Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар субъектілерінің қызметін мемлекеттік реттеу, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу салаларындағы саясат саласы
1. Дамудың негізгі параметрлері
Қазақстан БЭФ ЖБИ рейтингінде «Монополияға қарсы саясаттың тиімділігі» көрсеткіші бойынша 2011 жылдың қорытындылары бойынща 91-орынды иеленді.
Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар салаларындағы тиімді саясатты қамтамасыз ету мақсатында тиісті нормативтік құқықтық база құрылуда.
Осылайша, қолданыстағы заңнамаға электр станцияларының, табиғи монополиялар және реттелетін нарық субъектілерінің инвестициялық қызметінің ашықтығын, олардың инвестициялық міндеттерді орындаудағы жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ қуат нарығын енгізу арқылы Қазақстан экономикасының электр энергиясы мен қуатына қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған өзгерістер енгізілді.
Сондай-ақ, бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы заңнамаға енгізілетін өзгерістерде мемлекеттің экономикаға араласуын қысқарту және мемлекеттік монополияны ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің қорғаныс қабілеттілігін, қоғамдық тәртіпті қорғау, адам құқығы мен бостандығын, ел тұрғындарының денсаулығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттің қатысуын талап ететін айрықша жағдайларда ғана енгізу; БЭК құру шеңберінде монополияға қарсы заңнаманы үндестіру, нарық субъектілерінің монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілігін күшейту көзделген.
2. Негізгі проблемаларды талдау
Табиғи монополиялар саласындағы және бәсекелестікті қорғау саласындағы саясатты қалыптастыруды талдау бірқатар проблемаларды анықтауға мүмкіндік береді:
1) мемлекеттік органдардың бәсекелестікті дамыту негізінде нарықтық қатынастарды қалыптастыру бойынша шараларды жеткілікті түрде қабылдамауы және монополистік қызмет пен жосықсыз бәсекені шектеу бойынша шараларды жетілдірудің қажеттілігі;
2) табиғи монополиялар субъектілері активтерінің тозуы, салдарында реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтердің өсуі.
3. Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Табиғи монополиялар және бәсекелестікті қорғау салаларындағы саясаттың тиімділігіне институционалдық, экономикалық және әлеуметтік факторлар әсер етеді.
Осылайша, институционалдық сипаттағы факторларға табиғи монополиялар және бәсекелестікті қорғау салаларындағы нормативтік құқықтық базаның жетілдірілуі жатады.
Бизнесті жүргізуге экономикалық жағдайлардың қаншалықты әсер ететінін айқындайтын экономикалық фактор табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне қолданыстағы тарифтер мен бағалардың деңгейі, сондай-ақ бәсекелестікті қорғаудың және монополистік қызметті шектеу деңгейі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өнімділігі, инновациялық технологияларды қолдануды қамтиды.
Әлеуметтік факторларға өндірілген өнімнің сапасын жақсартудан көрініс табатын кәсіпкерлік белсенділікті, бәсекелестікті адвокаттандырудың (насихаттаудың) маңыздылығын жатқызуға болады.
Негізгі сыртқы әсер етуші факторлардың тобына әлемдік экономиканың жаһандануы, монополияға қарсы, сондай-ақ салалық заңнаманы жетілдіруге және үндестіруге мүмкіндік беретін ТМД, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі интеграциялық процестердің дамуы жатады.
Халықтың көші-қоны аясындағы саясат саласы
1. Дамудың негізгі параметрлері
Қөші-қон жағдайларын талдау Қазақстан Республикасында көші-қон процестеріне жоғары дәрежелі белсенділік тән екенін куәландырады.
Алдағы кезеңде Қазақстан Республикасының мемлекеттік көші-қон саясатының міндеттері:
1) ішкі көші-қонды дамытуға – азаматтардың экономикалық даму аймақтарына ерікті көшуіне жәрдемдесу;
2) шетелде тұрып жатқан отандастардың, эмигранттардың және шетел азаматтарының жеке санаттарының республикаға тұрақты тұруға көшуі үшін жағдайлар жасау және ынталандыру;
3) шетелдік жұмыс күшін тарту, іріктеу және пайдаланудың сараланған тетіктерін әзірлеу;
4) білім көші-қонына жәрдемдесу және академиялық ұтқырлықты қолдау;
5) көшіп-қонушылардың бейімделуіне, көшіп-қонушылар мен қабылдайтын қоғамдастық арасындағы сындарлы өзара іс-қимылдың қалыптасуына жәрдемдесу;
6) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл болып табылады.
Сыртқы көші-қонның негізгі ағыны Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарына, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларына келеді.
Ішкі көші-қонның тартылыс өңірлері Алматы мен Астана қалалары, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары болып табылады.
Кету Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Оңстүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Басқа өңірлерде өніраралық көші-қон теңгерімі тұрақтандырылған.
Еңбекші көшіп-қонушыларының көпшілігін ер адамдар құрайды және 50 %-дан астамы біліксіз мамандар болып табылады, олар ауыр жұмыс істейді.
Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында республикаға шетелдік мамандарды тарту үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын квота белгілейді.
2013 жылға республиканың экономикалық белсенді халқына 1,2 % мөлшерінде квота белгіленген, ол 108,1 мың бірлікті құрайды.
Соңғы үш жыл ішінде шетелден тартылатын шетелдік жұмыс күші санының төмен үрдісі байқалады. Осылайша, 2009 жылы – 30,9 мың адам, 2010 жылы – 29,2 мың адам, 2011 жылы – 27,1 мың адам, 2012 жылы – 22,0 мың адам тартылған.
Жергілікті жұмыс күшінің сапалы құрамын арттыруға байланысты 2008 жылдан бастап (54 мың адам) шетелден тартылған жұмыс күшінің саны екі есеге қысқартылды.
Бұдан басқа, 2012 жылғы 7 маусымда Астана қаласында Ресей Федерациясының аумағында Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасының аумағында Ресей Федерациясы азаматтарының болу тәртібі туралы келісімге қол қойылды, оған сәйкес екі мемлекеттің азаматтары сапар мақсатына тәуелсіз екінші Тараптың аумағында тіркеусіз 30 күнтізбелік күнге дейін бола алады.
Шетелдіктерді дербес есепке алу қамтамасыз етілген, ол нақты уақыт режимінде жағдайды қадағалауға, рұқсат етілген болу мерзімі өткеннен кейін елден кетпеген шетелдіктерді уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ішкі көші-қонды реттеуге ерекше назар аударылады.
Ішкі көші-қон мониторингі шамамен 80 % облысішілік көші-қонға және 17-20 % облысаралыққа жататынын куәландырады.
2. Негізгі проблемаларды талдау
Қазіргі уақыттағы негізгі проблема визасыз елдер азаматтарының тиісті рұқсатсыз жұмыс істеуі болып табылады, тіркеу кезінде олар сапарын жеке мақсаттағы деп көрсетеді және бірқатар жағдайларда жалған мекенжайлар бойынша тіркеледі, бұл олардың болуын бақылауды қиындатады, сыбайлас жемқорлыққа жағдайлар жасайды, сондай-ақ еңбек көші-қоны саласының қылмыстылығына ықпал етеді.
Заңды көшіп келу үшін жағдайларды жеңілдетумен бірге, заңсыз көші-қонның жолын кесу бойынша шаралар қолданылады.
Сегіз елмен реадмиссия туралы шарттарға қол қойылды (ГФР, Швейцария, Норвегия, Чехия, Латвия, Литва, Ресей, Өзбекстан), тағы 13 мемлекетпен тиісті жұмыс жүргізілуде.
Сонымен бірге, көші-қонды бақылау тиімділігіне кері әсер ететін, әсіресе, еңбек көші-қоны саласында заңсыз көші-қон проблемаларының бірі тексерулерді ұйымдастырудың қолданыстағы тәртібі болып табылады.
Шетелдік жұмысшыларды заңсыз тартуды кез келген заңды немесе жеке тұлға жүзеге асыра алатынын ескере отырып, көші-қон заңнамасын сақтау тұрғысынан тексеруге жататын субъектілердің санын алдын ала анықтау мүмкін емес.
Құжаттары жоқ еңбекші көшіп-қонушылар бейресми ақша аударымдары ағымының көзі болып табылады. Қазақстан Республикасы экономикасының тез дамуына байланысты еңбекші көшіп-қонушылардың танымал баратын жері болып табылады. Жыл сайынғы квоталар білікті жұмыс күшіне баса назар аударады, бұл ретте біліксіз жұмыс күшіне сұраныс елеулі болып қала береді. Бұдан басқа, шетелдік жұмысшыларды жалдау процесі мен рәсімдері ауыртпалық түсіреді, уақыт пен қаражаттың көп жұмсалуын талап етеді және бұл факторлар жұмыс берушілер мен жұмысшылардың ресми рәсімдерді ұстануын ынтыландырмайды. Бұл, өз кезегінде, Қазақстан Республикасында бейресми еңбекші көшіп-қонушылар санының ұлғаюына әкелді. Көшіп-қонушылардың құжаттандырылмаған мәртебесі оларды ресми ақша аудару арналарын айналып өтуіне мәжбүрлейді.
Бейресми бағалау бойынша Қазақстан Республикасында еңбек маусымы нағыз қызып тұрған кезде бейресми еңбекші көшіп-қонушылардың саны 300 мыңнан 1 миллионға адамға дейін құрайды. Сондай-ақ, орташа есеп бойынша әрбір еңбекші көшіп-қонушы жылына шамамен 1350 АҚШ долларын аударғаны туралы ақпарат келтіріледі.
Соның нәтижесінде ең алдымен, соңғы он жылдың ішінде ақшаны елден тысқары аударудың тіркелген көлемі елеулі өсті және қазір Қазақстан Республикасына сырттан ақша аударудың көлемінен он есе артады.
Сонымен қатар, ақша аударымдары көлемінің ұлғаюы әлеуетті қауіп төндіреді. Қаржылық мекемелер талап ететін жеке куәлігі әрқашан бола бермейтін еңбекші көшіп-қонушылар, сондай-ақ салықтар мен кеден баждарын төлеуден жалтарғысы келетін жеке және заңды тұлғалар, шекара арқылы қолма-қол ақшаны іс жүзінде тасымалдау сияқты бейресми ақша аударымдарының арналарын пайдаланады.
3. Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Заңды көшіп-келушілердің келуі мен тіркелуі тәртібін жеңілдететін, бірқатар халықаралық келісімдер жасалды:
1) Ресей Федерациясының азаматтары Қазақстан Республикасында тіркелусіз 30 тәулік бойы болады (Азаматтардың өзара сапарлары туралы келісім);
2) Кеден одағының (Ресей мен Беларусь) азаматтарын тіркеу олар жасаған еңбек шартының қолданылу мерзіміне ресімделеді (еңбекші көшіп-қонушылар және олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісім);
3) Қырғызстан азаматтарын тіркеу 90 тәулікке ресімделеді және сол мерзімге ұзартылуы мүмкін (Азаматтардың келу тәртібі туралы келісім).
Шетелдіктердің келуін және шығуын бақылау бойынша «Бүркіт» Бірыңғай ақпараттық жүйесінің (БАЖ) мүмкіндіктері кеңейтілді.
48 экономикалық дамыған және саяси тұрақты елдің азаматтарына визаларды беру және тіркеуді ресімдеу қолайлы режимде жүргізіледі (виза шетелдіктің жеке өтініші бойынша қазақстандық қабылдаушы тараптың шақыруынсыз, ал тіркеу – 90 тәулікке дейінгі мерзімге халықаралық әуежайларда шекараны кесіп өткен кезде ресімделеді).
«Жасыл экономика» саласы
1. Негізгі даму параметрлері
Экономикалық өсудің жасыл бағытына көшу мақсатында тұжырымдаманы қабылдау бұрын соңды болмаған өзекті мәселе болып отыр.
Біріншіден, таяу арадағы 20 жылда Қазақстанда инфрақұрылымның елеулі жаңаруы мен дамуы орын алатын болады: 2030 жылға қарай осы активтердің жалпы көлемінен ғимараттардың 55 %-ы және электр станцияларының 40 %-ы жаңадан салынатын болады. Ресурстарды тиімді пайдаланатын жаңа инфрақұрылымды құрудың бірегей мүмкіндігі жасалады.
Екіншіден, «жасыл» технологиялардың бәсекеге қабілеттілігі тез өседі – баламалы энергетиканың ең жаңа технологияларының жақын арада дәстүрлі көздермен салыстырғанның өзінде электр энергиясын өндірудің шығыны аз тәсілдерін ұсынуға әлеуеті бар.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні мемлекеттік саясат саласында қайта құрудың жоғары қарқыны байқалды. «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мынадай амбициялық мақсаттарды алға қояды:
1) электр энергетикасында: баламалы және жаңартылатын электр энергиясының үлесі 2050 жылға қарай 50 %-ға жету;
2) энергия тиімділігінде 2010 жылғы бастапқы деңгеймен салыстырғанда, ЖІӨ энергия сыйымдылығын 2015 жылға қарай 10 %-ға және 2020 жылға қарай 25 %-ға азайту;
3) су ресурстары бойынша 2020 жылға қарай халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және 2040 жылға қарай ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешу;
4) ауыл шаруашылығында 2020 жылға қарай жер ресурстарының өнімділігін 2-3 есеге көтеру.
2. Негізгі проблемаларды талдау
Шикізат ресурстары Қазақстанның экономикалық дамуында маңызды рөл атқаруын жалғастырғанымен, елдің «жасыл» экономикаға көшуін жүзеге асырудың пайдасына бірқатар маңызды экономикалық, экологиялық және әлеуметтік дәлелдер бар. «Жасыл» экономикаға көшу алғышарттарының қатарында мыналарды атап өтуге болады:
1) энергия және жер ресурстарын тиімсіз пайдалану бірқатар бағалау бойынша Қазақстанда 2011 жылғы бағалармен ЖІӨ-нің кемінде 4-8 % құрады;
2) көрші мемлекеттер экономикасының өсуі жағдайында өзендердің трансшекаралық ағындарының болжамды азаюына байланысты Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі тәуекелге ұшырап отыр;
3) жер және су ресурстарының одан әрі сарқылуы мен нашарлауы өңірлік дамуда теңгерімсіздікке әкелуі мүмкін, бұл ең алдымен Қазақстанның неғұрлым аз қамтылған өңірлеріне әсер етеді;
4) әлемдік қоғамдастық Қазақстаннан Орталық Азия өңірінде орнықты дамуға жәрдемдесу үшін «Болашақ энергиясы» деп аталатын ЭКСПО-2017 көрмесі мен «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы сияқты маңызды жобалардың табысты іске асырылуын күтеді. Қазақстанның әлемдік қоғамдастық қолдаған тағы бір бастамасы Ғаламдық экологиялық стратегия болды. Еліміз өзіне және әлемге амбициялық және сұранысқа ие бастамалармен қатар, оларды табысты іске асырып, өңірде экономикалық дамудың «жасыл бағытына» көшуде пионер бола отырып басқа елдерге үлгі болуға тиіс;
5) Қазақстанның экономикасы сыртқы шикізат нарығындағы бағалардың күрт ауытқуларының ықпалына ұшырап отыр.
Екінші жағынан Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындары 2030 және 2040 жылдар аралығындағы кезеңде өндіру шыңына шығады. Елімізге мұнай-газ секторынан тұрақты кірістер түсіп тұрған кезде, экономиканы әртараптандыру және оның тұрақтылығын арттыру бойынша неғұрлым батыл шаралар қажет.
3. Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
Қазақстанда «жасыл экономиканың» дамуына белсенді әсер ететін бірқатар ішкі және сыртқы факторлар бар.
Сыртқы факторларға мыналар жатады:
1) «жасыл технологиялардың» бәсекеге қабілеттілігі өсуінің жылдам қарқыны – балама энергетиканың жақын арада жаңа технологияларының дәстүрлі көздерімен салыстырғанда электр энергиясын өндірудің шығыны аз тәсілдерін ұсынуға әлеуеті бар;
2) Қазақстанның халықаралық имиджін қолдау және көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқарту бойынша міндеттемелерді орындау қажеттілігі. Әлемдік қоғамдастық Қазақстаннан Орталық Азия өңірінде орнықты дамуға жәрдемдесу үшін «Болашақ энергиясы» деп аталатын ЭКСПО-2017 көрмесі мен «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы сияқты маңызды жобалардың табысты іске асырылуын күтеді. Қазақстанның әлемдік қоғамдастық қолдаған тағы бір бастамасы Ғаламдық экологиялық стратегия болды. Еліміз өзіне және әлемге амбициялық және сұранысқа ие бастамалармен қатар, оларды табысты іске асырып, өңірде экономикалық дамудың «жасыл бағытына» көшуде пионер бола отырып, басқа елдерге үлгі болуға тиіс;
3) жақындап келе жатқан Үшінші индустриялық революция.
4) Білім экономикасына ауысу.
Ішкі факторлар мыналарды қамтиды:
1) жақын арада инфрақұрылымды елеулі жаңарту және дамыту: осы активтердің жалпы көлемінен ғимараттардың 55 %-ы және электр станцияларының 40 %-ы 2030 жылға қарай жаңадан салынатын болады. Ресурстарды тиімді пайдаланатын жаңа инфрақұрылымды құрудың бірегей мүмкіндігі құрылады;
2) елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың бірқатары:
– Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің тізіміне кіруі жөніндегі тұжырымдама;
– Су ресурстарын басқару жөніндегі мемлекеттік бағдарлама;
– Агробизнес 2020 бағдарламасы;
– Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама;
3) энергияны және жер ресурстарын тиімсіз пайдалануды азайту қажеттілігі (бірқатар бағалау бойынша Қазақстанға 2011 жылғы бағалар кемінде ЖІӨ 4-8 % келеді);
4) көрші мемлекеттер экономикасының өсуі жағдайында өзендердің трансшекаралық ағындарының болжамды азаюына байланысты Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі тәуекелін азайту қажеттілігі;
5) жер және су ресурстары сапасының жұтаңдануын және нашарлауын тоқтату қажеттілігі өңірлік дамудың теңгерімсіздігіне әкелуі мүмкін, бұл бәрінен бұрын Қазақстанның неғұрлым аз қамтамасыз етілген өңірлеріне әсер етеді;
6) Қазақстан экономикасының сыртқы шикізат нарықтарындағы бағалардың ауытқуына тәуелділігін азайту қажеттілігі.
2-стратегиялық бағыт. Бюджет саясаты және жоспарлау
Бюджет саясаты саласы
1. Негізгі даму параметрлері
Мемлекеттік борышты қалыпты деңгейде ұстау және мемлекеттік қаржының тұрақтылығы үшін бюджет тапшылығын және ЖІӨ қатысты мұнай емес тапшылықты төмендету жоспарлануда.
Қазақстан 2012 жылғы қорытындыларға сәйкес «Мемлекеттік бюджет теңгерімі (профицит/тапшылық)» көрсеткіші бойынша ДЭФ ЖБИ рейтингінде 13-орынды иеленді, 2012 жылғы қорытындыларға сәйкес «Мемлекеттік шығыстардағы ысырапшылдық» көрсеткіші бойынша 31-орынды иеленді.
2. Негізгі проблемаларды талдау
Қазақстандағы бюджет саясатының тиімділігіне орта және ұзақ мерзімді кезеңде теріс әсер етуі мүмкін проблемалар бар.
Бірнеше жылдар бойы мемлекеттің ағымдағы шығыстары мен міндеттемелерінің ұлғаю үрдісі байқалуда.
Бұл ретте кіріс базасының өсуімен сүйемелденбейтін салық салу саясаты перспективада ұлғайып бара жатқан міндеттемелерге сәйкес болмауы мүмкін. Ұзақ мерзімді кезеңде бұл мемлекеттік қаржының теңгерімсізденуіне алып келуі мүмкін.
Құрылымдық реформалардың аяқталмауына және жалғасуына байланысты Қазақстанда орта мерзімді бюджеттік жоспарлаудың тұрақтылығын қамтамасыз ету өте қиын.
Бұдан басқа, қазіргі бюджет жүйесіне тән орталықтандыру бюджет жүйесіндегі теңгерімсіздікке әкеледі. Сүйемелдейтін (теңестіретін) сипатты ғана орындауға арналған өңірлерге берілетін нысаналы трансферттер жүйесі «екінші жергілікті бюджетке» айналды.
Нәтижесінде өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму міндеттерін шешуде жергілікті органдар дербестігі мен жұмысының тиімділігі төмендейді.
Мемлекеттік бюджет шығыстарының жыл сайынғы өсуіне қарамастан, олардың нәтижелілігі төмендейді.
Жеке инвестициялар мемлекеттік инвестициялармен алмастырылады, бұл да олардың тиімділігін төмендеуде.
Бюджеттік ресурстарды тиімді басқаруды іске асыруға әртүрлі мемлекеттік органдарға бекітілген бағдарламалар санының көп болуы да қиындата түседі. Қаржыландыру бағыттары мен бағдарламаларды іске асыру құралдарының қайталануы орын алып отыр.
3. Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
ЖІӨ өсуіне және республикалық бюджетке түсетін түсімдерге әсер ететін ішкі фактор елдегі іскерлік белсенділіктің төмендеуі немесе ұлғаюы болып табылады.
Қазақстан экономикасына әсер ететін негізгі сыртқы фактор әлемдік нарықтағы мұнай мен металдар бағасының серпіні болып табылады.
Әлемдік экономикадағы экономикалық жағдайдың нашарлауы немесе жақсаруы республикалық бюджетке түсетін түсімдер деңгейіне, Ұлттық қорға және бюджет шығыстарының құрылымына әсер ететін айқындаушы сыртқы фактор болып табылады.
Мемлекет міндеттемелерін басқару және қаржы секторын дамыту саясатының саласы.
1. Негізгі даму параметрлері
Соңғы төрт жыл ішінде мемлекеттік борышқа жүргізілген талдау мемлекеттік борыштың абсолюттік және салыстырмалы көрсеткіштерінің өсуін көрсетеді. Айталық, мемлекеттік борыштың ЖІӨ-ге қатынасы 2009 жылы – 12,3 % құрады, 2010 жылы – 14,4 % дейін төмендеуі байқалды, ол ЖІӨ-нің күрт өсуі арқылы қалыптасты, 2011 жылы 11,8 %, 2012 жылы – 12,7 % құрады.
2013 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік борыштың құрылымындағы ең үлкен үлес Үкіметтің борышы – 94,7 %, қалған бөлігі Ұлттық Банкке – 4,9 % және ЖАО тиесілі – 0,4 %.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес үкіметтік қарыз алу республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру мақсатында іске асырылады. Жыл сайын үкіметтік борыш бағамдық айырмашылықты ескере отырып, қарыз алу есебінен тапшылықты қаржыландыру сомасына ұлғаяды.
Жалпы, үкіметтік борыш мөлшерінің шектен тыс өсуіне тыйым салу мақсатында жоспарланған кезеңге Республикалық бюджет туралы заңда жыл сайын үкіметтік борышқа шектеу қойылады.
Бұдан әрі үкіметтік борышты қауіпсіз деңгейде ұстау мақсатында республикалық бюджет тапшылығының мөлшерін азайту жоспарлануда.
Әлемдік тәжірибеде мемлекеттік борыш орнықтылығының жиі қолданылатын көрсеткіші борыштың ЖІӨ-ге қатынасы болып табылады.
Бірыңғай экономикалық кеңістік елдерінің арасында қол қойылған Келісілген макроэкономикалық саясат туралы келісімге сәйкес мемлекеттік борыш ЖІӨ-нің 50 %-нан аспауға тиіс.
Бүгінгі күнде қалыптасқан мемлекеттік борыш қолайлы деңгейде
және оның шегінен шығуы елдің дамуына және экономиканың орнықтылығына қауіп туғызатын шектерден аспайды.
2. Негізгі проблемаларды талдау
Әлемдік экономикалық жүйенің құрамдас бөлігі ретінде Қазақстан экономикасын дамыту серпіні көбінесе әлемдік экономика серпініне байланысты.
Қазақстанда коллекторлық қызметтің заңнамалық базасын құру үшін мынадай проблемаларды атап өтуге болады: коллекторлық агенттіктерді аккредиттеудің болмауы; персоналға қойылатын біліктілік талаптарының болмауы; заңсыз қызметке борышкерлердің шағымдары кезінде коллекторлық агенттіктер қызметкерлерінің мінез-құлқын бағалау мүмкіндіктерінің болмауы.
Контракция тәуекелдерін тәуелсіз бағалау институттарын (рейтингтік агенттіктерді, кредиттік бюроларды) және коллекторлық агенттіктерді одан әрі дамыту тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 2014 жылы «Коллекторлық қызмет туралы» Заң жобасы әзірленеді.
Банктер активтері сапасының төмендігі проблемаларын шешу мақсатында шаралар кешені іске асырылуда, сондай-ақ еншілес «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ-ның жұмыс істейді.
Сондай-ақ, соңғы жылдары ондаған мың құрылыс объектілерінің, оның ішінде ғимараттар мен тұрғын үй құрылыстарының бұзылуына әкеп соққан табиғи апаттар жиілеп кетті.
Табиғи катаклизмдерді ескере отырып, қазіргі уақытта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан сақтандыру жүйесін енгізу бөлігінде заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы әзірленеді.
Мемлекет басшысының 2013 жылдың соңына дейін банктер капиталынан шығуы жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Министрлік қайта құрылымдауды жүзеге асырған екінші деңгейдегі банктерді одан әрі дамыту мәселелері жөніндегі Заң жобасын әзірледі, ол сондай-ақ және екінші деңгейдегі банктерді қайта ұйымдастыру процесін реттейтін заңнамалық базаны жетілдіруге бағытталған.
Заң жобасы қаржы секторын шоғырландыру, Қазақстан Республикасы мемлекетінің қайта құрылымдауды жүзеге асырған банктерге қатысуын оңтайландыру, сондай-ақ ілеспе қосымша шығыстарды қысқарту мақсатында акционерлік қоғамдар, бағалы қағаздар нарығы мен банк қызметі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру қажеттілігіне негізделген.
3. Негізгі сыртқы және ішкі факторларды бағалау
2012 жылы ЖІӨ өсу қарқыны әлемдік экономиканың нашар өсуі жағдайларында жоспарланған параметрлерден біраз төмен қалыптасты.
Мұнайға және металдарға әлемдік нарықтағы бағалардың серпіні Қазақстанның экономикасына әсер ететін негізгі сыртқы фактор болып табылады.
Экономика өсуінің қолайлы қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген түйінді ішкі фактор, мемлекеттік және жеке секторларды тұтынудың өсуі есебінен тұтыну нарығындағы сұраныстың ұлғаюы болып табылады.
Сыртқы жағдайлардың салдарын нивелирлеу мақсатында ішкі көздер мен резервтер есебінен экономикалық өсуге басты назар аударылатын болады.
Бұдан басқа, экономиканың дамуына, әсіресе экономиканың шикізат емес секторына, ішкі және сыртқы инвестициялардың өсуіне ықпал етеді.
3-стратегиялық бағыт. Халықаралық экономикалық интеграция және сыртқы сауда қызметі
Халықаралық экономикалық интеграция және сыртқы сауда қызметінің саласы
1. Негізгі даму параметрлері
Бүгінгі таңда маңызды интеграциялық серпілістердің бірі 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының Кеден одағын іс жүзінде іске асыру болып табылады, ол Кеден одағына кірмейтін үшінші елдерге қатысты бірыңғай сауда саясаты мен бірыңғай кеден тарифін қолдана отырып, тауарлардың еркін сауда аймағы режимін іске асыруды білдіреді.
2012 жылы қызметтер көрсетуге, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы үшін жағдайлар жасауға, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті қолдаудың бірыңғай қағидаттары мен қағидаларын белгілеуге, тең бәсекелес жағдайлар жасауға және сыртқы нарықтарға қолжетімділіктің қолайлы жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған Бірыңғай экономикалық кеңістік – интеграцияның неғұрлым тереңдетілген нысанының негізі болып табылатын базалық келісімдер күшіне енді.
Қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2012 жылғы 14 мамырдағы № 29 шешімімен бекітілген БЭК-ті қалыптастыратын келісімдерді іске асыру мақсатында құжаттарды әзірлеудің күнтізбелік жоспарында көзделген қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру бойынша жұмыс жалғасуда.
2011 жылғы 18 қарашада қол қойылған Еуразиялық экономикалық интеграция туралы декларацияға сәйкес Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі интеграцияны одан әрі дамыту бағыты Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру болып табылады.
Еуразиялық экономикалық одақтың 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында 2012 жылы Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістіктің шарттық-құқықтық базасын кодификациялау жұмысы басталды.
Қазақстан «Сауда кедергілерінің шамасы» көрсеткішіне сәйкес ДЭФ ЖБИ рейтингінде 2012 жылғы қорытындылар бойынша 48-орынға, «Сауда баждары (мөлшерлемелер көлемі) %» көрсеткішіне сәйкес 2012 жылғы қорытындылар бойынша 104-орынға, «Халықаралық дистрибуцияны бақылау» көрсеткішіне сәйкес 2012 жылғы қорытындылар бойынша 101-орынға ие болды.
2. Негізгі проблемаларды талдау
Кеден одағы елдеріне қазақстандық экспортты қысқарту нәтижесінде Қазақстанның Кеден одағы елдерімен сауда теңгерімінің теріс сальдосының өсуі байқалады. Егер 2010 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда Кеден одағы елдерімен сауда теңгерімінің теріс сальдосы 18,9 %-ға ұлғайса, онда 2011 жылы теріс сальдоның өсуі 31 % құрады. Өз кезегінде, 2012 жылы сауда теңгерімінің сальдосы - 10,9 миллиард АҚШ долл. құрады, алайда оның өсімі қысқарды (2011 жылмен салыстырғанда теріс сальдо 24,1 %-ға өсті).
3. Негізгі ішкі және сыртқы факторларды бағалау
Жалпы Еуразиялық экономикалық қауымдастық (бұдан әрі – ЕурАзЭҚ) шеңберіндегі интеграциялық процестер елдің экономикалық әлеуетін ашу, бірлескен, өзара толықтырылатын өндірістерді құру жолымен бәсекеге қабілеттілігі жоғары әлемдік нарыққа шығу, сондай-ақ неғұрлым тиімді шарттарда өзара сауданы жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктерді ашуда.
ЕурАзЭқ шеңберінде интеграциялық процестерді тиісті үйлестіру және мазмұнды пысықтау интеграциялық бастамалардың тиімді іске асырылуына қол жеткізуде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерін кешенді есепке алуды қамтамасыз ететін маңызды құрал болып табылады.
Қазақстан үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына (бұдан әрі – ДСҰ) кіру болжамды сауда және инвестициялық режимдегі мемлекет ретінде тани отырып, халықаралық сауда жүйесіне интеграциялану тұрғысынан аса маңызды болып табылады, ұлттық экономиканы әртараптандыру мақсатында инвестицияларды тарту үшін қажет.
Осылайша, біздің мемлекетіміз үшін ДСҰ-ға кіру сыртқы экономикалық басымдықтардың бірі болып табылады.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстанның ДСҰ-ға экономикалық пайдалы шарттарда кіруі жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Кеден одағын тәжірибелік іске асыру басталуымен, ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөз процесі кейбір өзгерістерге ұшырады, олар ең алдымен мүше елдер ДСҰ-ға кіргеннен кейін Кеден одағының толыққанды жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау қажеттілігіне байланысты.
Осы мақсаттарда біздің елдер ДСҰ-ға қосылу жөніндегі келіссөздерді Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша үйлестірілген ұстаным негізінде жүргізеді.
Бүгінгі күні Қазақстан тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық нарығына қолжетімділік бойынша ДСҰ-ға 29 мүше елмен екіжақты келіссөздерді аяқтап, тиісті хаттамаларға қол қойды.
Жақын уақытта сондай-ақ Қазақстан және Ресейдің импорттық баждары бойынша міндеттемелерін үйлестіру жағдайлары жөніндегі келіссөздерді, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі көпжақты келіссөздерді, оның ішінде ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі келіссөздерді аяқтау жоспарланып отыр.
Қазақстан заңнамасын ДСҰ-ның міндетті келісімшарттарының ережелеріне толық сәйкестендіру бойынша жұмыс жалғасуда.
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі жөніндегі келіссөздер процесі аяқталу сатысында, оның шеңберінде Үкімет Қазақстанның Кеден одағы шеңберінде қабылдаған міндеттемелерін ескере отырып, ДСҰ-ға кіргеннен кейін ұлттық экономиканы одан әрі дамыту үшін барынша тиімді жағдайларды қорғауда.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының экономикалық дамуының оң нәтижелеріне қол жеткізуде сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік, тарифтік емес реттеу шараларын қолдану маңызды атқарады.
2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағы жұмыс істей бастады, оның негізгі міндеттерінің бірі үшінші елдерге қатысты бірыңғай сауда саясатын жүргізу болып табылады. Мәселен, Кеден одағына мүше елдердің кедендік-тарифтік, тарифтік емес реттеу және қорғау шараларын қолдану салаларындағы ұлттық өкілеттіктері Еуразиялық экономикалық комиссияға берілген.
Достарыңызбен бөлісу: |