Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігі Педагогика және педагогикалық психология Жалпы педагогика


ІІ.12. Оқыту процесінің заңдылықтары және принциптері



бет18/65
Дата27.09.2022
өлшемі0.79 Mb.
#461408
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   65
Барлы педагогикалы маманды тар а арнал ан (шифр, маманды ) о у

ІІ.12. Оқыту процесінің заңдылықтары және принциптері.

Жоспары
1. Заңдылықтар жəне принциптер жөнінде түсінік


2. Оқыту заңдылықтарына сипаттама
3. Оқыту принциптері жəне оларға байланысты оқу ережелері

Оқу теориясының негізгі құрылым бірліктері – бұл ғылым тарапынан анықталған заңдылықтар. Заңдар мен заңдылықтар құбылыстар, процестер мен олардың нəтижелері арасындағы жалпы, объектив, тұрақты жəне қайталанып келетін байланыстар мен тəуелділіктердің мəнін ашады. Дидактикалық процестің негізін құрайтын аса маңызды жəне негізгі заңдылықтар мен заңдар оқу принциптері немесе дидактикалық принциптер деп аталады. Бұл принциптер арқасында оқу процесіне қатысы бар көптеген заңдылықтардың мəн-мағынасы ашылады, мұғалімдер мен оқушылардың қызметтері реттеледі, барлық оқу пəндерін өтуде жəне оқудың барша кезеңдерінде олар өздерінің жалпы мəнін сақтайды. Принциптер дидактикалық процестің біртұтас концепциясын құрай отырып, табиғи бірлікте əрекетке келеді. Қазіргі кезеңдегі оқу жүйесінің ірге тасын Я.А. Коменский қалаған. Ғұлама- педагог пікірінше, оқудың негізі – табиғи сəйкестік принципі, ал барша қалған принциптер осы табиғи сəйкестікке сай бірізді іске асырылып барады. А.Дистервег бұл жүйені жаңа талаптарға негізделген нақты ережелермен толықтырды. Бұл ережелер 1) оқу мазмұнына; 2) оқытушыларға; 3) оқушыларға қатысты болды. К.Д.Ушинский тиімді оқуға қажет келесі шарттарды белгілеп берді: уақытқа сай болуы, бірізділік, табиғилық, тұрақтылық, игеру беріктігі, анықтығы, оқушылардың дербестік əрекеті, жүктемелердің аса ауыр не өте жеңіл болмауы, дұрыстық.


Қазіргі заман гуманистік дидактикасында оқу принциптері табиғи сəйкестік басты принципінің төңірегінде жүйелі біріккен. Бұл жүйедегі дидактикалық принциптер төмендегідей: 1) саналылық жəне белсенділік; 2) көрнекілік; 3) жүйелілік жəне бірізділік; 4) беріктік; 5) түсіністік; 6) ғылымилық; 7) көңіл-күй; 8) теория мен практиканың байланысы.
Принциптер нұсқау-көрсетпе (норматив) қызметтерін атқарады. Олар мұғалімге кейбір жағдайларда қандай əрекетке келуі жөнінде тек кеңес немесе сілтеме беріп қоймайды, жалпы заңдылықтар ретінде бұл принциптер педагогикалық əрекеттер бірлігіне негіз қалаумен бірге олардың толық орындалуын талап етеді.
Оқу заңдылықтарының нақты көріністері принциптерде жəне оларға орай қабылданған ережелерде байқалады.
Ережелер мұғалімге қандай да бір жағдайларда нақты əрекеттерді жасауға сілтеме беріп, белгілі бір талаптарды орындауға бағыттайды. Ал бұл нұсқаулардың қалай орындалуы мұғалімге тəуелді. Мысалы, оқушы сабақ басына кешігіп, сыныпқа қоңыраудан соң кіріп келді. Мұндай жағдайда мұғалім ережеге сай оқушыға қандай да ықпалды əрекет жасауы қажет, себебі тəртіп бұзу ескерусіз қалмауы тиіс. Ал бұл ескерту қалай орындалады- оның жолы бүтіндей жəне толығымен нақты ситуацияға, оқушы тұлғасына, мектепте қабылданған тəртіптерге, қалыптасқан қатынастарға жəне көптеген басқа да себептерге байланысты.
Оқудың дəстүрлі теориясында аса танымал болғандары келесі дидактикалық принциптер: саналылық жəне белсенділік, көрнекілілікпен оқыту, жүйелілік жəне бірізділік, беріктік, түсініктілік, ғылымилық, көңіл-күй ескеру, теория мен практиканы байланыстыру. Саналылық жəне белсенділік принципі негізінде ғылым тарапынан анықталған заңдылық тұжырымдары жатыр. Оқудың саналылық жəне белсенділік принципін іске асыру барысында келесі маңызды оқу ережелері сақталуы тиіс:
- алдағы жұмыстың мақсаттары мен міндеттерін анық түсіну- саналы оқудың қажетті шарты: оларды оқушыларға көрсету маңызы мен мəнін түсіндіру, болашақтағы қажетін бала санасына жеткізе білу;
- оқыту барысында оқушы не, неліктен жəне қалай істеу керектігін түсінуі, сонымен оқу жұмыстарын қарадүрсін орындамай, алдын-ала олардың терең мəн, мағынасын ұғынуы;
- оқу барысында танымдық іс-əрекеттің барша түрлері мен формаларын пайдалану, талдауды біріктіру тəсілімен, индукцияны дедукциямен салыстыруды қарама-қарсы қоя, біріктіру, сəйкестікті жиі пайдалану, балалардың жасы кіші болса, индукция тəсілін жиі қолдану;
- оқушылар əр сөздің, сөйлемнің, ұғымның мəн-мағынасын түсінуі; оларды қолдануда оқушылардың өтілген білімдері мен тəжірибесіне сүйену, бейнелі салыстыруларды пайдалану, мəн-мағынасы жете ашылуы мүмкін болмаған ұғымдарды сабақта қолданудан аулақ болу;
- балалардың бірін-бірі оқыту мүмкіндіктерін пайдалану, дұрыс шешім табудың ұжымдық формаларын дамытуға қажет жағдайларды қамтамасыз ету, мұғалімнің түсіндірмесінен гөрі, қасында бірге отырған жолдасының əңгімелеп бергені тиімді де, əрі жеңіл, сондықтан сыныптағы үздік оқушылар қолынан келетін оқу істерін өз міндетіне алуы, бала белсенділігін тəрбиелеуде уақытты да, күш-қуатты да аянбау. Есте болсын, бүгінгі белсенді оқушы қоғамның ертеңгі белсенді мүшесі;
- оқушыларға белгісіз мəліметтерді бұрынғы белгілілерімен логикалы ұштастыру: игерілген мен игеріліп жатқан білімдердің арасында логикалы байланыс болмаса, саналы оқу да болмайды.
- Есте болсын, оқудағы басты нəрсе –оқытылып жатқан пəн емес, ол мұғалім тəрбиесімен қалыптасып жатқан тұлға. Оқушыны пəнге қосалқы элемент болмайтындай етіп оқыту əрі тəрбиелеу, керісінше, оқушыны сол пəнді мұғаліммен бірге белсенді игеретін субъект дəрежесінде тану. Тұлғаны қалыптастыратын пəн емес, пəнді оқытумен байланысқан мұғалімнің өз əрекет-қимылы.
- оқушының бақылайтын деректері мен игерген білімдері арасындағы айырмашылықтарды тауып жəне оларды түсіндіруді талап ететін жағдайлар жасау;
- егер əр ереже тиімді сандағы мысалдармен қамтамасыз етілсе жəне сол ережелердің қолдану ауқымы қаншалықты кең екендігін оқушы түсінсе, оқу табысы соғұрлым жоғары болады.
- игеріліп жатқан материалдардағы басты жəне екінші дəрежелі ақпараттарды табуға жəне ажыратуға үйрету. Оқушыны ең алдымен өзекті проблемаларды түсініп, игеретін дəрежеге жеткізу. Сабақта келтіретін дерек жəне мысалдардың негізгі мəселе мəнін көлеңкелеп тастамауы.
Көрнекілікпен оқыту принципі. Оның негізінде келесідей ғылыми заңдылықтар жатыр: адамның сезім мүшелері сырттай тітіркендіргіштерді əртүрлі қабылдайды, адамдардың көбі көру органдарының аса жоғары сезімталдығына ие; рецепторлардан орталық жүйке жүйесіне бағытталған байланыс оптикалық каналының өткізгіштік қабілеті өте жоғары; көру органдарынан (оптикалық канал бойынша) миға келіп түсетін ақпарат қайта таңбаланбайды, ол оқушы есінде жеңіл, тез жəне берік бейнеленіп қалады.
Жүйелілік жəне бірізділік принципі келесі ғылыми тұжырымдарды негізге алады: қоршаған орта болмысының айқын бедерлері мида нақты бейнеленсе ғана, оқушы шынайы білім топтай алады; ғылыми білімдер жүйесін қалыптастырудың басты тəсілі – белгілі жолмен ұйымдастырылған оқу; ғылыми білімдер жүйесінің бірізділігі оқу материалының ішкі логикасымен жəне оқушылардың танымдық мүмкіндіктерімен байланысты; жеке элементтерден тұратын оқу процесінің тиімді əрі жоғары нəтижеге жетуі ол процесте орынсыз үзілістердің, ескерілмей қалған қажетті сəттердің болмауына жəне бірізділіктің қандай да себептермен бұзылмауына тəуелді. Егер дағдылар тиісті жаттығулармен жүйелі бекімесе, олар көп ұзамай жойылады; егер оқушылар логикалық ойлауға үйретілмесе, олар өздерінің ойлау іс-əрекетінде үлкен қиыншылықтарға кезігеді; егер оқу ісінде жүйелілік жəне бірізділік сақталмаса, оқушылардың даму процесі бəсеңдейді.
Беріктік принципі келесідей заңдылықтарға негізделеді: мазмұнын игеру жəне оқушылардың танымдық күш-қуатының дамуы – оқу процесінің бір-біріне байланысқан екі тарапы; игерілген оқу материалының беріктігі объектив жағдаяттарға, яғни бұл материалдың мазмұны мен құрылымына ғана тəуелді болып қоймай, оқушылардың сол пəнге, материалға, мұғалімге деген субъектив қатынастарына да орайлас; игерілген білімнің берік болуы оқуды ұйымдастыруға, əрқилы оқу түрлері мен əдістерін пайдалануға, сондай-ақ оқу мерзіміне байланысты келеді; оқушылар жады таңдамалы сипатқа ие: қандай да материал оларды маңыздылығымен қызықтырса, сол материал берік орнығады жəне ұзақ сақталады.
Түсініктілік принципі оқытудың көп ғасырлық тəжірибесі талаптарынан туындайды: бұл, бір жағынан – оқушылардың жастық даму заңдылықтарына байланысты келсе, екінші жағынан – дидактикалық процесті оқушылардың даму деңгейімен сəйкестендіре ұйымдастыру жəне іске асыруға тəуелді. Бала өзінің ойлау деңгейіне, жинақтаған білімі, ептілігі, ойлау тəсілдеріне сəйкес келген дүниені ғана түсіне алады.
Түсініктілік принципін іске асыруда қажет, өз уақытында Я.А.Коменский өрнектеген классикалық ережелер: жеңілден-қиынға, белгіліден-белгісізге, қарапайымнан-күрделіге өту.
Ғылымилық принциптің талабы – оқушылар игеруіне ғылым тарапынан анықталған білімдерді ұсыну. Мектептік білімденудің де міндеті осы ғылыми білімдерді игертуге бағытталған. Оқудың ғылымилығы ең алдымен мектеп білімінің мазмұнына жəне оны қалыптастыру принциптерін қатаң ұстануына; мұғалімдердің мазмұнды толық іске асыра алуына тəуелді; қабылданған білімдердің ғылымдық сипаты оқу жоспарларында, бағдарламаларында өрнектелген, пəн аралық байланыстарда іске асып барады.
Ұнамды көңіл-күй сақтау принципі бала табиғатының дамуы мен оның іс-əрекетіне байланысты туындайды. Ұнамды көңіл-күйден адам жаны нəр алады, ой өрісі сəуелелене түседі, оқу жеңіл, жылдам жəне жағымды сезіммен қабылданады. Егер оқушының кітап оқуға зауқы болмаса, оны ауыр да азапты еңбек сипатында қабылдаса, одан табысты нəтиже күтудің өзі бей-берекетсіз іс. Сондықтан да, оқу баланың ұнамды көңіл-күйін көтеріп, оны қуанышты оқиға ретінде қабылданатын дəріс жұмысына дайындау қажет. Ұнамды қатынас болмаған жерде оқу процесі өз ықпалын жояды. Ықыласы болмаған адамды оқыту – бос əурешілік. Көңілін қорқыныш, өшпенділік, жек көрушілік жайлаған баланы оқыту оның санасына шынайы болмыс деректерін зорлап ендірумен бірдей. Мұндай жолмен қабылданған білім ұзаққа бармай ұмытылады, одан келер пайда болымсыз. Сондықтан педагогтар бар шеберлігін қосып, мектеп оқу еңбегі мен білім тартымдылығын көтеруге ат салысады. Бала жанын сенім шуағымен жылытып, оның алғашқы қадамдарына қолдау көрсетеді. Мектеп өмірін мұғалімдер жарқын да қызықты істер, оқиғалармен толтырып, олардың бəрі балалық шақтың балдəурені секілді оқушы есінде ұзаққа сақталуына негіз қалайды.
Теория мен практиканы байланыстыру принципі негізіне классикалық философияның ақиқат пен танымдық қызметтің дерек көзі – тұрмыс жəне практика екендігі туралы тұжырымы алынған. Орынды ұйымдастырылған тəрбие əрқашан өмірдің өзінен, практикадан бастау алып, онымен тығыз байланыста болады, сонымен өсіп келе жатқан əулетті белсенді тіршілік қамына дайындайды. Оқудың өмірмен, теорияның практикамен тығыз байланысты болуы оқу мазмұнына, оқу-тəрбие процесінің келелі ұйымдастырылуына, оқудың тиімді формалары мен əдістерін пайдалануға, еңбек пен политехникалық дайындыққа бөлінген уақытқа, сонымен бірге оқушылардың жас ерекшеліктеріне тəуелді келеді.
Қорытындылай келе, айтарымыз: принциптер əрқашан белгілі жүйеде, бір уақытта, тығыз байланысқан күйде іс-əрекетте комплексті, параллель жүзеге асып барады, оларды кезекпен немесе бірінің орындалуымен екіншісіне тізбекті өте, пайдалану мүмкін емес. Принциптер арасында басты не екінші дəрежелісі болмайды, əңгіме тек олардан туындайтын талаптардың ауқымдылығы мен жалқылық дəрежесі жөнінде болуы мүмкін. Барша принциптер өзара кіріге ұштасқан, сондықтан бірінің талаптары, екінші бір принцип талаптарымен мəндік жақындыққа түсіп жатады. Олардың бəрінің де қызметі - бағыттау, оқудың сапалы нəтижелеріне жетудің жолдарын көрсету. Білімдендіру ісін гуманизациялаудың мəні –оқушының тəн-дене жəне ақыл-ес мүмкіндіктерін сақтау жəне дамыта түсу. Сондықтан оқу еңбегінің нəтижесі оған жұмсалған оқушы күш-қуатының деңгейімен салыстырылып, бағаланады. Принциптер баланың табиғи жəне əлеуметтік мүмкіндіктерін, күш салулары мен еңбек нəтижелерін қалыпты мөлшерлеп отырады, егер қандай да себептермен ауытқуға түспесе, олар арасындағы теңдіктің (баланс) сақталғаны.

Негізгі әдебиеттер:


1. Государственная программа развития образования РК до 2010 г.
2. Оконь В. Введение в общую дидактику. – М.: Высшая школа, 1990
3. Педагогика. Оқулық, Алматы: Print-S, 2005.-364 б.
4. Пидкасистый П.И. Педагогика. – М.: 2001
5. Подласый И.П. Педагогика. – Минск, 2006
6. Селевко Г.К. Современное образовательные технологии. – М.: 1998
7. Хан Н.Н. Сотрудничество в педагогичнском процессе школы. – Алматы, 1997
8. Харламов И.Ф. Педагогика. – Минск, 2002
9. Хмель Н.Д. Педагогический процесс в общеобразовательной школе. – Алма-Ата: Мектеп, 1984
10. Хмель Н.Д. Теория и технология реализации целостного педагогического процесса. – Алматы, 2005
Қосымша әдебиеттер:
1. Безрукова В.С. Педагогика. Проективная педагогика. Уч.пособие для инженерно-пед.институтов. Екатеринбург, 1996. – 344 с.
2. Бордовская Н.В., РеанА.А. Педагогика. «Серия учебник нового века», Санкт-Петербург, 2000.
3. Каракулов К.Ж. Школоведение. – Алматы
4. Конаржевский Ю.К. Анализ урока. /М.: Центр «Педагогичнский поиск», 2000
5. коркина В.И. Дидактика в схемах и таблицах: Уч.пособие. – КарГУ. Караганда: Изд.ВО КарГУ, 2004
6. Коянбаев Ж.Б., Коянбаев Р.М. Педагогика. Алматы, 2002.
7. Краевский В.В. Ведение в научное исследование по педагогике: уч.пособие. М., 1999


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   65




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет