудегі қол жеткізген табыстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым минстрлігіне қарасты комитет төрағасы, заң ғылымдарының докторы Е. Оңғарбаев тарапынан жоғары бағаланды, бұл жайт оның «Созақ түйіні абыройды арттыра түседі» деп аталатын мақаласында аталып көрсетілген ( 25.08.2009).
Әріптестерінің пікіріне қарағанда, Ғ.Қ. Ерғалиевтің өзіне тән ерекше қасиеттері – оның еңбексүйгіштігі мен мақсаткерлігі. Жер қыртысына тиесілі геологиялық жүйелердің стратиграфиялық (жержылнамалық) шкалаларын жасақтау мәселесімен әдетте тұтас ұжымдар айналысады. Осы тұрғыдан алғанда, Кіші Қаратаудағы тіректі қима негізінде кембрий жүйесінің стратиграфиялық шкаласын жаңарту бағытында жеке Ғ.Қ. Ерғалиев жүргізген зерттеулер нәтижесі тек қазақстандық ғылымға ғана емес, әлемдік геологиялық ғылымға да қосылған ірі жаңалық болып табылады. Оңтүстік Қазақстанның Кіші Қаратау жоталарындағы Ақсай мемлекеттік геологиялық қорығындағы ортаңғы және жоғарғы кембрийдің сантиметрлік дәлдікпен құрастырылған шкаласы ұзақ уақыттар бойына өзгеріссіз сақталатындығы даусыз, себебі бұл шкалада Геологиялық ғылымдардың халықаралық одағы (ГҒХО) ауқымындағы Кембрийлік стратиграфиялық шағын комиссия ұсынған 10 хронобелдемнің барлығы да өз орнын тапқан.
Ғ.Қ. Ерғалиевтің ғылыми зерттеулерінің негізгі нәтижелері оның өзі және бірлесіп жазған авторлардың үш монографиясында, 160-тан астам ғылыми мақалаларда 6 жолсілтемеде, 3 сұраныста (пропозолда), сол сияқты алуан түрлі геологиялық және палеотектоникалық карталарда, 100-ден астам қорда қолжазба түріндегі есепнамаларда көрсетілген. Ол трилобиттердің 171 тегін және 467 түрін сипаттады, олардың арасында 20 биологиялық тек пен 180 түр әлемдік палеонтологиялық ғылым үшін мүлдем жаңа нысандар болып табылады. Ғ.Қ. Ерғалиев Қазақстан Ұлттық Энциклопедияға енген бір топ очерктердің авторы. Ол бір геология-минералогия докторын және төрт ғылым кандидатын дайындады.
Ғ.Қ. Ерғалиев ғылыми-қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Ол докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғауға арналған екі Ғылыми кеңестің, ҚР геология министрлігі Ғылыми-техникалық кеңесінің, ҚР Жоғарғы аттестациялау комитеті сараптама комиссиясының, Халықаралық стратиграфиялық комитеттің және Қазақ аймақтық стратиграфиялық комитетінің тұрақты жұмыс істейтін комиссиясы бюросының, Бүкілодақтық палеонтологиялық қоғамының мүшесі. Ол Геологиялық ғылымдар институтты жоғындағы Ғылыми-техникалық кеңесінің және ҚР Ұлттық ғылым академиясының геология және техникалық ғылымдар сериясы бойынша шығатын – Хабаршы журналының редакциялық коллегиясының, Геологиялық ғылымдардың Халықаралық Одағына қарасты Кембрий стратиграфиясы бойынша шағын комиссиясы бюросының мүшесі.
Ғ.Қ. Ерғалиевтің ғылыми қызметі мен еңбек жолы жоғары бағаланды. Ол Қазақ ҚСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1982 ж.). Оның есімі Қазақ КСР-ның Алтын кітабына (1981 ж.), «Аса көрнекті ғалымдар» деп аталатын Халықаралық анықтаманың 17-ші басылымына (Кембридж, Англия, 1996 ж.), Батыс Қазақстан энциклопедиясына (2002 ж.), Қазақстан Республикасының ғылымы мен өнеркәсібінде «Кім қандай мәртебеде» деп аталатын анықтамаға (2008 ж.), әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлектері ассоциациясының «Біздің шамшырақтар» анықтамасына (2002 ж.) т.с.с. басылымдарға енген. Ғ.Қ. Ерғалиев «Еселі еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 65 жыл» медальдарымен, Халықаралық геологиялық конгрестің 1984 жылы Мәскеуде өткен XXVII сессиясының Күміс белгісімен, Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің «Қазақстанның еңбегі сіңген геолог-барлаушысы» дипломымен және төсбелгісімен (2002 ж.), ҚР ҰҒА-сы Төралқасының және Алматы қаласы Әкімдігінің Мақтау грамоталарымен (2010 ж.) марапатталған.
Ғ.Қ. Ерғалиев өзінің қол жеткізген бүкіл табыстары мен жетістіктері сүйікті ұстазы, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Р.А. Борукаевтың қамқорлығынан бастау алған деп санайды.
Қазіргі кезде Ғ.Қ. Ерғалиев Ақсай мемлекеттік геологиялық қорығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Батырбай сайы бойындағы қимадан кембрий жүйесінің 10-шы жікқабатына қатысты материалдарды дайындау үстінде. Осы жылдың аяғына дейін ЮНЕСКО қарамағындағы Геологиялық ғылымдардың халықаралық одағына (ГҒХО) қарасты Кембрий стратиграфиясы ауқымында құрылған Халықаралық шағын комиссияның Жұмысшы тобына арнаулы сұраныс тапсыру жоспарланып отыр. Мұндай жауапты міндетті жүзеге асыру өмірден алған тәжрибесі айтарлықтай мол, Қазақстанның геологиялық ғылымын әлемдік деңгейге көтеру бағытында тер төгуден бір жалықпаған, Қазақтың ардагер ұлы атақты Қ.И. Сәтбаев салып кеткен сара жолды сәтті жалғастырушылардың бірі және бірегейі Ғ.Қ. Ерғалиев сияқты нағыз ақсақалдың қолынан келетін қарекет. Ғ.Қ. Ерғалиевтің ғылыми қызметінің бүгінгі нәтижелері бізге әлі де алда алынатын асулар бар екеніне көз жеткізеді.
Омирсериков М.Ш., геол.-минер. ғылымдарының докторы,
профессор, ҚазҰЖҒА академигі
Достарыңызбен бөлісу: |