Валеология
Валеологиялық тәрбие балалардың өмірін ұйымдастыру және тәрбиелеу: дербес қимыл іс-әрекеттері, мәдени-гигиеналық дағдыларды тәрбиелеу дағдылары, салауатты өмір салты, сауықтыру-шынықтыру шаралары туралы дағдыларды қалыптастыру арқылы жүзеге асады.
Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың валеологиялық іскерліктері мен дағдыларын қалыптастыру, салауатты өмір салтының құндылықтарын меңгеруге бейімдеу.
Міндеттері:
1. Өзінің денесі мен денсаулығына, ағзасына ұқыпты қарау дағдыларын қалыптастыру.
2. Мәдени-гигиеналық дағдылары мен салауатты өмір салты дағдыларын жетілдіру және кеңейту.
3. Қоршаған ортада өзін-өзі ұстау қауіпсіздік ережелерін үйрету.
Мазмұны:
Салауатты өмір салты
Өз-өзіне қарау дағдыларын (ауа райына байланысты киіну, жуыну, тарану, бет орамал қолдану, киіміндегі кемшіліктерді жөндеу), дұрыс тамақтану, аурудың алдын алу дағдыларын, еңбек пен демалысты кезектестіре білу дағдыларын қалыптастыру және дамыту. Өз еріктерімен гигиеналық шараларды орындау дағдыларын бекіту.
Бала ағзасын шынықтыру мақсатында іс-шаралар өткізу, әр түрлі шынықтыру шараларын (беті, қолын, мойнын салқын сумен жуу, жалаң аяқ жүру, салқын сумен аузын шаю, яқ-қолына су құю) жүзеге асыру.
Күн тәртібіне байланысты күнделікті балалардың таза ауада болуын қамтамасыз ету. Ауа райына байланысты киінуге, үнемі серуендеуге, жаттығулармен айналысуға, күн тәртібін бұзбауға үйрету.
Гимнастика мен сылау (массаж) шараларын (таңертеңгілік, тыныс алу, артикуляциялық гимнастика, көзге, тіске арналған гимнастика және тіс жиегіне, қол мен табанға арналған сылау, нүктелі сылау) жүргізу.
Табиғат жағдайында адамдардың әрекеттерімен байланысты (көзге бөгде заттардың түсуінен қорғану, құлап қалу, жарақаттанудан сақтану, таныс емес адамдармен кездескенде сақтық жасау, өзіне таныс емес саңырауқұлақ пен жемістерді жемеу, таныс емес жануарлармен байланысқа түспеу, таныс емес сұйықтықтың дәмін татып көрмеу) өзін-өзі ұстау қауіпсіздік дағдыларымен таныстыру.
Қиын жағдайларда бір-біріне көмек көрсету тәсілдерімен таныстыру.
Бағдаршамның және көшедегі жол белгілерімен (жолаушы бөлігі мен жаяу жүргіншілер жолы), жолда жүру ережелерімен (жолдан қай жерден және қалай өту) таныстыру.
Мәдени-гигиеналық шаралар
Жеке басының тазалығы мен салауатты өмір салты туралы жалпы білімдері мен ұғымдарын кеңейтіп, балалардың дағдыларын жетілдіру.
Дене тазалығын сақтау (көшеден келгеннен соң, дәретханадан кейін, тамақ ішер алдында қолын жуу, күнделікті жуыну, тісін тазалау, ұқыпты киіну, тарану), өз еркімен киіміндегі, шашындағы кемшіліктерді жөндеу және сабақ өтетін, ойнайтын, серуендейтін жерлерді таза ұстау сияқты пайдалы дағдыларын жетілдіру.
Балаларды үстел басында ыңғайлы, дұрыс қалыпты сақтап, асхана құралдарын, орамалды қолдануға үйрету.
Тамақтанудың мәдени дағдыларын қалыптастыру.
Сабақ өтетін, ойнайтын, серуендейтін жерлердің тазалығын қадағалау. Киімдері мен ойыншықтарын, кітаптарын өз орындарына жинау сияқты пайдалы дағдыларын жетілдіру.
Өзінің және өзгенің заттарына ұқыпты қарауға тәрбиелеу.
Жыл соңында валеология бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- гигиеналық шаралар (тарану, қол орамалын қолдану, жуынғанда өз бетімен жеңін түріп, сабынмен беті қолын жуып және оларды жақсылап сүрту, тіс щеткасымен тісін тазалау, киімдерін суламау, сүлгіні өз орнына ілу) өткізуді;
- белгілі бір жүйелілікте киіну және шешінуді;
- негізгі азық-түліктерді атауды;
- кейбір денсаулықты нығайту шаралары туралы (шынықтыру, күн тәртібін сақтау, гигиеналық шараларды орындау);
- жануарлармен, жәндіктермен байланыста қауіпсіздік ережесін сақтауды;
- балабақшаның, өз үйінің жақын айналасында бағдарлауды білуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |