4 тапсырма. Шықшыт сілекей безінің құрылысын зерттеу
Гематоксилин және эозинмен боялған шықшыт сілекей безінің кесіндісінде, микроскоптың кіші өлшемінде мүшенің бөліктік құрылысына, дәнекер тіндік капсуласына және бөлікшеаралық тосқауылдарда орналасқан бөлікшеаралық шығару өзектерге назар аударыңыздар. Микроскоптың үлкен өлшемінде бөліктің ішінде ядросы ортасында орналасқан, пішіні конус тәрізді сероциттермен қапталған дөңгелек белоктық секреторлық бөлімдер - ацинустар мен бөлікшеішілік ендірме және жолақты өзектерді табыңыздар. Бөліктің суретін салып, келесі белгілерді көрсетіңіздер: 1) капсула, 2) бөлікшеаралық тосқауылдар, 3) бөлікшеішілік дәнекер тіні, 4) белоктық ацинус, 5) ендірме өзек, 6) жолақты өзек, 7) бөлікшеаралық өзек.
5 тапсырма. Өңештің құрылысын зерттеу.
Гематоксилин және эозинмен боялған өңештің көлденең кесіндісінде микроскоптың кіші өлшемінде көріп, суретін салып, келесі белгілерді қойыңыздар: I) шырышты қабықша, онда 1) көпқабатты жазық мүйізденбейтін эпителий, 2) меншікті табақша, 3) бұлшық ет табақшасы, II) шырыш асты негіздегі меншікті бездердің секреторлық бөлімдері, III) екі қабаттан тұратын бұлшық ет қабықшасы, IV) адвентициальды қабықша.
6 тапсырма. Асқазан түбінің қабырғасының құрылысын зерттеу.
Конго-рот және гематоксилинмен боялған препаратта асқазан қабырғасының қабықшаларын, қабаттарын, олардың тіндік құрамын және меншікті бездердің жасушаларын анықтаңыздар. Микроскоптың кіші және үлкен өлшемінде тауып, суретін салыңыздар. Белгілері: I) шырышты қабықша, онда 1) асқазан шұңқырлары, 2) бірқабатты призмалық безді эпителий, 3) шырышты қабықшаның меншікті табақшасы, 4) меншікті бездер, онда а) басты жасушалар, б) париетальды жасушалар, в) шырышты жасушалар, 5) шырышты қабықшаның бұлшық ет табақшасы, II) шырыш асты негіз, III) бұлшық ет қабықшасы (жазық бұлшық ет тінінің үш қабаты), IV) борпылдақ дәнекер тіндік табақшадан және мезотелийден тұратын сірі қабықша.
7 тапсырма. Ащы ішектің құрылысын зерттеу.
Гематоксилин және пикрофуксинмен боялған ащы ішектің препаратында оның қабықшаларын, қабаттарын, тіндік құрамын, бүрлері мен криптілерін анықтаңыздар. Бірнеше бүрлер мен криптілерді салып, қабықшалары мен тіндік компоненттерін көрсетіңіздер. Бүрлердің призмалық эпителийінде жиекшелі және бокал тәрізді жасушаларға көңіл аударыңыздар. Келесі белгілерді қойыңыздар: I) шырышты қабықша, 1) бүрлер, 2) криптілер, 3) жиекшелі эпителиоциттер, 4) бокал тәрізді жасушалар, 5) шырышты қабықшаның меншікті табақшасы, 6) шырышты қабықшаның бұлшық ет табақшасы; II) шырыш асты негіз (борпылдақ дәнекер тіні, қан тамырлары және жүйке ганглийлері); III) бұлшық ет қабықшасы (жазық бұлшық ет тінінің екі қабаты); IV) сірі қабықша.
8 тапсырма. Тоқ ішекті, оның қабырғасының құрылысының ерекшеліктерін зерттеу.
Гематоксилин және эозинмен боялған тоқ ішектің препаратын зерттеп, оның барлық қабықшаларын, қабаттарын салыңыздар. Шырышты қабықшада бүрлердің болмауына және криптілердің болуына назар аударыңыздар. Белгілері: I) шырышты қабықша, 1) криптілер, 2) бокал тәрізді жасушалар, 3) жиекшелі эпителиоциттер, 4) шырышты қабықшаның меншікті табақшасы, 5) шырышты қабықшаның бұлшық ет табақшасы; II) шырыш асты негіз, а) лимфоидты түйіндер; III) бұлшық ет қабықшасы; IV) сірі қабықша, б) борпылдақ дәнекер тіні, в) мезотелий.
Достарыңызбен бөлісу: |