Дәріс №2
Қазақ әдеби тілінің тарихи арналары мен даму кезеңдері.
Көне жазбалар мен қазақ әдеби тілінің арасындағы тарихи сабақтастық пен жалғастық
Қазақ әдеби тілінің тарихи негіздері мен қалыптасу арналары көне кездің өзінде үлкен жазу мәдениеті мен әдеби дәстүрінің негізінде қазіргі көптеген түркі халқына ортақ қатынас құралы ретінде, Ұлы түркі қағанатынан бастап, одан кейінгі шақтарда өмір сүрген түркі халықтарына қызмет етіп келеді. Сол бір ежелгі дәуірдің өзінің мәдениет, әдебиет өндірісінің құралы болып қызмет атқаратын тұрақты нормаларды қалыпты, жүйелі тілдік дәстүрлері мен заңдылықтары орныққан көне әдеби тілі болды. Екінші жағынан сөз өнерін бар өнердің басы деп бағалап, оған ақыл-ойдың, сезім-парасаттың, білім мен білгірліктің межесінен қарап мән беріп келген, ұланғайыр территорияны мекендесе де, орталықтанған мемлекеті болмаса да сөз саптауында тіл ұстартуда ерекше бір тілдік айырма өзгешелік болмай келген, жаппай халыққа түсінікті, диалектілік ерекшеліктерге онша бөліне қоймаған сөйлеу тілі күнделікті тұрмыстық қажеттікті өтеуден бастап, ел мүддесін, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешуге дейін қызмет атқарған жалпыхалықтың ауызша тілі болды. Үшінші жағынан, еріккенде, ерте күнді өткізуде ермек етуден бастап, ой қиялды, арман-тілегін, мұң-мүддесін баян еткен, бар өмір философиясын рухани қазынасын соған сыйғызған, халық ауыз әдебиеті, оның тілі көшпенді халықтың қоғамдық ой-санасының өмір тіршілігінің айнасы болғанын ерекше ескерген жөн.
Қазақ әдеби тілінің тарихи негіздері, қайнар көздері болып табылатын тілдік құбылыстардың қазақ қауымы табиғатында өзіндік ерекшеліктері болды. Мысалы: қазақ әдеби тілі сөздік құрамының, грамматикалық құрылысының, фонетикалық жүйесінің негізгі нормалары көне түркі әдеби тілінен бастау алады. Соған орай әр түрлі жанрлардағы жазу дәстүрлері мен жазба нормалары қазақтың сөйлеу тілі нормаларына қайшы болса да сақталып, жазба тілден орын алып келді. Ал, сөйлеу тілінде керісінше жазба тілдің тұрақты нормалары сақталмай, тіл дамуында жедел құбылыстар орнықты, яғни сөз тұлғаларының, ықшамдалынуы, екінші жағдайда жаңадан күрделену тенденциясы байқалып отырды. Сөйтіп әдеби тілдің тарихи негіздері мен қалыптасу арналары болып саналатын бұл екі құбылыс бір-біріне қарама-қайшы келіп, бір тілдің аясында белгілі дәрежеде бірлікте өмір сүріп, тілдің дамуының бір көрінісі болып отырады. Ал, ауыз әдебиеті тілінде сөйлеу тілінің элементтері молырақ байқалып отырса да, белгілі әдебиет дәстүрінің негізінде ол біршама тұрақтылық сақтап, әсіресе поэзиялық түрге келгенде, дәстүрлік сипаттың мол орын алғандығын байқаймыз. Тілдік арналар - қазіргі көптеген түркі тілдеріне ортақ мұра. Сол себепті де мұнын өзі қазақ халқының жеке халық болып қалыптасқанына дейінгі мерзімдегі тілдік көріністер кезеңі, жалпы түркі әдеби тілі дәуірі деп санаймыз. Сонымен қазақ халқының құралып, қоғамдық өмірден орын алу кезеңінен, яғни ХV-ХVI ғ. бастап, қазақ әдеби тілінің іргесі қалану үстінде болды. Оның бұдан былайғы даму дәуірлері мен кезеңдері сол кезден бастау болды. Оларды шартты түрде үш дәуірге бөліп қарауға болады.
Қазақ халқының халық болып қалыптасқаннан кейінгі кезден, яғни ХV-ХVI ғ. ІІ ж. дейінгі қазақ әдеби тіл туып, қалыптасқан даму дәуірі.
Қазақ әдеби тілі ХІХ ғ. ІІ ж. бастап Октябрь революциясына дейінгі кезеңдегі даму дәуірі, яғни ұлттық әдеби тіл сипатын алған дәуір.
Қазақ әдеби тіл дамуының кеңестік дәуірі. 1 дәуір шамамен ХV-ХVI ғ.бастап,
ХІХ ғ. ортасына дейін созылады. Бұл дәуірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, қазақ әдеби тілі жеке әдеби тіл ретінде туа бастап, әрі қарай дами түсу дәуірін үш кезеңге бөлуге болады.
Қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ әдеби тілінің қалыптасу кезеңі. Бұл кезеңге алғашқы қазақ хандығы тұсынан бастап ХV ғ. аяғынан XVIII ғ. дейінгі ақын-жыраулардың (Доспамбет, Қазтуған, Сыпыра, Шалкиіз, Марғасқа, Жиембет, Тәтіқара, Ақтамберді) шығармалары, Қадырғали Қошымұлы Жалаиридің "Жамиғ-ат-тауарих" атты еңбегі, ресми документтер, іс қағаздары жатады
Халық ауыз әдебиетінің нұсқалары. Әдеби тіл тарихына тікелей қатысты бұл материалдарды жеке бөліп қарастырғанда, оны жеке белгілі бір тарихи кезеңге уақыт, ғасыр шеңберіне жатқызу қиын. Өйткені халық ауыз әдебиеті нұсқаларының көбі шығу мерзімі жағынан көне кезеңдерге жатқанымен, хатқа түсуі, негізінен, ХІХ ғасыр. Ал ұрпақтан ұрпаққа ауызша жеткенде бұл шығарманың грамматикалық құрылысы, сөздік құрамы әрдайым уақыт сынына толық төзіп, төтеп бере бермеген, о бастағы қалпы, түр-тұлғасы түгелдей сақталып қалмай, кейбір әсері жаңарып отырады, варианттылық қалыпқа ұшырайды. Сондықтан олардың дәл мерзімін көрсету қиын, дегенмен әдеби тіл тарихына өзіндік ерекшеліктерімен енуге тиіс. Оның негізгі тілдік материалы болып батырлар жыры, лиро-эпостық туындылар есептеледі.
ХІХ ғ. І ж. әдеби тіл. Бұл кезеңнің әдеби тілін көрсететін материалдарға Махамбеттің, Шернияздың, Шөженің, Мұраттың, Сүйінбайдың, Дулаттың, Жанұзақтың, Алмажанның, Дулаттың, Байтоқтың поэзиялық шығармалары жатады. Бұл кезеңнің ерекшеліктері сол - осы кезде өмір сүрген ақын-жазушылардың шығармалары бізге толығырақ жеткен өзгеріске түспеген деуге болады. Бұл кезеңдегі тілдік нұсқаларға ресми-іс қатынас қағаздары, яғни хан-сұлтандардың, әкімдері мен әкімшілік органдарының және олардың бір-біріне жазысқан арыз-өтініштері, мәлімдемелері, хаттары жатады.
ХІХ ғ. ІІ ж. қазақтың жаңа сападағы ұлттық әдеби тіл қалыптасқан даму дәуірі
Қазақ әдеби тілі тарихындағы бұл дәуірдің бірінші кезеңі ұлы ақын Абай, ұлы ағартушы Ыбырай есімдерімен тығыз байланысты. Сондай-ақ бұл кезеңнің ерекшелігі қазақ тілінде алғаш кітап бастырып шығару, газет шығаруы, көркем прозаның қалыптасуымен де астасып жатады.
Бұл дәуірдің екінші кезеңі ХХ ғ. басында қазақ әдеби тілінің жазба әдебиетінің түрлері жанрлары арқылы дами түсуімен байланысты. Көркем поэзияда Абай дәстүрінің одан әрі жалғасып, дами түсуімен көркем проза жанрларының қалыптаса бастауымен ерекшеленеді. Оған С.Торайғыров, С.Көбеевтің, М.Сералиннің, С.Дөнентаев т.б. демократ ақын-жазушылардың творчестволары, осы кезеңде жарық көрген оқулықтар, педагогикалық әдебиеттер, медицина, ветеринария салаларындағы аударма әдебиеттер, газет-журналдар дәлел бола алады да солар арқылы әдеби тіл даму тенденциясы байқалады.
Үшінші дәуір қазақ әдеби тілі дамуының кеңес дәуірі. Әдеби тілдің стильдік тармақтарының қалыптасуы орасан зор дәрежеде дамумен, қоғамдық қызметінің артуымен барлық салада әдебиет жанрларының өркендеуімен, қоғамдық өмірде үлкен бір субъективтік ықпалдың болуымен байланысты тіл дамуында әр алуан қайшылықтың шиеленісе түсуімен ерекшеленеді, соның нәтижесінде қазақ әдеби тілінің сөздік құрамы бұрын болмаған қарқынды байып, сөз тудыру жүйесінің мүмкіндіктері артып, грамматикалық құрылысы, синтаксистік құрылымы күрделене түсті. Соған орай әдеби тіл сұрыпталып, сымбаттала, жаңа сапада, жаңа дәрежеде даму тенденциясы, орыс тілінің жөнді-жөнсіз ықпалының арта түсуі байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |