Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі «мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы мектепке дейінгі кіші жастағЫ



бет6/8
Дата09.06.2016
өлшемі0.6 Mb.
#123937
1   2   3   4   5   6   7   8

Көркем әдебиет

Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың көркем әдебиет пен халық ауыз әдебиетіне өнер түрлері ретінде алғашқы қызығушылықтарын қалыптастыру.

Міндеттері:

1.Балалар көркем әдебиеті және қазақ халқы мен өзге де халықтардың халық ауыз әдебиетінің шығармалары арқылы адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас әлемі туралы балалардың түсініктерін кеңейтуді жалғастыру.

2. Ересектермен және құрдастарымен сенімді қатынас орнату дағдыларын дамыту, айналасындағы адамдардың әр түрлі, сондай-ақ қызықты болатынын түсіндіру.

3. Шығарманың мағынасын түсіну, кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы негізінде адамгершілікке тәрбиелеу.

4. Өз әсерлері туралы айта алуы мен шығарма кейіпкерлерінің әрекетін, мінез-құлқы мен қарым-қатынасын бағалауды дамыту.

Мазмұны:

Балаларды ертегі, әңгіме, өлеңдер тыңдауға, әрекеттердің дамуын қадағалауға ынталандыру

Шығарманың мағынасын түсінуге, кейіпкерлердің қарапайым өзара қарым-қатынасын бағалауға, кейбір адамгершілік қасиеттерді (мейірімді, зұлым, батыл) сипаттауға үйрету.

Балаларды қоршаған ортамен, адамдардың сезімдерімен және көркемдік-таным әдебиеті мен халық ауыз әдебиеті шығармалары арқылы өзара қарым-қатынастарымен таныстыру.

Шығарма жанрының көзқарасымен, бейнелілік пен тілдік мәнерлілігімен көркем шығармаларға түсінікті талдау жасауға үйрету.

Көркем мәнерлеу құралын (эпитет, салыстыру), заттарды суреттеуді, ертегі айтуда, оқиғаларды құрастыруда орынды қолдануға үйрету.

Көрнекіліктердің көмегінсіз-ақ өлеңдерді жатқа, мәнерлеп айтуға үйрету.

Ересектермен және құрдастармен өзінің боямаланған қатынасының үлгісін әдеби кейіпкерлердің бейнесінде беру.

Балалардың жеке тәжірибесімен және күнделікті өмірі мен айналасындағылармен шығарма мазмұнының ара қатынасын белгілеуге үйрету.

Кейбір көркем шығармалар жанрын (әңгіме, өлең, ертегі, мақал-мәтел) ажырату. Көркем сөйлеу мен оны көркем орындау қабілеттерін қалыптастыру.

Көркем шығармалардың суреттерімен таныстыру.

Ауызша шығармашылықтың алғашқы түрін меңгеруіне көмектесу.

Жыл соңында көркем әдебиет бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- ертегілер, әңгімелер, өлеңдер тыңдауды;

- әрекеттердің өрбуін бақылауды;

- шығарманың мазмұнын түсінуді;

- кейіпкерлердің қарапайым өзара қатынастары мен олардың мінез-құлықтары туралы айтуды;

- заттарды суреттеуде, мазмұндауда, әңгімелерді жазуда эпитеттерді салыстыруды қолдануды;

- көркем шығармалардың (әңгіме, өлең, ертегі) жанрын ажыратуды білуі тиіс.
Қоршаған ортамен таныстыру

Мақсаты: мектеп жасына дейінгі балалардың қоршаған ортамен байланысы барысында тілдік-қатынастық құзіреттілігін қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Балалардың мейрімділік, өзара көмек, достық сияқты қасиеттер туралы түсініктерін кеңейту.

2. Қазақ халқы мен Қазақстанда тұратын халықтар дәстүрінің стилінде ересектермен, құрдастарымен коммуникативтік қарым-қатынас құру дағдыларын қалыптастыру.

Мазмұны:

Сыпайылық дағдыларын: ересектерді аты-жөнімен атау, «Сіз» деп өтініш білдіру, сәлемдесу, қоштасу, бір-бірімен сыпайы түрде әңгімелесуін қалыптастыру. Күнделікті өмірде «сыпайы» сөздерді («өтінемін, көмектесіңізші», «менімен бірге ойнашы») қолдануға үйрету.

Мейрімділік, өзара көмек, достық туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.

Әңгімеге қолдау көрсету, тақырыпқа байланысты сөйлесу, сөйлеушіні тыңдау, ортақ тақырыптан тыс сұрақтарға да жауап беру дағдыларын дамыту.

Әдеби шығармалары мен ертегі кейіпкерлерінің адамгершілік қасиеттерін талқылау.

Балаларға Қазақстанда тұратын, әртүрлі тіл және әртүрлі мәдениет өкілдері бір-біріне қызықты екенін көрсету. Өзге ұлт өкілдерімен мемлекеттік және орыс тілдерінде сенімді қарым-қатынас құруға жағдай жасау.

Жыл соңында қоршаған ортамен таныстыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- бірі-бірімен сыпайы түрде әңгімелесуді;

- күнделікті өмірде «сыпайы» сөздерді қолдануды;

- сөйлеушіні тыңдау, ортақ тақырыптан тыс сұрақтарға да жауап беруді;

- ересектерді аты-жөнімен атауды;

- ересектермен және құрдастарымен сәлемдесу, қоштасу, көрсетілген көмегіне алғысын білдіруді;

- ересектер мен құрдастарына өтініштерін білдіруді білуі тиіс.


«ТАНЫМ» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: қоршаған әлем жайлы қарапайым түсініктер мен танымдық іс-әрекеттің қарапайым дағдыларын меңгерген, игерген дағдыларын күнделікті өмірде қолдануға қабілетті мектепке дейінгі кіші жастағы бала тұлғасын қалыптастыру.

«Таным» білім беру саласының базалық мазмұны:

а) ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің:

- қарапайым математикалық түсініктерді қалыптастыру;

- құрастыру;

- экология негіздері;

- қоршаған ортамен таныстыру арқылы

ә) балалардың өмірлік іс-әрекеттері мен тәрбиесін ұйымдастыру:

- танымдық іс-әрекеттер;

- серуендер;

- бақылау;

- дербес және ересектермен бірлескен іздестіру-зерттеу іс-әрекеті арқылы жүзеге асады.
Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру

Мақсаты: математикалық білім мен ұғымдар негізінде балалардың ақыл-ой қабілеттерін қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Танымдық үдерістер: түйсік, ықылас, ес, ой, қиялын дамыту.

2. Ақыл-ой әрекеттерінің тәсілдерін: салыстыру, қорытындылау, талдау жасау, байланыстың себеп-салдарын анықтауды қалыптастыру.

3. 5 көлеміндегі санау дағдыларына үйрету.

4. Заттардың көлемімен, пішінімен, олардың кеңістікке қатынасымен таныстыру.

5. Қарапайым уақыт туралы түсініктерін қалыптастыру.



Мазмұны:

Сан мен санау

5 көлемінде сандық есептеу дағдысын дамыту, заттарды санауға, санды ретімен және қорытынды санын атауға, «Барлығы неше?» деген сұраққа жауап беруге үйрету.

5 көлемінде реттік санау және реттік санды атап «Қайсы?», «Нешінші?» деген сұрақтарға жауап беру дағдысын дамыту.

Теңдік және теңсіздік туралы ұғымдарын санау негізінде қалыптастыра отырып, екі топтың заттарын салыстыруға үйрету.

Заттың аз тобына қосу немесе көп заттың тобынан бір затты алу, «Қанша болды?», «Қанша қалды?» деген сұрақтарға жауап беру арқылы екі тәсілмен теңсіздікті анықтай білуге үйрету.

5-ке дейінгі сандармен таныстыру.

Заттың саны оның көлеміне және орналасуына байланысты емес екені туралы түсініктерін қалыптастыру.

Түрлі сезім мүшелері арқылы (көру, есту, сипап сезу) санауға үйрету.



Көлем

Екі заттың көлемін бір белгісі бойынша (ұзындығын, енін, қалыңдығын) жанына қойып салыстыру біліктерін қалыптастыру.

Көлемін екі белгісі бойынша (мысалы: ұзындығы мен енін, қалыңдығы мен биіктігін және т.б.) салыстыру іскерліктерін қалыптастыру.

Бірнеше заттарды (5-ке дейін) түрлі көлемде өсу және кему ретімен қойып, заттарды орналастыру ретін сөзбен айтып (мысалы, биік, төмен, өте төмен, ең төмен) салыстыру дағдыларын қалыптастыру.

Екі затты үшінші-шартты белгінің көмегімен салыстыру дағдыларын қалыптастыру.

Геометриялық пішін

Геометриялық пішіндер (шеңбер, шаршы, үшбұрыш, тіктөртбұрыш) туралы білімдерін кеңейту.

Сопақшамен таныстыру.

Геометриялық денелер: текше және шармен таныстыру.

Сипап-сезу қимылы мен көру арқылы пішіндер мен денелерді тексеруге үйрету.

Кеңістікті бағдарлау

Өзінің айналасындағы заттардың орналасуын (оң, сол, алда, артта, жоғарыда, төменде, алыс, жақын) анықтауға үйретуді жалғастыру.

Берілген бағыт бойынша қозғалу іскерліктерін дамыту.

Уақытты бағдарлау

Тәулік бөліктері, олардың бірізділігі туралы ұғымдарын қалыптастыру.

«Кеше», «бүгін», «ертең» түсініктерімен таныстыру, жақын күндердің аттарын ретімен айтуға үйрету.

«Шапшаң», «тез», «баяу» түсініктерін ажыратуға үйрету.



Жыл соңында қарапайым математикалық түсініктерін қалыптастыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- шамасы 5 затты реті бойынша санап, қорытынды санын айтып «Барлығы қанша?» деген сұраққа жауап беруді;

- шамасы 5 затты реті бойынша санап, реттік санын атап «Нешінші?», «Реттік саны бойынша нешінші?» сұрақтарына жауап беруді;

- теңдікті екі тәсіл арқылы қоюды: бір затты саны аз топқа қосуды не болмаса саны көп топтан сол затты алуды, «Қанша болды?», «Қанша қалды?» сұрақтарына жауап беруді;

- әртүрлі анализаторлар (көру, есту, сипап сезу) арқылы санауды;

- шамасы 5 сан көлеміндегі сандарды тануды;

- әртүрлі көлемді 3 затты көбею және кему реті бойынша қою арқылы салыстыруды;

- шеңбер, шаршы, үшбұрыш, тік төртбұрыш, сопақша пішіндері мен текше мен шар денелерін тануды;

- өзінен кері қарай қозғалыс бағытын (оңға, солға, алға, артқа,жоғары, төмен) анықтауды;

- тәулік бөліктерін ажырата біліп атай білуі тиіс.
Құрастыру

Мақсаты: мектепке дейінгі кіші жастағы балалардың құрастыру біліктері мен дағдыларын қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Құрылыс материалдарынан, қағаздан, табиғи және қалдық материалдардан құрастыруға үйрету.

2. Қазіргі заманғы конструкторлармен таныстыру.

3. Құрылысты өз қалауымен орнатуға, оларды сюжет бойынша біріктіріп сонымен ойнауға, бастаған жұмысын аяғына дейін жеткізе білуге үйрету.

4. Құрдастарымен өзара жақсы қарым-қатынас орнатып, жұмыс жасау іскерліктерін дамыту;

5. Шығармашылық қиялын, көркемдік талғамын дамыту.



Мазмұны:

Құрылыс материалдарынан құрастыру

Ірі және ұсақ құрылыс материалдарынан, ойыншықтардың мөлшеріне сай түрлі көлемдегі, пішіндегі бөлшектерді қолданып құрастыруды үйрету (мысалы, үй, жиһаз, гараж, біздің қаланың көшесі, балабақша ауласы және т.б.). Тақырыпты біртіндеп қиындатып бірнеше құрастырулар жасауды ұсыну (мысалы, 5-6 үй, 3-4 автобус, 3-4 автокөлік).

Құрылысты биіктетіп немесе қайта құру, бір бөлшекті екінші бөлшекпен ауыстырып (биік және аласа, ұзын және қысқа, жалпақ және жіңішке) өзгерту біліктерін дамыту.

Негізгі бөліктерін бөліп, көлемі мен пішіні бойынша ажыратып бұл бөліктердің бір-біріне қатысты кеңістіктерін анықтап құрылысқа талдау жасауға үйрету.

Бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге (бастаған құрылысын аяқтау, сабақтан соң қайта бөлшектеу) тәрбиелеу.

Қағаздан құрастыру

Көлемді формадағы бір парақ қағазды (умаждау, жырту, ширату) қайта жасау, қағаздан кесек, шиыршық, ілмек құрастыру, бөлшектерін бір-біріне желімдеу, композиция жинау, типіне қарай «пластиктерден» түрлі бейне жасау (анаға, әжеге арналған гүлдер, толқындар, жүзімнің бұтағы, қар кесегі, құстар, бақбақ, кірпілер отбасы) іскерліктерін бекіту.

Тіктөртбұрыш қағазды бұрыштары мен жақтарын беттестіріп (жалаушалар, альбом, үй, автобус, мерекелік ашық хат), тең етіп бүктеу іскерліктерін тудыру.

Бөлшектің негізгі пішініне мысалы, ашық хатты безендіру, үйге – терезе, есік, құбыр, автобусқа - дөңгелек, терезе, есік, орындыққа - арқасын желімдеу іскерліктерін дамыту.

«Оригами» типі бойынша қарапайым пішіндерді қағаздан бүктеуге үйрету.

Табиғи және қалдық материалдан құрастыру.



Табиғи материалдардан (қабықтан, бұтақтан, жапырақтардан, бүршіктерден, талшыннан, жаңғақ қабығынан, сабаннан) ұсақ-түйектер жасауға үйрету.

Қалдық материалдардан (сіріңке қорабы, катушка) ұсақ-түйектер жасау іскерліктерін қалыптастыру.

Конструктор бөлшектерінен құрастыру

Конструктордың «Лего», «Пазлы» сияқты жаңа түрімен ойындар арқылы құрылыс салу.

Балаларды бөлшектерді бекіту мен құрылыс жасау тәсілдерін меңгеруге талаптандыру.

Жыл соңында құрастыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- конструктивтік қасиеттерін ескере отырып, құрылыс материалдарының бөлшектерін пайдалануды;

- құрылысты ескере отырып, құрылыс материалдарының бөлшектерін орналастыруды;

- тапсырмаға сәйкес құрылысты өзгертуді;

- тік төртбұрыш қағазды тең етіп бүктеуді білуі тиіс.
Экология негіздері

Мақсаты: балалардың экологиялық сана-сезімінің негізін қалыптастыру, қоршаған әлеммен үйлесімді өмір сүрудің қажет екені туралы түсініктерін жетілдіру.

Міндеттері:

1. Қоршаған орта объектілеріне танымдық қызығушылықтарын арттыру.

2. Өсімдіктер және жануарлар әлемі, табиғаттағы маусымдық өзгерістер туралы ұғымдарын қалыптастыру.

3. Табиғи объектілер мен құбылыстарға бақылау жасауға үйрету.



Мазмұны:

Адамдар, жануарлар, өсімдіктер, сонымен қатар баланы қоршаған өлі табиғат объектілері туралы түсініктерін байыту.

Баланың шамасына қарай тірі тіршілік иелерін (табиғат бұрышындағы құстар, балықтар және т.б.) күтіп-баптауға үйрету.

Қоршаған табиғаттың сұлулығына, байлығына тамсану, қызығу, оған мейірімділікпен қарауға, сақтауға, қорғауға тәрбиелеу.

Қарапайым заңдылықтар мен тәуелділіктерді түсінуге үйрету (мысалы, егер күн суық болса, жылы киіну, қараңғы түскенде шамды жағу).

Табиғаттағы маусымдық өзгерістер

Табиғаттағы, ауа-райындағы, жануарлар мен өсімдіктер әлеміндегі, адамдардың киіміндегі қарапайым маусымдық өзгерістерді байқауға талпындыру.

Табиғат құбылыстарын дербес бақылауға, себеп-салдарына тән сұрақтар қоюға, қоршаған табиғатқа қызығушылық білдіруге тәрбиелеу.

Табиғат пен табиғат күнтізбесіндегі ауа-райы жағдайына (жаңбыр, қар, тұман, бұршақ, қырау) бақылау нәтижелерін айта білуге үйрету.



Күз. Күзгі табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: күн қысқарады, ауа-райы суытады, жаңбыр жауып, жерде шалшық сулар пайда болады, күн сирек шығып, жылуы аз болады, жапырақтар түседі, құстар жылы жаққа ұшады, жәндіктер болмайды, жабайы аңдар ұйқыға кетеді.

Қыс. Қысқы табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: өте суық жыл мезгілі, қар жауады. Қардан аққала жасап, құрылыс соғып ойнауға болады. Ол күн жылынғанда еріп кетеді. Қар ұлпасы өзгеше әдемі. Қардың үстіне таяқшамен сурет салуға, із қалдыруға болады. Мұз қатты, тайғанақ, жылы жерде еріп кетеді. Қыс мезгіліндегі ең сүйікті мереке «Жаңа жыл шыршасы». Табиғат құбылыстары: қар жауу, аяз.

Көктем. Көктемгі табиғатты бақылау, қарапайым өзгерістерді атау: күн жылына бастайды, қар ериді, күннің көзі жарқырайды, шөп шығады, қарлығаштар ұшып келеді, жаңбыр жауады. Көктемгі жұмыс басталады: жер жыртып, егін егеді. Гүлдер мен көкөністердің ұрықтарын егіп, жеміс ағаштарының көшеттерін отырғызады. Малды өріске жібереді.

Жаз. Жазғы табиғатты бақылау, өзгерістерді атау: күн тек жылы ғана болып қоймай, сонымен қатар ысиды, күн жарқырайды, гүлдер гүлдейді, шөптер өседі, ағаштардағы жапырақтар үлкейеді, жазғы жаңбыр жауады. Құстар мен жәндіктер көбейеді. Жайлауда жер көгеріп гүлдер қаптайды. Жеміс-жидектер піседі. Адамдар әр түрлі жұмыстар істейді: гүлдер мен көкөністерді, жеміс ағаштарын суарады. Малды өрісте бағады.

Өсімдіктер әлемі

Көкөністер (сәбіз, қияр, қызанақ, пияз, қырыққабат, картоп) және жемістер (алма, алмұрт, апельсин, мандарин, лимон) туралы түсініктерін кеңейту.

Өсімдіктер түрлерінің (қылқан жапырақтылар - 4 түрін, бұталар - 2-3 түрін, шөптесін өсімдіктер - 2-3 түрін, саңырауқұлақтар - 2-3 түрін, бөлме өсімдіктері) аттарын атай білуге үйрету.

Қызғалдақ, түймедақ, бақбақ, раушан және бөлме өсімдіктері - фикус, аспедистра (тату тәтті жанұя), қазтамақ, қынагүл гүлдерін танып, атай білу іскерліктерін дамыту.

Ағаштың - діңін, жапырақтарын, бұтақтарын, гүлдің - сабағын, жапырақтарын, гүлдерін тауып, атай білуге үйрету.

Бөлме өсімдіктері мен гүлзарлардағы өсімдіктерді шамасы келгенше күтіп-баптау: суару, көшетін отырғызу ережелерімен таныстыру.

Өсімдіктер әлемінің өзіндік ерекшелігі мен оның тіршілік ету ортасымен байланысы туралы түсіндіру, кейбір өсімдіктердің өсіп жетілуі (орманда, бақта, бақшада өсетіні) туралы түсінік беру.

Өсімдіктердің сыртқы ортаға бейімделуі: олардың жапырақтары, көшеті, мұртшалары, сабағы арқылы көбейетіні, өсімдіктердің жарыққа қарай жылжи алатыны, өрмелейтіні, жармасатыны, бұрылатыны, кейбір өсімдіктердің гүлдері кешке жабылып, таңертең қайтадан ашылатыны туралы түсіндіру.

Өсімдіктердің түрлері (жапырақты, қылқан жапырақты, дәрілік, өсімдіктердің жеуге жарайтын және улы) болатыны туралы түсіндіру. Өсімдіктердің иісі болады, гүлдейді, жеміс береді.

Өсімдіктердің өсуі мен жағдайының жақсы болуына жарық, ылғал, ауа, қалыпты температура қажет екендігімен таныстыру. Адамдардың күтімінсіз бөлме және бау-бақша өсімдіктері ауырады, солады, қурайды, сарғаяды, өліп қалады.

Бөлме және бау-бақша өсімдіктерін өсіруге, оларды күтіп-баптауға талпындыру.

Жануарлар әлемі

Қазақстандағы үй жануарлары мен жабайы аңдардың тіршілік әрекеті туралы ұғымдарын кеңейту.

Үй жануарлары (қой, ешкі, сиыр, жылқы, түйе, есек, шошқа, ит, мысық) туралы ұғымдарын қалыптастыруды жалғастыру.

Жабайы аңдар (аю, қоян, түлкі, тиін, кірпі, қарақұйрық, қосаяқ) туралы ұғымдарын қалыптастыруды жалғастыру.

Әтеш, тауық, балапан, шымшық, сауысқан құстары туралы ұғымдарын қалыптастыру.

Табиғат бұрышын мекендеушілерге (тотықұс, балықтар, тасбақа) бақылау жасауға үйрету.

Жануарлар мен құстардың немен қоректенетіні, қалай қозғалатыны, қандай дыбыс шығаратыны туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.

Ересектердің жануарлар мен құстарға жасаған қамқорлығы туралы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру.

Табиғат бұрышын мекендеушілер мен табиғаттағы жануарлар мен құстардың тіршіліктерін бақылауға, салыстыруға үйрету.

Жануарлар әлемінің өзіндік ерекшелігі мен оның тіршілік ету ортасының байланысы туралы түсіндіру.

Кейбір қосмекенділер (құрбақа), бауырмен жорғалаушы (кесіртке, тасбақа), жәндіктер (көбелек, қаңқыз, құмырсқа, инелік) туралы түсінік беру.

Жануарлардың тіршілігіне қорек, ауа, су, жылу керектігі туралы ұғым беру.

Түрлі жануарлардың ерекшеліктерінің сипаттамасы туралы түсінік беру.

Ерекшеліктері: желбезек, құйрық, тұмсық, тіл, жүн, қауырсын, қабыршық, сауыт, құлақтар, қанат, тұяқ.

Қозғалу тәсілдері: секіреді, ұшады, өрмелейді, жүзеді, жүгіреді, шабады.

Мекендейтін ортасы: өзен, теңіз, шөл, ін, апан, ағаш діңі.

Жануарлардың қорғануы: жиырылады, ызылдайды, тістейді, айқайлайды, қашады, бүркенеді.

Жануарлар төлдерін қалай қорғайды: қоректендіреді, қамқорлық жасайды, әдеттендіреді.



Жыл соңында экология негіздері бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- 3-4 ағаштың, 1 бұтаның, 3-4 гүлдеген өсімдіктердің, 4 бөлме өсімдігінің аттарын;

- 2-3 үй құстары мен 2-3 жәндікті;

- үй жануарларының ерекшеліктерін;

- жабайы аңдардың ерекшеліктерін;

- көкөністер мен жемістердің түсін, дәмін, көлемін, пішінін;

- табиғаттың және ауа-райының өзгерістерін байқауды;

- қарапайым өзара байланысын (күн суық суытса – жылы киіну керек, қараңғы түссе - шамды жағу керек екендігін);

- өсімдіктің жақсы өсіп, өнуіне күтім керектігін түсіне білуі тиіс.

Қоршаған ортамен таныстыру

Мақсаты: қоршаған ортадағы таным іс-әрекетіне қызығушылықтарын қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Қоршаған орта: заттар мен құбылыстар әлемі туралы, қозғалыс пен байланыс құралдары, қарапайым зерттеу-іздестіру әрекеттері туралы ұғымдарын кеңейту.

2. Заттар арасындағы байланыстардың себеп-салдарын, құбылыстар мен оқиғаларды түсіну іскерліктерін қалыптастыру.

3. Заттар әлемі туралы түсініктерін қалыптастыру.



Мазмұны:

Заттық әлем

Заттар әлемін меңгеру және оларды қолдану.

Заттарды қарап, зерттеу.

Өзін қоршаған заттарды көлеміне, түсіне, пішініне, бөлшектеріне, сапасына, қызметіне, ерекшеліктеріне қарай ажыратып, оларды қолдану іскерліктерін жетілдіру.

Балаларға таныс емес заттардың маңызын, олармен әрекет жасау тәсілдерін (су құйғыштың жоғары жағындағы тесіктері арқылы су құйып, тұмсығынан жерден өсімдіктің түбінен суару үшін керек) түсінуге үйрету.

Қоршаған заттардың құрылысы, оның қандай материалдан жасалғаны (шыны аяқпен шай ішетіні, оны су құйылатындай терең етіп, тұтқа – шыны аяқты ұстауға ыңғайлы болу үшін керек, шыны аяқты жеңіл болу үшін фарфордан немесе шыныдан жасайды) туралы түсініктер беру.

Балабақша бөлмесінде, аулада еркін бағыт-бағдар жасау, топ бөлмесінде және тұрмыста заттарды дұрыс қолдану іскерліктерін жетілдіру.

Электротехникалық тұрмыстық заттар: тоңазытқыш, шаңсорғыш, қысқатолқынды пеш, теледидар, компьютермен таныстыру. Заттарға ұқыпты қарау дағдыларын қалыптастыру, ойыншықтарды, кітаптарды, ыдыс-аяқтарды сақтау ережелерін үйрету.

Заттар мен нысандардың (ыдыс-аяқ, киім, аяқ киім, бас киім, жиһаз) қызметтері, ерекшеліктері (көкөніс, жеміс, жидек, жануарлар және т.б.), қандай материалдан жасалғаны (шайдың ыдыстары - фарфордан, асхана құралдары - металлдан), маусымдық белгілері (қыстық, жаздық киім немес аяқ киім) бойынша топтастыру.

Саз балшықтан, ағаштан, металлдан, шыныдан, матадан, пластикадан жасалған заттарды ажырату.

Ұлттық киімді, әшекейлерді неден және қалай жасалатынын түсіндіру.

Бір заттың алуан түрі болатынын (түрлі ойыншықтар, әр түрлі түстегі, үлгідегі, мөлшердегі, түрлі материалдардан тігілген көйлектер) түсіндіру, оларға бағдар жасауға үйрету.



Қозғалыс және байланыс құралдары

Түрлі қоғамдық және жеке көлік түрлерімен, жүк көлігінің түрлерімен, түрлі жүкті тасуға арналған машина шанағының түрлерімен (самосвал, сүт таситын, фургон, пошта таситын, өрт сөндіруші, жедел жәрдем медицина көлігі) көліктің құрылысы, оның жүгінің сипаты мен мағынасына байланысы туралы айтып таныстыру.

Жергілікті жағдайға байланысты көлік құралдарын (автобус, трамвай, жүк көлігі, жеңіл көлік, поезд, ұшақ, кеме) танып, атай білуге үйрету.

Автокөліктің бөліктерін (кабинасы, рөлі, шанағы, дөңгелектері) ажырату іскерліктерін дамыту.

Адам өмірі мен еңбегін жеңілдететін көліктің маңызын түсінуге үйрету.

Бағдаршам белгілерімен, жолда жүру ережелерімен, жаяу жүргіншілер жолы, көше жиегіндегі жолдармен (тротуар) таныстыру.



Экономика

Үй экономикасы туралы алғашқы ұғымдарын қалыптастыру.

Отбасы бюджеті туралы қарапайым түсінік беру. Үнемшілдік, адамдардың еңбегімен келген ақшаға, табиғат қорына, қоршаған заттарға ұқыпты қарау түсініктерін талқылау.

Адамдардың ниеті мен мүмкіндіктері және қажеттілігін қанағаттандыру үшін өзара байланысын түсіндіру.

«Тауар», «ақша», «құн», «базар», «қожайын» түсініктерін ажыратуға көмектесу.

Еңбектің нәтижесінде пайдалы және қажетті өнім (киім, аяқ киім, жиһаз, ойыншықтар және т.б.) алатынын түсіндіру.

Баланың жеке тәжірибесімен, күнделікті өмірмен және қоршаған ортамен экономика туралы түсініктерінің арақатынасын белгілеуге үйрету.

Зерттеу-іздестіру әрекеттері

Қарапайым себеп-салдар байланысын белгілеу, зерттеу және іздестіру жұмыстарын жүргізуге үйрету.

Белгілі тізбекпен заттарды зерттеуге үйрету.

Зерттеу және іздестіру әрекеттерінің нәтижесін көру үшін іздеуді аяғына дейін жеткізуге үйрету.

Түрлі материалдармен, олардың қасиеттерімен және сапасымен таныстыруды жалғастыру.

Еңбекке, бейнелеу өнеріне арналған құрал-жабдықтарды, заттарды қолдануды үйретуді жалғастыру.

Көп заттардың ішінен пайдалы бір затты таңдап алу іскерліктерін дамыту (мына затты қолдана аламын, ал мына зат осы жерге керек).

Заттардың орнын алмастыра білуге үйрету.

Қарапайым зерттеу жүргізу мен іздестіру әрекеттерін орындау қызығушылығына тәрбиелеу.

Ақпаратпен жұмыс

Қарапайым ақпарат көздерін қолдану дағдыларын жетілдіру.

Ересектермен әңгімелесуге, әдеби шығармаларға, телехабарларға, компьютерлік ақпараттар және олардың мазмұнына қызығушылығын қалыптастыру.

Балалардың мәдени әлемін жаңа білімдермен, ақпараттармен байыту мақсатында ересектермен әңгімелесу, әдеби шығармаларға, телебағдарламаларға, компьютерлік ақпарттар мен оның мазмұнына қызығушылықтарын арттыру.

Балалармен, ересектермен қарым-қатынас жасау барысында қызықты ақпараттар алмасу.

Менің елім – Қазақстан

Отанына, оның өткені мен бүгініне қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру.

Мемлекеттік рәміздермен таныстыру (Әнұран, Ту, Елтаңба).

Елордасы – Астанамен таныстыру.

Адамдардың баспаналары (киіз үй, пәтер т.б.), олардың айырмашылықтарымен таныстыру, өзінің мекен-жайын жаттату.

Қалалар мен ауылдар, олардың ерекшеліктері, үлкен қалалардағы сәулетті орындар туралы мағлұмат беру.

Еліміздің әскері. Батыр, ел қорғайтын, ержүрек жауынгерлер. Танкішілер, ұшқыштар, теңізшілер туралы түсінік беру.

Көп ұлтты еліміздің халқы мен олардың мәдениетімен таныстырып, қызығушылығы мен сыйластығын тәрбиелеу.



Өмір қауіпсіздігі мен жолда жүру ережелері

Жол бөліктерімен таныстыру, жаяу жүргіншілер жолы мен жол жиегіндегі тротуар жолдарымен таныстыруды жалғастыру.

Бағдаршамның түстерімен таныстыруды жалғастыру. Қайсысы қандай белгі береді?

Жол қиылысымен, «Жаяу жүргінші жолы» және «Медициналық көмек пункті» жол белгілерімен таныстыру.

Көлік жолдары мен жаяу жүргінші жолдары туралы түсінік беруді жалғастыру.

Жаяу жүргінші тротуармен, балалар жолдан ата-аналарының көмегімен, жаяу адам көлікті аялдамада күтеді, көлік ішінде ешкімге кедергі жасамай, тәртіп сақтау.



Өмір қауіпсіздігі ережелерін сақтау:

- үйде және балабақшада өз қауіпсіздігін сақтау;

- үшкір заттармен ойнамау;

- электр құралдарынан алыс жүру;

- отпен ойнамау;

- таныс емес, бөгде біреуге есік ашпау;

- серуенде жүргенде үлкендерден алыс кетпеу;

- өзі білмейтін саңырауқұлақтар мен жидектерді теріп жемеу.



Жыл соңында қоршаған ортаны таныстыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін (ту мен елтаңба) танып білуді;

- Қазақстан Республикасының әнұранына рәсім жасауды;

- өз мекен-жайы мен тұрғылықты қаласының атын атауды;

- қоршаған ортадағы заттар мен олардың көлемін, түсін, пішінін, бөлшектері мен бөліктерін, сапасы мен қасиетін танып, ажырата білуді;

- заттардың белгіленуі мен оның құрылымы, пішіні, ол жасалған материалы арасындағы байланысты түсінікті;

- жалпылауыш сөздерді қолдануды;

- әртүрлі көлік түрлерін танып атай білуді;

- жолдың жүргінші жол мен жаяулар жүретін жол деп бөлінетіндігі туралы түсінікті;

- бағдаршамның жасыл, сары, қызыл түстерінің қандай белгі беретіндігін және «Жаяу жүргінші жолы» белгісінің мәні туралы түсінікті;

- қайшымен жұмыс істегенде қауіпсіздік ережесін білуі тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет