Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы №42 Қаулысы (2015. 17. 09. берілген өзгерістермен) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы»



бет1/5
Дата08.07.2016
өлшемі430 Kb.
#185785
  1   2   3   4   5
Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру және резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісімшарттардың есептік нөмірлерін алу қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 42 Қаулысы

(2015.17.09. берілген өзгерістермен)

 

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне валюталық реттеу және валюталық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:



1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру және резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісімшарттардың есептік нөмірлерін алу қағидалары бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының осы қаулының қосымшасына сәйкес қаулыларының күші жойылды деп танылсын.

3. Осы қаулы 2012 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

 

 



Ұлттық Банк

Төрағасы

 

Г. Марченко

 

«КЕЛІСІЛДІ»

Қазақстан Республикасының

Қаржы министрлігі

Министр

Б.Жәмішев



2012 жылғы 12 наурыз

 

Қазақстан Республикасы



Ұлттық Банкі Басқармасының

2012 жылғы 24 ақпандағы

№ 42 қаулысымен

бекітілген

 

 

Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру және резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісімшарттардың есептік нөмірлерін алу қағидалары



 

1. Жалпы ережелер

 

1. Қазақстан Республикасында экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру және резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісімшарттардың есептік нөмірлерін алу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына және «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген және экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ резиденттердің экспорт және импорт бойынша келісімшарттардың есептік нөмірлерін алу талаптарын (оның ішінде келісімшарттың сомасына қатысты асып кеткен жағдайда келісімшарттың есептік нөмірін алу талап етілетін шекті мәнін) айқындайды.



Экспорттық-импорттық валюталық бақылау - бұл уәкілетті банктер, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі - Ұлттық Банк) және басқа да мемлекеттік органдар резиденттердің шетел және ұлттық валютаны репатриациялау талабын (бұдан әрі - репатриациялау талабы) орындауын қамтамасыз ету мақсатында өз құзыреттері шеңберінде жүзеге асыратын шаралар кешені.

Экспорттық-импорттық валюталық бақылауды жүзеге асыру тәртібі репатриациялау талабының орындалуын бақылаудың негізгі және қосымша (жеке жағдайлардан) рәсімдерінен және оларды аяқтау талаптарынан, репатриациялау талабының орындалуын бақылаудың мақсаттары үшін келісімшарттар бойынша ақпарат алмасудан, сондай-ақ өтпелі ережелерден тұрады.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.17.09. № 175 Қаулысымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Осы Қағидаларда қолданылған ұғымдар Заңда көрсетілген мағыналарда пайдаланылады.

Осы Қағидалардың мақсаттары үшін сондай-ақ мынадай терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:

1) келісімшарт - тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) экспортын немесе импортын көздейтін валюталық шарт;

2) келісімшарт бойынша салыстырып тексеру акті - келісімшарт бойынша тауарлардың қозғалысын салыстырып тексеру нәтижелері бойынша келісімшартты есептік тіркеу банкі мен мемлекеттік кірістер органының аумақтық бөлімшесі жасаған акт;

3) келісімшарттарды тіркеу журналы - есептік тіркеу нөмірлері берілген келісімшарттарды тіркеу үшін келісімшартты есептік тіркеу банкі жүргізетін журнал;

4) келісімшартты есептік тіркеу - келісімшарттың түпнұсқасына немесе көшірмесіне тиісті белгі қоя отырып, келісімшартқа келісімшарттың есептік нөмірін беру, сондай-ақ келісімшарт шеңберінде есеп жүргізу және міндеттемелердің орындалуы бойынша есептілік беру;

5) келісімшартты есептік тіркеу банкі - келісімшарт шеңберінде репатриациялау талабының орындалуын бақылау мақсатында келісімшарттың есептік тіркеуін жүзеге асыратын уәкілетті банк (оның филиалы), Ұлттық Банктің аумақтық филиалы (бұдан әрі - Ұлттық Банктің филиалы);

6) келісімшарттың есептік нөмірі - келісімшартты есептік тіркеу банкі беретін, валюталық операциялар бойынша есепті және есептілікті қамтамасыз етуге арналған тіркеу нөмірі немесе осы Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін келісімшарт бойынша ресімделген мәміле паспортының нөмірі;

7) лицензия - резиденттің резидент емеске коммерциялық кредит беруі үшін Ұлттық Банк 2006 жылғы 31 желтоқсанға дейін берген лицензия;

8) мәміле паспорты - репатриациялау талабының орындалуын бақылау мақсаттары үшін осы Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін келісімшарт бойынша ресімделген құжат;

9) мемлекеттік кіріс органы - өз құзыреті шегінде салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасында кеден ісін іске асыруды, Қазақстан Республикасының заңдарымен осы органның қарауына жатқызылған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы;

10) репатриациялау мерзімі - экспорт датасы мен экспортты төлеуге валюта келіп түскен күн арасындағы не импорт бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы күні мен резидент емес міндеттемелерін орындамаған және (немесе) толық орындамаған жағдайда импорт бойынша пайдаланылмаған аванс қайтарылған күн арасындағы, не импорт бойынша төлем және (немесе) ақша аударымы күні мен келісімшартта пайдаланылмаған авансты қайтару мерзімі болмаған жағдайда импорт күні арасындағы уақыт кезеңі;

11) экспортер немесе импортер - келісімшарт жасаған не келісімшарт бойынша резидент емеске талап қою құқығы өткен Қазақстан Республикасының резиденті (заңды тұлға, оның филиалы, сондай-ақ дара кәсіпкер).

 
2. Репатриациялау талабының орындалуын бақылаудың негізгі рәсімдері

 

3. Уәкілетті банктер, сондай-ақ Ұлттық Банктің филиалдары осы Қағидалардың 29-тармағының 1)-5) және 7) тармақшаларында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, елу мың АҚШ доллары баламасынан жоғары сомаға келісімшарттар бойынша репатриациялау талабының орындалуына бақылауды жүзеге асырады.



Егер келісімшарт АҚШ долларынан өзгеше валютамен көрсетілсе және келісімшартта АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамына нұсқау болмаса, келісімшарт сомасының АҚШ долларындағы баламасын айқындау үшін қайта санау келісімшарт жасалған күнгі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

Егер келісімшарт АҚШ долларынан өзгеше валютамен көрсетілсе, резидент еместің орындалмаған міндеттемелерінің сомасы келісімшарт валютасында оны кейіннен келісімшарт бойынша репатриациялау мерзімі аяқталатын айдың соңғы күніндегі валюта айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып АҚШ долларына қайта санау арқылы есептеледі. Келісімшартты есептік тіркеуден алу мақсатында резиденттің орындалмаған міндеттемелерінің сомасын АҚШ долларына қайта санау келісімшартты есептік тіркеуден алған күнгі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

Егер келісімшарт міндеттемелерді орындау валютасынан өзгеше валютада көрсетілсе және келісімшарт тараптары міндеттемелерді орындау валютасын келісімшарт валютасына қайта есептеудің бағамы айқындалмаса, орындалған міндеттемелер сомасын келісімшарт валютасына қайта есептеу міндеттемелерді орындау күнгі валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланыла отырып жүзеге асырылады.

4. Репатриациялау мерзімі келісімшарттың есептік нөмірін талап ететін келісімшарттар бойынша осы Қағидалардың 1-қосымшасының нысаны бойынша келісімшарттың есептік нөмірін алуға арналған өтініште, ал есептік нөмірді алуды талап етпейтін келісімшарттар бойынша еркін нысандағы өтініште көрсетіледі. Есептік нөмірді алуды талап етпейтін келісімшарттар үшін экспортердің немесе импортердің репатриациялау мерзімі көрсетілген өтініші болмаған жағдайда, бұл мерзім 180 күнтізбелік күнге тең болып қабылданады.

Репатриациялау мерзімін экспортер немесе импортер келісімшарт бойынша тараптардың міндеттемелерді осы Қағидалардың 2-қосымшасында көзделген тәртіппен орындау талаптарына қарай есептейді және толық жылдар мен күндердің саны ретінде көрсетіледі.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.17.09. № 175 Қаулысымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

5. Репатриациялау мерзімі еркін нысандағы өтініште жаңа репатриациялау мерзімін көрсету арқылы мынадай жағдайларда өзгертіледі:

1) егер бұрын экспортер немесе импортер көрсеткен репатриациялау мерзімі келісімшарттың талаптарына сәйкес келмесе және (немесе) осы Қағидалардың нормалары ескерілмей есептелсе;

2) келісімшарт бойынша тараптардың міндеттемелерін орындау мерзімдеріне және талаптарына әсер ететін жағдайлардың басталуын растайтын мынадай құжаттар болса:

келісімшартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар;

соттың немесе өзге мемлекеттік органның, төрелік соттың шешімі;

шет мемлекеттің уәкілетті органының резидент еместің таратылу кезеңінде тұрғанын немесе банкроттық рәсімінен өтіп жатқанын растайтын құжаты;

3) келісімшарт бойынша тараптардың міндеттемелерін орындау мерзімдерін және талаптарын өзгертуге әсер ететін дүлей күш жағдайларының туындауы.

Дүлей күш жағдайлары туындаған, соттың немесе өзге мемлекеттік органның, төрелік соттың шешімінде келісімшарт бойынша резидент еместің міндеттемелерін орындау мерзімдері болмаған не шет мемлекеттің уәкілетті органының құжатында резидент еместі тарату немесе резидент еместі банкрот деп тану процесінің аяқталу мерзімдері болмаған кезде репатриациялау мерзімі үш жылдан аспайтын мерзімге ұзартылады.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.17.09. № 175 Қаулысымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

6. Репатриациялау талабының орындалуын бақылау мақсаттары үшін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) экспортының немесе импортының күні болып:

1) тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі - Одақ) мүше мемлекеттердің кеден шекарасы арқылы өткізген кезде - сыртқы сауданың кедендік статистикасында экспорт немесе импорт ретінде есепке алынатын кедендік рәсіммен тауарларды орналастыруды растайтын тауарларға арналған декларацияда көрсетілген тауарлардың шығарылған күні;

2) тауарларды Одақтың кеден аумағының ішінде импорт үшін өткізген кезде, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексінде (бұдан әрі - Салық кодексі) тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті ресімдеу көзделген жағдайда - тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу жөніндегі өтініш қағаз тасымалдағышпен ұсынылған жағдайда мемлекеттік кірістер органының аумақтық бөлімшесінің оны тіркегені туралы белгі қойған күні не тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу жөніндегі өтініш электрондық түрде ұсынылған жағдайда мемлекеттік кіріс органының оны қабылдағаны туралы хабарлаған күні;

3) қалған жағдайларда: өзара сауданың кедендік статистикасында экспорт немесе импорт ретінде есепке алынатын кедендік рәсіммен тауарларды орналастыруды растайтын тауарларға арналған декларацияда көрсетілген тауарлардың шығарылған күні (тауарларға арналған декларацияны ресімдеу көзделген кезде);

тауарлар беруді, жұмыстар орындауды (қызметтер көрсетуді) растайтын құжаттарға қол қойылған (қабылданған) күн;

іс жүзінде берілген тауарлар, орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) үшін шот-фактура, инвойс ұсынылған күн;

жұмыстардың орындалғанын (қызметтердің көрсетілгенін) растайтын құжаттарға қол қою (қабылдау) және іс жүзінде орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) үшін шот-фактура, инвойс ұсыну көзделмейтін келісімшарттың талаптарына сәйкес міндеттемелерді орындау басталған күн;

аумағына тауарлар импортталған Одаққа мүше мемлекеттің салық органының тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш қағаз тасымалдағышпен ұсынылған жағдайда оны тіркегені туралы белгі қойған күні не аумағына тауарлар импортталған Одаққа мүше мемлекеттің салық органының тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу жөніндегі өтініш электрондық түрде ұсынылған жағдайда оны қабылдағаны туралы хабарлаған күн саналады.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.17.09. № 175 Қаулысымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

7. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін валютаны репатриациялау жөніндегі талаптың орындалуын бақылауды жүзеге асыру кезінде уәкілетті банкке немесе Ұлттық Банктің филиалына қағаз тасымалдағышпен немесе электрондық түрде келіп түсетін құжаттар валюталық бақылау құжаттары болып табылады. Мұндай құжаттарға мыналар жатады:

1) осы Қағидаларға 1-қосымшада белгіленген нысан бойынша келісімшарттың есептік нөмірін алуға өтініш немесе келісімшарттың есептік нөмірін алуды талап етпейтін келісімшарттар бойынша еркін нысандағы өтініш;

2) есептік тіркеуден өтуі тиіс келісімшарттар үшін есептік нөмірдің берілгені туралы белгісі бар келісімшарт (түпнұсқасы немесе оның көшірмесі);

3) мыналарды:

келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдерінің және талаптарының немесе тараптарының өзгергенін;

келісімшарт бойынша міндеттемелердің орындалғанын (тауарларға арналған декларацияны, жұмыстардың орындалғанын (қызметтердің көрсетілгенін) немесе тауарлардың Одақтың кеден аумағының ішінде экспорт немесе импорт үшін өткізілуін растайтын құжаттарды қоса алғанда);

экспортердің немесе импортердің шетел банкіндегі банк шотының Заңның 12-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген шоттарға сәйкес келуін растайтын құжаттар;

4) шетел банктеріндегі банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді-көшірмелер, шетел банктеріндегі банк шоттарынан төлемдер мен (немесе) аударымдарды растайтын және сәйкестендіретін төлем құжаттары және өзге құжаттар;

5) лицензия, тіркеу куәлігі, хабарлама туралы куәлік, мәміле паспорты;

6) келісімшарт бойынша салыстырып тексеру актісі;

7) осы Қағидалардың 49 және 53-тармақтарында көзделген тәртіппен жіберілген келісімшарттың есептік нөмірі бар келісімшарттар бойынша тауарлар қозғалысы туралы ақпарат.

Егер тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште экспортталған немесе импортталған тауарлар бойынша жиынтық сома болмаса, экспортер немесе импортер бұл жиынтық соманы келісімшартты есептік тіркеу банкіне валюталық бақылау құжаты ретінде ұсынылатын тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініштің көшірмесінде көрсетеді.

Экспортер немесе импортер уәкілетті банктің немесе Ұлттық Банк филиалының талап етуі бойынша ұсынатын валюталық бақылау құжаттарының көшірмелері экспортердің немесе импортердің мөрімен (ол болған кезде) және (немесе) уәкілетті тұлғасының қолымен расталады. Электрондық құжат айналымы болған кезде экспортер немесе импортер ұсынатын құжаттардың электрондық көшірмелері экспортердің немесе импортердің электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталады.

Шет тіліндегі валюталық бақылау құжаттарының көшірмелері уәкілетті банктің немесе Ұлттық Банк филиалының талап етуі бойынша экспортердің немесе импортердің мөрімен (ол болған кезде) және (немесе) уәкілетті тұлғасының қолымен расталған мемлекеттік тілдегі немесе орыс тіліндегі аудармасы қоса беріле отырып, ұсынылады.

Шет мемлекеттің ұйымдарынан және мекемелерінен шығатын, экспортерлер немесе импортерлер ұсынатын құжаттар, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе қатысушысы Қазақстан Республикасы және ұйымдары мен (немесе) мекемелерінен құжаттар шығатын мемлекет болып табылатын халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, консулдық заңдастыру болған жағдайда қарау үшін қабылданады.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.17.09. № 175 Қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

8. Одақтың кедендік аумағы ішінде тауарларды экспорт немесе импорт үшін өткізуді растайтын құжаттар мыналар болып табылады:

1) тауарларды импорт үшін Кеден одағының кедендік аумағы ішінде өткізген жағдайда, Салық кодексінде тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтінішті ресімдеу көзделген кезде — тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініш (ол қағаз тасымалдағышпен ұсынылған жағдайда мемлекеттік кірістер органының аумақтық бөлімшесінің жанама салықтардың төленгені туралы қойылған белгісі бар не ол электрондық түрде ұсынылған жағдайда жанама салықтардың төлену фактісін растау және салықтық есептілікті қабылдау туралы хабарламасы бар);

2) қалған жағдайларда:

өзара сауданың кедендік статистикасында экспорт немесе импорт ретінде есепке алынатын кедендік рәсіммен тауарларды орналастыруды растайтын тауарларға арналған декларация;

тауарлардың өткізілуін және (немесе) жұмыстардың орындалуын (қызметтердің көрсетілуін) растайтын акт;

іс жүзінде өткізілген тауарлар, орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) үшін шот-фактуралар, инвойстар;

Қазақстан Республикасының аумағынан Одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына тауарлар экспортын растау үшін тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтініш (ол қағаз тасымалдағышпен ұсынылған жағдайда - аумағына тауарлар импортталған, Одаққа мүше мемлекеттің салық органының жанама салықтардың төленгені туралы қойылған белгісі бар не ол электрондық түрде ұсынылған жағдайда - жанама салықтардың төлену фактісін растау және салықтық есептілікті қабылдау туралы хабарламасы бар).

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.17.09. № 175 Қаулысымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

9. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін тауарларды экспорт немесе импорт үшін Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы өткізу деп:

тауарларды Қазақстан Республикасының аумағынан (аумағына) Одаққа мүше басқа мемлекеттердің аумағына (аумағынан) өзара сауда статистикасында экспорт немесе импорт ретінде есепке алынатын өткізу;

сыртқы сауданың кедендік статистикасында экспорт немесе импорт ретінде есепке алынатын кедендік рәсімдердің бірімен орналастырылған тауарларды Одақтың кедендік шекарасынан өткізу түсініледі.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.17.09. № 175 Қаулысымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

10. Экспортер немесе импортер тараптардың келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындау мерзімдері мен талаптарына әсер ететін жағдайлар туындаған жағдайда, растайтын құжаттарды келісімшарт бойынша репатриациялау талабының орындалуын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті банкке немесе Ұлттық Банктің филиалына ұсынады.

Құжаттар болған кезде олар резидент еместің экспортер немесе импортер алдындағы орындалмаған міндеттемелері сомасының баламасы елу мың АҚШ долларынан асқан репатриациялау мерзімі аяқталатын айдың соңғы күнінен кешіктірмей ұсынылады.

Вексель бойынша төлем алған кезде немесе вексель бойынша талап ету құқықтарын үшінші тұлғаға өткізу кезінде экспортер немесе импортер келісімшарт бойынша репатриациялау талабының орындалуын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті банкке немесе Ұлттық Банктің филиалына вексель бойынша төлем немесе талап ету құқықтарын өткізу күнінен кейін күнтізбелік он күн ішінде растау құжаттарын ұсынады.

Резидент емес үшінші тұлға келісімшарт бойынша төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде импортер келісімшарт бойынша репатриациялау талабының орындалуын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті банкке немесе Ұлттық Банктің филиалына резидент емес үшінші тұлғаның атауын немесе аты-жөнін, резидент еместің елін, төлемнің күнін, сомасы мен валютасын көрсете отырып, осы төлемдер және (немесе) ақша аударымдары бойынша ақпаратты төлемдер және (немесе) ақша аударымдары жүргізілген күннен кейін күнтізбелік бір жүз сексен күннен кешіктірмей ұсынады.

Тауарларды Қазақстан Республикасының шекарасы арқылы экспорт немесе импорт үшін өткізген кезде не жұмыстар (көрсетілетін қызметтер) экспорты немесе импорты кезінде экспортер немесе импортер осы Қағидалардың 11 және 12-тармақтарына сәйкес құжаттар ұсынылатын жағдайларды қоспағанда, тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) экспорты немесе импорты күнінен кейін күнтізбелік тоқсан күннен кешіктірмей келісімшарт бойынша репатриациялау талабының орындалуын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті банкке немесе Ұлттық Банктің филиалына тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) экспорты немесе импорты бойынша міндеттемелердің орындалуын растайтын құжаттарды ұсынады.

11. Егер репатриациялау мерзімі аяқталып, ал резидент еместің экспортер немесе импортер алдындағы келісімшарт бойынша орындалмаған міндеттемелерінің сомасы елу мың АҚШ доллары баламасынан асып кетсе, уәкілетті банк репатриациялау мерзімі аяқталғаннан кейінгі айдың бесінен кешіктірмей экспортердің немесе импортердің атына резидент еместің келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі мен талаптарына немесе резидент еместің келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауына әсер ететін жағдайларды растайтын құжаттарды ұсынуы туралы сұрату (жазбаша нысанда не электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып) жібереді.

Экспортер немесе импортер репатриациялау мерзімінің ұзартылуын немесе резидент еместің келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындауын растайтын құжаттарды ұсынбаған жағдайда, уәкілетті банк Ұлттық Банкке осы Қағидалардың 51-тармағына сәйкес ақпарат жібереді.

12. Ұлттық Банктің филиалы экспортердің немесе импортердің атына резидент еместің келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі мен талаптарына әсер ететін жағдайларды растайтын ақпаратты және құжаттарды, сондай-ақ:

1) егер экспортер немесе импортер алдындағы келісімшарт бойынша орындалмаған міндеттемелерінің сомасы елу мың АҚШ доллары баламасынан асып кетсе, Ұлттық Банктің филиалы келісімшарттың есептік тіркеу банкі болып табылатын келісімшарт бойынша репатриациялау мерзімі аяқталған;

2) уәкілетті банктен осы Қағидалардың 51-тармағына сәйкес ақпарат алған жағдайларда резидент еместің міндеттемені орындағанын растайтын құжаттарды ұсыну туралы жазбаша сұрату жібереді.

13. Осы Қағидалардың 11 және 12-тармақтарына сәйкес сұратылған құжаттарды (бар болған кезде) және ақпаратты экспортер немесе импортер сұрату алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жазбаша түрде ұсынады.

14. Ұлттық Банктің филиалы осы Қағидалардың 10, 12 және 13-тармақтарына сәйкес экспортер немесе импортер ұсынған құжаттар және ақпарат негізінде экспортердің немесе импортердің іс-әрекеттерінде әкімшілік құқық бұзушылықтың немесе қылмыстық жазалау іс-әрекетінің болуы туралы мәселені қарайды. Қылмыстық жазалау іс-әрекетінің белгілері болған кезде Ұлттық Банктің филиалы құқық қорғау органдарына олардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өкілеттіктеріне сәйкес ақпарат жібереді.

15. Есептік тіркеуге жататын келісімшарт бойынша ақша төлемдерін және (немесе) аударымдарын осы Қағидаларда көзделген жағдайларды қоспағанда, келісімшарттың есептік тіркеу банкі жүзеге асырады.

Есептік тіркеуге жататын келісімшарт бойынша ақша төлемдерін және (немесе) аударымдарын жүргізу кезінде экспортер немесе импортер төлем құжаттарында келісімшарттың деректемелерін және келісімшарттың есептік нөмірін көрсетеді.

Түскен сомаларды сәйкестендіру үшін экспортер немесе импортер резидент емеске экспортердің немесе импортердің пайдасына ақша аударуға арналған төлем құжаттарында келісімшарттың деректемелерін және оның есептік нөмірін көрсету қажеттілігі туралы хабарлайды.

16. Репатриация талаптарының орындалуын бақылау талап етілетін келісімшарт бойынша ақша төлемін және (немесе) аударымын жүргізу кезінде уәкілетті банк төлем құжатында есептік тіркеуге жататын келісімшарттар үшін келісімшарт деректемелерінің және келісімшарт есептік нөмірінің болуын тексереді.

Егер экспортердің немесе импортердің төлем құжатында келісімшарттың деректемелері дұрыс көрсетілмесе немесе келісімшарттың есептік нөмірі болмаса (есептік тіркеуге жататын келісімшарттар үшін), уәкілетті банк ақша төлемін және (немесе) аударымын жүргізуден бас тартады.

Егер есептік тіркеуге жататын келісімшарттар бойынша экспортердің немесе импортердің пайдасына түскен ақша төлемі және (немесе) аударымы бойынша төлем құжатында келісімшарттың деректемелері дұрыс көрсетілмесе немесе келісімшарттың есептік нөмірі болмаса (есептік тіркеуге жататын келісімшарттар үшін), уәкілетті банк ақшаны есепке алуды экспортердің немесе импортердің келісімшарттың деректемелерін немесе келісімшарттың есептік нөмірін жазбаша растауы негізінде жүргізеді.

Репатриациялау мерзімдерін сақтамау уәкілетті банк үшін ақша төлемін және (немесе) аударымын жүргізуден бас тартуға негіз болып табылмайды.

Осы Қағидалар қолданысқа енгізілгенге дейін мәмілелер паспорты ресімделген келісімшарттар бойынша ақша төлемін және (немесе) аударымын уәкілетті банк осы Қағидалардың 54-тармағында белгіленген тәртіппен келісімшарттың есептік нөмірі қойылғаннан кейін жүзеге асырады.

17. Төлем құжатында келісімшарт бойынша түскен ақшаны есепке алу үшін қажетті деректер болмаған жағдайда, уәкілетті банк оларды экспортерді немесе импортерді келіп түскен сомаларды бірегейлендіру қажеттілігі туралы алдын ала жазбаша хабарлай отырып жіберушінің нұсқауларын сақтау шотына есепке алады.

Экспортер немесе импортер есептік уәкілетті банкті келісімшарттың деректемелерін және оның есептік нөмірін көрсете отырып, түскен соманың сипаты туралы жазбаша хабардар етеді (есептік тіркеуге жататын келісімшарттар үшін).

Егер түскен ақша күнтізбелік 180 күн ішінде келісімшарттың деректемелері немесе келісімшарттың есептік нөмірі бойынша бірегейлендірілмесе не экспортер немесе импортер Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасында көзделген құжаттар мен ақпаратты ұсыну бойынша өзге іс-әрекеттерді орындамаса, уәкілетті банк жіберушіге осындай нұсқауды орындамастан қайтарады.

18. Есептік тіркеуге жататын келісімшарт бойынша басқа уәкілетті банкке ақша түскен кезде уәкілетті банк ақшаны экспортердің немесе импортердің банк шотына есепке алады және экспортердің немесе импортердің нұсқауы негізінде түскен ақшаны есептік тіркеу банкіне аударуды жүзеге асырады. Экспортер немесе импортер келісімшартты есептік тіркеу банкіне ақша аударуға арналған төлем құжатына келісімшарттың тіркеу нөмірі және оның берілген күні көрсетілген келісімшарт парағының көшірмесін қоса береді.

19. Егер ақша төлемінің және (немесе) аударымының валютасы келісімшарттың валютасымен сәйкес келмесе, уәкілетті банк түскен соманы:

1) ақша төлемінің және (немесе) аударымының валютасын келісімшарттың валютасына қайта есептеудің келісімшарттың тараптары айқындаған бағамына сәйкес;

2) егер тараптар ақша төлемінің және (немесе) аударымының валютасын келісімшарттың валютасына қайта есептеу бағамын айқындамаса, ақша төлемі және (немесе) аударымы күнгі валюталар айырбастау бағамына сәйкес есепке алады.

ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2015.17.09. № 175 Қаулысымен 20-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

20. Тауарларды кедендік тазарту кезінде мемлекеттік кірістер органының аумақтық бөлімшесінің уәкілетті лауазымды тұлғасы осы Қағидаларға сәйкес есептік тіркеу нөмірін беру талап етілетін келісімшарттар бойынша тауарларға арналған декларацияда келісімшарттың мәлімделген есептік нөмірін келісімшартта келісімшартты есептік тіркеуге алған банк көрсеткен келісімшарттың есептік нөмірімен салыстырып тексереді.

 



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет