Негiзгi сыртқы және iшкi факторларды бағалау
Ұзақ мерзімді перспективада ұлттық еңбек нарығының жай-күйіне урбандалу және ғылыми-техникалық прогресс тәрізді ғаламдық дамудың әлемдік үрдістері маңызды ықпал етеді.
Тез урбандалу процесінде интеграциялық және ғаламдану процестері, халықтың көші-қоны күшейеді. Жалпы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы инновациялардың рөлін нығайтатын технологиялық өзгерістердің жаңа толқыны күтілуде. Қызмет көрсету және ғылымды қажет ететін салалардағы жұмыстан өндіруші және дәстүрлі өңдеу өнеркәсібіне ауысу жүргізілуде, бұл орта біліктілікті талап ететін жұмыс орындары санының қысқаруына алып келеді.
Сыртқы факторлардың әсерімен қолдағы стратегиялардың әлеуеті қолданылатын болады. Жұмыспен қамту 2020 жол картасын одан әрі жетілдіру: жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының арасында да, Бағдарламаға қатысуға үміткерлер арасында да кәсіптік бағдарлау институтын енгізуді; тірек ауылдарды кешенді дамыту, рекрутингілік компаниялардың қызметі үлгісінде жұмыспен қамту орталықтарын кезең-кезеңімен жаңарту және азаматтарды оқыту және жұмысқа орналастыруға үкіметтік емес ұйымдар және жеке жұмыспен қамту агенттіктерін кеңінен тартуды; еңбек нарығында болжау жүйесін енгізу; сондай-ақ бағдарламаның іске асырылуы мониторингі жүйесін жетілдіруді және т.б. көздейді.
Экономиканың тұрақты дамуы, тұрақты және нәтижелі жұмыспен қамту халықтың әл-ауқатының өсуіне берік негіз бола алады.
5-стратегиялық бағыт. Халықтың көші-қоны саласындағы
мемлекеттік саясатты іске асыру
Саланы дамытудың негізгі өлшемдері
Халықаралық көші-қон ұйымының бағалауы бойынша Қазақстан көші-кон процестері ерекше күшті байқалатын елдердің қатарына жатады. Қазақстанда көші-қон процестерінің ауқымы, олардың Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсері үдей түсетін болады.
Халық саны және атап айтқанда, көші-қонның әлеуметтік-экономикалық проблемалары барлық жоғары дамыған мемлекеттердің негізгі мәселелерінің қатарында тұр. Қазіргі кезеңде АҚШ, Канада, Австралия сияқты елдер мен бірқатар Еуропа мемлекеттері келіп жатқан шетел азаматтарына қатысты ерекше селективті көші-қон саясатын жүргізеді. Сонымен қатар, бірқатар елдер, бірінші кезекте, Германия, Израиль және Польша ұлттық ұқсастықтары мен өз мемлекеттерінің ерекшелігін сақтау мақсатында өзгеше этнотарихи көші-қон саясатын жүргізеді.
Қазіргі кезде республикада көші-қон жағдайы былайша сипатталады:
1) ішкі қарқынды көші-қон. Қазақстанда соңғы жылдар ішінде өңіраралық көші-қон және көші-қон ағындары бағыттарының жоғары көрсеткіштері сақталуда. 2011 жылдың басынан бастап 2014 жылғы екінші тоқсанды қоса алғанда өңіраралық көші-қон процестеріне 1 млн. астам адам тартылды. Халықты ауылдық елді мекендерден өмір сүру деңгейі неғұрлым жоғары және инфрақұрылымы дамыған өңірлерге, экологиялық қолайсыз өңірлерден экологиялық ортасы жақсы өңірлерге көшіру оның құрамдас бөлігі болып табылады.
2013 жылы басымды түрде еңбек етуге қабілетті жастағы халықтың ең көп кету ағыны Ақмола, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында байқалады. Астана, Алматы қалалары, Алматы және Маңғыстау облыстары халықтың келу ағынының негізгі өңірлері болып табылады.
2) шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК ) оңтайлы тарту. Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ШЖК тартуға квота белгілеуде. 2014 жылға квота республиканың экономикалық тұрғыдан белсенді халқына 0,7 % мөлшерінде белгіленді, ол 63 мың адамды құрайды (2011 жылы – 0,85 % немесе 73,5 мың адам, 2012 жылы – 1 % немесе 89 мың адам, 2013 жылы – 1,2 % немесе 108 мың адам). 2014 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 28,7 мың рұқсат қолданыста немесе жалдамалы қызметкерлер санының 0,5 %-ы (2011 жылы шамамен 28,7 мың рұқсат берілген, 2012 жылы – 21,7 мың, 2013 жылы – 23 мың рұқсат).
Бұл ретте тартылатын ШЖК арасында мамандардың үлесі (шетелдік қызметкерлердің 1-3-санаттары) 71,6 %-ды құрады (2011 жылы – 77,8 %, 2012 жылы – 82 %, 2013 жылы – 75,6 %).
Рұқсат беру кезінде жүктелетін ерекше шарттарды орындау шеңберінде жұмыс берушілер қазақстандық азаматтар үшін 2011 жылы – 32336, 2012 жылы – 29855, 2013 жылы – 19613 қосымша жұмыс орнын ашты, 2011 жылы – 33427, 2012 жылы – 40036, 2013 жылы – 24125адам оқытылды, 2011 жылы – 1727, 2012 жылы – 1904, 2013 жылы – 290 шетел маманы қазақстандық кадрлармен ауыстырылды.
3) жыл сайын келетін этникалық қазақтардың өсу қарқыны тұрақты. Тәуелсіздік жылдары 250 мыңнан астам отбасы немесе 950 мыңнан астам этникалық қазақ тарихи отанына келді (2011 жылы – 14,8 мың отбасы немесе 47,1 мың қазақ, 2012 жылы – 15,1 мың отбасы немесе 39,4 мың қазақ, 2013 жылы – 15,3 мың отбасы немесе 34,0 мың қазақ).
Ішкі көші-қонды жетілдірудегі халықаралық тәжірибеге жасалған талдау көрсеткендей ШЖК тартудың ашық нарығын құру кезінде жоғары білікті мамандарды тарту үшін үлкен мүмкіндіктер ашылады. Мысалы, Сингапурдың, Канаданың, Гонконгтың, Жаңа Зеландияның иммиграциялық саясаты осындай нарықты құруға бағытталған.
Негізгі проблемаларды талдау
Көші-қон процестерінде бірқатар проблемалар бар, оларды шешу үшін көші-қон саясатын басқаруды күшейту қажет болады.
1. Халықтың көші-қонының өсуін төмендету: көші-қон сальдосы 2013 жылы 279-ды құрады.
2. Ішкі көші-қон процестерінің стихиялық дамуы, ауылдық өңірлерден қалаларға көшу облысаралық аумақтық орналасудың басым нысаны болып қалып отыр.
3. Еліміздің аумақтары бойынша көшіп-қонушыларды бір қалыпты орналастырмау, этникалық қазақтардың тарихи отанына баяу кірігуі салдарынан шиеленістің артуы.
4. Заңсыз көші-қон, көші-қон әлеуеті шиеленіскен елдерден көшіп келудің ұлғаюы.
Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Көші-қон процестеріне әсер ететін сыртқы және ішкі факторларды үш топқа бөлуге болады:
-
басқарылмайтын, тұрақты қолданылатын факторлар – көбінесе климаттық, географиялық, геологиялық және экологиялық факторлар,
-
жанама ықпалмен реттелуі мүмкін уақытша факторлар – кезең-кезеңімен өзгеруі мүмкін факторлар. Бұл деңгей аумақтардың игерілу деңгейі, атап айтқанда, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылым құру, халықтың жыныстық, жасына қарай, этникалық құрамы. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы бойынша құрамы көші-қон процестеріне барынша әсер ететін уақытша факторлардың бірі болып табылады.
-
реттелетін ауыспалы факторлар – жалақыны ұлғайту, белгілі бір жеңілдіктер белгілеу немесе алып тастау, кадр саясаты, ұлттық саясаттағы өзгерістер және тағы басқалар.
Осыған байланысты, Қазақстанның қазіргі даму кезеңінде көші-қонның барлық сыртқы және ішкі факторларын ескере отырып, көші-қон ағынын реттеудің кешенді жүйесін құру қажет.
Ішкі факторлар – еліміздің барлық өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде өмір сүрудің теңдей жағдай жасаудың, қажетті жұмыс орындарын құрудың, тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі.
Сыртқы факторлар – экономиканың жаһандануы, шекаралас елдердегі саяси тұрақсыздық және күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуал, көші-қон процестерін реттеу және бақылаудың тиімсіз тетіктері басқарылмайтын көші-қонның өсуіне, ішкі еңбек нарығындағы қысымға алып келуі мүмкін. Бұл қысым жақын келешекте бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберінде Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына енуі аясында жұмыс күшінің еркін араласқан кезінде сезілетін болады.
Осыған орай тартылатын білікті шетелдік жұмыс күшінің үлесін ұлғайту шараларын күшейту көзделуде.
6- стратегиялық бағыт. Азаматтардың еңбек құқықтарының іске асырылуын қамтамасыз ету
Саланы дамытудың негiзгi өлшемдері
Еңбек қатынастарын реттеу саясатында әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыра отырып – Министрліктің қызмет еңбек жағдайларын жақсартуға, экономикалық тиімділікпен әлеуметтік қорғалуды үйлестіруге, келіссөздер әлеуетін арттыру мен еңбек қақтығыстарының алдын алу негізінде тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталатын болады.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін 2013 жылы еңбек заңнамасын жаңарту жұмыстары жүргізіліп, бірқатар заң жобалары жетілдірілді. 2014 жылғы 27 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті:
1) әлеуметтік диалогты дамыту және оның тиімділігін арттыру мақсатында әзірленген және қызметкерлердің мүддесін білдіруде және қорғауда, еңбек даулары мен қақтығыстарының алдын алуда және шешуде кәсіптік ұйымдардың рөлін арттыруға бағытталған «Кәсіптік одақтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына (жаңа редакцияда);
2) «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік одақтардың қызметі және еңбек қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды,бұл заң мынадай:
- Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және «Қазақстан Республикасында мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» Заңға түзетулер еңбек құқықтарын бұзу тәуекелдерін ескертуді күшейтуге және мемлекеттік еңбек инспекторларының құзыретін нақтылауға бағытталған. Тиісті органдарда алдын ала тіркелусіз мемлекеттік еңбек инспекциясына қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қатер туындаған жағдайда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы талаптарды сақтау жөнінде жоспардан тыс тексерулерді жүзеге асыру құқығын беру түрінде мемлекеттік бақылаудың жаңа түрі енгізілуде;
- Қазақстан Ресупбликасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне – әлеуметтік-еңбек қақтығыстарын реттеудің тиімділігін арттыру, құқық бұзушылықтардың қоғамдық-қауіпті салдарларын төмендету мақсатында ереуілдерді заңсыз деп тану туралы істерді соттардың қысқартылған мерзімдерде (10 күн) қарауы бойынша нормалар көзделген;
- әлеуметтік шиеленістің және еңбек қақтығыстарының алдын алу мақсатында «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына;
- жаңа «Еңбек» орденін бекітуді көздейтін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтыруларды көздейді.
Адамдардың әлеуметтік өштесуді қоздырғандығы, ереуілге мәжбүрлегендігі, еңбекақыны дер кезінде төлемегендігі, ұжымдық шартты орындамағандығы және басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті бекіту нормалары 2014 жылғы 3 шілдеде жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне ҚК 402 және ҚК 157-баптары және 2014 жылғы 5 шілдеде қабылданған Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне енді.
2012 жылдың желтоқсанында Үкімет Қазақстан Республикасында азаматтарды еңбек заңнамасының негіздеріне жаппай құқықтық оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2013 – 2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдады. Оны іске асыру нәтижесінде 2013 жылы құқықтық жалпы оқытумен 1895 ұйымның 80 мыңнан астам қызметкері қамтылды, 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында еңбек заңнамасының негіздеріне оқыту 1744 ұйымда жүргізіліп, 68,5 мыңнан астам қызметкер қамтылды. Семинар-кеңестерде еңбек заңнамасының негізгі ережелері, оның ішінде еңбек дауларын шешу рәсімі бойынша түсіндірулер берілді.
2013 жылдан бастап шамамен 110 мың дана арнайы әзірленген анықтамалықтар еңбек ұжымдарында тарату және оқу жүргізу үшін өңірлерге жіберілді.
Соңғы үш жылда 1,5 есе жалақы бойынша мерзімі өткен берешекті азайтудың оң серпіні байқалады.
Еліміздің кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнінде 1266 халықаралық және ұлттық стандарт енгізілді. Соның арқасында, өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендегені байқалады – 2013 жылы өндірісте 1 997 адам, 2012 жылдың осы кезеңінде 2 241 адам, 2014 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 936 адам, 2013 жылдың осы кезеңінде 954 адам зардап шекті.
2012 жылы 1000 қызметкерге шаққанда жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,45-ті құрады, Қырғызстанда ұқсас көрсеткіш деңгейінде (0,5), Тәжікстанда (0,3), сонымен бірге Ресейде көрсеткіш жоғары (3,92), 2013 жылы көрсеткіштің төмендегені байқалады – 1000 қызметкерге шаққанда жазатайым оқиғалардың жиілігі 0,42-ні құрады.
Қазақстан Республикасында 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында 1000 қызметкерге шаққанда адам өлімімен аяқталған жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті шамамен 0,03-ті құрады, бұл ретте 2011-2013 жылдары ол орташа есеппен алғанда 0,06-ны құрады, Ресей Федерациясындағы ұқсас көрсеткіштерден (0,124) төмен, бірақ соған қарамастан Еуроодақтың Дания (0,03), Швеция (0,03) немесе Норвегия (0,06) сияқты елдеріндегі тиісті көрсеткіштен жоғары.
Негiзгi проблемаларды талдау
Еңбек қатынастарын дамытуда белгілі бір проблемалар мен қиындықтар кездеседі. Еңбек заңнамасының бұзылуы сақталып отыр.
Еңбек қатынастары саласы үшін салыстырмалы түрде келіссөздер әлеуеті төмен сипатқа ие, бұл еңбек қақтығыстарының қатерін туындатады. 2011-2014 жылдар кезеңінде республика бойынша 75 еңбек қақтығысы орын алды. Еңбек қақтығыстарының ішінде жалақының уақытында төленбеуі – 37 қақтығыс (49,3 %), қызметкерлердің жалақы мөлшеріне қанағаттанбауы – 32 қақтығыс (42,7 %) және еңбек жағдайларымен келіспеу, этникааралық жек көру және т.б. – 6 қақтығыс (8%) негізгі себептер болып табылады.
Көрсетілген кезеңде орын алған еңбек қақтығыстарына жасалған талдау жалақыны уақтылы төлемеу тұрғысындағы наразылық акциялары құрылыс саласындағы кәсіпорындарынға тән екенін көрсетті, ал жалақы деңгейіне қанағаттанбаушылық мұнай-газ және тау-кен металлургия салаларындағы наразылық акцияларының туындауына түрткі болған.
Егер жалақы бойынша берешек 2011 жылы 1,4 млрд. теңгені құраған болса, 2014 жылдың 7 айында ол 196,5 млн. теңгені құрайды, яғни 7 еседен көп төмендеген.
Халықаралық өлшемдер бойынша өндірістік жарақаттанудың және кәсіптік аурулардың деңгейі жоғары күйінде қалып отыр.
Негізіг сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Келешекте еңбек қатынастарын дамытуды басқару Еңбек кодексінің нормаларына сәйкес еңбек қатынастарының негізгі субъектілерінің мүдделерін үйлестіру және олардың конституциялық құқықтары жүзеге асырылатын болады. Әлеуметтік диалогтың рөлін ұлғайту және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру көзделеді.
Азаматтардың еңбек құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету мынадай сыртқы және ішкі факторларға байланысты болады.
Ішкі факторлар – еңбек заңнамасының нормаларын сақтаудың жеткіліксіздігі, әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту, еңбекті қорғау жүйесін жетілдіру және т.б.
Мемлекеттік еңбек жөніндегі инспекциялардың жұмысы бизнес үшін кедергілерді қажетті деңгейге дейін төмендету жағдайында жүзеге асырылады. Қатерлерді бағалау жүйесінде құқық бұзушылықтардың, өндірістегі жазатайым оқиғалардың профилактикасына, орын алған заң бұзушылықтар мен кемшіліктерді жоюға ерекше назар аудару керек.
Еңбекті қорғауды басқарудың өтемақылық, шығынды моделінен кәсіптік қатерлерді басқарудың заманауи жүйесіне өтуді қамтитын еңбекті қорғауды басқару жүйесінің идеологиясын түбегейлі өзгертуге бағытталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғаудың жаңа стратегиясын әзірлеу көзделеді.
Жұмыс берушінің еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдатумен бір мезгілде еңбек жағдайларына сәйкестігін ерікті түрде ресмилендіру енгізілетін болады.
Еңбек қатынастарын басқарудың мемлекеттік саясатын әзірлеу және іске асырудың сыртқы факторы немесе ортасы экономиканың жаһандануы, ТМД, ЕурАзЭҚ шеңберінде интеграциялық процестерді дамыту, бірыңғай кедендік кеңістікті қалыптастыру болып тұр.
Халықаралық әлеуметтік институттардың ұсынымдарын ескере отырып, салыстыру мақсатында еңбек қатынастарының ұлттық стандарттарын дамыған елдердің стандарттарына жақындату жұмыстары жалғастырылатын болады.
7-стратегиялық бағыт. Халықтың әл-ауқатының артуына жәрдемдесу
Саланы дамытудың негiзгi өлшемдері
Әлеуметтік қамсыздандыруда әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыра отырып – Министрліктің қызметі мемлекеттік кепілдіктерді азаматтардың және жұмыс берушілердің негізгі әлеуметтік қатерлер туындаған кезде әлеуметтік төлемдері мөлшерінің сәйкестігі мен әлеуметтік қамсыздандыру үшін дербес жауапкершілігімен үйлестіруге, сондай-ақ масылдықтың алдын алу және еңбек ету қабілеті сақталған табысы аз азаматтардың еңбек әлеуетін жандандыруға бағытталады.
Халық табысының негізгі бөлігі жалақы есебінен қалыптасады.
Соңғы үш жылда жалақының ең төменгі мөлшері 1,2 есе арттырылды (2011 жылғы 15999-дан 2013 жылы 18660 теңгеге дейін, 2012 жылы 17439 теңгені құрады). 2014 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ТМД елдері ішінде ең төменгі жалақы мөлшері бойынша Қазақстан Беларусьтен, Түркіменстаннан, Ресейден, Украинадан, Әзербайжаннан кейінгі 6-орынды иеленіп отыр.
Жалпы ел бойынша бір қызметкердің орташа айлық жалақысы экономикалық қызмет түрлері бойынша – 1,2 есе артып, 2013 жылы 109 141 теңгені, 2014 жылдың қаңтар-маусым айларында – 116 679 теңгені құрады (2011 жылы – 90028 теңгені, 2012 жылы – 101 263 теңгені құрады).
Бюджеттік салада сондай-ақ қызметкерлер жалақысының мөлшері арттырылды, оның ішінде 2011 жылғы 1 шілдеден бастап – 30 %-ға арттырылды. 2013 жылы бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы, орташа есеппен алғанда – 75 239 теңгені, 2014 жылдың қаңтар-шілде айларында – 81 006 теңгені құрады.
Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделінің жобасы әзірленді, ол негізгі персонал қызметкерлерінің жалақысын біліктіліктеріне қарай сараланған түрде: денсаулық сақтау саласында – 7%-дан 28 %-ға дейін, білім беру саласында – 15 %-дан 29 %-ға дейін, басқа салаларда – 28 %-дан 40 %-ға дейін арттыруды қамтамасыз ететін болады.
Өнеркәсіптің сегіз саласында (тау-кен металлургия, машина жасау, көмір, мұнай-газ, құрылыс, химия, электр энергиясы, теміржол) еңбекақы төлеудің ең төменгі стандартын есептеу үшін еңбекақы төлеудің салалық арттыру коэффициенттері бекітіліп, қолданылуда.
Халық табысының құрамында екінші орынды әлеуметтік жәрдемақылар алады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда нарықтық экономиканың қағидаттарына сәйкес келетін әлеуметтік қамсыздандыру үшін жауапкершілікті мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлуді көздейтін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің көпдеңгейлі үлгісі қызмет етеді.
Әлеуметтік қамсыздандырудың негізі үнемі жаңартылып отыратын ең төменгі әлеуметтік стандарттар болып табылады. 2011 жылмен салыстырғанда:
1) ең төменгі күнкөріс деңгейі 15999 теңгеден 2014 жылы 19966 теңгеге дейін артты (2012 жылы – 17439 теңге, 2013 жылы – 18660 теңге);
2) базалық зейнетақы төлемдерін ескергендегі ең төменгі зейнетақының мөлшері – 1,3 еседен артық 24047 теңгеден 2014 жылғы 1 сәуірден бастап 32186 теңгеге дейін (2012 жылы – 26211 теңге, 2013 жылы – 28396 теңге) өсті.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына, «Нұр Отан» партиясының халықтық тұғырнамасы әлеуметтiк бағдарламасының негiзгi ережелерiне және Үкiметтiң iс-әрекет бағдарламасына сәйкес 2011 жылы зейнетақы төлемдерi 30 %-ға, ал 2012-2013 жылдары – 9 %-ға арттырылды (инфляция деңгейінен 2 % ілгерілетіп). 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 % -ға, ал 1 сәуірден бастап тағы 14 %-ға арттырылды. Әлеуметтiк төлемдер 2011-2013 жылдары – 7 %-ға арттырылды. 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7 %-ға, ал 1сәуірден бастап тағы 12 %-ға ұлғайтылды.
Осы арттырулар мен жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетiн төлемдердi ескергенде, жиынтық зейнетақы төлемдерiнiң орташа мөлшерi 2014 жылы 45 мың теңгеден асты.
Әлемдік тәжірибеде зейнетақымен қамсыздандыруды ұйымдастыру критерийлерінің бірі зейнетақы мөлшерінің еңбек қызметі кезеңінде алатын табыстарға барабарлығы болып табылады.
Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін жүйелі арттыру қарт азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға және ТМД елдері арасында зейнетақымен қамсыздандырудың ең жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Базалық және ынтымақты зейнетақы төлемдері есебінен жиынтық табысты алмастыру коэффициенті 2014 жылы 42,8 %-ға жетті, ол ХЕҰ-ның ең төмен нормаларынан жоғары (40 %-дан кем емес). 2011 жылы – 41,8 %, 2012 жылы – 43,1 %, 2013 жылы – 41,2 %.
Алмастыру коэффициенті еларалық тұрғыдан алғанда мынадай түрде сипатталады: Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) елдері бойынша орта есеппен – 56-57 %, ЕО елдерінде шамамен – 50 %, ЭЫДҰ-ға кіретін қалыптасқан нарықты таңдау бойынша орта есеппен – 52 %, Ресей Федерациясында – 35 %.
Қызметкерлердiң мiндеттi жинақтаушы зейнетақы жүйесiне (бұдан әрi – ЖЗЖ) және міндетті әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысуы кең етек алуда. Салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 2014 жылғы 1 шілдеде 9,6 млн. құрады, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың саны 5,6 млн. адамға жетті.
Қазіргі таңда мемлекеттің қаржылық-экономикалық мүмкіндіктеріне байланысты Мемлекет басшысының 2013 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан халқына зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі үндеуінде жариялаған тапсырмаларын кезең-кезеңімен іске асыруды бастады. 2013 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің институционалдық базасын дамыту және тиімділігін арттыру мақсатында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ) құрылды. 2014 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оған 4,1 трлн. теңге зейнетақы активтері шоғырландырылды.
Қазақстанда табысы аз халықтың бір бөлігін қамтитын әлеуметтік көмек жүйесі қызмет етеді. Ол әлеуметтік төлемдер (арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, күнкөрісі төмен отбасылардағы 18 жасқа толмаған балаларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар, тұрғын үй көмегі және т.б.) түрінде көрініс табады.
Атаулы әлеуметтік көмек және қолдау жүйесімен қазіргі уақытта бір миллионнан астам қазақстандық қамтылған.
Еліміздегі кедейлік деңгейі төмендеуде – табысы күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі 2013 жылы 2011 жылғы осы кезеңдегі 5,5 %-дың орнына, 2,9 %-ды құрады (2012 жылы 3,8 %). Қазақстандағы кедейлік деңгейі ТМД елдерімен салыстырғанда төмен, мәселен 2013 жылдың қорытындысы бойынша кедейлік деңгейі Беларусьте – 6,3 %, Украинада – 7,8 %, Ресейде – 11,0 % құраған.
Негізгі проблемаларды талдау
Қабылданған шараларға қарамастан, Қазақстан Республикасында өмір сүру деңгейі анағұрлым дамыған елдердегі деңгейден қалып келеді.
Еңбекақы төлеуде салалық және өңiрлiк саралануы сақталуда, бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы оның жалпы экономика бойынша деңгейінен айтарлықтай артта қалып келеді. Еңбекке ақы төлеудің оның нәтижесіне байланыстылығы бұзылған – жалақының өсу қарқыны еңбек өнімділігінің өсу қарқынынан озық.
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінде әлеуметтік төлемдердің алдыңғы табыстарға және елдегі өсіп отыратын өмір сүру деңгейіне барабар келмеуі негізгі проблема болып табылады. Сондай-ақ зейнетақы қорларының табыстылығы, жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылуы төмен.
Өз бетінше жұмыспен қамтылған халықтың басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтылмаған, бұл аталған азаматар санатының әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне қатысуын кеңейтуге бағытталған жүйелі шаралар қабылдауды талап етеді.
Осының салдарынан елде кедейлік сақталып отыр. Кедейлікке бірінші кезекте, көп балалы отбасылар мен ауыл тұрғындары ұшырайды. Кедейлер санатында еңбек етуге қабілетті азаматтар да бар, бұған табысының өзін-өзі қамтуға жеткіліксіз болуы ғана емес, еңбек етуге ынталандырудың (жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары) жеткіліксіздігі де себеп болуда.
Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Халықтың әл-ауқатын арттыруға бірқатар факторлар әсер етеді.
Сыртқы факторлар – тұрақты макроэкономикалық ахуал, халықаралық ынтымақтастықпен байланысты басымдықтарды пайдалану мүмкіндігі, әлеуметтік қатерлерді басқару жүйесін жетілдіру – заманның негізгі талаптарына жауап беруге тиіс және халықтың әл-ауқатының артуын қамтамасыз ететін орта болып сақталып отыр.
Ішкі факторлар – бұл еңбекақы төлеу ,әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелерін шешу, кедейлікті еңсеру проблемаларын шешу қажеттігі және басқалар.
Халық табысында жалақының ерекше маңызы сақталатын болады.
Бұл ретте, әлеуметтік әріптестерге еңбекақы төлеу мәселелерін ұжымдық-шарттық қатынастар жүйесіне қосу; еңбекақы төлеудің ең төмен стандартын белгілеу практикасын кеңейту; жалақының еңбек өнімділігі мен қызметтің түпкілікті нәтижесіне байланыстылығын қамтамасыз ету қажет.
Бұған қоса, келешекте азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделін қосымша пысықтап, көзделеді.
Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі мен әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылай тұрақтылығын күшейтудің маңызды факторы әлеуметтік заңнаманы жаңарту болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 7 маусымдағы Қазақстан халқына зейнетақы реформасы мәселелері жөніндегі үндеуінде айтылған Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан - 2050: стратегиясы» қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы ескеріле отырып Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілді.
Тұжырымдаманы іске асыру үшін мынадай негізгі бағыттар бойынша жұмыс жүргізілетін болады:
1) базалық деңгейде зейнеткерлер арасында кедейлікті азайту және азаматтардың зейнетақы жүйесіне қатысуын ынталандыру мақсатында мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау тетігі жетілдіріледі;
2) міндетті деңгейде жинақтаушы құрамдауыш сақталады және қосымша – жұмыс берушілердің 5 %-дық жарналарының есебінен өз қызметкерлерінің пайдасына қалыптастырылатын шартты-жинақтаушы құрамдауышы енгізіледі;
3) үшінші – қызметкерлердің және/немесе жұмыс берушілердің ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасатын ерікті деңгей сақталып, одан әрі дамытылатын болады.
Осы факторларды іске асыру Министрліктің халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі жұмысының негізі болуға тиіс.
Экономикалық тұрақтылық және индустриялық-инновациялық дамуға көшу маңызды әлеуметтік проблемаларды шешу және ең алдымен, кедейлікті еңсеру үшін экономикалық өсуді пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Пилоттық жобаны 2014 – 2015 жылдары іске асыру нәтижелерін ескере отырып шартты ақшалай көмектің жаңа нысандарын енгізу көзделуде. Кәсіптік даярлау және қайта даярлау, жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру бағдарламаларына міндетті қатысу шартымен белсенді қолдау көрсетуді көздейтін келісімшарттық жүйе еңбек уәждемесін күшейту және еңбек нарығына халықтың еңбек етуге қабілетті табысы аз санаттарын тарту тетігі болады.
Нәтижелі жұмыспен қамтудың қолжетімділігін кеңейту және кедейлікті азайту мәселелерін кешенді шешу әлеуметтік көмек пен қолдауға мұқтаж адамдардың шеңберін тарылтып, оның атаулы сипатын күшейтуге мүмкіндік береді.
Достарыңызбен бөлісу: |