Зурә. Бағыш тәтем аман болса түк те етпейді.
Айбала. Өзіне айтқан жоқ. Бірақ, аса қауіпті деп Бағыш тәтемнің Еркін ағама айтып отырғанын естідім ғой, Зурә. Менің де іштей тынып, артын күтіп жүргенім сол емес пе. Өз халін өзі де сезетін сияқты. Мен көңілін қозғасам ауыр тие ме деймін... /ауыр оймен/ Қайтейін... /газет материалдарын орналастырып болады/.
Зурә. Ту... сен немене қайдағы жоқты айтып, сары уайымға салып кеттің. Күткен кісің келді. Оқуды бітіреміз. Мен енді тура колхозға келіп істеймін. Практика дегенің осы. Агрономдарың мынау /өзін Айбаланы нұсқайды/. Мақсот екеуіңнің тойыңды тойлап... Қандай тамаша...
Айбала. Иә...
/Жүгіріп Қадиша келеді. Қолында бір уыс бидайы бар/.
Қадиша. Міне, Мақсот ағай аса тамаша тазаланған деп тапты. Біздің звено енді себе бастайды. Рахмет достарым, екеуіңнің көмектеріңе.
Айбала. Бәле, Қадиша, еңбек сендердікі.
Зурә. Мақсот сонда ма?
Қадиша. Ойпырмай Мақсот ағай әбден қалжырады. Торғай шырылдағаннан бері күнде тыным жоқ... бригададан бригада, звенодан звено... таяғына сүйеніп әрең жүр, жаны неткен сірі... Қаратай ағай да, Төкен де жаны шығып кете жаздайды... ештеңе етпейді жолдастар, ештеңе етпейді дейді...
Зурә. Міне, Қадиша /газетті нұсқап/.
Қадиша. /Оқып/. «Егіс даласы еңбекті сүйеді». /көзін жүгіртіп қарап/ Ту... Төкенді тіпті көкке көтеріпсіңдер ғой... бәле біздің звеноны қара... бізді де...
Айбала. Өтірік пе?
Қадиша. Неге өтірік болсын. Уәдеден екі күн бұрын орындағалы отырмыз. Айтпақшы, бүгін үлкен артистер келеді дейді бізге. Кеше «Өрнекте» болыпты.
Зурә. Мұрат ағайлар шығар...
Айбала. Мұрат ағайлар болса, мұнда соқпай кетпейді.
Қадиша. Атамаңыз, Қаракеңнің өзі айтты, келеді дейді. О кісілер келгенше жұмысты аяқтасақ жақсы болар еді. Аяқтаймыз, ал мен кеттім.
/әндетіп жүріп кетіп қалады/.
Зурә. Әй Айбала...
Айбала. О не...
Зурә. Мұрат ағайлар келсе, мына түрімізбен ұят болады. Жүр ана өзенге барып шомылып қайтайық.
Айбала. Е несі бар. Көрсін қайта.
Зурә. Қойшы енді. /айнаға қарап/ Шаң-шаң боп қайтіп көрінеміз... Жүр-жүр /жүгіріп қосқа кіріп орамал, сабын алып шығады/.
Айбала. Жүр онда тез келейік. Бірақ, шомыла алмаймыз Зурә, өзенді бері бұрып әкеле жатқан елді қайтесің, ұят емес пе?
Зурә. Айтпақшы солай екен ғой... Е жуынып қайтамыз. Жүр-жүр.
Екеуі құшақтасып, әндетіп кетеді. Сахна аз бос. Аулақта трактор дауысы. Көкте шырылдаған торғай. Тауда бұлбұл, көкектің үні естіліп тұрады. Аздан соң, басында шляпа, қолында қағазы бар Тұрдықұл шығады. Жан-жағына қарап, газетті қарап, көзімен бір сүзіп шығады.
Тұрдықұл. /газетті жүгіртіп қарап шығып/ «Егін даласы еңбек сүйеді», дейді. Првильно. Енді қалай. Да... Бәрі жұмыс басында-ау бұлардың /қыздардың шатырын қарап/ Ә... әһ... Солар. Айбала. Қайда екен... /Қыздар-ай әнін айтып бұрынғы айранбоз келе жатады. Еңбекке араласқан. Қолында жер қазатын қайласы бар/.
Тұрдықұл тыңдай қалады. Қыздар-ай, дейді. /Жігіт шығады/.
Жігіт. Сәләмәтсыз ба, жолдас.
Тұрдықұл. Сәләмәтсіз. Әншісіз ғой, өзіңіз. Осы колхоздікісіз бе?
Жігіт. Иә, жолдас. Осы Қараадырдікімін.
Тұрдықұл. Жұмыс қалай?
Жігіт. Жұмыс қазір жөнделді... Жақсы. Бұрын айранбоз едім. Қазір кәсіпті біраз өзгерттік. Облыстікісіз ғой, жолдас, ә?
Тұрдықұл. Иә, иә...
Жігіт. ...Жақсы мен Қаракенді іздеп жүр ем...
Кетуге айналады.
Тұрдықұл. Не істейсің?
Жігіт. Ана өзенде. /қайласын көтеріп/ көрмейсіз бе...
Тұрдықұл. /Түсінбей/ Посевте ғой, мына егісте...
Жігіт. Жо... жолдас айранбоздан соң /шоқыны нұсқап/ мынаны жайлауға кірістім. Жұмыс қызу. Осы бүгін-ертеңдер осы шоқыны төңкеріп тастасақ... Сізге белгілі ғой енді...
Тұрдықұл. /түсінбей/ Әрине, әрине...
Жігіт. Жақсы енді... мында бір трактор керек боп жатыр еді. Кетейін...
Тұрдықұл. Мұнда әлгі... практикаға келген адамдар қайда екен?
Жігіт. Бәрі де осында. Сіз де агрономсыз ба? Жоқ әлде ана...
Тұрдықұл. Жо... поэт. Ақын-жазушы...
Жігіт. Е... ана газеттерге ғой, былай, ана әлгі... иә, иә білем, білем...
Тұрдықұл. Жо... білмедіңіз. Айбала осында ма?
Жігіт. Білмеймін... Айбала екенін, қайбала екенін қайдам, өрімдей екі қыз жүр әйтеуір... Қыз көп мұнда.
Кетеді.
Тұрдықұл. Ал, түсін мұны. /Өз-өзінен қиялданып/. О, шіркін табиғат. Тамашасың-ау. Да... а, мынадай гүл бақшаның ортасында Иран бақтағы бұлбұлдай сайрап, адамның жүрек сырын, сезімін, көңіл күйін нәзік лирика жырына бығандырып поэзияның құдіретті күшіне бас игізсе... Міне, бұл действительно ақындық. /Аз ойланып/. Бұлбұл қызыл гүлге ғашық... Сол гүлдің құрметіне сайрайды. Ал, ақындықтың өзіне жас бір қасиеті махаббат. Да... а, махаббат жыры – нәзік сезімнің жыры. Ақын бұлбұл болса, бұлбұлдың ғашығы қызыл гүл болса, ақынның да қызыл гүлі бар. Ол, әрине, сүйген қызың. /Аз ойланып/. Бейбітшілік дүниесіне жеттік... Иә, енді сүйген жар тауып, алаңсыз өмір сүру – бұл, әрине, негізгі мәселенің бірі. /Ойланып/ Д...а, ол қыз шынында да маған жолдас болуға әбден жарайды. Образованиесы бар. Көркі кімнен кем. По моему, сұлу деп айтуға әбден болады. Физиономия қандай. /Өз өзіне/ Жоқ Тұрдықұл, сен енді бет алды бөсе беруді қой. Саған қыз сынау жақпайды. Таңдайыңа тиген, достым. Жәмиля қайда, Гүлжаннат қайда, Нұрсұлу қайда... Ту... қой, қой... олар әлде қашан жылы орнын тапқан. Ал, сен қу тізеңді құшақтап жүрген құдай атқан сұр бойдақсың. Да... а, талай-талай лирикалар желге кетті-ау шіркін. Жоқ болмайды енді... Құланның айғырындай қоқыраңдап, жалғыз жүре алмайды., Тұрдықұл. Байладым белді. Алдымда екі кезең тұр. Бірі – махаббат, бірі – атақ, даңқ. Екуіне екі түрлі тактика керек. /Ойланып/. Да...а, /қағазға жазылған өлеңін қолына алып/ Жан сезімін сүйген жарға жеткізетін сенсің ғой шіркін. /оқиды/.
Сен қызыл гүл Иранбақта жайнаған,
Мен бір бұлбұл саған ғашық сайраған.
Асыл жардың музасы сен, алтыным,
Періштем сен, көрсе көзім тоймаған.
Аққуымсың айдын көлде қалқыған,
Жамалыңды көрсе көңілім шалқыған.
Лебізіңді естігенде ес кетіп,
Жүрек жанып, бой шымырлап балқыған.
Осы кезде Мұрат шығып, сыртынан тыңдап тұрып, қолымен Тұрдықұлды нұсқайды.
Мұрат. Мынаны қара!
Тұрдықұл. /Мұратты абайламай, өлеңін айта береді/
Сені ойласам жанамын да күйемін,
Адал сырым, сәулем, сені сүйемін.
Жайдым құшақ, жалбарынам, қабыл ал,
Қағыбамдай алдыңа бас иемін!
Қиялға беріліп, басын ие бергенде шляпасы басынан ұшып түседі. Мұрат шляпасын жерден алып...
Мұрат. /мысқылдай/ Махаббатың жалынына шыдамай, меніңдағы кетті-ау балқып сүйегім. Ғафу етіңіз /Тұрдықұлбың шляпасын кигізеді.
Тұрдықұл. /Сасып қалғанын білдіргісі келмей/ Е... сен екенсің ғой... бәсе, Мұрат екенсің ғой... Бүйтпесең артист, режиссер боламысың...
Мұрат. /қалжыңдап/ Әлгі бір тұрысыңды көргенде, дәл мына шляпа болмаса, Ләйләнің алдына келіп, бас иіп тұрған, тура Мәжүннің өзі ме деп ем...
Күледі.
Тұрдықұл. Ой Мұрат, қалжыңды қоя тұршы. Жақсы ниеттің үстінде кез болдың... серьезный әңгіме бар өзіңмен.
Мұрат. Ия, серьезный әңгіменің тақырыбы не?
Тұрдықұл. Өзара сыр ғой, Мұрат. Осы мына менің пьесамды былай өзің нетіп енді... Өзің болсаң болды. Маған елдің сөзі не керек.
Мұрат. Тұрдықұл-ау, қызықтаусың, деп айтуға тура келеді. Айтылды емес пе анада. Еркін әне отырған жоқ па сарылып, көрдің ғой...
Тұрдықұл. Еркіндікі соғыс тақырыбы ғой... Менікі адамгершілік, махаббат... өмір емес пе?
Мұрат. Өмір дейміз ғой... /жан жағын нұсқап/. Міне, шын өмір. Жаңа сенен айырылып кеткенде не көрдім. Әдейі бардым. Ел өміріне бөгет болады екен, ана шоқыны жолдан алып тастағалы жатыр. Өзен дұрыс ақпай жатыр, дұрыс ағызамыз дейді. Ильичтің шамының сәулесінде еткен еңбек өнімдірек, өміріміз көңілдірек болады дейді. Мына алапта не боп жатыр. Анау соғыстан жаралы боп қайтқан Мақсот не істеп жүр. Осы ерлік еңбектің жемісі жайқалып шықпайда деп кім айта алады. Күз тағы келеміз. Елдің еңбегінің жемісін көреміз. Еңбектен тапқан бақытты, абырой, атағын көреміз. Еңбек ерлерінің даңқын көкке көтереміз. Міне, шын өмір, Тұрдықұл. Жаз осыны. Сахна даяр. Біз даяр. Мына Мақсоттың өзі қандай тақырып.
Тұрдықұл. Оның бәрі дұрыс қой, Мұрат. Бірақ, агрономияда қандай поэзия бар. Агрономның өмірінде не романтика бар?!
Мұрат. Көре білсек бәрі де бар. /Өлең айтып келе жатқан артистердің дауысы естіледі. Жақындап келіп қалады/. Біздің жігіттер де келіп қалды. Елдің бәрі егіс басында ғой, сол жерге барамыз. Кейін әңгімелесерміз тағы, солай Тұрдықұл.
Тұрдықұл. Мен осы жерде бола тұрам. Дневниктерімді біраз тәртіпке келтіруім керек.
Мұрат егіс жаққа қарай кетеді.
Мұрат. /айқайлап/ Жігіттер, тура тартыңдар!
Ән салып, бір машинаға тиелген артистер өтіп кетеді.
Тұрдықұл жалғыз.
Тұрдықұл. Да... ақынның жан сезімін елдің бәрі түсіне бермейді. Түсінбесе қойсын түсінбейтіндер. 10 жыл 20-30 жыл, что же 50-60 жыл... түсінеді, таниды. /жоғары қарап ойланып/ Айбала! Жо... сен түсінерсің. Қыздың жан сезімін білем... ішкі дүниесі көз алдымда сайрап тұр. Сырты басқа. Ол бірақ уақытша нәрсе. Махаббат жалынын ішінде қанша сақтай аласың... /Күлісіп, әзілдесіп Айбала, Зурә келе жатады. Өз-өзіне/ Келе жатыр. Ашам қызға сырымды... Бассам ба екен әлде лирикаға.
/Зурә, Айбала шығады/.
Ә... агрономдар келіп қалды. Сәләмәтсіздер ма?
Зурә, Айбала амандасады
Зурә. Жақсысыз ба, ағай.
Айбала. Сәләмат боларсың.
Тұрдықұл. Жақсы, жақсы. Жазуға келдік сіздерді...
Айбала. Рахмет. Бізді жазуға ертерек қой әлі...
Зурә. /егіс жақты нұсқап/ Әне, ана еңбек ерлерін жазыңыз алдымен...
Тұрдықұл. Ер деп... Ердің бәрі тақырып бола алмайды ақынға... На фоне природы сіздерді жазуға болады. Сіздердің мына өмірлеріңізде аз да болса романтика бар.
Айбала шатырға кіріп, орамал, сабындарын қойып жатады.
Зурә. Жалғыз келдіңіз бе?
Тұрдықұл. Мұраттар да келді.
Айбала. /қуанып/ Мұрат ағайлар да келді ме. О кісілер қайда?
Тұрдықұл. О кісілер ана егіс басына кетті.
Зурә. Сіз неге бармадыңыз. Көріңіз, қандай тамаша іс істеп жатыр... /Трактордың гүрілі, ән естіледі/.
Тұрдықұл. Мұраттардың жөні басқа ғой. Біздікі творческий мәселе.
/Үрейлі, асығыс Қадиша кіреді. Тұрдықұлды көріп бөгеліп, аулақтау тұрып қалады. Трактор дауысы, ән кенет үзіледі/.
Қадиша. Зурә, Зурә бері кеп кетші.
/Зурә жүгіріп барады, сыбырлап үрейлі хабар айтып жатады/.
Тұрдықұл. /Айбалаға/ Айбала, менің бұлай жүрмейтінімді білесің ғой...
Айбала. /таңырқап/ Иә...
Тұрдықұл. Мені мұнда әкелген махаббат... шын махаббат...
Айбала. Оныңыз қызық екен. Түсінбедім.
Тұрдықұл. /өз-өзіне/ Бассам ба екен лирикаға.
Зурә. /Анадайдан/ Айбала! /Қадиша жүгіріп кетіп қалады/. Мақсоттың халі ауыр...
Айбала. /үрейленіп/ Не дейді! Мақсот...
Зурә. Иә, Мақсот. Жүр жылдам. /асығыс екеуі де кетеді/.
Тұрдықұл. /артынан/ Айбала, Айбала! /Қарамай кетіп қалады/. Мақсот дейді... Айбала қолым жетпейтін аспандағы ай болғаны ма? Қап провал болды!
Аңырап тұрап қалады.
Ш ы м ы л д ы қ .
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
Төртінші сурет
Қараадыр. Күн еңкейіп батуға айналып бара жатқан кез. Егіс даласында қызу жүріп жатқан еңбек. Шоқының арғы бетінде де жер қазу жұмысын екпінді дабылы естіліп тұрады. Перде ашылғанда сахна аз бос. Аздан соң шатырдан Айбала мен Зурә Мақсотты екі жағынан сүйеп алып шығады. Мақсот талып жығылып тұрған. Халі ауыр. Бірақ көңілі жақсы. Ауру халін сырттай білдіргісі келмей.
Мақсот. Жәрайды енді... Рахмет сендерге... Егіс басына барыңдар. Мен біраз отырып тынығамын.
Айбала. Мақсот, біз де біраз қасыңда болайықшы... жұмыс деп жұмыс бітті ғой енді...
Зурә. Қадишалар себуді аяқтады...
Айбала. Тегістеуі ғана қалды.
Мақсот. Тегістеу де ең жауапты кезең... Тегістеу дұрыс жүргізілсе дымқылдық бірдей тарайды, су іркілмейді, бір мезгілде сіңеді. Е... егін бір келкі шығады, орғанда масақ қалмайды... Машина сынбайды...
Айбала. Егіннен басқа ойларың бар ма, осы...
Зурә. Майданнан аман келдіңдер... алдағы өмірге... амандыққа тілектестік, достық көңіл ғой біздікі...
Мақсот. Білем қыздар, білем... Майданға да атақ үшін барғамыз жоқ. Азаматтық арымыз, ел намысы үшін бардық... Арман жоқ. Міне, бұл да майдан... Сендермен, елмен бірге еңбек майданында болу неткен бақыт. Қандай рахат. Біздің өмірдің қызығы осында. Майданнан майданға – бақыт осында... /тамсанып, аз ауырсынып/ Таңдайым кебе береді...
Зурә. Қазір мен сусын әкелейін...
/жүгіріп кетеді. Айбала, Мақсот/.
Мақсот. Бері отыршы Айбала... /жақындап отырады/ Сен маған ренжіп жүрсің, Айбала... Сезем де, білем де...
Айбала. Неге олай ойладың...
Мақсот. Ой емес, шыны-ақ сол болар. Аулақта жүргенде хат арқылы сөйлескенде сөздеріміз қандай ыстық еді. Айтылмаған сыр қалып па еді. Көрісуге ынтық болып, алып ұшқан көңіл қандай еді... Ыстық жүрек... қалай соғушы еді... Тілек, арман қандай еді... Осы іште жатқан сырдың бәрі соғыс күндерінде ғана тұңғыш рет сыртқа шығып еді ғой. Одан бұрын іштей көңілмен ғана ұғысқандай болмаушы ма ек. Айтылмаған сөзді ішке сақтап, ашылмаған сырды жүрекке түйіп, мен майданға кеттім. Арман-аман көрісу еді ғой. /ойланып қап/ Көрістік...
Айбала. Бәрі де рас, Мақсот... Жазған хаттарымда не айтқаным әлі күнге көңілімде сайрап тұр. Бір сөзімде есімнен шыққан жоқ. Шыным да, сырым да сол еді... /ойланып отырып қалады. Аз үнсіз. Осы кезде сахнаның екінші жағынан Тұрдықұл шығып, бұларды көріп, аз аңырып тұрып қалып, білдірмей екінші жаққа асып кетеді/. Айтылған сөз орнында... адал жүректің анты айныған жоқ, Мақсот. Бірақ, сенің не ойың бар. Қайдан білейін...
Мақсот. /Айбаланы ақырын ғана бір қолымен құшақтап/ Ризамын, Айбала... Ой да орнында, серт те орнында. Осы күнде дейін бұл қалыпта, бұндай күйде болуымызға сен де, мен де кінәлі емеспіз. Жарқылдап кездесетін жас жүректер... Қайтейін... Сезесің ғой Айбала... Қауіпте тұрған жүректі қайтіп саған ұсынам... /Айбала жылып жібереді. Мақсот жұбатып, көңілін аулап/. Бәле, мен сынайын деп отырсам мұның не... Қауіп деп отырғаным науқас... Сол да сөз боп па. Өліммен бетпе-бетте келдік. Одан да аман шықтық... Ендігі тағдыр Бақтыбаланың қолында емес пе? Бағыш тәтеңе сенбеймісің...
Зурә келеді. Мақсотқа сусынын ұсынып/.
Зурә. Әдейі барып ана өзеннің суық суынан әкелдім. Мұндағы су жылып кетіпті.
Мақсот. Рахмет, Зурә... Қандай тәтті су.
Зурә. Тәтті болмай енді... Ойпырмай елдің күші-ай. Өзенді тура ана шоқының түбіне алып келіп қалыпты. «Айранбоз» қандай алып жігіт өзі... Мені көріп, қарқылдап күліп, қайласың құлақтай-құлақтай салады. «Қарындас, енді газетіңе жазбассың, ә» деп қояды. Енді мақтап жазамыз дедім. Мәз болды.
Мақсот. Апырмай Абзалдан хабар болмады-ау... Тоқтап қалмаса игі еді. Қарекең кетті ме екен... /кенет өзгеріп/ Зурә, бір тілегім бар сендерден...
Зурә. Айтыңыз, қазір орындаймыз.
Мақсот. Айбала екеуің қосылып бір ән салыңдаршы.
Зурә. Қандай әнді көңіліңіз сүйеді.
Мақсот. Абайды айтыңдар.
/Екеуі қосылып, «Көзімнің қарасын» айтады. Өлеңнің бір ауызын айтылып бола бергенде, Төкен, Қадиша келеді. Көңілді отырған Мақсотты көріп қуанып, Төкен «Бәсе» деп келіп екеуі де әнге қосыла кетеді/.
Төкен. Мақсот ағай, міне рахмет! Прямо айту керек, сіз құлап қалғанда зәре деген қалған жоқ. Мына Қадиша қарындасың прямо еңіреп жіберген жоқ па...
Қадиша. Еңіремей енді... Өзің жыламаған шығарсың.
Төкен. Жыламай жын қағып кетіп пе мені, что сен...
Мақсот. Жақсы Төкен, рахмет Қадиша қарындасым. Сендердің достық жүректеріңе ризамын. Енді егілген егінді осы ақ көңілдеріңмен, осы адал жүректеріңмен мәпелеп күте біліңдер. Мен біраз емделуді ойлаймын. Одан соң үнемі орталарыңда боламын.
Төкен. Мақсот аға, осы аурудан айығыңызшы, құрысын осы ауруы... керек емес, совсем.
/бәрі күлеседі/.
Қадиша. Рас ағай.
Төкен. Мұнда бізге сеніңіз. Қадишаның звеносы қазір тегістеп болып қалды. Мен қалған адамдармен мына өзенге аттанам қазір. Осыны келісейін деп келдім. План осылай емес пе еді?
Мақсот. Дұрыс Төкен. Қарекеңнен хабар жоқ қой?
Төкен. Кешікті ғой. Оралатын кезі болды. Жантасов жолдас ауданда жоқ қой тегі.
Мақсот. Қаладан көмек келмесе мына жұмыс тағы бөгеледі-ау...
Төкен. Онда мына шоқының түбінде прямо шоңқайдық қой... Жо... Жантасов жолдас шоңқайтпас... Ал, мен кеттім. Сіз енді тырп етпеңіз енді... Ренжиміз. Ал, Қадиша, давай жұмысты аяқтап сонсоң сайрандайық...
Қадиша. /қалжыңдап/ Жәрайды енді тым пысықси бермесеңші...
Төкен. /қалжыңдап/ Қара мына звеновойды... Бригадирге не деп тұрсың... Мені «айранбоз» деп тұрмысың, ашып қара көзіңді. /Күліседі/.
Қадиша. Қойшы енді байғұсты кешке дейін «айранбоз», «айранбоз» дей бермей.
Төкен. Ә... жаның ашиды екен, смотри, бүйрегіңнің бұруын қара. /Күліседі/. Өзіне-өзі таққан атағы, что же... айранбоз.
Мақсот. Жаман атағын жақсы еңбегімен ақтауға кірісіпті, адал еңбек абырой әпереді, - «айранбоз» да сонда ұмытылады.
Төкен. Құрбы ғой қайткенмен, жек көруші ек. Қазір олай емес. /қалжыңдап/ Мақсот ағай, ана бір мәселеден сіздің айтқаныңыз прямо айнымай келді... Солай емес пе, Қадиша?
Қадиша. /түсінбеген болып/ Мынау не айтып тұр... қойшы, Төкен ұят емес пе...
Төкен. Мақсот ағай біледі, уәдеміз бар, солай ғой, Мақсот ағай?
Мақсот. Дұрыс, Төкен, егінді жинап, сертті орындап...
Төкен. Тойды бірге тойлаймыз /Қадишаны қалжыңдап құшақтап/ солай ғой, Қадиша...
Қадиша. Қойшы, Төкен...
Төкен. Қарашы, өп-өтірік ұялған боп тұрғанын /тағы қысыңқырап құшақтап, мәз болып шығып кетеді, Қадиша ұялып қалады/.
Айбала. Қандай тамаша адам, біздің Төкен ә, Қадиша...
Қадиша. Қойшы соны...
Зурә. Төкендей жігіт бола берсе...
Мақсот. Біздің Қадиша қарындас күз егінін жинап алған соң, агротехникалық білімін көтереді... оқиды... сонсоң көрерсіңдер... Ал, қалқам, тегістеуді ойдағыдай жүргізіңдер. Мен де қазір барып көрем...
Қадиша. Біз аяқтап қалдық...
Айбала. Біз барамыз ғой, Мақсот...
Зурә. Сіз енді тынығыңыз, бізге сенбейсіз бе, осы үшеуімізге.
Мақсот. Сенем сендерге, сенем...
Зурә. Жүр қыздар.
/Үшеуі әндетіп кетеді. Мақсот жалғыз/.
Мақсот. Шіркін өмір... қайран жастық. Туған ел, Отаным, анам. Жетім едім жетілдірдің... Азамат еттің. Жаным үшін емес, арым үшін қан майданда алыстым. Арым таза. Кегім кеткен жоқ. Арман жоқ. Кең дүние... қалай қанат қақсам да жолым ашық, қойның кең... Өмір сүргің келеді. Айбала... көзіңнің жасын неге сөгейін... Күлгің келген соң, жылайсың... Өмір сүргің келген соң қайғырасың ғой. Сенем саған, сенем. /ойға батып отырып қалады. Аздан соң Тұрдықұл келеді. Мақсот елемейді/.
Тұрдықұл. Мақсот, немене, жабырқаңқырап отырсың ғой.
Мақсот. Аздап шаршағандық қой...
Тұрдықұл. Е, немене... денсау болса уақасы жоқ. Әйтеуір былай түзелдің ғой енді... қиын болады екен... Өзіміз қатты переживать еттік.
Мақсот. Жолдастардың онысына рахмет. Өмірде талай қиындықтарға да кездесесің... Өмір ғой.
Тұрдықұл. Әрине. Енді қалай... өйтпесе соғыс бола ма. Оған шыдамасаң жеңе аламысың... Бір күнгідей болған жоқ, барлығын да жеңіс деген бір ауыз ардақты сөз жуып-шайып кетті емес пе.
Мақсот. Бастан кешірген өміріміздің әр кезеңінің өзінің тарихы бар. Ол ұмытылуға тиісті емес қой. Рас айтасың жеңіс деген ардақты сөз.
Тұрдықұл. Да... а, Мақсот, енді бір рахаттанып дем алу керек.
Мақсот. Дем алу деген осы ғой...
Тұрдықұл. Бәле, бұл демалыс бола ма. Бірер жыл бой жазып, елді аралап бір шалқып жүру керек...
Мақсот. /Таңырқағандай/ Мұның аса ұзақ демалыс емес пе Тұрдықұл.
Тұрдықұл. Қайдан көп болсын. Өзіміз енді бір... мына тұрмыс мәселесін шешіп алған соң, бір жерлерді аралап, бой жазып жазуымды жаза жүріп демалмақпын. /Мақсот үндемейді/. Мақсот, жасыратын сыр жоқ... соғыстан бұрын анау-мынаумен жүріп біраз өмір өтті. Ал мына соғыс кезінде соғыс дедік. Енді қашанғы сұр бойдақ болып жүре береміз осы. /Мақсот үндемейді/. Енді үйленетін уақыт жеткен сияқты.
Мақсот. Әрине...
Тұрдықұл. Өздерің сияқты аман қалған жолдастар болса келіп жатыр. Сенен жасырам ба, Мақсот. Осы жақын арада, тіпті осы бір күндердің ішінде үйленбек болып жүрген жай бар...
Мақсот. Қайырлы болсын. Үлкен той болады десеңші...
Тұрдықұл. Қазір енді бір тойдан, бір той емес пе. Той-тойға ұласып жату керек қой. Өзіңнің де ойыңда бар шығар, Мақсот.
Мақсот. Неге болмаасын...
Тұрдықұл. Былай енді... көңіліңе алған қызың да , болар ә?
Мақсот. Көңіл деп... көңілге алғанның бәрі бола бере ме. Өз көңіліңмен ғана қарау қиын ғой.
Тұрдықұл. Сонда да деймін-ау, Мақа, адамның бір ойлағаны болады ғой.
Мақсот. Бұл сұрауыңа жауап беруге қиынсынам, Тұрдықұл.
Тұрдықұл. Бірақ солай енді... Өзің болсағ неше жыл соғыста болып, одан мынау... тіршілікте бәрін де көрген жақсы. Ден сау болса бәрі де орнына келеді. /Мақсот үндемейді/. Да... мына дала табиғаты адамның ойын толқытады екен...
Мақсот. /Ол сөзіне мән бермей/. Сонымен жақын арада той болады де. Жақсы, жақсы.
Тұрдықұл. Мақсот, үйлену мәселесі деген оңай болмайтын көрінеді. Көп ойландым. Өзіңе лайықты жар табу ойландыратын нәрсе ғой.
Мақсот. Әрине.
Тұрдықұл. Содан қойшы көп сарғайып күтуге тура келеді. Ақыры енді... сәті түсті білем.
Мақсот. Алыстағы адам ба еді.
Тұрдықұл. Еркінді күттім... Мына өздеріңді күттім.
Мақсот. Біз келдік қой. Қызың осы жердікі ме еді?
Тұрдықұл. Сол қызға не де болса бел байладым.
Мақсот. Өзің үйге кіргізіп қойған кісісің ғой шамасы.
Тұрдықұл. Не де болса қызға тәуекел деп тұрмыз.
Мақсот. Енді тек той жасау ғана қалған ғой.
Тұрдықұл. Үйге кірмегенмен, алыста емес. Мынау өздерің барда...
Мақсот. Онда Бақтыбала, Айбалалар жүгіріп кетпей тойыңды жасап жібер.
Тұрдықұл. /таңырқағандай болып/ Е, олар қайда кетеді.
Мақсот. Бақтыбала диссертация қорғауға Москваға жүргелі жатқан сияқты.
Тұрдықұл. Айбала не?
Мақсот. Айбала да Москваға экскурсияға баратын көрінеді.
Тұрдықұл. Екеуі бірге жүре ме екен?
Мақсот. Иә, бірге жүрмек.
Тұрдықұл. /сабырсызданып/ Япырай ә... қашан жүреді екен?
Мақсот. Осыдан қайтқан соң.
Тұрдықұл. /шыдамсызданып, әрлі, берлі жүріп/ солай де... Ә... солай де...
Мақсот. Оған қысылмай-ақ қой. Сенің тойыңа қарайтын шығар.
Тұрдықұл. Да, той деп... иә той... Мақсот, тілектес жолдассың сенен жасырам ба... таңдап тапқан жарым... мынау енді.
/Айбаланың суретін көрсетеді/.
Мақсот. /іштей қиналып/ Айбала! /Тұрдықұлға сыр бергісі келмей/ Олай болса той жасайтын күндерің келісілген болар. /Суреттің сыртындағы жазуды оқиды/ «Сүйген досыма! Жарқын жүзім, ақ көңілім. Айбала» /Мақсот іштей қиналуда/. Ә... Солай де.
Тұрдықұл. /сенімсіз/ Мақсот, енді... ол болады ғой... жалпы келісіміміз енді... болған сияқты.
Мақсот. /іштей қиналуда/ Онда болған да. Қайырлы болсын.
Тұрдықұл. Әрине, енді... бірақ... қызбен әлі де бір сөйлесуім керек сияқты.
Мақсот. Уағда болса...
Тұрдықұл. Уағда... е... уағда... мәселенің өзі сонда.
Мақсот. /іштей қиналуда, өз-өзіне/ Осындай да опасыздық болады екен өмірде! /Тұрдықұлға/ Тұрдықұл... Рахмет саған... менің науқас халім бар.... рахмет!
Тұрдықұл. Мен қазір жүрем қалаға. Қиын болды-ау, Мақсот, дәрігер жіберту керек болар.
Мақсот. Жоқ, жоқ керек емес, әр кезде осылай... ештеңе етпейді... рахмет, ал қош!
Тұрдықұл. Спокойство керек мұндайда, Мақсот. Бекер-ақ келгенсің. Денсаулық қымбат қой... ештеңе етпес, пессимизмге салынба.
Мақсот. Ештеңе етпейді, қиналмаңдар мен үшін. Ал қош /сенделіп шатырына кіріп кетеді/.
/Тұрдықұл жалғыз/.
Тұрдықұл. Фронт оңай ма. Нерва ғой... нерва расшатанный. Емделу керек қой, әй, әй /аз ойланып/ Айбала жөнінде ме әлде? Жоқ, Айбала бер қараған сияқты. Өлеңді бердім. Оқыды. Салып алды. Сразу не десін. Іші беп-белгілі болып қалды емес пе. Сапар оң сияқты. Жауапты қалада бірақ күтем. Енді общественное мнение туғыза беру керек.
Фотокорреспондент шығады. Егіс даласының көрінісін анадай тұрған шоқыны түсіруге фотоаппаратын ыңғайлап, түсіргелі жатады.
Фотокорреспондент. /Өз-өзіне/ Дұрыс, дұрыс. Былайша айтқанда, бүгін сәтті күн болады деген сөз... жә... енді дейік... тағы бір рет, внимание, внимание /түсіріп жатқанда алдынан Тұрдықұл барады. Фотокорреспондент әуелде байқамай қалады/. Бригадир, звеновой, қыздар, қыздар... әнші қыздар, е... шіркін сұлу қыздар... суретке түсіруге сүйкімді қыздар. Былайша айтқанда, маман қыздар. /Тұрдықұлды көріп/ Ғафу етіңіз, жолдас. Мен, былайша айтқанда, түсіріп жатырмын. Аппараттың алдынан аулақтау болыңыз, былайша айтқанда.
Тұрдықұл. Түсіре беріңіз, түсіре беріңіз. Менің қарсылығым жоқ.
Фотокорреспондент. Мен жаңа бригаданы, звено бастықтарын түсіріп алдым. Былайша айтқанда, керекті адамдарды.
Тұрдықұл. Біз де керексіз адам емес шығармыз. Байқаңыз.
Фотокорреспондент. Ғафу етіңіз, былайша айтқанда.
Тұрдықұл. Ә... /қолын беріп/ Ақын Тұрдықұл Қайқымович Шокимов.
Фотокорреспондент /қолын алып/ фотокорреспондент газеты, Әлімжан Ақшолақович Айдарқанов.
Тұрдықұл. Енді білетін боларсың.
Фотокорреспондент. Ғафу етіңіз, аты-жөніңізді, былайша айтқанда... өзіңіз айтып бердіңіз... Иә енді... әрине, ол жағын ұғып қалдық.
Тұрдықұл. Онда сіз әлі же ештеңе жарытып біле алмадыңыз.
Фотокорреспондент. Ғафу етіңіз, оныңыз енді, былайша айтқанда, өте дұрыс айтылған сөз. Мен асығыспын, ғафу етіңіз. Ана жұмыс басына барам. Мына шоқыны, былайша айтқанда, аман күнінде түсіріп алуым керек, успейт етуім керек.
Тұрдықұл. Жақсы онда. /Айбаланың суретін көрсетіп/ Мына суретті бірнеше экземпляр етіп үлкейтіп түсіріп беріңіз. Газетке баратын нәрсе.
Фотокорреспондент. /Алып/ ... о... былайша айтқанда, жақсы қыз екен. Ғафу етіңіз, кім ол. Газетке... қалайша? /ойланып/ е... анада жүрген екен ғой. Дұрыс, дұрыс.
Тұрдықұл. Менің геройнам да, иә енді өзгесін сыртынан оқырсыз.
Фотокорреспондент. Ғафу етіңіз, мұнда болмайды енді, былайша айтқанда.
Тұрдықұл. Жо... қаладан алам.
Фотокорреспондент. О, онда, ғафу етіңіз. Әбден, әбден болады /суретті алып асығып шоқыға қарай кетеді/.
Тұрдықұл. Бұл да бі сәтті іс болды. Газетке мақтап тұрып, бір қайқайтып жіберсем, Айбала айналып түсті деген сөз.
Кетеді. Аздан соң қатты қиналу үстінде, шатырдан Мақсот шығады.
Мақсот. Опасыздық! Осы ма опасыздық... махаббат деп жүргенім, у екен ғой. Жылтыраған сыртына жас балаша мәз боп жүр екем ғой... Бала көңіл соқтың ба апарып жартасқа. Нені көрдім... нені көрдім... Бұрынғының бәрі түсім екен ғой. Сенер болсаң енді сен. Аз екен ғой азабым. Осы екен ғой көрмегім.
Тұнжырап тұрып қалады, машинаның дауысы. Аздан соң Абзал келіп кіреді. Сенделіп тұрған Мақсотты көріп.
Абзал. Мақсот, саусың ба шырағым? Осында келіп естідім ғой, дәрігер жіберетін едім. Өнің сынық қой тіпті.
Мақсот. /ауыр халін білдіргісі келмей/ Жақсысыз ба, Абзал аға. Сізді келмей ме деп... Қарекең барды ма?
Абзал. Қарекең ауданға барған болар. Мен қаладан тура бері тарттым.
Мақсот. Ешкім келе ме екен. Жұмыс найза шоқыға кеп тұр ғой... егіс аяқталды деуге болады.
Абзал. Көрдім, Мақсот, көрдім. Қайырлы болсын. Комбинаттан тау бұзатын бір бригада осы міне келді. Денсаулығың жөнді емес-ау, Мақсот.
Мақсот. Жо...
Абзал. Сен енді менің машинаммен қалаға қайт. Болмайды, қаралу керек.
Мақсот. Рахмет, Абзал аға.
Абзал. Рахмет, рахметті қой. Өзім алып барам, тіпті.
Жүк машинасының дауысы естіледі.
Абзал. /алдынан шығып/ Анау шоқыға тартыңдар, қазір мен де барам. /Бір машина таубұзғыштар өтеді/. Мақсот сен бармай-ақ қой. Күн кешкіріп барады. Мыналардың жұмысын өзім белгілеп келейін.
Мақсот. Мен үшін әуре болмаңыз.
Абзал. О не деген сөз. Мен көріп тұрмын. Ешқайда бармайсың, тыным ал.
Кетеді.
Мақсот. Сондай халге жеттім бе екен. Сезді ғой Абзал.
Күн батар кез. Мақсот қатты қиналып отырады. Күлісіп Айбала, Зурә шығады. Мақсотты көріп.
Зурә. Мақсот, жұмыс бітті. Қарекең келіп қалған адамның бәрін өзенге әкетті. Найза шоқыны бұзғалы жатыр.
Айбала. Той жасаймыз десіп жатыр. Абзал ағай да қарсы болған жоқ.
Мақсот. Той де...
Зурә. Қызық бар. Айбала, оқышы әлгі өлеңді.
Мақсот. Өлең... сауық... сайран...
Айбала. /шошынып/ Не болған, Мақсот, саған.
Мақсот. /қатты қиналып/ Не болған деймісің... білмейді екенсің ғой...
Айбала. Нені?
Мақсот. /Айбалаға/ Бәсе, білмейсің.
Айбала. Не деп тұр.
Мақсот. Бұрынғым сандырақ екен. Шыным осы.
Айбала. Мақсот, Мақсот...
Мақсот. Әлі де, Мақсот деймісің?!
Айбала. /түсінбей үрейленіп/ О не, айтсаңшы енді!
Мақсот. /ызалы кекесінмен/ Айт деймісің... Онда не болмақ. Күй, жан десеңші онан да.
Айбала. /абыржып/ Не боп барады. Зурә, су әкеші.
Зурә үрейленіп шығып кетеді.
Мақсот. Денем ғана жаралы ма десем, жанымның да ашылмаған жарасы бар екен ғой!
Айбала. Айтып өлтірші, Мақсот.
Мақсот. Сиқырлы сөзіңмен неге улаттың жанымды!
Айбала. Мақсот!
Мақсот. Сенімі жоқ, жалған сертпен неге салдың сергелдеңге басымды.
Айбала. Шының ба, Мақсот-ау?!
Мақсот. Өтірігім болған жоқ. Болмақ емес. Шыным!
Айбала. /жақындап/ Мақсот, Мақсот... бірдеме деді ме біреу.
Мақсот. /шегініп, жақындатпай/ Біле тұрып, неге өтірік күлгірсисің.
Айбала. Бұл не деген сұмдық. Жазығым не, жаным-ау.
Мақсот. Арымды басып аяққа... жегідей жеп жанымды... осы ма еді күткенім!
Айбала. Мақсот, бұ не жұмбақ. Адал жүрек, ақ көңілімнен басқа не жазығым бар еді!
Мақсот. Жұмбақ деймісің... Жоқ, опасыздық!
Айбала. Мақсот, Мақсот, /құшағын жайып ұмтылады, жылап жібереді/.
Мақсот. /әлсіреп, оң қолын көтеріп/ Жоқ... жоқ.
Талықсып бара жатады, Айбала: «Мақсот, Мақсот» деп жылап, сүйей береді.
Айбала. /үрейленіп, айғайлап/ Зурә, Зурә!
Қолында суы бар Зурә шығады. Осы кезде Найза шоқы жақтан 2-3 рет тау бұзған гүрсіл естіледі.
Зурә. Не болды, ойбай-ау!
Айбала. Зурә, досым-ай!
Зурә. Мақсот, Мақсот!
Су беріп жатады. Айбала жылауда.
Мақсот. /шала есті/ Бұзды ма... бұзды ма... шешші! /педжагін нұсқайды/.
Айбала. Ойпырмай, бұл не сұмдық!
Зурә. Шеш дейді?!
Екеуі Мақсоттың гимнастеркасын шешіп, орамалға су салып басына басады.
Мақсот. /көзін ашып, Айбаланы көріп/ Аулақ! /талып кетеді/.
Айбала. Жазығым не...
Зурә. Мақсот, Мақсот аға!
Абзал. Мақсот, қазір Найза шоқыны бұзады! /Көріп/ Бұ не?
Зурә. Талып қалды, ағай.
Абзал. /Мақсоттың қасына кеп, басын көтеріп/ Мақсот, Мақсот! /үн жоқ/ Бұл қалпында қозғауға болмас. Зурә сен менің машинаммен тез қалаға кет. Еркінге хабар бер. Бақтыбалаға айт, тез! Тез жетсін!
Қолында Мақсоттың гимнастеркасы Зурә жүгіріп кетеді.
Айбала. Ағай, енді қайттік?
Абзал. Мақсот, Мақсот!
Кетіп бара жатқан машинаның дауысы естіледі.
Мақсот. /көзін ақырын ашып, Абзалды көріп/ Аб... за... л, а... ға...
Осы кезде Найза шоқыны динамитпен бұзады. Динамиттің дүрсілі. Сахна жап-жарық болып кетеді.
Абзал. /Мақсоттың басын көтеріп/ Көрдің бе, Мақсот!
Мақсот үнсіз.
Ш ы м ы л д ы қ .
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Еркіннің үйі. Бұрынғыдан өзгерісі: Еркіннің жазу жұмысына кіріскені көрініп тұрады – жазу столы қойылған, стол үстінде жазу аспаптары, кітап, журнал, газеттер. Перде ашылғанда Еркін жалғыз. Терең ойға шомып, жазу үстінде толғануда. Аздан соң қағаздан басын көтеріп.
Еркін. Қанмен жазылғанда қағаз бетіне түсіру... ел алдына тарату... көз алдына әкелу... көрсету... Бәрі де көз алдымда, 41-жыл. Москва. Ел құрбаны 28. /отырып жазып жатады/ Панфилов. /орнынан тұрып жүріп/ Елу танкіге тапжылмаған ерлерім. Не деп еді сонда Ключков. Россия кең... кең... бірақ шегіне жер жоқ, артымызда Москва тұр! /столының қасына келіп, ойланып тұрып/ Арыммен ант еткем... қан майдандағы достық қарыздарыңды ел алдында атқарам. /отырып жазады. Аздан соң есік қағылады/ Кіріңіз. /Қолында қағаздары бар Мұрат кіреді/.
Мұрат. Іске сәт! /Еркін жазуынан бас алмайды/.
Еркін. Қазір Мұрат, қазір. /жазуын доғарады/.
Мұрат. Еркін, 28 батырдың қимылын бер деген пікірімнен мен қайтпаймын... Бар жұмысты осы бір ғана картина бөгеп тұр.
Мұрат. Мен де көп толғандым. 2-актыдағы штабқа тіпті де қарсы емеспін.
Еркін. – Штаб арқылы көрінбейді дегеніңе мен қосылмаймың, Мұрат...
Мұрат. Еркін, берші 28-дің бейнесін... көрсін.
Еркін. Көңілімде сайрап тұр. Сахнадан білмеймін...
Мұрат. Сахнаға маған сенші. Басыммен жауап берейін. Мына басыммен.
Еркін. Мұрат, көп ойландым... бірақ, сенің тілегіңді орындауға тура келеді.
Мұрат. Тіпті рахмет. Болдың ба өзің?
Еркін. Осы міне жаңа болдым.
Мұрат. /Қолын алып/ Берші қолыңды.
Еркін. Қол қысуға ерте-ау деймін, Мұрат.
Мұрат. Ерте, кешін кейін көреміз.
Еркін. Сендер кейде қызықсыңдар, Мұрат. Бәрің жабылып Темірбекті, Рамазанды, Мәжитті жақсы білеміз, пьесада мінездері дұрыс берілмеген деулерің не осы.
Мұрат. Біз өзіміз білген мінезін айтпаймыз ба енді.
Еркін. Оның қате, Мұрат. Олардың сендер білмейтін мінезі майданда ашылғанын білесің бе. Соғыс толқын атқан теніздей талай салындыларды да жағаға шығарды, көрінбей жатқан асылдарды да айқындап берді емес пе?
Мұрат. Бұл жөнінде саған қосылам, Еркін...
Еркін. Соғыстан бұрынғы Мақсотпен бүгінгі Мақсоттың өзі бір ме. Көрдің ғой өзің!
Мұрат. Дұрыс айтасың, Еркін...
Еркін. Денсаулығы нашар. Ішінде осколка... дәрігерлердің айтқанына қарамастан егіс даласына кетті.
Мұрат. Апыр-ай, Мақсоттың өмірі қауіпті-ау, Еркін... Осы жолы барғанда нұсқасын көріп шошып кеттім. Білдіргісі келмейді тіпті.
Еркін. Қауіпті, досым, қауіпті... Бүкіл Қара адырдың алабына еккен егіннің өнімі үшін Отан алдында басыммен жауап берем. Өз көзіммен көріп еккізем. Қараадыр алыбына шығатын егін бүкіл облыстың беретін өнімін беруге тиіс деп кетт, Мақсот. Міне, Мұрат бұл да пьеса.
Мұрат. Жазшы Еркін, жазшы. Басы аман болса екен Мақсоттың.
Еркін. Айтқанымды ақтап өлсем арман жоқ... Егін орағына шейін Қара адырда болам деп кетті.
Мұрат. Біздің Айбала мен Зурә қандай... Өздері тотыққан, бірақ, сондай көңілді... кәдімгі агроном.
Еркін. Соғыстан бұрын Қара адырдың жер қыртысын екі жаз зерттегенде мол өнім беретін жер деген қорытындыға келіп еді, Мақсот...
Мұрат. Биыл Мақсот үлкен сын үстінде десеңші.
Еркін. Мақсоттың өмірі де, мемлекет алдындағы зор жауапты ісі де сында тұр...
Мұрат. Сын үстінде өмірдің талай сыры ашылады ғой, Еркін...
Еркін. Арзан достықтан аулақ болайық. Достығымыз сын үстінде сыналсын.
Мұрат. Мына сенің пьесаң маған да үлкен сын...
Еркін. Оқыңдар... Көріңдер... Көңіліме қарамаңдар...
Мұрат. Жақсы, Еркін. /қолындағы Қағаздарын Еркінге ұсынып/ Мынау Тұрдықұлдың пьесасы еді. Әбден мазам кетті. Оқып шықшы осыны.
Еркін. Тақырыбы не?
Мұрат. Тақырыбы жақсы. Ауыл шаруашылығы.
Еркін. Иә...
Мұрат. Бірақ, қиын енді, көресің ғой. Адамшылық, эстетика, романтика деп құрғақ бөсе береді...
Еркін. Неге алдыңдар?
Мұрат. Әуелде мен едім болмаған...
Еркін. Тұрдықұл өзі колхоз өмірін жақсы біле ме екен?
Мұрат. Оқи көресің ғой. Қиялмен ғана болжайды.
Еркін. Қиындықтан қашқан адам қиялмен жеңіл жол іздейді. Жақсы, оқып шығайын.
Мұрат. Ал, әзірше.
Қол алысып шығып кетеді. Еркін жалғыз.
Еркін. «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады» дейді. /Өз-өзіне қанағаттанбаған пішінде/ Көңілімде сайрап тұрса да, көз алдымда көрініп тұрса да... Жетпей жатыр-ау, жетпей жатыр. Майдандағы ерлердің жүрегі әлі де көрінбей жатыр-ау... Қанды көйлек жолдасам Мақсоттың батырлық бейнесін көрсете алдым ба? Жоқ әлі... Әлі де тоқсан толғану керек.
Жазуға отырады. Аздан соң көңілі көтеріңкі. Бақтыбала кіреді.
Бақтыбала. Еркін, сүйінші!
Еркін. Қайдан, Бағыш?
Бақтыбала. Москвадан
Еркін. Иә...
Бақтыбала. /Еркінге телеграмма көрсетеді/. Міне, академик Абрикосовтан.
Еркін. /Қуанып оқып жатады/. Не дейді академик...
Бақтыбала. Менің диссертациямды өзі оқыпты.
Еркін. Жәрәйсың, Бағышым. /Құшақтап арқасынан қағады/.
Бақтыбала. Шақырып отырғанын көріп тұрсың ғой...
Еркін. Қуанам, Бағыш, қуанам...
Бақтыбала. Бес жылғы еңбек...
Еркін. Жанған еңбек. Бағыш... келші /құшақтап сүйеді/.
Бақтыбала. Мен Москвадан келгенше сағынып қалармын дегенің бе?
Еркін. Қунғаным, Бағыш. /қалжыңдап/. Бір жағынан қорыққаным да...
Бақтыбала. /түсінбей/. Қорыққаны несі.
Еркін. /қалжыңдап/. Доктор медицинских наук болып алған соң, мені менсінбей кетеме дегенім ғой...
Бақтыбала. /қалжыңдап/. Ондай әдет атақ алған кейбір азаматтардың басынан табылып жатыр-ау, Еркін...
Еркін. Жаман атқа жал бітсенің кері ғой... Кейбір азаматтың дейсің, Бағыш.... Оның рас.
Бақтыбала. Еркін, осының өзі адамгершіліктің келелі бір мәселесі емес пе?
Еркін. Жаз дегенім ғой?
Бақтыбала. Жаз дегенім... Ана жұмысыңды бітірдің бе? Келгелі бір дем де ала алмадың...
Еркін. Бітірдім Бағыш, Мұрат алып кетті.
Бақтыбала. Қоямыз дей ме?
Еркін. Тағы да оқып, өзара талқыламақ.
Бақтыбала. Тағы өзгерттің бе?
Еркін. Көп өзгерттім, Бағыш... Әлі де көңілім толмайды.
Бақтыбала. Қойшы тіпті. Бүкіл соғыста көргеніңнің бәрін бір пьесаға сыйғызбақпысың...
Еркін. Қолымнан келсе оны да істегім келеді...
Бақтыбала. Мен Москвадан келгенше бола ма өзі.
Еркін. Оны өмір көрсетер, Бағыш. /ойланып қалып/ Мақсотты қайтесің.
Бақтыбала. Мақсот бекер кетті ғой, Еркін...
Еркін. Қайтып кетпесін енді...
Бақтыбала. Операция керек еді.
Еркін. Сендер өздерің бір қорытындыға келе алмадыңдар ғой. Сен керек дейсің, басқаларың операция жасауға болмайды дейсіңдер...
Бақтыбала. Еркін, менің айтқаным айтқан. Операциясыз болмайды...
Еркін. Апырай, Бағыш-ай...
Бақтыбала. Келе сала Мақсотты операцияға көндіру керек... созуға болмайды.
Еркін. Сен кетіп қаласаң... Басқаларың операцияға қарсы...
Бақтыбала. Білмеймін, Еркін... Байғұстың батыр боп қайтқанын қайтейін...
Еркін. Қан майданнан қайтқан соң, енді тіпті де өлгіміз келмейді, Бағыш. Майданнан майданға деп қайтқанбыз. Қан майданда еңбек майданы үшін алыстық...
Бақтыбала. Міне, Еркін, біздің Айбала да енді ауыл шаруашылық маманы. Айбала... айналайын серігім... қайтып қуанбассың...
Еркін. Кеше ғана сияқты... Мен майданға аттанарда ағатайлап жылап қалған Айбала... Өркендеген өмірдің куәсі.
Бақтыбала. Еркін, Айбаланы енді аспирантурада оқыту керек.
Еркін. Бағыш оны енді екеуің біліңдер... Айбалаға енді менің жөн сілтей беруім орынды болмас...
Бақтыбала. ...Сен жазу жазып отыр едің ғой... Мен де даярлануым керек.
Еркін. Даярлан, Бағыш, даярлан...
Бақтыбала екінші бөлмеге кетеді. Еркін жалғыз. Ойланып аз тұрып жазуға отырады. Далада келіп тоқтаған машина дауысы. Аздан соң қатты, қатты есік қағылады. Үстінде жол киімі. Өңі қашқан, үрейленген пішінде Зурә кіреді. Қолында ораулы Мақсоттың алтын жұлдыз, ордендері бар кителі.
Еркін. /орнынан атып тұрып/ Зурә, амансыңдар ма немене...
Зурә. /айталмай тулығып/ Не деп айтуға, Еркін ағатай...
Бақтыбала жүгіріп шығады.
Еркін. Не дейді...
Бақтыбала. Зурә жалғыз келдің бе?
Зурә. Бағыш тәте, жалғыз... /жылап жібереді/.
Еркін. /қатты толғанған күйде/ Мақсот... досым... жолдасым...
Бақтыбала. Айтсаңшы, не болды Зурә?
Еркін. Шырағым-ау, айтсаңшы!
Зурә. Қара адырға барған күннен бастап тыным таппады... Бүкіл егіс даласын... Ертеден кешке дейін...
Еркін. Талас болды ма?
Зурә. Қатты болды... Мақсот ағай дәлелдеп көздерін жеткізді... жұмысты қандай тамаша аяқтап ек...
Бақтыбала. Өз тағдырын айтсаңшы.
Зурә. Абзал ағай да келіп еді... Тауды бұзғалы жатыр еді... Той да болмақ еді...
Еркін. Мақсотты айтсаңшы, шырағым-ау!
Зурә. Мен байқап жүрдім... Қатты қиналып жүрді... Білдіргісі келмей жүрді... Кеше ғана көңілі соншама көтеріңкі еді...
Еркін. Иә, иә...
Зурә. Біз егіс басынан келсек өзгеріп қапты...
Еркін. Не болды...
Бақтыбала. Тірі ме өзі?
Зурә. Су әкеліп бергенше құлап жатыр... байқай алмай да қалдық...
Еркін. Тірі ме деймін!
Зурә. ...Абзал айғай қасында қалды. Машинасымен мені жіберді. Еркінге айт. Бағыш тәтемді тез жіберсін...
Бақтыбала. Сонсоң..
Зурә. Есі кірмеді.
Еркін. /үрейленіп/ Есі кірмеді...
Зурә. Кірмеді есі...
Бақтыбала. Не шара қолдандыңдар.
Зурә. Бағыш тәте, біз қайтеміз... Айбала сонда. Мен машинамен келдім... /Мақсоттың кителін алып/ сасып жүргенде қолымда кетіпті... Қиналып «шешші, шешші» - деді, бишара.
Еркін. /Мақсоттың кителін алып жазып қарап/ Досым-ай... /көзіне жас алады/. Тұрамысың Бағыш! /Зурә жылап отыра кетеді/.
Бақтыбала. Қайтып тұра аларсың... /асығыс телефонға барады. Осы кезде есіктен асығыс Зиза кіреді. Бақтыбала трубканы орнына қояды/.
Зиза. Бағыш тәте телеграмма келді... /Телеграмманы береді/. Облздрав... даярлап қойыпты. Сізді жылдам жүрсін дейді... /Телефон соғылады, Бақтыбала тыңдап/.
Бақтыбала. Иә, иә... алдым. Естідім. Білем, білем. Баруға тура келеді... Иә... иә... онда болмайды. Жоқ, белгісіз, осында әкелу қажет... Қазір, қазір. Жақсы. /Трубканы іледі/.
Еркін. Ұш, Бағыш ұш!
Бақтыбала. Зиза даярлан. Тез барда дәрі-дәрмектерді, операцияға керек аспаптарды даярла. Сен де бірге жүресің.
Зиза. Жарайды, тәте. /кете береді/. Екінші бөлмеге кетеді. Зурә да бірге кетеді.
Бақтыбала. Машинаға бара бер...
Еркін. Қайран жас... Таудай талап... ұлы Мақсот.
Екінші бөлмеден киініп асығыс Бақтыбала, Зурә шығады.
Бақтыбала. Машинаға үш сағаттық жер дейді ғой...
Еркін. Асық, Бағыш, асық...
Бақтыбала. Бара көрем, Еркін... Мұнда әкелсе жақсы болар еді...
Зурә. Мен де барайын, Бағыш тәте.
Бақтыбала. Не істемексің... осында күт.
Еркін. Бол енді, Бағыш...
Бақтыбала. Мүмкін болса осында жеткізу керек. /терезеден қарап/. Күн де бұлт екен... /Даладан машинаның гудогы естіледі/ Ал, Еркін... /қолын алады/.
Еркін. Жолың болсын, жаным!
/Шығып кетеді. Далада машинаның гудогі, жүріп кеткен дауысы естіледі/.
Қайран жас... Жас өмір.
Қатты қиналып тұрып қалады.
Шымылдық
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Екінші сурет
Еркіннің үйі. Перде ашылғанда Еркін жалғыз Тұрдықұлдың пьесасын оқып отырады. Риза болмаған қалыпта. Басын шайқап, қабағын шытып, қағазға өз пікірін жаза отырып оқуда. Мақсот тағдыры да қатты қинауда. Сағатына қайта-қайта қарай береді. Аздан соң.
Еркін. Өмір мен өлім таразыға тартылып тұр... Қай жағы басып түсер екен. /Телефон соғылады, асығыс барып тыңдайды/. Иә, иә, Бағыш. Мен, мен /Өні бұзылып/ Жасайтын болдық? Қашан? Бүгін? Кім? Өзің бе? Тілектеспін, Бағыш! Нешеде? /Трубканы іліп қояды, қатты толғануда/. Ұшқан ұя, өскен орта, алтын бесік ел үшін ажалмен алыспадық па кеше... Ажалды жеңіп, ел сенімін ақтап, анадан қайта туғандай болып келген жанның өлгісі келер ме сірә! /Аз пауза/. Өмірдің еркесі, көркі болғысы келмей ме. Ақылы мен ойын, қайраты мен жігерін бойындағы бір нәрлі қасиетін халқының бақытына, ұлы Мақсотына арналғысы келмей ме. Қай заманда жасап отырғаныңды еске алсаң, «өлім» деген сөзді ойлағың да келмейді. /Аз пауза/. Ұлы көштің көлеңкесінде жүріп өмір сүру – ол өмір емес. Ұлы өмірді жасағың келеді. Сол өмірді көркейткің келеді, жасасқың келеді. Таудай талабыңмен ұлы Мақсотқа қанат қақсаң өмірдің ләззатын, мағынасы мен сырын сонда ғана білесің. Ойлаған ойың қиял емес, тәтті қиялың шындық өмір. Осы өмірде жасап отырып қайтып қана өлімді ойларсың, /қиналып/. Қайран Мақсот. Мақсотқа жете алармысың... жоқ әлде... /ойланып тұрып қап/ қиғың келмейді қыршын жасты өлімге. Не болар екен... /Стол үстіндегі қағаздарын жинастырады, қолында кітабы бар жабырқаңқы Айбала кіреді. Еркін сағатына қарап/ Қалқам, мен кеттім...
Айбала. Жақсы аға. /Еркін кетеді. Айбала жалғыз/. Өмірде дәл мұндай ауыр халге душар болғаным бар ма? Жоқ сияқты еді. Осы минутте бәрі көз алдыңа келеді. /Ойға шомып/. Осыдан үш жыл бұрын ол майданға аттанарда: «Айбала жүрегімде түйін болып, ашылмаған сыр, айтылмаған арман кетіп бара жатыр... осы сөзім есіңде болсын», - деп қош айтысты. Одан бұрын Еркін ағаның жақсы көретін жолдасы болғандықтан ба, жоқ әлде не... әйтеуір мен де жақсы көруші едім...сабырлы, сыпайы мінезі, жарқын жүзі... ойымнан шықпайтын болды. Ол ұзақ сапарға аттанып, арамыз алыстаған сайын, көңіліміз жақындай түсті. Ол көзден таса болып, айдан – ай, жылдан – жыл асқан сайын жарқын жүзі көзіме ыстық көріне бастады. Жақсы көрген адамың ауыр күнде елді қорғап жүрсе, оған деен сенімің... махаббатың өзгеше болады екен. Екеуіміздің арамыздағы бар тарих осы ғана еді. Соның аман келіп, айтылмай кеткен арманын есту маған да арман еді. /Аз пауза/. Енді арман үстіне арман болды. Жас жүрек жазықсыз жәбірленді. Бәрінен де жүрекке шер боп байланған түйін... шешусіз бара жатқан түсініксіз жұмбақ... сол арман. Мақсот, осы ма еді күткенім. /ауыр ойға батып отырып қалады, есік қағылады, кенет бойын жиып алып/. Кіріңіз. /қолында қағазы бар Тұрдықұл келеді/.
Тұрдықұл. Айбала, еркін үйде жоқ па?
Айбала. Жоқ.
/Тұрдықұл отырады/.
Тұрдықұл. Бақтыбала да жоқ па?
Айбала. Қызметінде.
Тұрдықұл. Да... а, үйде өзің ғана екенсің ғой. /Айбала үндемейді/. Уһ, бүгін әбден шаршадым... Театрда менің пьесамның читкасы болып... Апырмай, Еркіннің келе алмағанын қарашы...
Айбала. Ағайдың бара алмағаны... Бір шаруасы болып қалып, соның соңында жүр-ау деймін.
Тұрдықұл. Япырай неткен шаруа. Бүгін мына менің пьесам оқылғанда анау, мынау шаруаны қоя тұрмаған екен, ә.
Айбала. Анау, мынау болмағаны ғой...
Тұрдықұл. Енді /қолындағы қағазын көрсетіп/ мынадан важный шаруа емес шығар.
Айбала. Мүмкін одан да важный шығар... Қайдан білдіңіз.
Тұрдықұл. Жоқ, Еркіннің қатысуы керек еді. Үлкен таластар туып... полемика қызу болды.
Айбала. Неге таластыңыздар?
Тұрдықұл. Осында мына кейбір жолдастар искусство мәселесіне тіпті бір түрлі қарайтын көрінеді. Түсінбеймін қалай екенін... Мұрат бүгін бұл үйге келген жоқ па?
Айбала. Келген жоқ-ау деймін. Сонымен таластарыңыз немен аяқталды?
Тұрдықұл. Мен өз пікірімде қалдым. Бірақ, жолдастар ойланар... Бұндай әңгімелер аса терең барламай, искусствоның нәзік сырларына түсіне алмаудан туатын сияқты... Е, бұл іске асатын нәрсе ғой... /кенет ойына бір нәрсе түскендей аз ойланып/. Да... а, Айбала енді... саған біздің, атап айтқанда менің көзқарасым өзгеруге тиісті-ау деймін.
Айбала. /Секем алып/ О, не дегеніңіз...
Тұрдықұл. /Ыңғайсызданып/ Ол енді Айбала... жалпы заңды нәрсе-ау деймін...
Айбала. Сіздің не айтып тұрғаныңызды түсіне алмадым.
Тұрдықұл. Апырмай, Айбала, не деуге болады енді... Қалайша түсіндіруге болады.
Айбала. Түсініксіз нәрсені қалайша түсінуге болады.
Тұрдықұл. /Өз-өзіне/ Міне, бұл қыз да әлден-ақ қыңыр келе бастады. /Айбалаға/ Түсінгісі келген кісі түсінеді ғой, Айбала. Бірақ... /шылымын тартып орнынан әрлі-берлі жүреді/.
Айбала. Сіз өзіңізді-өзіңіз сонша неге жасырасыз. Не ойыңыздың барын мен біле алмадым.
Тұрдықұл. /Өз-өзіне/ Осы қыз шынымен түсінбей тұр ма мені. Бассам ба екен лирикаға. /Айбалаға/ Да... а, ой дегенің өзі ол бір... Теңіздей түпсіз терең нәрсе ғой. Терең теңіз түбінде меруерттей асыл жыр да жатады. Ал, асыл жырдың алуан-алуан сырлары да болады ғой... Терең теңіз түбіне сүңгіп меруерт теретін Хауас деген құс болады. Теңіздей терең ойымның түбінен сол Хауастай сүңгіп терген меруертім... /қалтасынан Айбалаға арналған өлеңін алып/. Бұл тек саған ғана айтуға арналған сырым еді.
Айбала. Сыр дейсіз бе?
Тұрдықұл. Да... а, сары алтындай сақталған сырдың өзінің айтылатын уақыты болады ғой. Сол уақытқа жеткеніме өзімді бақыттымын деп есептеймін. Ол бақытқа, әрине, сен де ортақсың, Айбала...
Айбала. Қалайша?
Тұрдықұл. Махаббат дегеннің өзі... адамның жан сезімінің ең нәзік сырына байланысты ғой. Да... а, ғашықтың тілі тілсіз тіл... Ол сырды жеткізе алатын тек бір-ақ тіл бар...
Айбала. Бір-ақ тіл дейсіз бе?
Тұрдықұл. /Өлеңін оқуға ыңғайланып/ Ұға біл /Оқиды/
Сен қызыл гүл Иран бақта жайнаған,
Мен бір бұлбұл... /есік қағылады, Тұрдықұл оқуын тоқтатып тұрып қалады. Айбала есікке қарай барып/
Айбала. Кіріңіз.
Тұрдықұл. Қап! /Зурә кіреді. Тұрдықұл өз-өзіне/ Дәл жеме-жемге келгенде... бұны қай сайтан алып келді екен. /Зурәғе/ Сәлематсыз ба, Зина.
Зурә. Жақсысыз ба.
Тұрдықұл. Қыздар енді оқуды бітіріп алған соң еркіндеп бір жүргеніміз де.
Зурә. Оқуға да, дем алуға да, еңбек етуге де праволы емеспіз бе? Бүгін дем алсақ, ертең тағы да еңбекке кірісеміз.
Тұрдықұл. /өтірік күліп/ Міне біздің қыздар тура саясаттан соғады.
Зурә. Сіз қалай деп едіңіз. Саясаттан тыс маман бола ма.
Тұрдықұл. Дұрыс қыздар, дұрыс, дұрыс...
Айбала. Біздің қыздар қателеспейді.
Тұрдықұл. Оны да көрерміз, Айбала.
Айбала. Сенбей тұрсың ба?
Тұрдықұл. Болды, болды сендім, Айбала. Сендім. /Өз-өзіне/ жылы сөз айтты-ау... /Айбалаға/ Әзірше. /Айбаланың қолын алады/. Қыздар сау болыңдар.
Зурә. Сау болыңыз, сау болыңыз.
Тұрдықұл. /Бірдеңе айтқысы келгендей Айбалаға қарап аз кідіріп/ Жақсы.
Кетеді.
Зурә. Ғашық оты шыдатпай барады ғой қайтсін. /Әзілмен/ Айбала мен келіп қалып әлгі шіркін арманын айта алмай қалды ма. Лирикасын оқыған шығар.
Айбала. Әркімнің өзінікі өзіне жөн сияқты болады да тұра ма деймін осы.
Зурә. Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе деген емес пе. Көңіліңнен де, көк дөненіңнен де осы Тұрдықұл ағайдың дәл өзі жүйрік қой деймін.
Айбала. /Әзілді ұнатпай/ Зурә қойшы соны. /Мұңайып/ Көңіл демекші... Қайдан білейін бұл көңілдің не боларын.
Зурә. Осы сен немене күн бұрын уайым айтып, қойшы осы.
Айбала. Иә, несі болса да бүгін болады.
Зурә. Осы мен білсем бар ғой ештеңе де болмайды. Бұлттан шыққан күндей көңілің жарық ете түседі. Айбала, ренжімеші, мен біздің ғылымның күшіне сенемін, тәтеме сенемін...
Айбала. Тәтең аянады дейсің бе...
Зурә. Осы уайымымыздың аяғы ертең-ақ қуанышқа айналады. Қараадырдағы өзіміз егіскен егін біркелкі теп-тегіс боп шыққан... Бәрі де ұмытылады... той тойлаймыз әлі...
/Есік қағылады. Мұрат кіреді/.
Мұрат. Е, біздің қарындастар екен ғой. Ал, қайырлы болсын айту керек қой сендерге. /қолдарын алып/ Жақсы, жақсы, қуанам қарындастарым. Еңбектерің жемісті болсын. Кешегі екі /қолмен бой мөлшерін көрсетіп, жақсы көрген әзілмен/ мынадай кісі көзіне ілмейтін қыз – маман, агроном! Қуанам, қуанам!
Зурә. Рахмет, Мұрат аға.
Мұрат. Міне қандай тамаша. Сендер сияқты мына өз көз алдымызда өскен жас мамандарымызды көргенде, алдымызда тұрған жаңа талаптар, ел тілегі бізге зор міндет артады... Сендер түсінбейсіңдер дейді-ау, біздің Тұрдықұл. /Даусын өзгертіп/ Еркіннің қатынаса алмаған... Өзі тез қайтар ма екен, Айбала?
Айбала. /Кейіген пішінмен/ Ағатайым Мақсотқа кетті ғой...
Мұрат. /Кенет өзгеріп/ Мақсотқа. /Қауіптенген пішінмен/ Тұра-тұр... /Есікке қарай жүре беріп, кенет бұрылып телефонға келіп/ 45-34. Бақтыбаланы шақырыңызшы. Болмайды? Болмайды дейсіз бе? Ә... Еркін бар ма онда. А, а. /Трубканы тез орнына қоя салып/ Мен сонда кеттім.
Асығыс шығып кетеді.
Айбала. /Үрейленіп/ Апырай, не болды екен...
Зурә. Айбала сен үйде бол мен біліп келейін...
Айбала. Қандай хабар әкелер екенсің, досым...
Зурә. Тез келем...
/Айбалаға қарай-қарай асығып шығып кетеді. Айбала жалғыз/.
Айбала. /Қатты қайғырып үрейленген қалыпта/. Не болар екен... Не болар екен... Менің жүрегімде орын бар ма еді, қайғы саған.
Жылап отыра кетеді. Кенет шам сөнеді. Шам жанғанда аурухананың операция жасайтын бөлмесінің алдындағы коридордың көрінісі. Операция жасайтын үйдің есігі зрительге көрініп тұрады. Ауыр ойда, операцияның нәтижесін асығып күтіп жүрген Еркін, аздан соң асығыс Мұрат келіп кіреді.
Мұрат. /Қауіптенген пішінмен/ Еркін... /қолын алады, Еркін үнсіз амандасады. Еркін шыдамсызданып әрлі-берлі жүруде. Аз паузадан соң/ Көп болды ма?
Еркін. Бірталай болды...
Пауза.
Мұрат. Беті қалай?
Еркін. Әлі белгісіз...
Мұрат. Өмірдің қымбаттығы осындайда көрінеді-ау...
Еркін. Иә Мұрат... Шын қадірін білгенге... қымбат, қымбат.
/Абзал кіреді. Еркінмен, Мұратпен амандасады/
Абзал. Еркін, қалай Мақсот?
Еркін. Өмір мен өлім таразыға тартылып жатыр... қайдам қай жағы басып түсетінін...
Абзал. Кім істеп жатыр? Тоса тұруға болмады ма?
Мұрат. Өзіміздің Бақтыбала.
Еркін. Күтуге болмады ғой... Әрбір минут санаулы болып тұр ғой.
Абзал. Обкомда келісіп, Москваға тығыз телеграмма беріп ек... Енді кісі келудің мағынасы болмайды екен ғой.
Еркін. Енді не де болса екінің бірі...
Мұрат. Солай боп тұр енді...
Абзал. Онда қайта телеграмма соғуға тура келді. Соңғы минутқа дейін ауыр халін білдірмеді-ау байғұс бала. Бұл халге жеткізетін бе едім. Не шара.
Еркін. Қайтеміз енді Абзал, амал бар ма.
Абзал. Айтқанына жетті. Еңбегі жанды. Жанған еңбегінің жемісін көрсе игі еді.
Мұрат. Сол ғой арман... Қайран жас...
Абзал. Қайта телеграмма соғуға тура келді... Мен қазір айналып соғам. /шығып кетеді/.
Аз жым-жырт.
Мұрат. Кешікті ғой... Шіркін Бағыш не күйде десеңші...
Еркін. Бәріне көнбей, өз жауапкершілігіне алған адам не күйде болушы еді...
Жүгіріп Зурә кіреді.
Зурә. Еркін аға, не болды? Не болды, Мұрат аға?
Мұрат. Ештеңе де етпейді, Зурә. Бар қалқам.
Зурә. Жоқ... әдейі келдім, Мұрат аға.
Аз үнсіз.
Операция бөлмесінің есігі ашылады. Бәрі жалт қарайды. Іштей шыдамсызданып хабар күтуде. Зейнеп шығады.
Еркін. Не болды, жаным?
Мұрат. Қалды ма жаны?
Зейнеп. /не дерін білмей/ Білмеймін әлі... Білмеймін, Еркін аға...
Асығып өтіп кетеді.
Зурә. Зоя. /Артынан бірге кетіп. Аздан соң жабырқаңқы күйде қайтып келеді/.
Мұрат. Апыр-ай, Еркін-ай...
Операция бөлмесінен ақ халатты, аузын марлімен байлаған, қолында резинка перчатка, қатты қиналған қалыпта Бақтыбала, тағы екі-үш дәрігер шығып, асығып асып кетеді.
Еркін. Бағыш!
Мұрат. Жаным-ау... үндемейді ғой...
Еркін. Үндемейді...
Аздан соң аузындағы марліні алған, қолын жуған, Бақтыбала келеді.
Мұрат. /Шыдамсызданып/ Бақтыбала -ау, естіртсеңші жақсылығыңды!
Еркін. Несі болса да айтсаңшы!
Бақтыбала. /Қиналып/ Әлі айта алмаймын, Еркін.
Еркін. Не дейді...
Мұрат. Бағыш-ау не болды? Өмір сүре ме Мақсот?
Бақтыбала. /тұнжырап/ Әлі белгісіз...
Бәрі тұнжырап қалады. Жүгіріп Айбала кіреді. Түрлерін көріп шошып.
Айбала. /Бақтыбалаға/ Тәте!
Үнсіз. Айбала Зурәні құшақтап жылап жібереді.
Ш ы м ы л д ы қ .
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
Үшінші сурет
Күз. Терезеден жапырағы сарғайған ағаштар көрінеді. Сол Еркіннің үйі. Үйде Еркін, Тұрдықұл. Перде ашылғанда Тұрдықұл тұнжырап отырады. Еркін жазу столынан тұрып сөйлейді.
Еркін. – Мен оқып шықтым, Тұрдықұл. Дәл бұл еңбегің жөнінде сенің Мұратқа да, басқа жолдастарға да ренжитін ешбір ретің жоқ. Олардың пікіріне мен де түгелдей қосылам...
Тұрдықұл. – Көркем шығармаға дәл осылай қарағанды көргем жоқ...
Еркін. – Көркем шығарма шындық өмірден аулақ жатса, оны шығарма деп атауға да аузым бармайды...
Тұрдықұл. - Менімше, көркем шығарма шындық өмірден жоғарырық тұру керек...
Еркін. – Бірақ, шындық өмірден мүлдем қол үзіп кетпеу керек. Сенің мына пьесаңнан шындықтың көлеңкесі де көрінбейді.
Тұрдықұл. – Жазушы ерікті емес пе?
Еркін. – Ерікті емес деп кім айтты. Өмірлен аулақ құрғақ қиялдың құлы болу, сол да еріктілік пе. Бір заманда адам баласының қиял еткен өмірінде жасап отырып, ұлы заманның азаматы болып отырып, сол заманыңның, ел-жұртыңның талабын түсінбей, өмірге үйлеспейтін, халық тілегіне сай келмейтін шалғай оймен, тұманды қиялмен лағу кімге қажет! Сен ренжіме, Тұрдықұл, шынын айту керек. Дос жылатып айтады, дейді, өмірден қалып қойғансың... Тек өзіңнің тапшы оыңның тар көлемінде қалғансың. Біздің халықтың ой-өрісі, тілек-Мақсоты, сұрапыл соғыс үстінде бұрынғыдан да өсті. Елдің сана-сезімі, өмірге көзқарасы әлде қайда тереңдеді. Соғыс үстіндегі бес жылға таяу өмірде біздің халық тарихта болып көрмеген қахармандық іс істеді. Саған бәрін айтып жатудың қажеті жоқ сияқты, Тұрдықұл. Осының бәрі өзіміздің көз алдымызда болып жатқан оқиға. Бізге халықтың қоятын талабы соншама зор, соншама жауапты.
Тұрдықұл шылым тарта береді.
Заманымыздың бұл талабы, бұл тілегі күннен-күнге асқан сайын зораып ртыр. Елдің ұлы көшінің алдында болмасақ, өз міндетімізді түсінбегеніміз. Соғыс бітті деп жайбарақаттану біздің елдің салты емес. Біздің халық бүгін игілікті істі алдына қойып, 1950 жылға көз жіберіп отыр, келешегіне сенген халық, ойға алғанына жететін халық. Өмірге осы тұрғыдан қарау керек, осы талапқа сай іс істеу керек.(Столынан Тұрдықұлдың пьесасын алып береді) Міне, Тұрдықұл, өз пікірімді жаздым.
Тұрдықұл. – (Қолына алып жатып) Да... а, осының тіпті іліп алар қасиеті болмағаны ма?!
Еркін. – Сонда жаздым...
Тұрдықұл. – (Оқып отырады) Да... а, бірақ, сахнадан көрерміз...
Еркін. – Түзу тұлға қисық айнадан көрінбес болар...
Тұрдықұл. – Көргенде айтармыз...
Еркін. – (Кітаптарының арасынан Тұрдықұлдың өлеңдер жинағын алып) Мына «Даңқ» атты өлеңдер жинағыңды да оқыдым. Асығыстау бастырыпсың. Бұл жинақ даңқыңды шығара қояр ма екне... Даңқ, атақ еңбек пен күрестің жемісі болар... Қолдан даңқ жасалмас...
Тұрдықұл. – (Кейіп) Еркін-ау, бұл лирика ғой енді... Сен бүйдеп тұрсың, жай халық не дейді?
Еркін. – Ең қатал сыншы, әрі әділ сыншы – халық. Жүрегіне жақпаса ешкімнің де көңіліне қарамайды... 1936 жылы 18 июль күні түнде, өлім алдында есінен танып жатып: «Соғыс болады. Дайындалу керек... қапы қалмау керек», - демеді де Горький. Міне, ұлы адамның жүрегі. Халқын шын сүйген, Отанын сүйген жүрек.
Тұрдықұл. – Бәріміз бірдей Горький бола алмыз ба?
Еркін. – Үлгі аламыз. Елді Горькийше сүйе біл. Сонда жемісті еңбек ете аламыз деген сөз. Сырты жылтырап, іші қалтырап, кер кетіп бара жатқан Европаның мәдениетсымағына емексу-сағымға алданған санасыздың ісі болар еді...
(Қолында таяғы, жүдеу Мақсот кіреді).
Мақсот. – (Отырып) Әбден шаршадым...
Еркін. – Апырай, Мақсот-ай... тынықсаңшы.
Мақсот. – Қараадыр алабының ерлері жоспардан тыс астық беруге кірісіп, ол уәдені де 3 күн ішінде орындапты. Абзалмен сөйлестім.
Еркін. – Келіп пе Абзал?
Мақсот. – телефонмен. Комиссияда болдым. Дәрәгерлер әлі рұқсат ететін емес... Білмеймін...
(Тұрдықұл шылымын жиі-жиі тартып, Еркіннің рецензиясын оқып отырады).
Еркін. – Асықпасаңшы, Мақсот-ау, неткен жансың.
Мақсот. – Көргім келеді. Барғым келеді...
Еркін. – (Тұрдықұлға) Геройды алыстан іздеудің қажеті бар ма?
Тұрдықұл. – Жазушының ролін сонша төмендетуге қосылмаймын...
Мақсот. – Тұрдықұлдың геройлары аспанда ғой, жердегі жанды не қылсын...
Тұрдықұл. – Агроном идеальный герой бола алмайды. Өмірінде романтика жоқ олардың.
Еркін. – Сөзді іске айналдырудан, істі сөзге айналдыру анағұрлым оңай екені белгілі ғой, Тұрдықұл...
Мақсот. – Еліміздің әлемді таңыратқан ерлік ісінен әсер ала алмайтын әсемпаздардың жел сөзі кімге қажет...
Тұрдықұл. – Ақынның жанын түсіне білу керек.
Еркін. – Ақын елінің адал азаматы болуы керек.
Мақсот. – (Тұрдықұлды кекей) Мына сессия қабылдаған төртінші бесжылдық жоспарда романтика деген бар ма екен... ақын көзімен қарағанда...
Тұрдықұл, - Ақынға ондай сұрақ қоймас болар... поэзия агрономия емес қой...
Мақсот. – Онда ғафу ет, Тұрдықұл. Сенікі поэзия емес... демагогия...
Тұрдықұл. – (Ашуланып) Мақсот, мынауың просто оскорбление. Жазушы адам жанының инженері деген қағиданы білмегенің ғой...
Мақсот. – (Орнынан тұрып екінші бөлмеге кете беріп) Бірақ, сендей жазушы емес. (Кетеді).
Тұрдықұл. – Еркін, мынау ғажап екен. Да... а... интересно...
Еркін. - Өмірмен ұғыса білсек, жолдастармен ұғысу қиын емес, Тұрдықұл...
Тұрдықұл. - Өмір деген енді... Өмір ғой...
Зурә кіреді. Үстінде жол киімі. Қара адырдан келген беті. Қуанышты.
Еркін. – О, Зурә. Міне біздің агрономдар. Хал қалай?
Зурә. – Хал өте жақсы, Еркін аға. (Тұрақұлмен салқын ғана амандасады. Мақсот шығады).
Мақсот. – Зурә саумысың.
Зурә. – Бәрі де аман. Абзал ағай сәлем айтты. Қарекең де, Төкен, Қадиша бәрі де сәлем айтты.
Мақсот. – Иә, иә...
Зурә. – (күліп) Айранбоз да сәлем айтты. Ол қазір астық тасып жүр. Ударник.
Мақсот. – Е... Тағы.
Зурә. – Астықты төгіп болды. Айтқан уәдеден әлде қайда асып кетті. Планнан тыс астықты екі есе артығымен беріп болды. Москвадан тағы да телеграмма алды. Міне, Абзалдың хаты(хат береді). Төкен мен Қадиша қосылды...
Мақсот. Өте жақсы. Иә, иә...
Зурә. Осында келмек өздері. Төкен Мақсотқа берген уәдем бар. Тойды бірге жасаймыз дейді.
Мақсот. (Мақсот ыңғайсызданып) Жүр анда барып әңгімелесейік. Мына кісілерге... (Тұрдықұлға қарап) біздің өмірде романтика жоқ. Бөгет етпейік.(екінші бөлмеге кетеді).
Тұрдықұл. (Өз-өзіне) Бұл қыздікі не... Қырарсың сен...
Еркін. Міне, Тұрдықұл көрдің бе?
Тұрдықұл. Оны көрдік қой... Еркін, мына менің еңбегіме тым үстірт қарадың-ау деймін.
Еркін. Қалайша?
Тұрдықұл. Қабылданып қойған нәрсе ғой... Кішкене басқаша жазуың керек еді...
Қуанышты Мұрат кіреді.
Мұрат. Еркін, қол қысуға ерте деп ең. Қателестің...
Тұрдықұл. (қуанып) Иә, иә, Мұрат не болды?
Мұрат. Бүгін генеральный, Еркін. (Сағатына қарап) Артистер қазір жиналып отыр, жүр ішінде боласың.
Еркін. Жақсы, жақсы Мұрат, қарсылық жоқ. Ендігі ауыр азабының бәрі сенің мойныңа ауды ма? (қалжыңдап) Ендігі қызығын сен көр. (Зурә Мұратпен амандасып шығып кетеді. Мақсот кіреді).
Мұрат. Қызығын Мұрат та көреді... Ел де көреді... жүр,жүр.
Мақсот. Қайырлы болсыннан қашушы ма ек.
Мақсот Еркін мен Мұраттың қолын алады.
Еркін. Бұл қайырлы болсын да ертерек.
Мұрат. Көп болмайды, ертең де естиміз қайырлы болсын-ды.
Тұрдықұл. Сендердің репертуарный пландарың қайда осы?
Мұрат. Тұрдықұл, сен ренжіме... Репертуарды елеуішке сап кәдімгідей (қолымен көрсетіп) елеп жатырмыз. Кебек, қоқым-соқымы көбейіп кетіпті...
Тұрдықұл. (ызалы) Принцип деген болмай ма екен?!
Мұрат. Принцип болған соң ғой сүйтіп жатқанымыз. Ал Еркін, жүр енді.
Еркін. Жақсы жүрейік.(Екеуі кетеді. Тұрдықұл орнынан тұрып аңырап қалады).
Тұрдықұл. Жоқ.. болмайды. Бұл түсінбеушілік. Докажу!
Мақсот. (кекеп) Сіздер доказать емес, показать етпеуші ме едіңіздер?!
Тұрдықұл. Жоқ... кеттім.
(Асығыс шығып кетеді. Таяғы мен қағаздары қалып қояды. Мақсот жалғыз).
Мақсот. Жолың болсын. (Таяғы мен қазғадарын көріп) Қару-жарағың мұнда қалыпты, құр қол не бітіресің. (күліп) Міне романтика!
Тұрдықұлдың Айбалаға берген өлеңдер жинағын қолына алып «Даңқ»... Тұрдықұл... Аспандағы айға балаған Айбалаға....
Айбала кіреді.
Ғафу етіңіз, Айбала... Мына кітабыңызды... (кітапты беріп) айыптымын...
Айбала. (ренжіп) Мақсот, осы Тұрдықұлың не сенің? «Сіз», «бізің» не осы? Тозды шыдамым!
Мақсот. Менен көрі өзің жақсы білуің керек...
Айбала. Ашып айтшы, Мақсот, жазықсыз неге күйдіресің мені?
Мақсот. Жансаң, күйсең де бір сөзде тұру керек еді. Бірақ, мені тірі қалады демеген шығарсың...
Айбала. Ққашан серттен тайдым. Қашан сөзімде тұрмадым!
Мақсот. Сенушем саған, Айбала.
Айбала. Кінәм не?
Мақсот. Кінәласып қайтеміз. Көңілің қосылған екен. Қайта қайырылу қата болар...
Айбала. Кіммен қосыппын. Не деген сұмдық!
Мақсот. Тұрдықұлмен...
Айбала. Сенен осындай сөз естимін деппем... (Кітаптарының арасынан хатын алып) соңғы хатым... Телеграмма бердің емес пе? Хат жазба дедің емес пе? Өзің келер деп сақтадым. Мә оқы... бір ай болмай... Мына суреттің сыртына не жаздым. (Суретін іздеп жүреді). Адал жүрегім... сырым... (Мақсот хатын оқып, ойға батып отырады). Қайда ол!? (өз-өзіне) Зурәда екен ғой.
Мақсот. Бұл қағаз бен сия ғой... Тұрдықұлға уәде беріпсің... Одан бұрын маған да сүйттің емес пе? Арзан уәде арға сия ма?
Айбала. Шының ба, Мақсот! Кім айтты оны?
Мақсот. Өзі.
Айбала. Сендің бе сен соған?!
Мақсот. Сенбес ем... өз қолыңмен жазғаныңды көрсетті.
Айбала. Не жазыппын. Есімнен адасып жазбасам... Жаздым ба оған сірәдә...
Мақсот. Көзбен көрген шын болар..
Айбала. Бұл не сұмдық... (Жылайды. Осы кезде фотокорреспондент кіреді).
Фото-корр. Сәләмәтсыздар ма? Былайша айтқанда енді... ғафу етіңіздер... Ғафу етіңіздер!
Мақсот. Жолыңыз болсын!
Фото-корр. Сіз енді, былайша айтқанда, ғафу етіңіз. Мен... енді көріп тұрсыз фото-корреспондент, былайша айтқанда.
Мақсот. Жақсы,жақсы.
Фото-корр. Маған Советтер Союзының батыры... герой, герой керек еді.
Мақсот. Иә?
Фото-корр. Сіз болып жүрмейсіз бе?
Мақсот. Иә, біз.
Фото-корр. – Ғафу етіңіз, былайша айтқанда, танысып қояйық фотокорреспондент Әлімжан Акшолакович Айдарханов.
Мақсот. (қолын алып) Мақсот.
Фото-корр. Өте жақсы, былайша айтқанда, жолдас батыр, сізде аз шаруам бар еді... білесіз ғой өзіңіз...
Мақсот. Түсініп отырмын. Ғафу етіңіз сізге өзім барайын. Бірақ ертең.
Фото-корр. Әбден болады... газеттен табасыз сағат үшке күтем...
Мақсот. Жақсы.
Фото-корр. (Айбалаға қарап) Ә.. ғафу етіңіз. Сіз де былайша айтқанда, осында екенсіз ғой. Сіздікі дайын.
Айбала. Иә, о не дегеніңіз?
Фото-корр. Ғафу етіңіз, жолыңыз болсын, былайша айтқанда.
Айбала. Иә?
Фото-корр. (кетіп бара жатып) Сау болыңыздар.
Мақсот. Қош болыңыз.
Фото-корр. (Есікке барып бөгеліп) Айтпақшы (Айбалаға) Сіздің мына - ... (альбомына үңіліп) Жоқ... жоқ. (кете беріп өз-өзіне) что же бәрібір емес пе? (Қайта оралып).
Айбала. Бірдемеңізді ұмыттыңыз ба?
Фото-корр. Жоқ... жоқ... (альбомынан Айбаланың суретін алып) Иә, иә... ғафу етіңіз, бәрі бір ғой сізге беріп кетейін, ол кісімен кездесе алмай қойдық... (суретін береді).
Айбала. (Алып таңырқап) Кіммен? Қалайша бұл сізде... (Мақсотқа) Мақсот!
Мақсот. – Ол не?
Айбала. – Міне, бұл қалай? (Суретін береді. Мақсот алып қарап тұрады).
Фото-корр. (Тағы 3-4 карточка беріп) Көбейттім... енді былайша айтқанда... жақсы шықты. Табыс етіңіз, өтінем сізден.
Айбала. Кімге? Қайдан алдыңыз?
Мақсот. Кім берді сізге?
Фото-корр. Мен қайдан білейін, ғафу етіңіз, кім болады сізге ол, иә... иә... женихыңыз ба... солай деді ол, былайша айтқанда...
Айбала. Кім? Кім?
Фото-корр. Поэт, поэт... ақын енді... Е. Қыйқымович, Е...
Айбала. Тұрдықұл ма?
Мақсот. Сол ма?
Осы кезде Тұрдықұл кіріп келеді.
Фото-корр. Ә... міне, міне, ғафу етіңіз, тапсырмаңыз орындалды, сізді таба алмадым, жақсы болды әне, ғафу етіңіз сау болыңыздар.
Шығып кетеді.
Тұрдықұл. (Сасқанын білдірмей) Не деп жүр мына дәлдек. Қағаздарым қалып қойыпты...
Айбала. (ашынып) Ол кісі дәлдек емес... (Тұрдықұлдың кітабын өзіне беріп) Өз қолыңыздан бердіңіз, рахмет сізге өз қолымнан қайта алыңыз.
Тұрдықұл. (Кітабын алады, қағаздарын, таяғын алып кетуге ыңғайланып) Бұл просто мәдениетсіздік емес пе, Айбала...
Айбала. (Өз суретін көрсетіп) Мынау мәдениеттілік пе! Қайдан алдыңыз? Бердім бе мен сізге?
Тұрдықұл. (Кетіп бара жатып) Түсінбеймін. Ел қызық өзі. Институт бітірген соң жазып, суретін газетке бастырайын деп жүрсем... Қызық екен. (Шығып кетеді).
Мақсот. Міне, шын романтика!
Айбала. Мақсот! Осы ма еді жұмбағың? (Мақсотқа жақындайды).
Мақсот. Тұра тұршы, Айбала...
Айбала. Мақсот әлі де... (Телефон соғылады. Айбала барып тыңдап). Иә, иә... мен... иә...
Мақсот. (өз-өзіне) Жәбірледің бе арым... жазықсыз ба еді Айбала?!
Айбала. (телефонда) Зурә... Зурә... қазір... қазір... (трубканы асығыс іліп, радионы қосады) Мақсот, Мақсот! Қап!
Тыңдай қалысады.
Диктор. ... Олардан басқа «Қараадыр» колхозының егіс бригадасының бригадирі Әлімбаев Төкенге, мол өнімі звено, комсомолдар звеносының бастығы Алдабергенова Қадишаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді (музыка).
Мақсот. (қуанышты) Айбала! Ақталды адал еңбек!..
Айбала. Төкен, Қадиша! Өзгесін де айтты ма екен, қап.
Мақсот. Өзгесі деген не? Өзге деген жоқ. Бәрі өзіміз. Бәрі бір... Кеш, Айбала! (жүрегі алып ұшып) Адал еңбек... Міне бақыт... Міне өмір... (асығыс шығып кетеді).
Айбала. Мақсот, Мақсот!
Аңырап тұрып қалады.
Шымылдық
ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Еркіннің тойға әзірленген үлкен қонақ үйі. Үйде Айбала, екі жолдас қызы. Үшеуі де қуанышты. Үйдің ішін реттесіп, абыр-сабыр болып жүріседі.
Айбала. Қыздар...достарым...қуанғанда бір, қорыққан да бір деген осы екен-ау...
Зейнеп. Қорыққаны несі...
Айбала. Жоқ дейім-ау...
Зурә. «Жоқ дейім-ау»,- деп тіпті сүйгеніне қосылып алған соң, қуанғаннан не айтарын білмей тұрғанын...
Айбала. Қуанбай енді...
Зейнеп. Сен қуанбағанда...
Айбала. Сенші?
Зейнеп. Мен де қуанам...
Зурә. Сенің қуанышың біздің де қуанышымыз. Бірақ...
Айбала. «Бірақ» деп үшеуіміз бір-ақ күні күйеуге шықпадық деп тұрсың ба?
Зейнеп. Сөйтсе қандай тамаша болар еді десеңші.
Айбала. (Қалжыңдап) Онда бүгінгі тойды тоқтата тұрайын, қыздар...
Зейнеп. Ол сыртың ғана ғой, Айбала. Ішінде не жатқанын біз сезбейтін шығармыз...
Зурә. Бізді қанша дос десең де біз саған Мақсот бола аламыз ба!
Айбала. Мақсоттың жөні бір басқа, сендердің жөнің бір басқа емес пе?
Зейнеп. Е, бәсе, сөйтіп шыныңды айтсаншы онан да...
Зурә. Қыздар, кісілер келіп қалмай тұрып осындай оңашада бар ғой, бос сөзді қойып, даярланып алайық...
Зейнеп. (қалжыңдап) Күйеуге шығатын қызымыз (Айбаланы нұсқап) міне дап-даяр тұр. Ал бізге тағы не даярлық керек.
Айбала. (қалжыңдап) Менен көрі енді елдің көзі сендерге көбірек түседі, қыздар.
Зурә. Қалжыңды қоя тұрыңдаршы. Айбала, сен осы көйлегіңді киесің бе?
Зейнеп. Әне бір көйлегің кисе қайтеді...
Айбала. Қайсы?
Зейнеп. (Екінші бөлмеден Айбаланың екі-үш көйлегін алып шығады) Мынаны деймін, (айна алдында Айбаланың үстіне сыртынан өлшеп қарасып жатады)
Айбала. – Осы үстіміздегісіше...
Зурә. Әне біреуін байқайықшы...
Зейнеп. Қой одан мынау жақсы.
Зурә. (Ойланып) Күйеуге шығатын қыз қандай көйлек киюші еді тойында?
Айбала. (Қалжыңдап) Күйеуге шыққалы тұрғанымыз осы, оны кім білсін...
Зейнеп, Қыздар-ау, мен бір сөз айтайыншы...
Зурә. Иә...
Зейнеп, Айбаланың дәл осы үстіндегі көйлегінен лайықтысы жоқ. Тойымыз да екеуіміз де дәл осындай көйлек киетін болайық. Осы уәде болсын жарай ма?
Зурә. Оның да дұрыс екен. Екеуіміз тойымызда қандай көйлек киерімізді білмей, аңырып тұрмауға бұ да жақсы болды. Айбала тойында мынадай көйлек киген дейміз ғой...
Айбала. Дұрыс достарым. Махаббаттан жаңылмасақ, адамшылық арымызды таза сақтай білсек, киім түзеп киюге көп ғылымның керегі жоқ қой.
Зейнеп, Сен бақыттысың Айбала. Сен жаңылған жоқсың.
Зурә. Сүйген жарың екі ажалдан қалды, енді бүгін той тойлағалы отырмыз. Неткен шаттық, неткен қуаныш десеңші.
Айбала. Бүгінгі той Бағыш тәтемнің де, Еркін ағатайымның да, Мақсоттың да, Мұраттың да – барлығымыздың да тойымыз. Кеше Еркін ағамның пьесасы ойналғанда Сергей Степанович әдейілеп келді... Қалайша қуанбассын, достарым.
Зейнеп. Мен театрда ойынның артынан Еркін ағайға жүгіріп келіп қуанғанымнан не дерімді білмей сасып қалып: «Еркін аға, молодец» - деппін. Ойпырмай, артынан ұялғаным-ай.
Зурә. Сен қайта өзің де шын молодец екенсін, Еркін ағайдың қасына баруға ел мұрша бермей, мен театрдың көзіме көрінген артисіне қайырлы болсын айта беріппін.
Зейнеп. Бүгін қайырлы болсын айтатын кісіміз көп...
Зурә. (Терезеден қарап тәтті қиялмен) Үшінші класта... Золотая осень... «Бодрая осень» есіңде ме?
Кроет уж лист золотой
Влажную землю в лесу...
Смело топчу я ногой
Вешнюю леса красу.
Айбала. (іліп ала жөнелді( Есімде, Зурә:
С холода щеки горят,
Любовь лесу мне бежать
Слышат, как сучья трещат,
Листья ногой загребать. (сағынышты қиялмен)
Ол балалық шақ қой (өзгеріп). Биылғы күзді айтсаңшы.
Зурә. Анық алтын күз. Қара адыр...
Алтын астық. Алтын дән.
Мақсот кіреді. Совет Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ері Алтын жұлдыздары, ордендері бар.
Зейнеп. Қонақтар екен десек...
Мақсот. Е, мен қонақ емеспін бе...
Зейнеп. Сен енді қонақ емессің, Мақсот...
Айбала. Бағыш тәтемдер екен десем...
Мақсот. (Әзілмен) Бағыш тәтеңді кешегі күні еркін ағаң да аңсаған...
Зейнеп. Сен кімді аңсадың сонда?
Айбала. Қойшы қыздар...
Зурә. Сезікті секірер деп сенікі не.
Мақсот. (Әзілмен) Серігін тауып секірген қызды сезікті деуге болар ма екен.
Зейнеп. Сондағы сезікті біз екенбіз ғой...
Зурә. Өз сөзіміз өзімізге тиіп жатыр екен ғой.
Мақсот. (әзілмен) Жүйелі сөз жүйесін табады, жүйесіз сөз... иесін таппай ма?
Зейнеп. Айбала бірдеме десеңші. Бір күн болмай жатып сен де Мақсотты жақтайсың ба. Қойшы тіпті.
Зурә. Достық қарызымыз қайда.
Айбала. (Әзілмен). Көкек өз атын өзі шақырып тұрған жоқ па екен.
Зейнеп. Иә, бәсе солай деші.
Мақсот. - Өзіне өзі атақ тағып, өз атын өзі шақырып жүрген көкек Тұрдықұл болса да мен кінәлімін бе?
Зурә. Кінәләсуға кетсең жеңілдің, Мақсот.
Айбала. – Көкек Тұрдықұл-ақ болсын, сол көкектен сезіктеніп секірген кісіні кім дейміз?
Мақсот. (Әзілден жеңіліп) Аталы сөзге арсыз таласады, не десеңдер де ерік өздеріңде...
Зейнеп. Бәсе сөйтіп жөңіне кел...
Зурә. Майдандағы жеңісіне мақтана бер. Бұл арада бізді жеңе алмайсың.
Мақсот. (Әзілмен) Үшеуіңнің ортаңа жалғыз түсіп қалған екем, тым болмаса Тұрдықұл да жоқ...жеңілмеске шара да жоқ.
Зурә. Болғанмен Тұрдықұлдың көмегі тие қояр ма екен. Ол кісі бас игелі қашан.
Мақсот. (Қалжыңдап) Ел жауды батысқа қарай қуып, немістердің тізесін бүктіріп, басын игізіп жүргенде, ол қағазға бас иіп, қыздарға жалбырынып жүрген екен ғой. (Мысқылдап) Тұрдықұл да қарап жатпаған екен.
Айбала. Қарап жатпағанын өзің де сездің ғой...
Зейнеп... (Қалжыңмен) Жеңіспен қайтқан жігіттердің кейбір жеңіл ойлап, аз-маз қателескендері болса, бүгінгі тойдың үстінде қатесін мойындайтын шығар.
Зурә. (Әзілмен) Ондай, ондай қателіктерін бүгін кешеміз.
Мақсот. Адамшылық арына жуытпай, сақтаған қыздардың алдында, ауыр күнде айнымай ер сенімін ақтаған қыздардың алдында жеңілсем де арман жоқ.
Зурә. Осындай қуаныштың үстінде көңілдегінің бәрін ақтарғың келеді.
Зейнеп. Енді қалай...
Айбала. Бұл тойға ортақ емес қайсымыз бар...
Зейнеп. Бәріміздің де тойымыз... Айбала мен Мақсоттың орны ерекшелеу енді...
Мақсот. (Қалжыңдап) Біз сендерге де тілектеспіз.
Айбала. (Қалжыңдап) Сендердің де ерекшелеу орын алатын тойларың тезірек болсын деп тілейміз.
Зурә. Қанша айтқанмен достар ғой.
Далада машинаның даусы естіледі, Айбала терезеден қарап.
Айбала. Еркін ағатайларым...
Зурә. Бәлі, біз әңгімемен отырып қалыппыз ғой...
Зейнеп. (сағатқа қарап) Уақыт та болып қалыпты.
Мақсот тұрып есік жаққа барады, Еркін мен Бақтыбала кіреді.
Екеуі де көңілді.
Еркін. Міне дұрыс. (Бақтыбалаға) Сенің жаңа асықпай жүргенің қыздарға сеніп жүр екенсің ғой.
Бақтыбала. Біздің қыздар сенетін қыздар. Соғыс кезінде бұл қыздар сендерді жоқтатқан жоқ.
Еркін. Бұлар енді жай ғана қыздар емес... мамандар ғой.
Бақтыбала. Әрине...
Еркін. Біздің қыздар осылай. Бақытты қыздар...
Зейнеп. Еркін аға, біз сізге ұятты болып тұрмыз...
Еркін. Е, неге?
Зурә. Театрда ойын артынан қайырлы болсын айта алмадық...
Зейнеп. Ел тіпті жол бермеді...
Еркін. Ойбай, үлкен ұят болған екен...Бәрекелді...
Зейнеп. Мен қуанғаннан дұрыстап та айта алмадым, Еркін ағай.
Бақтыбала. (Күліп) Еркін екеуіңе де қатты өкпелі тіпті...
Еркін. Дұрыс қыздар, дұрыс, қуаныш өздеріңдікі...
Бақтыбала. Қыздар...(Екінші бөлмеге кетеді, соңынан Айбала, Зейнеп, Зурә да кетеді).
Телефон соғылады, Еркін тыңдайды.
Еркін. Тыңдап тұрмыз сізді...Иә,иә...Еркін...күтіп отырмыз. Иә, иә (Күліп трубканы іліп қойды).
Мақсот. «Абзалдар ма? (Екінші бөлмеден Бақтыбала шығады).
Бақтыбала. Еркін біреу телефон соқты ма. Қонақтардың бірі емес пе?
Еркін. Мұраттар.
Даладан машинаның даусы естіледі.
Бақтыбала. Қыздар, қонақтар келіп қалды білем...
Зейнеп, Зурә. Қазір, Бағыш тәте.
Екі қыз қонақтарды қарсы алуға далаға шығып кетеді. Қаратай, Төкен, Қадиша кіреді. Кеуделерінде Ленин ордендері, Ортақ Балға
Алтын жұлдызы.
Қаратай. Келші қарағым, Мақсот (құшақтап) Қайырлы болсын! Бақытты болыңдар!
Бәрі амандасып жатады.
Төкен. Қайырлы болсын, Мақсот аға. Бірге тойладық деген осы ғой.
Мақсот. Рахмет Төкен, Қареке. Қайырлы болсын, Қадиша қарындас.
Қаратай. Келші Бағыш келінім, әсіресе саған айтамыз алғысты.
Бақтыбала. Рахмет, Қареке. Қайырлы болсын табыстарыңыз.
Еркін. Қуанамыз сіздердің ерлік еңбектеріңізге.
Қаратай. Қуаныш бәрімізге ортақ. Қараадырдың алабы адал еңбекті ақтады.
Төкен. -Лениннің шамын да жаққалы жатырмыз, Еркін аға. Майдандағы ерлікті көрсеттіңіз сахнадан. Енді мына Қаракеңдер колхозды көргісі келеді.
Еркін. Орынды талап... Далада машинаның даусы
Бақтыбала. Қыздар.
Зурә, Зейнеп асығыс шығып кетеді.
Еркін. Бұлар енді Мұраттар болар...
Бақтыбала. (Терезеден қарап) Бәрі келді...Жақсы болдық...
Аздан соң алдында Мұрат әйелімен, Қасым әйелімен, тағы бірнеше артист, артискалар, Зейнеп, Зурә кіреді. Бәрінің де қолында букет, Мұраттың кеудесінде «Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», «За доблестный труд» медалі бар, ҚасымдаҚызыл жұлды ордені, медаль басқа кейбір артистерде де орден, қалғандарында медальдары бар.
Еркін. Жоғары шығыңыздар, жоғары шығыңыздар!
Бақтыбала.
Мұрат. (Қызулау. Отырмай тұрып) Жоқ Еркін, біз әлі жоғары шықпаймыз.
Бақтыбала. – (Таңырқағандай) неге?
Мұрат. – (Тақпақтатып ала жөнелді)
Неге деген сұрақтың,
Жауабы дайын саспаймыз.
Еңбектен, сыңнан ешқашан,
Бой тасалап қашпаймыз,
Майданда батыр атанған,
Еңбекте ер деп ат алған,
Қаһарман батыр халқымыз
Тарихта ұлы айқаста,
Қан майданда шайқаста,
Жеңіп жүлде алып біз-
Әлем білген алыпбыз.
Сондықтан біздің көңіл шат,
Сондықтан біздің өмір сәт,
Бізде достық береке,
Бізде думан мереке.
Бізде анық махаббат,
Қалайша шалқып таспаймыз,
Қалайша әнге баспаймыз,
Рұқсат ет, достарым,
Ендеше тойды бастаймыз!
Барлығы қошаметтеп: «Рұқсат, рұқсат «Той бастар, «Той бастар».
Мұрат. Қане Қасым.
Хор.
Бақытты ұлы өмірдің адамымыз,
Аттаған құтты болып қадамымыз.
Жау жеңіп, еңбекке ер боп той тойлаймыз,
Өзі той, өзі думан заманымыз.
Көңіл шат, жүзім жарқын, әнім асқақ,
Бетімді көрген емес ешкім жасқап.
Қоса ағар қосағыңмен сүйіскейін жас,
Шашайық жырдан шашу тойды тастап.
Бәрі де қошаметтесіп жатады. Міне осылай болу керек, «Той осылай басталу керек», «Рахмет Мұрат» десіп жатады. Өлең менен жыр болмай тойдың сән» келе ме! Бәрі де қайырлы болсын айтысып жатады.
Еркін. (Мұратқа әзілмен) Ақынсың ғой өзің..,
Бақтыбала. (Әзілмен( Тойда айтпаған өлеңін қайта айтады енді...
Мұрат. (Қалжыңдап( Ақын болмасам да артист деген атым бар, тобымызбен келіп, томсарып тұра алар жайымыз жоқ.
Қасым. (Қалжыңмен) Қайда болса да программамыз дайын.
Мақсот. Рахмет, Мұрат аға! Бәріңізге де рахмет!
Бақтыбала. Еркін, Мұрат, тойды бастады...
Еркін. Қостауға біз дайынбыз. Толтыр онда бокалды.
Арақ құйылып жатады.
Мұрат. (Қалжыңдап) Иә, оған да кезек тақалды.
Әдетім бар мұндайда
Құрметтейтін ақаңды.
(Күліседі)
Еркін. (Қалжыңдап) Тойға келсең тойып кел,
Әдетіңді қойып кел,
Деген сөз де болатын,
Еске ал, Мұрат мақалды....
Күліседі.
Мұрат. Еңбегім жанып өркендеп,
Тұрғанда елім еркем деп,
Тойға Мұрат тояр ма,
Әдетін Мұрат қояр ма!
Еркін. (Күліп) Жеңілдім Мұрат, жеңілдім.
Қасым. (Әзілмен) Жеңілетін жөніңіз бар.
Мұрат. (Қалжыңдап) Жеңілмесең қыр соңынан қалады екен деме.
Бақтыбала. (Қалжыңдап) Әлекең жоқ болған соң, екуің еркіндеп қолма-қол өлең айтқыш болып отырсыңдар ғой...
Мұрат. (кенет өзгеріп) Айтпақшы, Әлекең қайда?
Еркін. Әлекең неғылсам жетем деген...(Есік қағылады) Ә жақсы болды, Әлекең шығар.
Мұрат. Әлекең болар енді...(Бақтыбала, еркін есікке барады. Абзал кіреді. Қайырлы болсын айтысып, жоғары шығыңыздар десіп жатады).
Абзал. Ал, жолдастар енді той-тойлауға болады. Ертең Қаракеңдер күтіп отыр. Тойдан-той, майданнан майдан. Еңбек ете білген соң, тойлай да білеміз. Бәріңді де құттықтаймын!
Еркін. – Рахмет, Абзал.
Бәрі де «Рахмет сізге де» - десіп жатады.
Бақтыбала. – (Күліп) Тойдың төр ағасы Абзал болсын деген ұсыныс бар.
Бәрі де: дұрыс, дұрыс, Абзал, Абзал!
Абзал. Ендеше сөз сенікі, Мұрат.
Мұрат. Тіпті де қарсылық жоқ (Боқалды қолына алады, бәрі тұра келеді). Жолдастар, достар...(Сырттан машинаның даусы естіледі)
Бәрі - Әлекең келді, Әлекең келді.
Мұрат. – Дұрыс-ақ.
Әлімбет кіреді.
Әлімбет. Қайырлы болсын, қайырлы болсын! Қайда Айбалажан, Мақсот.
Мұрат орнынан тұрып барып Әлімбетті жібермей есік жаққа тоқтатады. Қалғандары тұра келіп тұрған қалпында болады.
Мұрат. (Күліп) Тоқтай тұрыңыз, үлкен болсаңыз да мына көпшіліктен үлкен емессіз. Той дегенде қу бас домалайды қайда. Кешігіп келдіңіз, айыбыңыз бар. Жай қайырлы болсыныңыз қабылданбайды.
Қасым. – Соғыңыз, Әлеке, онда соғыңыз.
Еркін. – Оған Әлекең сасар ма екен.
Әлімбет. – Тіпті де саспаймын. (Ау деп көтеріп алып жырлай жөнеледі, басқалары ретті жерінде көтерісіп жатады)
Ал сұңқылда дауысым,
Бүкіл қағып көмейім,
Жел маядай есілте,
Ақ бөкендей желейін.
Асылдарын ақтарып,
Жырдан маржан төгейін.
Жаңылар жорғаң мен емес,
Тайпала басып жөнейін.
Желдіртпемді желпінте,
Желдіртіп бір берейін.
Өмір көркі жастарым,
Үстем болсын мерейің!
Артымнан-ай, алдым-күн,
Талмай шырқар даңғылмын,
Бақытты бол, Мақсотжан,
Жасын берсін Жамбылдың!
(Мұратқа қарап әзілмен)
Табалдырық аттатпай,
Өлең айт деп қинадың.
Жазаңды, Мұрат берер ем,
Той болған соң сыйладым.
(Айбалаға қарап)
Айналайын, Айбала,
Бақытты бол, қарағым,
Жасын берсін Динаның!
Бәрі де құрметтей көтеріп жатады: «Жаса Әлеке»,
«Бәрекелде!»
Әлімбет Мақсот пен Айбаланың маңдайынан сүйеді.
Әлімбет. Өмірлі болыңдар қарақтарым, бақыттарың арта берсін. Той тойға ұласты деген осы болатын.
Отырып жатып еркінге) Еркін театрды көргенде төбем көкке екі елі жетпеді. Орындадың тілегімді, рахмет, қайырлы болсын.
Еркін. Әлеке, рахметті Мұратқа айтыңыз.
Әлімбет. Екеуіңе де айтамын. Бәріңе де айтамын. Жарайсың, Мұратым!
Бақтыбала. Мұрат!
Мұрат. (Боқалын қолына алып тұра келіп) Достар, еліміздің жас мамандары, сөйіскен екі жастың махаббаты үшін, осындай адал махаббатымен еліміздің игілігіне жемісті еңбек етулері үшін, бақытты болулары үшін!
Әлімбет. Бәрекелде. Өмірлерің Қара адырдың егініндей көркейсің»
Қағысып ішеді. Есік қағылады.
Еркін. Кіріңіз, рахым етіңіз!
Бір қолында букет, бір қолында шләпәсі Тұрдықұл кіреді.
Тұрдықұл. (Басын иіп) Кешігіп келдім, ғафу өтінемін.. Қуанышқа ортақпын, ғафу өтінемін...
Еркін. Ештен де кеш тәуір. Қаһарлана білмесең, шын шаттана да білмейсің... Жоғары шық, Тұрдықұл.
Бақтыбала. (Тұрдықұлға арақ құяжы) Жоғары шық, Тұрдықұл.
Зейнеп. (Әзілмен Тұрдықұлға) Той жорасын бастап жүр едіңіз...жоғары шығыңыз.
Күліседі.
Зурә. Ырымыңыз текке кеткен жоқ...
Тұрдықұл. Жорам той болса, ырымым неге текке кетсін...
Зурә. – Ойыңыз орнынан шықпағаны болмаса...
Тұрдықұл. – Ғафу етіңіздер...ой деген ол енді...
Мұрат. (Сөзін бөліп) Тұрдықұл, құрғақ ойды енді қой...себебі енді...бүгін үлкен той...
Мақсот. Романтика құрғақ ойдан тумай, еңбектен, тойдан тусын.
Абзал. (Рюмкасын алып) Барлығыңыз үшін, достар. Майданда-батыр, еңбекте-ер өзіміздің совет адамдары үшін!
Еркін. Тойымыз тойға ұлассын!
Бәрі де. Тойымыз тойға ұлассын!
Хор. (Мұрат бастайды)
Асқақ жыр күңірентсін аспан астын,
Дос күліп, қас қалтырап құты қашсын.
Бізде даңқ, бізде бақыт, бізде думан,
Құтты болсын, тойымыз, тойымыз тойға ұлассын!
Шымылдық
Семей қаласы, 1946 – 1948
1977 жылы өңделіп, толықтырылған.
Достарыңызбен бөлісу: |