Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілері мен білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік


"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасы



бет2/14
Дата23.08.2023
өлшемі85.75 Kb.
#476192
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
117 бүйрық каз

"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрі




"КЕЛІСІЛДІ"

Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі




"КЕЛІСІЛДІ"

Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы








қосымшағаҚазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
2022 жылғы 30 наурыздағы
№ 117 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілері мен білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық
1-тарау. Жалпы ереже

1. Осы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің террористік тұрғыдан осал объектілері мен білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-2-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 6 мамырдағы № 305 қаулысымен бекітілген террористік қатынастарға осал объектілер терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыруға қойылатын талаптарына сәйкес әзірленді.


2. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 сәуірдегі № 234 қаулысымен бекітілген Объектілерді террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызу қағидалары мен өлшемшарттарына (бұдан әрі-Қағидалар) сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің объектілеріне, сондай-ақ террористік тұрғыдан осал объектілерге жатқызылған Білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын объектілерге қолданылады.


Осы Нұсқаулық білім және ғылым саласындағы қызметті, қарамағында осы объектілер бар мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бекіткен террористік тұрғыдан осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі өзге де нұсқаулықтармен регламенттелген терроризмге қарсы қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыратын объектілерге қолданылмайды.
3. Осы Нұсқаулықта келесі негізгі ұғымдар қолданылады:
1) бейнебақылау жүйесі - жұмыс істейтін бейнеарналар жиынтығы, бейне деректерді жазуға және сақтауға арналған бағдарламалық-техникалық құралдар, сондай-ақ бір-бірімен ақпарат алмасатын бағдарламалық және (немесе) техникалық басқару;
2) жарықтандыру жүйесі - бейнебақылау жүйесі үшін жарықтандырудың қажетті деңгейін, адамдар мен көлік құралдарының объектіде түнде көрінуін қамтамасыз ететін техникалық құралдар жиынтығы;
3) күзет қызметінің субъектілері - бұл Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының мамандандырылған күзет бөлімшелері және жеке күзет ұйымдары;
4) объектінің потенциалды қауіпті бөлігі – жарылғыш және өрт қаупі, қауіпті химиялық заттар, қару-жарақ пен оқ-дәрілер, улы заттар мен препараттар, технологиялық тізбектер элементтері, жүйелер, жабдықтар немесе құрылғылар, пайдаланылатын, сақталатын немесе қолданылатын аумақтық бөлінген аймақтақтар (учаскелер) объектінің конструктивтік және технологиялық элементтері, сондай-ақ, объектіде адамдардың жаппай келу ықтималдығы, оның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге ықпал етуі мүмкін терроризм актісін жасауы, апат болуы, қауіпті әлеуметтік-экономикалық салдарлармен төтенше жағдай қатерін туғызу; терроризм актісін жасау үшін оларды одан әрі пайдалану мақсатында қауіпті заттар мен материалдарды ұрлау болуы мүмкін объектінің қауіпті аймақтары;
5) объектінің периметрі - құқық белгілейтін құжаттарға сәйкес объектінің шекарасы;
6) оқу (профилактикалық) іс-шаралары - алғашқы әрекет ету дағдыларын қалыптастыру мақсатында нұсқаулар және жаттығулар түрінде жүзеге асырылатын персонал мен күзетті оқытудың превентивті тәсілдері;
7) педагог – педагогтік немесе тиісті бейіні бойынша өзге де кәсіптік білімі бар және білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, білім беру қызметін әдістемелік қолдау немесе ұйымдастыру бойынша педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыратын тұлға;
8) рұқсаттама режимі - адамдардың санкцияланбаған кіру (шығу), көлік құралдарының кіруі (шығуы), мүліктің кіруі (шығарылуы), кіру (әкетілу) мүмкіндігін болдырмайтын, белгіленген тәртіпті реттейтін ережелер жиынтығы;
9) терроризмге қарсы қауіпсіздік паспорты - бұл оның антитеррорлық қауіпсіздігінің жай-күйін бейнелейтін және террористік актілерге осал объектідегі террористік актілердің салдарының алдын-алу, жолын кесу, азайту және (немесе) жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлауға арналған объект туралы жалпы және инженерлік-техникалық ақпаратты қамтитын ақпараттық-анықтамалық құжат;
10) террористік тұрғыдан осал объектілер – аса маңызды мемлекеттік, стратегиялық, қауіпті өндірістік объектілер, сондай-ақ стратегиялық маңызы бар экономика салаларының объектілері, адамдар көп жиналатын объектілер, терроризмге қарсы қорғауды міндетті ұйымдастыруды талап ететін күзетілетін объектілер;
11) хабардар ету жүйесі - террористік актілерге осал объектідегі төтенше жағдайлар (авария, өрт, табиғи апат, шабуыл, терроризм актісі) кезінде және іс-қимыл туындаған жағдайда дабыл туралы жедел хабарлауға (жарық және (немесе) дыбыстық хабарлама) арналған техникалық құралдар жиынтығы.
4. Объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар объектілер аумағында терроризм актілерін жасауға кедергі келтіретін жағдайлар жасауға (олардың жасалу қатерін азайтуға), террористік қатерлердің салдарларын барынша азайтуға және (немесе) жоюға бағытталған ықтимал.
Қорғаныс шараларын ұйымдастыру алдын алу, сараланған тәсіл, сәйкестік және күрделілік қағидаттарына негізделген.
5. Объектілердің терроризмге қарсы қауіпсіздігі келесі жағдайларды жасау арқылы қамтамасыз етіледі:
1) шаралар қабылдау арқылы қол жеткізілетін объектілерге заңсыз кірудің алдын алу:
объектілерге кіруге рұқсаттама орнату және оны қатаң сақтау;
объектіге заңсыз кіруді анықтау арқылы объектіні инженерлік-техникалық тұрғыдан нығайту.
2) терроризмге дайындық және (немесе) акт жасау белгілерін анықтау мынадай шараларды қабылдау арқылы жетіледі:
күдікті адамдар мен заттарды анықтау үшін объектілердегі және қоршаған аумақтағы жағдайды бақылау;
білім алушылар арасындағы экстремизм профилактикасы (құқықтық оқыту, экстремизмге жағымсыз эмоционалды қарым-қатынасты қалыптастыру);
объектілерді инженерлік-техникалық жарақтандыру тұрғысынан материалдық-техникалық базаны жақсарту;
3) объектілерде терроризм актілерін жасау әрекеттерінің жолын кесу:
объектінің дайындалған қызметкерлерінің күшімен объектілерді күзетуді жүзеге асыру немесе күзет қызметі субъектілерімен шарт жасасу;
келушілердің объектілер мен көлік құралдарына кіруінің белгіленген тәртібін тұрақты бақылауды ұйымдастыру;
ұжымның, соның ішінде педагогтердің және білім алушылардың қауіпсіздік мәдениетін, терроризмге қарсы сананы қалыптастыру;
объектілердің антитеррорлық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық іс-шараларды бақылау;
4) объектілердегі ықтимал террористік қатерлердің салдарын азайту және жою, оған келесі шараларды қабылдау арқылы қол жеткізіледі:
білім және ғылым объектілерінің сипаттамаларына сәйкес келетін террористік сипаттағы ықтимал қауіп-қатерлерге жауап беру алгоритмдерін әзірлеу;
күзет қызметі субъектілерінің қызметкерлерін, қызметкерлерді, білім алушыларды, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарының (заңды өкілдерінің) олардың терроризм актісін жасау кезіндегі және одан кейінгі әрекеттеріне қатысты тиісті дайындығы;
уәкілетті органдарға, қызметкерлерге, білім алушыларға уақытылы хабарлауды ұйымдастыру, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарына (заңды өкілдеріне) объектіде терроризм актісі туындаған кезде олардың әрекеттері туралы хабарлау;
объектінің терроризмге қарсы қауіпсіздік паспортын уақытылы жасау және жаңарту, оны тиісті түрде сақтау.
6. Объектілердің терроризмге қарсы қауіпсіздігін мекеменің бірінші басшысы ұйымдастырады.
7. Басшының бұйрығымен объектінің антитеррорлық қауіпсіздігі шараларының орындалуын қамтамасыз ететін тұлға анықталады.
Объектінің антитеррорлық қауіпсіздігі жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету үшін жауапты қызметкерді таңдау және тағайындау терроризмге қарсы іс-қимылдың ерекшеліктеріне барынша сәйкес келетін соңғылардың құзыреті мен лауазымдық міндеттерін ескере отырып жүзеге асырылады.
Объект басшысы тиісті бұйрық шығарады, функциясы лауазымдық міндеттеріне енгізіледі.
8. Объектілердің иелері, меншік иелері, басшылары немесе басқа лауазымды тұлғалары жалға алынған ғимаратқа (бөлмеге) орналасқан кезде объектінің терроризмге қарсы қауіпсіздік паспортын жасайтын, объектіні күзететін, заманауи инженерлік-техникалық құралдармен жабдықтайтын тараптардың жалға алу келісім шартында анықталуын қамтамасыз етеді, олардың тоқтаусыз жұмыс істеуін қадағалайды, өткізу режимін ұйымдастырады және іс-шараларды қаржыландырады.
2-тарау. Өткізу режимін ұйымдастыруға қойылатын талаптар
9. Осы тарау объектілердің терроризмге қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсаттарына сәйкес келетін объектілердегі өткізу режимін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды анықтайды.

10. 6-тараудың 77-тармағына сәйкес 3-топқа жатқызылған объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін объектілердің меншік иелеріне, иелеріне, басшыларына қолданыстағы заңннама шеңберінде күзету қызметін көрсетуге, оның ішінде террористік тұрғыдан осал объектілерді күзетуге лицензиясы бар күзету қызметінің субъектілерімен күзет қызметін көрсету туралы кемінде үш жыл мерзімге шарт жасалынады.


Күзет қызметінің субъектісімен көрсетілетін күзет қызметі туралы шарт жобасы қамқоршылық (ата-аналар) кеңесімен келісіледі.
11. Күзету қызметінің субъектілерімен күзет қызметін көрсету туралы шарт жасасу кезінде объектінің меншік иесі, иесі, басшысы күзет қызметі шартында терроризмге қарсы қорғалуды қамтамасыз ету бойынша күзет қызметі субъектісі іске асыратын іс-шараларды және тиісті қауіпсіздік деңгейін көрсетеді, оған мыналар кіреді:
1) қызметкерлерге, педагогтерге, білім алушыларға, тәрбиеленушілерге және олардың ата-аналарына (заңды өкілдеріне), көлік құралдарына объектіге немесе оның бөлігіне (аймағына) рұқсат етілген кіруді ұйымдастыру;
2) объекті аумағында заңға қарсы ниеті бар адамдарды, сондай-ақ заттар мен құралдарды, оларды іске асыру үшін пайдалану мүмкіндігін анықтау;
3) объектіні күзету, объектінің ықтимал қауіпті учаскелерін және қауіпті аймақтарды (бақылау) қорғау, оның ішінде оларда бөтен адамдардың бақылаусыз болуын болдырмау;
4) жасалған терроризм актісінен туындайтын техногендік қауіптерді азайтуға және жоюға бағытталған алғашқы іс-қимыл шараларын іске асыру бойынша объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адамдармен оқу іс-шараларын ұйымдастыру;
5) осы Нұсқаулықтың 6-тарауында көзделген терроризмге осал объектілерді терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру талаптарына сәйкес объектіде орнатылған техникалық қорғау құралдарын тиісінше пайдалану.
12. Объектіге кіру режимі объекті әкімшілігі әзірлейтін және басшының бұйрығымен бекітілетін кіру және объектішілік режимдерді ұйымдастыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
13. Ұйым басшысы өткізу режимінің тәртібін, оны ұйымдастыруға және бақылауға жауапты тұлғаларды анықтайды. Күзет қызметі субъектісімен күзет қызметтерін көрсету туралы келісімшарт болмаған жағдайда, өткізу режимін тікелей орындауға жауапты адамды тағайындау қарастырылады.
14. Объектілерге арналған өткізу режимін ұйымдастыру тәртібінде:
объектілерде жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмыс кестесі және олардың жұмыс уақытында және жұмыстан тыс уақытта кіру тәртібі;
келушілерді объектіге өткізу тәртібі;
материалдық құндылықтарды әкелу (әкету), енгізу (шығару) тәртібі;
егер өзге құқықтық актілерде көзделмеген болса, объектілерге алып өтуге тыйым салынған нәрселер мен заттардың тізбесі;
объектілердің ықтимал қауіпті учаскелерінің тізбесі (кіру қақпасы, кіру есігі, қосалқы шығу, бірінші қабаттың терезелері, жертөле үй-жайы және т.б.).
кіру учаскесі (кемінде екі негізгі аймақ белгіленеді: бірінші аймақ - қызметкерлерге, білім алушыларға, ата-аналарға және өзге де келушілерге кіруге шектеу қойылмаған ғимараттар, аумақтар, үй-жайлар; екінші учаске белгілі бір санаттағы адамдарға кіруге рұқсат етілген ғимараттар мен үй-жайлар, электрщиттер, қазандықтар, химия және физика зертханалық кабинеттері, жоғары оқу орындарында – күрделі техникалық жабдықтары бар үй-жайларды көздейді.
15. Білім беру объектілері үшін өткізу режимін ұйымдастыру тәртібі осы тараудың 14-тармағында санамаланған мәліметтерден басқа мыналарды көздеуі тиіс:
тәрбиеленушілерді мектепке дейінгі ұйымдардың объектілеріне өткізу тәртібі;
үзіліс кезінде білім алушыларды оқу сабақтарына, сабақтан тыс қызмет түрлеріне, үйірмелер мен секцияларға, үзіліс арасында өткізу тәртібі;
білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарын (заңды өкілдерін) білім беру объектісіне өткізу тәртібі;
білім алушыларды сабаққа жаппай өткізуді жүзеге асыруға арналған орындар (негізгі және қосалқы) және оларды бақылау тәртібі;

16. Білім беру ұйымдарына әкелуге және олардың аумақтарында пайдалануға тыйым салынған заттар мен құралдардың тізбесі "Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы № 235 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 22857 болып тіркелген).


17. Әрбір объектіде өткізу және объектішілік режимдерді ұйымдастыру тәртібінің негізінде, оған тән ерекшеліктерді ескере отырып, ұйымның басшысы немесе жеке күзет ұйымының басшысы (объект басшысының келісімі бойынша) міндетті түрде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі лауазымдық нұсқаулықты әзірлейді:
1) ұйымға кіру кезінде жеке басын куәландыратын тиісті құжаттарын тексеру;
2) объектінің аумағына автокөлік құралдарын өткізу кезінде әкелінетін жүктердің тиісті құжаттарын және сипатын тексеру;
3) қызметтік істер бойынша объектіге баратын адамдардың құжаттарын және басқа ұйымдардан келу мақсаттарын тексеру, келушілер кітабына тиісті жазбалар жасау;
4) ішкі үй-жайларды тексеру, объектінің периметрін тексеру және қоршауларды бүліну тұрғысынан тексеру, бөгде, жарылу қаупі бар және күдікті заттарды анықтау тұрғысынан объектілердің аумағын үнемі аралау;
5) барлық анықталған бұзушылықтар туралы объект басшысына және күзет кәсіпорнындағы өзінің тікелей бастықтарына дереу хабарлау;
6) белгіленген қағидаларды бұза отырып, объектінің аумағына кіруге және (немесе) қызметкерлерге, педагогтерге, білім алушыларға, тәрбиеленушілерге қатысты, объектінің периметріне тікелей жақын жерде ұзақ уақыт тұрақтаған белгісіз автокөлік анықталған кезде құқыққа қарсы іс-әрекеттер жасауға тырысатын адамдар анықталған кезде нақты объектінің жарақтандырылуын негізге ала отырып, объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғаларының іс-әрекеттері.
18. Білім беру объектілерінде осы тараудың 17-тармағында көзделген іс-шаралардан басқа объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғалардың лауазымдық нұсқаулығы:
1) қызметкерлердің, педагогтердің, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жұмысқа және сабақтарға жаппай (жалпы) келуі және шығуы, олардың жұмыс пен сабақ аяқталғаннан кейін кетуі кезінде кіру және шығу үшін кіру есіктерін еркін ұстауды;
2) белгіленген тәртіпке сәйкес білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ата-аналарын (заңды өкілдерін), өзге де өкілдерін объектіге өткізуді жүзеге асыруды көздейді;
19. Лауазымдық нұсқаулық жеке сипатқа ие және әр объекті үшін оның ерекшеліктерін ескере отырып жасалады.
20. Объектіде өткізу режимін сапалы ұйымдастыру мақсатында күзет қызметкерінің (қызметкерлерінің) орнын қарастыру қажет.
21. Азаматтардың құқықтарын шектейтін, объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғалары талаптарының заңдылығын түсіндіретін өткізу режимінің негізгі қағидалары туралы хабарламаларды объектінің әкімшілігі көруге болатын жерлерге орналастырады (объектіге кіру кезінде).
3-тарау. Профилактикалық және оқу іс-шараларын ұйымдастыруға қойылатын талаптар
22. Объектілердің меншік иелері, иелері, басшылары олардың терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі профилактикалық және оқу іс-шараларын ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастырушы болып табылады.
23. Алдын алу және оқу іс-шараларын ұйымдастырудың жоғары сапасын қамтамасыз ету мақсатында объект басшысымен оларды үйлестіру, сондай-ақ көрсетілген іс-шараларды білім және ғылым объектісінің педагогтерімен және объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды өткізуге жауапты адамға жүктеледі.
24. Алдын алу іс-шараларының мақсаты білім және ғылым объектісінде терроризм актісін жасауды барынша азайтуға ықпал ететін жағдайлар жасау болып табылады.
25. Оқу іс-шараларының мақсаты білім және ғылым объектілерінің қызметкерлерін, педагогтерді, білім алушыларды, тәрбиеленушілерді, ата-аналарды (заңды өкілдерді) терроризмге қарсы қауіпсіздіктің негізгі қағидаларымен таныстыру, терроризм актісінің жасалу қаупі төнген кезде және ол жасалғаннан кейін сауатты және ұтымды мінез-құлық дағдыларын тұжырымдау болып табылады.
26. Профилактикалық және оқу іс-шаралары нұсқамалар, сабақтар (практикалық және теориялық) түрінде:
1) объект қызметкерлерімен;
2) педагогтермен;
3) объектінің білім алушылары мен тәрбиеленушілері, олардың ата-аналары (заңды өкілдері);
4) объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғалармен өткізіледі.
27. Қызметкерлермен, педагогтермен, білім алушылармен, тәрбиеленушілермен, сондай-ақ олардың ата-аналарымен (заңды өкілдерімен) профилактикалық және оқу іс-шараларын өткізуді объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды өткізуге объекті басшысының бұйрығымен бекітілген қызметкер жүзеге асырады.
28. Осы іс-шараларды өткізуге объекті орналасқан жердегі әкімшілік-аумақтық бірліктің терроризмге қарсы комиссиясымен келісім бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ объектінің неғұрлым дайындалған қызметкерлері тартылады.
29. Білім беру объектілерінің оқушыларымен профилактикалық және оқу іс-шараларын өткізуге осы тараудың 28-тармағында аталған тұлғалардан басқа педагогтер, психологтар, білім алушылардың сынып жетекшілері (топ кураторлары) қатысады.
30. Мектепке дейінгі ұйым жағдайында балалардың қауіпсіз іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру мектепалды топтан басталатын "Қауіпсіз мінез -құлық негіздері" оқу қызметін ұйымдастыру барысында жүзеге асады.
31. Терроризмге қарсы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі профилактикалық және оқу іс-шаралары тақырыптарының нұсқалары осы Нұсқаулықтың 1-қосымшасында келтірілген.
32. Білім алушылармен, тәрбиеленушілермен профилактикалық іс-шаралар білім беру-тәрбие процестері, арнайы сабақтар, сынып сағаттары, тәрбие жұмыстары аясында да жүзеге асырылады.
Алдын алу іс-шараларына мектепішілік тәртіп ережелерін және бұзуға бейім жекелеген білім алушылардың алдын алу және анықтау бойынша педагогикалық кеңестің іс-әрекеттері жатады. Білім беру объектілерінің білім алушыларымен профилактикалық және оқу іс-шаралары білім алушылардың жасына сәйкес келеді.
Білім беру объектісінің педагогикалық персоналы қатарынан емес білім алушылармен, тәрбиеленушілермен сабақ өткізу кезінде сабақтың нысаны, материал білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жасына бейімделеді және білім беру объектісінің басшысымен келісіледі.
33. Күзет қызметі субъектілерінің қызметкерлерімен профилактикалық және оқу іс-шараларын өткізу оның басшысына жүктеледі.
34. Объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғалармен терроризмге қарсы қорғаудың инженерлік-техникалық құралдарын пайдалану дағдыларына ие болу және (немесе) жетілдіру, үй-жайларды қарап тексеру техникасы, жарылғыш құрылғылардың орнатылуы мүмкін орындарды анықтау бойынша қосымша сабақтар өткізіледі.
35. Сабақтар (практикалық және теориялық) меншік иесі, иеленуші, объект басшысы немесе күзет қызметі субъектісінің басшысы бекіткен өткізу кестелеріне сәйкес жүргізіледі.
36. Терроризмге қарсы қорғау жөніндегі іс-шараларды өткізуге жауапты адам қызметкерлердің жекелеген топтары үшін олардың қызметін ескере отырып, білім алушылар үшін олардың жасын, оқыту тілін ескере отырып іс-шаралар кестесін жасайды.
37. Теориялық сабақтар қызметкерлер, педагогтер, білім алушылар, тәрбиеленушілер, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қызметкерлер арасында терроризм идеологиясының таралуының алдын алуға, сондай-ақ терроризмге қарсы іс-қимылға, терроризм идеологиясын оның әртүрлі көріністерінде қабылдамауды қалыптастыруға, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталады.
38. Практикалық сабақтар қызметкерлердің, педагогтердің, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғалардың іс-қимылдарының барынша үйлесімділігін және анықтығын қамтамасыз етуге бағытталады.
39. Объектінің үй-жайларында және аумағында терроризм актісін жасау қаупі туындаған кездегі іс-қимылдар бойынша практикалық сабақтар объектінің барлық ұжымын қамти отырып, терроризмге қарсы комиссияның үйлестіруімен жылына кемінде бір рет өткізіледі.
40. Объектінің барлық ұжымын қамти отырып, практикалық сабақтарды өткізу алдында қызметкерлердің, педагогтердің, білім алушылардың, тәрбиеленушілердің, объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғалардың жекелеген топтарымен осы Нұсқаулыққа 2-қосымшаға сәйкес терроризм актілерін жасаудың ықтимал сценарийлері кезінде мінез-құлық алгоритмдерін білуін қалыптастыруға бағытталған теориялық және практикалық сабақтар, жоспарлы нұсқамалар өткізіледі.
41. Нұсқамалар өткізу қызметкерлер мен педагогтерді терроризмге қарсы қауіпсіздіктің негізгі ережелерімен таныстыруға, сауатты және ұтымды мінез-құлық дағдыларын дамытуға арналған.
42. Жоспарлы нұсқама объект ұжымының әрбір тобы үшін (қызметкерлер, педагогтер, объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғалар, білім алушылар, тәрбиеленушілер, олардың жас ерекшеліктеріне сәйкес) жылына кемінде екі рет өткізіледі.
43. Жоспардан тыс нұсқама:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 9 тамыздағы "Терроризм актісі қатерінің туындауы туралы ақпарат мониторингінің және халықты хабардар етудің мемлекеттік жүйесінің ұйымдастырылуы мен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" № 611 Жарлығына сәйкес объект орналасқан өңірде террористік қауіптілік деңгейінің бірін енгізу: объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды өткізуді қамтамасыз ететін адамның үйлестіруі кезінде орташа ("сары"), жоғары ("қызғылт сары"), дағдарысты ("қызыл");
2) объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды өткізуді қамтамасыз ететін адамды үйлестіру кезінде объектіде терроризм актісін жасаудың ықтимал қатері туралы ақпараттың болуы;
3) терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабты үйлестіру кезінде оқу-жаттығуларға, жаттығуларға, эксперименттерге дайындық;
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметін үйлестіру кезінде күзет іс-шараларын өткізуге дайындық кезінде өткізіледі.
44. Жоспардан тыс нұсқаманың мазмұны оны жүргізу қажеттілігін тудырған себептер мен жағдайларға байланысты әрбір нақты жағдайда айқындалады.
45. Объектіде жұмыс істейтін қызметкерлер тобы үшін немесе жеке (жұмысқа, оқуға жаңадан түскен адамдар үшін) нұсқаулық өткізіледі.
46. Алдын алу және оқу іс-шараларын өткізу үшін барлық немесе белгілі бір қызметкерлер тобын, тәрбиеленушілерді, білім алушыларды сыйыстыратын, арнайы көрнекі ақпаратты (стендтер, плакаттар) орналастыруға, тақырыптық слайдтарды көрсету үшін проектор орнатуға, аудиотехниканы немесе бейнетехниканы пайдалануға арналған орын бөлінетін үй-жай пайдаланылады.
47. Іс-шара аяқталғаннан кейін оның нәтижелері осы Нұсқаулыққа 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша терроризмге қарсы қорғау жөніндегі оқу іс-шараларын есепке алу журналына (бұдан әрі - журнал) енгізіледі.
48. Журнал нөмірленеді, тігіледі және мөрмен бекітіледі. Журналды толтыру қатаң бірізділікті сақтай отырып жүргізіледі.
49. Журналды жүргізуді объектінің терроризмге қарсы қорғалуы жөніндегі іс-шараларды өткізуге жауапты адам жүзеге асырады.
50. Нұсқамаға немесе сабаққа 20-дан астам адам қатысқан кезде көрсетілген іс-шараны құжаттау хаттама түрінде жүзеге асырылады.
4-тарау. Террористік көріністерге ден қою, сондай-ақ жасалған терроризм актісінің нәтижесінде туындаған техногендік сипаттағы қатерлерді жою мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастыруға қойылатын талаптар
51. Терроризмге қарсы комиссиямен өзара іс-қимыл терроризм актілерінің алдын алу және ескерту, объектіге терроризм актісінің қаупі төнген немесе жасалған жағдайда қызметкерлерді, білім алушыларды, тәрбиеленушілерді, объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғаларды оқыту және даярлау мақсатында ұйымдастырылады.
52. Терроризмге қарсы комиссиямен өзара іс-қимыл объект үшін террористік сипаттағы неғұрлым ықтимал қатерлерді нақтылау арқылы профилактикалық және оқу-жаттығу іс-шараларын жоспарлау кезеңінде белгіленеді.
53. Объектідегі террористік сипаттағы неғұрлым ықтимал қауіп-қатерлерге, объект ерекшеліктеріне (объект типі, іске асырылатын оқыту бағдарламалары, қызметкерлер мен күзет қызметі субъектілерінің қызметкерлерінің саны, объектінің орналасуы) сүйене отырып, объектіде осы Нұсқаулыққа 2-қосымшада келтірілген террористік сипаттағы ықтимал қауіп-қатерлерге объект адамдарының әртүрлі топтарының әрекет ету алгоритмдері нақтыланады.
54. Бұл алгоритмдер уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен өткізілетін практикалық сабақтар, сондай-ақ терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтардың жоспарларына сәйкес өткізілетін терроризмге қарсы әртүрлі деңгейдегі оқу-жаттығуларды, жаттығуларды, эксперименттерді дайындау және өткізу барысында пысықталады.
55. Объектіге терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штаб әртүрлі деңгейдегі терроризмге қарсы оқу-жаттығуларын, жаттығуларды, эксперименттерді өткізуге тартылған жағдайда, объектіге күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан объектінің басшысы, сондай-ақ күзет қызметі субъектісінің басшысы көмек көрсетеді, қызметкерлердің, оқушылардың, күзет қызметкерлерінің қажетті топтарын көрсетілген іс-шараларды өткізуге тартуды және қатысуын қамтамасыз етеді.
56. Терроризмге қарсы әртүрлі деңгейдегі оқу-жаттығуларды, жаттығуларды, эксперименттерді өткізу қорытындылары бойынша тиісті жоспарларға, кестелер мен алгоритмдерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
57. Террористік көріністерге ден қою мәселелері бойынша өзара іс-қимыл міндеттерінің бірі Қазақстан Республикасының аумақтық ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарын терроризм актілерін дайындау фактілері мен белгілері туралы уақытылы хабардар ету және оларға жол бермеуге бағытталған шараларды іске асыру болып табылады.
58. Терроризм актісін (актілерін) жасау немесе жасау қатерлеріне ден қоюға әзірлікті қамтамасыз ету шеңберінде объектіге күзет қызметтерін көрсету туралы шарт жасасқан объектілердің басшылары, күзет қызметі субъектілерінің басшылары:
1) терроризм актісінің (актілерінің) жасалу қатері немесе жасалуы туралы Қазақстан Республикасының аумақтық ішкі істер және Ұлттық қауіпсіздік органдарын дереу хабардар ету бойынша;
2) терроризм актісінің (актілерінің) жасалу қатері немесе жасалуы туралы уәкілетті мемлекеттік органдардан ақпарат алған кезде;
3) қызметкерлердің, оқушылардың, күзет қызметкерлерінің қаруды, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды дайындауға арналған бөлшектерді ұрлаудың, заңсыз сатып алудың белгілі болған фактілері туралы, сондай-ақ олардың сақталатын орындары туралы аумақтық ішкі істер органдарын уақытылы хабардар ету бойынша алғашқы әрекет ету алгоритмін әзірлейді.
5-тарау. Террористік тұрғыдан осал объектінің терроризмге қарсы қорғалуы паспортын әзірлеуге және оның айналымына қойылатын талаптар
59. Объектінің терроризмге қарсы қорғалу паспорты (бұдан әрі-паспорт) терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мүдделі органдар объектідегі терроризм актілерінің салдарларының алдын алу, жолын кесу, барынша азайту және (немесе) жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлаған кезде оларды пайдалануға арналған.
60. Эвакуациялау орны, жинау орындары, хабардар ету жүйесі, білім беру ұйымдарындағы Төтенше жағдайлар туралы ата-аналарды хабардар ету тәртібі және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің отбасылармен қайта қосылу тәртібі туралы ақпарат білім беру ұйымының Қамқоршылық (ата-аналар) кеңесімен келісілгеннен кейін паспортқа енгізіледі.
61. Паспорт қол жетімділігі шектеулі ақпаратты қамтитын құжат болып табылады.
Білім және ғылым бъектілерінде паспорт таратылуы шектелген қызметтік ақпаратты қамтитын құжат болып табылады және егер оған құпиялылық белгісі берілмесе, оның "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі болады. Паспортқа құпиялылық белгісін беру туралы шешім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес қабылданады. Мемлекеттік (коммуналдық) объекті болып табылмайтын білім беру және ғылым объектілерінде объектілердің басшылары объектінің лаңкестікке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, терроризмге қарсы жағдайды бақылау бойынша шаралар қолдануға, терроризммен күрес жөніндегі жедел штаб қызметінде объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, паспортты әзірлеуге қатысы жоқ адамдарға қол жетімділікті шектеу бойынша шаралар қабылдайды.
62. Паспортты әзірлеуге, оны сақтауға және төлқұжат деректерін уақытылы жаңартуға жауапты тұлға (тұлғалар) объектінің басшысы болып тағайындалады.

63. Паспорт Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 12 қарашадағы № 1217 қаулысымен бекітілген объектілердің терроризмге қарсы қорғалуының үлгілік паспортына сәйкес (бұдан әрі – үлгілік паспорт) бір мезгілде электрондық нұсқаны әзірлей отырып, екі данада әзірленеді.


64. Объект бірнеше құқықтық иеленушісі бар ғимаратта, құрылыста (ғимараттар мен құрылыстар кешенінде) орналасқан жағдайда, паспорт жасау олардың арасындағы жазбаша келісім бойынша объектілердің барлық құқық иеленушілерімен немесе олардың бірімен бірлесіп жүзеге асырылады.
65. Паспорттың жобасы объектінің басшысы объектіні террористік тұрғыдан осал объектілердің, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тізбесіне енгізу туралы тиісті хабарламаны алған кезден бастап 45 (қырық бес) жұмыс күні ішінде жасалады.
66. Әзірленген паспорт жобасы объектінің орналасқан жері бойынша аумақтық ішкі істер органының басшыларымен жасалғаннан кейін күнтізбелік 10 (он күн) ішінде келісіледі.
Паспорт жобасын келісу мерзімі үлгі паспортта көрсетілген лауазымды адамға паспорт келіп түскен күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспауы тиіс.
Келісуші тұлғадан паспорттың жобасына ескертулер болған кезде, пысықтау мерзімі қайтарылған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен, ал кері қайтарылған кезде 7 (жеті) жұмыс күнінен аспайды.
67. Келісілгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде паспортты объектінің басшысы бекітеді (оның ішінде оны жаңарту кезінде).
Бірлесіп жасаған кезде паспортты объектілердің барлық құқық иеленушілері бекітуі тиіс.
Бір құқықтық иеленуші жасаған кезде паспортты ол объектінің басқа құқықтық иеленушілерімен келісім бойынша бекітеді.
68. Объектінің паспорттарын есепке алу номенклатуралық істер форматында жүзеге асырылады.
69. Паспорттың бірінші данасы (түпнұсқасы) әзірленіп, бекітілгеннен кейін оның сақталуына және паспорттың деректерін уақытылы жаңартуға жауапты тұлғада сақталуы тиіс.
70. Терроризм актілерінің салдарын жоюға және азайтуға тартылған органдарға паспортты уақтылы беруді қамтамасыз ету мақсатында паспортқа құжаттарды екі данада уақытша беру актісі жасалады.
71. Құжаттарды уақытша беру актісінің бір данасы паспортпен бірге терроризмге қарсы операцияға басшылықты жүзеге асыратын жедел штабқа беріледі. Тізімдеменің екінші данасы паспортты сақтауға жауапты адамда қалады.
72. Паспорттың екінші данасы және паспорттың электрондық нұсқасы (PDF форматында электрондық ақпарат жеткізгіште) ол бекітілген немесе түзетілген күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірілмейтін мерзімде сақтау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне жіберіледі.
73. Паспорт келесі өзгерістер енгізілген жағдайда түзетуге жатады:
1) меншік құқығы;
2) объект басшысы;
3) объектінің атауы;
4) объектінің негізгі мақсаты;
5) күрделі жөндеу немесе ғимараттарды (құрылыстар мен ғимараттарды) және инженерлік жүйелерді реконструкциялау аяқталғаннан кейін, егер конструкцияға өзгерістер енгізілсе, объектінің, іргелес аумақта құрылыс салудың жалпы алаңы мен периметріне;
6) объектінің ықтимал қауіпті учаскелерінің тізбесі;
7) объектінің терроризмге қарсы қорғалуын қамтамасыз ету үшін тартылатын техникалық құралдар.
74. Түзетуге негіздер туындағаннан кейін өзгерістер күнтізбелік 20 (жиырма) жұмыс күн ішінде енгізіледі.
Паспортты әзірлеу, оған түзетулер енгізу мерзімдерін ұлғайту объект басшысы терроризмге қарсы комиссияға тиісті өтінішпен жүгінеді.
Паспортта сақталуына жауапты қызметкер объект басшысының немесе паспортқа қол қоюға уәкілетті адамның қолымен расталған өзгерістердің себептері мен күндерін көрсете отырып, енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы белгі қояды. Паспорттың өзгерістер болған элементтері ғана ауыстырылуға жатады.
Бір мезгілде объект басшысының қолы қойылған тиісті өзгерістер туралы ақпарат паспорттың электрондық нұсқасын бір мезгілде ауыстыра отырып, паспорттың екінші данасына қоса тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарына жіберіледі.
75. Паспорт мына жағдайда:
1) бес жылда кемінде бір рет;
2) паспорт мәтіні тармақтарының жартысынан астамына түзетулер енгізілген жағдайда толық ауыстыруға жатады.
76. Паспорт тиісті акт жасала отырып, комиссиялық тәртіппен жойылуға жатады.
Акт объектінің құқықтық иеленушісі болып табылатын ұйымда қалады.
Актінің көшірмесі паспорттың екінші данасы сақталатын жерге жіберіледі.
6-тарау. Террористік тұрғыдан осал объектілерді Білім және ғылым саласындағы қызметті жүзеге асыратын инженерлік-техникалық жабдықпен жарақтандыруға қойылатын талаптар
77. Терроризм актісін жасаудың ықтимал салдарларын ескере отырып, объектілердің мынадай топтары белгіленеді:
1) бірінші топтағы білім беру объектілері – персонал және білім алушылар (тәрбиеленушілер) саны 300 адамға дейінгі білім объектілері;
2) екінші топтағы білім беру объектілері – білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) және персоналдың нақты саны 300-ден 700-ге дейін, сондай-ақ, кенттер мен ауылдық елді мекендерде орналасқан 700-ге дейін толықтырылған білім беру объектілері;
3) үшінші топтағы білім беру объектілері – білім алушылардың (тәрбиеленушілердің) және персоналдың нақты саны 700 адамнан асатын, сондай-ақ, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан (білім беру объектілерінің толықтырылуына қарамастан) білім беру объектілері;
4) төртінші топтағы білім беру объектілеріне:
ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық (бактериологиялық, улы) заттарды әзірлеуге, өндіруге, сынауға, зерттеуге және сақтауға тартылған, сондай-ақ жарылыс, өрт қауіпті заттарды, прекурсорларды, қару мен оқ-дәрілерді, уытты заттар мен препараттарды, өмірі мен денсаулығына залал келтіруге, аварияның туындауына, қауіпті әлеуметтік-экономикалық салдарлармен төтенше жағдай қатерінің туындауына, терроризм актісін жасау үшін одан әрі пайдалану мақсатында қауіпті заттар мен материалдардың ұрлануына ықпал етуі мүмкін технологиялық тізбектердің, жүйелердің, жабдықтардың немесе құрылғылардың элементтерін пайдаланатын персонал мен қызметкерлердің санына қарамастан ғылым объектілері;
қызметкерлердің санына қарамастан, Министрліктің, оның комитеттерінің, аумақтық бөлімшелерінің және өзге де ведомстволық бағынысты ұйымдардың әкімшілік ғимараттары жатады.
78. Бірінші топтың объектілері міндетті түрде бейнебақылау жүйесімен және хабардар ету жүйесімен жарақтандырылады.
79. Екінші топтың объектілері 78-тармақта көзделген техникалық жарақтандыруға қосымша аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне не күзет қызметі субъектілерінің орталықтандырылған бақылау пультіне бейне-бейнені полицияның жедел басқару орталықтарына не аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне бере отырып, дабыл беру құралымен (дабыл түймесі), бейнебақылау жүйесімен жарақталады.
80. Үшінші топтың объектілері осы тараудың 78 және 79-тармақтарында көзделген қосымша техникалық жабдықтау, техникалық бақылау және басқару жүйелерімен (турникеттер, лицензияланған күзет ұйымы) жарақталады.
Турникет құрылғыны қолмен және автоматты және (немесе) қашықтықтан ашу және блоктау тәсілін қамтамасыз етеді.
81. Төртінші топтың объектілері осы тараудың 78, 79 және 80-тармақтарында көзделген техникалық жарақтандыруға қосымша қоршаумен, күзет және дабыл сигнализациясы жүйелерімен және құралдарымен, күзеттік жарықтандыру жүйелерімен және құралдарымен, байланыс жүйелерімен және құралдарымен, резервтік электрмен жабдықтау жүйелерімен және құралдарымен жарақталады.

82. Объектілер мемлекеттік қорғауға жататын объектілерге жатқызылған жағдайда, олар осы тараудың 77-тармағында көрсетілген топтарға бөлінуіне қарамастан, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 7 қазандағы "Мемлекеттік күзетілуі тиіс объектілердің кейбір мәселелері" № 1151 қаулысымен бекітілген мемлекеттік қорғауға жататын объектілерді инженерлік-техникалық нығайтуға қойылатын талаптарға сәйкес жабдықталады.


83. Бейнебақылау жүйесі объектідегі жағдайға бақылау жүргізу, сондай-ақ санкцияланбаған кіру фактісін көзбен шолып растау мақсатында, жағдайды бағалау және құқық бұзушылардың іс-әрекеттерін тіркеу үшін белгіленеді.
84. Жеке ғимаратта (ғимараттар кешенінде) орналасқан объектіде бейнебақылау жүйесі мыналармен жабдықталады:
1) объектіге іргелес аумақтың периметрі;
2) бақылау-өткізу пункттері (бар болса);
3) бас және қосалқы кіру есіктері. Білім беру объектілерінде білім алушыларды сабаққа жіберуге арналған барлық кіру есіктері жабдықталады;
4) объектіде адамдар көп болуы мүмкін орындар. Білім беру объектілерінде мұндай орындар дәліздер, спорт және акт залдары, асханалар, фойе, киім ілетін орындар, сондай-ақ білім беру объектілерінің учаскелерінде жайластырылған ойындарға, спорт пен демалуға арналған алаңдар болып табылады;
5) ықтимал қауіпті учаскелері бар аумақ пен үй-жайлар, оларға апаратын үй-жайлар (орындар), дәліздер;
6) тексеріп қарау үй-жайлары (бөлмелері), көлікті тексеріп қарау учаскелері (бар болса);
7) объект басшысының (меншік иесінің) қалауы бойынша басқа да үй-жайлар мен аумақтар жатады.
85. Ғимараттың бір бөлігінде орналасқан объектіде бейнебақылау жүйесі мыналарды:
1) объектінің адамдардың жаппай жиналуы мүмкін орындарын;
2) негізгі және қосалқы кіреберістерді (бар болса) қамтуы қажет.
86. Бейнеқылау жүйесі:
1) қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қызметкерінің бекетінде орнатылған көрнекі ақпаратты телекамералардан техникалық құралға немесе алынған ақпаратты жинаудың, өңдеудің, көрсетудің және тіркеудің техникалық құралдарының жиынтығына беруді;
2) автоматтандырылған режимдегі жұмысты;
3) қазіргі уақыт режимінде объектідегі жағдайды бағалау мүмкіндігін;
4) 30 тәуліктен кем емес мерзімде ақпаратты сақтауды қамтамасыз етеді.
87. Тәуліктің қараңғы уақытында, егер үй-жайлардың және объектілердің іргелес аумақтарының жарықтандырылуы телекамералардың сезімталдығынан төмен болса, көрінетін немесе инфрақызыл жарық диапазонының (ол болған жағдайда) жарықтандырылуы қосылады.

88. Бейнебақылау жүйелеріне қойылатын техникалық талаптар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының 2020 жылғы 27 қазандағы № 69-қе бұйрығымен бекітілген (Нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеуіндегі тізбесінде № 21693 болып тіркелген) Бейнемониторингтің ұлттық жүйесінің жұмыс істеу қағидаларында (бұдан әрі – Бейнемониторингтің ұлттық жүйесінің жұмыс істеу қағидалары) көзделген бейнебақылау жүйелерінің ең төмен техникалық шарттарына сәйкес келеді.


89. Объектілер қызметкерлерді, тәрбиеленушілерді, білім алушыларды және объектіге келушілерді штаттан тыс жағдайдың туындауы (терроризм актісінің жасалу қаупі немесе жасалуы және туындаған салдарлар туралы) туралы жедел хабардар ету және олардың іс-қимылдарын үйлестіру мақсатында хабардар ету жүйелерімен және құралдарымен жарақтандырылады.
90. Қызметкерлерді, оқушыларды және объектіге келушілерді хабардар ету алдын ала әзірленген жоспарға сәйкес басқа да техникалық және жылжымалы байланыс құралдарының (сигнализация) көмегімен ішкі байланыс желілері бойынша жүзеге асырылады, олар мыналарды қамтамасыз етеді:
1) ғимараттарға, үй-жайларға, адамдар тұрақты немесе уақытша болатын объект аумағының учаскелеріне дыбыстық (қажет болған жағдайда және жарық сигналдарын) беру;
2) сөйлеу ақпаратын автоматты режимде де (бұрын жазылған мәтінді оқу), сондай-ақ қауіп сипаты, объектілерде үй-жайларда эвакуациялауды немесе бұғаттауды жүзеге асыру қажеттілігі мен тәртібі, объектінің персоналы, білім алушылары мен келушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқа да іс-қимылдар туралы микрофон көмегімен де трансляциялау. Үй-жайларды эвакуациялау және бұғаттау туралы хабарлау жүйелері сигналдармен ерекшеленеді.
91. Хабарлағыштардың саны және олардың қуаты адамдар тұрақты немесе уақытша болатын барлық жерлерде қажетті естілуін қамтамасыз ету, эвакуация жүргізілген жағдайда оны жүргізу үшін қажетті есептік уақыт ішінде әрекет етеді.
92. Дабыл беру құралы (мобильді немесе стационарлық) (дабыл түймесі) объектіде терроризм актісінің жасалу қаупі туралы уәкілетті органдарды уақтылы хабардар ету мақсатында орнатылады.
93. Дабыл беру құралы міндетті түрде объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғаның постымен және жаппай өткізуге арналған объектіге кірумен жабдықталады.
94. Дабыл беру құралы аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне не күзет қызметі субъектілерінің орталықтандырылған бақылау пультіне жасырын сигнал беру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
95. Объектілерді қоршау адамдардың объектіге және объектіден еркін өтуіне және көлік құралдарының өтуіне кедергі келтіру мақсатында орнатылады.
Қоршаумен аумағы бар тиісті объектілердің периметрі жабдықталады.
Қоршау:
1) еркін өтуді болдырмайтын және объектінің режимдік шарттарын қанағаттандыратын биіктік пен топыраққа тереңдігі;
2) дизайн қарапайымдылығы, жоғары беріктігі мен беріктігі болу қажет;
3) еңсеруді жеңілдететін тораптар мен конструкциялар болмауы керек.
Периметр қоршауы мынадай сипаттамаларға сәйкес болады:
1) барлық маусымдар мен тиісті климаттық аймақтардың сыртқы Климаттық факторларына төзімділігі;
2) индустриялық кедергілерден және көлік құралдары тудыратын кедергілерден, құстар мен жануарлардың әсерінен қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
96. Күзетудегі объектілер күзет бөлімшелерінің күштері мен құралдарын басқару үшін ақпарат алмасу мақсатында байланыс жүйелерімен және құралдарымен жарақталады.
Байланыс жүйесі күзет пунктіндегі кезекші мен қызмет көрсету аумағындағы күзет нарядтары арасындағы, қызмет көрсету аумағы шегіндегі күзет нарядтары арасындағы екі жақты радиобайланысты қамтамасыз етуге тиіс.
97. Объектілер күзет және дабыл сигнализациясы, кіруді бақылау және басқару, жарықтандыру, бейнебақылау жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін резервтік электрмен жабдықтау жүйелерімен және құралдарымен жарақталады.
98. Объектілердің топқа жатқызылуына қарамастан, олардың кіру топтары, сондай-ақ білім алушылар мен тәрбиеленушілердің көлік құралдарының қозғалыс жолдарына тікелей жақын жерде жаппай болуы мүмкін ашық орындары орналасқан жағдайда объектілер көлік құралдарының жылдамдығын төмендету құралдарымен жабдықталады.
99. Білім беру объектілері соқтығысу қаупін болдырмау мақсатында көлік құралдарының жылдамдығын төмендету құралдарымен жабдықталады.
100. Көлік құралдарының жылдамдығын төмендету гүл құмыраларын, сәулет және ландшафт элементтерін, боллардтарды және басқа құралдарды пайдалану арқылы қамтамасыз етіледі.

101. Осы тараудың 77-тармағында айқындалған топтарға қарамастан, объектілер әлеуетті қауіпті учаскелер болған кезде сигнал беру жүйелерімен және құралдарымен жабдықталады.


102. Меншік иесінің, иеленушінің шешімі бойынша объектіде объектінің терроризмге қарсы қорғалу деңгейін арттыруға ықпал ететін қосымша инженерлік-техникалық жабдық орнатылады.
103. Объектінің инженерлік-техникалық жабдығы әрдайым жұмыс жағдайында ұсталады.
104. Объектіні террористік тұрғыдан осал объектілердің тізбесіне енгізгеннен кейін 6 ай ішінде оны Қағидаларға сәйкес инженерлік-техникалық жабдықпен жабдықтау мүмкін болмаған жағдайда, объекті басшылығы объектіні жарақтандыруға арналған республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің, бюджеттен тыс көздердің қаражатын жоспарлау үшін шаралар қабылдайды, ал терроризмге қарсы комиссияға объектіні инженерлік-техникалық жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы келісуге ұсынылады.


Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым министрлігінің
террористік тұрғыдан осал
объектілері мен білім және
ғылым саласындағы қызметті
жүзеге асыратын террористік
тұрғыдан осал объектілерді
терроризмге қарсы қорғауды
ұйымдастыру жөніндегі
нұсқаулыққа
1-қосымша

Сабақ тақырыптарының нұсқалары
Мектепке дейінгі ұйымдар:
1. Қауіпсіз балабақша.
2. Әлем біздің айналамызда.
3. Табиғат әлемі.
4. Техника және біз.
5. Мен және қоршаған орта.
6. Мен және ересектер әлемі.
Бастауыш мектеп:
1. Ықтимал қауіптерден өзіңді қалай қорғау керек.
2. Күдікті зат анықталған кездегі әрекеттер.
3. Терроризм қаупі бар жағдайдағы балалардың іс-қимылдары (террорлық акті жасаған).
4. Терроризмнен туралы не білуі керек.
5. Қауіпсіз іс-әркет ережелерін білудің маңыздылығы.
6. Қауіпсіз мектеп.
Негізгі орта мектеп:
1. Бейтаныс адамдардың стандартты емес іс-әркетін қалай ажыратуға болады.
2. "Терроризм: оның пайда болуы мен салдары".
3. Терроризим-қоғамға қауіп.
4. Мектептердердегі қауіпсіздік іс-шаралары.
5. Терроризм қаупі бар жағдайдағы балалардың іс-қимылдары (террорлық акті жасаған).
6. Терроризмнен қорғау.
Орта мектеп:
1. Қауіпсіз тәртіп ережелері;
2. Қазіргі терроризм және онымен күрес;
3. Мектептегі терроризмге қарсы қауіпсіздік;
4. Объектілерде террористік актілердің алдын алу және сақтық шаралары туралы;
5. Терроризмнен қорғау;
6. Террористік шабуыл кезінде білім алушылардың іс-әрекеттері.
Білім беру ұйымдарының басшылары мен персоналы үшін:
1. Білім беру ұйымдарының басшылары мен персоналының объектінің миналанғаны туралы хабарлама алған кездегі іс-қимылы.
2. Жасалған теракт кезіндегі білім беру ұйымдарының басшылары мен персоналының іс-қимылы.
3. Терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша профилактикалық, оқу, жаттығу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу.
4. Білім беру ұйымының терроризмге қарсы қауіпсіздігін ұйымдастыру.
5. Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары.
ҚР БҒМ ведомстволық бағынысты ұйымдары үшін:
1. Жарылғыш заттарды тану және жарылыс қаупі кезіндегі тәртіп ережелері.
2. Білім беру ұйымының жанында қоғамдық тәртіпсіздіктер туындаған және кепілге адамдарды алу қаупі туындаған кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
3. Терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша профилактикалық, оқу, жаттығу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу.
4. Террористік акт жасау қаупі төнген кезде қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
5. Лаңкестік жасалған кездегі білім беру ұйымдары басшыларының іс-қимылы.
Нұсқамалар өткізу шеңберінде:
1. Қызметкерлерді, оқушыларды, тәрбиеленушілер мен объектіге келушілерді эвакуациялау және эвакуациялау кезіндегі қауіпсіздік шаралары;
2. Объект аумағының шегінде терроризм актісін жасау жағдайындағы дербес мінез-құлық тәртібімен және іс-қимылдармен объектінің әрбір қызметкерін егжей-тегжейлі таныстыру.
Практикалық сабақтарды өткізу шеңберінде:
1. Иесіз заттар мен күдікті заттарды табу мақсатында үй-жайларды қарап тексеруді ұйымдастыру бойынша қызметкерлердің, объектінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тұлғалардың практикалық іс-қимылдарын пысықтау:
1) иесіз заттарды, күдікті заттарды тапқан және миналау туралы хабарлама алған кездегі іс-әрекеттер;
2) ұйымның аумақтық ішкі істер органдарымен өзара іс-қимылын ұйымдастыру, иесіз заттарды, күдікті заттарды тапқан және объектіні миналау туралы хабарлама алған кезде күзету;
3) объекті персоналы мен келушілерді хабардар етуді ұйымдастыру;
4) объекті персоналы мен келушілерді эвакуациялауды ұйымдастыру.
Көрсетілген іс-шараларға сәйкес келесі жаттығулар өткізіледі:
1) объектіге мина қойылғандығы туралы хабарлама алған кездегі персоналдың іс-қимылы;
2) иесіз заттар мен күдікті заттар табылған кездегі іс-әрекеттер;
3) адамдарды эвакуациялау кезіндегі іс-қимылдар.


Қазақстан Республикасы Білім
және ғылым министрлігінің
террористік тұрғыдан осал
объектілердің және білім және
ғылым саласындағы қызметті
жүзеге асыратын террористік
тұрғыдан осал объектілердің
терроризмге қарсы қорғауды
ұйымдастыру жөніндегі
нұсқаулыққа
2-қосымша



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет