2 тапсырма. Тістің қатты тіндерінің құрылысын зерттеу
Микроскоптың кіші өлшемінде боялмаған тіс шлифінің түбірін төмен қаратып қойыңыздар және тіс қуысын, каналын, тесігін және сауытын табыңыздар. Үлкен өлшемде тіс сауытында – тығыз орналасқан, радиальды бағытталған эмальдық призмалардан тұратын эмальды, ондағы Шрегер және Ретциус жолақтарын анықтаңыздар. Тіс сауытында плащтық дентинді және тіс қуысын қоршай орналасқан радиальды түтікшелері бар пульпа маңы дентинін табыңыздар. Тіс түбірінде тіс мойнына жақын орналасқан жасушасыз цементті және түбірдің ұшында орналасқан көп өсінділі цементоциттері бар жасушалық цементті қарастырыңыздар. Тістің жалпы суретін салып, келесі белгілерді қойыңыздар: 1) тіс сауыты, 2) тіс мойыны, 3) тіс түбірі, 4) эмаль, 5) эмальдық призмалар, 6) плащтық дентин, 7) пульпа маңы дентині, 8) дентин түтікшелері, 9) жасушасыз цемент, 10) жасушалық цемент
3 тапсырма. Аралас сілекей безінің құрылысын зерттеу
Гематоксилин және эозинмен боялған жақ асты сілекей безінің кесіндісінде, микроскоптың кіші өлшемінде мүшенің бөліктік құрылысына, дәнекер тіндік капсуласына және бөлікшеаралық тосқауылдарда орналасқан, екі қабатты эпителиймен қапталған бөлікшеаралық шығару өзектеріне назар аударыңыздар. Микроскоптың үлкен өлшемінде бөліктің ішінде дөңгелек пішінді ядросы ортасында орналасқан, пішіні конус тәрізді сероциттермен қапталған дөңгелек белоктық секреторлық бөлімдер - ацинустарды және ядросы жазық пішінді шетіне қарай орналасқан ашық түсті, үлкен көлемді мукоциттермен қапталған сопақша шырышты секреторлық бөлімдерді табыңыздар. Секреторлық бөлімдердің арасында аралас (шырышты-белокты) секреторлық бөлімдерді табыңыздар. Олар шырышты ацинустан және оның сыртында орналасқан белоктық секреторлық Джануцци айшығынан тұрады. Бөліктің ішінде секреторлық ацинустардың арасында келесі шығару өзектерді көрсетіңіздер: ендірме - текшелі эпителиоциттермен қапталған, бөлікшеішілік жолақты - базальды жолақтығы бар призмалық эпителиоциттермен қапталған. Барлық ацинустар мен бөлікшеішілік өзектердің сыртқы бетінде миоэпителиоциттердің жазық пішінді ядролары анықталады. Бездің барлық құрылымдық компоненттері бөліктің ішінде құрамында қан тамырлары бар дәнекер тінімен байланысқан. Бөліктің суретін салып, келесі белгілерді көрсетіңіздер: 1) капсула, 2) бөлікшеаралық тосқауылдар, 3) бөлікшеішілік дәнекер тіні, 4) белоктық ацинус, 5) шырышты ацинус, 6) аралас секреторлық ацинус, 7) Джануцци айшығы, 8) миоэпителиоциттер, 9) ендірме өзек, 10) жолақты өзек, 11) бөлікшеаралық өзек.
Достарыңызбен бөлісу: |